Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155301

Қазақ халқының демографиялық өткені мен болашағы - 3. Қазақстанның халықнамасы соңғы 150 жылда.

СОДЕРЖАНИЕ
Қазақ халқының демографиялық өткені мен болашағы
1. Қазақстанның қазіргі халықнамалық ахуалы
2. Дешті-Қыпшақтың халқы деген кімдер еді
3. Қазақстанның халықнамасы соңғы 150 жылда.
ОТКРЫТЬ ПОЛНОСТЬЮ

3. Қазақстанның халықнамасы соңғы 150 жылда.


Келгендер мен кеткендер.


Бұл 150 жылдағы Қазақстан халқының өзгерістері еліміздің ауыр жылдарын да, даму дәуірлерін де көрсетіп бере алады. Бұл кезеідегі қазақ халқының санын Ресей империясы мен КСРО деректері бойынша шығарғандықтан, Қытай қазақтары бұл санға енбей қалған. Алайда, Қытайға қазіргі қазақтардың бастып барған жылы 1740-1760 жылдар екенін айтуға болады. Жоңғар шапқыншылығы саябыр тауып, Абылай хан енді Қытай елімен бетпе-бет келді. Хан неліктен екені белгісіз, Ресейді аса қауіпті деп санады да, Қытай елінен келер келер қауіп жоқ деп санаған. Мүмкін Қытай әлі алыста деп түсінген болар. Онысы рас еді. Қытай негізі шынында да Алтайдан тым алыста болатын...
Сондықтан, 21 ғасыр басталғанда да, Қытайдағы көптеген Қазақ ауылдары мен аудандарында қазақтар тіпті 90 пайыздай болып отырған. 20 ғасырдың соңы мен 21 ғасырдың басындағы және қазір де жалғасып отырған Қытай еліндегі қауырт экономикалық даму, өнеркәсіптің жандануы ақыры қазір одағы Қазақ аудандарындағы Қытайлардың санын да, пайызын да үздіксіз арттырып келеді. Әрине, Қытай елінің экономикасы қарқынды даму арнасына түсіп, алып елдің шалғай аймақтарындағы халқының әлеуметтік жағдайы көтерілгені өте қуанышты. Егер осы қарқынмен дами беретін болса, Қытайдағы халықтың тұрмысы жақсарған сайын оның жалпы Шыңжаң аймағы халқына да да ететін ықпалы игі болмақ. Алайда бұл аймақтағы Қытайлар санының өсуіне әкеледі де, бір кездегі Қазақстандағы «орыстану» жүргені сияқты Шыңжаң аймағының «қытайлану» үрдісін бастап береді. Басында қазақтар, әсіресе оқыған жастар қазақша сөйлеуді біртіндеп ұмтытып, қытайша сөйлей бастайды. Сөйтіп басталады өзі. Әрине, ешкім де қазақ тіліне қысым көрсетіп, «қазақша сөйлеме» деп немесе «қытайша сөйле» деп зорлық қылмаса да, демографияның салқыны 20 шақты жылдан соң осыған өзі де әкеле бастайды...
Ондай жағдайда мысалы 100 жылдан соң, Қытай қазақтарының 30 пайызынан айырылып қалу қаупі бар. Және ол кезде Қытайша сөйлейтін қазақ енді қазақ тілін үйренбейтін болады. Қазақстандағы қазақ тілін ұмытқан қазақтардың (орыстілділердің) қазақ тілін 20 жыл өтсе де үйренбеуімен қалып, ақыры тек сол күйінде өліп қана азайып, сөйтіп таусылып жатқаны сияқты ғой. Қытай қазақтары одан соң да қазақстаннан барған қазақтармен толығып отырды. Оның келесі кезеңі 1916 жылғы көтеріліс кезінде басталды. Бұл кезеңде де Қытайға қоныс аударған қазақ рулары болды. Одан кейінгі Қытайға кету 20-30 жылдары ұжымдастыру, бай-кулактарды кәмпескелеу мен аштық жылдарында жалғасты. Сөйтіп, 270 жыл бойы қазіргі Қытай қазақтары қалыптасты. Бұл тарихқа кейін тоқталатын боламыз, енді Қазақстанның өзіне және Ресей империясына келейік.
Ресей империясы шын мәнінде «халықтар түрмесі» болатын. Онда 500-дей халық өмір сүрді. Және өздерінің ежелгі жерлерінде. Олардың ішінде 150 халық ақыры жер бетінен түпкілікті жоғалып кетті. Ресей империясы өз еліндегі аз халықтарға халық санағын жүргізуді 1860 жылдардан бастады. Мысалы 1880 жылдардағы Ресей халқының құрамы төмендегідей еді. Бізге керекті көршілес халықтар және Түркі халықтары ғана алынып отыр:
Башқұрттар - 600 мың, Балқарлар - 3 мың, Буряттар - 270 мың, Орыстардың өзі - 58 млн, Елизаветполь Қазақтары (Кавказ қазақтары) - 1 мың 100, Құмықтар - 24 мың, Қалмақтар - 200 мың, Камасиндер - 400, Тофалар (қарағастар) - 400, Қарайымдар - 10 мың, Қарашайлар - 25 мың, Қарақалпақтар (Аштархандықтар) - 250, Қарапапахтар - 24 мың, Качиндер (Барабин татарлары) 12 мың, Қызылдар (Алтайлықтар) - 600, Қырғыздар - 300 мың, Қазақтар - 3 млн, Құмықтар - 108 мың 800, Украиндар - 17 млн 110 мың, Наурыздықтар - 5 мың 120, Ноғайлар – 61 мың 550, Нухурлар – 1 мың 150, Самагарлар – 900, Сарттар – 690 мың 300, Татарлар – 2 млн, Тәжіктер – 137 мың 260, Телеңгиттер – 18 мың 470, Тептерлер – 130 мың, Трухмендер – 19 мың, Тубалар – 920, Туралидіктер – 2 мың 100, Түріктер – 70 мың 216, Түрікмендер - 262 мың 800, Өзбектер - 182 мың 120, Чуваштар - 540 мың, Якуттар - 233 мың 433 адам болған.
Бұл санақта 19 ғасырда Қазақтар санының Империяда Орыстар мен Украиндерден кейінгі үшінші орында тұрғанын және ОА-да Тәжіктер, Өзбектер, Қырғыздар, Сарттар, Түрікмендер – бәрін қосып есептегендегіден де гөрі көп болғанын көреміз. Өзбектер ол кезде 182 мың болса, қазір 27 млн, ал қазақтар ол кезде 3 млн болса, қазір 9 млн. Өзбектерге енді Сарттарды және Нухурларды қоссақ – 782 мың болады екен. Бәрібір қазақтардың санынан 4 есеге аз. Одан бері 150 жыл өтті. Ал қазір қазақтар Өзбектерден 3 есе аз. 150 жыл ішінде Өзбектер 30 есеге көбейген, Түрікмендер 20 есеге көбейген, Қырғыздар – 15 есеге көбейген, Қазақтар – 3 есеге көбейген. Ащы сандар. Алайда Орыстардың өзі 2,8 есеге көбейген, Украиндар - 2,7 есеге көбейген. Яғни аштық пен репрессия алдымен үлкен халықтарды жалмаған екен. Кеңестік қызыл империя қаймана Қазақтарды да, қарапайым Орыстарды да, Украин шаруаларын да аяған жоқ. Қыра берді...
Қазақстанның көп ұлттылығы 18 ғасырдың орта шенінен басталады. Оған дейін Қазақ хандығы заманында елде қазақтан басқа тек Өзбектер, Дүнгендер, Ұйғырлар, Татарлар, Башқұрттар, Ноғайлар, Түрікпендер тұратын еді. Алайда 20 ғасыр басталғанға дейін Қазақтардың елдегі саны 80 пайыздан төмен түсіп көрген жоқ. Мысалы 1897 жылғы Бүкілресейлік санақта қазақтар 3 392 751 адам болса, оның қазақ губернияларындағы пайызы 81,7 % құраған.
Ал осы 1897 жылы Қазақ еліндегі орыстардың саны 454 402 адам (10,95 %), украиндар - 79 573 адам (1,91 %), татарлар - 55 984 адам (1,34 %), тараншалар (қазір ұйғыр дейді оларды) - 55 815 адам (1,34 %), өзбектер - 29 564 адам (0,7 %), мордвалар - 11 911 адам (0,28 %), дүнгендер - 4 888 адам (0,11 %), Түрікмендер - 2 883 адам, немістер - 2 613 адам, башқұрттар - 2 528 адам, еврейлер - 1 651 адам, поляктар - 1 254 адам болған. Бұларды жүргізілген санаққа 110 жыл өтіп кеткендіктен, Қазақстанның ертеден тұратын халықтары деп түсінуге болады. Соның ішінде немістер, еврейлер, поляктар және мордвалар жер аударылып келген...


20 ғасырдың басы Қазақстан халықнамасына көптеген өзгерістер әкелді. Столыпиннің әйгілі ауыл шаруашылық реформалары басталды. Қазақстанда «переселендер» көптеп пайда болды. Соның ішінде Орыстар мен Украин шарулары көбейді. 1911 жылы Орыстар мен Украиндердің жалпы саны 1 543 138 адам құрап, олар Қазақстан халқының 28,5 пайызын құраған. Қазақтардың пайызы 67,2 % болды. Содан бастап қазақтар ел ішінде пайызы бойынша кеми берді.
Алғашқы Бүкілодақтық санақты Кеңестер империясы 1926 жылы жүргізді. Қазақтардың саны 3 713 394 адам құраған (57,10%). Өткен 1897 жылғы санақпен арада, 16 жылғы көтеріліс және революциялар жатыр. Ал 1937 жылғы санақ қазақтардың 2 182 мың адам екенін, ал пайыздық бөлігі 38,8% екенін көрсетті. Бұл аралықта аштық жылдары мен колхоздастыру кезеңі жатыр. Осы он жылда, көп балалы болу дәстүрлі болғанымен, қазақ халқы 39,8%-ға кеміген. Яғни аштық жылдары қазақтар өз санының тең жартысын жоғалтты деген сөз шындыққа сәйкес келеді.
40 жылдары өтуі тиіс санақ жүргізілген жоқ, фашистік Германиямен болған Отан соғысына байланысты. Ал 1959 жылғы санақ қазақтар санының - 2 794 966 адам екенін көрсетті. (20 жылда 28%-ға өскен), алайда қазақтардың елдегі пайыздық көрсеткіші - 29,87 % құрады. 1960 жылдар Қазақ халқының ең бір жедел өсу дәуірі болды. Ол кезде әр жанұяда 5-6 баладан болатын. Соның нәтижесінде 1970 жылы қазақтардың саны 4 234 166 адамға жетіп, Қазақстан халқының 32,54 %-ға өскен. Бұл кезең «қазақтардың бірінші демографиялық тасқыны» деп аталады. 1979 жылы санақ өтіп, қазақтар 5 289 349 адамға жетті. Ал Қазақстандағы пайызы - 36,02 %-ға жетті. 1989 жылғы санақта қазақтар - 6 534 616 адам болып, елдегі пайызы енді -39,68 %-ға жетті. Міне біз тәуелсіздік қарсаңында осылайша елде 39 пайыз болған едік...
Енді басқа халықтарға келейік 1926 жылы Қазақстанда 1 279 979 орыс тұрды. Бұл – жалпы Қазақстан халқының 19,68 %-ы. 860 822 украин болды (13,23 %), 1959 жылғы санақта 3 974 229 орыс болды (42,68 %) және 762 131 украин тұрды (8,18 %). Бұлардың өсімі 210 % құраған. Бұл осы халықтардың соғыс және соғыстан кейінгі жылдары, сонымен қатар тың игеру және жаңа өндіріс орындарын игеру мен жаңа қалалардың салынуына байланысты еді. 1970 жылы Қазақстанда 5 521 917 орыс болды (42,44 %) және 933 461 украин тұрды (7,17 %). Ал 1979 жылғы санақ орыстардың 5 991 205 адам екенін көрсетті (40,80 %) және Украиндер 897 964 адамға жетті (6,11 %). Ал 1989 жылғы санақ енді Орыстардың пайызы азайып келе жатқанын көрсетті - 37,82 %. Олардың саны 6 227 549 адам болған. Оның себебі қазақтардың бала табу саны орыстарға қарағанда 70 жылдары да жоғары болып қалды.
Соғыс жылдарында жер аударыған немістер көбейді. 1926 жылы елде 51 102 неміс тұрса, 1970 жылы 858 077 адам болды, ал 1979 жылы немістер 900 207 адамға, 1989 жылы 957 518 адамға жетті. Сөйтіп, Немістердің саны Қазақстанда Қазақтар мен Орыстардан кейінгі үшінші орынға шықты. Соның ішінде 1926 мен 1989 жылдар аралығында Татарлар - 80 642 адамнан 327 982 адамға өсті, белорустар - 25 614 адамнан 182 601 адамға көбейді, Ұйғырлар - 63 434 адамнан 185 301 адамға, ал кәрістер - 42 адамнан 103 315 адамға көбейген. Сонымен қатар Өзбектер 213 498 адамнан 332 017 адамға жеткен. Өзбектер мен Ұйғырлар тез көбею арқылы өссе, басқа халықтар жер аударылып келген және көптеп көшіп келген еді.
Тәуелсіздік таңы атты. Бұл кезең тағы да Қазақстанның халықтық құрылымына елеулі өзгерістер алып келді. Ең алдымен Қазақстан халқының едәуір кемігенін көреміз: 1989 жылғы санақ Қазақстан халқының 16 464 464 адам екенін көрсетті. Ал 1999 жылғы санақта Қазақстандықтар 14 953 126 адам болған, яғни 9,1 %-ға кеміп кеткен. БҰҰ есебі Қазақстан халқы одан әрі де кеми түсетін болады деп мәлімдеді. Олардың ойынша біз 2009 жылғы санақта 12 млн жарым болуға тиісті екенбіз. Алайда біз қазір анық білеміз – келе жатқан санақта, 2009 жылдың 1 қаңтарына Қазақстан халқы 15 млн 700 мыңға жететін болады. Сонда бҰҰ сарапшылары неден қателесті...
Олар үш нәрседен қателесті. Біріншіден, олар Орыстар мен Украиндар әлі де Қазақстаннан кетіп, жаппай көше береді деп есептеді. Славян халықтарының көшіп кетуі 2000 жылдан кейін толастады. Екіншіден, олар Қазақ халқының 1990 жылдардағы өз табиғи өсімін тоқтатқаны енді тоқтатқан болады деп есептеді. Алайда 2000 жылдан кейін қазақтар тағы да көп балалы болуға көшті. «Қазақтардың үшінші демографиялық тасқыны» басталды. Бала санын шектеуді бастаған орыстілді қазақтар болатын. Алайда қазақтар бала санын олардай бір баламен шектеген жоқ. Керісінше күтпеген жағдай болды, ауыл қазақтарының өсімі төмендеп, қала қазақтарының өсімі одан асып түсті. Оның себебі де белгілі, қалаларда тұмыс деңгейі жоғарылап, ауылдарда құлдырап кетті. Бұл үрдіс қазақтардың бала санын шектейтін қоғамға әлі де жете қоймағанын, бала табудың 1990 жылдардағы төмендеуі уақытша нарық қиыншылықтарына және елдің юолашаққа деген сенімі әлсіреуіне ғана байланысты екенін көрсетті. Ал үшінгі тасқын әлі де жалғас ып 2012-2015 жылдары өзінің шарықтау шегіне жететін болады. Үшіншіден, оралмандардың мәселесі ол кезде қиын шешіліп, бұл бастама енді тығырыққа тірелді деп есептеген. Олай болмады, 2000 жылдан бастап оралмандардың елге келуі артты. Қазақтардың саны бұл кезде негізінен квотасыз көшіп келгендер есебінен көбейді. Ал көптеп көшіп келген Өзбекстан, Түркменстан және Монғолия қазақтары халқымыздың ежелгі көп балалы болу дәстүрін жақсы сақтап қалған еді. Олар әдеттегідей орта есеппен алғанда 4,5 балалы болып келеді...
Ал елдегі басқа ұлттардың өсімі әртүрлі болды. Алдымен Немістер күрт азайды, себебі көпшілігі Германияға көшіеп кетті, сондықтан 957 518 адамнан 353 441 адам қалды. (63,1%-ға азайған). Орыстар 6 227 549 адамнан 4 479 618 адамға азайды. (28,6 %-ға кеміген), украиндар - 896 240 адамнан 547 052 адамға кеміген. (38,9 %-ғак азайды), татарлар - 327 982 адамнан 248 952 адамға азайды (24,1 %-ға кеміді), белорустар - 182 601 адамнан 111 926 адамға азайды (38,7 %-ға кеміді), кәрістер - 103 315 адамнан 99 657 адамға кеміді. (3,5 %-ға азайды), азербайджандар - 90 083 адамнан 78 295 адамға азайды (13,1 %-ға кеміген), поляктар - 59 956 адамнан 47 297 адамға азайды (21,1 %-ға кеміген) – бұлар тиісінше тарихи Отандарына - Ресейге, Украинаға, Белоруссияға, Татарстанға, Кореяға, Әзірбайжанға және Польшаға көшіп кетті.
Немістер мен Гректер және Поляктар кеткенде, қазақтар күнелте алмайтындай көрінген. Ештеңе де болған жоқ. Орыстар, Украиндер, Белорустар кеткенде Қазақтар елде қалып, экономика кері кететіндей көрінген. Шындығында бәрі де жақсы мамандар еді. Сондықтан Қазақстанның даму тұрғысынан көп шығынға батқанын айтқан жөн. Олар кетпегенде, әрине, экономикамыз әлдеқайда бай болар еді, қазіргідей мамандар тапшылығына (дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, спортшылар т.б.) ұшырамас едік, Алайда соншама дағдарыс болатындай ештеңе болған жоқ. Өмір бұрынғысынша өтіп жатты, экономика да көтеріліп, елдегі қалыпты еңбек ырғағы үзілмеді.
Ал кеткен халықтардың ішінде Немістер, Кәрістер, Поляктар шынында еңбекқор халықтар еді. Сондай-ақ тағы да Қазақстанда саны азайған халықтар мыналар: шешендер, башқұрттар, молдавандар, ингуштар, мордвалар, армяндар, гректер, қырғыздар, болгарлар, лезгиндер, түркмендер т.б. Ал Қазақстандық Өзбектер мен Қарақалпақтар, Ұйғырлар мен Дүнгендер, Күрділер және Түріктер кеміген жоқ, керісінше өсті.
1989 жылдан 1999 жылға дейін қазақтардың өсімі 6 534 616 адамнан 7 985 039 адамға жетті (22,1 %-ға өскен), Өзбектер - 332 017 адамнан 370 663 адамға жетті (11,6 %-ға өскен), Ұйғырлар - 185 301 адамнан 210 339 адамға өсті (13,5 %-ға), дүнгендер - 30 165 адамнан 36 945 адамға жетті. (22,4 %-ға өсті) және күрділер - 25 425 адамнан 32 764 адамға өсті (28,8 %-ға жетті). Бұл мәліметтерден Қазақстанда ең жедел өскен халықтар – Күрділер, сосын Дүнгендер, одан соң үшінші орында Қазақтар екенін көреміз. Осылайша алып империя КСРО құлап, орнына бірнеше тәуелсіз республикалар пайда болды. Оның ішінде бесеуі (Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан және Әзірбайжан) Түркі халықтарының мемлекеттері болатын. Бұрын бұл Еуразияны емін-еркін жайлаған ежелгі халықтың ұрпақтарының ішінде Түркиядан басқа тәуелсіз ел жоқ еді...
Енді көшіп кетуге келсек, ең көп пайызбен көшкен Немістер еді содан кейін славян халықары - орыстар мен украиндар және белорустар, соның ішінде ресми мәліметтер бойынша ғана алғанда 1993 жылы - 170 129 орыс, 1994 жылы - 283 154 орыс, 1995 жылы - 160 883 русских, 1996 жылы - 120 427 орыс, 1997 жылы - 174 616 орыс, 1998 жылы - 186 397 орыс, 1999 жылы - 89 998 орыс көшіп кетті. Көптеп көшіп келген де орыстар болды, оның себебі КСРО тараған сәтте-ақ шет мемлекеттер болып кеткен елдер арасындағы қарапайым халық өз туыстарына қарай жылжып қоныстанды. Ал Қазақстанда Ресейліктердің жағдайы жақсы туыстары көп еді және ол кезде, 1990 жылдары Қазақстанда үй-пәтер тым арзан болатын.


Сондықтан кеткен орыстардың көптігіне қарамастан олардың санының азаюы ондай тез болған жоқ: Орыстардың Қазақстандағы саны 1993 жылы - 123 777 адамға, 1994 жылы - 251 934 адамға, в 1995 жылы - 126 468 адамға, 1996 жылы - 96 384 адамға, 1997 жылы - 157 462 адамға, 1998 жылы - 124 494 адамға, 1999 жылы - 72 335 адамға азайды. Сонымен 1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы орыстардың саны 1,3 млн адамға, яғни 29 %-ға кеміді. Енді орыстардың өзінің Қазақстандағы табиғи өсімін және туыстарын сағалап көшіп келген орыстарды, көшіп кетіп, Ресейді жатырқап қайта келген орыстарды шығарып тастағанда, елден 1,5 млн орыстың біржола кеткені мәлім болды. Әрине, өзге елге кету қашанда қиын. Себебі халық сол елдің тұрмысына және салтына бейімделіп кетеді. Қазақстанның Өзбегі - Өзбекстанның Өзбегіндей емес, ол қазақ-өзбек, Қазақстанның орысы Ресейдің орысындай емес – ол қазақ-орыс. Бір жағынан Қазақстан орыстары Ресейге барғанда оларды сол жақтағы жергілікті орыстар «Қазақтар», «Монғолдар», «Азиаттар» деп атай береді. Қазақстанда да Монғолиядан, Өзбекстаннан, Түркиядан, Қытайдан т.б. келген қазақтарды «Монғолдар», «Өзбектер», «Түріктер», «Қытайлар» т.б. деп атайтыны сияқты...
Екіншіден қазақтың салт-дәстүріне бойы үйреніп қалған орыстарға Ресей бәрібір суық ел болып көрінеді. Достары, жолдастары, сүйікті жұмыстары қалып қоя барады. Ресейде енді Қазақстандағы сияқты қарттарға төрден орын бермейтін болады, бас сұққан қонаққа шәйнегін ала «шай ішіп кет» деп жібермей қоятын да әдет жоқ, туғаныңнан қарызға да ақша сұрап ала алмайсың, ата-ананы, ата-енені сыйлау да бұндағыдай емес, бесіктен белі шықпай-ақ қызы/баласы/келіні/күйеу баласы бас салып айтыса кетеді, үй ішінде аяқ киіммен жүре береді т.б. сөйтіп үйренбеген әдеттер толып кетеді де қазақстандық орыстарға оның бәрі де жағымсыз болып көрінеді. Әсіресе қазақ ауылдарынан кеткен орыстар Ресей деревняларындағы бейбастақтық пен ластықты, күндіз-түні арақ ішуден қолы босамайтын жұртты көргенде түңіліп кетіп, кері қашады. Қазақстандық орыстарға күйеуі мен әйелі, атасы мен келіні соғыстырып арақ ішкен олар бір моральдық азғындаған халық болып көрінеді. Ешкімнің де азғындамағанын, тек өздерінің аздап "қазақ болып кеткенін" бұл орыстар басында қайдан білсін...
Ал орыстардың бәрі негізінен түгелдей үдере көшіп кетпеді. «Сары орыстың бәрі орыс» болғанымен, орыстың да түр-түрі бар. Бұл халық та туған жеріне көп мән береді. Алдымен қолынан іс келетін, іскер, білікті мамандар қай жерге басра да жұмыс табады ғой. Сондықтан, ондайлар алдымен кетеді. Қолынан көп ештеңе келе қоймайтын, өзіне сенімсіз болса, оның үстіне өзі араққұмар, жұмыссыз, сотталған т.б. басқа болса, ол қайда барып сияды. Сондай орыстар қалады. Тағы басқа қырынан алғанда, мысалы соғыстан кейін тың жерді игеруге және елді индустрияландыруға, жаңа өндіріс орындарына келген орыстар, немесе 50-70 жылдары келгендер, олар Ресейді жақсы біледі, Ресейде туыстық байланыстары бар, Ресейде оқыған. Олар алдымен кетті.
Енді тағы бір орыстардың буыны олар соғыстан бұрын келгендер, яғни елде Кеңес үкіметі орнамай тұрғанда-ақ келгендер, қазақша айтқанда «переселендер», олардың көптеп келген жылдары 1900-1910 жылдар аралығы еді. Қарап отырсақ бұдан 100 жыл бұрын да, 1911 жылғы өткен санақта Қазақ жерінде 1 млн 543 мың орыс болған. Қарап отырсақ, олардың әкесі де, атасы да Қазақстанда туған, Ресейді тіпті де білмейді, қазақ болып кетіп жүрген осылар, олардың Ресейде несі бар. Оларға «келімсектер» деген сөз де онша үйлесе қоймайды, себебі арғы атасының да моласы осы жерде жатыр. Бұлардың Қазақстанда тұруы, келген жылдары бойынша алып қарасақ (1860-1905), мысалы, Қазақтардың Баян Өлгейде тұруы сияқты....
Мысалы, Жайық бойында казак-орыстар көп тұрады. Жайық казактары. Шамамен бұдан 250-300 жыл бұрын келіп қоныстанған. Жайықтың бойы казактар сол кезде салған бекіністерге толы. Бұлардың Қазақстанға келген жылдарын есептесек, 1720-1760 жылдар, Қазақтардың Қытайға (соның ішінде, Алтай мен Тарбағатай және Жоңғар Алатауы тауларының күнгей-шығыс беткейлері мен бөктерлеріне) барып қоныстанған уақытымен шамалас. Ауылдық жерлерді жағалай қоныстанған Казактар орыс тілін шала біледі, қазақ тілін жақсы біледі. Алайда өздерінің казак екендігін ешқашан ұмытпайды. Қазақстанға алғаш келген орыстар – казак-орыстар. Олар бір кезде казактар көтерілістері (С.Разин, Е.Пугачев) қанмен басып-жаншылған соң, Орыс Патшасының қаһарынан ығысып келген еді. ..
Қазақтың кей жерін «бұл - орыстың жері», «бұл – ұйғырдың жері» дейтіндерге қатысты айтып отырмын. Егер бір халық сол жерде 300 жылдай тұрса, ол жер сол халықтікі болып кете ме. Ұйғырлар Қазақстанға 1860-1870 жылдары көшіп келді. Қытайдағы Ұйғырлар мен Дүнгендер көтерілісі сол жылдары күшпен басылған соң, «Қытайлар бізді енді тірі қоймайды» деп олар бері қарай Ресейді паналап қашқан. Мысалы, Құлжа өңірі Қытайға сатылған кезде, оның жергілікті халқына екі жақтың, империялардың келісімі бойынша не Ресейді не Қытайды таңдау құқығы берілген. Сол сәтте көптеген ұйғырлар мен дүнгендер Ресейдің жеріне, Іле бойына (Ұйғырлар, ол кезде тараншалар) және Талас бойына (дүнгендер) келіп қоныстанып, сол кезден бері тұрып жатыр...
Ал башқұрттар, қаралақалпақтар, өзбектер, түрікмендер, ноғайлардың Қазақ жерінде пайда болған уақытын дәл айту қиын. Мысалы, Тәуекел ханның лауазымы – «Қазақтар (қарақалпақтар, башқұрттар) мен қырғыздардың және қалмақтардың ханы». Ал өздерінің Хақназар хандары туралы аңыздар Башқұрттарда, Ноғайларда, Қарақалпақтарда сақталған. Бұл айтып отырғандары, әрине қазақтың Хақназар ханы ғой. Алайда, ол кісі қазақтар кең байтақ даланы иемденген кезде, осы шағын халықтардың үстіне де билігін жүргізген. Қазақстандық Өзбектер де Қазақтар сияқты арғы аталарын жатқа санайды, сөйтіп өзінің 15-ші атасының да Қазақстанда тұрғанын көрсетіп бере алады. Ал бұл кезең – Қасым ханның заманына сәйкес келеді. Бұл Өзбектер – нағыз Өзбектер, қазіргі Өзбекстандағы «Өзбектерміз» деп жүрген Тәжіктер, Хиуалықтар немесе Сарттар мен Қазақтар сияқты емес...
Қазақстан демографиясындағы ең қолайсыз кезең бұдан 50 жыл бұрын, 1960 жылдары болған екен. Қазақтар Қазақстан халқының 27 пайызына дейін төмендеген. Содан бері үздіксіз жоғарылап келеді. Небір ұзын сөздің де соңы болады ғой, тараудың соңында бұдан 100 жыл бұрынғы Патшалы Ресей жүргізген халық санағының нәтижелеріне тағы бір қарайық. 1911 жылы Қазақ жерінде қазақтар 67,2 пайыз, ал орыстар мен украиндер 27,8 пайыз болған екен. Шынымен де, енді келе жатқан 2013 жылы, 102 жыл өткен соң, дәл осы сан шамамен сол күйінде қайталанады екен. Соншама зұлматтарды, қиындықтар мен апаттарды, өрлеулер мен дамуларды бастан өткергеннен кейін. Қандай ғажап...


4. "Қазақтар із түзсіз жойылып кетті..."
Бұл көрсетілген парақтағы Қазақ хандарының таққа отырған жылдары бойынша толық тізіміне қараған адам мына жағдайға да назар аударады:
4. Касым хан - 1503-1518 (1511-1523)
5. Мамаш хан - (1518) 1523-1523
6. ТаҺир (Тайыр) хан - 1522/23-1532/33
7. Бұйдаш (Бауыш) хан - 1533-1534
8. Қожахмет хан - 1534-1535
9. Тоқым (Тоғұм) хан - 1535-1537
10. Хақназар (Ақназар) хан - 1538-1580


Қазақ баласының бәріне де жастайынан таныс, "Қасымның қасқа жолын" салған және Қазақ жері мен халқын алғаш рет толықтай біріктірген Қасым хан мен "Қазақ, қырғыз бен башқұрт, ноғайдың" ханы атанған Ақназар ханның арасындағы 14 жыл қысқа мерзімде Қазақ Ордасында 5 хан алмасады. Неге бұлай болған. Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандардан кейін хан тағына Керей ханның баласы Бұрындық (Мұрындық) хан отырды. Бұрындық ханның ең басты еңбегі - Талас пен Шу бойындағы аядай ғана Қазақ хандығын ұлғайтқаны, соның ішінде бұрынғы Үлкен Әбілқайыр ханның ұрпақтары Шайбанилерді далалықтан қазіргі Өзбекстан жеріне қуып жіберіп, Әбілқайырдың Дешті-Қыпшақ даласын иемденіп қалғаны еді.
Қасым хан - енді Жәнібек ханның баласы болатын. Қасым хан енді, қазақтармен қарым-қатынастары сан құбылған шығысындағы Моғолстан мен Оңтүстігіндегі Шайбанилерді айтпағанда да, батысында Ноғай Ордасымен, Солтүстігінде Сібір хандығымен бетпе-бет келді. Қасым хан өзін бұрынғы Алтын Орданың қалпына келтіруші қожасындай сезінді, Сөйтті де Ноғай Ордасын ығыстырып, ежелгі Сарайшықты Қазақ хандығының Астанасы етіп алды. Сөйтіп оның иелігі, Қиыр солтүстігінде Сібір хандығы, Алтайда Ойраттар иелік еткені болмаса, қазіргі Қазақстан жерінің үштен екісін негізінен қамтып жатты.
Бұл хандықты тарихта негізінен "Қасым хандығы" деп жазады. Ал бас кезінде Дешті-Қыпшақтан Әбілқайырдың ұрпақтарын қуып жіберуде Шайбанилерге қарсы бірігіп күрескен Ноғай мырзалары мен Сібір хандығы енді Қасым ханның жалпақ даладағы беделін көріп, және одан тым қауіптеніп қалды. Олардың төрелеріне де Дешті-Қыпшақ жері керек еді.
Алайда Қасым хан тірі тұрғанда олардың бұл дала үшін ашық күреске түсуге батылы бармады. Ал Қасым ханның халқы млн-нан асатын. Бұл сол заман үшін өте көп халық болатын. Сонымен қатар Қасым кез-келген сәтте 100 мың жауынгерді атқа қондыра алатын, қажет болса, 200 мыңға дейін атты әскери жинай алатын. Мұхамед Хайдар Дулатидің деректері осылай дейді. Қасым ханның басты жаулары Шайбанилер болды, ол Сыр бойындағы қалалар үшін тартысты. Ал Шайбанилердің басты одақтасы Солтүстіктегі Сібір хандығы болатын. Бұл екеуі негізі бір кездегі Көк Орданың, бірі Оңтүстікке, бірі солтүстікке ығысқан бөліктері еді. Қасым хан болашақта Жайық пен Орал тауды жайлаған Ноғай Ордасын да, Еділдегі Қарақалпақтарды да, Батыс Сібір мен Көкшетауды иемденіп отырған Сібір хандығын да өзінің Қазақ хандығының қарамағына қосып алатынына сенімді еді, себебі соғыссыз-ақ оның хандығына олардан көшіп келушілер көп еді.
Оның күшеюінің басты себебі - қазақ (алаш) жұртында ежелден қалыптасқан этникалық тұтастық болатын. Бұрынғы Әбілқайыр ханның "көшпелі өзбектер мемлекетінде" онша ұлттық-халықтық тұтастық болмады. Әрыңғай халықтар тұрып, бытыраңқылық басым болды. Ал Ноғай мырзалары мен Сібір хандығы, тіпті одақтас болып келген Моғолстан да, жаңа хандық бұлай күшейіп кетеді деп ойлаған жоқ еді. Енді олар қауіптене бастады. Бұл хандықты жоқ қылуды ойлады. Кенет күшейген Қасымның хандығына Моғолстан да, Хиуа да қандай қызғанышпен қарағанын біз қазір Мухамед Хайдар Дулати мен Әбілғазы Баһадурдың еңбектерінен оқи аламыз. "Онда тұрған не бар екен, бұл далаға талай хандық келіп, талай хандық кеткен" дегендей ыңғаймен жазады олар. Қасым хан Қазақ хандығының сол кездегі астанасы Сарайшық қаласында қайтыс болды.
Сол-ақ екен жан-жақтан анталаған дұшпаны тап берді, Ноғай мырзалары батыстан, Сібір хандығы солтүстіктен, Шайбанилер оңтүстіктен, Моғолстан шығыстан жұлмалап, өз үлестерін алып қалуға тырысты. Ал ойраттар (ол кездегі жоңғарлар, хошауыттар және торғауыттар - яғни, шығыс монғол тайпалары) болса, жорықтарына енді шындап кірісті. Бәрінің де көкейін тескен арман, ол - Алтын Орданы иемденіп қалу болатын. Былайша айтқанда, айбыны әлемге жайылған сол Орданы біріктіруді аңсаған "Ұлы империялық сандырақ" еді. Өле бастаған империяның сөніп бара жатқан ошағының басына келіп, өздерін қалпына келтірілген "Алтын Орданың ханымын" деп жариялағандар да көбейді...
Хан тағына отырған Қасым ханның баласы Мамаш аса қиын жағдайда қалды. Хан тағында небәрі бір жылға жетпейтін кезең отырып, елді тұтастыра алмай қаза болды. Одан кейін хан тағына келген Қасым ханның інілері Таһир, Ахмет, Бұйдаш, Қожахмет және Тоқым хандар да анталаған жаумен бірнеше майданда қатар соғысамын деп осылайша бірінен соң бірі қаза болды. Таһир ханға іс жүзінде тек Талас өңірі мен Қырғыздар ғана жақтасты, Ахмет ханға Ноғайлы халқының бір бөлігі ғана ниеттес болды, бұлар түрлі айла шарғылармен өлтірілді. Бұйдаш хан да бір-ақ жыл, Қожахмет хан да бір-ақ жыл хан болды. Өздерінің сұлтандарымен бірге қаза болды. Бұл төре тұқымынан шығып, ханымен бірге қаза болғандардың бәрі сол бір кездегі Ақ Орданың ханы Орыс ханның және Керей мен Жәнібек хандардың ұрпақтары болатын. Таһир хан қаза болған шайқаста, онымен бірге 24 сұлтан опат болды дейді.
Мысалы, қазақ тарихының қысқаша даталармен берілетін жылнамасына қайта үңілген адамның мына оқиғаларға назары ауады: «1533-1537 ж.ж. Тоғым хан билік құрды. 1537 ж. 27 шілде. Сан-Таштағы төрт халықтың соғысында қазақ-қырғыз әскері түгелімен қырылды, Тоғым хан тоғыз ұлы және әскербасы отыз жеті сұлтанымен бірге шәйіт болды». Тарихымызда ондай да болған. Бұл жағат соғысы еді. Ресей тарихы Ұлы Петр патшадан бастап, Екатерина мен Елизавета сынды қатын патшаларына дейін бір пірәдар әулиедей көкке көтереді. Ол Патшалардың қай-қайсысы болса да, жауға қарсы келіп, ғұмырында бір-рет қылыш сермеп көрді ме екен...
«Абылай хан деген - қазақтың Бірінші Петрі сынды» деп лепірді дейсің бір ағамыз тарихи конференцияда. Әрине, түпкі ниеті дұрыс шығар. «Салыстыруға келмейді, Абылай хан елу жыл ат үстінен түспеген және сол елу жыл бойы әрқашан найза ұстап, қандай қырғында да жанын шүберекке түйіп, өзі қол бастап жүрген» - келесі ағамыздың бұл уәжі шынында да құлақ қоятындай еді: жасанған үлкен шаһардағы алтынмен апталған кең сарайда үлде мен бүлдеге оранып, орыс мұжықтарын салықпен қанап, өз халқының әділетсіздікке қарсы көтерілістерін өздері қанмен басып, сарайда жын ойнақ-би ойнақ жасап, ерігіп-есінеген Орыс Патшалары кім, бір шайқаста өзінің тоғыз ұлымен және отыз жеті аға-інісімен бірге қаза болатын Қазақ Хандары кім...
Тоғым хан туралы деректерді тарихшылар ең алғашқыда Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінен көрген еді. Дулати жазады: «Чағат соғысында қоршауда қалған қазақ ханы Тоғұм өзінің тоғыз ұлымен бірге және отыз жеті сұлтанымен бірге қаза болды. Қазақ-қырғыздың қалың әскері түгелдей қырылды. Содан кейін қазақтар жойылды. «Қазақтар» деген атауды одан кейін ешкім де естімейді. Бір кездерде саны млн болған Қазақтар қазір із-түзсіз жоғалып кетті» дейді. "Қазақтар жоғалды" деп жазғанда, Дулати өзінің арманын жазған шығар. Дұшпандар қуанышын жасыра алмаған болар. Бәлкім, сол дәуірдің көз-көрген замандас адамы ғой, көргенін-естігенін, білгенін-талдағанын, яғни барынша ақиқат шындықты жазған болар. Себебі, дұшпандары да, достары да, жай бейтарап адам да енді бұл хандық жойылды деп есептеді...
Алайда бұл халықтың өзі олай деп есептеген жоқ. Қасым ханның кіші ұлы Ақназар хан да олай деп тіпті ойлаған жоқ. Енді қазақ тарихшысы Қадырғали Жалаиридің «Жамиғат Тауарих» еңбегін қарасақ, бұл шайқастың 1537 жылдың жаз айында (хижрадан аударғанда 27 шілдеге келеді) болғанын көреміз. Бұл шайқастан соң, 1537 жылы хан тағына әйгілі Ақназар хан келіп, Қазақ Ордасын бас-аяғы 20 жылдың ішінде тез оңалтып, батыстағы Жайық өзенінен асып, жорық жасап, Ноғай Ордасының халқын Қазақ хандығына қосып алғанын, Сібір хандығының көп халқы оған келіп қосылғанын және Ресейге бағынғысы келмеген башқұрт тайпалары Ақназарды сағалағанын, Қарақалпақтар өз отаны Астраханьды Орыстар жаулап алған соң Ақназардың қол астына Сыр бойына келіп паналағанын, Ханның әскерінің негізгі күштерін ойраттарға қарсы бірігіп күрескен қазақ-қырғыз батырлары құрағанын жазады. Және Ақназар ханнан бастап, көрші елдердегі тарихи жылнамаларда енді хандықтың аты бұрынғыдай "Ақ Орда", "Орыс ханның балаларының елі", "Жәнібек ханның елі", "Қасым хандығы" деп аталмай, халқының атымен "Қазақ ордасы" деп атала бастады...
Төңіректегі хандықтар мен патшалықтарыдң атына қарасақ: Әбілқайыр мемлекеті, Шейбани мемлекеті, Аштархан хандығы, Ноғай ордасы, Сібір хандығы, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Бұхар хандығы, Хиуа хандығы, Моғолстан мемлекеті болып келеді де, бидеушінің не жердің атымен аталмай халықтың атымен атымен аталған мемлекет осы қазақ хандығы екеніне оңай-ақ көз жеткізуге болады. Бұл - бір. Екіншіден, шыныда да талай хандық құрылып, талай хандық жойылып жатқан заман ғой. Бұл мемлекеттің әлі де тым ұзақ өмір сүретінін ол кезде ешкім де тіпті ойламаған шығар. Шындығында да, соншама қыспақтан кейін, сол кезде-ақ бұлғақ заманындағы Алтын Орда сияқты бұл Орда да әлсіреп жойылып кетуі керек еді. Қазақ Ордасын сол сәттерде жоймай ұстап қалған не құдірет. Себебі бұл - басқа хандықтар сияқты құрама-құрау емес, біртұтас ұлттың мемлекеті болатын. Басқаша айтқанда Қазақ хандығын сол кезде жойылып кетуден сақтап қалған күш - ол этникалық тұтастығы. Қазақ халқының біртұтас халық екендігі, не әртүрлі далалық көшпенді ру-тайпалардың құрамасы ғана екендігі солай сыналды. Қазақтар бұл 14 жылда қайта бірігіп, әбден қалыптасқан біртұтас халық екенін дәлелдеп шықты...
5. "Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы халықнамалық тарихы"
Қазіргі тұрғыдан қарасақ, мәселе қазір елдегі қазақтың саны мен пайызында. Көп халық - үлкен мемлекет. Көп халық - қуатты экономика. Жер кең, байлық мол болғасын, көз алартушы, көз сүзуші көршілер де көп болады. Халық аз болса, дала мен қала, өндіріс пен оны игеру ісі ешқашан бос жатпайды, оның орнын бәрібір келімсектер, шетелден келген жұмысшылар, күнелтіс іздеген басқа ұлттар толтырады. Көп халық керек, соның ішщінде көп қазақ керек. Ал қазақтың пайызы атрқан сайын Қазақстанның мемлекеттілігі де нығаяды. Қазақтардың саны артқан сайын Қазақстандағы басқа ұлттарға да өте тиімді болады. Қазақтар өзіндегі көптеген аз ұлттарды да Отандасы ретінде және мемлекеттің Ата заңы бойынша қорғауға және қолдауға, дамытуға шамасы жететін болады. Мемлекет мықты болса, тұрақты және бейбіт болса, Көк Төлқұжаттың да әлемнің қай жеріне барсаң да салмағы артатын болады...
Елдегі қазақ "бұл менің Отаным" деп мақтанса, шетелдегі қазақ алыста болса да әйтеуір дүниеде қалың қазақ тұратын Отаны бар екенін есте ұстап жүретін болады. Қазіргі саясатта "титульная нация" деген термин қолданылады. Тікелей қазақшаласақ, "мұқабалық ұлт" - яғни сол мемлекеттің атымен аталатын халықты айтады. Кез-келген мемлекет орнықты да тұрақты болуы үшін сол мұқабалық ұлт барлық халықтың кем дегенде төрттен үшін, яғни 75 пайызын құрауы тиіс. Олай болмаған жағдайда біздің айтып жүрген "Қазақстан мемлекеттілігін нығайту", "Қазақ тілі мен мәдениетін дамыту", "Қазақстандық патриотизм", "Қазақтың рухани әлемін көтеру", "Экономиканы, Өнерді, Спортты, Ғылым мен Білімді дамыту" дегеннің бәрі жай сөз ретінде қала береді. Ұлтқа, мемлекетке жаны ашитын адамдар көп болмаса, олар қалай дамиды...
Жоғарыдағы жазбалардан, тараудардан көргеніміздей, қазақтар өз жерінде өткен ғасырларда әрқашан көпшілік құрап келген болатын. Соның арқасында монғол мен ойраттың, жоңғар мен қалмақтың дәл іргесінде тұрып, Шыңғысханның жаһанды жаулаған монғолдарын да сол көптігімен өз құрамына сіңіріп алды, монғол мемлекетіне айналып кеткен жоқ. Қазақтар Жоңғарларды да "ақтабан шұбырынды" жылдарында олардың Қазақ даласын шарлаған аласапыран шабуылдарынан кейін 25 жылдан соң біртіндеп өз жерінен қуып шықты, қазіргідей қазақтың саны өз жерінде аз болса, олай істеу қиынға соғар еді, мүмкін емес те болар еді. Ресейдің тарапынан жасалған отаршылдық қитұрқыларға да сол санының көптігі арқылы ғана төтеп берді, Кеңестердің қызыл қырғынан да сол көптігі арқылы аман қалды. Ал аз халықтар әлдеқашан жойылып кетті. Орыс болып кетті, шоқынып кетті...
Қазақтарды 20 ғасырдың орта шеніндегі қиын демографиялық дағдарыстан алып шыққан екі нәрсе болды: бірі - қазақ халқы 60-70 жылдары бала санын шектеу дегенді білген де жоқ. Және 60 жылдары Қытай шекарасынан өтіп бір мезгілде 140 мың қазақ көшіп келді. Бұрын сол жылдары "60 мың қазақ келді" деп коммунистік КСРО мен Қытай азайтып айтқан. Осының арқасында, жетпісінші жылдардың аяғында елдегі қазақтардың саны қайтадан артып 35 пайызға жетті. Ал Тәуелсіздік алған 1990-91 жылдары Елімізде қазақтар саны 38-40 пайызды құрайтын еді. Бұндай жағдай тарихта болып көрген емес. Жергілікті халық өз жерінде аз болып отырып, Тәуелсіздік жариялаған емес. Бұл түгілі халқы млрд-пен саналатын Үндістан мен Қытай да Ағылшын империалистерін қуып жіберіп, соғыспай-ақ тәуелсіздікті жеңіп алдық деп мақтанып жүр ғой...
Сол-ақ екен жел оңынан тұрғандай болды. 1990-2000 жылдар аралығында елден жалпы саны 3 млн-дай болатын орыс, украин, белорус, неміс, дағыстандықтар, шешендер көшіп кетті. Бұл кезең қазақтардың саны баяғы 30-шы жылдардан соң алғаш рет қайтадан 50 пайыздан асқанын, Қазақстан халқының тең жартысы қазақтар екенін жария етті...
1991-2001 жылдар аралығы еліміздегі халық үшін өте қиын, ауыр болуымен сипатталады. Ел соғыс кезіндегідей талонмен күнелтті, жаңа пайда болған ұлттық валюта теңге ол кезде нығаймаған экономикамыз секілді тым тұрақсыз еді. Қазақтар Шығыс Еуропа жеріне дейін шұбырып барып жаппай сауда жасап, күнелтіс іздеп босып кетті, ауыл шаруашылығы күйреп түсті, жұмыссыздық жайлады.
Сол кездерде, осы он жылдың ішінде, 1990-2000 жылдар ішінде елімізге шетелдерден 42387 қазақ жанұясы көшіп келді. Бұл адам санымен көрсеткенде, 183652 адам ғана еді. Соның ішінде Өзбекстаннан - 62737, Түркменстаннан - 22055, Тәжікстаннан -10476, Ресейден - 8490 қазақ келді. Алыстағы шетелдерден айтқанда: Монғолиядан - 65202, Ираннан - 5030, Түркиядан - 3780, Ауғанстаннан -1719 человек, Қытайдан -2214, Пәкстаннан - 1102, Сауд Аравиясынан - 81 қазақ келген. Яғни бұл қиын жылдары келгендердің, қазіргі демографиялық терминмен айтқанда "Көшті бастаушылардың" 75 пайызы Өзбекстан мен Монғолиядан келген қазақтар екенін ерекше айту керек. Себебі, ашаршылықта жеген құйқаның дәмі қашанда тәтті болады. Енді алдағы жылдарда, кейін жағдай жақсарғасын, жағдайын жасап алып келгендер, қай жер жақсы болса сол жерде тек күнелтүс үшін жүргендер болып көрінеді. Ал сол кезде келген оралмандар жергілікті халықпен бірге сол қиындықтың бәрін көрді. Болашақтан оншалықты жарқын үміт те жоқ еді, әйтеуір бір өлместің қамы, тіршілік үшін күрестің өзі болатын...
Алайда демографиялық қиындық онымен бітпеді. Елге 183652 қазақ көшіп келгенмен, 101298 қазақ шетелдерге көшіп кетті. Оның ішінде алыс шетелдерге жақсы тұрмыс іздеп кеткендер де, Ресейге қоныс аударған өздерін қазақтан гөрі орыс ретінде сезінетін орыстілді қазақтар да, немесе қиындыққа шыдамай, келген еліне қайта көшкен оралмандар да болды. Ал елдегі жергілікті халықтың табиғи өсімі тым төмендеді. Бала санының шектелуі халықтың өсімін бере алмайтын дәрежеге жетті. Бұл жылдары қазақтардың елдегі пайызын арттырған - шетелдерге көшіп кеткен 3,5 млн-ға жуық өзге ұлт өкілдері ғана еді. Басқа ұлттар кете берсе де қазақтың пайызы өздері көбеймей-ақ артады екен. Бұл жылдары оралмандарға берілетін мемлекеттік квота саны да тым аз еді: Үкіметіміз 1999 жылы - 500 жанұяға, 2000 жылы - 500 жанұяға, ал 2001 жылы 600 жанұяға ғана квота бөлген. Бұл сан теңізге тамшы блуға да жетпейтін...
Сондықтан, 1991-2001 жылдар аралығындағы шетелдік қазақтар негізінен квотадан тыс, тек қана тәуелсіз жас Отанына деген жалаң ентузиазммен, жай көңілмен ғана көшіп келді. Бұл жылдар ішінде квотамен көшіп келгендерден, квотадан тыс көшіп келгендердің саны әлдеқайда артық болып келді. Бұл тек жанқиярлық қана болатын. Мысалы, 1991 жылдың сәуір айынан бастап, 1992 жылдың сәуірі аралығында Монғолиядан Қазақстанға тек қана чартерлік рейстермен 40102 адам жеткізілді. Бұл шынында да, МХР мен ҚР Үкіметтері мен Баян Өлгей қазақтарының біріккен күш-жігерінің арқасында ғана мүмкін болды. Ол кезде тіпті оралмандар, көші-қон туралы Заң да жоқ болатын. Қазақстанның көкпеңбек аспанынан бос күйінде көтерілген жүздеген ұшақтар Монғолияны, Баян Өлгей қыраттарын бетке алып ұшатын, қайтарында тіпті мал-мүлкін де алмастан, тек асқақ сезімін қанат қылып ежелгі еліне қарай ұшқан Моғолиялық қазақтармен әрқашан толып келетін. Сырттай жүдеп жеткен оларды, жүдеп-жадап тұрған Отаны күтіп алатын. Алайда көңіл семіз еді. Ал 2000 жылдарға қарай бұл екпін саябырлап, қазақтарды елге оралту туралы іске күмән келтіріле бастады, себебі жылына квотадағы жылына 500 жанұя әкелу деген тым аз болатын, әрі қанша қазақ елге келсе, оның тең жартысындай қазақ шетелдерге кетіп отыратын еді. Жоғарыдағы келген және кеткен қазақтың саны мынаны көрсетеді: елге 9 қазақ келген сайын 5 қазақ елден кетіп отырды...
Кейін 2001 жылдан кейін экономика мен тұрмыс оңала бастағасын және халықтың өзі нарықтық қатынастарға бейімделе бастағасын, мемлекеттік квота мөлшері де артты. Елбасы оралмандаға бөлінетін квота санын жылына 20 мың жанұяға дейін ұлғайтуға тапсырма берді. Бұл енді әр жыл сайын Қазақстанға 140 мыңнан аса қазақ келіп отыруын қамтамасыз етеді деген сөз. Ал 140 мың адам деген Қазақстан үшін орташа көлемдегі бір қаланың халқы.
Таяудағы өткенімізді қарасақ, 2001 және 2007 жылдар аралығында Елімізге шетелдік қандастардың келуі артты: бұл жылдары Қазақстанға 1426334 қазақ көшіп келді. Оралмандардың ішінде Өзбекстаннан (61,6%), Монғолиядан (14,3%), Түркменстаннан (8,6%), Қытайдан (6,7%) келгендердің пайызы басым болды. Нарық қыспағынан арыла бастаған жергілікті халықтың, соның ішінде қазақтардың да табиғи өсімі арта бастады. Сөйтіп бұл өсім Қазақстанда енді алдағы 2009 жылғы өтетін халық санағы бойынша, шамасын алдын ала біліп отырғанымызбен, Елдегі қазақтардың саны 60 пайыздан асып кететінін ресми түрде көрсетіп береді деп күтудеміз...
Қазақстанның демографиялық өзгерістер шежіресі де таңғажайып еді. Себебі, жер бетінде бұндай Мемлекеттік деңгейдегі көші-қон үрдісін, қандастарын елге оралту құбылысын Қазақстаннан басқа ешбір ел ешқашанда жасаған емес. Тек Израильды мысалға алады ғой. Израиль шектен тыс бай мемлекет болатын. Және әлемдегі бизнестің де, саясаттың да, ғылымның да, билік пен саясаттың да тұтқасын ұстап отырған Еврейлер де шетінен ықпалды топтар және бай халық еді. Ал Қазақтар қай жерде де қарапайым өмір сүріп жатқан. Соған қарамастан, кішкене Қазақстан әлемде болмағанды жасап, биыл 2008 жылдың тамыз айында Қазақстанға келген 1 млн 500-інші, яғни млн жарымыншы қазақты күтіп алатын болады...
Қарап отырсақ, біз Қазақстанда, жалпы қазақ халқы соңғы жүз жылдан бері тек елдегі пайыз үшін ғана күресіп келе жатқандаймыз. Бұл да күрес еді, көзге көрінбейтін, алайда шешуші күрес. Енді біршама анықтап алу керек, шетелдерде қанша қазақ бар. Шетелдарде біреулер тым гүмпитіп жіберетіндей 5-6 млн қазақ жоқ. Шетелдердегі қазақтың саны 4,2 млн ғана. Сосын, тағы бір ақиқатты - ол барлық қазақтың Қазақстанға келмейтінін де мойындау керек болды. Оның алдағы 50 жылда асырып айтқанның өзінде елге тек 70 пайызы ғана (3 млн-ы) оралуы мүмкін. Қалғандары сол аймақтарда қала береді. Себебі "бармасаң, келмесең - жат боласың" деген бар. Алайда Қазақстанның 1990-2030 жылдар аралығындағы 50 жыл ішінде 4,5 млн қазақты елге көшіріп алған, жергілікті халықтың өсімі екі есеге артқан, сөйтіп Елдегі қазақтардың санын 38 пайыздан 70 пайызға дейін көтерген саясаты әрқашан да әлемде теңдесі жоқ тарихи-демографиялық құбылыс ретінде, алдағы келе жатқан тарихымыздың беттерінде қала беретін болады. Біз өзіміз көздеген 70 пайызға 2025-26 жылдары жететін боламыз. Сол кезде соның ішінде Қазақстанда тұратын Түркі халықтары 80 пайызға жуықтайтын болады. Дәл қазір елімізде саны бойынша саны бойынша көп ұлттар ретінде 1-ші орында қазақтар, 2-ші орында орыстар, 3-ші орында өзбектер, 4-ші орында украиндер тұр.
...Білге қағанның ескерткішінің басына бұдан мың жарым жыл бұрын ертеде былай деп мақтанышпен жазылған екен: "Аз халықты көп қылдым, аш халықты тоқ қолдым". Бәлкім, сондай заман Ежелгі Түркінің сар даласына енді тағы да қайта айналып келе жатқан шығар...
Сөз соңы
Мына параққа сәл назар аударайық. БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер бөлімі 2050 жылғы халық ең көп тұратын елдердің болжамды тізімін жария етті: Күткеніміздей 2050 жылы халық саны бойынша елдерден әлемде 1-орында Үндістан, 2-орында Қытай, ал 3-орында АҚШ тұрады. Ал Ресей 17-орында болады, Ресейдегі халық саны азайып, әлемдегі Орыстардың саны Түріктер мен Ирандықтардан, олар тіпті Ауғандардан да аз болады.
Ал 2050 жылғы Қазақстан ше. Қазақстанда ол кезде, яғни 2050-жылы 13 млн халық тұратын болады. Қазір Қазастан халқының саны жөнінен әлемде 59-орында тұр, ол кезде 81-орында тұратын болады. Көңілсіз болжам. Біз 20 млн-ға жеткізгіміз келсе, олардың болжамы бойынша елдегі халық саны кеми түседі екен. Бұл болжамды жоққа шығару қиын. Біз БҰҰ сарапшыларының неге сүйенгенін білмейміз. Алайда олар бұл талдауды жасағанда елден орыстілділер көптеп кете береді деп есептеген және соғы жылдары оралмандардың келуі артып келе жатқанын ескермеген. Сөйтіп қазіргі бала туу көрсеткіші қайтыс болғандар мен елден кеткендердің орнын толтыра алмайтындықтан елдегі халық саны кеми береді деп жоспарлаған.
Шынымен солай ма. Біз әрине, 2050 жылды болжай алмаймыз, сондықтан таяу болашақты қарастырайық. Мысалы 2015 жылды бағамдау оңай. БҰҰ сарапшылары 2015 жылы Қазақстанда 14 млн 877 адам тұрады деп есептеген. Біз 2009 жылғы қаңтар-ақпан айында өтетін санақ елде 15,8 млн адам тұратынын анықтайды, оның 9,6 млн-ы Қазақтар болады деп күтудеміз. Яғни, 62 пайыз. Онда 2015 жылы елде 17,4 млн адам тұратын болады. Соның ішінде Қазақтар 12,1 млн, яғни 69 пайыз құрайды. Ал шетелдерде 3,9 млн Қазақ тұратын болады.
Сол кестеде БҰҰ сарапшылары 2025 жылы Қазақстан халқы 14,774 мың адам болады деп болжаған. Жоғарыдағы өзіміздің есепті жалғасырсақ, 2020 жылы Қазақстан халқы 18,6 млн-ға жетеді. Ал 2025 жылы 19,7 млн адам болады. Ал М.Тәтімов ағамыз 20 млн-ға осы 2025 жылы жетеміз деп болжам жасаған болатын... Бұл - көз жетер, болжануы оңай, таяу болашақ. Одан әрі болжау қиын...
«Қара домалақтар тасқыны» немесе демографиялық дүмпу
Қазақстанда үлкен демографиялық дүмпу жүріп жатыр! Бұған «қарадомалақтар тасқынының» тигізіп отырған әсері зор. «Өйткені былтыр елімізде 330 мыңға жуық бала дүниеге келсе, биыл қара домалақтар саны 350 мыңнан асады» деп болжайды белгілі демограф, Орталық Азия университетінің ректоры Мақаш Тәтімов. Ал 2012-15 жылдары дүниеге келетін шараналар саны 400 мыңға жуықтайды екен. Сол кезде Қазақстандағы қазақтардың саны 70 пайызды құрайтын болады!
Бұл дүмпуге ата-аналар санының көбеюі, жастардың үйленуі, туу деңгейінің артуы себеп болып отыр
Қазақстанда демографиялық дүмпу жүріп жатыр. Яғни дүниеге келген балалар саны күрт өсуде. Бұл үшінші дүмпу болып саналады. Біріншісі соғыстан кейін 60-шы жылдардың басында болса, ол кезде қазақ әйелдері 7-8 баладан туды. Екіншісі 1987-88-ші жылдары шыңға шықты, ол кезде бір әйел 4-5 баланы өмірге әкелді. Үшіншісі осы соңғы жылдары байқалып отыр. Қазір қалалық әйелдер 2-3 баладан, ауылдағы әйелдер 3-4 баладан тууда. Оны демографиялық толқын деп те атаймыз. Толқын толқынды туғызады, ойысу ойысуды туғызады. Яғни, бірінші дүмпу - аталары болса, екінші дүмпу - әкелері, үшіншісі - балалары. Бұл өзі табиғи заңдылық. Яғни, бұл дүмпу бәрібір болатын еді. Өйткені екінші дүмпудегі балалар өсіп-өркендеп, қазір үйленіп, үйлі-баранды болып жатыр. Сондай-ақ, бұл дүмпуге туудың деңгейі де қосылып отыр. Әрбір әйел адамға шаққанда баланың саны артуда. Қазақстанда қазақ әйелдерінің бала туу көрсеткіші 1999 жылы әбден төмен түсіп кетіп, бір әйелге шаққанда 2,1 баладан келсе болса, қазір 2,7 балаға дейін көтеріліп отыр. Енді біз дүмпудің шыңына жетіп, бұл санды 3 балаға дейін көтерейік деп отырмыз. Үш бала деген, шынын айтса, бәлендей үлкен көрсеткіш емес. Яғни бұл дүмпу ата-аналардың санының көбеюінен, жастардың үйленуінен болып отыр. Былтырдың өзінде 147 мың жас неке құрды, басқа жылдармен салыстырғанда үйленуге ниет білдірушілер саны өсіп келе жатыр. Демек биыл да «бэби бум» болады. Бұл ағылшын тілінен аударғанда «бөбек дүмпуі» деген мағына береді. Қазақша «қара домалақтардың тасқыны» деп те айтуға болады. Қазір бұл тасқынды мемлекет те, қоғамдық пікір де қолдап отыр. Мемлекет қалай қолдап отыр? Биылдан бастап жөргек ақы екі есе өсті – 70 мың теңге. Содан кейін бала бір жасқа жеткенше он ай бойы жәрдемақы алады, егер отбасының жағдайы нашар болса, онда бала 16 жасқа толғанша әлеуметтік көмек беріліп тұратын болады. Бұл үлкен көмек.
Демографиялық дүмпуге 40 жастан асқан әйелдердің де үлесі зор
Қазір тағы бір айта кетерлік жағдай, оны сырт көз байқамауы да мүмкін. Қазір демографиялық дүмпуге 40-жастан асқан әйелдер де өз үлесін қосып жатыр. Олар егде тартып қалса да, әлеуметтік жағдайы жақсарған соң, оның үстіне денсаулығын жақсарту мақсатында балаларын өмірге әкеліп жатыр. Жалпы әйелдер үшін ең бала туатын жас 23-24 жас. Ал екінші бір мен байқаған жағдай, қазір қалада тұратын қазақ әйелдерінің бала туу көрсеткіші ауылда тұратын қазақ әйелдерінің бала туу көрсеткішінен жоғары болып тұр. Бұл ешбір елде болмаған жағдай. Бұл миграциядан болуы мүмкін. Яғни ауылда денсаулығы нашар, көңіл-күйі жоқ, некесіз адамдар қалып, денсаулығы жақсы, жігерлі азаматтар, әйелдер көбіне қалаға кетіп қалады. Демек ауылға да жағдай жасасақ, бала туу деңгейі көтеріледі. Мысалы балаға берілетін 7 жарым теңге ауылда бір отбасыны асырай алады.
«Қара домалақтар тасқыны» 2012-2015 жылдары шыңына шығады
Былтыр туған балалардың саны 330 мыңға жуықтаса, биыл олардың саны 350 мыңға жуықтайды деп болжап отырмын. «Қара домалақтар тасқыны» 2012-2015 жылдары шыңына шығады. Ол кезде жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келетін болады. Туылған балалар саны неғұрлым көбейсе, ол бүкіл 20-шы ғасырда соғұрлым балалардың санының төмендемеуін қамтамасыз етеді. Яғни бұл балалар 20 жылдан кейін өз балаларын туады, 50 жылдан кейін немерелері туылады, 75 жылдан соң шөберелері болады.
Қазір Қазақстандағы қазақ саны 61 пайыз болса, 2015-ші жылдары 70 пайызға жетеді!
Қазір Қазақстанда халық саны, ағымды статистика бойынша, 15 млн 565 мың деп есептеліп отыр. Келесі жылы дәл осы кезеңде ұлттық санақ жүреді – 16 млн-ға жақындаймыз деп есептеп отырмын. Өйткені санаққа ілінбей қалғандар, тіркелмегендер мен жасырын мигранттар бар. Соның 61 пайызға жуығы қазақтар. Қазақтың саны осы жылдың басында 9 млн 415 мыңдай болды. 5 миллион қазақ шетелде тұратынын ескерсек, әлем бойынша қазақтар саны 15 млн-ға, Қазақстанның өзінде 10 миллионға жақындайтын болады. Ал түркі тілдес халықтармен қоса есептегенде 70 пайызға жеттік. Мен неге 70 пайызға тоқталамын? Яғни қазақ өз жерінде 70 пайызға жетпей, өзінің унитарлы мемлекетін билеп отыра алмайды. Тілін мемлекеттік тұғырға шығара алмайды. Сондықтан бізге санмен қатар сапа да қажет. Ал Сапаны сан береді. Кейбіреулер бар, шіреніп, сан керек емес, сапа керек дейтін. Сан болмаса, сапа қайдан болсын? Қазақстанда қазақ саны 70 пайызға 2015-17 жылдары жетеді. Бізге оралмандардың саны қосылады, оралмандарға квота саны биыл 20 мыңға дейін көтеріліп отыр. Басында 5-10-15 мың квота берілетін. Бұл жыл сайын Қазақстанның халқы қатарына 100 мың адам қосады деген сөз. Қазақстандағы еуропа тектес халықтар арасында балалардың саны аз. Олар депопуляциядан шыға алмай отыр. Олардың арасында туудың төмендігі соншалықты, әлі өлгендердің сандарын толтыра алмауда. Бұл жалғыз біздің еліміздегі еуропалықтардың басындағы жағдай емес, олар тарихи отандарында да осындай күй кешіп отыр.
Отбасының әлеуметтік жағдайы артқан сайын, екінші, әсіресе үшінші баланың құндылығы шеттетіліп қалады
Әйел адам отбасы жақсы тұрған сайын, басқа құндылықтарға қызығады. Ол бір ғана бала туады, екінші бала туғаннан гөрі үлкен пәтер алғысы келеді, әкесі джип мінсем дейді, өздері бірігіп шетелге барғысы келеді. Осылайша екінші баланың, әсіресе үшінші баланың құндылығы шеттетіліп қалады. Данияда үлде мен бүлдеге оранып отырған әйел Тәжікстанда балаларымен қара нанды бөліп жеп отырған әйелдерге қарағанда үш есе баланы аз табады. Алматыда базарда жүрген орта азиялық мұсылман әйелдер қазақ әйелдерінен екі есе, орыс әйелдерінен үш есе баланы көп туады. Бала туу экономикаға байланысты емес. Бала туу тәлім-тәрбиеге, пиғылға байланысты. Егер сіз көп балалы отбасында тәрбиеленіп, мұсылман дінін қабылдап, дәстүрге жақын болсаңыз, сіз де көп бала өсіресіз. Ал жалғыз болсаңыз, сіз де жалғыз ғана бала өсіресіз.



 
15.10.2010 12:39