Алаш идеологиясын қалыптастырушылардың бірі М.Дулатовтың қоғамдық саяси қызметі қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтармен тығыз байланысты. Қазақтың зиялы қауым өкілдері сол қоғамның ең өзекті мәселесі отaрлық езгіге қарсы ұлттың санасын оятып, оны қалыптастыру жолында өздерінің шығармашылық қызметтерімен де алға шығып, қалың қазақ халқын соңдарынан ілестіре білді. Қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты, сана-сезімді ояту мақсатында, халықтың көзін ашу жолында аянбай күресті. М.Дулатовтың алғашқы үкімет саясатын сынай жазған мақаласы “Біздің мақсатымыз” деген атпен 1907 жылы “Серке” газетінде басылып шығарылды. 1909 жылы Петербургте қазақ халқының көзін ашуға аттанып “Оян, қазақ!” деген кітабын жариялайды. Бірінші басылым 1909 жылы Уфада шығып, 1911 жылы Орынборда екінші рет басылып шығады. Бұл қазақ әдебиетінің тарихындағы ең көп қудаланған шығарманың бірі еді.
“Оян, қазақ!” кітабына енген өлеңдердің атына назар аударсақ: “Қазақ жерлері”, “Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі”, “Қазақ халқының бұрынғы мәғишаты”, “Өнерменен хасыл болған нәрселер”, “Сайлаулар хақында”, “Мешіт”, “Медресе хақында”, “Қазақ халқына діни бір уағыз”, “Жастарға”, “Терме”, “Таршылық халіміз хақында аз мұнажат”, “Жігіттер”, “Сөз ақыры”, т.б. Негізінен, “қазақ”, “жер”, “өнер”, “дін”, “насихат” деген сөздерге ерекше салмақ берілгені анық көрінеді. Кітаптың алғашқы жолдарын оқып қарасақ:
Міржақып, неге отырсың қалам тартпай, Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай. Шаманды кәдәри хал көрсетсеңші, Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай.
Автордың биік идеялық мақсаты, басты рухани нысанасы өлең жолдарындағы “оян” сөзі болатын. Қазақ-қалмақ, қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихына шолу жасап, Ресейге бодан болғанының, кіріптарлық, қорлық тіршіліктің аянышты суреттерін осы өлең жолдарымен бейнелейді: Аяқ асты болып қазақ қалды ғой, Құр әншейін рухы қалып, жан кетіп. Шаһбазлар басшы болған мілләтқа, Аяғына қан түсті ғой, мән кетіп...
Алаш деп ұран салып, “оян” деп шырылдайды ақын атамыз, философиялық-публицистикалық ойлар айтады. Міржақыптың терең жан күйзелісін, рухани бұлқынысын, ақындық қуатын көрсететін бір топ философиялық-лирикалық өлеңдері бар. Осы туындылардан елім, халқым, қазағым, алашым деп, азаттық деп аһ ұрған азаматтық жүрек лүпілін сеземіз.
Қорытындылай келгенде, әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер қайраткер М.Дулатовтың өмірлік мақсатының биік нысанасы – туған халқының бостандығы, өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы. Ол қуғын-сүргін көріп, түрме азабын тартып жүрген азапты күндердің өзінде де, ақтық демі біткенше бұл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақ буындарын “Алаш” деп ұран салып, келешек үшін арыстанша алысқан М.Дулатовпен бауырындай етіп табыстыратын, айналып келгенде, осы мәңгілік жасайтын асыл қасиеттер.
А.Байтұрсынов сияқты алаш ардагерінің асыл еңбектерін көздің қарашығындай етіп сақтап келе жатыр. А.Байтұрсынов Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Алаш қайреткерлері жасаған ұлы ұлтшылдық дәуірде өзге ұлттан кек алу еді. А.Байтұрсынов ұйқтап жатқан елді оятар ма деп “Масасын” ұшырған болатын.