Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155307

Бұрындық хан

Бұрындық хан
(1480-1511 ж.ж. билік құрған)
Бұрындық хан – Керей ханның үш ұлының бірі. Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Орта ғасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады.
Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы дәуірімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге болады.
1. Оның Қазақ хандығы құрылуының екінші кезеңдегі атқарған рөлі, бұл шамамен 1469-1472 жылдарда болған;
2. 1472-1473 жылдардан XV ғасырдың 90 жылдарының ортасына дейін, қазақ хандығының батыста ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күрестегі атқарған рөлі;
3. XV ғасырдың 90-жылдарының ортасынан XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығы ішіндегі Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар, Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі.
Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіне қатынасуы 1469-73 жылдардағы оқиғалардан көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынандай оқиғалар болған еді: 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қайтыс болды. Орнына екінші ұлы Шайх-Хайдар отырады. Оның билігі туралы деректердің бәрі оң баға бермейді. «Тарихи Кипчакидің» авторы Ходжамқұлы-бек Балхи оның жеке басына мынадай сипаттама береді: «Ол жұмсақ мінезді және жігерсіз адам болатын, басқару ісіне өз бетінше қадамдар жасауға қабілетсіз еді» (XV-XVIII ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары.- Алматы, 1969.- Б.393). Осыны пайдаланып Әбілқайырдың кешегі жаулары әр тараптан жорықтар жасай бастайды.
Қазақ хандығынан да бірнеше жорықтар жасалады. «Тауарихи гузидан нұсрат-намадан» басқа «Шайбани нама», «Фатх нама», «Бахр ал-асрарфи манакиб ал ахиар» шығармаларының дерегі бойынша «көшпелі өзбектер» мемлекетін талқандауда қазақ хандығы жағынан тек Жәнібек хан ғана аталады. Ал Керей ханның аталмауын, ол 1469 жылға дейін қайтыс болған дейміз. Бұрындық Керейдің үлкен ұлы болғандықтан әкесінің ұлысын басқаратыны өзінен-өзі түсінікті. Керейдің қашан қайтыс болғандығы жөнінде аңыз дерегі былай дейді: «Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті». Аңызды ел аузынан жинап, жариялаған белгілі археолог М.Елеуов.
Керейден соң хандық билік Жәнібек ханға өтті. Ал Бұрындық болса ұлыс басқарып, Жәнібек ханның жарлықтарын орындап жүреді. Дәл осы жылдарда алғаш рет Бұрындық есімі «хан» деген лауазыммен жазба дерек мәліметіне енеді. Шайх-Хайдарға қарсы Қазақ хандығы тарапынан күресті басқарушы Жәнібек хан болса, ал оны іске асырушы Бұрындық болған. Бұл жөнінде дерек мәліметі: «Жәнібек хан адамдары ішінен Бұрындық хан өз ұлысын жиып, Әбілқайыр хан ұлдарына тарпа бас салды. Олардың қарсыласуға күштері жан-жаққа бытырай қашты. Бұрындық кейін қайтқан соң, олар қайта жиналып бас қосты»,- деп баяндайды. Дерек мәліметінен көріп отырғанымыздай, Бұрындық Жәнібек хан тапсырмасын орындаушы, жорықтың мақсаты – Дешті Қыпшақтағы шайбанилық сұлтандарды жою болған. Жорық біршама сәтті аяқталғанымен, негізгі түпкі мақсат орындалмаған секілді. Бұрындықтың кері оралуымен, бас сауғалап қашқан Әбілқайыр ұлдары қайта жиналады. Соған қарамастан Бұрындықтың бұл жорығы оны тарихта қалдырады. Сөйтіп ол Қазақ хандығының құрылу кезеңіне, әсіресе оның екінші кезеңіне өз үлесін қосады.
Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрінген тұсы – XV ғасырдың 70-90 жылдары болды. Бұл жылдар қазақ хандығы үшін күшею, нығаю және қазақ халқының этникалық территориясын біріктіру жолындағы күрес дәуірі еді. Дәуірдегі ең басты оқиғаға көрсетілген жылдар ішіндегі Қазақ хандығының Сыр өңірі үшін Мауреннахрлық билеушілерімен, шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен жүргізген ұрыстары жатты. Осы ұрыстарда тарих сахнасына қазақ хандарының екінші буыны: Бұрындық, Қасым хандар шығып, қазақ мемлекеттігінің одан әрі күшейіп, нығаюына өз үлестерін қосады.
Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрды. Жәнібек ханның қашан қайтыс болып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бастағаны белгісіз. Ол туралы ешбір дерек жазбаған.
Сыр бойы деп отырғанымыз – Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер. XIV-XVI ғ.ғ. жазба деректер өңірді Түркістан аймағы деп атайды. Аймақ – ХІ ғасырдан бері Дешті Қыпшақтың ажырамас, құрамдас бөлігі және онымен бірге біртұтас шаруашылық, мәдени, этникалық, діни, тілдік кеңістікті құраған. Тек кей тарихи кезеңдерде Сыр өңірі саяси жағынан Мауреннахрға уақытша қарады. Дешті Қыпшақ пен Мауреннахр билеушілері арасындағы XI-XV ғ.ғ. қарым-қатынастың негізгі нысаны Түркістан аймағы болып саналады. Дәлелді болуы үшін ХІ-ХІІ ғасырлардағы қыпшақ хандығы мен Хорезм мемлекеті, ХІІІ ғасырдағы Орда Ежен ұлысы мен Шағатай ұлысы, Орыс хан мен Ақсақ Темір, Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір, Барақ хан мен Ұлығбек, Әбілқайыр хан мен Ақсақ Темір ұрпақтары арасындағы саяси қатынастарды айтсақ та жетіп жатыр. Саяси қатынастар Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де жалғасын тапты. Аймақ үшін күрестің басталуы Бұрындық ханның билігі тұсына сай келеді. Оның қазақ тарихында алатын рөлі де осы Сыр бойы үшін күресте көрінеді.
Сыр бойы үшін жүргізілген күрестің себебін айттық, ал басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхамед Шайбани ханның Мауреннахрдың қол астындағы Түркістан аймағына келіп бекінуі болды. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мауреннахр билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш жоқ болатын. Сондықтан оларға Қазақ хандығының негізгі жауы – шайбанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.
Қазақ хандығы Мауреннахр билеушілерінің бұл әрекетіне бірден қарсы шығады. Қыс мезгіліне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбани хан бекінген Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлерінде ұрысқа түседі. Бірнеше рет болған ұрыстарда жеңіген Шайбани хан қашуға мәжбүр болады. Аймақтың басқа да өңірлерінен айырылу қаупін сезген аймақтың әкімі Мұхаммед Мазид-тархан Шайбани ханды Самарқанға кетуге көндіреді. Осылайша күрестің алғашқы кезеңі Қазақ хандығы үшін сәтті басталып, аймақтың солтүстік өңірлері Қазақ хандығына өтеді. Орны келгенде айта кету керек, бүкіл хандықты Бұрындық басқарып, алғашқы жеңістерге қол жеткізілсе де, деректерде атап өтілгеніндей, Жәнібек хан ұлдары Қасым, Жиренше, Махмұд сұлтандар ерекше көзге түседі. Бұл ұрыстар шамамен алғанда, 1470- жылдардың ортасында өтеді.
Ал XV ғасырдың 80-жылдарында Шайбани мен Мауреннахр, билеушілеріне арқа сүйеп, аймаққа тағы да еніп, солтүстік өңірді басып алады. Бұрындық хан және Жәнібек хан ұлдарының қарсы қолданған әрекеттері нәтижесінде Әбілқайыр ханның немересі Түркістан аймағынан кетуге мәжбүр болады. Ал қазақ хандығы болса аймақтың солтүстік өңірін қорғап қана қоймай, аймақтың орталық және оңтүстік өңірлерінде өз ықпалын күшейте бастайды. Негізінен аймақта Жәнібек ханның 9 ұлының ықпал-әсері өседі. Олардың ұлыстары кеңейіп, қалалар мен жақсы қысқы жайылымдар солардың иелігіне көшеді.
XV ғасырдың 90-жылдарында Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдарының ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқындығын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да ауыр, ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде Мәуреннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті ол негізгі қарсыласы – Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді. Сөйтіп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ ұрыстардан соң соғысушы жақтар келісімге келеді. Келісімнің қорытындысы бойынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады.
Сонымен бірге Бұрындық хан мен Жәнібек хан екеуі арасындағы одақтастықты тереңдету үшін екі қызын шайбанилық екі сұлтанға ұзатады. Мұндай одақтастыққа қарсы Жәнібек хан ұлдары Моғолстан ханымен жақындасып, қарсы одақ құрады. Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша, қазақ қоғамындағы хандық әулет ішінде бір біріне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Бұрындық хан тұсында XV ғасыр соңында Қазақ хандығындағы саяси күштер екіге бөлініп, ол хандықтың сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізеді. Бірақ қалыптасқан жағдай Бұрындыққа абырой әкелмейді. Хан ретінде мемлекеттегі барлық саяси күштердің басын қосудың орнына, керісінше олардың бір-біріне қарсы тұруына, ол күштердің бірінде өзі болуы – оның беделінің құлдырауының басы болды. Бұрындық хан өмірінің қайғылы жағы да осында еді.
XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығында Бұрындық хан өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген күрделі ірі оқиғалар болып өтті. Ол оқиға тағы да Мұхаммед Шайбани хан есімімен байланысты еді. 1500- жылдың жазында Самарқан тағына келген шайбанилық сұлтан айналасы 3-4 жыл ішінде бүкіл Мауреннахрды біріктіріп, Моғолстанның қол астындағы Ташкентті моғол ханынан тартып алды. Моғол хандары Сұлтан Махмұт пен Сұлтан Ахмет хандар қолға түсіріледі, бірақ Шайбани хан оларды босатып жібереді. Әбден күшейген Мұхаммед Шайбани хан 1505-жылдан 1510-жылға дейін қазақ хандығына қарсы 4 рет жорық ұйымдастырады. Жорықтардың алдына қойған саяси және экономикалық мақсаттарына қазақ хандығын бағындыру не әлсірету және Түркістан аймағын Мауреннахрға қосу жатты.
Бұрындық хан дәл осы жорықтар кезінде үлкен қателіктер жіберді деп есептейміз. Оған дәлеліміз мынадай: Алғашқы үш жорық кезінде Бұрындық хан жауға қарсы ешқандай шара қолданбайды. Шайбани хан емін-еркін Жәнібек хан ұлдары: Жаныштың, Тыныштың ұлыстарыын ойрандап, мыңдаған мал-жанды олжалайды. Тіпті 1509-жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде, өз ұлысына қарай жау әскерінің келе жатқанынан хабардар болып, ешқандай қарсылық көрсетпей, қашуға мәжбүр болады. Бұрындық ханның шарасыздық ісін, оның әдейі жасаған жоспарлы ойы деп түсінеміз. Жәнібек хан ұлдары неғұрлым әлсіресе, соғұрлым оның күші өсуі тиіс еді. Бірақ бәрі керісінше шықты. 1510-жылдың қысында жау тағы да қазақтарға жорық жасайды. Бұл жолғы жорық бағыты Қасым сұлтан ұлысына қарсы бағытталады.
Қасым ресми хан болмаса да, осы жылдары оның беделі Бұрындық ханнан да күшті еді. Қазақ хандығының құрылуы кезінде белсене араласып, одан кейінгі кезеңдерде хандықтың күшеюіне өз үлесін қосқан Бұрындық хан XVI ғасырдың алғашқы жылдарында үлкен, мемлекеттік дәрежеде көрегендік көрсете алмайды. Елдік мүддеден жеке, тар мүддеге көшу оның беделін түсіртті, атақ-абыройын жоғалтты. Бұрындық ханның тағдыры әркімге де тарихи сабақ бола алады.
Әдебиеттер:
Қазақ хандықтарының құрылуы. Қазақ халқының қалыптасып болуы. Бұрындық хан туралы // Қазақ ССР тарихы.- Алматы, 1957.- Т.1.- Б.153-154; 157
Кәрібаев Б. Бұрындық хан // Егемен Қазақстан.- 1998.- 16 қазан

 
15.10.2010 11:55