Ең бастысы, Ыбырай ұлтын жан-тәнімен сүйген ұлтжанды азамат деп санаймын. Он тоғыз жасында–ақ игі іске жол бастаған жігерлі жас болды. Оның жігерін жаныған қараңғыда қамалған қазағының надандығы еді.Қазақ даласында мектеп ашу ісі оңай болмағаны рас. Өкімет пен жергілікті биліктің кедергісіне ұшырай жүріп, тұңғыш қазақ мектебін ашты. Қазақтың даласында «Дала қоңырауы» сыңғырлады. Ұлы ағартушының жүректілігі Мәңгілік елімізді өркендету үшін қызмет атқарып жүрген азаматтарға үлгі боларлықтай.
Тың жерден түрен тартып, дән сепкен дихандай өз ісіне құлшына кіріскен ұстаздың алдында оңайлықпен алынбас қамалдар тұрды. Біріншіден, оқушы алдында оқулық болмады. Не оқытам, қалай оқытам деген сұрақтың да жауабын талмай іздену арқылы 1879жылы қазақтың тұңғыш оқулығын жазып шығарды. Екіншіден, «Барлық күш-жігерімді олардың мінез-құлқына да ықпал етуге жұмсаймын» деген ағартушы озық өнер- білімді, мәдениетті мектеп арқылы таратуды мақсат етіп қойды. Оның озық идеялары бүгінгі күн талабымен нақты ұштасып жатыр. Оқулықтың алғашқы бетіне «Кел, балалар, оқылық» өлеңін жазуы да тегіннен тегін емес. Өйткені оқушының басты міндеті - жаппай білім алу. Ақын-ұстаз «Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар» деп білімнің пайдасын уағыздап тұр. Бүгінгі күннің өткір мәселесінің бірі – балаларға терең білім беру. Кейбір жастардың «ақшам болса, білімсіз күн көре аламын» деген қате түсінігіне еңбексіз табылған байлықтың баянсыздығын жетелеріне құйып тұр емес пе!? Үшіншіден, «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде ғылымның жетістіктерін тікелей мадақтай келіп, озық елдің салтын баяндайды. Бұл идея - жаһанданудың алғышарты. Әр сөзін ұлт болашағына арнаған Ұлы Ұстаз надандықтың қамалын ерен еңбегімен бұзды. Сондықтан, ақын-жазушының шығармалары тереңдетіліп оқылса, тәрбие діңгегі мызғымас еді.
Ыбырай өмірінің соңғы минутына шейін ұстаз болып, талай жаңалықтын жаршысы болды. Инспекторлық қызметті атқара жүріп, облыс, уез орталықтарында училищелер ашты. Ырғыздағы ашылған қыздар мектебі мен Омскіде тұңғыш мұғалімдер мектебі де осының айғағы. Торғайда тұңғыш ашылған қолөнер мектебінің жұмысын алға бастыру да оңайға соққан жоқ. Құдды Ыбырай дәуірі қайта жаңғырып, қайта оралғандай. Қазіргі еңбек нарығы талаптарына сай, түрлі салада қызмет көрсете алатын мамандық иелеріне сұраныс артуда. Иә, ұлы Алтынсарин негізін қалаған кәсіптік білім беру ісі бүгін де лайықты жалғасын тауып, жандана түсуде.
Осындай ұлағатты қызметте жүрген азаматтар Ыбырай ісін өнеге тұтып, ғұмырын халқына арнаса құба-құп болар еді.
Ыбырай салған сара жол Тәуелсіз Қазақстанмен бірге қанатын кеңге жайып, жалғасын табуда. «Біз болмасақ,- сіз барсыз, сіздерге берем батамды, үміт еткен достарым» деген ұстаздардың ұлы ұстазы қазіргі жастарға кеңес береді, тәрбиелейді, ғибрат алғызады.