Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154125

Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту


Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту –
педагогикалық технология
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтірген Джинни Л.Стил, Куртис С.Мередит, Чарльз Тэмпл. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.
Мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға сабақтарда үйрету. Біздің елімізге Джордж Соростың ашық қоғам институты, “Сорос-Қазақстан” қоры арқылы келген бұл технология орыс және қазақ тілдерінде мектеп тәжірибелеріне ене бастады.
“Сын тұрғысынан ойлау” ұғымы белгілі бір идеяларды қабылдай отырып, оның неге қатысты екенін зерттеу, оларды жеңіл септикалық ойларға қарсы қоя білу, салыстыра алу, сол идеяларға қарсы көзқарастармен тепе-теңдікте ұстап зерттеу, оларға сеніммен қарау деп түсіндіреді авторлар.
Сын тұрғысынан ойлау – сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл деңгейдегі ойлау тек ересек адамдарға, жоғарғы сынып оқушыларына ғана тән деп ойлау аса дұрыс емес. Жас балалардың да бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз. Оған осы жобамен жұмыс жасау барысында көз жеткіздік.
Аталмыш бағдарламаның ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым 3 деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің моделі. Білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.
Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі.
Енді осы кезеңдердің мақсат-міндеттеріне толығырақ тоқталып өтейік.
Қызығушылықты ояту
Үйрену процесі – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да, сабақ қарастырылғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғату, ояту, ми қыртысына тітіркенгіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін “Топтау”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта талқылау”, “Болжау”, “Әлемді шарлау” т.б. деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады.
Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның екінші кезеңі мағынаны тану (түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― - “мен үшін түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі.
Үйретушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады. Сурет арқылы бейнелесек:


Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Бұл үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой түйістіру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді.
Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, “Т кестесі” сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.
Жоба 60-қа жуық стратегиялардан тұрады. Солардың кейбірімен таныстыра кетеміз.
Джиксо – ұжымдық оқыту әдісі. Мақсаты – жалпы мәселені алдымен жұпта, сосын ұжымда талқылау. Бұл жағдайда әрбір оқушы бір сәт өзін мұғалім ретінде сезінеді, оқуға деген жауапкершілігі артады.
Әдісті қолдану төмендегіше ұйымдастырылады. Алдымен ұжым 4 адамнан тұратын топтарға бөлінеді. Бұл “жанұя” топтар деп аталады. Содан кейін 1, 2, 3, 4-ке санау арқылы 1-лер бөлек, 2, 3, 4 өз алдына “жұмыс” тобын құрайды. Оқуға ұсынылатын материалдың тақырыбы талқыланған соң осы мәтінді түсіну қажет екендігі ескертіледі. 4 логикалық бөлікке бөлінген мәтіннің 1-бөлігін 1-лер, 2-бөлігін 2 санын алғандар, 3, 4 нөмірлі топтарға оқуға тапсырылады. Жұмысты бастамас бұрын оқушыларға “жұмыс тобында” мәтіннің тиісті бөлігін жақсы меңгеру қажеттілігін, өйткені сол бөлікті “жанұя топ” оқушыларына түсіндіруге жауапты екенін, мәтінді тұтас түсіну әр оқушының ыждағаттылығына байланысты екенін түсіндіру қажет.
Келесі кезекте ұжым мүшелері бастапқы топтарымен қайта табысып, өздерінің үйреніп келген бөліктеріндегі мазмұнды ортаға салады. Осылайша ұжым мүшелері бірін-бірі оқытуға, сол арқылы ойлауға үйренеді.
ДЖИКСО стратегиясы мазмұнды жоғары табыспен меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін өте тиімді. Оқушының оқуға деген қызығушылығы артады, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасады, саналы тәртіп орнайды. Сондай-ақ, мұғалімді, мектеп қызметкерлерін түсіну, оларға деген дұрыс көзқарасқа үйренеді.
Екі түрлі түсініктеме күнделігі.
Оқушылардан дәптердің бетін (не таратылып берген парақты) ортасынан вертикаль сызықпен бөлу сұралады. Мәтінді оқу барысында олар:

Бөліктің оң жағына Сол жағына
Мәтіндегі қатты әсер еткен тұстарды, үзінділерді жазады. Сол әсер еткен үзінділер жайлы пікір жазады (нені еске түсіреді, себеп-салдары қандай, қандай сұрақ бар т.б.)
 
 

Әр оқушы мәтінмен танысып, күнделікті толтырып біткен соң жұпта, топта талқылау ұйымдастырады. Жұмыс аяқталған кезде мұғалім қорытуға арналған әзірлеп келген сұрақтарын қойып, жауаптар алады. Ол сұрақтар оқығанға баға беру, пікірін, көзқарасын білдіруге лайықталынып қойылғаны дұрыс. Мысалы:
─ Сіздің ойыңызда не сақталып қалды?
─ Автор оқырманды қалай қызықтырады?
─ Кейіпкерлердің іс-әрекетін Сіз қалай бағалайсыз? т.б. түрінде.
Бұл әдіс те алдыңғы сияқты оқушыларды ұжым болып, жұмыс жасауға үйретеді. Ақпаратты өз бетінше меңгеруге жағдай жасайды. Сөз астарын, құдіретін түсінуге бағыттайды. Сондай-ақ, әдістің тиімділігі – сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды, оқыған мәтінді түсіну, оны түсінікті етіп айтып беру, оған қатысты ойын, пікірін білдіру арқылы оқушының тілі дамиды. Осылайша ұйымдастырылған оқу сабақтары арқылы сауатты оқырман қалыптастыру мүмкіндігі туады.
Еркін жазу. Бұл әдісті сын тұрғысынан ойлау жобасындағы сабақтың үшінші ой толғаныс кезеңінде пайдалану тиімді. Мұғалім сабақ бойына қарастырылған жаңа ақпарат жайлы, одан алған әсерін, не үйренгенін, нені әлі де біле түсу керек екенін т.б. жайлы өз пікірін қағаз бетіне түсіруді тапсырады. Жазуға уақыт береді. Уақыт аяқталған кезде оқушылар өз жазғандарымен топ мүшелерін таныстырады. Ең жақсы деп танылған жұмысты ұжымда оқуға болады.
Оқушыларды алған білімдерін қорытуға, оған сын көзбен қарап, ойын түйіндеуге үйрететін бұл әдісті кез келген сабақта қолдануға болады.
Венн диаграммасы. Бір-бірімен айқасқан екі шеңбердің екі жағына салыстыруға берілетін объектілердің сипаттамалары жазылады. Ал айқасқан жерге екеуіне ортақ сипаттар тізіледі. Салыстыруға арналған тапсырмаларды осы диаграммаға салып, оқушылар қызыға толтырады, яғни салыстыру сияқты күрделі ойлау операциясын меңгереді.
Біз жобадағы әдістердің тек бірнешеуін ғана сөз еттік. Қалғандары осы тақырыптар арнайы ұйымдастырылатын курс жұмыстарында талқыланады.
“Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту” жобасында жұмыс жасауды бастаған мұғалімдер бұл сабақтар баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал ететіндігін атап өтсе, оқушылар оқудың (сабақтардың) қызықты, жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын баяндайды.
Мектеп өмірінде мұғалімдердің аталмыш жобамен жұмысқа дейінгі және кейінгі кезеңін (аралығын) салыстыру оқушылардың оқуға деген ынта-ықыласының артқандығын, адами жақсы қасиеттердің қалыптасқандығын, мұғалімнің шыдамдылық, төзімділік сияқты сапаларымен қатар оқушылардың басқаны қабылдау, түсіну, сыйлауды үйренгендігімен сипатталады.
Бүгінгі қоғамға, мектепке керегі де осылар.
Оқытудың осындай жаңа педагогикалық технологияларын сабаққа ендіру бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы керек. Себебі, елімізге заман талабына сай қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл азаматтар қажет. Сабақта тек білімділік мақсаттарды шешіп қоймай, балалардың жекелік қасиеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастыруда дәстүрлі оқыту мен дамыта оқытудың айырмашылығын салыстыру кестесі арқылы көрсетуге болады. Мұғалім бұл жүйемен жұмыс жасағанда, үнемі оқушы санасында болып жатқан өзгерістерді бақылап, оның дамуын жан-жақты зерттей отырып, өз сабақтарын соған сай өзгертіп отыруы тиіс. Әйтпесе, жаңа жүйенің құны болмайды.

Д ә с т ү р л і    с а б а қ т а р
Мұғалімнің әдістері Оқушының іс-әрекеті
Тақырыпты түсіндіреді Мазмұнын айтып береді
Кейіпкерлер туралы айтып береді Кейіпкерге мінездеме береді
Мәтіннің идеясын анықтайды Оқулық бойынша мұғалімнің түсіндіргенімен байланыстырып айтады
Мәтіннің көркемдік ерекшелігін мысалдар арқылы түсіндіреді Мәтіндегі негізгі сөздерді тауып, айтып береді, дәптерлеріне жазады
Тақырыпқа шығарма жазуды тапсырады Шығарма жазады
Сабақты қорыту сұрақтары жалпы қойылады Жауап береді


RWCT    с а б а қ т а р ы
Мұғалімнің әдістері Оқушының іс-әрекеті
Топқа бөліп, ой қозғайды Ұжыммен жұмыс жасайды
Тақырыпқа қызықтырып бағыттайды Мәтінмен өздері танысады
Мәтіндегі ең құнды нәрсені анықтауды ұсынады Әр түрлі әдістер арқылы мәтінді зерттейді
Кейіпкердің ерекшеліктерін тануға бағыттайды Жеке кейіпкерлерді талдайды, өздерін олардың орнына қойып, қарайды, салыстырады
Мәтіннің тілдік ерекшелігі туралы сұрақ қояды Әр түрлі әдістер арқылы шығарманың негізгі мазмұнын анықтайды
Өз ойларын жазуды ұсынады Ойларын қорытып, оны қағаз бетіне түсіреді
Ойларын қорытуға бағыттайды Өз тұжырымдамасын жасайды

Сабақта оқушыға білім дайын күйінде беріле салмау керек. Мұғалім шеберлігі арқылы баланың білімді игеруге қызығушылығын ояту қажет. Ал ол сұрақ әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы баланың алдына жан-жақты мақсат қойып, іске асыруына жол көрсетеді.
Технологияның басты мақсаты – дамыта оқыту негізінде “Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқу мен жазуды дамыту” бағдарламасын іске асыру, балаларға терең білім беру.
Бұл бағдарлама Қазақстан қоры жанынан 1998 ж. қазан айынан бастап жүргізіліп келеді.
Жаңа технология ретінде ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже шығара білу – әрбір ұстаздың басты міндеті.
RWCT бағдарламасы – ағылшын тілінен аударғанда “Сын тұрғысынан ойлау үшін оқу мен жазу” дегенді білдіреді. Бұл бағдарлама оқытудың 60 түрлі стратегияларынан: әдістерінен тұрады. Мақсаты – шығармашылық ойлауды, сын тұрғысынан ойлауды дамыту.
Сабақтың мақсаты:
а) қызығушылықты ояту – сұрақ қою;
б) мағынаны ажырату – жауаптар іздеу, мәселені зерттеу;
в) ой толғаныс – ойлау процесінің ең жоғарғы сатысында мәселені талқылау, яғни үш фазада сабақты бөліп өту, оқыту мен оқу процесін осындай үш сатыда ұйымдастыру.
Мен өз сабақтарымда, көбінесе ана тілі пәнінде стратегияларды оқу бағдарламасына сәйкес бірізді жүй елі түрде қолданып келдім. Сабақта қолданып жүрген әдістерім мынадай:
І – қызығушылықты ояту фазасында ой қозғау (шақыру).
ІІ – мағынаны ажыратуда түртіп алу жүйесі, 5 жолды өлең.
ІІІ ой толғаныс фазасында Венн диаграммасы, еркін жазу т.б. стратегиялар арқылы баланың дамуына, оның бойындағы жеке қабілеттердің ашылуына, шығармашылықпен ізденуіне жол саламыз.
СТО бағдарламасына қатысудың нәтижесінде сабақта жеткен нәтижелерім:
1. Сабағымда сабақтың жаңа құрылымы пайда болды.
Сабақтың жоспары:
1. Психологиялық дайындық.
2. Ой ашар.
3. Үй тапсырмасын тексеру.
4. Жаңа сабақ.
І. Қызығушылықты ояту.
а) Ой қозғау.
ә) Өзіндік жұмыс.
б) Түртіп алу ─ + ? v (INSERT)
ІІ. Мағынаны тану сатысы.
1. Топпен жұмыс.
2. Бес жолды өлең.
ІІІ. Ой толғаныс сатысы.
1. Венн диаграммасы.
2. Бағалау.
3. Үйге тапсырма.
2. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту сабақтарының негізінде менің сабағымда оқушылар арасында:
- бір-бірінің пікірін тыңдау, сыйлауға ынтымақты қарым-қатынастың негізі қаланды;
- өзін жеке дара тұлға ретінде тануға жол ашуға;
- бір-біріне құрметпен қарауға;
- өз ойын ашық, еркін айтуға, пікір алмасуға;
- өзін-өзі, бірін-бірі бағалауға;
- мұғаліммен еркін сөйлесіп, пікір алмастыруға;
- достарының ойын тыңдай отырып, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге көмектесуге;
- белсенді шығармашылықты ойлауға негіз қаланды.

 

 
15.10.2010 11:19