Шоқан Уалихановтың ағартушылық идеялары.
(1835-1865)
Шоқан Уалиханов – ұлы ағартушы – демократ, қазақтың ғұлама ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, фольклорист Шоқан Шыңғысұлы Уалиханов қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихында ерекше орын алады. Аса дарынды қазақ халқының ғалымы және ағартушының өмірі мен қызметі ерекше таң қалдырады. Өзінің қысқа өмірінің ішінде ғылым саласында орасан зор табыстары сол кездегі өзінің орыс достары мен жолдастарын, орыс ғалымдарын таң қалдырды.
ХІХ ғасырда біздің отандық ғылым үшін Ш.Уалихановтың мәні ерекше белгілі болғандығы туралы академик Н.И.Веселовский былай деп жазды: «…Шоқан Уалиханов шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарының бәрі де ерекше бір құбылыс деп танып, одан түрік халықтарының дағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті». Бұл Шоқанға берілген жоғары баға болып табылады.
Белгілі ғалым және саяхатшы П.П.Семенов-Тян-Шанский Уалихановты «ұлттық аймақтардың ішінде ең оқыған, білімді адамдардың бірі еді» деп бағалаған болатынды.
Шоқан алғашқы білімді ауыл мектебінен алды, онда арабша жазуға және оқи білуге үйренді. Содан кейін 1847-1853 ж.ж.сол кездегі Сібірдегі ең алыңғы қатарлы оқу орындарының бірі саналатын Омбы Кадет корпусында оқыды. Оны «ағарту ісі мен патриотизмнің дәнін себуші» деп атады, корпусты бітірген түлектерінің сол кезде Ресейге белгілі саяхатшы, зерттеуші Г.Н.Потанин, белгілі публицист Я.М.Ядренцев, ғалым А.Ф.Анненский. Корпуста оқып жүрген кезінде Шоқан жағырафияны, тарихты, әдебиетті зерттеуде қабілеттілігін аңғартты. Ол көп оқыды. Естеліктерін ерекше аталғандай, саяси көзқарасының қалыптасуы мен әдебиет саласында ерекше өз достарынан, өз қатарынан көп озық жүрді.
Кадет корпусында оқып жүргенде туған өлкесін зерттеу ерекше қызықтырды, сол кездің өзінде ауыз әдебиеті шығармаларын жазып алып отырды, қазақ даласының тарихын зерттеуге құлшынды, тарихи-архитектуралық ескерткіштердің суреттерін салып отырды.
Г.Н.Потанин Шоқан туралы былай деп есіне алады: «Шоқанды арман алыстағы жұмбақ қыоғыз елдеріне, Тянь-Шань, Тибет тауларының баурайына апарды… Ол тіпті мектеп қабырғасында саяхатшының қызметін даярланды, Палластың, Рычковтың, Левашиннің, Вельяминов-Зерновтың және т.б. кітаптарын көп оқыды. Шоқанға 14-15 жастың өзінде, оған корпустың оқытушылары болашақ зерттеуші және ғалым ретінде қарады».
Кадет корпусында оқып жүргенде халқына қызмет ету идеясын ұсынған болатынды. Кадет корпусын бітіргеннен кейін, әуелі Сібір казактары әскері кавалерия полкының қызметінде, кейін Батыс Сібір генерал-губернаторында Шоқан өзінің негізгі арманын іске асыруға кіріседі.
1854-1857 жж. Шоқан Жетісу, Тарбағатай, Орталық Қазақстан, Қырғыстан жеріне саяхат жасайды, осы сапарларда ол көрнекті ғалым-географ П.П.Семенов-Тян-Шанскиймен бірге жүрді, ол Шоқанның қабілеттілігі мен біліміне ерекше назар аударады, оның ғылыми еңбектерін жоғары бағалады.
Шоқан сол кезде Омбы және Семей қалаларына жер ауып келген орыс революцияшыл-демократы, ақын С.Ф.Дуровпен және жазушы Ф.М.Достаевскиймен жақын кездеседі. Шоқан мен Ф.М.Достаевскийдің достық қарым-қатынасы өте естен кетпестей болды. Өзінің хаттарының бірінде Достаевский былай деп жазды: «…Мен Сізді сондай сүйемін, күні бойы Сіз туралы және Сіздің дағдарыңыз туралы армандаймын. Бірақ армандарымның ішінде бір шындық болды: бұл Сіздің тайпаңыздың ішінде бірінші еуропалық білім алған Сізсіз. Демек, осы жағдайдың өзі ерекше, ол туралы Сізге еріксіз міндеттер жүктейді… Дағдыр Сізді тамаша адам ретінде қалыптастырды, Сізге жан мен жүректі сыйлады».
Сол кезден бастап ғылыми-зерттеу жұмысымен тығыз айналысқан Шоқан 1855 жылы Омбыда Семей арқылы Іле, келесі жылы Жоңғар Алатауына дейін, одан кейінгі жылы Омбыда Ыстықкөлге дейін келген әскери-ғылыми экпедицияларға қатынасып, Жетісудың, Ыстықкөлдің өсімдіктер және жануарлар дүниесін, халқын, әдет-ғұрпын, тарихын, ауыз әдебиетін зерттеп, көптеген материалдар жинады, әрбір халықтың ерекшеліктерін байқататын суреттер салады. Ал мұның адында ол Қытай империясына жататын Құлжа қаласына аттанып, онда үш ай болып, қайтадан Омбыға оралған болатын-ды. Осы сапарларының нәтижесінде 20 жастағы Шоқан «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» деген және т.б.құнды еңбектер жазды. Сол еңбектері және басқа да ғылыми табыстары үшін Шоқан 1857 жылдың 27 ақпанында Орыс география қоғамының толық мүшесі болып сайланды.
1857-1859 жж.Шоқан өзінің белгілі Қашқарға саяхат жасады. Бұл саяхат қажырлы саяхатшы және көрнекті ғалым ретінде оның атын шығарды.Сол елдің саяси құрылысы, табиғаты, халықының кәсібі, әдет-ғұрпы жайында қыруар ғылыми материалдар жинады. Сол саяхаты үшін арнайы Омбыдан Петербургке шақырылған Шоқанға берілген әскери Бас штабының жолдамасында: «Бұл мейлінше қызықты, мейлінше пайдалы еңбек», - деп көрсетілген.
Қоғамдық құбылыстарды ол ағартушылық тұрғыдан түсіндірді. Өз халқын Еуропа мәдениетінен үйренуге прогреске шақырды. «Сот реформасы» туралы жазбаларында Шоқан патша өкіметі жүргізген сот реформасы бай, сұлтан, билердің, орыс отаршылдарының ғана мүддесі көзделінгендігін, қазақ еңбекшілері солардың қанауында қалып, олардың озбырлығына жол бергендігін әшкерелейді.
Шоқан ғылымның көптеген салаларында өшпес мұра қалдырды. Шоқан тарихшы, географ, этнограф, фольклорист болды. Ол тек ғана қазақ халқының ғана емес, бүкіл түрік тектес шығыс халықтардың тарихын, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін зерттеуге ат салысты.
Шоқан өз еңбектерінде барлық ғылым мен мәдениеттің жан-жақты дамуына кедергі келтіретін ислам дінінің реакциялық сипатын қатты сынады.
ХІХ ғ.60-жылдарындағы Ресейде қоғамдық-педагогикалық қозғалыстың, орыс педагогикасының озық идеялары Шоқанның ағартушылық көзқарасына тікелей ықпал етті. Шоқан арнайы педагогикалық еңбектер жазбаса да, оның қоғамдық және ғылыми еңбектері ағартушылық сиптта болды. Ол білімі мен мәдениеті озық елдерден үлгі -өнеге алуға, әсіресе, орыстың ғылымын, мәдениетінен үйренуге шақырды.
Ол өз елінің оқу-ағартушы мен ғылымын дамыту үшін күресті. Қазақ халқының мәдениет пен экономика саласында артта қалуына қатты қынжыла да қинала ой жіберіп, халық бұқарасын сол азаптан арылту жолында талмастан үлкен жұмыс жүргізді.
Ш.Уәлихановтың оыс-қазақ мәдени-педагогикалық байланысының тарихындағы өшбес еңбегі сол - ол орыстың озат білімі мен ғылымын таратушы, насихаттаушы болды, артта қалушылық пен надандыққа қарсы күресті.
Шоқан Уәлиханов ағарту мәселесінде орыстың революциялық-демократиялық педагогикасының бағытына жақын болды. Оның ойынша, мектептер ұйымдастыруда тәрбие мен білімнің халықтығы қағидасына сүйену қажет. Тілмаштар мен билеп-төстеуші чиновниктер әзірлейтін мектептердің орнына еуропалық ғылым мен гуманизмді таратушы болатын мектептер мен тәрбие жүйесінің ұйымдастыруды арман етті.
Шоқан қазақтар арасында орыс білімін, оның ғылымы мен өнерін таратудың тиімді шаралары үшін күресті. Ол Қазақстанда «нағыз шынайы білімдер» ұясы болатындай мектеп түрлерін ұйымдастыруды талап етті. «Тек ақиқат білім ғана күдіктерден құтылуға жәрдем етіп, өмірмен материалдық әл-ауқатты бағалауға үйретеді», - деді ол.
Халықтық тәрбиенің жаңа жүйесін ойластыра отырып, Шоқан ең алдымен жас өспірімдерді ғылым мен техниканың табыстарымен, дүние жүзі мәдениетінің бай қазынасымен таныстыра алатындай діннен бөлген дүниежүзілік білімдерді енгізуді жақтады.
Қазақтар мен Орта Азия халықтарының артта қалуының басты себебі – Ш.Уәлихановтың пікірінше, монархиялық тәртіп пен ислам діні.
Шоқан Уәлиханов қазақ халқының болашағы мистицизмге де, аскетизмге де емес, тек өркениет пен оқу-ағартудың табыстарына байланысты деп білді. Өзінің бұл талаптарын ол «Даладағы мұсылмандық» деген мақаласында негіздеді.
Шоқан Уәлиханов орыс ғылымы мен педагогикасындағы халықтық және ұлттық қағиданы негізге ала отырып, қазақ ағартушыларының ішінен бірінші болып, өз елінің табиғатын, тарихын, өмірі мен мәдениетін зерттеуге баға жетпес үлес қосты. Шоқан еңбегінің тағы бір өзіндік өзгешелігі - өз елін орыс жұртшылығына таныстырып, екі халықты жақындастыруға тырысты. Сол халықтардың достығының, бауырластығының және өзара толық түсінушілігінің дамуына жағдай жасауды ойлады.
Ш.Уәлихановтың көршілес халықтардың рухани мұрасын зерттеудегі баға жетпес еңбегі оның бауырлас қырғыз халқының ауыз әдебиетін, тарихы мен этнографиясын жете зерттеуінен айқын көрінеді.
Бұған – Ш.Уәлихановтың қырғыз халықының әдеби мұрасы «Манас» жырын зерттеушілердің бірі, белгілі ғалым-академик Ә.Х.Марғұлан өзінің «Шоқан және Манас» атты монографиясында ол жайлы былай де жазды: «Манас» - тарихи заманнан таулы Азия қыратында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қызықты жыр, қырғыз халқының айтулы мұрасы. Бұл жырды алғаш рет қағаз бетіне түсіріп, оны әдебиет дүниесінің белгілі бір кеніші еткен жас ғалым Шоқан еді»1. Бірақ басқа ағартушылар сияқты, Ш.Уәлиханов та қоғамдық құбылыстарды материалистік тұрғыдан түсіндіре алмады. Оның ойынша, сахарадағы әлеуметтік прогресс пен демократиялық өзгерістерге жетудің шешуші жолы мен құралы тек ғана ағарту, «нағыз шынайы білімдерді» тарату, мәдениетті жетілдіру. Ш.Уәлиханов арнайы педагогикалық еңбектер жазбағанмен, бірақ ол Қазақстанның мәдени өмірінен тыс қалған жоқ. Ағартушы-ғалым ретінде Ш.Уәлиханов халықтың арасында ағарту ісін тарату және дамыту үшін күресті.
------------------------------------------------------------------------
1Марғұлан Әлкей. «Шоқан және Манас», Алматы, 1971, 3-бет
Шоқан Уәлихановқа орыс педагогикасының революциялық-демократиялық бағытының әсерінің салдарынан, ол қазақ балалары үшін мектептер ұйымдастырғанда оқыту мен тәрбиенің халықтық қағидасын басшылыққа алудың қажеттілігін ескертті. Бірақ Шоқан Уәлиханов басқа да ағартушылар сияқты қоғамдық құбылыстарды материалистік тұрғыдан түсіндіруге дейін көтеріле алмады. Оның түсіндіруінше, тек ғана ағарту ісін «шын мәніндегі білімді» тарату, мәдениетті арттыру құралдары арқылы қазақ даласында әлеуметтік прогреске және демократиялық өзгерістерге жетуге болады деді.
Шоқан Уәлихановтың көзқарасының қателігі оның дінге қатысында байқалды. Ол дінді жан-жақты сынай отырып, қоғамдық кемшіліктердің негізгі себебі ислам діні деп түсіндірді, шын мәнінде оның себептері қоғамның экономикалық факторларында, материалдық өмір жағдайларында жатқандығын түсінбеді.
Қорыта келгенде, Ресейдің алдыңғы қатарлы зиялыларының Ш.Уәлихановтың ғалым-ағартушы, қоғам қайраткері ретінде көзқарасының қалыптасуына әсері зор болды. Қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің дамуында ерекше із қалдырды.