Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім, - деп сөз бастаған Абай жастардың құр уақытты өткізбей, білім жолына түсуін қалады.
Өз кезегінде інісі Шәкәрімге «білім ал, өрісіңді кеңейт!» - деп талай рет айтты, талай рет оған жол сілтеді. Абай сілтеген жолды, Абайдың жолын Шәкәрім ұғына білді. Міне, сол үшін де Шәкәрім өлеңдері Абай өлеңдерімен қай жағынан болмасын сабақтас болып келеді. Соның бірі «Жастарға» атты өлеңі. Ол жастарға өшпес өмір, зорлықсыз мал беретін данышпан бар екендігін, ол данышпанның Абай екендігін айтады. Жастарды Абайдан ақыл, білім, насихат іздеуге шақырады. Надандықтың заманы орнап тұрған шақта жастардың жайын ойлап, Абайдың халін ұқтыруға тырысты. Абай айтар ақылын айтудай-ақ айтқан еді, алайда, оның сөзін сөз деп іліп алар жан табылмады. Шәкәрім жастарды Абай ақылын алуға шақырды. Өз Абайын өздері ұнатпайтын халқының сол бір надан мінездерін кінәләді. Шәкәрімнің мазалаған ойлары қазақтың ғылым-білімді іздеуін, сол ғылым мен білімге ие адамдармен санасуын қалады. Ол қоғамның кемшіл тұстарын табалай отырып, басқа бір жолды табуға итермелер, жастарды жігерлендірмекке талпынды. Осы жолда ақыл тұтар сөз иесін Абай деп таныды. Соның ілімімен дүниеде мақтан жыймай, надан болмай, жалқаулық танытпай, өтірікке бармай өтуді дұрыс деп тапты.