1.3 Зауыттың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
Қоршаған ортаға зиянды заттарды бөлiп шығаратын материалдарды, химиялық қоспалар мен қышқыл ерiтiндiлерiн қолданып, қиыршық тас өнімін жасап шығару, оларды тасымалдау, сақтау және қолдану кезiнде орын алуы мүмкiн химиялық, физикалық және механикалық факторлардың, жабдықтың, тетiктер мен қондырғылардың әсерiнiң адамның денсаулығы үшiн санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi осы Техникалық регламенттiң талаптарын орындаумен қамтамасыз етiледi.
Қиыршық тас өнімдерін жасап шығару кезiнде шудың деңгейi мен дiрiлдiң деңгейiн азайтатын және олардың зиянды әсерiн жою үшiн жұмыс орындарында арнайы шараларды қабылдап отыру қажет: санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың, гигиеналық нормативтердiң, мемлекеттiк стандарттардың, сондай-ақ ведомстволық еңбек қорғау және қауiпсiздiк техникасы ережелерiнiң талаптарына сәйкес сындарлы, технологиялық және ұйымдастыру шаралары, дiрiлден оқшауландыру және дiрiлдi өшiру құралдары, жеке қорғану құралдары.
Қиыршық тас немесе құмтас өнімдерін жасау кезiнде қолданылатын технологиялық жабдықтың барлық қосылыстары өндiрiстiк жайларға шаңның бөлiнiп шығуына жол бермейтiндей түрде тығыз етiп қымталуы тиiс.
Ауасындағы зиянды заттардың мөлшерi рұқсатты шектi концентрациядан асатын және дыбыс деңгейi 85 дБА-дан жоғары болып келетiн жұмыс аймағында орналасқан өндiрiстiк жабдықтар мен технологиялық желiлердi басқару тетiктерi оқшауландырылған кабиналарда орналасуы тиiс.
Химиялық қоспалар мен қышқылдардың сулы ерiтiндiлерiнiң әзiрленетiн орындарда қауiпсiз жұмыс iстеу мен алғашқы жәрдем көрсету жөнiндегi нұсқаулықтар iлiнуi тиiс.
Өндiрiстiк және қосалқы цехтардағы жұмыстардың қауiпсiздiгi табиғи және жасанды жарықтандырумен қамтамасыз етiлуi тиiс, ол нормативтiк-техникалық және нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес болуы тиiс.
Өндiрiс нысандарында денсаулық сақтау саласына қатысты құзырлы мемлекеттiк орган бекiткен тәртiппен алдын-ала және мерзiмдi медициналық тексерулердi, ауысым алдындағы медициналық куәландыруды жүргiзудi ұйымдастыру қажет [3].