Қазақтың әншілік өнерінде, әншілігмен қоса балуандылығымен атағы елге жайылған Балуан Шолақтың орны ерекше.Балуан қазіргі Жамбыл облысындағы таудың етегін мекен еткен Ұлы жүз ішіндегі Дулаттан тарайтын Сәмбет руынан шыққан.
Қайсыбір әнші-композиторлар тәрізді де Балуанның өмірінде махаббат тақырыбы үлкен орын алып, небір әсем әндер тудырып, сезімталдығы шығармашылығына шабыт берген. Шолақтың өмірінде үлкен орын алған адамдардың бірі-Ғалия.
Ақмолада Тілеу атты дәулетті адам болған екен. Ол заманда жұрттың көзіне түсетін сегіз бөлмелі көк төбелі үй жалғыз Тілеуде бар еді. Ол Сұлтанай Қамза деген ноғай байының сенімді адамы болатын. Руы Арғын, оның ішінде Аралбай, туып-өскен жері Жаңа-арқа. Тілеудің үлкен әйелінен Ғалия, Мәрия деген екі қыз туды. Ғалия – сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, оң қолынан өнері төгілген шебер болған. Қазақ әдеті бойынша Ғалияны жастай Біржан дегенге атастырып, бой жеткен соң Ғалия ұзатылып барды. Бірақ көңілі сүймеген соң Біржанмен ұзақ тұрмай, бір-екі жылдан кейін Ғалия Қараөткелге қайта келеді.
Ақмолада Ғалия қымыз сататын әйелдің қасында жүреді. Күндердің күнінде қымыз саудасы үстінде Ғалия Балуан Шолақпен кездеседі. Екеу бір-бірін бірден ұнатып, есебін тауып жолығып, өмірді бірге өткізуге уәде байласады. Бұлардың қосылуына кедергі – Тілеубайдың Біржаннан алып қойған қалың-малы еді. Қалай дегенмен де мал төлеген адам күшті, Балуан Шолақ батыр болғанмен жарлы, малсыз Ғалияны алып кете алмайды. Сондықтан ол Көкшетауға барып, қырық жетісін алып келуге кетіп қалады. Көкшетау Балуан Шолақты жамандықпен қарсы алады. Балуанға жоғалған сексен өгіздің жаласы жабылып, өзі жоқ болған соң, оған тағы Семейде ұрланған бір топ жылқыны да тіркеп қояды. Сонымен Шолақты түрмеге жабады. Шолақ кешігеді. Ғалия не қыларын білмей сасады. Ол әрі бері толқып, ойланып, әкесінің меңзеуі бойынша Есенжолдың Қанапиясы дегенге күйеуге шығады. Бірақ Балуан Шолақты өсектеген жұрт Ғалияны шатастырады. Қанапияның да әйелі бар болып шығады. Сөйтіп, Ғалия тоқалдыққа келген болады. 1922 жылы Ғалия туберкулез ауруынан 35 жасында қайтыс болады.
Балуан Шолақ пен Ғалияның арасындағы оқиға осылай аяқталады. Оқиғаның бітісі қалай болғанда да, екеуінің сезімінің гимні іспеттес «Ғалия» әні қалады. Әннің алғашқы орындаушыларының бірі Қайрат Байбосынов еді. Бұл күнде әншілер әннің екі нұсқасын орындайды.