С.Торайғыров (1893-1920) ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі.
“Қамар сұлу” романы – С.Торайғыров шығармашылығының жаңа сапаға өткелі тұрғанын, көркемдік-идеялық ізденістерін анық көрсететін шығарма. Онда қаламгердің қазақ қоғамы алдындағы кеселдерді әшкерелеумен қатар, оны жан-жақты бейнелеуге күш салғаны аңғарылады. Осы үшін ол жаңа формаға, күрделі жанрға барады. 1913-1914 жылдар роман жанрының қоғамдық санадағы орны, қызметі туралы әңгімелердің қозғалған шағы.
“Қамар сұлу” романына келгенде, көркем прозада С.Торайғыровтың біраз тәжірибесі бар. “Зарландым” (1912), “Ауырмай есімнен жаңылдым” (1913), “Қазақ ішінде оқыту жайы” (1913), “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан” (1913), “Өлең мен айтушылары” (1913) т.б. шығармалар жазушы қаламының көркем прозада да қарымды екенін аңғартты. Қаламгер орыс прозасының небір үлгілерін, М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романын жақсы білген.
“Қамар сұлу” С.Торайғыров шығармашылығындағы алғашқы көлемді шығармалардың бірі. Оның поэмалары кейін жазылған. Сондықтан да күрделі жаңа жанрдағы бұл романның қаламгер шығармашылығындағы алатын орны да ерекше. Романнан С.Торайғыровтың таланты, дүниетанымы, саяси-әлеуметтік идеялары айқын көрінеді. Бұл роман да өмірде болған уақиғалар негізінде жазылған. Шығарма фабуласын Алтай елінде болған кездерінде ел аузынан алған.С.Торайғыров қазақ қоғамы ілгері дамуына кесел болып отырған кемшіліктердің ірісі ретінде тамақ үшін бәріне көніп, сұмдыққа көз жұмып отырған надан, көнбіс көпшілікті көрсетеді. “Қамар сұлу” романының көркем мазмұнында бадырайып көрініп тұрған дидактика, тәрбиелік мән жоқ. Сюжетті пайдалану тәсілдерінде де ерекшелік мол.
Суреттеуге, әңгімеге, суретті диалогтерге барып отырғанмен мақсат фабуланы жеткізуде. Уақиға мен уақытты да мейлінше тығыздай баяндайды. Суреттеуден гөрі уақиға желісін, оның себеп салдарын көрсету басым.С.Торайғыров өз романдарының арқауы ретінде ақылды, сезімтал жандардың трагедиялық тағдырын алады. Оның бас қаһармандары тұлғалық деңгейге дейін даралана көрсетіледі. Ертеңін ойлаудан гөрі өткенді сақтауды тәуір көрген әлеуметтік топтардың бүр жара бастаған жаңалықтарымен қарым-қатынасы, қақтығысы, күрес жан-жақты суреттеледі. Мақсат мүдделері, ой, сезімдері көрсетіледі. Бірде жаңалықтарды жеңіп, жастарды трагедияға душар қылса, екіншісінде, өздерінің қаусаған сипаттарын сезеді, рухани жеңіліс табады.
Әлеуметтік тұрмыс пен қоғамдық өмірге, салт-санаға ене бастаған жаңалық, күрес идеяларын талдау – С.Торайғыров үшін басты мақсат. Оның ұлттық ерекшеліктері де осы күрес үстінде ашылады. Мысалы, сүймеген адамына ұзатылып, зар жылаған қыздың тойындағы сый-сияпат пен ет аңдыған адамдар бейнесі – қаламгер шығармашылығында өзіндік бояуға ие. Олар үшін нақты жағдайда адам қайғысынан гөрі той сияпаты, қызығы қажеттірек. Жылау мен адам трагедиясы – олар үшін күнделікті уақиға. Оны көп көрген, тойған, көнеген. Солай болған, бола бекрмек деп ойлайды. Оны өзгерту керек-ау деп ойланып жатқан да олар жоқ, жолсыздық, заңсыздық-өмір заңы. С.Торайғыров осы пәлсапаға қарсы қадала жазады. Трагедияның содан екенін айтады, енжарлық пен көнбістіктің, надандықтың сұрықсыз сипатын бейнелейді.
Қыз бала малды, дәулетті шалға тиюге, байға баруға тиісті. Ол жылайды да көнеді. Ата-бабамыз сөйткен. Одан өзге жол жоқ. Көпшілік психологиясы, пікірі осы. “Қамар сұлу” романында ата баба жолына көнбей күреске көтерілген қыз характері, тағдыры бейнелейді. Қамар көптің бірі, надан, кедей қызы емес. Текті атаның бетінен қақпай өсірген ерке қызы, есті, әдепті қыз. Ата-ана алдына шығып, елдің салтын бұзсам деген ойында да жоқ. Осы жолда сүйгені Ахметке де тоқтау айтады. Қосылуға мүмкіндік болмаса әуре болу, сөзге қалу, түсу мүлде қажет емес дейді.
Алайда, тағдырына Жорға Нұрымның араласуы есті қыз жан дүниесіне, санасына төңкеріс әкеледі. Қамар өзінің хұқының жоқтығын көреді. Салт-сана, әдеп туралы сенімі шайқалады. Ашынады, қарсылық білдіреді, күреске шығады. Бұл күрес бірте-бірте ұлғайып, өз басынан асып қазақ қыздары проблемасын қозғайды. Қаламгер осы көркем мазмұнға әкелетін сюжет, фабула таңдайды.