«Құлагер» поэмасы – ақынның эпикалық жырларының ең соңғысы және поэзиясының ең биік шыңы. Поэмаға арқау болған оқиға – тараудың басындағы тұсында сері болсын, пері болсын, өмірімен ұнаған Ақан және тұлпар ат Құлагер. Поэма сюжетін құрайтын оқиғалар асты бейнелеген тарауларда ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, сонымен байланыста Ақанның қайғы-шерге көмілуін суреттеген тарауларда баяндалған. Құлагердің өлімі асыл Ақан үшін өте ауыр болады. Ол айдалада Құлагердің басын құшақтап көзінен қанды жас ағады. Құлагер – Ақан серінің сұлулығы, идеалы. Менің ойымша, ақын мен тұлпар өмірі ажырамас тұтастық. Себебі, оның түсінігінде ондай тұлпар енді келмесі анық. Сол тұлпармен жүрек түкпіріне ұялаған әсемдік, көркемдік бәрі жоғалған. Оның бұрынғыдай ән айтуы да, ел арасында жайраңдап жүруі де екі талай. Құлагерге жұмсалған айбалта, Ақанның өзіне тиген, ол енді тірі өлік.
«Құлагер» поэмасындағы ақынның көркемдік шеберлігі, тілінің аса шұрайлығы жайлы М. Қаратаев «Қазақ поэзиясының Құлагері» деген ғылыми зерттеуінде: «Мұндағы ұмытылмас сұлу картиналар, айқын, әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдыраған нәзік лирикалық сезім, серпінде, кең эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғыраған кәдімгі он бір буынды қара өлеңнің мінсіз-мүлтіксіз үлгілері «Құлагер» поэмасын шын мәнінде поэзияның «сұлу сарайы», Жансүгіров творчествосының биік шыңы деуге толық дәлел бола алады» - деп түйген болатын. Тілінің байлығы, тазалығы, мөлдірлігі мен бейнелілігі жағынан «Құлагер» - қазақ поэзиясындағы ең үздік поэмалардың бірі.
Қысқасы, «Құлагер» дастаны ақын туралы, оның тағдыры десек те, оның негізгі өзегі – Ақан трагедиясы арқылы әлеуметтік орта және замана лебі, қуанышы мен қайғысы кең көлемде жырланған ірі лиро-эпикалық поэма.