Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154324

Қазақ халқының демографиялық өткені мен болашағы - 2. Дешті-Қыпшақтың халқы деген кімдер еді

СОДЕРЖАНИЕ
Қазақ халқының демографиялық өткені мен болашағы
1. Қазақстанның қазіргі халықнамалық ахуалы
2. Дешті-Қыпшақтың халқы деген кімдер еді
3. Қазақстанның халықнамасы соңғы 150 жылда.
ОТКРЫТЬ ПОЛНОСТЬЮ

2. Дешті-Қыпшақтың халқы деген кімдер еді

Жалпы Қыпшақтар деген кімдер өзі. Қазақ халқы, Қазақ жері өзінің мың бұралаң тарихында бірнеше рет демографиялық апатқа соқтырған, яғни халқымыздың санына көп өзгерістер әкелген бірнеше ауыртпалықты басынан кешті. Сонымен қатар халықтың тез өсіп-өнген тыныш замандары да болды. Соларға деректер бойынша келіп, тоқталып өтпеуге болмайтын сияқты. Бұл да тарих: халықтың санымен жазылған тарих, сондықтан бәрін де негізінен сандар мен пайыздар көрсетіп отыратындықтан, көп жағдайларда цифрлар сөйлейтіндіктен, сөзбен "айтпаса да түсінікті" тарих. Тарихи зұлматты оқиғалардың да, бақуатты өмірдің де, сондай-ақ өрлеулер мен өрістеулердің, құлдыраулар мен құлазулардың атынан енді сандар пен пайыздар сөйлеп кететін тарих...
Халық бұрын пайда бола ма, әлде ұлттың мемлекеті бұрын пайда бола ма. «Әрине, халық, ұлт қой» дейді қисынды ойлар бірауыздан. Халық пен Ұлт қалыптасады, сосын олардың мемлекеті орнайды, не ойландыратыны бар екен. Алайда Тарих атамыз олай емес болуы да мүмкін екенін, тарихтың жолы мың бұралаң қым қиғаш екенін көрсетеді. Алдымен мемлекет пайда болып, соның шеңберінде халық тұтасады деп түсінейік. Қазіргі Франция, Италия, Америка, Қытай халқы солай пайда болған. Мемлекеттің құрамындағы әр алуан ұлыстар мен тайпалық одақтар тұтасып, тілі мен дәстүрі біріңғай бола түседі де, шекараның аржағында қалып қойғандар бұл үрдіске енбей қалып, бұл құрылымнан алыстай түседі. Ғасырлар өткен соң шын мәнінде біртұтас халық қалыптасады да, шет қалғандар енді басқа шеңбердегі басқа халыққа айнала бастайды. Сөйтіп бір кездегі біртұтас халық бөлшектеніп, мемлекеттік шекаралар мен ықпал етулер аясы шеңберлерінде енді бірнеше халықтар пайда болады. Бір ақиқат бар: мемлекет пайда болғанда оның құрайтын халқы аспаннан түспейді ғой.
Монғол-татар шапқыншылығы негізін салған Алтын Орда мен Юань империясы атты атты құдіретті ұлан-байтақ Еуразиялық империялар құрылмағанда, қазіргі тарихи тамыры ортақ Қытай, Ресей және Қазақстан мен Монғолияның мемлекеттіліктері тіпті де басқаша болар еді және одан гөрі кеш қалыптасар еді. Соның ішінде алып Ресей мен Қытай сияқты елдердегі өзара қырқысып жататын шағын патшалықтар мен княздіктер ешқашан бір орталыққа топтаспас еді. Ол кездерде халық деген түсінік те қазіргідей емес еді. Сондықтан да, өздерін қазіргідей «Қытайлар» немесе «Орыстар» атты тұтас халық ретінде сезінбегендіктен де, Қытай мен Ресейдің қала-патшалықтары дала заңдарына, жауынгерлік қатал тәртіпке бағынып, жұдырықтай жұмылған көшпенділердің шабуылдарына тұтасып қарсы тұра алған жоқ. Тұтастық болмағасын жеңілді, найзалар мен жебелерге құдіретті ойрандағыш зеңбіректер мен оқ-дәрілер қарсы тұра алған жоқ, аз санды көшпенділерге олардың халқының ондаған есе көп болуы да тегеурін көрсете алған жоқ. Ал далалық Көшпенді империялар бұл бытыраңқылықты жойып, Ресей мен Қытай жеріндегі мың жылда да басы қосылмаған Патшасымақтарды бір тудың астына топтастырды, сөйтіп оның арқасында қазіргі Қытай мен Ресей пайда болды. Бұл жағдай халықтан бұрын мемлекеттің пайда болатындығын көрсетеді. Сол мемлекеттің аясында біртіндеп халық, ұлт қалыптасады.
Қазақ хандығы құрылғанда, оның халқы да осы ежелгі даладағы жергілікті ру-тайпалардан құралып, қазіргідей Үш жүздік құрылымымен анықталып шықты. Бұрын «Алаш халқы» деген сөз Қазақ дегенді білдіретін, енді «Үш жүз» деген сөз Қазақ дегенді білдіретін болды. Бұл бұрынғы Алтын Орда мен Ақ Орданың қара шаңырағы негізінде құралған мемлекет екені анық. Тарихи жағдай солай қалыптасты: Жошы ұлысының халқы қазіргі қазақтардың 90 пайызынан астамын, ал Шағатай ұлысының халқы 10 пайызға жуығын берді. Біреулер кейде шекаралары қазақстандық территорияға қазір енетін болғасын қосады: Алтай, Саян, Ертіс жеріндегі Үгедей ұлысының халқы негізінен ойраттар (жоңғарлар, торғауыттар, хошауыттар, қалмақтар) болатын. Қазақ халқы қай кезде қалыптасты. "Алтай тауларынан бастап, Карпат тауларына дейінгі Еуразияның жалпақ даласы - 11-16 ғасырларда Дешті-Қыпшақ даласы деп аталды" деп жазылады ғой. Қазақтарды қазір тілтану ғылымында «Қыпшақ тілді Түркілер» дейміз. Тарихи тұрғыдан да, дәл қазір де көршілес тарих ғылымы жақсы дамыған елдерде Түркия, Әзірбайжан, Татарстан зерттеулерінде Қазақтар әрқашан «Қыпшақ түркілері» деп аталады. «Қыпшақ түркілері» деген кімдер сонда. Қазақтан басқа «Қыпшақ түркілері» бар ма.
Кавказ жақта Қазақтарға тым ұқсас тілде сөйлейтін түркі тілдес бірнеше (трухмендер, балқарлар, қарашайлар, құмықтар, черкестер, кабардиндер т.б.) шағын халықтар бар. Алайда оларды «Қыпшақ түркілері» деп атамайды. Олар сол жерде Бұлғар және Оғыз түркілеріне келіп, қыпшақтардың ықпал етуі нәтижесінде пайда болған. Тілі жағынан Қыпшақтар мен Оғыздардың аралығындағы топтарға жатады. Одан кейін карта бойынша жоғарыға Қара теңіз бен Қырымға қарай көтерілсек, тағы да Түркі тілдес бірнеше халықты (Қырым татарларының үш түрлі тілде сөйлейтін тобын, Гагауздарды, Балқан түркілерін) көреміз. Олардың да түпкі негізі Бұлғар Түркілері екенін, оған келіп Оғыз түркілері, сосын ең соңынан Қыпшақ түркілері араласқанын танимыз. Сөйтіп бұл халықтардың құрылымы тарихи үш қабаттан құралады. Одан да жоғары көтерілсек, солтүстіктен Қарайымдарды, Чуваштарды, Татарларды көреміз. Қарайымдарды біреулер Түркі тілдес Еврейлер деп жүр ғой. Олар негізі Еврейлер емес, Иудаизм дінін ұстанатын болғасын ғана көршілес халықтар тарапынан «Түркі Еврейлер» деп аталып кеткен. Олар Еврей дініне мойынсұнып кеткен Түркі тайпалары. Ол жағдай ежелгі Хазарияда болған. Чуваштардың да бірқатары Христиан дінінде, бірқатары Тәңіршілдік көне дінде. Ал Татарлар мұсылман дінін бәрінен бұрын қабылдаға халық. Олардың Еділ Бұлғариясы мемлекеті 10 ғасырда-ақ (940-960 жылдары) өздерінің мемлекеттік дінін Ислам діні, ал өздерін Араб халифатына бағынышты жұрт деп жариялаған. Сөйтіп көршілес, Башқұрт және Қазақ, Ноғай сияқты көшпенді тайпалар арасына Татар молдалары мұсылман дінін бастап таратқан.
Сондықтан бұл аталған халықтардың қалыптасуында Бұлғар Түркілерінің негізі мол екенін айтуға болады. Бұлғар Түркілерінің ежелгі мемлекеттері – Еуропалық Гундердің империясы, ішінара Аландардың мемлекеті және негізінен Ұлы Бұлғар қағандықтары, Абар, Уаргун және Хазар қағандықтары болып табылады. Соның ішінде Татарлар немесе қазіргі тілмен айтқанда қоныстары Еділ бойынан басталып, Батыс Сібір далаларын (Сібір татарлары, Барабин татарлары, Минусинск татарлары) алып жатқан «Татар түркілері». Татар Түркілерінің жері қашанда Қыпшақ түркілеріне жақын көршілес орналасқан. «Татар Түркілерінің» қалыптасуының екі бастау көзі бар. Бірі - Бұлғарлар (Гундер) және бірі - Угорлар, яғни Гундер мұнда 2 ғасырдан бастап келместен бұрын өмір сүрген жергілікті халықтар. Батыс Сібір ойпатын жағалай жатқан Татар Түркілерінен шығыста «Алтай Түркілері» деп аталатын бірнеше шағын халықтар (шорлар, кумандылар, алтайықтар, тувалар, қарағаштар-тофалар) орналасады. Одан әрі Байкал мен Лена өзенінен әрі қарай «Сібір Түркілерінің», яғни мәңгі суық өлкеде Сахалар мен Долгандардың жері басталады.
Төменде ағайын халықтар немесе отырықшы Түркілер – Ұйғырлар мен Өзбектердің жері орналасады. Бұлар «Қарлұқ Түркілері». Арада Қырғыздардың жері бар, ол негізі Алтайдағы Хакастардың бір бөлігі болып табылады да «Алтай Түркілеріне» жататын халық. Ұйғырлар мен Өзбектердің, Қырғыздар мен Хакастардың кездесе қалғанда өз тілдерінде сөйлеп-ақ бір-бірін соншалық еркін түсінетініне қарап, Өзбек пен Ұйғырды бір халық екен деп, сосын Қырғыз бен Хакасты да жер ыңғайына қарай бөлшектеніп орналасқан бір ұлт екен деп ойлауға болады. Мысалы Түрікмендер мен Трухмендер (Ставрополь Түрікмендері) сияқты.
Ал «Қыпшақ Түркілері» деген атау негізі төрт халыққа қолданылады: Қазақтарға, Қарақалпақтарға, Ноғайларға және Өзбек Қыпшақтарына. Арада Башқұрттар деп аталатын тағы бір көшпенді халық жатыр. Оның арғы тегін де, тілін де Бұлғар Түркілері мен Угорлардан іздеу керек. Қазақтар көрші ел Башқұрттарды ежелден «Естектер» деп атайды. Бұл не сөз екен. «Естек» дегенді Ресейліктер және Еуропалықтар Остяк (Остяки) дейді. «Остяки» деп этнографиялық-тарихи ғылымда Батыс Сібірдегі Палеоазиат және Енисейдегі Угор халықтарын атайды. Яғни Қазақтар өздерінің көршілері Башқұрт халқының негізгі табанын орман халықтары, Угорлар және Ежелгі Азиялықтар құрайтынын айтып отыр. Алайда олар кейінгі Оғыз-Қыпшақ тайпаларымен де, тіпті Шыңғысхан жорықтарындағы монғол тайпаларымен де араласып кеткен халық.
Өзбек қыпшақтарын Қазақтарға қанша жақын туыс болса да, немесе Өзбек қыпшақтары мен Қазақтардың шындап келгенде бір халық екенін мойындай тұрсақ та, қазіргі тарихи қалыптасқан түсінікпен Өзбек халқының бір бөлігі екен деп түсінейік, себебі қазіргі Өзбек халқының өзі сонау Соғды, Хорезм елдері, Иран-Парсы заманынан бері, Парсы патшалары Кир мен Дарийдің және Александар Македонскийдің жорықтарынан бастап, Эфталлиттер, Кушандар, Газневидтер, Ұлы Сельжуктар, Хорезмшахтар, Қараханидтер, Қарлұқтар империялары мен мемлекеттерінің елі болғанына қарағанда, және одан кейінгі Шағатайлар, Ақсақ Темірлер, Шайбанилер Аштарханидтер (Хажы-Тархан әулеті) және Маңғыттар (Ноғай әулеті), Тәжік-Өзбектер әулеттерінің билеушілеріне келгенге дейін өте күрделі құрылымда қалыптасқан халық. Қазір саны 30 млн-ға таяп келе жатқан, Ұйғырларды қосқанда жалпы саны 45 млн болып отырған Өзбек-Ұйғырлардың құрылымын осылай түсінген жөн шығар.
Енді тағы бір халықты, қазақтарға туыс көрінетін Қарақалпақтардың бұл далаға Қыпшақтар келмей тұрғанда, 8-9 ғасырлардағы далалық Оғыз Түркілерінен қалыптасқан көне халық екенін мойындауға тура келеді. Олардың арғы аталарын бір кездегі тарихта аталатын Түргештер және 10 ғасырдағы Селжүктердің құрамындағы «Карапапахтар», 10 ғасырдағы орыс жылнамаларындағы «Черные каблукилер» деп түсінсек болады да, олардың ежелгі атамекені Еділ бойы деп ұққан жөн, одан Сыр бойына көшкен де, Жоңғар шапқыншылығы замандарында Амудария бойына ығысып кеткен. Сөйтіп Арал маңының халқына айналған. Ендеше Қарақалпақтардың түпкі аталары – бір кездегі Оғыз Түркілері.
Туыстығы жағынан қарақалпақтар Түркімендер мен Өзбектерге жақын болуы тиіс еді, алайда далалықта жүріп, Алтын Орда дәуірінде қыпшақтанып кеткен халық. Құрамындағы негізгі рулар қоңыраттар мен маңғыттар, қияттар мен табындар, қаңлылар. Қарақалпақтарды Өзбектерге туыс, өзбекпен бір халық деп түсіндіретін қазіргі Өзбекстанның идеологиясын былай алып тастағанда, оның барлық ескі салт-дәстүрлері тіпті ыстықта құм арасында бастарына киетін қалың қара сеңсең бөріктеріне дейін Түрікмендерге ұқсап тұрады. Қарақалпақтар Өзбектер тәрізді отырықшы және саудагер, егінші және үй-жай тұрғызған халық емес. Бұлар киіз үйлерде тұрған және ежелден мал баққан көшпенді халық. Ата дәстүр ұмытылмайды ғой: қазір Қазақстанға жұмыс іздеп келген өзбектер бірден саудаға және құрылысқа, қамтамасыз ету орындарына (базарлар, шайханалар, асханалар, дүкендер) жүреді. Ал қарақалпақтар қырға қарай шығып, мал бағып, ет сатып табыс табуға шығады. Өзбек шіркінді атқа отырғызсаң, сол бойда тоңқалаң асып құлайтын шығар. Және жылқы мен түйеден «ойбай құсады», «тебеді» және «иісі жаман» деп, айналып алыстан қашып жүретін шығар.
Яғни, қарақалпақтарды бір кездегі 8-10 ғасырларда бұл даланы, Аралды мекен еткен Оғыз хандығының, Қорқыт ата Оғыздарының бір халқы деп түсінуге болады. Оғыздардың мұсылман дінін ерте қабылдаған бөлігі Түрікмендер деп аталып кеткен болса, негізгі орны Еділ бойы мен қазіргі орыс далаларына таман болып, мұсылман дініне сол кезде енбеген бөлігі Қарақалпақтар болып шығады. Тегі Түрікмендерге жақын болғанмен, тілі қазақтарға жақын халық осылай қалыптасқан сыңайлы. Негізі мүмкін Оғыздардың әйгілі Қарақойлы тармағынан шығар. Ал Аққойлы тармағы оңтүстікке ерте кеткен, қазір Түркия мен Әзірбайжанда көп тұрады.
Ал Ноғай мен Қазақтың қандай туыс екенін жоғарыда бір Ноғай халқы туралы жазбаларда ру-тайпаларын салыстыра отырып (Қанжығалы, Сүйіндік, Қаракерей, Ашамайлы, Табын, Шөмекей т.б.) айтқанмын. Руларын осылай түгендеп отырсаң, Ноғайлар мен қазақтардың құрылымы толық сәйкес келеді. «Қазаққа ең жақын халық Ноғайлар» немесе «Ноғайлар деген Қазақтардың бір бөлігі» дейтініміз сондықтан. Кейде Ноғайларды Қазақ пен Татардың арасындағы халық деп те түсінетіндер бар. Мүмкін, алайда Ноғайларды Татардан гөрі Қазаққа ұқсататын бірнеше себептер бар. Біріншіден тарихи ортақтықтығы. Күні кешеге дейін 17 ғасырға дейін бұл екі халық бөлінбеген. Бөлінгенде әйгілі «Ел айырылған» күйі дүниеге келген. Сондықтан Асан қайғы мен Қазтуғанды, Шалкиіз бен Доспамбетті, Әз Жәнібек пен Хақназарды, Қырымның қырық батырын да (тіпті Уақ Ер Қосайға дейін), Жиренше шешен мен Қарашашты – бәрін Ноғайлар еді деп те түсінуге де болады. Олардың әдебиеті-тарихы солай оқытады. Және тарихи тұғыдан келгенде дұрыс оқытады. Екіншіден, Ноғайлар да көшпенді халық, Татарлар сияқты ежелден отырықшы ел емес. Үшіншіден, ру-тайпалық құрылымы да Қазақпен бірдей, мүмкін түркіленген монғол тайпалары (төлеңгіттер мен төрелер, маңғыттар мен қияттар) сәл көбірек болар. Себебі Ноғайлар негізі Алтын Орданың Астаналары орналасқан, Сарай Бату мен Сарайшықты, жалпы Еділ бойын мекен еткен жұрт қой. Ноғайларды көз-көре Татарлармен шатастырып жүрген Орыс жылнамашылары.
Сонымен «Қыпшақ Түркілері» деп тек қана Қазақтар мен Ноғайларды ғана айтуға болады екен. Ал Қазақ даласынан басқа қай жерлерде Қыпшақтар болған. Алдымен Египет қыпшақтары (Мәмлүк қыпшақтар) еске түседі. Мысалы, Түрікмен жерінен құлдыққа сатылған Бейбарысты неге басқа Түркі халықтары иемденбейді. Ол кезде де, Бейбарыс бабамыз ерекше көзге түсетін монғол-татарлардың Шам мен Бағдадқа шабуылдары кезінде де қазақ дейтін халық жоқ еді ғой. Сосын Армян қыпшақтары деген бар. Қыпшақ жазулары сақталған. Алайда бұл Қыпшақтар, Қара татарлармен бірге қазір Түріктердің құрамына сіңіп кеткен. Ресейдің Ноғайлар көтерілісін қырғынмен басуы кезінде оған әйгілі орыс қолбасшысы Суворовтың өзі қатысқан. Дерек бойынша «Татарлардың өлген мүрделері жерленбестен тау-тау болып үйліп жатқан», «бүкіл дала жүрек айнытып қан сасып кеткен», «жинап алып өртей беруден басқа амал қалмаған». Бұл - Қазақтар Жайықтан өтіп бері қашқан, ал Ноғайлар Еділден өтіп әрі қашқан, сөйтіп «Ел айырылған» заманнан кейін болған оқиға. Себебі екі ортаға келіп, Еділ қалмақтары орналасты. Ноғайлар сөйтіп толықтай Ресейге бағынышты болып қалған еді. Аман қалған Ноғайлардың 250 мыңдай жанұясы (мүмкін адамның саны шығар) Кавказдан әрі өтіп, Түркияны паналап қашқан...
Қазір ол Ноғайлардың кейінгі ұрпақтарының саны млн-нан асқан шығар, оқиғаға 200 жылдай болды ғой, дегенмен діні мен тілі де туыс болғандықтан, Түркияның халқына еніп кетті. Түріктердің өздері тарихи тұрғыдан «Сельжүқ Түркілері» деп аталатын топқа жатқызылады, көршілес Әзірбайжандар өздерінің барлық туыстарымен «Иран Түркілері» (Кавказ Түркілері) деп аталатын топқа енеді. Біздің қазақ жағрапиясы да Каспий теңізі дегеннің орнына барлық Шығыс халықтары сияқты «Хазар теңізі» деген атауды қолдануы керек тәрізді. Азербайжандар мен Түріктер Түрікмендермен, Авшарлармен, және Қытайдағы Саларлармен қосылып, енді бұлардың бәрі «Оғыз Түркілері» деп аталады.
Египет және Армян қыпшақтарынан басқа, енді «Венгр қыпшақтары» деген бар. Және Венгр Қыпшақтар деген кімдер өзі. Венгр қыпшақтарын зерттеуші И.Қоңыр Мондопи ағамыздың деректеріне сүйенгелі отырмыз. Өзі Венгр қыпшақтарынан шыққан ғалымның жазуынша, Венгрия жерінде "Улкен-қыпшақ" (өздерінше айтқанда, Нань (Нән дегені)-Кунчак), "Кіші қыпшақ (Киш (Кіші дегені)-Кунчак)" деп аталатын екі аймақта қыпшақтар мекендейді. Бұлардың негізін құраған - баяғы монғол-татар әскерлерінен жеңіліп, Венгрия жеріне қашқан 13 ғасырдағы Қыпшақтардың ұрпақтары. Сонымен бірге қазіргі батыс сібір жерінен Мажарстанға қоныс аударғандар. Венгр қыпшақтарының құрамын ағамыз "тайпалар" және "рулар" деп бөлген екен. Тайпалары мыналар: Тоқсаба, Қоңыр, Уылу, Тархан, Жалайыр, Ұлаш, Байандұр, Бешене, Керей, Тортуыл, Шортан, Таз, Будақ. Ал "Венгр қыпшақтарының" рулары: Құлан, Тағы, Маңғыт, Барлас, Жылан, Қырғыз, Түрікпен, Торыайғыр, Шерік, Болыш, Кетбұқа, Қарағаш, Ерсары, Ербұға, Торта, Тардуш, Мин, Байсын, Телес, Байауыт, Ұзын, Қаңлы, Қатаған, Теке, Ерсін, Садыр, Дорман (дүрмен), Байтур, Кенегес, Ақташы, Тоба (тува), Егдер (ығдыр), Шандыр, Қарақойлы, Есен, Есенбұға, Құманшық, Қаблан, Қарсақ, Шұбақ (Шумақ), Сөйке, Қаба, Еслемес, (естеміс), Құлын, Құлыншақ, Ақбура, Бөриу (беріш), Барқы (барғы, көкшор, отар, алтыүй, апай, апабары, қантемір, қонар) ас (асы), Негер, Наурыз, Жақыр, Арық, Жарық, Еркін, Атқар, Найман, Қырғи, Тұйғын, Тұрымтай, Тұрғын т.б.
Былай қарағанда кімдер жоқ десеңізші: мұның ішінде бәрімізге таныс Қыпшақ-Қазақ рулары (Тоқсаба, Жалайыр, Таз, Ерсары, Садыр, Шумақ, Беріш т.б.) ғана емес, ішінде Оғыз тайпалары да (мысалы, Баяндур, Түрікпен, Теке, Қарақойлы т.б.) жүр, монғол тайпалары да (мысалы, Маңғыт, Барлас, Дүрмен) бар, алтай түркілерінің тайпалары да (Тағы, Жылан, Қырғыз, Қарағаш, Теле, Тоба, Құманшық, Қарағаш т.б.) бар, сонымен қатар қазақта ру не тайпа емес, тек рудың ішіндегі бөлімдері мен тармақтары саналатын аталар да жүр. Ағамыз тайпа-руларды ата бойынша тармақтап көрсетпей, өзінің естіген тайпа, ру, оның ішіндегі бөлімі аттарын бірыңғай қатарға тізіп жаза берген сыңайлы. Сондықтан, оның ішінен біз руымызды және онымен қоса өзінің тайпалық бөлімін, тармақтағы ру атасын тауып алып жатсақ, таңданатыны жоқ. Алайда "Венгрия қыпшақтары" дегені әйтеуір осылар. Алайда «Венгр Қыпшақтары» дегеннің тек қыпшақтар ғана емес екеніне және олардың қазіргі қазақтармен 30 пайыздай туыс екеніне көзіміз жетеді.
Бұдан басқа Өзбек қыпшақтары жөнінде көп айтылды. Енді «Қытай қыпшақтары» деген тағы бар. «Қытай қыпшақтары» деп негізі Білге қағанның халқын айтамыз. Селенга жазуларындағы 50 жыл билік құрған «Түрік қыбчақтар» осылар. Бұл жазбаның оқылуы «Түрік-қыпшақтары болмауы мүмкін. Ол негізі «Түрік, Қыпшақтар» болып оқылуы тиіс еді. Түріктер мен қыпшақтар болып. Әрине Ұйғырлардың өзі Түріктерге де, Қыпшақтарға да жатпайтыны белгілі. Бұл жердегі «Түріктер» деп отырғаны әрине Көне Түркі заманында өзін Түрік деп атаған халық. Ол шағын ғана халық болатын. Ол халық қазір жоқ. Көне Түркі халқының тек бір жұрнағы ол – Ұлы жүздегі Дулаттар ғана. Соған сүйеніп біздің аға ғалымдар кейде «Алпамыс батыр» және «Манас батыр» жырларын - «Қоңыраттардың көне әдеби ескерткіші», ал «Білге қаған» мен «Тоныкөк» жазуларын - «Дулаттардың көне әдеби ескерткіші» деп атаушы еді. Олай атауға тікелей келгенде көп қарсылығым жоқ, Білге қаған Дулат руынан екен деп, немесе Котрак қаған да Дулат руынан екен деп бір дәуірді руларға тели салуға болмайтын шығар. Онда «Қобланды батырды» Қыпшақтардың, ал «Ер Тарғынды» Ноғайлардың, «Қорқыт атаны» Оғыздардың Баяндур руының, «Батыр Баян» жырын Уақтардың ескерткіші деп бөлшектеп алып кетеріміз тағы бар...
Әрине, Дулаттардан басқа Көне Түркілердің тікелей мұрагерлері жоқ. Ал Қыпшақтар бар. Мен «Қытай қыпшақтары» дегенде қазіргі Қытайқыпшақ руын айтып отырғаным жоқ. «Қытай» деп аталатын ру немесе тармақтар көптеген түркі халықтарында кездесіп отырады. Қазақ пен Өзбекте, Қырғызда да бар. Алайда, олардың қазіргі Қытайларға қатысы жоқ. Бұлар - бір кездегі көшпенді Қарақытай империясы халқының ұрпақтары. Бұл тұрғыдан келгенде «Қытай» деп аталған рудың арғы тарихын қаза келгенде Наймандар мен Керейлерге тектік болмаса да, тарихи және аймақтық-мәдени туыс болып қалуы мүмкін. Қидан империясына қарасты болған халықтар ретінде.
Қазақ даласының арғы тарихын қазбағанда да біздің далада алдымен Сақ-сармат дәуірі, одан кейін Ғұн-Қаңлы дәуірі, одан осң Бұлғар дәуірі (немесе Гундер дәуірі), содан кейін Көне Түркі дәуірі, содан соң Оғыз дәуірі, ақыры Қыпшақ дәуірі деп аталған кезеңдердің болғаны шындық. Ал Қазақ хандығы сол Қыпшақ дәуірінің бел баласы. Қазақтардың Түркі басқа халықтарынан жастау болатыны да сондықтан. Қазақ даласына Түркі тілді элементтер б.з.б. 2 ғасырларда ене бастады. Бұл көріністі археологиялық деректер де растайды: Осы кезеңнен бастап, адам қаңқалары арасында енді монғолтұрпатты бас сүйектер пайда бола бастайды. Оған дейін Қазақстан жерін негізінен еуропатұрпатты нәсілділер мекен еткен болатын. Сансыз көп Сақ-скиф тайпалары Қара Теңізден Байкал көліне дейінгі аралықты жайлап, негізінен Тұран тілінде (Көне Иран тілінің бір тармағы) және Угор (Орал тілдерінің бір тармағы) тілінде, сонымен қатар Түркі тілінде, сонымен қатар ішінара Палеоазиат тілдерінде (Азиядағы барлығынан бұрын тұрған ежелгі нәсілдер мен көне халықтардың тілі), ал шығысқа қарай Монғол тілдерінде сөйлеген болатын. Жоғарыда көп дәлелдегеніміздей, «Сақтар – Иран тілінде сөйледі» деген көзқарастан арылу керек.
Бұл аймақты ертеде де, қазір де жалпағынан басып мекен ететін Түркі-Монғол тайпалары аспаннан түскен жоқ. Және қазір де, ежелгі тарихта да Иран тілдес көшпенділер саны көп емес. Сақтар, Азиялық көшпенді тайпалар көптеген тілдерде сөйлеген. Ал Қазақтан тарихы Ғұндардың тарихын қазіргідей б.з.б. 3 ғасырдан Мөде сайыннан бастамауы керек, Қытай жылнамалары Ғұн елінің мемлекеттілігін б.з.б. 18 ғасырдан бастайды, сондықтан Қазақстан тарихы да, Ғұндар мемлекетінің тарихын дәл осы датадан бастауы тиіс. Ғұн халқы мен Ғұн мемлекетінің тарихы қашанда Түркі тілдері мен Түркі халықтарының тарихы болғандықтан, осы датаны барлық Түркі халықтары да, өз тарихтарын жазғанда қабылдауы тиіс болады...
Сондықтан, мойындау керек, Түркі тілдерінің алғашқы көрінісін бұл далаға, қазіргі Алтайдан Атырауға дейінгі Қазақ жеріне бір кезде алғаш рет Ғұндар алып келді. Олар б.з.б. 160 жылдары көршілес Юечжі мемлекетін құлатқаннан кейін, Қазақ даласында тұратын Қаңлы елімен туыстық қатыстар орнатты, Содан Үлкен Ғұндардың Тынық мұхитынан Еділ өзеніне дейін созылған алып империясы орнады. Сондықтан, бұл сәттен бастап, Қазақ даласында Ғұн-Қаңлы дәуірі басталып, даламызда Түркі тілдері және Монғолтекті нәсілдер тарай бастады. Ғұн-Қаңлы дәуірі шамамен 250 жылға созылды. Себебі 90-100 жылдар аралығында Үлкен Ғұндар империясы бөлшектеніп кетті және Монғолия далаларында Қытайлар мен Сәнбилерден жеңіліс тапты. Алайда қазақ даласына Қытайлар да, Сәнбилер де дендеп енген жоқ. Бұл дала жеңілген және бөлшектенген Ғұндардың және жергілікті Үйсіндер мен Қаңлылардың мекеніне айналды.
Қазақстанда енді 2 ғасырдан бастап, 6 ғасырға дейін Кіші Ғұндардың дәуірі басталды. Жайық пен Еділ бойында Еуропалық Гундер орнықты, ал Сарыарқада Қаңлылар мен Гаогюй, Теле тайпалары мен Жетісуда Жетісу Ғұндары тұрды. Бұл кезде болжаммен айтсақ, Қазақ даласында негінен Бұлғар тілдерінде сөйлейтін тайпалар басым болды. Бұлғар тілі деген – Ғұндардың ұрпақтарының, Еділ бойы Гундерінің және Жетісу Ғұндарының тілі. Ал қазіргі жалпақ Түркі халықтарының арғы атасы Гаогюйлер (Арбалылар) болса, қазіргі Оғыз-Қыпшақ тілдерінің бөлінбеген ортақ ежелгі нұсқасын орнықтыра бастады. Сөйтіп, келесі дәуірде Көне Түркі дәуірінде Гундердің Бұлғар тілдерін енді Көне Түркілердің Оғыз-Қыпшақ тілдері ығыстырып шығарды. Көне Түркі дәуірінің империялары - Көне Түркілер және Көк Түркілер мен Түргештердің, Хазарлардың мемлекеттері бір-біріне сабақтасып келген бір халықтық құрылымның елдері еді. Ал Бұлғар тілдері жоғалып кеткен жоқ, олар одан әрі Еуропаға қарай ығып кетті. 6-8 ғасырлар аралығын қамтыған Көне Түркі дәуірі немесе Қазақ даласындағы Ұлы қағандықтар дәуірі аяқталған соң, келесі бір дәуір басталды.
Енді Оғыз тілдері мен Қыпшақ тілдері өзара бөлшектеніп үлгерген еді. Оғыз тілдері батыста Арал бойында, Сарыарқада қалыптасты. Қыпшақ тілдері Алтайда, Монғолия далаларында қалыптасты. Ал Қазақстанның 8-10 ғасырларында келесі кезең өтті. Бұл Оғыз-Қимақ дәуірі. Бұл кезеңде Қазақ даласында Оғыз тілдері басым болды. Ел елдің Оңтүстігінде Оғыз хандығы және Солтүстігінде Қимақ хандығы үстемдік етті. Бұл кезеңнен соң, Қимақтар мен Оғыздарды Қыпшақтар ығыстырып шығарды. Оғыз тілдері жоғалып кткен жоқ – ол тілдің иелері Түрікмен, Азербайжан, Түркия жерлеріне қарай ойысып кетті. Содан 12 ғасырдан басталып, Қыпшақ тілдері үстемдік етті. Одан кейін Шыңғысхан шабуылдары кезінде Қазақстанға келген Монғол тайпалары тым аз болатын да Қыпшақ тілдерін жеңе алған жоқ.
Сөйтіп Қазақ даласы Қыпшақ тілдерінің өлкесі болып қалды, ал Алтын Орданың жері әрқашан да Дешті-Қыпшақ деп аталады. Алтыгн Орданың мемлекеттік тілі Қыпшақ тілі болды. Оның себебі «Монғолдар» деп жүргеніміздің басым бөлігінің өзі осы Монғолия далалары мен Алтайдан келген Қыпшақ тілдес Түркі тайпалары еді. Алғашқы кезеңін Қыпшақ-Керей-Найман дәуірі деп алайық. Себебі бұл үш тайпаның атауымен аталатын қуатты хандықтар Шыңғысхан заманына дейін өмір сүрген. Одан кейінгі дәуірді Алтын Орда-Ақ Орда-Дешті Қыпшақ дәуірі деп алсақ түсінікті болады. Сөйтіп Қыпшақ-Керей-Найман хандықтары дәуірінде қазақ халқының қалыптасуы басталып, Алтын Орда-Ақ Орда-Дешті-Қыпшақ дәуірінде толық аяқталды.
Ұлығ Ұлыстың, яғни Алтын Орданың (Жошы ұлысының) ыдырауымен бірге бұл далада кенеттен үш халық пайда болды. Бұл қандай халықтар еді. Ибн Рузбихан, жазады: «Шыңғысханның иелігіндегі даңқты халық Өзбектер үшке бөлінеді. Олардың біріншісі – Шибаниттер, оның әулеті ескі замандардан бері хандық құрып келеді. Екіншісі – Қазақтар, әлемге өзінің күштілігі м ен батылдығы арқылы даңқы шыққан халық. Үшіншісі - Манғыттар оларға Хажы-Тархан (Астрахань) паишалығы билік етеді». Өзбек деп отырғаны Алтын Орданың ханы Өзбек ханның халқы, яғни Алтын Орданың мұсылман халқы. Шибанидтер деп отырғаны - Көк Орданың халқы. Немесе Өзбек Қыпшақтары. Қазақтар деп отырғаны – Ақ Орданың халқы. Немесе Керей мен Жәнібек хандардың халқы. Ал Маңғыттар деп отырғаны – Ноғайлар.
Алтын Орда ыдырап, Қазақ хандығы пайда болғанда, оның алғашқы құрамында негізін құраған қазақ халқынан басқа аздаған ноғайлар мен татарлар, башқұрттар мен қарарақалпақтар, өзбектер мен түрікмендер болды. Сәл кейінірек қазақ даласында Ежелгі Отаны Енисей мен Алтайдан келген Қырғыздар пайда болды. Алғашқыда олар Талас-Шу өңірін мекен етті де, кейін Тянь-Шан тауларына және Ыстықкөлден әрі қарай ығысып кетті. Сосын, Еділ мен Жайық бойында, кейін Сібірде казактар (казак-орыстар дейміз) пайда болды. Бұл - 1510-1540 жылдар аралығы болатын.
Құдіретті Алтын Орда империясы негізі үш ақ бөліктен тұрды: Ақ Орда, Көк Орда және Ноғай Ордасы. Бұл үшеуі туыс халықтар еді. Алтын Орданың мұрагерлері де осылар болатын, себебі осы үш халық құраған Ордадан басқа Алтын Орда жоқ. Алтын Орда демогрфиясында өз басынан ерекше қырғынды екі рет өткізді: бірі 14 ғасырда Ұлы Даланы жайлаған жұқпалы дерттің – оба ауруының салдары болған еді. Ол кезде соғысқанда, жаулар қарсыласын қалайда жеңу үшін қала ішіне, ел ішіне ауырған адамның не малдың өлігін тастайтын болған еді. Қазіргі бактереологиялық қару сынды өте қауіпті еді бұл. Бұл дерт кең даланы қаңыратып бос тастап кетті, Ал әлемге ықпалын жүргізген Ұлы Империяны күйзелтіп кетті. Алтын Орда құлдырай бастады. Екіншісі – түбінде, сол ғасырларда Алтын Орданы күйретіп тынған Әмір Темірдің (Ақсақ Темірдің) жорықтары еді. Ал Қазақ хандығы заманында ондай қырғын бір рет болды: «Ақтабан шұбырынды» жылдары. Одан бергі тарихтағы тағы бір орны толмас апат – 1932-1933 жылдардағы аштық...
Мысалы, Ұлы Түрік қағандығының құрылғанын қай жыл деп есептеген жөн. Немесе оның мерекесін қашан атап өту керек. Дерек бойынша Бумын қаған хан тағына 542 жылы отырған. Яғни оған алда келе жатқан 2012 жылы - 1470 жыл толады. Бұл барлық Түркі халықтарына ортақ атаулы күн. Ал қазақтың тұңғыш өз мемлекеті Ақ Орда қашан құрылды деп есептеген жөн. Жошыханның баласы Орда Ежен хан тағына 1226 жылы отырған. Ендеше Ақ Орданың құрылғанына келе жатқан 2016 жылы 790 жыл толады. Қазақ хандығы қашан құрылған. Керей мен Жәнібек 1458 жылы үлкен Әбілқайыр ханнан бөлініп көшкен, сол жылы Керей хан сайланған. Ендеше, биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Бұл даталар шыныда да, ғалымдар бір ауыздан мақұлдаған тарихи оқиғалар, яғни анықтың анығы...



 
15.10.2010 12:39