Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154218

Білімнің мәні мен мазмұны

Білім мəні мен маңызы
Жоспары
1. Білім – жалпыадамзаттық құбылыс
2. Білім - əлеуметтік қажеттілік
3. Білімнің жүйелілігі
4. Білім-педагогикалық процесс
5. Қазіргі заман білім жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары
4.1. Білім – жалпыадамзаттық құбылыс
Қаншалықты кең тараса да, бір қарағанға тұрақты болып көрінгенімен, «білім» түсінігі көп мəнділігімен ерекшеленеді. Əдетте, бұл термин мазмұны жағынан келесідей түсініктемелерге ие болуы мүмкін: білім - жалпыадамзаттық құбылыс; білім - əлеуметтік мəдени мұра; білім – жүйе; білім – педагогикалық процесс; білім – нəтиже.
Категориялық тұрғыдан білім жалпыадамзаттық құндылық ретінде танылады. XX- ғасырдың 60-жылдарынан адам, мораль, гуманизмге, жалпы субъектив жағдаяттар (фактор) проблемасына қызығушылық артудан, бұл категория философиялық деңгейде қарастырыла бастады. Құндылықтар табиғатын, олардың құндылықты дүние болмысы мен оның құрамындағы орнын аксиология ғылымы зерттейді.
«Құндылық» термині қоғамдық мұраттар қамтыған, сонысымен де міндеттілік өлшемі (эталон) ретінде танылған нысандар мен құбылыстарды, олардың қасиеттерін, сонымен бірге бейнақты идеяларды белгілеу, əрі сипаттау үшін қолданылады. Құндылықтар заттасқан жəне субъектив болып ажыралады. Сан қилы адамзат қызметінің, қоғамдық қатынастардың өнімі жəне олардың аймағына қосылған табиғат құбылыстары заттасқан құндылықтар сапына кіреді. Ал субъектив құндылықтар – бұлар бағалау –баға негізіне алынған өлшем-шектері (критерий), өрнек үлгілер, əлеуметтік стандарттар. Бұлардың бəрі идеялар, принциптер, мұраттар, іс-əрекет мақсаттары ретінде қоғамдық санада бекіп, ол сананың бағыт-бағдарын айқындап отырады.
Құндылық ретінде əлеуметтік ілгерілеумен (прогресс) байланысты ұнамды мəн-мағыналы оқиғалар мен құбылыстар ғана танылады. Əрқандай тарихи нақты қоғамдық формация əлеуметтік реттілікті қамтамасыз етуші, өзіне ғана тəн құндылықтар жиынтығына ие. Сол құндылықтарды танып меңгеру негізінде тұлға қалыптасады, қоғамда қабылданған тəртіптер жүйесі қолдау табады.
Адамзат дамуының əрқилы кезеңдерінде де өзгеріске түспей, тұрақты қалпында сақталатын құндылықтар болады. Мұндай құндылықтар: өмір, бейбітшілік, еңбек, денсаулық, махаббат, əсемдік, шығармашылық жəне т.б. – адамзат қауымының гуманистік бастауы болған бұл категориялар мəңгілік, ешбір төңкеріс не идеология, саясат оларды жоюы мүмкін емес. Əр тарих кезеңде олар мəні қайта қарастырылып, жаңа көзқараспен басқаша бағалануы ықтимал.
Жалпы құндылықтар арасында педагогикалық құндылықтар өз алдына дербес топ құрайды. Олардың мəні тəрбиелеу жəне білім беру қызметінің ерекшелігі, оның əлеуметтік ролі жəне жасампаздық мүмкіншіліктерімен анықталады.
Педагогикалық құндылықтар білім саласында қалыптасқан қоғамдық дүниетаным, көзқарастар мен педагог қызметтері арасында жанама жəне тікелей байланыстырушы ретінде, əрі педагогикалық іс-əрекетті реттеуші талаптар (нормы) ретінде қабылданған.
Барша құндылықтар сияқты педагогикалық құндылықтар да қоғамдағы əлеуметтік, саяси, экономикалық қатынастарға тəуелді. Олар тарих желісінде қалыптасып, ерекше танымдық бейне жəне ұғымдар түрінде қоғамдық сана формасына енеді. Өмірдің əлеуметтік шарттарының өзгеріске келуімен, тұлға, қоғам қажеттерінің дамуымен педагогикалық құндылықтар да ауысып барады.
Білім – қоғамдық құндылықтардың аса маңыздысы. Мұның дəлелі – көпшілік елдер Ата заңында келтірілген əрбір адамның білім алуға болған құқығы. Бұл құқық əртүрлі бастау тұжырым, бағыттардың дүниетаным шарттарына сəйкестендірілген нақты дəуір білім жүйесімен қамтамасыз етіледі.
Білім, өз кезегінде, мемлекеттік, қоғамдық жəне жеке тұлғалық құндылықтарға ие.
Білімнің мемлекеттік тұрғыдан құндылықты болуының себебі- мемлекеттің адами-инабаттық, ақыл-парасаттық, ғылыми-техникалық, рухани-мəдени жəне экономикалық мүмкіндіктерінің негізі – білімде. Осыдан, білімді ел- мықты, мызғымас ел.
Білімнің қоғамдық құндылығы да жоғарыда аталған алғы шарттармен анықталады. Алайда, мемлекет жəне қоғам тарапынан болатын білім дамуына орай түсіністік пен ұмтылыс əрқашан сəйкес бола бермейді. Мысалы, осы күнгі ҚР он екі жылдық оқуға өту – мемлекет талабы, бірақ ол қоғам тарапынан түсінбеушілікке ұшырауда.
4.2.Білім - əлеуметтік қажеттілік
Əрқандай адамзат қауымдастығының шарты – оның мүшелігін мойындаған əр тұлға сол қауымның нақты табиғи жəне əлеуметтік-тарихи жағдайларына байланысты қалыптасып, қабылдаған құндылықтарын мойындап, қылық-əрекет талаптарына бой ұсынады. Өзінің қоғамдық қызметтерді орындауға қажет қабілеттерінің дамуына себепші болған əлеуметтену процесінде адам тұлғалық кемелдену сатысына көтеріледі. Адамның əлеуметтенуі оның қоғамдағы ауыспалы жағдайлар мен шарттарға икемдесе білуі ғана емес, ол өз ішіне жеке тұлғаның дамуы, өзіндік танымы мен өз мүмкіндіктерін өз күшімен іске асыра алу сияқты процестерді де қамтиды. Дегенмен, аталған процестерге байланысты міндеттердің шешімі бірде мүдделі, жүйеленген болып, бүкіл қоғам, сол үшін арнайы ұйымдастырылған мекемелердің қолдауымен жəне жеке адамның ынта-ықыласына негізделсе, кейде кездейсоқ келеді. Ал осы əлеуметтенуге орай жүргізілетін, нақты мақсатқа бағыттала ұйымдастырылған басқару процесі білім (образование) деп аталады. Білім - өте күрделі, басқа дүние болмыстарында қайталанбас қыр мен сырға мол қоғамдық –тарихи құбылыс, оның мəн-жайын тануға құштарлық білдірмеген ғылым аз-ақ.
Педагогикада қолданылып келе жатқан білім түсінігі немістің “Bildung”-”бейне” сөзі негізінде пайда болған əрі оның бұл күндегі көпшілік таныған анықтамасы келесідей: кейбір идеалды бейнелерге саналы бағытталған, тарихи шарттарға тəуелді қоғамдық санада түбегейлі əлеуметтік өрнек – эталонға сай бекіп, жүзеге келетін тұлғалық жəне рухани қалыптасу мен əлеуметтену процесі.
Бұл тұрғыдан білім барша қоғамдар мен жеке индивидтер өмірінің ажырамас бір бөлігі ретінде қалыптасады. Осыдан да ол ең алдымен əлеуметтік құбылыс.
Білімнің əлеумет өміріндегі ерекше сала сипатына ие болу кезеңі білім мен əлеуметтік тəжірибені ұрпақтан-ұрпаққа өткізу процесі қоғамның тіршілік əрекеттерінен өз алдына бөлініп жəне тəрбие мен оқуды іске асыратын арнайы кəсіби адамдардың пайда болу дəуірінен басталады. Дегенмен, мəдениетке мұралық ету əлеуметтену мен тұлға дамуының қоғамдық құрал-тəсілі ретінде білім адамзат қауымының алғашқы қадамдарымен бірге өмірге еніп, еңбек əрекеттері, ойлау, тіл дамуымен бірлікте шексіз өркениет жолында өз өрісін тауып келеді.
Алғашқы қауым сатысында балалардың қоғам өміріне бастапқы араласу заңдылықтарын зерттеген ғалымдардың топшылауынша, ол дəуірдегі білім игеру процесі қоғамдық өндірістің нақты іс-əрекетіне тікелей араласу нəтижесінде атқарылатын болған. Оқу мен тəрбие, мəдени құндылықтарды əулеттен əулетке жеткізу қызметтерін орындау əрбір ересектің борышты міндеті есептелген де, ол міндет балалардың еңбек жəне əлеуметтік іс-əрекеттерге тікелей араласып отыруының арқасында шешімін тауып отырған.
Қоғамның əрбір ересек мүшесі күнделікті тіршілік процесінде педагог қызметін атқаратын болған, ал кейбір дамыған қауымдарда (Колумбия, ягу тайпасында) бұл жүктемені, яғни жас балаларды тəрбиелеу негізінен жасөспірімдерге тапсырылған. Қандай жағдайда да  білім қоғам өмірінен ажыралмай, оның ажыралмас бірлігіне айналған. Балалар үлкендермен бірге қорек тауып, ошақ-отбасын қорып, еңбек құралдарын жасай отырып, білік,өнеге үйренген. Əйелдер қыздарын үй шаруашылығына үйретіп, бала бағуға баулыған, ал ер адамдар ұлдарын аңшылыққа, қару-жарақ ұстауға, пайдалануға тəрбиелеген. Жастар аға ұрпақ өкілдерімен бірге жүріп, жануарларды қолға үйреткен, көкөніс өсірген, сонымен бірге бұлттар мен аспан денелерінің қозғалысына ден қойып, табиғат сырларын таныған, табысты аңшылық, əскери жеңістерге қуана асыр сала билеп, əн шырқаған, тайпаластарының бақытсыздығы мен ашаршылығын, жеңілістері мен күйреулерін бірге басынан өткізіп, налыған да жабырқаған. Осыдан адам білімденуі комплексті іске асып, өмір бойы үздіксіз дамуда.
Қоғамдық қатынастар шеңберінің өрістеуі, тіл мен жалпы мəдениеттің дамуы жас ұрпаққа өткізілуі тиіс ақпарат пен тəжірибенің молыға түсуіне жол ашты. Бірақ оны игеру мүмкіндіктері шектеулі болды. Осы қарама-қарсылықтың үйлесімді шешімі білім топтау мен көпшілік арасында таратуға арналған арнайы əлеуметтік құрылымдар мен əлеуметтік (институт) мекемелердің түзілуіне байланысты болды.
Əлеуметтік құбылыс ретінде танылған білім – ең алдымен шынайы қоғамдық құндылық. Əрқандай қоғамның адамгершілік, интеллектуал, ғылыми-техникалық, рухани-мəдени жəне экономикалық мүмкіндіктері білім беру саласының даму деңгейіне тəуелді. Алайда білім қоғамдық - тарихи сипатта бола тұрып, өз кезегінде, əлеуметтің білімдену функциясын іске асырушы қоғамның тарихи типіне байланысты. Əр дəуір білімі сол кезеңдегі əлеуметтік даму міндеттерін, қоғамдағы экономика мен мəдениет деңгейін, саяси жəне идеологиялық талаптар сипатын аңдатады. Себебі аталған факторлардың ортасында қоғамдық қатынастар субъекті болған педагогтар мен оқушылар тұр.
Сонымен, білім – салыстырмалы дербес жүйе. Оның қызметі – нақты ғылыми біліктерді, идеялық-ізгілік құндылықтарды, ептіліктер мен дағдыларды, əрекет-қылық нормаларын игеруге бағытталған қоғам мүшелерінің тəрбиесі мен оқуын іске асыру. Ал бұлардың бəрінің астарында болатын мазмұн нақты қоғамның əлеуметтік-экономикалық жəне саяси құрылымы мен оның материалды –техникалық деңгейімен айқындалып барады.
Білімнің жеке тұлғалық құндылығы əрбір адам үшін өз алдына бөлек. Əсіресе, бұл өзіндік білім, оның деңгейі мен сапасында көрінеді.
Білім, əлеуметтік-қажеттілік болумен бірге біршама қызметтер атқарады. Ғалымдардың пайымдауында (Н. В. Берковский, А.А. Реан) білім қызметтері төмендегідей:
• адамның ғылым жəне мəдениет əлеміне енуінің ең оңтайлы да жедел жолы. Бүкіл дүние қазіргі таңда əлем жəне барша планета азаматын тəрбиелеуге ұмтылыс жасап, білім аймағында барлық күш- қуатын топтастыруда. Дүниежүзілік білім кеңістігі жедел дамуда. Сондықтан да əлем қауымдастығы адамның жасайтын орны не елі, білім игеру типі не деңгейіне тəуелсіз жаhандық білім стратегиясын қалыптастыру талаптарын алға тартып отыр;
• тұлғаның əлеуметтенуі мен ұрпақтар жалғастығын қамтамасыз ету тəсілі. Адамдардың идеологиялық көзқарасы мен талғамдарының, əлеуметтік танымдарының, мұраттары мен тіршілік климаттарының түбегейлі өзгеріске түсіп жатқан заманда білім қайта жаңғырту мен тарихи жəне əлеуметтік тəжірибені əулеттен əулетке өткізу процесін қалыпты жүргізуге мүмкіндік береді, сонымен бірге жаңа саяси жəне экономикалық жағдайларды, қоғам жəне мəдениет дамуын жаңа бағыттарын жас ұрпақ санасына ендіріп, бекітуге жəрдемдеседі. Тек білімнің ғана үйлестіру, тұрақтандыру қызметіне бола , адам жаңа өмір салттары мен тіршілік шарттарына икемделіп, бейімделеді.
• адамның қоғамдық жəне рухани өмірін , сонымен бірге жалпы халықтық рухани сана қалыптастыру тетіктері: Білім беру жəне тəрбиелеу мекемелері белгілі дəуір адамының əлеуметтік- мəдени іс-əрекеттерінің ең жоғары өрнек - үлгілерін шоғырландырады. Осыдан білімнің əлеуметтік құндылығы білімді де ізгілікті қоғам адамының маңыздылығымен өлшенеді. Білімнің адамилық (гуманистік) құндылығы əрбір жеке тұлғаның танымдық жəне рухани қажеттерінің даму мүмкіндіктерінен көрінеді. Біртұтас білім жүйесінің барша түрлері мен деңгейлерінде елдің интеллектуал жəне рухани- инабаттық мүмкіндіктері жинақталып, даму жолына түседі.
• мəдени қалыпқа енген жеке мінез-құлық жəне қимыл- əрекет үлгілері мен қоғамдық өмірдің бекіген формаларының ауысып (трансляция) баруы. Оқу жəне тəрбие барысында адам өркениет дамуына қажет əрі мəдени-тарихи маңызы бар əлеуметтік- мəдени нормаларды игереді, атап айтсақ, олар: адамның əлеуметтік топтар мен өндірістегі, отбасы мен қоғамдық орындардағы, сонымен бірге ортақтасу, жеке тұлғалық жəне іскерлік қатынастардағы моральдық жəне ізгілік талап өлшемдері.
• аймақтық жүйелер мен ұлттық салт-дəстүрлердің даму əдісі. Кейбір аудан тұрғындарының ерекшелігі педогогикалық міндеттерге өзіндік өң береді. Жастардың қала не ауылдың рухани өміріне енуі осы білімнің арнасында өтіп жатады. Аймақтық білім жүйесінде бұқара халық арасындағы əрқилы əлеуметтік топтардың сұраныстары ескеріледі.
• тұғырлы мəдени құндылықтар мен қоғамның даму мақсаттарын бірден бірге өткізіп тұрушы жəне іске асырушы əлеуметтік институт (ресми құрылым, мекеме). Əлеуметтік институттар жас ұрпақты бүгінгі қоғамда дербес жасауға мақсат бағдарлы дайындау жұмыстарын іске асырып барады.
• жеке адам мен қоғамдық өмірдегі мəдени ауысулар мен қайта түрленудің белсенді үдеткіш күші.
4.3. Білімнің жүйелілігі
Жүйе ретінде білім – бұл өзара ұштасқан білімдену бағдарламалары мен мемлекеттік білім стандартының жиынтығы əрі оларды іске асырушы білім мекемелері мен білімді басқару органдарының торабы.
Еліміздегі осы заманғы білімдену жүйесі Қазақстан Республикасының 1992 жылы қабылданған « Білім туралы заңына» сəйкес құрылады. Бұл Заң білім саласындағы келесідей мемлекеттік саясат принциптерін белгілеп берді. Олар:
• білімнің адамилық (гуманистік) сипаты, жалпы адамзаттық құндылықтардың , адам өмірі мен салауаттылығының, тұлғаның еркін дамуы, азаматтық сезім жəне Отанға деген сүйіспеншілік тəрбиесінің басымдылығы принципі;
• аймақтық мəдени жəне білім кеңістіктерінің бірлігі, білім жүйесі арқылы көп ұлтты мемлекет жағдайында ұлттық мəдени құрылымдар мен аймақтық мəдени салт-дəстүрді қорғау принципі;
• жалпы халықтың білімге теңдей қол жеткізе алуы, білім жүйесін оқушы-тəрбиеленушілердің даму деңгейлері мен ерекшеліктері жəне дайындығына икемдестіру принципі;
• мемлекеттік, жеке меншік білім мекемелеріндегі оқудың зайырлылық (светский) сипаты;
• білім жүйесіндегі еркіндік пен əрқилы пікірлер сиыстығы (плюрализм) принципі;
• білім басқарудың демократиялық, мемлекеттік-қоғамдық сипаты, білім мекемелерінің дербестігі принципі.
Заң өзіндік сипаттарымен, əсіресе, деңгейі жəне кəсіби бағыттарымен ажыралатын білім мекемелерінің құрылымын анықтап береді.
Қазіргі қалыптасып жатқан білім жүйесінде білім мекемелерінің төменде көрсетілген типтері белгіленген:
- мектепке дейінгі: ясли, бала бақшалар;
- жалпы білімдік (бастауыш, жалпы, негізгі жалпы, орта(толық) жалпы білім) : мектептер, гимназиялар, лицейлер, т.б.
- бастауыш кəсіби (училищелер), орта кəсіби (техникумдар, колледждер), жоғары кəсіби (институттар,университеттер,академиялар) жəне ЖОО-дан соңғы  кəсіби (аспирантура жəне докторантура, курс-тар, біліктілік көтеру жəне қайта дайындау институттары) білім мекемелері;
- дамуында ауытқуы бар оқушыларға арналған арнайы (түзету –коррекциялық) оқу мекемелері; көруі мүкісті жəне зағиптар, естуі мүкісті жəне кереңдер , ақыл- ес дамуы кемістер, есі ауысқандар жəне т.б. мектептері:
- қосымша білім мектептері: əн-күй, өнер, спорт мектептері, шығармашылық орталықтары, жас техниктер мен туристер станциялары жəне т.б.;
- жетім балалар мен ата-ана қарауынсыз қалған балаларға арналған мекемелер: интернаттар, балалар үйі;
- білімдену процесін іске асырушы басқа да мекемелер.
Ұйымдасу – құқықтық формалары бойынша білім мекемелері мемлекеттік, мунициалды жəне мемлекеттік емес (жеке меншік, қоғамдық мекемелер мен діни ұжым оқу орындары) болуы мүмкін.
Жеке тұлға қажеттері мен мүмкіндіктерін ескеруге орай əрқилы білім алу формалары: оқу орнында (күндізгі, күндізгі-сырттай(кешкі), сырттай оқу формалары), отбасылық оқу формасында, өзіндік оқу, экстерін оқуы.
ҚР «Білім туралы Заңына» орай білім жүйесіне оқу мекемелері мен олардың іске асырып баруы тиіс білімдік бағдарламалар жəне стандарттар кіреді. Бағдарламалар қажетті деңгейдегі жəне бағыттағы білім мазмұнын анықтайды. Қазақстан Республикасында жалпы білімдік (негізгі жəне қосымша) жəне кəсіптік (негізгі жəне қосымша) болып ажыралған жалпы білім бағдарламалары бойынша оқу, білім процестері жүргізіледі.
Жалпы білімдік бағдарламалардың міндеті тұлғаның жалпы мəдениетін қалыптастыру, жеке адамды қоғам өміріне бейімдеу, кəсіби білім бағдарламаларын саналы таңдау мен игеру негіздерін қалау.
Кəсіби білім бағдарламалары кəсіби жəне жалпы білімдік деңгейлерді бірізді көтеру міндеттерін іске асыруға , белгілі талаптарға сəйкес мамандар дайындауға бағытталады.
Осы заманғы білім жүйесінің аса бір көзге түсетін ерекшелігі –білім жүйесін басқарудың мемлекеттік формасының мемлекеттік – қоғамдық формаға біртіндеп ауысуы, мұндай басқарымның мəні- білім проблемасын мемлекет пен қоғам мүдделерін үйлестіре жасау үшін осы екі жүйенің бірлікті күш- қуат жұмсау қажеттігі.
Білімнің мемлекеттік сипатын елде ҚР «Білім туралы Заңына» сай жүріп жатқан білім саласындағы біртекті мемлекеттік саясат айқындайды. Оның ұйымдасу негізі- нақты уақытқа арналған жоғары заң шығарушы билік қабылдаған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарлама мазмұны, бір жағынан, мемлекеттік саясаттың жалпы принциптерімен анықталса, екінші жағынан, замандық бағыт-бағдар жəне болашақ даму жағдайларын ескерумен білім жүйесіне жасалатын объектив талдаулар нəтижелерімен белгіленеді.
Білім кеңістігінде мемлекет саясатын бірізді асырып бару үшін мемлекеттің білім басқару- республикалық, облыстық, аудандық - органдары түзіледі. Елдегі басқару құрылымдары- білім жəне ғылым министрлігі , облыстық оқу департаменттері жəне аудандық оқу бөлімдеріне бөлінген.
Білім жүйесін басқарудың мемлекеттік органдары құзырына төмендегідей міндеттер жүктеледі:
- білім бағдарламалары мен стандарттарын дайындау, стандарттар негізі білім бағдарламаларын міндетті білімнің ең аз педагогикалық ықшамдалған (минимум) көлемін, оқушыларға арналған оқу жүктемесінің ең жоғары (максимум) ауқымын, түлектер дайындығына қойылатын талаптарды белгілейді;
- оқу мекемелері мен оқушыларды аккредитациялайды жəне аттестациялайды;
- білімдік құрылым бірліктерін қалыптастырады;
- білім мекемелері торабының дамуын қамтамасыз етеді жəне болжастырады;
- білім жүйесіндегі бюджеттік жəне қаржылық қызметтерде ҚР заңдарының орындалуын қадағалайды.;
- бүгінгі таңда білімді басқару жүйесі бір орталыққа тəуелділігінен босатылған, яғни республикалық органдар дамудың стратегиялық бағыттарын береді де, ал жергілікті мекемелер нақты ұйымдастыру, қаржылық, мамандар жəне материалдық қамтамасыз ету мəселелерін шешеді. Мемлекеттік басқару көздерімен бірқатар мұғалімдер мен оқушылар ұжымдарының өкілдері, ата-аналар мен əлеумет белсенділерінен жасақталған қоғамдық басқару органдары да жұмыс алып барады.
4.4. Білім- педагогикалық процесс
Білім –бұл мұғалім мен оқушының субъектив-объектив əрекет жолдарымен мақсатқа жетуді көздеген педогогикалық процесс жүрісі. Адамның тұлғалық дəрежеге жетуі оның қоғам мұраттарына сай қалыптасуы педагогикалық процестен тыс іске асуы мүмкін емес.
Педагогикалық процесс осыдан білім беру, тəрбиелеу жəне дамыту міндеттерін шешуге бағытталып, арнайы ұйымдастырылған педагог пен тəрбиеленуші арасындағы өзара ықпалды қызметті аңдатады, яғни педагогикалық процесс – бұл анайы тар мағынадағы оқу мен тəрбиенің бірлігін қамтамасыз ету жолымен кең мəндегі тəрбиені іске асыруды көздеген біртұтас процесс.
Мəндік, мағыналық тұрғыдан педагогикалық процесс-əлеуметтік құбылыс. Педагогикалық процестің басты мақсаты- қоғамның əлеуметтік тапсырысын іске асыру, яғни өздеріне жүктелінген міндеттерді табысты шеше білетін адамдардың жан-жақты дайындығын қамтамасыз ету. Педагогикалық процеске əлеуметтік тəжірибе ұсынылады, əрі ол белсенді игеріліп барады, бұл мақсат бағдарлы ұйымдастырылған іс-əрекеттер жəрдемімен, тəрбиелеуші жəне тəрбиеленушілер қарым-қатынасымен, шəкірттер санасына, еркі мен көңіл-күйіне жүйелі əсер етумен орындалып жатады.
Педагогикалық процестің ең алдымен көзге түсер, тілге алынар бірліктері- бұл оқу жəне тəрбие. Осылардың арқасында тұлғаның білімділігі, тəрбиелілігі жəне дамуындағы іштей өзгеріс процестері іске асады. Өз кезегінде, оқу жəне тəрбие процестері бір-біріне ұштасқан нақты іс-əрекет процестерінен құралады: оқу-оқыту жəне бұдан туындайтын өзіндік тəрбие.
Педагогикалық процесс атқаратын қызметтер түрі:
- ақпараттық (тəрбиеленушіні сауаттандыру);
- тəрбиелік (тəрбиеленушінің тұлғалық өзгеріске келуі);
- дамытушылық (тəрбиеленушінің жан-жақты кемелденуі);
- аксиологиялық (тəрбиеленушінің құндылық сезіну бағдары, заттар мен құбылыстарға болған қатынастарын қалыптастыру);
- əлеуметті икемдестіру (тəрбиеленушіні нақты өмір жағдайларына бейімдеу).
Педагогикалық процестің құрылымы екі тұрғыдан қарастырылады: 1) педагогикалық процеске қатысушылардың субъективті құрамы, 2) іс-əрекеттік құрамы.
Педагогикалық процестің субъекттері - тəрбиеленуші жəне тəрбиелеушілер. Бұлардың құрамы сан қилы. Мысалы , тəрбиеленушілер қатарында алты жастан алпыс жасқа дейінгі сəбилер мен қариялар; ал тəрбиелеушілер сапында ата-аналарды, кəсіби педагогтарды тікелей тəрбиеші субъекттер деп білсек, бұқаралық ақпарат құралдарын, салт-дəстүр, дін, тіл, табиғат жəне с.с балаға ықпал жасайтын барша əлеуметтік –қоғамдық құбылыстардың бəрін жанама да, тікелей де тəрбиеші деп танығанымыз жөн.
Педагогикалық процесс субъекттерінің өзара байланысты іс-əрекеттерінің соңғы нəтижесі – тəрбиеленушілердің адамзат жинақтаған тəжірибені игеруі.
Педагогикалық процестің іс-əрекеттік (процессуалды) құрылымында төмендегідей бірліктер ажыралады:
Педагогикалық процесс қозғалысы (динамика) педагогикалық процестегі кейінгі өзгерістердің мөлшері алдағы кезеңдердің өзгерістер өлшеміне тəуелді. Қолға түскен жетістіктер неғұрлым жоғары болса, нəтиже де соғұрлым салмақты келеді. Бұдан шығатын қорытынды - педагогикалық процесс педагог пен тəрбиеленуші арасындағы дамып барушы ықпалдастық ретінде бірізді «сатылық» сипатқа ие. Осы заңдылық салдары: аралық нəтижесі жақсы болған оқушы жалпы жетістіктерінде де жоғарылау көрсеткіштерге ие болады;
- педагогикалық процесте тұлғаның дамуы педагогикалық процесс, тұлға дамуының арқауы. Тұлғаның даму қарқыны мен жетілген деңгейі нəсілділікке, тəрбие жəне оқу ортасына, оқу-тəрбиелік іс-əрекеттерге жегілуіне, қолданымдағы педагогикалық ықпал жабдықтары мен тəсілдеріне тəуелді;
- оқу-тəрбие процесін басқару педагогикалық процестің тиімділігі тəрбиеленушілер мен тəрбиешілердің арасындағы кері байланыстың жеделдігіне, сондай-ақ тəрбиеленушілерге жасалған реттеуші ықпал əсердің шамасы, сипаты жəне негізділігіне орайлас келеді;
- ынталандыру: Педагогикалық процестің өнімді болуы оқу-тəрбие қызметтерінің ішкі ықпалдарына (стимулдарына) жəне сыртқы (қоғамдық, педагогикалық, моральдық, материалдық) жəне т. б. ықпалдардың əсеріне байланысты болады;
- педагогикалық процестегі сезімдік, логикалық жəне іс-тəжірибелік элементердің бірлігі. Оқу-тəрбие процесінің тиімділігі сезімдік қабылдау, қабылдағанды қисынды тоқу, тоқығанды іс-тəжірибеде қолдана білу шарттарына тəуелді;
- сыртқы (педагогикалық) жəне ішкі (танымдық) іс-əрекеттің бірлігі. Педагогикалық ықпал нəтижелілігі педагог қызметінің сапасына қалай байланысты болса, тəрбиеленушінің өзіндік оқу танымдық іс-əрекеттерінің сапасына да соншалықты тəуелді келеді;
- педагогикалық процестің себептілік негізінің болуы. Оқу тəрбие процесінің жүрісі мен нəтижесін алдын ала анықтап отыратын жағдаят- қажеттілік, сондай-ақ тұлға мен қоғам мүмкіндіктері (материалды-техикалық, экономикалық жəне т.б.), процестің оқыту, орындалу (моральдық-психологиялық, санитар-гигиеналық жəне т.б.) шарттары.
Жоғарыда аталған жəне басқа да заңдылықтар негізінде педагогикалық процесс принциптері- (яғни, кейбір ереже, ұсыныстарға орай) нақтыланып баратын оқу мен тəрбиеге бастау, жетекші талаптар анықталады (оқу мен тəрбие принциптері кітаптың келесі бөлімінде қарастырылады).
Қай педагогикалық процесс болмасын, -өз дамуының белгілі бір ізділігіне сəйкес кезеңдерге бөлінеді. Олар :
- дайындық кезеңі,
- орындау (негізгі) кезеңі;
- нəтижелер талдауы(қорытынды) кезеңі.
4.5 Қазіргі заман білім жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында əлем қауымдастығының басқа да елдеріндегідей білім жүйесін жаңарту жəне дамыту мақсаттарында ұланғайыр реформалау шаралары қолға алынып жатыр. Осы заманның білім жүйесін реформалаудың басты бағыттары төмендегідей:
- білімді адамиластыру(гуманизациялау);
- оқуды үздіксіз жүргізу бағыт-бағдары;
- білім технологиясындағы пəн аралық бірігім-байланыстарды (инеграция)іске асыру;
- оқу процесін компьютерлестіру жəне технологизациялау;
- білім берудің ақпараттандыру формасынан проблемдік, ғылыми ізденіс, оқушылардың өзіндік жұмыстарын кең қамтитын оқудың белсенді əдістері мен формаларына өту;
- оқу желісінде мұғалімнің оқыту жұмыстарынан гөрі оқушылардың танымдық іс-əрекеттеріне көбірек мəн беру;
- оқу-танымдық процесін ұйымдастыру мен сол процесті басқаруда жоспарлы қадағалау, қатаң бағдарластыру тəсілдері орнына оқудың дамытушылық, белсенділік көтеру, жеделдестіру мүмкіндіктерін мейлінше тиімді пайдалану;
- білімнің дамытушылық жəне азаматтық баулу қызметтерін назарда ұстау. Қазақстан мектебінің 2005-2010 жылдардағы даму бағдарламаларында белгіленген аса маңызды мəселе- азаматтық, дербестік, жеке жауапкершілік, қоғамға қызмет ету құндылығын түсіну, демократиялық қоғам құру проблемаларын шешуде ынтымақ сезімін тəрбиелеу.
Қазақстан білім кеңістігінде қалыптасып жатқан осы заман білімін реформалау бағыттары жалпы əлемдік бағдар мен үндес келіп, іске асырылуда.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. «Білім» түсінігінің мазмұндық тұрғыдан негізгі мағыналары қандай?
2. Мəдениет адамның бейімделуіне алғы шарт əрі нəтиже деген пікірді қалай түсіндірер едіңіз?
3. Білімге əлеуметтік құбылыс ретінде сипаттама беріңіз.
4. Осы заман білімінің негізгі қызметтерінің мəнін ашып беріңіз.
5. Біртұтас педагогикалық процесс түзілуінің негізгі кезеңдері қандай?

 

 
15.10.2010 11:15