Әрбір сал-серілердің көтерген мәслесі, қозғаған тақырыбы, көркем ойлау қабілеті өзгеге ұқсамайтын өрнектерімен ерекшеленеді. Олардың барынша ортақ бір мәселесі – өз шығармалары арқылы заман шындығын, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті, әділетсіздікті шыншылдықпен жырлау болды. Олар өздерінің айналасындағы жағдайды жіті көре білді, ойларын батыл айтып отырды.
Өз дәуіріндегі әлеуметтік теңсіздік пен адамдар араындағы әділетсіз қарым-қатынасты, бай адамдардың әлсіздерге жасаған жамандығын жырлауға келгенде, Жаяу Мұса Байжанұлы ерекше жарқырап көрінді. Ол өз басынан өткен жайттарды негізге ала отырып, ағайынның алауыздығы, көре алмаушылық, өтірік пен өсек, бірлік пен татулықтың жоқтығы сияқты құбылыстарды батыл сынады. Сол үшін қуғынға да түсті, таяққа да жығылды. Бұл тақырып Ақан сері мен Біржан салдың шығармашылық мұра-сында молынан қамтылған болатын. Олар да таяқ жеп, қысы көрген. Ақан сері осындай қысымның кесірінен Құлагерінен айырылып, қарта йған шағын мұң-шермен өткізді.
Сонымен бірге адам баласының өмірі, тіршілігі, көңіл-күйлері, жастық шақ пен махаббат сезімі жайындағы мәселелер де сал-серілердің назарынан сырт қалмады. Халқына әрі ақын, әрі әнші, әрі сазгер ретінде танылған, ұрпақтарына аса мол қолдырған сал-серілердің шығармашылығы әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан аса құдіретті құбылыстардың бірі болды. Сонымен қатар, олардың өзекті тақырыбы – туған елі, оған деген сүйіспешілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі, тұтастығы. Ел басында күн туғанда қолдарына қару алып, жорыққа бірге аттанды, ру-тайпаларға басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көріністерін жырға қосты. Шығармаларында ерлікті мадақтады, қаза болған батырларды жоқтап, ел қайғысымен бөлісті.