Абай Құнанбаевтың «Он тоғызыншы қара сөзіндегі» естілік пен білімділікке қандай адам жетіп, қалай жүзеге асыра алатынын өмірлік деректер арқылы дәлелдеп жазыңыз
«Адамзаттың Абайы» атанған хакім , дана да, дара ақын, ойшыл Абайдың артына қалдырған мұраларының бірі – қара сөздері.Абайдың қара сөздері күллі адамзат баласына арналған.Себебі, өзінің қара сөздерінде жақсылық пен жаманның, естілік пен ессіздіктің парқын ажыратып көзіңе көрсетеді.Көрсетіп қана қоймай, нағыз, толық адам болу жолын ұсынады.
Ақынның естілік пен білімділікті дәріптейтін қара сөзінің бірі – он тоғызыншы сөзі.Абайдың он тоғызыншы қара сөзінің өзектілігі неде жатыр?
Біріншіден, Хакім Абай бұл қара сөзінде дүние танымы бойынша сананың, ақылдың пайда болуы күнделікті өмір тәжірибесінің ғана нәтижесі мен тәрбиеден туындайтын нәрсе деген ой тастайды.Яғни, адам баласының туа салып есті болмай, көріп, естіп, ұстап көре біле білімді болатынын айтады.Сонымен қатар, естіліктің жеке өзі ғана іске жарамайтынын тілге тиек етеді.Себебі, естілердің сөзін ескермесең, жақсы мен жаманның арасын ажырата алмасаң, құр естіліктен пайда жоқтығын ескертеді.
Екіншіден, есті сөздерді есіткенде салғырттанып, шайқақтамау керек дейді.Себебі, өмірде кейбір адамдар естілердің айтқан ақылын есіткен соң, шыға бере ұмытып кетеді.Осылайша, бұрынғы өз қалпына түседі.Мұндай адамдарды ақын сөз танымайтын, сөздің мәнісін ұғынбайтын адамдар деп ойлайды.Одан да шошқаны баққан жақсы деп, сөз танымайтындарды қатты сынға алады.
Расымен де, ақын айтқандай, өмірде сөзді ұқпайтын адамдар кездеседі.Ондай адамдар өзімдікі жөн деген өзімшіл пікірмен жүреді.Ал, қоғамда мұндай адамдардың айналасына зиянын тигізетінін білеміз.Өзімдікі жөн деген адамда сабыр да, сақтық та болмайтыны белгілі деп ойлаймын.
Ойымды қорытындылай келе, мың жерден білімді болып тұрсаң да, есті сөзді ескеріп, қажетіңе жаратпасаң, білімділігің түкке тұрғысыз деп ойлаймын.Себебі, жақсылыққа жақсылық, естілікке естілік қана үйір болады.Есті сөзге сүйініп, көңілге түйінгенде ғана мәніне терең бойлап, өміріңе жаратады екенсің.Ендеше, Абай айтқандай, естілердің сөзін ескеріп жүрейік.