Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

15427

Сырымда әлі сыр бар

Сырымда әлі сыр бар
 Әбілсейіт МҰХТАР, тарих ғылымдарының докторы.
Бүгінде Сырым Датұлын, оның тікелей басшылығымен болып өткен күресін, ел басқарған әділ билігін, қол бастаған батырлығын білмей­тін қазақ жоқ десек те болғандай. Бірақ бұл тақырыптағы күрделі мәселелер әлі де баршылық. Олардың бастылары мыналар дер едік. 
Алғашқы нақтылап, баршамыздың міндетті қабылдауға тиісті мәселеміз – С.Датұлының дүниеге келген жылы. Өйткені, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Сырым батырдың 250 жылдығын атап өту туралы шешім қабылдағанымен, кейінгі оқулықтар, энциклопедиялар оқырман қауымды әбден шатастырып болды. Мәселен, бабамыздың туған жылын 1998 жылғы “Қазақтар” атты көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық (ІІ том, 88-б.), 2000 жылғы Атырау энциклопедиясы (345-б.), 2001 жылғы “Елтұтқа” оқу құралы (169-б.) – 1712 жыл, 2002 жылғы Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы (475-б.) – 1723 жыл деп берген. Бұдан басқа 1733 жылды ұсынушылар да бар. Осындай ұсыныстарға негізгі тірек фольклорлық мұрамыздағы атадан балаға жеткен түрлі аңыз-әңгімелер болып отыр. Ал Алматы, Орынбор, Астрахань, Москва, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан қалаларындағы мұрағаттық құжаттар ештеңені жайып салмайды. Ендігі жағдайда неге арқа сүйеуіміз керек, қай жылға тоқтағанымыз жөн, оны қалай анықтаймыз?
Біздіңше, мұрағат қорларындағы Сырым балаларының туған жылдары арқылы және оған шежіредегі деректерді өзара салыстыра пайдалана отырып, қорытынды (онда да шамамен) шығаруға болады. Бұл арада 1992 жылғы Үкімет шешімінде көрсетілген 1742 жыл көңілге қонымды келеді. Оған тарихта белгілі Сырымның үш ұлы – Жүсіп, Қазы, Қамбардың (мұрағатта-Қабылан – Ә.М.) өмірі мен қызметін саралау арқылы да кейбір пайымдаулар жасауға мүмкіндік бар. Орынбор мұрағатындағы 1852 жылғы 24 сәуірдегі мәліметте: “Қазы Сырымов әскери старшын, Байбақты руын басқарушы, 62 жаста. Жазда Үленті, Бұлдырты, Шідерті өзендерін жайласа, қыста Бұлдырты өзені тармағы – Тұзды көлді мекендейді. Ол Байбақты руы Батақ бөлімінің Шолан бөлімшесін басқарады”, — делінген. Яғни, Қазы 1790 жылы дүниеге келген. Ал оның ағасы Жүсіп алғаш рет 1790 жылғы мамырдағы Сырым батырдың мүфти М.Хусаиновпен болған келіссөзінде аталады. Келіссөз барысын жазған журналында мүфти сәуір айының соңында кездесуге алдымен келгендер ішінде Жүсіп тарханның 5 адаммен бірге өз үйінде қалғандығын хабарлайды (Вяткин М. Журнал Оренбургского муфтия. — С.157). ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегіндегі шиеленіскен қазақ-орыс қатынасын реттеуге бағытталған келіссөзге оңы мен солын танитындардың жіберілетінін ескерсек, Жүсіп шамамен 15-20 жас аралығында болған. Жүсіптен кейінгі Сырым балалары 1778 жылғы казак-орыс атаманы Чагановтың шабуылы кезінде қаза тапқан. Міне, енді осындай мұрағаттық деректерге фольклорлық мұрамыздағы:
— Арқаң көп мінген жауыр болсын,
Мінезің қара жерден ауыр болсын,
Өкпең жоқ – бауыр болсын
Құлағыңнан сыбыр кетпесін
Жасың алпысқа жетпесін – деген Сырымға берілген батаны қоссақ, Сырым Датұлының шамамен 1742 жылы туғандығы дәлелдене түседі. Яғни, 1992 жылғы қабылданған Үкіметтің шешімін орынды деген жөн.
Екіншіден, Сырым батыр тарихшылар жазып жүргендей, хандық басқаруға қарсы болды ма? Халық Кеңесін ұйымдастырған реформатор дегенді қалай түсінеміз?
Мұрағаттық деректер Сырымның хандық басқаруды жоюды емес, керісінше, оны күшейтіп, төңірегіне беделді би, батырларды топтастырып, хан ордасын ел ортасына көшіріп, қазақ елі тәуілсіздігі үшін күрескендігін айғақтайды.
1785 жылы 21 наурызда Орынбор коменданты Я.М.Зенбулатовқа жолдаған хатында Нұралы хан Орал қаласынан аттанған 1000-нан аса казак-орыс әскері бейбіт Қазақ ауылдарын шапқанын ашына жазып: “Енді мен осындай қырып-жоюдан соң, халқым алдында иланбайтын хан болдым. Тұтқынға түскен кінәсіз қазақтар елге қайтарылмаса, мен бар беделімнен айырыламын, менің жанымда ешкім қалмайды”, деп хабарлады. Осы тұста Сырым ақпан, наурыз айларында 2 мәрте ханды ел ортасына шақырып, арнайы елші жіберген. Сырым, Барақ, Тіленші батырлар ханнан Ресейге аманат бермей, жанына Айшуақ сұлтанды ертіп, Сыр бойына көшуге үгіттеді. Бірақ Нұралы хан 1785 жылы 4 сәуірде орыс әкімшілігіне “бүкіл қазақ халқы, бауырларым, балаларым менен бөлініп кетсе де, мен патшаға адалмын” деп ағынан жарылды. 
Міне, осыдан бастап Нұралы хан ретінде ел сенімінен біржолата айырылып, араға уақыт сала 1786 жылы көктемде жанына балалары Бегәлі, Артыққалиды ертіп, орыс қорғанына кетті. Оның арты ханның Уфаға жер аударылуымен аяқталды. Патша үкіметі Кіші жүздегі Әлімұлы, Байұлы және Жетіруды бөлек-бөлек хансыз басқаруды көздеген 1775 жылғы реформаны тез арада қазақ сұлтандарының қатысуынсыз жүзеге асыруды қолға алды және оған Сырым батырды пайдалануды көздеді. Ал Сырым бастаған қазақ старшындары Кіші жүз хандығына Қайып Батырұлын ұсынып, оны бекіттіру мәселесін көтерді. Ресей басшылығының Қайыпты қолдамайтындығы белгілі болған кезде 1790 жылы қазан айында жаңа хан сайлау тағы күн тәртібіне шықты. Қ.Ескендіровтің хабарына сенсек, бір топ Есім сұлтанды жақтаса, Сырым, Көккөз, Дөнен, Бөдене, Наурызәлі бастаған екінші топ бүкіл Кіші жүз халқы жиналса және оған Әбілқайыр, Қайып ұрпақтары келсе, хан сайлау мәселесі дұрыс шешіледі деген өз талабын қойған екен. 1792 жылы 11 қыркүйекте Сырым, Сарыалтай, Сегізбай, Қаракөбек, Басықара би, батырлардың Ресейге қарсы соғыс жариялау себептерінің бірі Ерәлі ханды Халық Кеңесінсіз бекітуі еді. Міне, осы дәлелдердің барлығы Сырымның хандық басқаруды жоюды көздеді деген орыстық, кеңестік тарихнаманың қорытындысы өзге ұлттарды Ресейге зорлап қосудағы саясатын ақтаудан туындаған империялық пиғыл екендігін айғақтайды. Ал Халық Кеңесі қазақ тарихында бұрыннан болды. Оны да өз ыңғайына пайдаланған орыс саясаткерлері түбінде сәтсіздікке ұшырады. Қазақ үшін халық-хан-кеңес ажырамайтын ұғым еді. Нұралы ханның: “Мені қарамағымдағы қазақтар Ресейге адалдығым үшін мұсылман санамайды, тіпті жанымдағы адамдарды да Ресейге берілген, бізді сатқындар ретінде есептейді”, – деп налуы да содан.
Үшіншіден, Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың хронологиясын бұрынғы 1783-1797 жылдар аралығымен шектелмей, 1801 жылға, яғни, Кіші жүз қазақтарының Еділ-Жайық аралығына заңды құқылығы мойындалғанға дейін созған дұрыс. Өйткені қозғалыстың бірден-бір мақсаты жайылым мәселесін шешу болатын. Бұған қоса, қозғалыс халықтың әділ ханға деген сенімінің әлі де күштілігін дәлелдей отырып, патша үкіметінің қазақтарды дәстүрлі басқарудан ресейлік жүйеге көшіру туралы 1775 жылғы реформасын жүзеге асыртпай тастады. 1799 жылы 22 мамырда Сырым Датұлы генерал-майор Н.Н.Бахметовке жолдаған хатында: “Астрахандықтар мен Оралдықтардан адам айтқысыз жәбір көрген қазақтар маған келіп көмек сұрады. Подполковник Михайлов талабын өзім қанағаттандырған тұста, қазақтар маған реніш білдірді... Сондықтан О.А.Игельстром құрған қазақ-орыс, қазақ-башқұрт мәселесін қарайтын арнайы комиссияға қызмет жасатсаңыз”, дей отырып, өзінің ендігі жағдайда халқы үшін қызмет жасауға даяр екендігін хабарлайды. Кейін, 1801 жылы Сырым халқына Нарынға қарай көшуге батасын берді. Яғни, қозғалыс негізгі мақсатына жетті. Төртіншіден, Сырым Датұлының 1802 жылы қайтыс болғандығы дәлелденгенімен, оның қай жерде жерленгендігі бүгінге дейін нақты анықталды деу қиын. 1815 жылы 12 маусымда Орынбор әкімшілігіне жолдаған хатында Бородин “атақты, елге сыйлы Сырым тархан Үргеніш қаласында қайтыс болған” (ОрОММ 6қ., 10 т., 1287 іс, 5п) деп хабарласа, Ығылман Шөрекұлы дастанында Жәңгір ханның Исатай батырға:
Шаптым деп ханды мақтанба-ай
Үргеніште қалған Сырымдай,
Сүйегіңді шетке көмермін, – дегенінен бері араға екі ғасырға жуық уақыт өтті. Алайда Үргеніште қайтқан Сырымның денесі қай қорымға қойылды? Егемендікке қол жеткізуімізбен басталған ізденістер оның Өзбекстан Республикасындағы Нүкіс қаласына 60 шақырым жердегі Гежек батыр немесе Үргеніштен қашық емес Ғайып ата қорымында жерленген деген қорытындыға келді. Екі жақтың да негізгі арқа сүйер тірегі – жергілікті қарттар мен Сырым бабамыздың аталастары айтты деген пікірлері ғана. 2007 жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен Өзбекстанға арнайы барған ғылыми-зерттеу экспедициясы жоғарыдағы екі қорымды да мұқият тексеріп, археолог ғалымдар қорытындысына сүйене отырып, Сырым Ғайып баба қорымында жерленген деп түйіндейді. Бірақ көңілдегі күмән сейіле қоймады. Сырым өлгеннен кейін сол жерде көшіп-қонған ұрпақтары, оның мәңгілік мекенін кейінгі ұрпаққа неге дәл көрсетпеді? Жүсіп, Қазы Сырымұлдары өле-өлгенше Хиуа хандығымен байланыста болды. Патша үкіметінің тыңшылары Жүсіптің қарындасының Хиуа ханы бауырына тұрмысқа шыққанын, одан да басқа туыстық қарым-қатынас орнатқанын анықтады. Олар сөз жоқ, Сырымның жерленген орнын білгенімен, оны құпия ұстаған, көпшілікке көрсетуді жөн санамаған. Жүсіп Сырымұлының Арынғазы ханмен бірге Санкт-Петербургте, кейін Калугада 1821-1829 жылдар аралығында тұрақтаған кезінде де патша үкі­метіне ол турасында еш сыр ашпаған. Сыр бойындағы Шөмекей руларына 1835-1836 жылдары барып қайтқан И.В.Виткевич: “Жүсіп Сырымов Хиуада тұрады. Орыс үкіметі оған алтын, күміс медальдар бергенімен, ол бізге сенбейді. Оның себебі түсініксіз”, деп те хабарлаған. Оған себеп те жоқ емес еді. Жүсіп ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ресей отарлауына қарсы болған Арынғазы (1815-1821), Жоламан (1820-1846), Қайыпқали (1827-1829, 1836-1838), Исатай-Махамбет (1836-1838) бастаған ұлт-азаттық қозғалыстарға белсене қатысты. Ал Қазы да сырт қала қоймаған-ды.
1839 жылы 16 ақпанда Баймағамбет Айшуақов Орынбор шекара комиссиясына Қазының үстінен шағым түсірді. Содан Қазы 1851 жылға дейін қатаң бақылауда жүрді. Бұдан шығатын қорытынды Жүсіп те, Қазы да Ресейге сенбеді. Ал Хиуаға ше? Хиуаның да қай уақытта да қазақтарды өзіне қаратып, Ресейге қарсы тұрар ортадағы қорған ретінде пайдаланғаны белгілі. Әрине, Сырым ұрпақтары оны түсіне білді. Қазақ-орыс қатынасы шиеленіскен ке­зеңде Хиуа әскери көмек берем деген уәдесіне тұрмады. Ата шежіреде Сырымның Хиуа ханымен айтыс-тартысы да байқалып қалады. Қалай дегенмен де Сырым екі ел ортасында өз саясатын жүргізді, мүмкіндігінше елінің тәуелсіздігін биік ұстады. Қазақты отарлап, игеруге тырысқан Ресейге де, Хиуаға да қайраткер Сырым түбінде кедергі бола бастады. Оның ақыры тұлға өлімімен аяқталды. Сырым Датұлының өлімі кісі қолынан болғандығы анық. Бүгінге дейін оны Ресей, Хиуа және Қаратай сұлтан ұйымдастырды деген үш түрлі пікір бар. ХХ ғасырдың басындағы атақты заңгер, Қаратай сұлтанның шөбересі Бақытжан Қаратаев “Обзор материалов по истории колонизации казахского края 1869-1870 гг.” атты қолжазбасында Сырымды өлтіруге атасының тікелей қатысы болғандығын айтады. Мұны сырымтанушы М.П.Вяткин де жазады. Ал ата шежіреде, Ғұмар Қараштың 1911 жылғы “Сырым батыр” өлеңінде оған хиуалықтардың қатысы суреттеледі. Бұған 1798 жылғы орыс патшасының Сырымды Санкт-Петербургке ұстап әкелу не өлтіру туралы бұйрығын қосыңыз. Қорыта келгенде, патшаның тапсырмасы араға жылдар сала жүзеге асты. Ал оның хиуалықтар қолымен орындалғаны ендігі жағдайда айдай анық.
Ендігі бір мәселе, Сырымның көркемдік образы тұрғысындағы бейнесі – суреті бізбен қалай қауышты? Оны салған кім, неге сүйенді?
Сырымның орыс қорғанында 5 ай бойы түрмеде жатқаны, бірнеше рет Орынбор әкімшілігі елшілерімен кездескені тарихтан белгілі. Олай болса, оның суреті өз заманында-ақ қағазға неге түспеген? Ең болмағанда, патша шенеуніктері, тыңшылары, әскери күштері Сырымның соңына түсіп, қазақ даласын кезген кезінде оны қалай іздеген? Ол турасында сұрақ көп болғанымен, мұрағат қорларынан жауап кездеспей отыр. Сондықтан да тағы да ел аузындағы аңыздарға жүгінуге тура келді.
Ата шежіредегі Көбек бидің Сырымға: “Сарғыштау екенсің. Қоңырлау болғаның тәуір болатын еді, шіркін, келіп қалай босағасын түзей берсін”, Бақай сыншының: “Шешең қараторы, қайратты... еді”, Хиуа ханының: “Сырым мен Есқара адамның қызылқайыңы мен сырттаны екен. Бұл екеуінің ел шабу қолынан келеді екен”, Ұрышта ақынының Қазы Сырымұлына: “Кебеже қарын, кең құрсақ. Әкең сенің Сырымды” немесе Байбақты қызының: “Сырымда үш қасиет бар: біріншісі – батырға біткен тұлғасы, екіншісі – өжет мінезі, үшіншісі – асқан даналығы деп естуші едім. Сырым маған қыран топшылы, толық денелі, кең иықты, шалқақ төсті, жолбарыс бетті болып көрінді, басы да елден ерек, торсық шекелі екен”, дегендері алғаш рет Жәрдем Тілешовтің 1945 жылы соғыста жүріп жазып бітірген “Сырым батыр” дастанында:
Тұлғасына қарасам
Адамға біткен бір алып...
Ажарына қарасам
Ашулы көкжал арыстандай,
Қабағы тым қатыңқы
Қара бұлт басқан аспандай
Сәукеле қара сақалды
Азын-шоғын ақ бардай, – атты жолдармен жинақталып, сомдала түсті. Біздіңше, осындай ата шежіредегі анық суреттеулер Сырым портретіне негіз болған. 1992 жылы Сырымның 250 жылдығын атап өтуге құрылған комиссия уақыт талабын ескеріп, бабамыздың бейнесін салуға арнайы конкурс жариялады. Конкурста суретші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор М.Қалимовтың “Сырым батыр” портреті жеңімпаз атанды. Сөйтіп, Сырым бейнесі халқымен табысты.
Дегенмен, тарихшылар, өлкетанушылар мұрағат, мұражай қорларынан ізденістерін тоқтатпай, жалғастырғаны жөн. Ал М.Қалимов салған баба суреті ата шежіремен және ұрпақтарымен үндескендіктен, барлық басылымдарда көрініс тауып, Сырым батырды бейнелеген өзге суреттерге жол бермеуі тиіс. Бұл арада әркімнің жеке жауапкершілігі – басты міндет. Мәселен, 2001 жылы “Елтұтқа” оқулығындағы Сырым баба суретіне назар аударсаңыз, жоғарыдағы талаптың заңдылығы анық сезіледі. Қорыта келгенде, ел қамын жеп, өле-өлгенше ат үстінен түспеген Сырымның батырлық, қайраткерлік тұлғасы басты назарда болса, ол көпшілік игілігі болмақ.
Алтыншыдан, Сырымның өз заманындағы тарихи тұлғалармен қарым-қатынасы да қайта сараланғаны жөн. Оның Нұралы ханмен құдандалығы 1780 жылдары жүзеге асты. Хан осы кезеңнен бастап Сырымды Орынбор әкімшілігіне “менің құдам” деп мақтанышпен жазған. Оған дейін 1775 жылдан Сырым Байбақты руын басқаруға әкесінің батасын алған Есім сұлтанның ақылшысы да еді. Б.Қаратаевтың жазбасында: “Нұралы хан Сырымның қарындасына үйленді, олардан екі ұл – Қоңырау және Жалтыр дүниеге келген”, деп толықтырған. Яғни, туыстық байланыс орнағанына қарамастан, Ресейдің отарлау саясаты, оған көзқарас екі тұлғаны қарама-қарсы шепке бөлді.
Сырым Кіші жүздің бір бөлігін билеген Батыр хан ұрпақтары Қайып хан, Қарабай сұлтан, Әбілғазы, Шерғазы сұлтандармен де сенімді байланыс орнатты. Олар арқылы Бұхара, Хиуа, Түркия билеушілерімен келісімге келді. Сондықтан да Сырым үнемі оңтүстіктегі бауырларына алаңдап, сеніммен қарап, ұзақ үміттенді. Қайып балаларымен оң қарым-қатынасты Сырым өлгеннен кейін де ұрпақтары жалғастырды.
Сырымның Есім сұлтанды өлтірді деген тұжырымдарды да мұрағат деректері өзгеше түсіндіреді. Ол турасында батыр “ханды өлтіруші Тілеп Қойбашевтің Орынбор губернаторында екендігін” алға тартқанын жаңаша ой елегінен өт­кізелікші. Бар қазақты қосып, ортақ істі тындырып, көптің келісімін мақсат тұтқан Сырымдай тұлғаны, оның үстіне жас кезінде ақылшы аға болып, тәрбие берушіні Кіші жүз халқын екіге бөлер оқиғаға қалай қиямыз? Қанды оқиғадан кейін Қаратайдан басқа өзге сұлтандар неге Сырыммен өштеспеді? Нұралының үлкен ұлы Бөкей сұлтан, Әбілқайырдан қалған Айшуақ сұлтан, олардан тараған мыңдаған ұрпақ неге үнсіз қалды? Өлім кімге тиімді болды? Сырымның Орынбор әкімшілігін меңзеуі неліктен? О.А.Игельстром хандық басқаруды Сырым арқылы жоямын деп сәтсіз реформа жүргізіп, Орынбор өлкесін басқарған губернаторлық қызметімен 1790 жылы қоштасқан-ды. Ал 1796 жылдың соңында ол Орынборға губернатор қызметіне қайта оралды. Араға үш ай сала, 1797 жылы 27 наурызда Есім хан Красноярск форпосты маңында өлтірілді. Бұл кезеңді А.И.Левшин: “Есім хан Ресейге адал болды, ол арқылы көптеген қарсыластар тапты”, Л.Мейер “Есім ханға қарсы бүкіл қазақ даласы көтерілді” деді. Мұндай жағдайда, әрине, хан қазақ ішінде емес, керісінше, орыс шекарасында отырды. Ішкі тартыс шегіне жетті. О.А.Игельстром үшін Сырымнан өш алатын сәт туды. Жоспар қазақтар қолымен жүзеге асты. Оның артында ұлы империялық ойын жатқанын Сырым түсінгенімен, Қаратай сұлтан ұғынды деу қиын.
Қанды оқиғадан кейін 1797 жылы 29 тамызда орыс шекарасынан қашық емес Кіші Қобда бойында өткен Хан Кеңесіне беделді деген Әлімұлдары, Байұлдары және Жетіру руларының 1000-ға жуық би, батырларын ертіп келуі Сырымның биік парасатын дәлелдегендей. Олай болса, Сырым ел ішінде қалды, тарихи міндетін жалғастыра берді.
Қорыта келгенде, Сырым тарихы – еліміздің тәуелсіздігі жолындағы халқымыздың азаттық күресінің құрамдас бөлігі, оның қайыспаған қайраткер ерлерінің жарқын бейнесі. Оның тарихы болашақ ұрпақ үшін әрқашанда үлгі өнеге, тәрбие алар сабақ болып қалмақ.

 
01.03.2011 16:27