Міндеттеменің субъектілері, олардың құқықтары мен міндеттері. Мұра.
Міндеттемелік құқық
Міндеттемеге сәйкес бір адам (борышкер) басқа адамның (несие берушінің) пайдасына белгілі бір әрекет жасауға, атап айтқанда: мүлік беруге, жұмыс орындауға / ақша төлеуге және тағы осылар сияқты әрекеттер жасауға, не болмаса белгілі бір әрекеттер жасауға тартынуға міндеттенеді, ал несие берушінің борышқордан өз міндеттерін орындауын талап етуге хақысы бар. Тараптар (борышкер мен несие беруші) және үшінші жақ міндеттемеге қатысушылар болып табылады. Міндеттемеде оның әр тарабы - несие беруші немесе борышқор ретінде бір мезгілде бірнеше адам қатыса алады, яғни үлесті, ынтымақты немесе жәрдем берушілік міндеттеме пайда болады.
Міндеттеме қабылдаудың мақсаты - борышкерді өз міндетін уақтылы және сапалы орындауға тарту. Міндеттеме көбінесе оның орындалуымен аяқталады, ал орындалмаған жағдайда қарызды қарызбен жабады, екі жақ келіседі, заңды тұлғаларды жояды.
Міндеттемелердің пайда болу негіздері. Міндеттемелер әртүрлі негізде туындайды. Бұл негіздер заңда көрсетілген, сондай-ақ заңда көрсетілмесе де, азаматтық заңдардың жалпы негіздері мен мәнісіне байланысты азаматтар мен ұйымдардың құқықтарды және міндеттерді тудыратын әрекеттерінен пайда болады.
Пайда болу негіздері: заңда көрсетілген негіздер; заңда көрсетілмесе де, бірақ оған қайшы келмейтін келісімдер; әкімшілік актілер; жаңалықтар ашу, өнер табыстар, ұтымды ұсыныстар жасау, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларын жасау нәтижесінде; басқа адамға зиян келтіру салдары, сондай-ақ жеткілікті негіздер болмаса да, адамның қаржысы есебінен мүлік иелену немесе жинау салдары; заңдар азаматтық-құқықтық жағдайлар басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады.
Міндеттемені орындамау не тиісті дәрежеде орындамау (мезгілінде орындамау, тауарлар мен жұмыстарды толық орындамау, міндеттеме мазмұнында белгіленген басқа жағдайларды бұзып орындау оның бұзылуы деп есептелінеді. Орындау мүмкін болмаған жағдайда тараптар бір-біріне шұғыл хабарлауға міндетті. Міндеттемені орындамағаны үшін жауапқа тарту несие берушінің талап етуі бойынша жүргізіледі.
Міндеттемені бұзған борышкер несие берушіге оның бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырып беруге міндетті. Құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиісті шығыстар, оның мүлкінің жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бірақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсініледі. Мұнымен қоса, міндеттеменің бұзылуынан келтірілген моральдық нұқсан да өтелуі мүмкін.
Мәміленің тарабы ақша міндеттемесін орындамаудың салдарынан, біреудің ақша қаражатын заңсыз пайдаланғаны немесе оларды төлеу мерзімін өткізіп жібергені, не оларды негізсіз алғаны немесе басқа адамның есебінде сақтағаны үшін осы құжаттардың сомасында пайыздар төленуге тиіс.
Мұра. Мұрагерлік құқық негіздері.
Мұрагерлік құқық азаматтық құқыктың бір бөлігі болып табылады. Мұрагерлік құқық - қайтыс болған адамның мүлкінің мұрагеріне көшу тәртібін белгілейтін құқықтық нормалардың жиынтығы. Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады.
Мұра екі түрде қалдырылады: заң және өсиет бойынша.
Мұра қалдырушы қайтыс болар алдында мүлкі жайлы ешкімге өсиет етпесе немесе өсиет еткеннен кейін де мүлік иесіз қалса, мұрагерлер заң бойынша мұраға ие болуға шақырылады.
Мұрага ие болудың кезектері:
1. Бірінші кезекте, мұраға тең үлеспен мұра қалдырушының балалары, соның ішінде қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы ие болады.
2. Заң бойынша мүрагер болу құқығын, екінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының ата-анасы бір, ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), сондай-ақ оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі алады.
3. Үшінші кезекте, тең үлеспен мұра қалдырушының туған немере ағалары мен апалары алады. Туыстық дәрежесінің жақындығы ортақ ата-бабасының туу саны негізінде анықталады. Әрбір дүниеге келу бір ата (бір туыстық) дәрежесі деп аталады. Жалпы АК 1064-1068 баптары бойынша мұраға ие болу кезегі жетіге дейін болуы мүмкін. Мұрагерлік кезінде, бір жағынан, асырап алынған және оның ұрпақтары және екінші жағынан, асырап алушы мен оның туыстары қандас туыстарға теңеледі және т. с. с. Жақын туыстар деп ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек емес ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер, аға-қарындастар, ата, әже немерелерді айтуға болады.
Әр азамат тірісінде өз дүние-мүлкін кімге болса да мұра етіп қалдыра алады. Өсиет бойынша мұрагерлік дегеніміз - заңда көрсетілген ретпен жасалған азаматтың өз дүние мүлкін кімге қалдыру жөніндегі тірі кезінде жасалған ерікті тапсырмасы. Өсиет жазбаша түрде жасалады. Оны нотариалдық кеңсе немесе жергілікті әкімшілік растайды. Өсиет қағазына мұра қалдырушы қол қояды. Егер халінің нашар болуына немесе басқа себептермен өсиетке қол қоя алмайтын болса, ол үшін басқа адам қол қояды, бірақ бұл кезде оның жанында нотариус немесе басқа лауазымды адам болуға тиіс. Әрекет қабілеттілігі жоқ адам, болмаса өз әрекетінің мәнін түсінбейтін адам өсиет қағазына қол қоя алмайды. Мұра қалдырушы өз өсиетін өзгертуге де, жоюға да ерікті және кейінгі жасаған өсиет қағазы алдыңғыларын жоққа шығаралады.
Өсиет бойынша мұрагерлер мыналар болуы мүмкін: 1) заңға сай мұрагерлер; 2) заң бойынша мұрагерлікке кірмейтін бөтен адамдар; 3) мемлекет пен жеке үйымдар.
Мұра ашылғаннан кейін заңда көрсетілген мерзім ішінде (6 ай, Азаматтық Кодекс 1063-бап) мұрагер ол мұраны қабылдай алады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Құқық негіздері. Оспанов Қ.И. Алматы 2006.
2.Мемлекет және құқық негіздері. Дулатбеков Н. Астана. 2001.
Міндеттемелік құқық
24.05.2010 00:59
Оспанова Марина