М.О.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасындағы ғашықтардың жан түршігерлік өліміне әкелген билер шешіміне көзқарасыңыз қандай?
Ұлы жазушы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасы- XVIII ғасырдағы қазақ еліндегі әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді көтерген құнды туынды. «Енлік-Кебек» екі жастың махаббатын жыр еткен шығарма ретінде көпшілікке таныс.Ұзақ уақыт бойында қазақ қоғамының тәртіп жүйесінің реттеушісі болып саналған билер шешімі аталмыш драмада қаншалықты әділетті шешілген? Бұл өзекті мәселе болғандықтан, жан-жақты талдауды қажет етеді. Мен осы сауалға өз көзқарасымды білдіргім келеді.
Ата-бабаларымыз өмір кешкен, драмадағы оқиға желісі баяндалған XVIII ғасырда жұрт салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты «Заң» ретінде қабылдап, ата-баба сөзінен аттап өтпеген. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» билер кесімімен бітімін тапқан. Билер, ең алдымен, даугер мен құныкерді өзара бітістіріп, даудың артын үлкен жанжалға айналдырмаудың жолын қарастырып, ойластырған. Ханға да, қараға да бұра тартпай, оларды би кесіміне бас идіре білген.
Менің пайымдауымша, драмадағы билердің «жан түршігерлік» шешіміне ықпал еткен екі келелі мәселе бар. Біріншісі, сан жылдар шешімін таппаған қазақтың екі руының арасында өршіккен жер дауы деп ойлаймын. Оған бірқатар дәлелдерді келтірсем. «Шыңғыстың бұрынғы иесі матай болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары алғаш ірге тепкен жерінен тайдырмақ болады. Бұның арты шабуылға ұласады. «Еңлік-Кебек» оқиғасы дәл осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді»,-деп М.Әуезовтің өзі түсініктеме береді. Екіншісі, осы жер дауының салдарынан ағайындас рулар тартыс-таласқа түсіп, «жесір дауын» сыныққа сылтау ретінде тілдеріне тиек етіп,жауласуға, тіптен қан төгісуден таймағандығы.Оған дәлел ретінде, «Не Кебек пен қызды шығарып бер! Болмаса қолым дайын тұр, тура тұрысатын жеріңді айт» деген Көбейдің сөзін айта аламын. Елінің іргесі сөгілмес үшін билер осындай шешімге келді деген ойдамын. «Тағы да тебінгіден тер, қабырғадан қан жаудырам ба?» деп, қабырғасы қайысқан Кеңгірбай бидің сөзін де дәлел ретінде айта аламын.
Сонымен қоса, менің ұлтымда салт-дәстүр, ата-баба сөзі, шешімі-мәдениеттің маңызды бөлшегі болып саналған. Яғни, қазақ халқын өзге ұлттардан даралаушы ерекшелігі деп түсінемін. Драмадағы екі жасқа қатысты шығарған билер үкімі, шешімі дұрыс деп ойлаймын. Неге, біріншіден, бабалар ізін салған дала заңына бағыну қоғамдық тәртіптің, ұлттық бітім-болмысты сақтаған болсақ, ол-ел бірлігіне әкелген. Екіншіден, сол кездегі рулар арасындағы таласты шешудің дара жолы болған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам,билердің бұл шешімінің басты мақсаты ұлттық рухани құндылығымызды, ел тыныштығын сақтау болды. Осындай келелі шешімдердің арқасында еліміз «Мәңгілік елге» айналмақ деген ойдамын.
26.04.2017 16:47
Мухамадиева Анара