Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155141

Ұлттық ойындар мен өнердiң тәрбиелік сипаты

Ұлттық ойындар мен өнердiң тәрбиелік сипаты
1. Ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызы.
2. Ұлттық ойын-сауық түрлері туралы.
3. Әдет-ғұрып ойындары арнаулы жырмен, айтыспен басталуы.
Ойнамайтын бала жоқ. Ойынға қызықпайтын адам жоқ. Көңiл көтермейтiн адам, сауық құрмайтын халық жоқ. Үлкен де, кiшi де ойнап көңiл көтередi, бiр нәрсеге берiле қызығады, әр жетiстiктен қанағат табады. Ал қызығу, қуану, қанағаттану - өмiрдi тамашалаудың көрiнiсi немесе өмiрде сауық құрудың нышаны. Ойын-сауыққа үлкен-кiшiнiң бәрi де әуес. Айтпағымыз, өмiр кейде ойын-сауыққа ұқсас, ойын-сауықсыз адамның өмiрiн көз алдыңа елестете алмайсың. Ойынның тарихы тереңде, көне дәуiрден басталады. Оның қалыптасу кезеңдерi мен тарихы өз алдына әңгiме. Ойын халықтың өмiр сүру салтынан, өмiр сүру үшiн күресiнен туындаған қажеттiлiктiң бiрi. Ойын-сауық еңбектiң мазмұны мен құралына орай түрленген, жетiлген. Қазақ — ойын-сауықшыл халық. Бүгiнде қазақтың 100 ден аса ойын түрлерi мәлiм. Қазақ “баланы жастан” дегенде, ойын-сауық арқылы жасөспiрiммен тәрбиелiк жұмысты ертерек және жас ерекшелiктерiне қарай жүргiзудi пайымдайды. Ойынсыз ұрпақтың кiм екенiн, халықтың қандай екенiн бағалау екiталай. Адам мен ойын түйiндес, түбiрлес. Ойын-сауық қазақтың әдет-ғұрпына үнемi және айқын ықпал еткен.
Айталық, тас дәуiрiнде қалыптасқан - таяқ жүгiрту, асық, ақсүйек, темiр дәуiрiнде тараған — қарағие, садақ, бергi феодалдық дәуiрдегi, яғни үйсiн, қаңлы хандығы кезiндегi — ақбайпақ, алтыбақан, арқан тартыс, белбеу тастау, жасырынбақ, көршi бұғынай, айдапсал т.б. ойындарды бүгiнде бiлетiндер де, бiлмейтiндер де аз емес. Жануарлардың қозғалысына елiктеп жасалынған қозғалыстар да бертiн келе ойын бидiң арқауына айналған. “Аң аулау” билерiнiң түрлерi бiр iзге келтiрiлмеген. Дегенмен олар барлық қауымдастық мүшелерiн қызықтырғанын ескерсек, оның тартымды түрлерiнiң көп және жаттығуға икемдi болғанына күмәнданбаймыз.
Қыпшақтардың тайпалық одақтары түрiк қағанатына қосылғанда хан жақсы ма, ханды қара басты, шалма, қарамырза, сайыс, ат үстiндегi тартыс, аударыспақ, балтам тап, аударыспақ, “көк бөрi тарту” сияқты ойын түрлерi таралған. Ұлттық ойынымыздың тарихы туралы Рашид-ад дин, Низами әл-Мулк, Мосуди, Махмұд Қашқари сынды ғұламалар пiкiрлерiн қалдырған. Батыстың XIII ғасырдағы саяхатшысы Марко Поло Жетiсу жерiндегi үлкен жиында “Қыз қуу” ойыны мен “Қыз бөрi” ойынын көргенiн естелiктерiнде тамашалап баяндайды.
Ойында өмiрдiң еркiндiгi, кедергiсi мен мақсаты анықталынады. Ойын-сауық — жеке адамның даму қажеттiлiгiн арттырады, қарсыласпен татуласу немесе оны жеңу жолдарын iздестiредi. Шаруашылықтағы қимыл-әрекеттi осы биiк мақсатқа көтердi. Ойын — адам ойлану және дене қабiлетiнiң бәсекесi, қарсыласпен ашық жарыс. Оның мақсаты — жеңiске жету, ойындағы адамның қабiлет күшiнiң үстемдiгiн көрсету, дәлелдеу.
Кейде ойындардың аттары, атаулары өзгерiп жатса да, олардың ойналу мазмұны сақталып қалған, сөйтiп әдептiң түрлерiн қалыптастыруға септiгiн тигiзген. Мысалыға, ақсүйек ойынының басқа түрiк тiлдес елдерде орда, тоқтышақ сияқты атауы да бар немесе лек жалау ойынының шiлiк, қарыс ағаш, шөлдiк және т.б. түрлерi бар. Бұл ойындарды әуелi балалар ойнаса, кейiннен оған жiгiттер мен ересектер де қосылған. Таралуы жағынан ойындар ересектерден балаға мұра ретiнде жиi қалдырылған. Мемлекеттiк құрылым қалыптасқан сайын ойындар халықтық мерекенiң құрамына енген. Ойындар халықтық той-думанның оттығына, көпшiлiктiң ортақ сауығына айналды. Кез келген жыйын-той күрессiз, ат пен жаяу жарыссыз, айтыс, ән мен күйсiз, аң аулаусыз өтпейтiн болған.
Көшпендiлер табиғи күш атасы атанған. Малмен жүрген көшпелi халықтың алдымен далада, ашық алаңда, түнде ай жарығында сауық құратын ойындары қалыптасты. Жарыста адам да, оған қатысқан төрт түлiк түрлерi де сынға түстi. Солардың iшiнде бiзге мәлiмi ақсүйек, алтыбақан, айгөлек, арқантартыс, көксиыр, соқыртеке, түйе-түйе, белбеу тастау, қасқұлақ, моңданақ, ақбайпақ, түйiлген шыт, тиын салу, ақшамшық, ақсерек-көксерек, көршi, шалма, шымбике, инемдi тап, айдапсал, қарамырза, қарт-қарт, жылман т.б., сондай-ақ ат жарысы, түйе жарысы кеңiнен таралған. Жарысқа астында көлiгi бар, бiлегiнiң қарымы мықты адамдардың бәрi де қатыса алған. Өйткенi көшпендiлердiң кiшiсiнен үлкенiне дейiнгiлер әлгi аталған түрлi ойындардың тәсiлдерiн шебер меңгере бiлген. Ойынның түрлерi күнделiктi тiршiлiкте, маусымдық жиындарда тартымды орын алды. Ойын адамның жаны мен тәнiн сергiттi, өз бетiнше еңбектенуiне баулыды, топ таңдауды үйреттi.
Шаруашылық пен еңбек процесi ойынның түрлерiн көбейттi, ойынға қойылатын талапты күшейттi. Ойында қолданатын әдiстерге арнайы жаттығу керек болды. Ойын заттары мен бұйымдарына деген ұқыптылық жалғасын тапты. Ойынды өткiзу туралы келiсiм жұмыстары жанданды. Ойынды өткiзетiн арнайы кеңiстiк алаңдар таңдалды. Бiртiндеп атамекенiне және атажұрт салтына деген құрмет көзқарастар қалыптасты. Әр ойынның белбасарлары анықталды, олар көптiң құрмет-сыйына бөлендi. Ойын өнердiң түрiне, топты ұйымдастыру тетiгiне айналды. Содан ойын өнерi ұлттық әдеп-ғұрыптың қалыптасуына, сақталуына үлкен ұйытқы болды, ықпал еттi.
Дала ойындары ашық та, икемдi. Талаптарына шартты түрде келiсуге болады. Ойын тәртiбiн ойыншылардың өздерi де, көрермен де бағалауға бiрдей мүмкiндiк алды. Ойынға төрешiлiк халықтық сипатта жүргiзiлдi. Үлкендер, ел ақсақалдары баталарын берiп, ойынның басталуына рұқсат бердi немесе жеңгендерге табыс пен шапағат тiледi. Халықтық ойындар бiртiндеп дәстүр мен еңбек мерекесiне айналды, әдет-ғұрып негiзiнде тамыр жайды, жасөспiрiмдердiң қозғалмалы ойындары ретiнде өрiс алды.
Қазақтың әдет-ғұрып ойындары халықтың бастан кешкен қилы-қилы оқиғаларын бейнелеп, баяндап бередi. Оған Наурыз мерекесiндегi ойын-сауық түрлерi дәлел болмақ. Наурыз — күн мен түн теңелген, “ұлыстың ұлы күнi”, шығыстағы көптеген көне халықтардың дәстүрiнде жаңа жыл күнi. Наурыз — наурыз ойын-сауық, спорт пен өнер тоғысқан халықтық мерекенiң думанды салты. Наурыз үлкен мен кiшiнiң, еркек пен әйелдiң, ақын мен бишiнiң, ауылдағы мен қаладағылардың спорт пен өнер саласындағы ашық жарысы. Жарыста күштiлердiң күштiсi, жүйрiктердiң жүйрiгi “жүгiрiп озады, қуып жетедi”, бiлектесiп жеңедi, сол өнерiмен ел құрметiне бөленедi.
Ойын — бiржағы, дене қозғалысы, шыныққан дененiң шеберлiгi, бiржағы көңiл көтеру, дем алу, бiржағы бас қосып бiрлесу, әдет-ғұрыпты жалғастыруға үндесу. Шаруашылықтан бос кезде той-думан мен ойын-сауықтар жиi атқарылады. Той-думан, ойын-сауық адамды, ел-жұртты жаттыққа жiбермейдi, тұтастыққа, бiрлiкке тартады. Ойын-сауықта адам табиғатпен табысты, тынысын кеңейте алды, ұнатқандарымен жақындасты. Табиғи көркемдiкке қызыру, оны тамашалау көшпендiлердiң жас кезiнен қанына сiңген қасиет. Ойын - ұрпақтар өмiрiн үйлестiрудiң дәстүрлi ән-бимен өрнектелген сауық түрi. Оған қатысушылар тамаша құратын орынды, уақытты, ортаны өз ерiктерiмен iрiктейдi, оны өткiзудiң рәсiм-салтын икемдейдi. Осыдан орын мен ортаға деген әуесқойлық күшеедi. Ойыншылар тағдырластарымен, өзiмен жақындастарымен кездесiп, өзара сырласуға және жарысуға мүмкiндiк алады. Бұдан ашық мiнездiң, жарқын жүздiлiктiң лебi естiп, ән-күйдiң тоғысы жаңарып жатады. Ойыншылар — көптiң көңiлiн аулайтын өнерлiлер, өзiнiң мәртебесiн көтермелейтiн өнегелiлер. Ойын  үй мен даланың төрiнде өттi, ойыншылар — елдiң  көз алдында, көңiлiнен құрмет тапты.
Қазақтың ойын-сауығы достық пен қонақжайлықтың белгiсi және көптiң басын бiрiктiрудiң кепiлдiгi, сүйкiмдi әншi мен әңгiмешiлерге мұқтаждықтың айғағы. Ойын-сауықта жалғыздық сезiм, арам ниет адамды билей алмады, ойыншы үнемi iзденiсте болады. Ондағы құдiрет -өнерпаздық, өзара түсiнiстiк және келiсiмге жол табу. Адамзат қашанда болмасын осы үш құдiретке тәнтi болған, сол құндылыққа жетудiң мүмкiндiгiн арнайы және үнемi iздестiрумен әуреленген.
Қазақтар әдемiлiкке әуес халық болғандықтан, оны әшекейлеудi дәстүрге айналдырған. Сол рәсiм — қыз-келiншектер мен тұяғы жерге тимес тұлпарлардан басталған. Әйелдер гауһар тастан жасалған әшекей бұйымдарды, жылтырақ, зергерлiк бұйымдарды жақсы көрген. Өздерi жiбектен, матадан, жүннен әшекейлеп тiгiлген алуан түстi өрнектi киiмдер киген. Әйелдер үшiн әсемдiкке, әдемiлiкке, әшекейлiкке әуестiк олардың қанына туа бiткен қасиет. Әсемдiк пен әдемiлiк еңбекпен келдi, оны жақсы көргендер ойын-сауыққа үйiр болады. Сондықтан әйелдердiң ұқыптылары, шыдамдылары, еңбекқорлары ойын үстiнде әсемдiкке деген тәнтiлiгi мен сезiмталдығы мен ықшамдылығы еркектерден асып түседi. Көшi-қонның барлық шаруасы мен жұмыстарын ештемеден ерiнбейтiн әйелдер мiнсiз атқарады. Әйелдер өз байлығын, әшекейiн көрсету үшiн көңiл көтеруге, әдемi мiнезiмен сүйiктi болуға тырысады, өнеге көрсетедi. Сондай сүйкiмдiлiк пен сүйiспеншiлiктi ортадан, жақын жандардан да күттi. Әдемiлiктi әнмен, шешендiкпен жеткiздi. Отбасындағы тұрмыс та, көңiл-күй базары да, негiзiнен, әйелдiң еңбегiне байланысты. Сырт қонақтар бiрауыздан: “Қазақ әйелдерiнiң бет әлпеттерiнен ақылдың белгiсiн жиi көруге болады” — деп шындыққа оралып жатты.
Ойын-сауық — тәжiрибе мен тәсiлдiң еркiндiгi, тапқырлық пен болжамның қиылысатын шебi, мұрат пен меженiң тоғысқан шеңберi. Жарыссыз ойын, ойынсыз әзiл-қалжың бола бермейдi. Ойын-сауық қара күш көрсететiн озбырлық немесе бiреудiң намысын жыртатын қастандық емес. Ой өтiмдiлiгi мен сөз өткiрлiгi, күш пен қабiлет ашық сайысатын ортада көрiнiп, дiлмарлар, шешендер, шеберлер өз мәртебесiн мойындатып жатады. Ойын серiктестi таба бiлуге, онымен тiл табысуға үйретедi. Ойында адам қарсыласының олқы жән оң жақтарын дұрыс анықтауға ерекше мән бередi, оның күш-қабiлетiн тура бағалау ережесiне ередi. Ойнаушы бәсекесi мол қарым-қатынастың тәртiбiне жүгiнедi. Әр ойынның өз тәртiбi, тәсiлi және тәжiрибесi бар. Сол тәртiп, тәсiл, тәжiрибенi бiлген адам тезiрек қалыптасады, жан-жақты жетiледi. Ойын - адамның қабiлет-қасиетiн ширататын, шымырлататын жүйелi iс-әрекеттiң көрiнiсi.
Ойын-сауықта кiсiлiк қасиет шыңдалады, адам қабiлетiнiң құндылығы артады. Әр деңгейдiң өз өнерi мен өнегесiне қызыққан шетел саяхатшылары осы қайталанбас табыстарды қанша мәртеге дәл сипаттап жеткiзе алған.
Ән-би — сауықшылардың өнерi ғана емес, теңдiк пен туыстыққа тартатын өнегелi өмiр. Ән-би сауығы қысылып-қымтырылудан арылтатын, еркiндiкке емiренушiлiк, әркiмнiң қырағылығы мен көрегендiгiне демеушiлiк ететiн ашық өнер, оның қызбалы түрi. Мысалға, әншi мен бишi, қалжыңқой не айтамын десе де, аңшы ненi атамын десе де өз еркiнде едi. Ән-би, қуаныш пен жұбаныштың бейнелi тiлi. Өнер тiлiмен орындаушы мен көрермен, жеке мен көпшiлiк өзара тұсiнiсе де, таныса да алады. Мұның бәрi де, бiржағы, сыртқы көрiнiстерге ұқсайды, бiржағы, өзiндiк кемшiлiктi жеңудiң, өзiндiк табысқа жетудiң амалды әрекетiне жатады. Осындай белсендiлiкке қазақтың балалары ерте араласқан. Ойын-сауықтары белсендiлiк - мiнездегi кемшiлiкке, жеке адам мен қоршаған ортадағы келiссiздiкке қарсылық, сондай-ақ бойдағы ебедейлiктi көрсетуге шек қоймай жан таласу. Бұл ашық та, нақты сайыс. Оған деген халықтық ықылас жоғары болды. Қолдауы басым ортада әркiм өзiнiң көргенiн, көкейiндегiсiн жеткiзуге алаңсыз әрекеттенедi. Өз қалауынша жарыстың түрi мен әдiсiн таңдайды. Ойындағының бәрi де өтпелi-төкпелi емес. Түптеп келсек, ойын тәртiпке, тапқырлыққа, туралыққа үйретедi, қалжың-әзiлден нәр алады, бас қосып жүздеспек iңкәрден серпiлiс табады.
Осы ерекшелiктердiң ұлттық сипаты мен көрiнiстерi бар. Ұлттық ойын — халық өнерi мен мәдениетiнiң негiзгi бiр саласы.
Ойын кезiнде қазақтың ұлттық ойындарына тән ерекшелiктердi қалай ұғамыз, оларды қолдауға қаншалықты бейiмбiз деген көкейкестi сұрақтар өздiгiнен туындайды. Ұлттық ойын-сауықтар — ұрпақ пен елдiктiң елшiлiгi, халықтың әдет-ғұрпының көрiгi, әр перзенттiң жүрегiндегi оттығы. Мұндай өтiмдi құндылықтар ойын-сауықтың ортақ сақтық қорын, жарқын дүниенi демейтiн әдеттiң қайнар көзiн құрайды.
Ойын-сауықта адам кемшiлiкке налымайды, жалғыздықтың жамандығына шалынып, ұрына бермейдi. Бiрде дауыстап, бiрде белдесiп, бiрде жүгiрiсiп ойын-сауықтың берекесiн келтiргендердiң ортақ ережесi болды. Ол: ойын-сауықта бiрiн-бiрi тек сыйлау, өзара сыйласу, бiр-бiрiне сыйымды болу, әдiлдiктiң әлiппесiн аяқ асты етпеу едi. Сауық құру — жарқын көңiл базары, иманжүздiлердiң ажары ретiнде, татулыққа дем беретiн қарапайымдылықтың қуаты, алғырлықтың қайырымдылығы мол ағымына айналды. Мұндайға мейiрiмдiлiк пен меймандостық — денсаулыққа салмақ, адамгершiлiкке өлшем, елдiкке сын болды.
Ойын-сауық жасөспiрiмдердiң ой қабiлетiн, өмiрге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырады. Олар үшiн ойын — баланың жан-тәнiн қоздыратын тартымды қозғалыс, дене мен ойды қатар жаттықтыратын тартылыс, жеңiстiң дәмiн татқызатын, жеңiмпаздың мәртебесiн көтеретiн кеңiстiк пен қолдау тоғысы. Жарысқа қатысатындардың сезiмi сергек, ойы өткiр, кеудесi мен бiлегi мықты, қимыл-әрекетке ептi болуы шарт. Көшпелi қазақтардың өмiр салты денсаулыққа аса зор мән берген. Атқа мiну өнерi жас баланың сезiмi мен денесiн жаттықтырудың басты және ортақ дәстүрiне айналды. Бозбала да, қыз бала да жастайынан аттың құлағында ойнауға бейiмделдi, соған тырысты.
Ойын-сауық - ұрпақтардың өмiр-салтымен, әдет-ғұрпымен ұштасты. Мысалы, бесiк жырларының өзi ойнақы, ұйқасты тiркестерiмен есте қалады. Ойын - өмiрдi және ойнаушының өзiн танудың құралы, ол баланың өмiрге деген құмарлығын оятып, тiл мен жылдамдыққа деген ықыласын арттырады. Ойын - өзгенiң көңiл-күйiн дер кезiнде және дәл ұға бiлуге, өз көңiлiн дұрыс жеткiзе алуға ұйытқы болады. Жасөспiрiм ойын арқылы а) ұшқан құс, жүгiрген аң, қыбырлаган жәндiктер тiршiлiк тiрегi екенiн ертерек сезiне алды; б) өз қабiлетiн күнделiктi тiршiлiк ағымына бейiмдеуге ықшамдайды, өзiн алдағы өмiрге икемдей түседi; в) үлкендердiң өнегесiнен тағылым алады. Ойындар өнеге-өсиеттi күнделiктi тәжiрибеде iске асырудың құралына айналды. Ойнаушылар әртүрлi қозғалыста денешынықтыруға төселдi, үлкеннiң бар қасиетiн қабылдады, iс-әрекет үстiнде сәбиге тиiстi мiндеттердi ойнақы, жеңiл сөздермен, ертерек ұқтыра бiлдi. Ойын түрлерi жүйелi және жедел өзгерген сайын, баланың ойлау, қиялдау, армандау қабiлеттерiн ертерек оятып, тезiрек қалыптырды. Ойынның кең таралған түрлерi осылайша халық тәрбиесiнiң көзiне айналды, халықтық салттың қалыптасуына айқын ықпал еттi.
Әдет-ғұрып ойындарына, “алдымен қыз ұзатар және үйлену тойында болатын ойын-сауықтар жатады. Мысалыға, жер-жерде үйлену тойының мынандай ойын-сауықтары таралған: “тоғыз аяқ”, “тоғыз табақ”, “жар-жар”, “беташар”, “құда тарту”, “қол ұстатар”, “шаш сипар”, “неке қияр”, “кемпiр өлдi”, “шымылдық байлар”, “сақина салар”, “есiк ашар”, “ат байлар”, “түндiк ашар”, “ит ырылдатар”, сондай-ақ “тоқым қағар”, “қынаменде”, “қыз кәде” сияқты ырым-жоралар бар. Бұл әдет-ғұрып ойындардың бас кейiпкерлерi — қыз бен жiгiттiң жеңгелерi мен құрбы-құрдастары болса да, сауық өткiзу рәсiмi жер-жерде бiрдей емес, түрленiп жатады. Тойдағы әндер мен жырлар, күйлер мен билер көңiл көтеретiн, қуанышты бiлдiретiн, ой тербететiн, шабыт келтiретiн, қабiлет-қасиет сайысы, дәстүрлердiң тоғысы түрленiп-ақ жатқаны.
Әдет-ғұрып ойындары әдетте арнаулы жырмен, болмаса айтыспен басталады. Айтыс — ақыл-парасат таластыру түрi, тартыс — күш сынасудың жариялы түрi. Айтыс — таланттарға жол ашу, шындықты жеткiздiре серпiлту, өз артықшылығы мен үстемдiгiн мойындатқызу. Айтыста талаптылар мен таланттар түйiседi, табысады, туыстасады. Ыстық сезiм мен тұнық ынтықтан қайнап шыққан халық жыры тыңдаушының жанына жылы тиедi, жүрегiнiң қылын қозғайды. Адамның жан дүниесiне, кiсiлiк қасиеттерiне жол ашады. Өйткенi әншi көңiлдегiсiн, арманын толғайды, ешкiмге елiкпей өзiнше тебiренедi, мұрат пен мұңға орай өзiнше ойын оқтайды, сөзiн саптайды. Суырып салма жырымен өзiнiң де, өзгенiң де жан-тәнiн сергiтедi, бақытты күймен серiктеседi. Жүрегi жырлағанның серiктесi — тапқырлық, шешендiк сөз айтысы, пiкiрталасты сұхбаттасу.
Ата-баба дәстүрi арқылы қанымызга сiңген — күрес, сайыс, найзаласу, садақ ату, бетпе-бет келген қарсыласының жанды жерiне соға бiлу көшпелi өмiрде дене тәрбиесiнiң күрделi болғанын бiлдiредi.
Тартыс — қарусыз айқас өнерi. Қарусыз айқас шығыс халқына тән және танымал өнер. Қазақ қарусыз айқаса бiлген. Қарусыз айқасу элементтерi ат үстiнде отырудан, асауды бұғалық лақтырып ұстаудан, қойды қуалап ұстаудан, малды пышақсыз реп союдан, бұқаны мүйiзiнен ұстап ұрып құлатудан, шалғы тартудан, қол диiрмен тартудан, малдас құрып отырудан құрылады, солар арқылы ширатылады.
Ұлттық ойын жарыстарында денсаулықты сақтау жолы да, өзiн-өзi қорғау амалдары да айқын. Денсаулықты сақтаудың шарты — дененi шынықтыратын қозғалыс пен жаттығуда, ағза мен жүйке тамырлардың тынысын реттеуде, рухты жоғары ұстай бiлуде.
Денешынықтыру — денсаулық көзi, денсаулықты сақтау үшiн әрекет, адамның күш мүмкiншiлiгiн дамыту, жеңiске деген жiгерiн шыңдау, қиыншылыққа төзу қимыл-әрекетiн шоғырландыра бiлу, соларға үйрену:
- дене еңбегiмен үнемi шұғылданып, жаттыққан адамның бұлшық ет талшықтары тез өседi, бойының күш-қуаты қалыптасады;
- сыртқы ортаның түрлi қолайсыз жағдайларына төзiмдiрек келедi;
- қозғалысы жинақы, ширақ, тез, әдемi жарасқан, қарым-қатынастық ережеге бейiмделуi жоғары;
- сезiну, ойлану және еңбектену қабiлеттерi бiр-бiрiмен үйлесiмдi және бiрiн-бiрi толықтырады. Аз қозғалыссыз ортада нерв талшықтары тез тозады, қан айналым жүйкесi бiртiндеп ауруға шалдығады, жүрек қабынады, бойды әуре-сарсаң құрыстырады. Жүрегi шынықпаған адам тез шаршайды, тырысқақ немесе ашушаң келедi. Жалқаулық жекенiң де, ұлттың да қасiретi. Онда санасыздық басым. Жүрегi шыныққан адамның мiнезi де төзiмдi, кеңпейiл, батыл соғады, қарсыласынан қайтпайтын тынымсыз, күрескер келедi. Жүрегi ашық жан қиыншылықтан құтылудың, қуанышқа жетудiң саналы жолын таңдайды, өзiн қарпайымдылық пен қайырымдылықтан ауытқыта бермейдi. Өзiн емдеудiң, сергiтудiң тиiмдi тәсiлдерiн қолданады.
Халқымызда қозғалмалы ойындардың түрi кең таралған. Мамандар қозғалмалы ойындарды төрт топқа бөледi:
1. Табиғи заттарды қолданып ойнайтын ойындар: асық, бестас, лек жалау, сиқырлы таяқ, бақай пiстi, жылмаң т.б.;
2. Жануарлар бейнесiн елестетiп ойнайтын ойындар: соқыр теке, түйе-түйе, ақ байпақ, көк сиыр және т.б.;
3. Мүлiктiк бұйымдарды қолданып ойнайтын ойындар: шалма, бөрiк жасырмақ, түйiлген шыт, тақия телпек, белбеу тастау, орамал тастау, т.б.
4. Құрал-жабдықсыз  ойнайтын  ойындар:  айгөлек,  ақсерек-көксерек, шымбике, мәлке тотай, тоқтышақ, шертпек, жасырынбақ, бұғынай, т.б.
Ер адамдардың ойын-сауықтары әрқалай қалыптасады. Оның бiрiншi тобына қозғалмалы ойындар — ақсүйек, ақшамшық, алтыбақан, көршi, тиын салу, қысқұлақ, айдап сал, қарамырза, белбеу тастау сияқтылар жатады; екiншi топқа спорттық дара ойындар - аударыспақ, арқан тартыс, ат омырауластыру, аламан бәйге, бәйге, көкпар, қыз қуу, күмiс алу, жаяу көкпар, жаяу жарыс, жiгiт қуу, жорға жарыс, түйе жарыс, қазақша күрес, тұмақ қуу, сайыс, таяқ жүгiрту сияқтылар жатады; үшiншi топты саяси-әлеуметтiк өмiрдiң даму ерекшелiктерiн көрсететiн ойындар — хан жақсыма,   қаһарлы  бану,   ұжымақ-тозақ,   мырш-мырш,   сиқырлы  таяқ, тобық ойнау сияқтылар құрайды.
Ойын-сауық — ақыл мен жiгердiң тартысы, қозғалыстағының таласы мен жарысуы, мықтылар мен ептiлердiң жеңiсi:
- жарысқандардың әңгiмелесiп желпiнуi, әндетiп серпiлуi, әсемдене есеюi;
- әзiл-әңгiмесi мен әдебi жарасқандардың сәндiлiгi мен сенiмдiлiгi;
- тапқырлықтың алданышы, қуанышы, жұбанышы, ептiлiктi үйрену, батылдықпен үйлесу, қайсарлықты үйрету;
- нақты мақсатқа ұмтылу, жүйелi әрекеттi ұйымдастыру, тиiмдi әдiстi ұтымды пайдалану. Ойын-сауық - жамағаттың белдесуi, бәсекелесуi, бауырласуы немесе айтысуы, аңдысуы, айқасуы. Ойын-сауық шабуылдан қорғану, шабытты қолдану, жеңiмпаздармен қолтықтасу. Сауықшылар күштiлермен көршiлес, ептi өнегелiлермен қоныстас, жанашырларға тiлектес, өз ортасымен тағдырлас болады. Мұндай адамдық бәсекелi қатынаста тазалық, тұралық, татулық жоғары бағаланады. Өмiр сүрудiң қолайлы, дәстүрлi, тартымды, өтiмдi жолдары уағыздалады. Өнерлiлер тiршiлiктiң иесiне, құндылықтың көзiне айналады. Өзi мен ұрпақтың байлығын арттырған өнерлiден әркiм үйренедi, өз қуатына икемсiз жаманнан тез жиренедi.
Өнерпаздық — ұқыптылық пен ынталылық нәтижесi, тәртiптiлiк пен қабiлеттiлiк көрiнiсi, халықтың болашақ дамуының кепiлi. Онда рухани жетiстiктер iрiктелiнедi, құндылықтар қолдау табады. Өнерпаздарда бостандыққа деген сүйiспешiлiк, кiсiге деген кiшiпейiлдiлiк, ертеңiне деген сенiм, бiлiмге деген құмарлық басым. Өнерпаздар өз ырқымен киелi қасиеттердi көпке таратады, жекенiң өтiнiшiн көпшiлiкке жеткiзедi. Өнерпаз өтiнiштен бас тартпады, шамасы келгенше көңiлден шығуға тырысады. Ойы мен еркi, пайымдауы мен парқы, денелiк шапшаңдығы мен шеберлiгi үйлескен жандар ойын-сауықтың бас кейiпкерiне айналады. Өнерпаз өрескелдiктi қабылдамайды, бұйрыққа жүрмейдi. Жаны таза, рухы биiк, денесi шымырлар ғана ойын-сауықтың беташарына жарайды, ойын тәртiбiн сақтады. Өзiн ұстай бiледi, бақылаулы және бақылаусыз кеңiстiктi ажырата алады. Бақылаудан тыс қалмайды, бiреудiң жетегiне жүре бермейдi. Ойынның бiр түрiнен қанағат таппаса, қызықтыратын басқа түрлерiне ауысады. Мұндай еркiн таңдауда мәселе де, қарсылас та, тәртiп түрi де өзгерiп, жаңарып отырады. Үлкен мұрат үшiн тер төккен өнерпаздан халық сый-құрметiн аямайды, өнерпаз да еңбегi мен талантын құрметтегендi жақсы көредi. Құрмет көңiл ашады, шабытына шабыт қосады.
Ойын-сауық жарыссыз, бәйгесiз қызбайды. Жарыс — ой мен сөздiң, мiнез бен қимыл-әрекеттiң жарысы, үмiт пен үлгiнiң жарысы. Бәйге бас қостыратын, өнер жарыстыратын, үлкен мен кiшiнi, алыс пен жақынды табыстыратын үлкен оқиға. Бәйге — Тәңiр мен ата-баба аруағын дәрiптейтiн халықтық мерекенiң оттығы. Бәсекенiң қан қыздырар бiр түрi — жiгiттер сайысы. Оған аударыспақ, күрес, ат жарысы, көкпар жатады.
Көшпендiлердiң қыс пен жаз кезiнде бос уақыттары мол болады. Күн батқаннан кейiн көпшiлiк топ-тобымен бiр-бiрiне жақын, дөңгелене отырып, әңгiме немесе ертегi айтуға кiрiседi, ән айтып қалжыңдасады, сауық құрып шулайды, тiптi қобыз, домбыра, сыбызғы тартып бiрнеше сағат бойы қызықты тамашалайды. Әңгiмеден жаңалық пен жақсылық күтедi, ән-бимен адалдық пен адамгершiлiктi үгiттейдi.
Жаңалықты дер кезiнде жеткiзудi жақсылық нышанымен теңестiредi, мiнез-құлқы баяндылардың қадiрiне бөленедi. Жаңалықты және ол туралы өз ойын жеткiзе бiлу — хабаршының қабiлетiне сын болды. Ел арасында жаңалықты көршi 20-30 шақырым жердегi ауылдарға атпен шауып барып сүйiншi сұрауға дайын адам әрқашан табылған. Осылайша “отыз тiстен шыққан сөз лезде отыз рулы елге тарап кетедi”. Бәрi де қуанышты бөлiсiп шүйiркелеседi. Қуаныш жиi ойын-сауыққа, әртүрлi отбасындағы мерекелерге, тойға ұласып жатады. Игi iстер мен жаңа, жақсы бастамалар ел аузына лезде iлiгедi, көптiң назарынан тыс қалмайды, қолдау табады. Осыдан қазақтардың хабарға құлағы сақ болып келедi. Хабар адамды бей-жай қаддырмады. Хабар жеткiзу — үлкен-кiшiнiң лезде басын қосатын байланыс түрi, ел бiрлiгiнiң белгiсi, шындыққа деген құмарлық қызығушылық iспеттес. Естiлер хабарды нақты әрекетке мегзейдi, жағымды сарынын орағытып жақындастырады.
Топтасып бiрiккендер бiртiндеп сөйлей-сөйлей шешен болады, көре-көре өздерiнше көсемдiк құрады. Бiрiгу — туыстасудың негiзiн құрайды. Туыстық жанашырлықтан, батылдықтан, ақылдан нәр алады, дiттегенiн жүзеге асыратын әрекет ықпалынан тiрек табады.
Салттық рәсiмнiң төлтумасы — адамды сыйлауда, сауық құруда, ел қыдыруда. Сыйлау адамның өзiне, iсiне деген сенiмiн арттырады. Сауықта адам өз мiнез-құлқын бақылауды үйренедi. Ел қыдырып, жүрiс-тұрысын да ширатады. Адамның өресiн көтерген және көтеретiн бұл бастамалар — а) жарық дүниенiң бiрлескен, дамыған жағын; б) мәдениеттiң өзiндiк, шығыстық-көшпелi түрiн; в) қоғамдық өмiрдiң ерекше жетiлген көрiнiсiн құрайды. Үштiк нұсқалар тоғысқан сайын қоғамдық құрылым мен қатынаста халықтық ықпал, халықтық дәстүр маңызын үстемелейдi. Халық ақсүйектерге, сұлтандарға, қажыларға, хан тұқымдарына арқа сүйейдi. Бiрақ олардың бұйрығынан гөрi, би-шешендердiң сөзi, өнерпаздардың өнегесi анағұрлым өтiмдiрек болады. Соңғылардың тiлi, дұниетанымы және дүние сезiмi кезкелген тыңдаушыларын бей-жай қалдырмайды.
Ойын-сауық адамның талдау, таңдау қабiлетiн шыңдайды, ортамен тiл табысуға, қарым-қатынасты жетiлдiруге, жұмысын мазмұны етуге, жеңiске жетудiң ең тиiмдi түрлерiн қарастыруға, адамның бойындағы қасиеттi әлеуметтiк күшке және қозғалысқа айналдыруға итермелейдi.

 

 
15.10.2010 11:29