Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154377

Қазақ халқының демографиялық өткені мен болашағы - 1. Қазақстанның қазіргі халықнамалық ахуалы

СОДЕРЖАНИЕ
Қазақ халқының демографиялық өткені мен болашағы
1. Қазақстанның қазіргі халықнамалық ахуалы
2. Дешті-Қыпшақтың халқы деген кімдер еді
3. Қазақстанның халықнамасы соңғы 150 жылда.
ОТКРЫТЬ ПОЛНОСТЬЮ

1. Қазақстанның қазіргі халықнамалық ахуалы

Халықнама деген қашанда ұзақ әңгіме. Оны Қазақстанның қазіргі халықнамалық ахуалын қысқаша талдаудан басайық.

1. Қазақстанның демографиялық ахуалы қиын ба? Бұл ең басты сұрақ. Елдің демографиялық жағдайы нашар деп бірнеше түрлі жағдайда айтады:
А) Елдегі халық саны жыл сайын азайып келе жатқан жағдайда: Қазақстан халқы жыл сайын артып келеді (жылына 200 мың адамға көбейеді, яғни бес жыл сайын 1 млн адам қосылып отырады), мысалы 2030 жылы Қазақстан халқы 20 млн-ға, ал 2050 жылы 25 млн-ға (қазір 15,5 млн) жуықтайды. Бұл - оң көрсеткіш. Мысалы, көрші Ресей халқы жыл сайын азайып келеді (жыл сайын 800 мыңға). Яғни Қазақстанның болашақтағы демографиялық ахуалы жақсы, Ресейдің келешек демографиялық ахуалы нашар.
Ә) Елдегі жергілікті халықтың пайыздық өлшемі азайып бара жатқан жағдайда: бұл өлшемге келсек, Қазақстанда қазақтардың пайыздық өлшемі жыл сайын артып келеді. 2020 жылы Қазақтар Республика халқының 70 пайызынан асса, 2040 жылы қазақтар Республика халқының 80 пайызына жететін болады (қазір 60 пайыз). Бұл да - оң көрсеткіш. Ал Ресейде орыстардың пайыздық көрсеткіші азайып барады. Ондағы мұсылман халықтары (шешендер, дағыстандықтар, татарлар, башқұрттар) өсіп келеді.
Б) Елдегі халықтың өсімі тым жоғары болған жағдайда (мұның себебі ел мәселен Қытай сияқты халық санын шектеуге мәжбүр болады, немесе халықтың жылдық өсімі елдегі экономиканың (ВВП) жылдық өсімнен жоғары болса, ел кедейшілікке бағытталады, яғни экономиканың өсімді халықтың өсімі жұтып қояды да, жан басына шаққандағы ұлттық табыс кеми береді): Қазақстан халқын тез көбейіп келе жатыр деп айтуға келмейді. Бұл да оң көрсеткіш дейік, дегенмен өсім бұдан жоғары болуы керек еді. Сондықтан Қазақстан: біріншіден, елдегі табиғи өсімді қолдауы керек; екіншіден, оралмандарға бөлінетін квотаны арттыра беруі қажет. Үшіншіден көшіп жатқан өзге ұлт өкілдерін жібермеу күш салып, қайта көшіп келіп жатқандарда қолдауы тиіс. Қазір Қазақстан экономикасының жыл сайынғы орташа өсімі 9 пайыз болса, халықтың өсімі 2 пайыз болып отыр.
В) Елдегі халықтың орналасу тығыздығы әр аймақта, әр шекараның маңында әркелкі болған жағдайда: Оңтүстікте халық тығыздау, басқа аймақтарда сиректеу екені болмаса, Қазақстанда бұл көрсеткіш барынша біркелкі. Бұл - оң нәтиже. Алайда халық солтүстік облыстарға қарай жылжуы керек еді, осыны ескергенде, Астананы көшіру демографиялық тұрғыдан оң шешім болды. Мысалы, Ресейде Сібір мен Қиыр Шығыста халық өте аз сирек қоныстанған, былайша айтқанда сібірлік қалың орманды алқаптар бос жатыр және ол аймаққа Қытай елінен қоныс аударушылар таяу болашақта қауіп төндіріп отыр. Ұлттық қауіпсіздікке қатер.

Г) Елдегі халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы тым төмен болғанда және халықтың орта жасы тым кәрі болғанда. Қазақстандағы адамның орташа өмір ұзақтығы өте төмен (әлемде 122 орын). Бұл - оң нәтиже емес. Алайда таяу болашақта әл-ауқаты жақсаруға байланысты арта береді деген үміт бар. Халықтың орта жасы шамамен 23 жаста. Бұл - оң нәтиже. Ал Ресей қартайып бара жатқан ел. Халықтың орта жасы 23-те деген нені білдіреді. Бұл біріншіден жас халық дегенді білдіреді, екіншіден ол әлі өсетін халық дегенді білдіреді және ғаламдық өзгерістерді тез қабылдайды дегенді көрсетеді. Қазақ - еліктегіш халық. Бұл оның осы жастығынан. Ертең бір 200-300 жылдан кейін қазақтың орта жасы қырыққа тақалғанда, бұл еліктегіштіктен арылады. Халықтың жас кезінде оның өнері дамиды. Шынында да Қазақстанның (шағын ғана ел болғанмен, 15 млн деген бір ірі қаланың халқы ғой) өнер және спорт саңлақтары әлемге белгілі. Ал халық есейген кезде (мысалы Жапония, Ресей, Германия тәрізді) ғылым дамитын болады. Сонда қазіргі ең басты мәселе халықтың орташа өмір сүру ұзақтығының тым төмен болуы. Яғни Қазақстан халқында денсаулық жоқ.

Ғ) Қала халқының саны мен ауыл халқының санында немесе жұмысшылар мен шаруалардың саны арасында айырма болған жағдайда. Елде ауыл халқы неғұрлым басым болған сайын ол аграрлы ел болады, ал қала халқы басым болған сайын индустриалды ел бола бастайды. Қазақтсанда қашанда ауыл халқы басым болып келген еді, алайда соңғы жылдары ауылдан қалаға қарай ағылып көшу басталып кетті. Алайда қалаларға орналасушылар алдымен баспана мәселесіне тап болып қиын күрмеуден шыға алмай отыр. Сонымен қатар қала халқының үлес салмағының артуы және қазіргі жаңару үрдістері өзінше бірнеше мәселелерді алып келеді. Нашақорлық, араққұмарлық, жезөкшелік, қылмыстық топтардың пайда болуы, діни бұрма секталардың, миссионерлердің ықпалының артуы, СПИД дертінің таралуы, елде ұлдардың қыз балалар санынан аз болуы, тұрмыс құрмағандардың және үйленбеген сүрбойдақтардың көбеюі, тірі жетім сәбилердің және түсік жасатудың, сонымен қатар қараусыз қалған қарттардың саны көбеюі – бұның бәрі халықнамалық тұрғыдан тым ұнамсыз мәселелерге жатады. Қазақстанда оның себебі тәрбие ісінің нашарлауынан және батыстық өмір салтына еліктеуден және «құдайсыздықтан» туындаған еді. Бұл бағытта енді Қазақстан жастарының, кейінгі ұрпақтың жағымсыз әдеттерге бой ұруы соңғы жылдарда біртіндеп азайып келе жатқандығы туралы айтуға болады. Оған себеп - біртіндеп болса да әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, ұлттық идеологияның қарқын алуы және адамгершілік пен имандылық бастауларының елшісі болып табылатын Ислам діні ықпалының жастар арасында кеңінен тарауы. Бұл үш жағымды факторды әрқашан қолдап отыру керек.

Тағы да басқа көптеген өлшемдер бар,соның ішіндебастысы халықтың қартаюы, яғни жастарға қарағанда қарттардың саны көп болуы. Мысалы, Италия мен Жапония әюден қартайған халық. Қарттар тым көп, ерескетер одан аздау, ал балалар тіпті аз. Кері кету деген осы. Халық әрқашан жасарып отыруы үшін жас сәбилердің дүниеге келу саны ешқашан кемімеуі керек және жастар мезгілінен кешікпей үйленуі тиіс. Ал қазақтар жас халық. Бұл да жағымды көрсеткіш. Осы негізгі көрсеткіштер бойынша Қазақстанның демографиялық жағдайы (Ресеймен, Украинамен, Италиямен, Жапониямен т.б. салыстырғанда) жақсы деп айтуға болады.

Көпшілікті Қазақстандағы халық санының өсуі алаңдататын тәрізді. Шыныда да ол төмендеу, егер оралмандар үлес қоспағанда, шынында да жергілікті халықтың өзіндік табиғи өсімі төмен еді. Оны қаржылай қолдау керектігі айтылады. Мәселе тікелей қаржыда емес әрине, Ресейде 2007 жылдан бастап, жаңа туған әр балаға 10 мың доллар салу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім бұл елдегі халық санын көбейтпейді, көбейер болса, ай сайын табатын табысы сол 10 мың доллар болатын Батыс Еуропа елдері көбейер еді, керісінше кедей Африка елдері көбейіп отыр. Италия, Франция, Германия халқы жыл сайын азайып келе жатқандықтан, миграция есебінен (қара нәсілділердің есебінен) ғана сақталып отыр. Ал Қазақстандағы жағдай мүлде басқаша: халықтың өсіміне кедергі болып отырған ең бірінші мәселе - ана мен баланың денсаулығы, екіншіден - баспана мәселесі. Үшіншіден - менталитеттегі өзгеріс (үйленбей, тұрмысқа шықпай жүріп алу, бала санын біреумен шектеу, оны "бейнет" санау, ажырасудың көптігі) – бұлар мұсылманға және қазаққа жат нәрселер).
2. Қазақстанның демографиясындағы оң көрсеткіштерге тоқталған едік, енді теріс (қауіпті) көрсеткіштерді анықтайық:

А) Халықтың демографиялық жағдайы қиын деп айтады, егерде сол халықтың көп пайыздық мөлшері өз ана тілін білмейтін болса және қолдайтын мемлекеті жоқ болса. Себебі тілі жоғалған халық өзі де жоғалады. Қазір Қазақстанның өз мемлекеті бар. Қазақ тілі Заң жүзінде қолдау тауып отыр делік. Алайда Қазақстандағы қазақтың 30 пайызы (3 млн-ға жуық адам) өз ана тілін білмейді. 250 жылдан аса уақыт отаршылдықта болған халық үшін түсінуге болатын көрсеткіштер болғанымен, бұл әрине оң нәтиже емес. Соңғы 15 жылда бұл жағдай ептеп түзеліп келеді деп есептейік. Сонда да қазақ тілін меңгерушілер санының көңіл-көншітерлік жағдайда емес екені ең көкейкесті және қиын күйінде қалып отыр.

Б) Демографиялық жағдай қиын деп айтылады, егер сол халықтың көп бөлігі шет елдерге бытырап кеткен болса және олар басқа халықтарға сіңіп азайып бара жатқан болса. Қазақстанда 9 млн қазақ тұрады, шетелдерде шамамен 4,3 млн қазақ тұрады. Бұдан шығатын қорытынды - елдегі қазақтың тең жартысындайы өзінің тарихи Отанынан шетелдерде тұрады. Бұл - оң көрсеткіш емес. Жер шарына тарыдай шашырап кетуіміздің және шекара бөлгенде арғы жақта қалып, көрші ауылдағылардың бірі шетелдік болып шыға келуіміздің де тарихи себептері бар. Алайда әлемде тек өз қандастарын арнайы квотамен жинап отырған жалғыз-ақ ел бар (жасанды мемлекет - Израильді қоспағанда): Ол - Қазақстан.

Енді басқа ұлттардың құрамына сіңіп жоғалу қазіргі кезде орыстану, қытайлану, өзбектену және түріктену мәселелерімен, сол елдегі қазақтардың қазіргі жайымен байланысты. Ал еуропалық қазақтардың кейінгі ұрпағы - жастары ("Үшінші буын" деген атаумен белгілі) қазақ тілінен де, рухы мен дәстүрінен де (қазақшылықтан) ажырап барады. Бұл теріс - көрсеткіш. Бұл - алаң туғызарлық жай. Мемлекеттік және мемлекетаралық дәрежеде осы екі мәселеге көңіл бөлінуі тиіс. Қазақстан оны қазір шетелдік қазақтарды жинау арқылы және шетелдегі қазақтарды мәдени қолдау арқылы шешуге ұмтылып отыр. Алайда шынын айту керек, ол елдерде қазақ мектебі болмағасын-ақ, қазақтардың өз мәдениетін жоғалта бастауы орын ала береді. Ол алдымен жастарды шарпитын болады.

Шет елдерде Қазақтар көптеп қоныстанған аймақтарпайда болды. Оған негізгі кінә - шекаралар. Ресей қазақтары қазір 700 мыңдай, негізінен орыстілді, Астрахань, Орынбор, Омбы және Алтай республикаларында тұрады. Қазақстанға квотаны пайдаланбай, елге келмей отыр. Себебі Ресейде өмір сүру деңгейі Қазақстанға қарағанда әрқашан жоғары, және ол Ресей дамыған елдердің қатарына жататындықтан, алдағы уақытта да жоғары болып қала береді. Бұл қазақтардың орыс халқының құрамына сіңу қаупі бар. Негізі бұлардың көпшілігінің төлқұжаты ғана қазақ. Ресей Қазақстанғмен шекараны кезінде қалай бөлді. Қай жерде қандай халықтың саны басым болса, шекара сызығы сол жерді сол мемлекетке тастап кетіп отыратын. Егер шекараны бөлу қыста жүргізілсе, онда бұл аймақтарда орыстар басым болатын, себебі қазақтар жазда жайлауларына Сыр бойына, оңтүстікке көшіп кететін. Ал Орыс-Қазақ шекарасын жазда бөлгенде, бұл жақтарда әрқашан жайлауға көшкен қазақтардың саны басым болатын. Оңтүстікте керісінше, мысалы Сыр бойы мен Ташкент маңында қыста қазақтар өзбектерден бірнеше есе басым болатын, ал Қазақ-Өзбек шекарасын жазда бөлгенде, онда әрқашан өзбектер басым болып шығады, себебі қазақтар жазда Солтүстіккее Арқа мен Көкшетауға, Орал тауларына, Батыс Сібір мен Ертіс бойына қарай ойысып жайлауға көшіп кететін. Ал жасанған жайлаулар күз түсіп, «ел кеткен соң құлазып қалатын».

Сондықтан, шекара сызығы Өзбек пен Орыс тәрізді ортырықшы халық үшін дұрыс болғанмен, Қазақ пен башқұрт сияқты көшпенді халықтар үшін тым әділетсіз тәртіппен бөлінді. Сөйтіп қазақтардың жайлаулары мен қыстаулары басқа мемлекеттеге қарасты болып шыға келді. Бұның айқын тарихи дерегі бар – Қазақстанның астанасы болып жарияланған Ташкент қаласының 1920 жылдары қолдан қолға өтуінің себебі қызық. Бір санағанда, қыста қала мен қала төңірегінде қазақтар басым болған, кейін тағы бір санағанда, яғни жазда Өзбектер басым болған. Ал екінші астана Орынбордың да қолдан қолға кетуі де осыған тым ұқсас, Орынбор төңірегінде бір санағанда, қыста Орыстар басым болған, ал жаз айларында санағанда Қазақтар басым болған. Әрине, қызық. Алайда, Ресей мен Өзбектер арасындағы қазіргі шекара осылай пайда болды. Ал Қытай мен арадағы қазіргі шекараның тағдырын бір кездерде Қазақстансыз-ақ Ресей мен Қытай ипериялары өздері шешті. Ол кезде қазақтың мүддесі мүлде ескерілген жоқ.

Енді Қазақстанның ішіндегі халықнамалық ахуалға тоқталайық:

- Қазақстандағы халық саны 15 млн 546,5 мың адам. Оның 60,1 пайызы, яғни 9 млн 254, 6 мыңы қазақтар. Ал 25,5 пайызы орыстар, яғни 3 млн 940 мың. Қалған 14,4 пайызын өзге ұлттар құрайды. Олардың ішінде ірілері украиндар (435 мың), өзбектер (460 мың), татарлар (229 мың), ұйғырлар (235 мың), немістер (222 мың), белорустар (101 мың), әзірбайжандар (98 мың), кәрістер (97 мың) және курдтар мен шешендер.
- Табиғи өсім бойынша (көшіп келу мен көшіп кетуді шығарып тастағанда) ең тез көбейіп келе жатқан халықтар: өзбектер, күрділер, ұйғырлар (өсім коэффициенті: +10 пайыздан жоғары). Ең тез азайып бара жатқан халықтар: украиндар және белорустар (өсім кф-і: -10 пайыздан төмен).
- Қазақстанда пайыздық көрсеткіш бойынша қазақтар ең басым облыстар: Қызылорда обл - 97 пайызы қазақтар; Атырау обл - 92 пайызы қазақтар. Сондай-ақ Оңт. Қазақстан обл - 90 пайыз; Маңқыстау обл - 85 пайыз және Алматы обл - 75, Ақтөбе обл - 78, Жамбыл обл - 75 пайызы қазақтар. Бұл көрсетілген жеті облысты «қазақ облыстары» деп атаймыз.

- Қазақтардың пайыздық көрсеткіші Шығыс. Қазақстан обл-нда - 50; Ақмола, Қарағанды, Павлодар обл-рында 40-42 пайыз аралығында, болса, бұл 4 облысты «аралас облыстар» дейміз. Ал қазақтар ең аз тұратын Солт. Қазақстан және Қостанай облыстарында 30-32 пайыз аралығында қазақтар тұрады. Бұл екі облысты «орыстілді облыстар» дейміз. Ал екі астанамызда, Алматы және Астана қалаларында - қазақтар шамамен (оны дәл айту қиындау, себебі бұл қалалар тез өсіп келеді және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген оқушы, студент жастар тез ауысып отырады) тиісінше 49 және 47 пайыз қазақтардан құралады. Немесе Астаналарымызда халықтың тең жартысын қазақтар құрайды деген қорытынды шығаруға болады. Және шындығында бұл екі қалада да, қазақтар жас екенін, ал орыстыілділер қарт екенін айтуға болады. Әсіресе, Астана – халқының құрамы бойынша жастар қаласы. Көшеге шыққан адам негізінен жастарды, жас жанұяларды және жас бөбектерді көреді. Көреді де, көңіліне қуаныш ұялайды...

Болашаққа келсек, Демографияның демеуші желі Қазақ тілі және қазақтар жағынан соғып тұр. 2018-1019 жылдары елдегі қазақтардың саны 70 пайызға жетеді. Оған себеп – соңғы жылдары бала табу деңгейі де өсіп келеді, елге келетін оралмандар саны да артты. 2012-2015 жылдар аралығында елдегі бала табу саны өзінің шарықтау шегіне жетеді. Және ондай жоғары және тым тез өсім, 21 ғасырда бұдан кейін қайталанбайды. Сөйтіп біртіндеп орыстар мен орыстілді қазақтар бала таппағандықтан және қарт ұлт болғандықтан, азая береді де, қазақтар мен қазақтілділер жас халық болғандықтан, көбейе түседі. Сөйтіп ғасырымыздың орташенінде елдегі қазақтар мен қазақтілділердің (қазақстандық өзбектер мен қырғыздар, қарақалпақтар мен азербайжандар) жиынтық пайызы 80-ге дейін көтеріледі. Егер елдегі халықтың 80 пайызы қазақтілді болса, ол кезде біршама мәселелер, соның ішінде қазақ тілі мәселесі және ұлттық қауіпсіздік мәселесі көп ретте өздігінен-ақ оң шешімін табар еді. Басты мәселе – мектеп бітірушілер және оқуға түсушілер орыс тілінен емтихан тапсырады дегенді жою керек. Бұл қазақ тіліне қарсы жасалған қиянат – себебі, егер олай болса, орыс тілінен емтихан тапсырулар қала берсе, енді жаңа ғана қазақ мектептеріне ауысып келе жатқанда, қазақтардың өздері балаларын қайтадан орыс мектебіне бере бастайтын болады...

- Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің пайыздық көрсеткіші тиісінше 45 де 55, ал жиырма бес жастан асқаннан кейін, үйлену/тұрмыс құру жасында бұл көрсеткіш 43 де 57 құрайды. Әрбір ересек 43 еркекке 57 әйелден келеді. Бұндай жағдай негізі Ресей мен Белоруссияда да бар еді. Алайда Ресейде 145 млн халық болғасын, тым көпшіліктің арасы болғасын және Ресейдегі жанұяға деген көзқарастың Қазақстанға қарағанда басқашалау болуына байланысты - адамдардың күнделікті тұрмыстық деңгейде анық байқалатындай болған жоқ. Ал Белоруссия аймағы шағын ел болғасын, білінбей кетті. Қазақстанда күнделікті тіршіліктен де байқалды: кәрі қыздар және жалғызбасты Аналар тым көбейіп кетті...

Оның басты себебі - Қазақстандағы жер көлемінің кеңдігі және халық саны (қазақтар небәрі - 7-8 млн болды) аз болғасын осы мәселе тікелей алдан шықты. Бұл жағдай Үкіметіміз Ана мен Баланың және Халықтың денсаулығына сәл көңіл аударса (назар аударып та жатыр) және урбандалу шапшаңырақ жүрсе, сосын жігіттеріміз зиянды әдеттерден аулақтау болса, енді бір 15-20 жылдан кейін түзеліп кетеді, бұл деген уақытша демографиялық дағдарыс қой...
Оның шешімі - Жігіттер білім алуы керек - оқыған қыздар көп те, оқыған Жігіттер аз. Ер балаларын біздің халық оқытпайды, ал қыздарын жаппай оқытады. Сосын оқымаған Жігітке, сөзі мен түсінігі үйлеспегесін қыздардың барғысы келмейді. Жігіттер қалаға қарай келуі керек - ауылда Жігіттер көп те, Қыздар аз. Қыздарымыз ауылға барғысы келмейді. Зиянды әдеттерден қашық жүру керек - Ондай Жігіттерге Қыздар қарағысы да келмейді. Дәрігерлік қамсыздандырудың сапасын арттыру арқылы жаңа туған сәбилердің шетінеп кетуін азайту керек - негізі туған кезде ер балалар саны, қыздарға қарағанда көптеу болады. Осылай-осылай кете береді де - солар орындалса, бұл мәселе (Жігіттердің аз, қыздардың көп болуы) кейін өздігінен шешіліп те кетеді...

Қазақтардың басқа ұлттармен некелесуі қазір онша қауіпті деңгейде болып тұрған жоқ. Соңғы жылдары Түріктермен некелесу саны артып келеді. Қазақстанда негізі Түрік жігіттері ғой, сондықтан қыздардың бұл халыққа тұрмысқа шығу пайызы жоғары. Шетелдерден келетін өзге ұлт өкілдерінің қауіпі бар. Себебі Қазақстанға жыл сайын жұмыс іздеп 4 млн-дай шетелдік жұмыс жасайды. Шетелдік компаниялар басым және Өзбекстан мен Қырғызстаннан көптеген халық келіп, нәпақа табады. Бұның өзі жұмыс күші жетіспейтін Қазақстан үшін пайдалы болғанмен, кейбір ұнамсыз жақтары бар: әлеуметтік шиеленіс те, қылмыс жасау да, есірткі тасымалы, көптеген ұсақ заңсыздықтар да жаз айларында артады.

Қазақ халқының қазіргі қысқаша халықнамалық ахуалы осындай. Енді келесі тарауда халқымыздың әдеттегі өзіне тән сандық мөлшері қалай қалыптасқанын білу үшін өткенімізге үңілетін боламыз. Себебі қазақты қанша дегенмен, шағын халық де атауға келмейді. Және ол, мысалы, 16-17 ғасырларда аймақтағы ірі халықтардың бірі болатын. Тіпті 20 ғасырдың басында да Қазақтар саны көп халықтардың қатарында болғанын екенін білеміз. Мысалы, Қырғыздар мен Түрікмендер аз халықтар болды, Кавказдағы және Алтайдағы ондаған Түркі халықтары тіпті одан да аз болды. Ал, жоғарыда айтқандай "Бұл қазақтың санына жете алмассың" деп Қалмақтар айтатындай Қазақтар сонша көп халық болып қалай қалыптасты, неліктен ол басында-ақ, Қазақ Ордасы құрылған ғасырлардан-ақ бірден көп халық болды.
Дешті қыпшақтың жалпақ даласын кесіп өткен саяхатшы Марко Поло саяхатшы бұл даланың кеңдігіне де, ондағы мал баққан көшпенді халықтың сонша көптігіне таң қалған еді. Ал саяхатшы Вамбери одан кейіндеу Қазақ Хандығының даласы мен халқы жөнінде жазады: «Қазақтың санына жету үшін даладағы құмды санау керек» деп. Ол кездерде жалпы әлемде халық саны аз болатын, сондықтан қазақ халқы ол кезде 18 ғасырда әлемде саны жөнінен дүниедегі халықтар арасында 40-орында тұрған еді дейтін мәліметтер де бар. Енді Қазақтар көп халық болып қалай қалыптасты...



 
15.10.2010 12:39