Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли – ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан-жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне, болашақ ұрпақтың ұлттық рухын қалыптастыруда зор еңбек сіңірген ақын. Қазақ поэзиясының дамуына көп еңбек сіңіріп, зор көркемдік үлес қосқан Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығы әдебиетші мен оқырман тарапынан жоғары бағаланып, ыстық ықыласқа бөленіп келеді. Ақын поэзиясына лайықты бағасын берген академик Зейнолла Қабдолов: «Қадыр Мырзалиев – сөздің сәйгүлігі, ойдың орманы. Ол жеке бастың дара мұңынан бастап, қым-қиғаш халықаралық қайшылықтарға шейін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады», – деп ақынның өзіндік бет-бейнесін, шығармашылық келбетін дәл айқындап береді. Қазақ халқының өмірін көркем бейнелеген ақынның поэзиясы қай кезде де мәнді, өміршең. Қадыр Мырза-Әли – қазақ поэзиясында ұлт рухын қалыптастыру жолында еңбек еткен ақын. Ақын поэзиясынсыз қазақ әдебиетін көз алдымызға елестете алмаймыз десек те болады. «Әдебиет ұлттық болу керек» деп түсінген ақынның әрбір өлеңінен қазақ халқының жаны мен болмысы көрініс алып жатады. «Қадыр Мырза Әли ұлт тарихын, мінез-құлқын, ойлы көзбен өлшеп суреттейді. Онда терең идеялық мағына бар»,– дейді Қадыр поэзиясы туралы академик С.Қирабаев. Ақын Аманхан Әлім болса, ұлт ақыны туралы: «Ол қазақ поэзиясы арқылы алып Қазақстанның, оның ішінде ұлтымыздың тұтастай понорамасын жасаған тұлға. Оның поэзиясы бізді поэтикалық өнердің заңдылығы мен ерік еркіндігіндегі сезім мен ойдың уақыты мен кеңістігін, биіктігі мен тереңдігін асқан жауапкершілікпен сезіндіріп, білдіретін ерекше құбылыс. Қадекең поэзиясынсыз толыққанды ұлттық қазақ поэзиясын көз алдымызға келтіру қиын. Ол – аксиома. Оның бүкіл шығармашылық ғұмыры тұтас бір ұлттың тарихы, сол ұлт өмір сүрген қоғам, заман, уақыттың барометрі», – деп ақын поэзиясын ұлт табиғатынан бөліп алудың мүмкін еместігін тауып айтады.Иә, расымен ол жанар тостағанына ілінбегенді көріп, көңілге тимегенді сезе білмеген ақын. Оны ақын өзінің өлеңінде де: Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ, Жап-жақсы жырды кейде біз түзеумен жүрміз бұзып ап. Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ, Біреуді сынап адам ғып, мақтаумен жүрміз бұзып ап. Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ, Жүйкеге бола дәрі ішіп, бауырды жүрміз бұзып ап.
Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ, Аштықпен емдеп ауруды, тоқтықпен жүрміз бұзып ап. Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ!.. — деп жырлайды. Жаратылысы жұмбақ әлемнің қыр-сырына өлеңмен үңіліп, шешімін шабытынан іздейді. Қадыр ақын үнемі адам бойынан ізгілікті, жақсылықты жарқын сипаттарды іздеп табуға ұмтылады. Адам басындағы сол ұнамды қасиеттерді биік шабытпен жырлайды. Оның өлеңдерінен ақынның адамға деген шынайы сүйіспеншілігі, махаббаты жарқырап көзге түсіп отырады. Еңбек — адамдарды, халықты өсіретін, алдына қойған арман — мұратына жеткізетін құдірет күш екенін Қадыр ақын шығармашылығында жеткізе айтқан. «Оянған өлке» атты өлеңінде ол келіп, еңбек арқылы жеткен ұлан-ғайыр тарихи табыстарын көркемдік бейнеге түсірген. Адамды ардақтап, көкке көтере жырлаумен қатар, Қадыр ақын оның бойында бар кемшіліктерді де көре біледі. Адамдарда жиі-жиі ұшырайтын ашқарақтықты, тойымсыздықты, қанағатсыздықты, ақша қуып байлықты арман ететін дүниеқорлықты ақын өткір жыр тәсілімен түйреп отырады.Қадыр ақын — өзіне дейінгі аса ірі ақындардай, сөздері мірдің оғындай жыр дүлділі. Оның жоғарыда айтылғандай, көп шығармалардың ішінде қанатты сөздер, афоризмдері де жиі ұшырайды. Қадыр Мырза Әли — ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан -жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне зор еңбек сіңірген үлкен ақын. Оның өлеңдері ешқашан, Абай айтқандай, бөтен сөзбен былғанған емес. Қайта ол «қиыннан қиысып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін айналасы теп -тегіс, жұмыр» боп келеді. Сондықтан да, оның лирикасын қалың оқырман әр уақытта сүйіп оқиды. Ол сөз өнерін еркін меңгерген, халықтың ең етене жақын рухани серігіне айналған көркем сөздің зергері.