Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

15596

Мұхтар Әуезов

Жоспар:
Кіріспе:
Өмірінен мәлімет.
Алғашқы әңгімелері.
Негізгі бөлім:
Прозасы. “Aбай жолы” эпопеясы.
Драмалық шығармалары. “Еңлік-Кебек” , “Қаракөз”.
Ғылыми-зерттеу еңбектері.
Қорытынды:
М.Әуезов қазақ әдебиетінің классигі.


Мұхтар Әуезов 1897 жылы қазіргі Семей облысы Абай ауданында дүниеге келді. Алғашында атасы Әуезден мұсылманша сауат ашып, хат таниды. Кейін мұғалімдер семинариясында оқиды. Төңкеріс қарсаңында Алаш қозғалысының Семейдегі жұмысына қатысады. 20 жылдары Ленинград университетінде, Ташкенттегі Орта Азия университетінің аспирантурасында оқиды. Бұл жылдары Мұхтар Әуезов әлем әдебиеті үлгісімен терең танысып, жан-жақты, кемел білім алып шығады.

Мұхтар Әуезовтің алғашқы шығармашыларының көлемдісі де, көркемі де прозалық әңгіме, повесть түрлерінде жасалды.

Мұхтар Әуезов жиырмасыншы жылдардың бас кезі мен орта шенінде көптеген әңгімелер ( “Қорғансыздың күні”, “Жетім” , “Жуандык”, “Ескілік көленкесінде”, “Кім кінәлі”, “Бартыма” т. б.)  жазып, оларда ескі қазақ ауылының алуан түрлі әлеуметтік шындығын реалистік дәстүрде бейнелейді.

“Қорғансыздың күні ”  (1921) – жазушының алғашқы жарық көрген әнгімесі. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлыққа шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.

“Қорғансыздың күні” өзінің көркемдік бітімі жағынан қазақ әдебиетіне жаңа өрнек енгізді. Адам өмірінің қайталанбас, дара ерекшелігі әңгімеде шебер ашылған. Шығармада болыс Ақан, оның серігі Қалтай, пәк, сәби қыз Ғазиза, оның қарт әжесінің бейнелері өте шынайы көрінеді.
“Жетім” деген әңгімеде Қасым атты жетім баланың қасіретті балалық шағы, Иса деген жамағайынның қорлығына шыдамай, ауылдан қашып шыққан бетінде, қараңғы түнде, тоғай ішінде өлгені айтылады.Өмірден зәбір көргендердің мұңы мен наласын үлкен әлеуметтік толғақты мәселе ретінде сипаттау сыншыл реализмнің негізгі белгісі еді.

“Ескілік көлеңкесінде” ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш деген қыздың халі әңгімеленген. Мұхтар Әуезов өмір қайшылықтары  мен теңсіздіктерін әр қырынан көрсету арқылы қазақ әдебиетінде психологиялық прозаның үлгілерін тудырды.

“Жуандық” (1926) әңгімесінде момын кедей Жақсылықтың өз жолын тауып, ерікті, баянды өмір жасауға ұмтылғаны, бірақ бұрыннан кедей - кемтарды уысында ұстап, тізе батырып үйренген Әбіш, Құрман секілді байлардың оған қиянат, зорлық жасағаны көрсетіледі.
Мұхтар Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы шығармашылығындағы негізгі тақырыптың бірі - әйел теңдігі.   Шығармаларында өмір шындығына берік табан тіреп отыратын жазушы сол кезеңдегі қазақ әйелінің басындағы   хал – ахуалды асырмай да, жасырмай да, қаз қалпында көрсетеді. Бірде жазушы ата – анасының еркімен күйеуге шығып, тағдырына мойын ұсынған әйел тарихын (“Cөніп – жану” ) әңгімелесе, екінші шығармасында сүйгеніне қосыла алмай, қүсадан өлген Ғазиза ( “Кім кінәлі” ) жайын сөз етеді. Тағы бірде ( “Үйлену” ) әке әміріне көнбей, көңілі сүйген жігітімен қашып кеткен қыз хикаясына тоқталады.

“Қараш – қараш оқиғасы” төңкеріс қарсаңындағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік тәрізді өткір тартысқа құрылған. Мұнда да 20 жылдардың әңгімелеріндегідей дала билеушілерінің заңсыз жуандығы – байлардың кедейлерге жасар өктемдігі, зорлығы, кедейлердің байлардан көрер қиянаты, қорлығы сөз болады.

Бірақ повестің бас кейіпкері Бақтығұлдың ісі мен мінезі өзіне дейінгі өзі секілділерден өзгеше. Бұл – олар секілді өз тағдырының құлы емес, қожасы болуға ұмтылған адам.

“Қилы заман” повесінде 1916 жылғы ұлт – азаттық қозғалыстың барысы, әділетсіздікке төзбей, ел бастап шыққан ерлердің бейнесі көрсетілген. Мұхтар Әуезов бейбіт жатқан Албан руының 1916 жылғы маусым жарлығының зіл салмағынан іште тұншығып жатқан кегі оянып,  дүр сілкініп, айбарлы күшке айналғанын өмір шындығына сәйкес суреттеген. Өз жерінен, малына иеліктен айрылған, патша әкімдерінің, қазақтың өз ішінен шыққан обыр болыс, парақор би, жебір тілмаштардың қиянатынан ығыр болған халықтың еріксіз халі бірде кейіпкер сөзімен, кейде авторлық баяндау үстінде айқындалады.

“Абай жолы” – қазақ совет әдебиетіндегі тұңғыш роман – эпопея. “Абай жолында” өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының шындығы мейлінше кең көрсетілді, қаһармандардың жеке өмірі халық тарихындағы күрделі өзгерістермен байланысты берілді. Абай өмір сүрген қоғамның өзекті тартыстары мен күрестерін, ізгілік пен зұлымдықтың шайқасын, көркем тұлғалардың өткенін, бүгінгісін кеңінен қамтып, болмыстың екшелген, жинақталған шындығын айту міндеті роман – эпопеяда зор шеберлікпен шешім тапты. “Абай жолында” ұлы ақынның жеке бастық іс - әрекеттері дәуірдің көкейкесті мәселелерімен, нәсілдер, таптар, халықтар тағдырларының тоғысуымен орайластырыла баяндалады. Роман – эпопеяда оқиғалардың объективтік ағысы, жеке адамдар тағдырының қоғамдық тіршілікке тәуелділігі, тұлғалардың даралық келбеті, зұлымдықты әшкерелеу мен ізгілікті мадақ ету өмір шындығына сәйкес көрсетіледі.  

Эпопеяның желілерін тұтастырып тұрған негізгі арна – Абайдың және оған тілектес топтың озбыр, содыр үстем қауым өкілдерінің зорлығына қарсы күресі. Абай бастаған жаңашыл қауымның халық бақыты үшін батыл айқасқа шығатын кезі өте көп. Сырттай қарағанда эпопеядағы әрбір тараудың әңгімесі жеке – дара, оқшау секілденеді. Бірақ оларды іштей жалғастырып тұрған негізгі арқау ылғи сезіліп отырады. Ол – ақын, азамат, еңбекші қауым мүддесі үшін жаны ауыратын, күштілерге қарсы тапжылмай тартысқа шығатын Абайдың өмірі, оның шығармашылық, әлеуметтік қызметі, Абайдың араласуымен шешілетін әр түрлі оқиғалар. Романның құрылысы Абайдың ұзақ та қажырлы ақындық, қайраткерлік қызметін танытуға бағындырылған.

Эпопеядағы орталық тұлға, типтік характер – Абай. Ол – бүкіл бір халықтың рухани адамшылық келбетін елестете алатын бейне. Абай сөзі мен ісі соншалық нақты, әрбір әрекетіне нандыратын тұлға, заман мен халық қамын терең толғайтын үлкен ойшыл, ұлы ақын сипатында көрінеді. Абайдың көркем бейнесін жасауға ақынның өз өлеңдерінің көп көмегі болғанын жазушы ризалықпен еске алады. Суреткер ұлы ақынның шығармаларын туғызған жағдай мен себептер табиғатына терең болжау арқылы оның өмір жолына қанығады. Абай халық қиялында қаншалық биік сатыда тұрса, роман оның көркем бейнесін соншалық жоғары деңгейде көрсетеді.

Абайдың өз әкесі Құнанбайдан мүлде басқа ой-өріс бағытында қалыптасып келе жатқандығы оның оқуға аттанар алдында Тобықтының білгір шешендерін сөзден жығуынан, Құнанбайдың «мінің» деп көрсеткендерін жақсылық деп дәлелдеуінен айқын аңғарылады. Бұл тұста болашақ ұлы ойшыл ақын мінезіндегі қайсар тегеурін сезіледі.

Абайдың өмір өткелдерін, әлеуметтік майдандағы әр алуан күрделі істерін оның нағыз адамдық ықыластарымен, үміт-арманымен, күйініші-сүйінішімен бірлестіре көрсету арқылы суреткер оның тұлғасын типтік характер дәрежесіне көтерді, ақын, ойшыл, қоғам қайраткерінің асыл бейнесін жасады.

Құнанбай образының жасалу шеберлігі бүкіл дүние жүзілік әдебиет тарихында сирек ұшырасады. Мейлінше шыншыл суреткер бұл образды мінездеу мен мүсіндеуге, жинақтау мен даралауға өзінің бай палитрасындағы бір ғана емес, бірнеше (ақ, көк, сары...) бояуды қоса, қатар жұмсап, түрлі-түсті табиғи кескінде, алдымен адам ретінде, бірақ күнгей-көлеңкесімен жан-жақты, толық, тұтас тұлғаландырған. Автор ұнамсыз кейіпкер бойындағы ұнамды қасиеттерді күзеп, не тонап әкетпейді, өзіне береді, өзінде қалдырады.

Құнанбай – азулы ғана емес, ақылды; шоқпар мен сойылдың ғана емес, әріден толғайтын ойдың адамы. Көзі дара болғанмен көкірегі сара – көреген; ашуы мен қайратын қатар ұстайтын, қаталдығының арғы жағында қайсарлығы жатқан, қасарма сұғын қадағанды сілейтпей тынбайтын қазымыр, қатал кісі. Арыстанның айбаты да, жолбарыстың жүрегі де бір өзінде; жыртқыштығы да сондай; бүргені құтылмайды, құтылса, мынаның тырнағы сонымен бірге кетеді. Мұнысын қайталанбас қайсарлыққа саяды. Осыған енді амалы мен айласы қосылғанда Құнанбайдың қулығы мен сұмдығына, сұңғыла зымияндығына найза бойламай шығады. Мұнысы – ақылдан туған тәсіл.
Құнанбай алыс-жұлысқа, арпалысқа ғана емес, сөзге де жүйрік, шешен; тілі өткір, тиген жерін тіліп түседі.

Осылардың бәрі Құнанбайдың өз ортасынан биік, оқшау тұрған жоталы тұлға екенін көрсетеді және оның осындай өзгеше бөлек бітімін өз ортасы да әбден иойындап болған. Құнанбайдың көп қырлы қасиетін досы түгіл тіпті дұшпаны да жоққа шығара алмайды.

Құнанбай жалғыз емес. Оның маңында әр рудың басы, әр ауылдың ақсақал-қарасақалдары – Бөжей, Байдалы, Байсал, Сүйіндіктер бар. Өз іргесіндегі Майбасар, Ызғұтты, Тәкежан, Жиреншелер бар. Оразбай, Шұбар, Әзімбайлар бар. Дәуірлік белестен алып қарағанда осылар – бір топтың адамдары, Абайдың қарсыластары, Абай бастаған жаңаның ата дұшпандары. Сонымен қатар осылар өзара қырғи-қабақ: бақастар, бәсекелестер, бақталастар. Қарақан бастың қамына келгенде бұлар бір-бірін аямайды, біріге бере талап тастап, бөліне бере түтіп жеп жүргендер...
Бұл – адам адамға дос емес, қасқыр болған Құнанбай заманының заңы. Майталман суреткер Құнанбай маңындағы бар адам және әр адам арқылы солар өмір сүрген заман кескінін де зергерлікпен бейнелеп көрсеткен.

Жалпы, XX ғасырдың соңғы елу жылындағы қазақ өмірінің көркем шежіресі боп табылатын ұлан-ғайыр эпопеяда барлық қыры-сырымен халық образы жасалды десек, сол халық өкілдерінің ішінен айрықша атап айтарлық бедерлі бейнелер – Дәркембай мен Базаралы. Балағаз бен Абылғазыдан Дәрмен мен Сейітке дейінгі ондаған кейіпкерлер – Дәркембай мен Базаралының әлеуметтік ортасы, таптық қоршауы. Бұл екеуі жүрген жердегі әлеуметтік күрестің де сыр-сипаты бөлек, ақ пен қарадай айқын. Осылар арқылы автор романдағы жүздеген типтер мен характерлер ішінен уақыт сынынан өтіп өсетіндерін де, келешегі жоқ өшетіндерін де өмірдің өзіне іріктетіп, сұрыптатып отырады.

Мұхтар Әуезов шығармашылығының көк қауырсын кезінде жазылып, кейін өңделіп, толықтырылған «Еңлік – Кебек» трагедиясы қазақ драматургиясындағы төл басы туындылардың бірі. «Еңлік – Кебек» екі жастың бақытсыз махаббатын көрсетуге арналғанымен, онда қыр елінің басқа да мәселелері қамтылған. Ең алдымен, адамгершілік, адамның жеке басын қадірлеу, ел бірлігін көксеу, бұқара халыққа бейбіт өмір тілеу, болашаққа үміт, сенім көзімен қарау мәселесі ұсталады. 1916 жылғы оқиғаға арналған «Түнгі сарын» пьесасы да кесек туындылардың бірі. Ол қазақ драматургиясы тарихынан лайықты орын алатын, мазмұн-идеясы терең, көркемдігі жоғары шығарма. Л. Соболевпен бірлесіп жазған «Абай» трагедиясында қазақ халқының ұлы ақыны Абай өмір сүрген заманның ащы шындығы бейнеленген. Қазақ драматургиясының шоқтығы биік туындыларының бірі саналатын «Қаракөз трагедиясы» да екі жастың махаббатына арналып, етектен тартар ескі әдет-ғұрыптарды сынауға арналған.

Жазушы қазақ халқының әдебиеті, мәдениеті, рухани мұрасы жайында тамаша ғылыми еңбектер жазды. 1927 жылы қазақ әдебиетінің сан ғасырлық тарихын аралаған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі ғылыми еңбек жариялады. 1959 жылы жазушының әдебиеттану саласындағы көлемді еңбектері «Әр жылдар ойлары» деген атпен жеке кітап болып басылды. Кейінірек «Уақыт пен әдебиет» деген зерттеу еңбегі басылды.
Туған жері бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы).

Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған. өскен. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Ол сол арқылы алты жасынан Абайдың өлеңдерін жаттап ауылдастырына оқып беретін дәрежеге жетеді.
1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады.
1910 жылы бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.
1918 жылы М.Әуезов Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға (Ж. Аймауытовпен бірігіп) атсалысады.
1919 жылы — Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі. «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады.
1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР-і ОАК-нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады. Мұхаңның «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәлме-дәл келеді.
Бір қыс Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде, төрт жыл Ленинград университетінде оқып, филология факультетін бітіреді. Сол жылы Орта Азия университетінің Шығыс факультетінің жанындағы аспирантурада оқиды.
Ұлттық теңсіздік пен сауатсыздықты, аштықты жою жөніндегі ашық пікірі мен шығармалары үшін «ұлтшыл, алашордашыл» атанып, саяси сахнадан шеттету басталған тұста Мұхаң бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысуға көшеді. Ғылыми жұмыстарды да қолға алады.
1930 жылы идеялық көзқарасы үшін тұтқынға алынады. Тергеу ұзаққа созылып, 1932 жылғы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылады. Осы жылғы 10 маусым күнгі «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде М. Әуезовтің «Ашық хаты» жарияланады. Онда Мұхаң өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Сонан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуына рұқсат алды.
Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды.
1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы алып, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты беріледі, әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.
Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар, очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған.
Сөйте жүре, үлкен дарын өзінің шығармашылық асқарына апаратын Абай тақырыбына қалам тартады. Үлкен жұмыстың алғашқы қарлығашы болып «Татьянаның қырдағы әні» келеді өмірге.
Бұдан кейін жазушы Абай образын кең аумақта алып, бірнеше жанрда бейнелеуге кіріседі. Сөйтіп, «Абай» трагедиясы туады. Бұл ұлы ақынның образын сахнада тұңғыш бейнелеген шығарма болатын.
Ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен «Абай жолы» романдарын Мұхтар он бес жылға жуық жазады. Жазушының өзі айтқандай, «Абай» және «Абай жолы» романдарын жазу жазушының шығармашылық өміріндегі сүйікті ісіне айналады. Абай жолы халық жолы, халық жолы Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету Мұхтар Әуезовтың шығармашылық жеңісі еді.
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры - Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды
Алғашқы құрылған жылдары театр құрамында көркемөнерпаздық пен халық шығармашылығының танымал шеберлері — И. Байзаков, Ә. Қашаубаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов,Ж. Шанин,Қ Қуанышбаев, Қ. Жандарбеков, Қ. Бадыров, Қ. Мұңайтпасов, З. Атабаева, Ш. Әлібекова, Ш. Байзакова, М. Шамова, Ж. Шанина ойнады.
1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды. 1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр атағын алды. 20 жылдығына орай 1946 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен, ал 50 жылдығына байланысты 1976 жылы Халықтар достығы орденімен марапатталды. Театрға 1961 жылы жазушы, драматург М. О. Әуезовтің есімі берілді.
Театр сахнасында ерлікке толы ұлы өмірлер, патриоттық — отаншылдық сезімдер, жанқиярлық ерен еңбектер жан-жақты жырланатын қойылымдармен қатар, халқымыздың рухани асыл армандары мен мұң-мұқтаж, талап-тілегін бейнелейтін тарихи-эпостық тақырыптағы шығармаларға да көп ден қойылды. М. Әуезовтың «Абай», «Еңлік — Кебек», «Қобыланды», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спектакльдері шығармашылық үлкен жеңіс болды.

Соңғы жылдары театр Қазақстан және таяу шетелдерге жиі гастрольдік сапармен барып тұрады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Омбы қаласы (Ресей Федерациясы), Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарына, Астана, Павлодар, Семей, Қарағанды, Өскемен қалаларына қойылымдарымен барып қайтты.

2006 жылы театр 80 жасқа толды. Мерейтойының қарсаңында Ә. Әмзеұлының «Қара кемпір», Қ. Ысқақтың «Қазақтар» атты жаңа қойылымдарын дайындады.

 
03.04.2010 11:20