КІРІСПЕ
Өткен ғасырымыздың жиырмасыншы жылдарының басы мен қырықыншы жылдарының ортасында фашизм сияқты ұйымның пайда болуы адамзат алдына көптеген күрделі сауалдарды қойды. Бұл сауалдарға жауап табу мәселесі күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.
Фашизм - XX ғасырдағы контрреволюцияның туындысы. Ол демократиялық қозғалыстың көтерілуіне қарсы бағытталған реакция. Қоғамның қайшылықтары шиеленіскен кезде үстем тап бұрынғы нағыз реакцияшыл тәжірибелерін жинақтай отырып, қайшылықтан шығу жолын іздейді. Сондықтан бұл шараларды жүзеге асыруда оларға ұйымдасқан күш керек. Ол күш - адамзаат баласын бүрын тарихта болмаған алапат қырғын әкелген фашизм еді.
Фашизм - диктатураның басып-жаншу мен құрту жолынан басқа шарасы қалмаған кезде пайда болады және оның негізгі ұйымдастырушысы ролін атқарады.
Фашизм - интернационалдық құбылыс. Неліктен ол Еуропада пайда болды? Себебі, Еуропа демократиялық, революциялық қозғалыстың орталығы болды.
Германиядағы фашизмнің «таптық формасы» белгілі бір тарихи жағдайда қалыптасты. Ол қозғалыстар мен революция дәуіріне қарсы реакция және коммунистік партиялардың дамуына жауап ретінде пайда болды. Германия мен италиядағы фашизм әлемді революциялық жарылыстар тітіркендіріп түрған кезде, яғни Еуропа экономикалық, әлеуметтік жүйедегі билігінен әлсірей бастаған кезде туды. Фашизм қоғамның дағдарысы мен жоқшылық бұқараның ашу-ызасын тудырған жағдайда дамыды. Оның қозғаушы күші - қара ниетті, шовнистік көзқарастардағы топтар болып табылады. Батыста соғыстан кейінгі уақытта Гитлердің жеке басына деген қызығушылықтың өскенін айта кету керек. Батыстағы ірі капитал иелері жас ұрпақты тұңғиыққа итермелеп, Гитлерді «күшті жеке адам» ретінде көрсетеді. Сондыктан Гитлердің адамзат тарихына қанша зиян кетіргенін анықтау өте қажет. Бұл мәселеніі шешу үшін Гитлер құрған фашистік өкіметтің саясатын, оның агресиялық мэнін, халыққа қарсы әрекет жасағанын талдау қажет. Көптеген адамдар мен болашақ үрпақ Гитлер қылмыскер, немесе кісі өлтіргіш болды ма, ол итті, немесе Вагнердің музыкасын сүйді ме деген мәселеге бейжай қарайды. Бәрінен де маңыздысы ол қалай өкімет басына келді және оның істеген ісіне кім мүмкіндік берді? Міне, осыны аяғына дейін анықтап алу тарих ғылымындағы маңызды да күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Диплом жұмысының тақырыбы да осы мақсаттан туды.
Германиядағы фашистік диктатураның алғашқы тәжірибесін талдай келіп, ИККИ XIII пленумы (1933 жылғы қараша-желтоқсан) фашизмге түпкілікті ғылыми анықтама берді. Ал, коминтерннің VII конгрессі оны одан әрі тереңдетіп, фашизмге толық талдау жасады. Міне, осы құжаттар тарихнамадағы осы мәселеніің бұдан бұлайғы мазмұнын анықтады.
1934 жылы Р.Пальм Даттың «Фашизм және социалистік революция» деген еңбегі ағылшын тілінде басылып шықты. 1935 жылы оның толықтырылған орысша нүсқасы басылды /1/. Бұл халықаралық фашизмге теориялық талдау жасауға тырысқан бірінші ғылыми еңбек болды. Еңбектің құндылығы сол, онда фашизм еңбектің өне бойына империализмнің жалпы экономикалық және саяси мәселелерімен байланыстырылды. Алайда, ол мемлекеттік-монополистік капитализмге өту міндетті түрде фашизмге әкелді деп жалған пікір айтты.
Кейбір еңбектерде герман фашизмнің ерекшелігі бірінші кезекте қаралып, оны монополистік реттеу, әскери экономиканың қарыштап дамуы, әскери шараларды жүзеге асыру сияқты күрделі міндеттерді орындаудағы фашистік диктатураның ролі басым көрсетіледі. Осындай еңбектің бірі - 1960 жылы шыққан Г.Л.Розановтың монографиясы/2/. Ол фашистік диктатураның ішкі, сыртқы саясатын жан-жақты талқылады. Автор бірінші кезекте фашистік террордың мемлекеттік жүйесінің пайда болуын ашып көрсетті, фашизмді өкімет басына әкелеген герман монополистерімен өзара қарым-қатынасын қарастырды.
1967 жылы А.А.Галкиннің өте маңызды зерттеуі пайда болды/3/. Ол капиталистік қоғамдағы фашизмнің әлеуметтік-экономикалық және саяси орынын ашып көрсетті, фашизмнің әр түрлі әлеуметтік топтарға көзқарасын, қатынасын талдады. А.А.Галкин орта топтардың фашизмнің әлеуметтік сүйеніші болғанын көрсетті, фашистердің ұзақ уақыт бойы оларды өздеріне пайдаланудың әлеуметтік-экономикалық және саяси себептерін анықтады.
Алпысыншы жылдардың екінші жартысынан бастап герман фашизмі тарихының алғашқы сатылары белсенді түрде зерттеле бастады. Гитлер партиясының алғашқы кездегі тарихын, оның пайда болуының алғышарттарын зерттегендердің бірі - Д.С.Давидович/4/.
Герман фашизмі қалыптасуның алғашқы дәуірін зерттеуге А.С.Бланктің бірнеше еңбегі арналған/5/. Ол фашизмнің пайда болуының қозғаушы күштерін, нацистік партияның қалыптасуын, шамамен жиырмасыншы жылдардың ортасына дейінгі уақытты қамтып көрсетеді. Автор нацизмнің рухани тірегіне, идеологисының қалыптасуы мен әдістеріне, таралуына, оның белгілі бір әлеуметтік топтарға әсеріне көп көңіл бөлді.
Фашизмнің пайда болуы туралы мәселеге және оның тарихнамасына көп көңіл бөлген автор - Л.Ю.Рахшмир/6/. Ол фашизмнің пайда болуын жеңілдеткен әлеуметтік-экономикалық жағдаймен қатар «рухани күш» берген факторларды атайды. Фашизмнің бүқаралык базасын сақтап қалудағы үгіт-насихат жұмыстарының әдістері мен диктатураны күшейтуге бағытталған шараларын, фашистік тәртіптің құлауының саяси мәселелерін қарастырған Г.Н.Горошкова болды/7/.
Герман фашизмінің тарихындағы үлкен мәселеніің бірі - аграрлық саясат пен шаруалардың жағдайы. Бұл мәселемен негізінен монографиялары жетпісінші жылдардың соңында жарияланған А.Аникеев айналысты. Бұл еңбектерде бүрынғы Герман Демократиялық Республикасының мемлекеттік архивінің, Дрезденнің жер туралы архивінен материалдар кіреді. Ол фашистік үкіметтің аграрлық саясатының нәтижесінде әр түрлі шаруа топтарының жағдайы қандай болғанына талдау жасайды/8/.
1978 жылы СССР Ғылымдар академиясы жалпы тарих институтының ғалымдары дайындаған «История фашизма в Западной Европе» деген еңбек шықты/9/. Онда бүкіл Батыс Еуропа елдеріндегі фашистік қозғалысқа талдау жасалған. Жинаққа Г.С.Филатов, Л.И.Пищберг, Г.Н.Горошкова, В.Д.Ежов, И.И.Жигалов, Б.Р.Лопухов, С.П.Пожарская, И.К.Шириня еңбектері кірді.
Фашистік тоталитарлық мемлекеттердің құрылуы және дамуы, оның саяси жүйесі туралы мәселе Ж.Желеевтің еңбегінде зерттелген/10/. Гитлердің жеке басы, психикалық ауруы шетелдік зерттеуші Эрих Фроммның еңбегінде талданды/11/.
Диплом жұмысын дайындауға пайдаланылған деректер негізінен әртүрлі құжаттар мен материалдар жинақтарынан алынды/12/. Бұл жинақтарда фашистік диктатураның ішкі және сыртқы саясатын сипаттайтын СС, гестапо сияқты фашистік ұйымдар мен мекемелердің жазалау әрекеттерін көрсететін материалдар берілген. Алайда фашистік диктатураның 1933-1939 жылдарда шығарған заңдарының мазмұнын беретін документтердің орыс тіліне аударылғандары өте аз. Сондықтан төтенше заңдарды талдағанда негізінен зерттеушілік еңбектерге сүйенуге тура келді.