ӘОЖ 316 (075,8)
ҚЫЗ БАЛА - ҰЛТТЫҢ ҰЯТЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ШЫРАЙЫ
Л.Т.Байкеева, В.Б.Зеткулова, М.Б.Мыңбаева
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке әдет-ғұрпымыз, жол-жоралығымыз бар. Халқымыз сонымен қатар бала тәрбиесіндегі ананың ролін өте жоғары бағалаған. Тіліміздің өзін ана тілі деп атауы-аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді.
Ана-барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу-халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі.
Ал, қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақты әсер етіп, оны тәрбиелеуде. Бұл тәрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да толып жатыр. Ата-аналары күнұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар.
Мектеп жасындағы қыз балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту.
Бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру-басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.
Үшінші кезең тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, ер-тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем-сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау-ежелгі дәстүр. Жиын-тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. Орта Азия мен Қазақстанда жалғыз келе жатқан қызды көрсе, оған қорғаныш болып, баратын жеріне дейін шығарып салатын болған. «Қыз өссе-елдің көркі, гүл өссе-жердің көркі» дегендей, қызғалдақтай болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған. «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал да осының айғағы. Міне, осындай тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған.
Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын еді. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу тағы басқа өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан даярлай бастаған.
Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр-дастандардан білеміз. Қазақ қыздары махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де бақыттымын деп, өмірге риза болған.
«Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді.Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.
Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді-тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. «Ағайын тату болса- ат көп, абысын тату болса-ас көп»,-деген ұлағатты сөз осыдан туса керек.
Кең байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі.
Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты ғадет бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып еркін өсірген.
Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі.Пәрәнжі-сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар қазақта болған.
«Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта.Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Бұл адамның ішкі түйсігіне өрелі қасиеттерді алға шығарады. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмысын одан да артығырақ жақтырады. Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер жеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек. Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Білген білімін аямайды. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады. Әрине, бұрын отбасылардың бәрі бірдей білімді болған жоқ. Өнерден құралақандары да көп болған. Ғылымға қол жетпейтін еді.
Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Олардың отбасынан алған бар тәрбиесі жақсы келін болу ғана еді. Одан өзге ешқандай мамандықтары болған жоқ. Жан-жақты білім беретін, әртүрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы XX ғасырдың орта кезінде ғана жетті. 1944 жылы Алматыда қазақ қыздарына арналған Мемлекеттік педагогикалық институт ашылған. Бұл институт өз қыздарын жақсы келін болуға ғана емес, әр саладағы жақсы мамандар болуға тәрбиеледі.
Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ-тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Алдағы мақсат-дамыған елу елдің қатарына ену. Ал қоғам да уақыттан қалмай, ортамызға келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Уақыт талабы-жарнамалық технология. Сондықтан қоғам уақыт талабына сай өмір сүру үшін, заман, адамдардың жеке тұлғалық факторларды талап етеді. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет еткендей. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасымен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осы байлықты нарықты заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймау керек. Ең басты мәселе адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер-бойыңды»-деп, Абай атамыз айтқандай мемлекеттік тұрғыда назар аударуды қажет ететін ұлттық сана-сезім, тәрбие бар. Осы орайда-болашақ сүйікті жар, ардақты ана-қыз баланың алар орны ерекше. Негізінен ұлттық сипаты бар тәрбиенің негізі-ауыл. Ал ауыл жастары қалаға келе тілдерін бұза сөйлегеннен бастап, ұлттық сипаты бар тәрбиеден аулақтай бастады. Осыдан бастап өзгергенде бейне бір жарнамалық заманмен жарысқа түскендей. Ұлттық сипаты, рухани құндылығы жоқ «Батыстың» тәлім-тәрбиесін қомағайлана жұтады. «Батыс» демекші, технология әлемін, теледидар беттерін жаулаған рухани құндылыққа зәру жарнамалық дүниелері-бейне бір жер шарындағы ірге тасынан өз тілі, діні, ұлттық мәдениеті бар елдермен күреске түскендей. Осы орайда «Батыс мәдениетін» дүние жүзіне таралған жайылмалы дертті ісік екенін мойындағандай боласың. Мәселен: парасатты, кішіпейіл, сыпайы тағы басқа ибалық мінездердің бәрін иманды қаракөз қыздарымыздың арасында сақтаулы. Өкінішке орай, біреуден көргенімізді қайталап істеу керек болып тұрады.
Артымызда өсіп келе жатқан сіңілілеріміздің өзі есепшіл, өркөкірек, сезімге сенбей «ақшаға» ғана сенетіндер қатары көбеюде. Тәрбиені ата-анасына емес, теледидар, компьютерден алып келе жатқан жастар буыны қалыптасып келеді. Кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке-шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан мүлдем қалады. Бала кезінен жылылық мейірімді көрмеген адам баласы қатыгездікпен өседі. Жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын жандар болады. Сондықтан бұл да ата-ананың жылылығы, жақындығы жастар тәрбиесіне әсерін тигізеді. Қазір, жасыратын не бар, бұрын дәстүрімізде болмаған сүреңсіз жағдайлар бой көрсетуде. Қаладағы қазақ қыздарының көбі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өз ұлтының тілінде сөйлеуге талпынбайтыны өз алдына, кейбіреулері тіптен оны намыс көреді. Күнделікті өмірдегі көріністерге бір сәт назар аударайықшы. Мысалға, қыз балалардың бір-біріне қазақша «сәлеметсізбе» деп амандасуының өзі «мамбетка», «мамбет» деп, қорлайды. Бірақ, бұған кімді кінәлаймыз? Соқыр желді айдаумен бірдей ғой. «Қасқырдың аяғы асырайды» демекші, қазіргі заманымыз жанталас заманына айналды.
Мектеп қабырғасында жүрген бірсыпыра қыздарымыз жарассын-жараспасын денелерін жартылай жалаңаш қалдыратын киімдер киіп, қымбат әшекейлер, алтын тағып, бет-ауыздарын бояп, өздерінің инабаттылығы мен сыпайылығынан, жастық жарасымдылығынан айырылады. Табиғаттың өзі жан дүниесін сұлу, нәзік, мейірбан етіп жаратқанына мән бермейді. «Жастықтың өзі жастығымен әдемі» дегендей, жас қыздардың өздері-ақ қырдың қызыл гүліндей әсем ғой. Табиғат берген көрік пен сымбаттан артық не бар.
Қыздардың ішінде ұрлық жасайтындар мен шылым шегіп, арақ ішетіндер де кезігеді. Демалыс сабақтарынан шашын дудыратып ұйыстырған, ұнамсыз ерсі киім киіп, аяғын бірінің үстіне бірін салып, темекі түтінін құмарлана жұтып отырған сылқым бикештерді жиі жолықтыруға болады. Қастарында отырған адамдардан именбейді. Ал, енді осыны көрген жас қыздарымыздың бұларға еліктемесіне кім кепіл?
Кейде аялдамадан кейбір қыздарымыздың үлкен бар, кіші бар-ау деп қымсынбай жігіттермен құшақтасып, сүйісіп тұрғанын көргенде шыдамай төмен қарайсың. Ардақтауды, мәпелеуді, құпиялықты қалайтын махаббат атты құдіретті аяққа таптау емес пе бұл?
Әрине, мұндай көргенсіздіктің өзіндік себептері көп екенін білеміз. Бірақ ең бастысы тәрбиенің кемшілігі екендігінде дау бола қоймас. Тек өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады.
Қыздарымыз осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы сыйлы. Ертеңгі күні не болатынын білмегендіктен, тек өздеріне сеніп, бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін адамдар тобына айналып бара жатырмыз ба?-деп, қорқамыз. Себебі, біздің қоршаған ортамыз келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Сондықтан шығар, біз, өзіміздің адами құндылықтарымыздыжоғалтып, кейбірі ну орманның ішінде жүргендей адасып, теріс жолға түскендері қаншама?
Қазір қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады, тіпті жойылып барады деуге болады. Сондықтан барлық жоғары оқу орындарында қыз тәрбиесіне арналған арнаулы курс жүргізілсе, бұл ұлттық маңызы бар оқиға болар еді деп ойлаймын. Мұны Білім және ғылым министрлігі ойланса екен. Қыз тәрбиесіне байланысты арнаулы оқулықтар шығарылуы қажет.
Бізде оқып, білім алып жатқандар негізінен ауыл қыздары. Ауылдағы ең қажетті, әрі қасиетті шаңырақ, бар қазақтың алтын бесігі-мектеп. Сондықтан да қазақ халқының алтын бесігі-ұлттық мектептерге маман дайындау-біздің институт ұжымы үшін өрелі, әрі қастерлі міндет. Ұлы даланың дана қыздарының бүгінгі жас ұрпағы елдіктің ұраншысы және инабатқа толы өқмірдің қозғаушы күші болса екен дейміз. Өз халқын сүйе білген жас адамдардың бойында ұлттық намыс та, ұлттық рух та, жарасымдылық та молынан табылады.Жас өскін талшыбық сияқты. Оны аялап-мәпелесең, бәйтерек болып өседі. Қыздар саналы да тәрбиелі болып өссе, терең білім алса, жоғарыда айтылған өрелі міндет биігінен көрінеріміз хақ.
Өзіміз аталмыш жастардың біреуі бола отырып, жастардан жиіркенуге шақырудан аулақпыз. Күнделікті жол үстінде тіл мен сипаты бұзылмаған, көркемділігі мен инабаттылығы бойына жарасқан қаракөз апай-сіңілдерімізді топтап жолықтыруға болады. Ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды жоғалтпай заман ағымынан қалмау-уақыт талабы. Өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекетіміздің тірегі жастар! Ал біздің жастарымыздың баянды болашағына сеніміміз мол!
Әдебиеттер тізімі
1. Әдебиет айдыны, газет-2006, 21 қыркүйек.
2. Ана тілі, газет-2004, 29 шілде.
3. Егемен Қазақстан, газет-2004, 13 сәуір.
4. Таң-шолпан, журнал-2002, №3.
5. Қазақ әдебиеті, газет-2004, 19 наурыз.
6. Егемен Қазақстан, газет-2004, 2 қараша.
7. Түркістан, газет-2002, 7 наурыз.
8. Жас Алаш, газет-2000, 1 тамыз.