Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154409

Мектеп – білім тірегі, Ұстаз - оның жүрегі

Ұстаз болу – жүректің батырлығы
Құттықтаймыз!
Төл мерекелеріңізбен, ұстаздар!
Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Мұғалімдер күні де күздің үлесіне тиіпті. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады.
Аса көрнекті қазақ геологы, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, академигі Қаныш Сәтбаевтың айтуынша “...1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ”- деп толғаған.
Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Қазақстанның С.Бегалин атындағы  
мемлекеттік республикалық балалар
кітапханасының ұжымы.
Құрастырушыдан
Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.
“Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!
Мәриям Хакімжанова
Мұғалім – жалпы білім беретін мектептерде жас ұрпақты оқытып, әрі оларды тәрбиелеу қызметін атқаратын маман.
Мұғалім – байырғы мамандықтардың бірі.
Қоғамдық тәжірибені жаңа жас ұрпаққа беру және ол ұрпақты өмірге, еңбек етуге даярлау қажеттігі оқу мен тәрбиені өз алдына дербес қоғамдық қызметке айналдырды. Ежелгі Шығыс елдерінде мұғалім негізінен (дін иелері) болатын. Капитализм дәуірінде мектеп ісінің дамуына байланысты мұғалімдік кәсіп кең тарап, түрлі типті училищелер мен мектептерде штатты қызметке айналды. Осылайша мұғалімдік өз алдына мамандық болып танылды.
ХIX ғасырдың 2-жартысында қала мұғалімдері шыға бастады. (орыс-қазақ училищелері, жаңалыққа бет алған жеке дара оқытушылар). Олар орыс халқының ұстаздық тәжірибесіне зор көңіл аударды.  Қазақ жастары түсіп оқитын бірнеше мұғалімдер семинариясы ашылды. Ел ішіндегі мұғалім правосыз және жалақысыз, көбінесе өз белсенділігімен қызмет атқарды.
Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін халық Мұғалімдері толық правосын алып, өзінің басты мақсатын коммунистік тәрбие мүддесіне бағыттады.
Қазақ Мұғалімдері өзінің өсу және толысу жолын мол қамтитын жас ұрпақты тәрбиелеу, мәдени революция міндеттерін өтеу жұмысына белсене кірісті. Осы биік мақсаттарға сай оның беделі барынша арта түсті. Коммунистік партияның әр кезеңде Мұғалімге деген қамқорлығы, мұғалімнің беделін өсірді, педагогикалық тәжірибесін жетілдірді. Біздің елде арнаулы “Мұғалімдер күні” белгіленген. Мұғалімдер ордендермен, медальдармен марапатталады. Арнайы мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары ұйымдастырылған. Көптеген арнайы газет, журналдар бар.
Мұғалім – мектептің айнасы, бәйтерегі. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші, мұғалім жақсы білімді болса, білген білімін алдында отырған шәкірттеріне үйрете білсе, ол мектептен бала көбірек білім алып шығады.
Өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы.
Артта  қалған ұрпақ саналы болса, адам баласының жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса береді. Білім күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді.
Бұдан біз білімнің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіземіз.
Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды  танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет.
Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – МҰҒАЛІМ.
Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар,  мұғалімнің де рөлі зор.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында.
  Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
  Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
  Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
  Азбайтұғын адамның алтындығы –
 деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз  жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға  деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты  тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де,  жолы да бөлек.
“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.
Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздардың төл мерекесіне арнап, С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы “Мектеп – білім тірегі, Ұстаз - оның жүрегі”
атты әдістемелік құралын ұсынады.
Бұл құралдың мерекені ұйымдастырушыларға көмегі тиеді деген сенімдеміз. Сәт сапар тілейміз!
                                                                                 Інжу-маржан
ҰСТАЗ ДЕГЕН...
Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,  ешнәрсені ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп...қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Әл-Фараби
Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.
Ыбырай Алтынсарин
Адамның адамшылдығы... жақсы ұстаздан болады.
Абай Құнанбаев
Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес.
Мұхтар Әуезов
Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім.
Ғабит Мүсірепов
Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді.            Мәлік Ғабдуллин
Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады.
Жүсіп Баласағұни
Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін
Серке Қожамқұлов
Оқытушы әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы болуға тиіс.
Спандияр Көбеев
Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз.
К.Д.Ушинский
Шәкірті жоқ ұстаз – мылқау ұстаз
Ыбырай Жақаев
Егер мұғалім  өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол нағыз ұстаз.
Л.Н.Толстой
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.
Ахмет Байтұрсынов
Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады.
Мағжан Жұмабаев
Ұстаз болу - өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау.
Ж.Ж.Руссо
Ұстаз – ұлы есім.
М.Әуезов
Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады.
К.Д.Ушинский
Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады.
В.А.Сухомлинский
Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс.
Ы.Алтынсарин
НАҚЫЛ СӨЗДЕР
 Ұстазы жақсының ұстамы жақсы.
 
 Жақсы мұраптың атынан су ереді,
 Жақсы ұстаздың соңынан шәкірт ереді.
 Ұстазға қарап шәкірт өседі.
 Қайратсыз ашу – тұл,
 Тұрлаусыз ғашық – тұл,
 Шәкіртсіз ғалым – тұл.
 Атпаз көрген ат таныр,
 Ұстаз көрген хат таныр.
 Ұстаз мәртебесі – ел мерейің
 Ұстаздан шәкірт озар
 Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла
 Ұстазы талантты болса,
 Шәкірті талапты болады.
 Ұстаз – ұрпақ мақтанышы.
 Ұстаз болу – жүректің асылдығы.
 Ұстаз шәкіртіне білім жолын үйретеді,
 Білімді жан тас қамалды күйретеді.
 Бұйырмас білім тоқымай,
 Ұстаздық қылма оқымай.
 Жарасады сыпайылық балаға,
 Ұстазыңа одырайып қарама.
 Шәкірттің жақсы болмағы ұстазынан.
ЖҰМБАҚТАР
 Білімнің дәнін тереді,
 Балаға тәлім береді.
    ( Ұстаз)
 Білімнің - жолбасшысы,
 Шәкірттің - қолбасшысы.
    ( Мұғалім)
 Оқу - білім бағдары,
 Заманының бағбаны.
    ( Ұстаз)
“БӘРІ КЕРІСІНШЕ”
(Төменгі сынып оқушыларына арналған ойын – мереке)
Безендірілуі:
Түрлі-түсті шарлар, күз мезгіліне арнап салынған суреттер, нақыл сөздер жазылып ілінеді. Ұстаздар күніне орай кітап көрмесі ұйымдастырылады.
(Жүргізушілер сахнаға қолдарындағы қоңырауларын кезек-кезек сыңғырлатып жүгіріп кіреді)
Жүргізуші 1: Құрметті ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Сіздерге еңбекте табыс, қажымас қайрат, зор денсаулық, бақыт тілейміз!
Оқырман 1:  Білімнің кілтіндей
   “Әліппе” ұстатқан,
    Оқуға іркілмей
    Тоқуға ұстартқан.
    Қамқоры ұл, қыздың –
    Мұғалім – ол біздің.
Оқырман 2: Қиынға төзуге
    Үйреткен қашанда,
    Жаманнан безуге,
    Жақсылық жасауға.
    Қамқоры ұл, қыздың –
   Мұғалім – ол біздің.
Оқырман 1: Атам да сыйлайтын
    Атамның тұстасы,
    Папам да сыйлайтын
    Ауылдың ұстазы.
    Қамқоры ұл, қыздың –
   Мұғалім – ол біздің
     Мұзафар Әлімбаев
Жүргізушілер қоңырауларын тағы бір мезет сыңғырлатады. Осы бір мезетте оқушылар  Ұстаздарды мерекелерімен құттықтауға шығады.
(Балалар ұстаздарына гүл шоқтарын сыйлайды).
Жүргізуші 1: Біз бүгін аяулы да, ардақты ұстаздарымызды немен қуантсақ екен?
Жүргізуші 2: Осы өткізіп жатқан мерекеміз, апайлар мен ағайлардың естерінде қызықты жағымен есте қалу үшін, бәрін керісінше істеуіміз керек.
Жүргізуші 1: Қалай  керісінше?
Жүргізуші 2: Бүгін біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыз орындарын ауыстырады. Дұрысын айтқанда, ұстаздарымыз уақытша оқушы рөлін атқарады. Қазір біз оқушыларымызға қызықты ойындар өткізсек. Осы ойында көп сұраққа жауап берген оқушы  “Жеңімпаз” атағын жеңіп алады. (Оқырмандарға қарап) Келісесіңдер ме, балалар?
Жүргізуші 1: Ал ойын-мерекемізді бастайық! (Осы кезде сахнаға Әліппе жүгіріп кіреді)
Әліппе:  Сәлеметсіздер ме? Қайырлы күн көпшілік                  
                             қауым! Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті 
                               Ұстаздар! Бірақ бұл мерекені менсіз өткізіп
                               жатқандарыңыз қалай? (Әліппе томсырайып 
                                өкпелеп қалады)
Жүргізуші 2: Ой, Әліппежан, сенің келгенің қандай жақсы болды, өкпелеме енді. Сенің келгеніңе біз өте қуаныштымыз!
Жүргізуші 1: Әліппенің құрметтілігі сонша, ол балалардың сауатын ашады. Жәй ғана әріптерді үйретіп қана қоймай, нешетүрлі көңілді де, қызықты  ойындармен, жұмбақтармен таныстырады.
Әліппежан, осы мерекеде өзіңнің өнеріңді бір көрсетсең. Бұл ойын-мерекеде мұғалім болуды біз саған жүктедік.
Әліппе:                 Келістім! Онда бірінші ойын - қазақ тілі!
Ойынды бастамас бұрын, “Өшіргіш пен қағаздың айтысын оқып берейін.
   Өшіргіш пен кір қағаз –
   Өмір бойы дүрдараз.
   Қағаз айтты досына:
   “Қайырымың осы ма?
   Жатырмын деп тазалап,
   Ысқылайсың қажалап.
   Білігі жоқ есерсің,
   Бүйірімді тесерсің.
   Түбі осыңнан табасың:
   Күнде шөгіп барасың.
   Өзің–дағы өшерсің,
   Дүниеден көшерсің”.
   Сонда өшіргіш сөйлейді,
   Сөйлегенде бүй дейді:
   - Бұйырмасын өкінсем:
   Қағаз кірін кетірсем.
   “Бір күні жоқ жалыққан
   Қателерден арылтқан –
   Өшіргіш!” – деп, айтады ел.
   Бағалайды байтақ ел.
   Жаны туыс,
   Көркемдік пен тазалық:
   Кәне дұрыс,
   Көркем, таза жазалық!
      Мұзафар Әлімбаев
Әліппе: Біріншіден мен оқушыларым  әріптерді ұмытқан жоқ па екен соны тексергім келіп тұр. Ол үшін оқушылардың арасынан өзіме көмекке 2-3 баланы сахнаға шақырамын. Бұл балалар кезек-кезек дене мүшелері арқылы әріптердің формасын көрсетеді. Ал сіздер, қадірлі “оқушылар” оларды шешулеріңіз  керек.
(Бұл жерде әріптердің жеңіл көрсетілетін түрлерін таңдаған дұрыс. Мысалы: А, Я, Ф, О, М, П, Ж, І, Ө т.б. қалаулары бойынша. Сонымен қатар, көп ұтыс жинаған оқушыға алдын-ала қызыл картоннан жасалған жұлдызшалар үлестіріледі).
Жүргізуші 2: Өте жақсы! Әліппежан, оқырмандарың бірінші тапсырмаңды сәтті орындап шықты. Ынталы да, жақсы оқитын балалар екен.
 
Жүргізуші 1: Ал мен бұл тапсырмаларды өте оңай деп есептеймін. Сенде бұдан да қиынырақ тапсырмаларың бар ма?
Әліппе:   Әрине, біздің мұғалімдер оқушылардың жазба жұмыстарынан өте көп қателер тауып, соның салдарынан балалардың бағасы төмендеп жатады. Жіберген 1-2 қатеге бола бағамызды төмендетті, - деп  оқушылардың ренжитін кездері де болады. Кейде бір әріптің қатесі сөздің ғана емес, бүкіл сөйлемнің немесе шығарманың да өңін айналдырып, мазмұнын өзгертіп жібереді.
Мен сендерге қазір бірнеше шумақ өлең айтып беремін. Бұл шумақтарда жалғыз-ақ әріптің қатесінен мазмұнның қалайша күлкілі болып шығатынын аңғарамыз. Сендер, балалар, сол шумақтардағы әріп қателерін табуға тырысыңдар.
  Гүл бөледі даланы,
  Сыбдыр қақты жылғалар.
  Биік ұшып барады,
  Ұзын мойын тырмалар /тырналар
  Аспаннан көктемде,
  Нұр төгіп күн тұрды.
  Алма да, көк тал да,
  Шақша да құлпырды /Бақша да
  Саусағына Ауғанбай,
  Жұқтырып ап күйені.
  Бетін сипап қалғанда,
  Түйе  болды иегі / Күйе
  Мін таппайсың көшеден,
  Тақтайдай-ақ жол қазір.
  Қолдың үстін көшеде, /Жолдың
  Тегістеп жүр бульдозер.
  Мөлдір суда балықтар
  Жүреді ғой топтанып.
  Кеше сонау арықтан,
  Сүзіп алдық көп халық / балық
  Біздің саулық семіз-ді,
  Бірақ туды өгізді / егізді
  Менің атам үнемі,
  Жұмыс істеп жүреді.
  Жер қазуға қолайлы-ақ,
  Ұзын сапты жүрегі /күрегі
  Біздің байтақ арқада,
  Жақсы өседі арба да /арпа
         Мүбәрак Жаманбалинов
Жүргізуші 2: Әліппежан, сенің оқыған өлең шумақтарың өте қызықты екен. Осыдан кейін оқушылар жазба жұмыстарынан  қате жібермеуге тырысатын болар.
Жүргізуші 1: Мен де солай ойлаймын. Бірақ оқушыларыңның бет-әлпетіне қарағанда, олар кішкене шаршаған сияқты.
Әліппе: Онда мен балалар сендерге ертегі оқып берейін.
Білімін жалғастыра алмай қалған аң-құстар, жәндіктер, азын-аулақ сөз білетін ділмар тоты, ғарыштан келген қатал мұғалім және ғажайып мектеп хақындағы ертегі.
  Ертеде, ерте, ертеде,
  Шөлейтте, не бір орманда,
  Бәлки, бір сулы өлкеде
  Болмаған, әлде болған ба,
  Шындық па, жалған былық па,
  Онысын қайдам...аң біткен
  Оқыпты бірге сыныпта
  Құстармен, түрлі жәндікпен.
  Ит, қасқыр, сиыр, сауысқан,
  Көбелек, түйе, түлкі де,
  Көлбақа, балық, тауық та,
  Жылқы, қой, жылан, кірпі де,
  Шымшық, құрт, тауық, арыстан,
  Бозторғай, керік, батбат та
  Келеді екен алыстан
  Мектепке жазда – аптапта.
  Ертемен бұлбұл таң атпай
  Сайрайды екен есіліп.
  Тасбақа болса, сабаққа
  Жүріпті кілең кешігіп.
  Кенгуру нанға қалтасын
  Келеді екен сықап бір.
  Ал тышқан сызып партасын,
  Кеміреді екен кітапты.
  Түнімен ұшып жапалақ,
  Сабақта қалғып-мүлгіпті.
  Мұғалім болса қатал-ақ,
  Ғарыштан келген бір мықты!..
*   *    *
  ... Партада бірге отырды
  Көлбақа мылқау балықпен.
  Алғашқы әріп оқылды,
  Ашылды дағы “ӘЛІППЕ”
  Ғарыштан келген мықты да
  Қолтаңбасымен әдемі
  Тақтаға жазып шықты да:
  -Оқыңдар, мынау – “А”, - деді.
  Ит болса мұны: “Р”, - деді
  “У”, - деді қасқыр тұмсығын
  Көтеріп алып аспанға
  “Ч”, - деді орман шымшығы,
  Тұтығып тілі, сасқанда.
  Кісінеп жылқы: “И”, - деді.
  Ызыңдап шыбын: “З”, - деді.
  Бәрі де әріп “үйреніп”,
  Жайнады бал-бұл жүздері!..
        *     *     *   
  ...Мұғалім мінген кәріне,
  Түгендеп шығып сыныпты,
  Жәндік, аң, құстың бәріне
  Былай деп мойын бұрыпты:
  - Оқимыз сөзді таза біз,
  Сынайын бүгін бар аңды,
  Жат жазу енді жазамыз,
  Алыңдар қағаз, қаламды.
  Мұқият бәрін тыңдаңдар,
  Оқиын мен бір сөйлемді.
  Асығыстық та қылмаңдар, -
  Деп, ұстаз қарап қойды енді.
  “Орман да, шөл де – біздікі,
  Қырат та, бел де – біздікі,
  Өзен де, көл де – біздікі,
  Тау, құм, су, жер де - біздікі!..”
  Бірыңғай мүше, шылау бар,
  Құрмалас сөйлем әрі бұл.
  Сендерге тиіс ұнауға,
  Ұнамаса да, бәрібір!..
          *    *    *   
  ...Бір шолып шығып маңайды,
  “Әліппені” үздік тауысқан
  Тотыға үнсіз қарайды
  Сұлу да кербез сауысқан.
  Үңіліп керік, тышқаннан
  Көшіріп алды “сөйлемді”.
  Қалған жоқ аң мен құстардан
  Момақан ғана қой да енді.
  Секеңдеп орман шымшығы,
  Қарамақ болып тауыққа,
  Сұқты да тынды тұмсығын
  Байқамай сия сауытқа.
  “Бақ-бақ!” –деп жазып жалыққан
  Көлбақа мылқау көршісі –
  Көшірмек болды балықтан
  Бақаның мүлдем ерсі ісі!
  “Аспанға бәрің бас и!” – деп
  Жазбақшы еді бозторғай,
  “До, ре, ми, фа, соль, ля, си” – ден
  Аспады қайран жез таңдай!..”
                    *     *     * 
  ...Мұғалім жүрген жоқ текке,
  Тексеріп барлық дәптерді,
  Үш күннен кейін мектепке
  Өзімен бірге ап келді.
  Дәптерін түйе толтырып,
  Жазыпты кілең: “Бө-бө!” – деп
  Бір сағат бекер желпініп!
  Отырыпты ғой көбелек!
  Қызарып батбат намыстан,
  Сіңген-ді құмға заматта.
  Тек қана “А” деп арыстан
  Жазыпты бір бет параққа.
  Ит, қасқыр, тышқан, сауысқан,
  Көлбақа, керік, кекілік,
  Піл, аю, балық, тауық та –
  Бәрі де алды “екілік”.
  Өкінгенмен кеш тіпті,
  Сиырға тиді оқыра!
  Мұғалім жалғыз “бестікті”
  Қойыпты ділмар тотыға...
                      *   *    *
  ... Намысы жеңіп табанда,
  Жан еді қайсар, елгезек
  Қайдасың деп түу саванна,
  Жол тартты керік сол мезет.
  Арыстан, бұлбұл, түлкі де,
  Сауысқан, шымшық, зорман да,
  Көбелек, қоян, кірпі де
  Жоғалды сіңіп орманға.
  Қой, түйе, сиыр, жылқы да
  Тапты бір айла-амалды –
  Көнді де АДАМ ырқына,
  Қораға келіп қамалды.
  Өзенге қарай  бет алды
  Көлбақа ертіп балықты.
  Ғарыштан келген қатал да
  Ғарышқа кетіп қалыпты.
  “Сауат ашқан” аз-ақ күн
  Көрікті тоты бұл күні
  Күледі екен мазақ қып
  Сауысқан, бақа, түлкіні...
  ... Бар әлі, достар, сол мектеп,
  Қайсың бар оны көрмеген?
  Қабырғаларын өрнектеп,
  Адамдар қайта жөндеген.
  Көремін десең, тек тыңда,
  Келіңдер біздің өлкеге.
  Кенгуру бүгін жоқ мұнда
  Қалтасы толған бөлкеге.
  Жоқ мұнда тоты - мақтаншақ,
  Тышқан да кітап кемірген.
  Бәрі де ойда жоқты аңсап,
  Өтіпті кеше өмірден...
  Сабақты жылан секілді
  Қалмайды ешкім есітпей,
  Аумай-ақ ұлы екінді,
  Келеді бәрі кешікпей.
  Алмайды ешкім “екілік”
  Болмасын титтей шүбәңіз
  Қоспайын тіпті өтірік,
  Оқитын онда мына БІЗ!..
Байбота Серікбайұлы Қошым – Ноғай
(Ескерту: Ертегінің басында курсивпен берілген 2 куплет, ертегінің арасында қайталанып отырады. Ертегінің ұзақ болу себебіне байланысты, қысқартылып тасталды. Бұл куплеттер **** орнына қойылуы тиіс еді.).
Жүргізуші:  Ертегі тыңдап бір сергіп қалдық қой.
Әліппе:  Ендеше мерекені жалғастырайық. Құрметті балалар! Ендігі кезекті қазақтың мақал-мәтеліне берсек.
Ал мынау менің ең сүйікті мақалым: Оқу күрекпен құдық қазғандай / инемен
Мен шамасы дұрыс айтпадым-ау деймін. Бүгін әріптер де, сөздер де бытырап, біртүрлі шашырап кетті ме, қалай?
Ендеше мен сендерді көмекке шақырайын, менің айтқан мақал-мәтелдерімді түзетуге көмектесіңдер.
1. Қына басқа бітеді / тасқа
Білім шашқа бітеді /басқа
2. Біліп тұрсаң да, сұрама / сұрап ал
3. Аз біл, көп сөйле /Көп біл, аз сөйле
4. Бір елі ауызға
Бес елі қақпақ / Екі елі
5. Көрмес – шошқаны да көрмес /түйені
6. Өнер алды – ұзын тіл /қызыл тіл
7. Жығылып жатып, жығылғанға күлме /сүрінгенге
Әліппе: Жарайсыңдар балалар! Мына тапсырма  ең соңғы тапсырма. Сендердің міндеттерің “Отан”, “Туған жер” тақырыбына, мейлінше көп мақал-мәтелдерді еске түсіріп айту. (Көп мақал-мәтел айтқан балаларға жұлдызшалар таратылады)
Жүргізуші: Жарайсыңдар балалар! Тапсырмаларды өте жақсы орындап шықтыңдар. Білімге бай екендеріңді байқаттыңдар.
(Ойын соңында көп жұлдызшаларға ие болған оқырман “Жеңімпаз” аталып, сыйлықпен марапатталады).
Жүргізуші: Міне, осымен біздің ойын-мерекеміз де аяқталып қалды. Құрметті ұстаздар!  Көңілдеріңіз көктемдей болсын, өмірлеріңіз мәнді, сәнді қуанышқа тола берсін! Келгендеріңізге көп рахмет!
(Бәрі бас иеді). Хормен “Ұстазым” әнін орындайды.
ҰСТАЗ – АТЫ МӘҢГІЛІК,
ЖАДЫМДА ҚАЛАР ЖАҢҒЫРЫП!
(Ойын- байқау)
Мерекеге екі топ қатысады. 1 – мұғалімдер, 2 - оқушылар. Әр топ мүшелерінің кішкентай кездеріндегі суреттері, оқу құралдары, “Таза парақ”, “сызғыш”, “өшіргіш” сөздерін жазуға арналған үлкен әріптер, 2 қалам. Зал  кітап көрмесімен, гүлдермен безендіріледі. Мереке сәлемдесумен, құттықтаумен басталады.
1-оқушы: Құрметті ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. /Оқушылар ұстаздарына арнап өлеңдер оқиды, ән шырқайды, гүл сыйлайды/
     
Қоңырау сөзі:
    “Күміс көмей, жез таңдай,
    Үні ашық”, - деп мені
    Таңдап жаршы қойғандай,
    Жер жүзінің мектебі
    Шәкірттерді қарсы алып
    Сыныптарға ендірем.
    Бітсе сабақ жар салып,
    Бәйек болып мен жүрем.
Біз сіздер оқытып жүрген барлық пәндерді ардақтаймыз. Сөздеріңізді ықыласпен ынта қойып тыңдап, пән атаулыны зер салып оқып, үйреніп жүрміз. Жан-жақты білім бергені үшін әрбір пән мұғаліміне алғысымыздың шегі жоқ.
2-оқушы:   Анашымдай сыр шерткен,
    Ақыл, білім үйреткен.
    Ана тілін оқимын,
    Ерекше зор құрметпен.
3-оқушы:   Математика сабағын
    Жақсылап ұғып аламын
    Сәулесі де сананың,
    Мәнінен ой табамын.
4-оқушы:   Ұлтын сүйген баламын
    Ұлтым тілі – анамның.
    Қазақ тілі – ортақ тіл,
    Тілімнен ой табамын.
5-оқушы:   Шыңдап күнде мен енді,
    Шынықтырам денемді.
    Сүйемін ән-күй сабағын,
    Суретті сәндеп саламын.
Бәрі/ қосылып/:           Білім берген біздерге
    Рахмет Сіздерге.
Көркемсөз оқушы:       Қоңырау сөзі
    Алып менің тілімді,
    Ата-анаң да тыңдаған.
    Ұмытпайды үнімді,
    Мамандар сан мыңдаған.
    Өзім – кіші, дәу ісім,
    Мұғалім де сыйлайды.
    Сыңғырлаған дауысым,
    Жалқауларды қинайды.
    Айтқан әнім бұл менің,
    Сағынарсың кәрі–жас.
    Өмір бойы біргемін,
    Балғын шағың ұмытылмас!
Жүргізуші: Ал қазір құрметті ұстаздар, сіздер үшін көңілді үзіліске қоңырау соғылады. Сіздерді көңілді байқауларға шақырамыз. Байқауға 2 топ қатысады.  Ал енді әділ қазылар алқасын сайлауымыз керек. Олар:
- ең әділ және қатал оқушы
- ең әділ және қатал ата-ана
- ең әділ және қатал мұғалім
/Әділ қазылар алқасы сайланады/.
1-байқау “Бұл не?”
Әр топтан бір адам қатысады. Шарты: Көзі жұмулы қалыпта заттарды қолымен ұстап, атын табу керек.
2-байқау “Тамаша мұғалім”
Топ мүшелері бір-бір парақтан алып, “тамаша мұғалімге” тән қасиеттерді жазады. 2 топтың жауабындағы ұқсастықтар бағаланады.
3-байқау “Бұл кім?”
Мұғалімдерге оқушылардың кішкентай кездеріндегі суреттері беріледі, ал оқушыларға мұғалімдердің. Дұрыс жауап бағаланады.
4-байқау “Сенесіздер ме?”
2 топқа да бірдей сұрақтар беріледі:
1. Жапонияда оқушылар тақтаға түрлі-түсті сиямен жазады. /Ия/
2.Австралияда бір-ақ рет пайдалануға жарайтын тақталар қолданады екен. /Жоқ/
3. Автоқалам Ежелгі Египетте пайда болған /Ия/
4. Шарикті қаламды тек қана әскери ұшқыштар пайдаланған. /Ия/
Жүргізуші: - Тыныштық сақтаңыздар! Мұғалімдерге арналған емтиханымызды бастаймыз. / Мұғалімдерге шарлар үлестіріледі. Әр шардың ішінде сұрақтар бар. Мұғалімдер шарды жарып, сұрақтарға жауап беруі керек/.
Сұрақтар:
1. Домбырада – жетеу, сырнайда – алтау, қобызда бесеу. Бұл не? /әріп/
2. Бұл санда қанша әріп бар болса, сонша сан бар. Ол қай сан? /Жүз/
3. Жел соққанда тау ық бола ма? /Ық болады/
4. Теңізде қандай тас болмайды? /Құрғақ/
5. Ертістің ортасында не бар? /Т әріпі/
6. Өзі судан шығады, бірақ судан қорқады. Бұл не? /Тұз/
Жүргізуші: Әділқазылар алқасы байқау қорытындысын шығарғанша, енді ұстаздар кезек-кезек билет алыңыздар. Сол билеттегі сұрақтарға дұрыс жауап таңдап алу керек.
№1 билет. Сыныпта сіз үшін ең сүйікті оқушы болу керек пе?
№2 билет. Сабақта ұйықтап қалған оқушыны оятасыз ба?
№3 билет. Сабаққа жиі кешігіп келесіз бе?
№4 билет. Ата-аналарға балалардың тәртібі туралы хат жазасыз ба?
№5 билет. Сабақта анекдот айтқан кезіңіз болды ма?
Жауаптар:
1. Жоқ, ұстаз үшін оқушының бәрі бірдей.
2. Мүмкін, менің көңіл-күйіме қатысты
3. Ойланып көремін.
4. Ойымда да болған емес.
5. Ешқашан, тапқан екенсіңдер, онда тұрған не бар?
Жүргізуші:  Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
/Көңілді күй, сахнаға оқушылар шығады, олар ұстаздарға біркелкі бас иеді/
Көркемсөз оқушы 1: Ғұлама, білгіш ғалымнан
    Оқушы жас жалыннан,
    Мархабатты ойшылдан,
    Мал өсірген қойшыдан,
    Жазушыдан, ақыннан,
    Ғарышкерден – Батырдан
Көркемсөз оқушы 2: Өнері асқан актерден,
    Ырыс қазған шахтерден,
    Мың бұралған  бишіден,
    Ой тербеткен күйшіден,
    Оқыған жас-кәріден
    Оқушының бәрінен,
Бәрі /қосылып/:  Ұстаздарға мың сәлем!
 “Ұстаз” әні шырқалады. Сөзін жазған: Сая Итеғұлова
 Сазын жазған: Есенжол Өтебасов
Жүргізуші:     Мереке құтты болып, мерейлеріңіз арта берсін,  ұлағатты ұстаздар!
ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА
(Әдеби-сазды кеш)
Безендірілуі: Кітапхананың оқу залы. Мұғалімдер күніне арналған “Ұстаздарым, думан болсын әр күнің” атты кітап көрмесі ұйымдастырылған.  Плакатқа жазылып нақыл сөздер,  түрлі-түсті шарлармен ілінеді, гүлдермен әсемделінген.
Қатысатындар: Жүргізушілер, оқушылар
Жүргізуші:      Құрметті Ұстаздар! Сіздерді мұғалімдердің кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. “Ұстаз – ұлы тұлға” атты әдеби-сазды кешімізді бастаймыз.
   Ұстаз!
Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші!  Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Алғаш “Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой.
Ұстаз  да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Бірінші оқушы: Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:
  Ақырын жүріп, анық бас,
  Еңбегің кетпес далаға.
  Ұстаздық еткен жалықпас
  Үйретуден балаға, - деп айтуында терең мағына жатыр.
Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне  сіңіру үшін қаншама тер төкті десеңізші! Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!
Екінші оқушы: Айтсаң, жеткіншектердің  жүрегіне ізгілік сепкен, тәрбиелеген мұғалімнің еңбегін айт! Шынында, ұлы да ұлағатты еңбек емес пе?!
Үшінші оқушы: Әр жылдың қыркүйек айында ұстаздар өзінің  сүйікті шәкірттерімен жүздеседі. Мектептің маңдайшасындағы “Хош келіпсіздер!” деген сөздерден ұстаздардың дарқан жан дүниесі аңғарылады. Қоңырау үні сыңғарлай естіледі. Кішкентай бүлдіршін күліп қойып, жез қоңырауды соғып тұр. Ол үшін бұл жай ғана қоңырау емес, қол бұлғап, алға қарай шақырған өмір қоңырауы іспетті.
Барлығы хормен:
Қоңырау үні үзілмесін, ұстаз! Әуелей берсін, әсем сазды жез!
Қоңырау үні! Еңбегің жансын, сүйікті мұғалім! /Осы сөздер айтылып жатқанда қалған оқушылар сахнаға шығып, бастаушылардың артына тұра береді. Хормен “Ұстазым” әні орындалады.
Бірінші оқушы:  Білімнің кәусар бұлағын
    Жүресің құйып санама
    Біз үшін сенсің, мұғалім,
    Ұстаз да, ғалым, дана да.
Екінші оқушы:  Қыр-сырын зерттеп заманның,
    Ұлылығын айтып бабамның
    Өнеге, өріс беретін
    Барометрі сенсің адамның.
Үшінші оқушы:  Сағыныш сазы толқытқан,
    Арнамақ сөздің мәйегін.
    Шәкірттерің оқытқан
    Келіп тұр жолдап сәлемін!
 
Төртінші оқушы: Өмірдің ұғып тереңін,
    Өркен жайған қауымым
    Қабыл ал жүрек сәлемін,
    Құлақта сенің әр үнің!
(Бір оқушы мұғалімдерге арнап ән орындайды)
Бесінші оқушы:  Ұстаздардың ұлағатты сөзінен,
    Өмір бойы таусылмас нәр аламыз.
    Ұстаздардың мейірімді көзінен,
    Бізге деген жылылықты табамыз.
Алтыншы оқушы:  Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
    Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
    Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
    Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
Жетінші оқушы: Жаралған жақсы үміт пен мұраттардан,
   Жансыздар әлдилеген шуақты арман.
   Жатталсын есімдерің жан жүректе,
   Адамның аяулы әні сияқталған.
Сегізінші оқушы: Жүрегіміз түкпірінен ән қылып,
   Шырқай оған айттық біздер тілекті.
   Ұстаз аты биік, әрі мәңгілік,
   Тербетеді сезім менен жүректі.
Тоғызыншы  оқушы: Бірге өсіп, ен жайлаған ұл менен қыз,
    Асыға сәлем жолдап жүректен біз.
    Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді,
    Сіздерге тарту етіп ұсынамыз.
(Бір-екі ән, немесе би биленеді)
Жүргізуші:  Құрметті ұстаздар! Белгілі жазушы, ұстаз,
   сықақшы Әдібай Табылды ағамыздың
   “Ұстаздық оңай ма?”   
                                атты скетчінің көрінісін қабыл алып, 
                                 тамашалаңыздар!
Қатысушылар: Әділет – еңбек ардагері, Тәлтік – жас мұғалім.
   Сахнаға Әділет шығады.
Әділет: Амансыңдар ма, ардақты шәкірттерім менің?!
  Шат-шадыман болып, Тәлтік келеді.
Тәлтік: Ассаламалайкум, ағай! Сәләмет саусыз ба?    Денсаулығыңыз...
Әділет: Кел, айналайын! Әке-шешең аман ба? Қандай жаңалығың бар?
Тәлтік: Бәрі жақсы, ағай... Мен өзіміздің мектепке мұғалім боп келдім.
Әділет: Өз ауылыңа келгенің жақсы бопты. Келген қадамың құтты болсын!
Тәлтік: Ағай, осы... ауылға, атаға бөлу, меніңше, дұрыс емес...
Әділет: Мен ауылға, атаға “бөлейін” деп тұрған жоқпын. Өз ұстаздарыңның мұрагері болғаныңа қуанып тұрмын.
Тәлтік: Ағай, өзіңіз білесіз, мені бастауыш сыныпта республикаға белгілі Тәлім ағай тәрбиеледі емес пе?
Әділет: Білем...Білем... Тәрбиең  жаман болған жоқ...
Тәлтік: Баста  білім бар, диплом қалтада! Енді ұстаздық істің қызығын көрсек деп, салып-ұрып жүрміз, ағай.
Әділет: Сабыр ет, балам! Саған айтарым: сен шәкірттеріңнің  алғашқы үш сынағынан мүдірмей өтсең, нағыз ұстаз боласың.
Тәлтік:  Ха-ха-ха! Хи- хи- хи! Менен сынақ алатын кім олар, ағай?!
Әділет: Күлме, балам! Жеңіл күлкі жетесіздік болады. Сынақ...
Тәлтік: Ол қандай сынақ, ағай, айтыңызшы?!
Әділет: Сен алғашқы сабаққа барғанда, біріншіден, киген киімің шәкірттер жиіркенбейтіндей, үстіңе қонымды, бойыңа жарасымды болсын. Екіншіден шәкірттерің қандай сұрақ қойса да, оларды қақпаламай, қанағаттандыра жауап бер. Үшіншіден, олардың әуелгіде әдейі көрсеткен оқыс қылықтарына шыдап, сабырлылықпен тәлімді тәсіл қолдана біл...
Тәлтік: Ағай, амандық болса, бұл сынақтардан “қолпарақсыз -ақ” өтем!
Әділет: Егер ең алғаш жеңіл мінез көрсетсең, оқушылардың оғаш қылықтарының оты қаулап кетеді.
Тәлтік: Ха-ха-ха! Қойыңызшы, ағай... Олар, сонда, қандай қылық көрсетеді?! Ұлағатты ұстазын сыйлай алмаған шәкірт оңа ма?!
Әділет: Алғаш жеңіл мінезіңді байқап қалса, кластағы отыз оқушы, отыз түрлі қиқарлық көрсетуі мүмкін.
Тәлтік: Оқушыларды сонша сорақылыққа жібере қоймаспын, ағай...
Әділет: Шәкірттер шәлду-бәлду сөзді, шыдамсыздықты ұнатпай, шулап кетсе, ақылың таусылып, жүйкең құриды, масқара боласың.
Тәлтік: Хи-хи-хи! Бірден жүйкем құрып не бопты сонша!
Әділет: Сынып – сиқырлы  драма орны. Онда кездейсоқ керемет оқиғалар болуы мүмкін.
Тәлтік: Сыныпта жібі түзу оқушылар да болатын шығар?! Тіпті...
Әділет: Сабақ үстінде сол “жібі түзу” оқушыларды таба біл де, солар арқылы әдепті әдіс қолданып, сабырлылық мінез көрсет.
Тәлтік: Мен, амандық болса, Тәлім ағайдың тәсілін қолданам.
Әділет: Ол қандай тәсіл еді?
Тәлтік: Сабақ үстінде қыңқ еткен оқушының басына сызғыштың жалпақ жағымен сарт еткізем. Ол менің сөзімді тырп етпей тыңдайтын болады. “Баланы бастан” деген емес пе атамыз?!
Әділет:  Балаға кешірімді болу керек. Ұру – қылмыс, қорқыту – кінә!
Тәлтік:  Ағай, сіз қызық екенсіз! Жетесіздер желігіп, кешірген сайын кесірленіп кетпей ма? “Әркім қорыққанның құлы”. Біз Тәлім ағайды қорыққанымыздан сыйлайтынбыз.
Әділет:  “Кең болсаң, кем болмайсың”. Сабырлылық, салауаттылық, салтанаттылық – ұстаздық қасиет. Онсыз болмайды, балам.
Тәлтік:  Ағай, балаға қатал болмасаңыз, ол қағынып кетеді. Ондай қағындылықты өз басымыздан да кешіргенбіз.
Әділет: “Қаталдық” дегенді қорқыту, ұрып-соғу деп түсінсең, қателесесің. Балаға қатаң талап қоя біліп, оның орындалуын ерінбей-жалықпай қадағалау керек... Қаталдық – сол.
Тәлтік: Мына сөзіңіз мишығыма қона бастады, ағай. Бұл – дұрыс.
Әділет: Дұрыс болса, солай. Оқытушы оқушылардың алдында ұлы бейнені орындап тұрған актер іспеттес болу керек.
Тәлтік:  Ха-ха-ха! Ағай, мен бес жыл ұстаздық оқуды оқып келіп, енді балалардың алдында “әртіс” болуым керек пе?
Әділет: Күлкісі жоқ, балам! Ұстаз - әрі актер, әрі философ, әрі шәкіртінің ата-анасы, қамқоршысы, қадірлі жақыны.
Тәлтік: Мына сөздеріңіз ойыма орналаса бастады, ағай.
Әділет: Баланың алдында байыпты болу, оларды жақсы көріп, білім бере білу – нағыз ұстаздық, ұлылық қасиеттер.
Тәлтік :  Бала қағынса, қабақ түймей, даурықса, дауыс көтермей, қалай шыдауға болады, ағай-ау?! Мынау бір қиямет екен...
Әділет: Ұстаз болу оңай емес! Қасиетін тауып, қадірлей білсең, бала қағынбайды, қайта абырой сақтап, ақыл жинайды.
Тәлтік: Енді түсіндім, ұстаз болу қиынның қиыны сияқты ғой... Мен қайтсем жақсы ұстаз бола аламын?!
Әділет: Ұстаздыққа ұстамдылық керек...
Тәлтік: Сол ұстамдылық қасиет менде жоқ па деп қорқа бастадым...
Әділет: Міне, енді ұстаздық әрекет басталды. Өз кемшілігін білген адам сол кемшілікті жоя да біледі.
Тәлтік: Қияметтей қиын жұмысқа шыдамым жетсе жақсы болар еді.
Дауыс: Ұстаздық іс – қиын күрес, мұндай зіл:
  Ұстаз болсаң, шыдамыңды шыңдай біл!
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар! Біздің кешіміз осымен аяқталады. Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын! Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер асыл азаматтар болып өссін! Мына ән сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!
(“Ұстазға” әні орындалады. Өлеңін жазған Сәбит Мұқанов. Әнін жазған Қабділрашид Қайым).
МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
(Шәкірттердің ұстаздарын құттықтауы)
 Көркемсөз оқушы:
 Тойлайды бұл күнді көптен,
 Біздің байтақ, бақытты ел.
 Ұстаздарын шын жүректен,
 Құттықтайды шәкірттер.
 Арналады ұстаздарға,
 Құрмет деген, төр деген.
 Біздің елде адам бар ма,
 Ұстаз алдын көрмеген.
 
 Мерекемен құттықтаймыз,
 Мұғалімін әр пәннің.
 Ұстаздарды көреміз біз,
 Шұғыласындай әр таңның.
 Сіздер біздің өлеңіміз,
 Сіздер біздің әніміз.
 Тәртіпті боп үнемі біз,
 Беске оқимыз бәріміз.
Бірінші көрініс
Бірінші оқушы:
   Шыбықтай едік алтыдан жаңа асқанда,
   Бірінші сынып есігін жаңа ашқанда.
Екінші оқушы:
   -“Ботам” деген сөзді ғана білуші ек,
   “Атан” деген сөзді әлі білмеуші ек.
Үшінші оқушы:
   -“Апам” деген сөзді ғана білуші ек,
   “Отан” деген сөзді ғана білмеуші ек.
Төртінші оқушы:
   -Білім бар теңіз: болмайды екен мүлдем шек,
   Біз сізге қарап: “Үйренсек”, дедік, - үйренсек!”
Бесінші оқушы: 
   Ардақты ұстаз! Рақмет Сізге, рақмет!
Екінші көрініс
Бірінші оқушы:
   -Үлкендерді сыйлауды,
   Құнды кітап жинауды
Екінші оқушы:
   -Адалдарды сүюді,
   Тентектерді тыюды,
Үшінші оқушы:
   -Оқуды ауыр көрме! – деп,
   Ылғи да алға өрле! – деп,
Төртінші оқушы:
   -Жақсы істерді құп ал! – деп,
   Досың үшін қуан деп.
Бесінші оқушы:
   -Санамай жылдың күн, айын,
   Баулыдыңыз ұдайы
Алтыншы оқушы:
   - Ұсындыңыз қол үшін:
   Рақмет Сізге сол үшін!
Үшінші көрініс
Бірінші оқушы:
     - Ақылыңызды тыңдаған
     Шәкірттеріңіз мыңдаған.
Екінші оқушы:
     -Етеді еңбек әр елде:
     Жаяды атын әлемге!
Үшінші оқушы:
     -Емші атанған шәкірт те,
     Елші атанған шәкірт те...
Төртінші оқушы:
     -Кәсіпкер де, мұғалім,
     Журналист те, не ғалым...
Бесінші оқушы:
     -Ақын шәкірт табылар,
     Батыр шәкірт тағы бар...
Алтыншы оқушы:
     -Біз үшін қиған уақытын
     Өлшеп көр ұстаз бақытын!
Хормен:
   Кеңейткен ойдың өрісін
   Рақмет Сізге сол үшін!
Төртінші көрініс
Бірінші оқушы:
   -Ұстазымыз алғашқы
   Ғұмыр бойы жолбасшы!
Екінші оқушы:
   -Қалдырмаймыз Сізді ұятқа!
   Сіз үйреткен ақылмен
   Талпынамыз мұратқа!
Хормен:
   -Берекелі заман болсын,
   Шәкірттеріңіз аман болсын!
   Жиырма бірінші ғасырда
   Сіз жасайсыз сансыз шәкірт.
ӘН – ЖЫР ШАШУ...
 
ҰСТАЗҒА
Өлеңін жазған Сәбит Мұқанов
Әнін жазған Қабділрашид Қайым
 Мұғалім.
 Бұл – адамның ардақты аты.
 Білімдік бар биікке шығар саты.
 Ең алғаш басталады осы адамнан.
 Сүйеді, сондықтан да жақын жаты.
   Қайырмасы:
 Жаса, ұстаз, қарышта, қарышта,
 Жетсін даңқың алысқа, алысқа!
 “Мұғалім” – деп жырлаймыз –
 Барсақтағы Марсқа!
 Бақытқа жол бастаған көсем бол – сен,
 Бал тамған таңдайыңнан – шешен бол  сен,
 Батыр бол қол бастаған, тағы сондай
 Салада қанша биік өсе бер – сен.
   Қайырмасы:
 Жаса – сен: қай жағдайда, қай заманда.
 Әрдайым міндеттісің бір адамға:
 Былайғы жақын түгіл, оның орнын
 Көрген жоқ басып, туған ата–анаң да.
   Қайырмасы:
 Білімнің шарлағанда талай өрін,
 Жаңалық ашқан шақта нелер керім,
 Бар адам, барлық қауым мұғалімді
 Сыйлайды мәңгі–бақи беріп төрін.
   Қайырмасы.
МҰҒАЛІМ ОЛ БІЗДІҢ
Сөзі М.Әлімбайдыкі
Әнін жазған И.Нүсіпбаев
Білімнің кілтіндей
“Әліппе” ұстатқан,
Оқуға іркілмей,
Тоқуға ұстартқан,
Қамқоры ұл–қыздың –
Мұғалім ол біздің.
Қиынға төзуге
Үйреткен қашанда,
Жаманнан безуге
Жақсылық жасауға,
Қамқоры ұл-қыздың –
Мұғалім ол біздің.
Атай да сыйлайтын,
Атамның тұстасы,
Папам да сыйлайтын,
Ауылдың ұстазы,
Қамқоры ұл-қыздың –
Мұғалім ол біздің.
ҰСТАЗЫМ
Өліңін жазған: С.Тойлыбаев
Әнін жазған: М.Ташенов
Көтеріп жүктің салмағын,
Жолында өмір талмадың.
Мерейің қандай шуақты,
Ұстазым – асыл арманым!
Қайырмасы
Балғындарға баянды,
Сырын төккен – ұстазым!
Шәкіртіне аяулы
Нұрын төккен – ұстазым!
Есімде мәңгі қалдың да,
Жүректе ән боп жандың ба?
Есейіп бүгін кетсем де,
Шәкіртпін ұстаз алдында!
Қайырмасы:
Білім – ойдың сұлуын
Асу еткен – ұстазым!
Жүрегінің жылуын,
Шашу еткен – ұстазым!
МЕЙІРБАН ҰСТАЗДАР
Өлеңін жазған Қ. Жұмағалиев
Әнін жазған Ж. Еңсепов
  
Жайраңдап көктемім,
Күледі көкте күн.
Құшағын тұр жайып
Аяулы мектебім.
Қайырмасы:
Мейірбан ұстаздар,
Санама нұр құйған
Ұстазым көп менің.
Биікке өрлеген,
Тайсалып көрмеген
Ұрпақпыз, кеудесін
Қуаныш кернеген.
Ұстаз деп ән шырқап,
Күй төккен пернеден.
Қайырмасы:
Елімнің даласы,
Ауылы, қаласы,
Кәрісі, жасы да,
Кемеңгер данасы
Қарыздар ұстазға
Адамзат баласы.
АҚЫЛШЫМ – МҰҒАЛІМ
Әнін жазған  Сайболат Жанғабылов
Өлеңін жазған  Әнуарбек Дүйсенбиев
Сәбилік көңілден
Арналды бұл әнім.
Баулитын өмірге
Ақылшым –
  мұғалім.
                   Қайырмасы:
Тіліңді аламын,
Айтқанды ұғамын.
Мен сендей боламын,
Ақылшым - мұғалім.
  
Арқаңда өзіңнің
Адам боп шығамын.
Бәрі алтын сөзіңнің,
Ақылшым – мұғалім.
            Қайырмасы.
  
   МҰҒАЛІМ
Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай.
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой, Алла – ай.
Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзін бал.
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көретұғын көзім бар.
               Қымбат Әбілдақызы.
МЕНІҢ   ҰСТАЗДАРЫМ
Кәсібім жастайымнан ән мен өлең,
Әзірбай әкем екен, атым Кенен.
Өнерім бойымдағы жалғыз осы,
Сұрасаң сырыңды айт деп халқым менен.
Анам Ұлдар әнші екен, әкем де ақын,
Ұстазым Сарбас ақын дүрілдеген.
Шашубай мен Шолақтың әнін естіп,
Мен де сондай болсам деп дірілдегем.
Ақындардың дүлдүлін сонда көрдім,
Даусын естіп Жәкеңнің күмбірлеген.
Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы,
Еліктіріп әкетті жырыменен.
             Кенен Әзірбаев
БІЗДІҢ    АЛҒАШ   МҰҒАЛІМ
Ақ шатыры болмаушы еді,
Тастан салған шеткері,
Бізге білім ордасы еді
Шағын ауыл мектебі.
  
  Жан-жақтан кеп ертеменен
  Жиналатын балалар,
   Қолдан тіккен сөмкелердің
  Бұрышында қара нан.
Ұлдар керзі етігімен
Ерсі еді келмесе,
Үсте шинель етегінен
Кесіп тіккен кеудеше.
  Жыл өтетін іздеуменен
  Жетпес оқу кұралын,
  Үйрететін біздерге өлең
  Бір қолы жоқ мұғалім.
Қатты сөйлеп күледі жәй
Үйретіп бар білгенін,
Қара костюм киеді ұдай
Қалтаға сап бір жеңін.
  Жылдар өтті есті жидық
  Ұмытылды қиын күн,
  Ақ белдемше форма кидік
  Орны толды-ау киімнің.
Түлеп үштық сан тарапқа
Қара танып ауылда,
Арамызда бар талапты
Дәрігер де, ғалым да.
  ...Бүгін колхоз қарауында
  Қойма – мектеп үйінде,
  Ал мұғалім қарауылда
  Сол мектепте бүгін де.
Ұстазы деп бүгін көптің
Сыйлайды ауыл баласы,
Бірақ әлі жалғыз оқтың
Жазылған жоқ жарасы.
  Ақұштап Бақтыгереева
 СҮЙІКТІ  ҰСТАЗЫМ – МЕКТЕБІМ
Қызықты каникул кезінде
Асыр сап ойнадық, дем алдық,
Сүйікті мектебім, өзіңе
Қуанып қайтадан оралдық.
Гүл тердік тоғайда, орманда,
Шіркін-ай жайдары жаз қандай
Төл күтіп жайлауда,
                   Қырманда,
Бидайды жинастық маржандай.
Сәулесі әйнекке шағылып,
Нұр төкті класқа көкте күн.
Келдік біз оқуды сағынып,
Сүйікті ұстазым – мектебім.
       Шона Смаханұлы
   ІЛТИПАТ
(КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаеваға)
Лапылдаса қызулықпен от-жаның
«Сабаңа түс, саспа»- дейді, “тоқтағын”
Бағыт беріп бейне темірқазықтай,
Көңіліңе сызар өмір соқпағын.
Болашақтан сенім жібін үзбеген,
Халыққа тек жарық таңды іздеген,
Құлазитын жалғыз қалса көңілі,
Бақыты оның оқушымен, бізбенен.
Ақ түссе де шаштың әрбір талына,
Жүк түссе де нар көтермес жанына,
Жаңарады жаңа оқу жылымен
Тосар сені жеткен кезде сағына.
Дүниеде таусылмайтын сырды ашып,
Кейде алатын құрдасындай сырласып,
Кейде қатал – тезге салып алатын,
Кейде күндей – күлімдейді нұр шашып.
Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз-ана дана бола алады.
Ең бастысы, ұстаз мынау өмірде
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.
                                   Тоқтарбек Хамзин
  ҰСТАЗ                         
Мейлі жас, мейлі кәрі бол,
Дана деп сені, пана деп сені үғамын.
Көктемсің нұр мен нәрі мол,
Диқансың және, кеншісің және Мұғалім!
Қалыпшы деп те айта алам,
Құрыштай құйып, шыңдайсың балғын жас жанды.
Мектептен түлеп майталман,
Батырдың жолы, бақыттың жолы басталды.
Анадай бесік тербеткен,
Түн қатып сансыз дәптерге қанша түнейсің!
Суарып білім-шарбатпен,
Дүниеден бізге жақсылық қана тілейсің.
                                          Жұбан Молдағалиев
  МҰҒАЛІМ
Сөзі бойға ексе білім қуатын,
Көзі зерттеп жан-дүниеңді ұғатын.
Қайда жүрсем бірге ұстаз бейнесі,
Іс-қимылы аңсар арман – мұратым.
Күллі өмірін жеткіншекке арнаған,
Мұғалімді ардақтамас бар ма жан.
Ол мектептен шықпаса да қысы-жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған.
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қол созғанын.
Шын жүректен жатса-тұрса тілейді,
Шәкіртінің өзінен де озғанын.
Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,
Аялаймын олар басқан әр ізді.
Арманым не алабына қадірлі,
Өнегелі болсам ұстаз тәрізді
Олар үлес қосар сана-ақылға,
Мың алғыс бір сабағына татыр ма?
Болуды мен санаймын ең зор бақыт,
Мұғалімдер армиясы сапында.
                                         Оразақын Асқар
  ҰСТАЗДАРЫМА
Айтарым менің көп тегі,
Тыңдаудан әсте жалықпан.
Күлімдеп тұрған көктегі
Күнді де маған танытқан,
Айналдым ұстаздарымнан.
Еңбектеп үйге кіргенде,
Еңбекте-бақыт, соны ұққам.
Адасып түнде жүргенде
Алаулап от боп жолыққан,
Айналдым ұстаздарымнан.
Ақ қылау түскен самайға
Шәкірттің ұғар ойлысы.
Ұстаздық ауыр қалайда,
Төзе алмас еді жай кісі,
Айналдым ұстаздарымнан.
Байыппен айтқан ақылын,
Самалдай егіп санама.
Өмірде мәңгі жақыным-
Ұқсаған туған анама,
Айналдым ұстаздарымнан!
Ақылын ойдан сарп етіп,
Ақ моншақ маңдай терімен.
Қияннан сонау жарқ етіп
Құздардан күнде көрінген,
Айналдым ұстаздарымнан!...
                           Оспанәлі Иманалиев
  ҰСТАЗДАРҒА
Ұстаз – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар,
Ағайын, тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!
Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер,
Жемісті жерге екпеген, елге еккендер
Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,
Зердесін болашақтың зерлеткендер.
Жайдары жүздеріңе барқыт көрік
Жаныңның бар асылын сарқып беріп
Жас буын - өнегелі шәкірттерді
Жүрсіңдер өз балаңнан артық көріп.
Анадай, құс ұйқымен көз ілдірер
Арманын аласартпас, сезімділер
Бағбандай, мәуелі бақ мәпелеген,
Бала үшін бар азапқа төзімділер.
Жақсылық атаулыға жаршы жандар,
Жамандық атаулыға қарсы жандар,
Баланы сусындатып өсіруге,
Білімнің бұлақ көзін аршығандар.
Ұстаздар – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар.
Ағайын, тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!
                               Зиядин Әбдуәлиев
         ШӘКІРТ ШАҚТА ЖЫЛЫ ЖҮЗБЕН ҚАРАСЫҢ.
Еміс есте отты көзің жанатын,
Құлшынысың бар күшіңді салатын.
Балапаның ұшып кетті-ау алысқа.
Қатайтып ап өз алдыңнан қанатын.
Оқу – құдық инемен қазатын,
Шәкірт біткен содан арып-азатын.
Бұл күндері бір-бір үйдің иесі,
Шимайбектер атын әрең жазатын.
Кешір, ұстаз, түртсем жанның жарасын,
Естіртсем мен әлдекімнің табысын.
Өмір деген – тым күрделі дүние-ау
Айту қиын өлшеп оның бағасын.
 Өрікбай Мұсаев
         
   ҰСТАЗЫМ
Қадіріңді кезінде
Білмепті ғой ұланың.
Қазір әрбір сөзіңе,
Елеңдейді құлағым.
Бірдей етіп ұстадың,
Демей бізге бөтенсің.
Кейде ақылын ұстаздың,
Сағынады екенсің.
Сол ұстазға жаны нұр,
Демен үлкен адаммын.
Есейсем де бәрі бір,
Баяғы шәкірт, балаңмын.
                       Жеңіс Қашқынов
ҰСТАЗДАР БЕЙНЕСІ -
КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕ
Мұғалім. Аяулы ұстаз, сенің алдыңнан өтпеген жан бар ма? “Адам өмірде кім болып шықса да – олардың әрқайсысы өзінің алғашқы мұғалімімен, өзінің мектебін алғыс сезіммен еске алады” – деп өте әділ айтылған сөз. Сіздер жайлы көркем әдебиетте де көп айтылып, жазылған. Назарларыңызға біраз көркем әдебиеттерді ұсынуды жөн көрдім.
А.С.Макаренко. Ұстаздық дастан. А.С.Макаренконың мұрасы – еліміздің өскелең педагогика ғылымының алтын қазынасы. Оның еңбек стилі, әдеби теориялық шығармалары этика, педагогика, психология мәселелерінің тың, әрі тәрбие ісінде аса маңызды жайларын ашты.
“Ұстаздық дастан” – бұл менің бар өмірімнің дастаны  - деп жазды Макаренко өзінің Горькийге жазған хаттарының бірінде. Міне, шығарманың құндылық жағы да осында.
Антон Семенович Макаренко өзінің ісімен, өнеге алатын жайлары көп, педагогикалық ілімге толы көркем шығармаларымен  жұртшылығымызға ертеден белгілі. Ал оның шығармаларын өз тілімізде оқу-игілікті іс.
 
Ұлтың ұлы ұстазы. Бұл еңбек – ХХ ғасырдың ірі саяси тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, аса ірі әдебиет теоретигі, ғұлама түрколог, жаңа қазақ тілі бөлімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновқа арналады.
Жинаққа Байтұрсыновтың таңдамалы еңбектері мен ол туралы зерттеулері енгізілген.
Қазақтың қараңғы түнін жарық қылған санаулы жұлдыздарымыздың бірі – Ахмет Байтұрсынов.
А.Байтұрсынов – қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне аянбай адал қызмет еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, тарихта орны айрықша зор тұлға.
Әрбір көзі ашық адамға А.Байтұрсыновтың кім екенін таныту үшін осы сөздер де жеткілікті болар еді. Дегенмен дәл анығырақ айтсақ, А.Байтұрсынов ағартушы ғалым болу үшін елеулі еңбектер атқарып, мемлекет қайраткерлігіне жету үшін қиын да күрделі жолдардан өтті.
1905 жылы педагогикалық училищені бітірген А.Байтұрсынов Қазақстанның әр түрлі облыстарынан мектептер ашып, ұстаздық қызмет етті, жатпай-тұрмай еңбек етіп, қайткенде қазақ халқының көзін ашуға, санасын оятуға барын салды. Яғни, Ыбырай Алтынсариннің қазақты сауатсыздықтан құтқару үшін қалаған сара жолын әрі қарай жалғады.
Ахмет Байтұрсынов – ХХ ғасырдың басында демократиялық бағыттағы зиялылардың көшін бастаушылардың бірі, сондай–ақ Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құруда басты рөльді атқарушылардың бірегейі болды десек артық айтқанымыз болмас.
Қазақ халқының маңдайы жарқырап өзге елдермен қатар болуы үшін ең алдымен оқу-ағарту ісін алға қою керек екендігін түсінген. А.Байтұрсыновтың осы оқу-ағарту идеясы - қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі болып табылады. Әрине, А.Байтұрсыновтың еңбегі жанып, арманы орындалды десек әбден болады.
Ол өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім мен ғылымның дамуына, ағартушылық ісіне арнады.
Кітаптың танымдық қуаты мол, ұлағаты ұшан-теңіз.
 
С.Сарғасқаев. Ұстаз. Жазушының бұл кітабында жас ұстаздың алғашқы адымы, еңбек жолы, әртүрлі қызықты жайлармен әңгімеленеді.
... Оқып жүргенімізде көптеген аудандардың мектептеріне практикаға барғанымыз бар. Сонда жаңадан жұмыс істеп жүрген жас  мұғалімдер өздерінің алғаш қалай келгенін әңгімелейтін: “ой, несін сұрайсың, біз алғаш келгенде, оқу бөлімі қошаметпен жылы қарсы алды. Күтпеген едік ондайды”.
“Оған неге таң қаласыңдар? Дүниедегі ең құдіретті, құрметті мамандық иесі бұлай қарсы алуға тұрмай ма? Туған ана мен сүйікті ұстазын тани білген адамдар әсте осылай болар”, - деп тақылдап, біздің өзімізді ұялтқандар да кездескен.
Басқасын қайдам, аудандық оқу бөлімі кеңсесінің табалдырығынан көтеріле бергенде: “Қызылтауға жіберсе екен” – деген бір тілек көңіліме сап ете түсті.
Күні кеше имене басып табалдырығын аттаған, он жыл оқып білім алып, өнерге үйренген, алғаш еңбек жолына тәй-тәй қадам басқан, Жамал Төлендіқызы апайдай ұстаздан тәрбиеленген өзім де Қызылтауға енді ұстаз болып баруым  кезінде арман еді-ау... Адам кейде мақтануды да сүйеді. Оның өзі бір сәт көңілді марқайтады да. Кеше шәкірт болған мектебіңе, бүгін ұстаз болып есігін ашсаң, ондай мақтаныштың несі айып. Адам  сұлулығы бет-ажар көркінде емес. Адам өз бақытын түсіне білсе, соған қанағаттана білсе, жүрегінің қалауымен өмір сүре білсе, нағыз сұлулық сонда екенін де түсініп, жүрегіме түйдім ғой. Сол жүрек әмірімен, енді мұғалім атанып келіп отырмын ғой... Бұл жас мұғалімнің ішкі жан-дүние сезімі. Қандай нәзік толғаныс десеңізші! Тілі тартымды, оқиғасы қызықты.
 
Р.Сыздықова. Ғалым-азамат. Бұл еңбекте Қ.Жұбановтың профессорлық –ұстаздық қызметін айрықша атауға болады. Әріптестерінің, шәкірттерінің, көз көрген замандастарының айтқан, жазған естеліктерінде, оның абзал жанды үлкен азамат, абыройлы ұстаз болғанын байқаймыз. Оқығаны да, сол оқығанынан тоқығаны да мейілінше мол, бірнеше тілді, әсіресе орыс, қазақ тілдерін бірдей меңгерген, ғылымның алуан саласынан хабардар қарапайым Қ.Жұбанов өзінің білімімен де, жүріс-тұрысымен де сан адамның ақылшысы, тәрбиешісі, ұстазы болған.
Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктері атақты жазушы, ғалымдарымыз Ісмет Кеңесбаев пен Мұхтар Әуезов те айтқанды: “Мейірімі мол, сезімтал жолдас әрі барынша кішіпейіл адам бола тұра Құдайберген сонымен қатар жастар мен студенттердің қатал, талабы күшті ұстазы болды. Қ.Жұбановты барлық жерде – ғылым, искусство, мәдениет, әдебиет қызметкері арасында тегіс құрметтеуші еді” (Қазақстан мұғалімі газеті, 1957 жыл, 5 желтоқсан)...
Құдайберген Жұбановты - ана тіліміз туралы үлкен ғылымның жаңа кезеңін – ғылыми-теориялық зерттеулер кезеңін бастаушы деп танимыз.
Олжас Сүлейменов айтқандай, “тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық” өлшемінен пайымдайтын болсақ, Құдайберген Жұбановтың алдында қазақ тілін зерттеуші Ахмет Байтұрсынов сияқты заңғардың тұрғанын, Халел Досмұхамедов, Қошке Кемеңгеров, Телжан Шонанов сияқты биіктердің болғанын көрсете отырып, білім-ғылымымыздың тарихында әрқайсысының өз орны барын баса айту керек.
Қ.Жұбановтың үлгі боларлық тағы бір қасиеті – оның полиглот (көп тілді білген) болғандығы. Оның араб, парсы, неміс, ағылшын, француз, көне түркі, моңғол тілдерін, қазіргі өзге түркі тілдерін әжептәуір меңгергені, тіпті жапон тілін зерттей бастағаны белгілі. Әсіресе неміс тілі мен көне түркі тілдерін жақсы білсе керек.
Сөйтіп, аса көрнекті ғалым, белгілі ағартушы, қоғам қайраткері, педагог - ұстаз, ұлт кадрлары арасынан шыққан маман-лингвист, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов қазақ мәдениеті мен ғылымының тарихында елеулі орын алады.
Ендеше, атақты ұстаз, ғалым-азамат туралы білгенге не жетсін. Біле, жүрейік, оқиық, оқырмандар!
 
Жетпісқалиев С. “Сейтен тағылымы” ұстаз – ғалым, жазушы Сейтен Сауытбековтің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған еңбек.
Қазақ мәдениетінің тарихында алаш қайраткерлерінің ғылымға, білімге, өнерге қосқан үлестері өлшеусіз. Олардың алаш жұртына сіңірген зор еңбегін жасымыз да, кәріміз де әрдайым ілтипатты мақтанышпен ұлықтап жатамыз.
Арғыдағы алаш қайраткерлерін айтпаған күннің өзінде берідегі кеңес дәуіріндегі кезеңнің өзінде алаш жұртының қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей қазақ ғылымын, өнерін, мәдениетін дамытуға, оның керегесі мен уығын бүтіндесуге өздерінің бойларындағы зор дарын қуатын, күш жігерін аямаған Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани секілді марқасқаларымыздың есімдерінің өзі неге тұрады?!
Бұл кітап белгілі журналист, ақын, әдебиетші Серік Сапарұлының “Сейтен тағлымы” атты зерттеу кітабының кейіпкері болған, алдынан елімізге танымал азаматтар Герольд Бельгер, Еслам Зікібаев, Есенғали Лимоновтар тәрбиеленіп білім алған, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім, ақын, жазушы, араб және шығыс тілдерін зерттеуші ғалым, әрі физик, математик, суретші және қоғам қайраткері, соғыс ардагері Сейтен Лиманұлы Сауытбеков.
 
Атақты адамдардың С.Сауытбеков туралы айтқандарынан үзінділер:
Жазушы Сәбит Мұқанов Сейтен Сауытбековты “шын мәніндегі Халық мұғалімі, ұстаздардың ұстазы” деп бағалауы оның бүкіл  еңбек жолын, атқарған игілікті істерін нақты білгендіктен берілген талассыз, лайықты баға.
Мұзафар Әлімбаев, Халық жазушысы: “С.Сауытбеков ертегілері мен аңыздары, прозалық мысалдарының бастауы қазақ балалар әдебиетінің атасы, ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннен басталады. Оның үзілмес дәстүрінен нәр алған, өрнек алған дүниелер”.
“С.Сауытбековтың жазу мәнеріндегі тағы бір айрықша өзгешелігі сөз байламдарындағы құлаққа майдай жағар саздылық, дыбыс үндестігі, ішкі ұйқастар толқыны дер едім”.
 
М.Әлімбаев С.Сауытбеков шығармашылығы туралы ғылыми тұжырымдар, мәністі пайымдауларға толы аталмыш ұзақ мақаласына қоса,
“Ұлағатты ұстаз, ақын Сейтен Сауытбековке” деп он шумақтан тұратын өлеңін де арнаған.
Профессор, филология ғылымының докторы, Халықаралық жоғары мектеп академиясының құрметті академигі, Қазақстан Республикасының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Тұрсынбек Кәкішұлы Сейтен Сауытбеков туралы естелігін “Ұлы мұғалім” деп атапты. Енді осы мақаладан үзінділер келтірейін.
“Сейтен Сауытбековтің атын естігенде, неге екенін анық білмеймін, шын мәніндегі ұлы мұғалімнің келбетін, мінез-құлқын көз алдыма елестетемін. Ұстаз демей мұғалім деп отырғанымның мәні бар. Әдетте ұстаз атына ие болғандар сабақ берудің, дәріс оқудың үстіне ананы былай, мынаны олай істеу керек деп ақыл айтатын, нұсқауы басымдау адамға ылайық сияқты да, ал мұғалім бәрін өз қолымен тындыратын пәндеге ылайықтау ма деймін.
Мен Сейтекеңнің сабақ бергенін де, мектеп директоры болғанын да көрмеген адаммын, бірақ ол кісінің майда үнінен, сабырлы мінезінен шын мәніндегі Мұғалімнің бейнесін көріп тұрмын деп әсерленуші едім. Әрине, әркім өз биігінен көрінеді ғой. Маған Сейтекең бас әріппен жазылатын Мұғалім болып көрініп еді, әлі де сол бейнесінде көзіме елестейді” – деген.
 
Герольд Бельгер, жазушы:
“Ұстаз, ұлағат, тағлым, тәлім-тәрбие, имандылық, зейін-ынта, руханият, құштарлық “білімдіден шыққан сөз”, “ұстаздық еткен жалықпас, мейірімділік, инабаттылық, парасаттылық, ізденгіштік, жаңашылдық, ізгілік тектес терең де көп мағыналы ұғымдардан шынайы азамат Сейтен
Сауытбековтың адами, қоғами, рухани кескін-келбетін құрастырып, оның әмбебап тұлғасын зерделеуге болады”.
Осындай үзінділерден кейін С.Сауытбековтің артына қалдырған мұрасы мол, сан-салалы, талай тағлымды томдарға жүк боларлық екеніне көзіміз жетеді. Прозасы, поэзиясы, қай жанрға болмасын жазған шығармаларының айтары, мақсат-мүддесі біреу-ақ. Ол – тәрбие, Ұрпақ тәрбиесі, ұлт тәрбиесі.
Жас мұғалім-ұстаздарға берер көмегі мол, тілі тартымды.
 
Қаратаев М. Әдемілікке үйрететін ұстаз
Адамзаттың ежелгі арманы – бақытты өмір. Мұның мағынасы кең де терең. Ол “тамақтың  тоқтығымен, көйлектің көктігімен” әсте шектелмейді. Әдемілікке қызықпайтын, сүйсінбейтін адам жоқ. Бірақ осы қызығу мен сүйсінудің мөлшері бірдей емес. Әдемілікті түсініп, танып бағалаудың да дәрежесі әр түрлі. Мұның себебі тәрбиеде. Әдемілікті ұнататын табиғи сезім туа пайда болғанмен, жүре дамиды. Оның дамуы, бірде жоғары, бірде төмен болуы адамның көркемдік мәдениетіне, көркем өнер туындыларын біліп, ұғынып, ләззат алып дағдылану тәжірибесіне байланысты. Әдемілікке үйрететін ұстаз еңбегі қандай зор десеңізші!
 
Боранбаев С. Ұстаз. Жинаққа енгізілген әңгімелер негізінен балалардың балалық мінезіне, олардың іс-әрекетіне құрылған. Ұстаз әңгімесінде:
... Несін жасырайын біздің бесінші сыныпқа тарих пәнінен сабақ беретін мұғаліміміз Айткен ағаймен көпке дейін үйренісе алмай-ақ қойдым.
Өзі сұсты да салмақты еді. Оқыс қылықтарыңды қиядан байқай қоятын. Тіпті, не мектепте, не далада оқыстау ойнап, ожарлау сөйлесең де бәрін көріп, бәрін еститін. Көрерін көріп, естерін естіп кете берсе бір сірә ғой. Жоқ олай етпейді. Айқайлап ақырып-жекірмейтін, салмақтап сөйлеп-ақ сазаңды беретін. Сондықтан оның алдына екінші рет кінәлі болып барудан өзің де қашып жүретінсің. Ол, әсіресе үйге берілген тапсырманы сұрағанда аяғыңды қия бастырмайтын. Дайындықсыз келіп көр сабаққа. Онан жалтару да, бірдеңе етіп сылтау айтып құтылу да мүмкін емес. Ойлағаныңның бәрін біліп қояды. Бірақ жақсы жағын да айта кету керек қой, сабақты жақсы дайындалып келсең, сені рахаттана тыңдап, жайнап отырар еді... Бұл шәкірт ойы.
Оқиғаның әрі өрбуі қызықты, тартымды жазылған. Мұғалім мен шәкірт арасындағы қарым-қатынас сыйластық сезім, әдемі суреттелген.
 
Молдағалиев Жайсаңбек. Құс жолы атты жинағына қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин туралы повесі мен “ел суреттері” деген атпен бір топ әңгімелері еніп отыр. Жинақ тартымды оқылады.
 
Айтматов Ш. Ақ кеме. Бетпе-бет. Алғашқы ұстаз. Повестері мен әңгімелері енді. Аударманың тілі жатық, оқиғалары қызықты, оқырманын бірден баурап алады. Танымдық, тәрбиелік, эстетикалық әсері мол. Жас оқырмандардың дүние танымын еселеп, ой-өрісін кеңейте түсері даусыз.
 
Соқпақбаев Б. Менің атым – Қожа.
Қай-қайсымызға да экраннан көріп жүрген Қожа туралы кітапты жазған Бердібек Соқпақбаевты жақсы көрмеуіміз мүмкін емес. Қожа  әрқайсымыздың жанымызға жақын да таныс кейіпкер. Біздің ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз Соқпақбаевтай қадірлі қаламгер шығармаларын оқып өсті. Әлі де оқып келеді. Жазушының кез-келген шығармасын қолыңа алсаң, әрі қарай қазықтырып, жетелей жөнелетін сияқты. Бердібек ата өзінің балалық шағынан алған әсерлерін көпке дейін ұмыта алмай, сол ғажайып көңіл мен көріністердің өзін оқырмандарына жеткізе білген жазушы. Жеткізіп қана қоймай классик жазушыға, балалардың сүйікті жазушысына айналды. Балалық шақта жазушы өзінің кейіпкеріне қатты ұқсапты. Олар сияқты ауылдың қара сирақ баласы болған.
... Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нәрсе. Бірімен-бірінің қалайда тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Майқанова  екеуміз соның дәл өзі секілдіміз. Біздің  кикілжіңіміз күзде, ол осында мұғалім болып келген бетте-ақ басталды. Былай болды: Жаңа оқулықтар, дәптерлер сатып жатыр дегенді естідім де, әжемнен ақша ала салып, жүгіріп дүкенге келдім. Рас, сатып жатыр екен. Бірақ адам деген лық толы. Кезектің соңы далаға шығып кетіпті.
Қайтсем екен деп біраз ойлап тұрдым да, тәуекел деп, ішке кезексіз кірмекші болдым. Өйткені соңындағыларға жетпей қалатын азабы да болушы еді. Сонан соң көрінгеннің оқулығына міңгесіп, жалынасың да жүресің, бұл- күн емес. Өзге ештеңең болмаса да, әуелі оқулықтарың сай болсын. Мен былай деп мақалдаған болар едім: оқулығы сай бала – көңілі жай бала.
Сығылысып есіктен енді кіре берсем, бойы менің бойымдай ғана, тықылдаған бейтаныс көк көз келіншек алдымды тосқауылдап жібермейді.
- Қайда кимелеп барасың? Кезекке тұр, - дейді. Осы арада тілі құрғыр өтірікті менің еркімнен тыс айтып салды:
- Мен оқулық емес, қант аламын, - дедім. Өйткені магазиннің арғы азық-түлік сататын бөліміне қарай адамдар еркін өтіп жатыр.
Көк көз келіншек мені жіберді. Мен сыр бермейін деген оймен әуелі қант сататын жаққа өтіп кеттім. Бірақ қанттың қазір маған түкке керегі жоқ. Маған қажеті бесінші кластың оқулықтары. Прилавканы жағалап, адамдар арасымен ептеп кітап сатып жатқан жаққа қарай сырғи бастадым. Енді бір ұмтылғанда, жетіп те қалатын едім. Кенет әлгі көк көз келіншек желкемнен бұріп ұстап:
- Сен адасып барасың. Қант ана жақта сатылады, - дейді.
- Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз, - деп, жұлқынып қалдым да, прилавкаға бір-ақ барып жеттім.
 Көк  көз келіншек сатушыға дауыстап жатыр:
- Анау сұр кепкалы балаға бермеңіз. Ол кезексіз кіріп кетті.
Ол бұл сөзді айтып үлгергенше, Қожекең сұр кепканы қойынға сүңгітіп жіберіп, тақыр бас қара бала болып шыға келді. Балалар ананы-мынаны сұрап, азан-қазан болып жатқанда, мен ләм деместен сақ еткізіп, елу сомдықты сатушының қолына ұстата салдым. Сөйтіп, қажетті оқулық-дәптерлерімді бір құшақ етіп алып, шыға бердім. Есік алдында көк көз келіншек иығымнан қатты ұстап (қолы мұндай қатты болар ма!):
- Ой, ұятсыз. Қай класта оқисың? – деп бір жұлқып қалды.
Бірнеше күн өткеннен кейін, оқу жылы басталды. Мәссаған, керек болса, әнеугі маған дүкенде жекіретін көк көз келіншек тыпың-тыпың етіп, қағаздарын қолтықтап біздің класқа кіріп келе жатыр. Қожекеңнің сол мезет қандай күйге түскенін көрсеңіз. Бірақ бойымды тез жиып, ала қойдым да, сыр бермеуге тырыстым. Мүмкін, ол мені танымас деп ойладым.
Жаңа оқытушы бізді оқу жылының басталуымен құттықтады, өзін таныстырды. Сәбира Майқанова. “Мен сендерге қазақ тілінен сабақ беремін және сынып жетекшілерің боламын”, - деді.
Соңғы сөз Кожекеңді тағы бір сілкіп алды. “Ал, бәлем, сақтана бер” дегендей болдым  өзіме-өзім.
Майқанова бір-бірлеп, тізім бойынша оқушылармен таныса бастады. Кезек маған келді.
- Қадыров.
- Мен.
Майқанова тесірейе қарап тұрып қалды.
- Біз екеуміз таныс шығармыз деймін? Мен еріксіз жымиып күлдім.
- Мүмкін.
Мен сенімен әлі сөйлесемін дегендей Майқанова:
- Отыр! – деді зілді дауыспен.
Міне осыдан кейін Майқанова маған қымс етсе, қаһарын төгіп тұратын болды. Қанша рет қыс бойы директордың алдына сүйреп алып барды. Ақыры жыл аяғында тәртібіме де “төрттік” баға қойып отыр.
Осының бәрі мені, әрине ашуландырады. Бұл Қожаның ішкі жан толғанысы. Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас суреттеледі.Тілі тартымды, оқиғасы қызық, жеңіл оқылады.
Көзі тірісінде жазушы, мен жазған дүниелердің ішінде жұртқа көбірек  танылғаны “Менің атым Қожа” повесі болса керек. Алматыда біраз қиналыспен басылды. Қожаның жағымды қылықтарынан жағымсыз қылықтары көп. Балаларға бұл кітап қандай тәрбие бермек деп, алая қарағандар аз болған жоқ... Мектептегі барлық баланы хулиган етіп шығарғыларыңыз келсе, бұл кітапты тезірек басыңдар депті рецензент... Орыс тіліндегі “Қожаның” тұсауын Москва кесті.
... Қазақтың сүйкімді де қара сотқар баласы осыдан соң бүкіл Совет одағын аралап кете барады... Біраздан кейін кітап Парижде француз тілінде басылды. Қазақфильм “Менің атым Қожа” повесі бойынша көркемсуретті кинофильм түсіруге кірісті. Режиссері – Абдулла Қарсақбаев.
1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен Халықаралық кинофестивальда жүлдеге ие болды. Шығарманы жазғандағы ең басты мақсатым; жақсылыққа тәрбиелеу Қожа-есер емес, есті тентек. Бір көрген адамға “жаман бала”, “қиын бала” болып, кейін мүлде өзгеріп, жақсылардың қатарына қосылып кететін балалар аз емес қой... деп сыр шертеді. Бүгінде кез келген қазақтың қара баласына Соқпақбаевтың кім екенін түсіндіріп жату артық болар, оның “Менің атым Қожасы” әр үйде Абаймен, Мұхтармен бірге ұлттық қазына ретінде сақталуда десек қателеспейміз. Өйткені, Соқпақбаевтың есімі көзі тірісінде-ақ әрбір мектеп баласының жүрегінен мықтап орын алған болатын.
“... Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Бердібек Соқпақбаев шығармалары, міне осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес” – деген Қадыр Мырзалиевтің сөзімен қорытындылайын.
Ұстаз бен оқушылар жайлы шығармаларды көптеп жазуға болады, бірақ осы жерден бөлімді аяқтап, соңынан әдебиеттер тізімін беруді жөн көрдім.
      
Әзіл – қалжың отауы
ҰСТАЗДАР ӨМІРІНЕН.
 Мұғалімдер кім болуды армандайды?
Мұғалімдер әсте әртіс, жазушы, сот, бастық, сылақшы, майлаушы, немесе еден сыпырушы болуды армандамайды. Өйткені:
- Әр мұғалімнің жұмыс бөлмесі, отыратын жұмыс үстелі, қармағында 30-40 оқушысы бар, кішігірім бастық емес пе? Ашса алақанында, жұмса жұдырығында, - дегендей ұрыс, төбелес жөніндегі бала мен ата-ана дауын да бір өзі шешіп отырады.
- Әр мұғалім өз сабағының шебері, яки режиссері, көбінесе басты рөлде де өзі ойнайды. Әртіс демей көр, кәне. Көпшілік көрініске де өзі қатысады.
-Бір тыным жоқ. Кабинет тазалығы да өз мойнында. Демек, майлаушы да өзі,  сылаушы да өзі. Безендіруші де өзі.
- Жазушыларға келер болсақ, тіпті кейбір жазушыларыңыз да, мұғалім құсап күнде жазуға отырмас.
- Соңғы кезде бухгалтер мен кассир де өздері. Сан алуан қосымша мамандықтар меңгеруде.
Қай мекемеге қандай мамандық иесі өте зәру болса, 2-3 айлық жазғы демалыс кезінде біздің ұстаздарды шақыруларыңызға болады – ау деймін...
“Жақсы мұғалім мен жаман мұғалім”
 Жақсы мұғалім маған әр уақыт –қат, қымбат, өйткені, ол- мектептің жүрегі- дейді мектеп басшылары.
Егер жақсы мұғалім мектептің жүрегі болса онда, жаман мұғалім, меніңше, мектептің жанға батып ауыратын ішкі құрылыстарының бірі – деп білем.
Сәби мінездес санагер
Мұғалімдер де бала мінездес емес пе? Екі мұғалім, тышқанның суретіне таласып қалыпты. Бірі – бастауыштың, бірі жоғары сынып биология пәнінің мұғалімі екен. Директор бұл мәселені былай шешіпті: тышқан суреті бастауыш сынып мұғаліміне берілсін. Ал, биология пәнінің  мұғалімі кабинетінде тышқан өсірсін! 
Мұғалімнің киім үлгісі
Мектеп оқушыларына арнайы киім үлгісі  шықса деген арман аздық етіп, бір мұғалім “мұғалімдерге де арнайы үлгідегі киім шықса” депті.Біріншіден, не кием деп әуреленбейсің, екіншіден, мектепті театрға айналдырмаудың ең қолайлы жолы осы, десе керек.
Неге бармайсың?
Баласы шешесіне айтады:
- Мен енді мектепке бармаймын!
- Неге бармайсың?
- Сол ... Асанов таспамен оқ атады, Сотқаров оқулықпен басымнан ұрады, тағы біреуі аяғымен шалады...
- Бармаймын!
- Жоқ, балам, сен қайткенде де баруың керек. Біріншіден, жасың қырықтағы адамсың, екіншіден, мектеп директорысың.
“Суретші”
Мұғалима Асанның әкесіне шағым айтады:
- Кеше сабақта сіздің ұлыңыз партаға шыбынның суретін салып қойыпты. Мен оны шын екен деп қолымды ұрып алдым.
- Сіз оны айтасыз, - дейді әкесі. Бірде ол ваннаға крокодилдің суретін салыпты. Зәрем ұшқаны сондай, тұра қашамын деп қабырғадағы есіктің суретіне соғылдым.
  *    *    *
Мұғалім:
- Картадан Ертіс өзенін көрсет.
- Асан:
Мұғалім:
- Картадан Ертіс өзенін көрсет.
- Асан:
- ???
- Мұғалім:
- Неге көрсетпейсің, үнсіз қалдың ғой?
Асан:
- Мұғалім, картада ағып жатқан өзен көрінбей тұр.
                 
           *  *  *
Сіздерге химия сабағынан үзінді ретінде “Формула” деп аталатын көріністі ұсынамыз.
Мұғалім бір оқушыны тақтаға шығарып:
- Судың формуласын жазып көрсет, - дейді. Ештеңе білмейтін оқушы бір нәрсені шатпақтап жаза салады.
Мұғалім:
- Сен не жаздың, бұл судың формуласы емес, - дейді.
Оқушы:
- Мен лай судың формуласын жаздым, - дейді.
ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІК
Каникул – жылдың ең қысқа күндері.
* * *
Күнделік - үлкендерге көп көрсете бермейтін құпиям.
* * *
Математика – мен түгіл әкемнің де тісі бата бермейтін “жаңғақ”.
* * *
Дос – бақылау жұмысында дәптеріне жазғандарын бақылатып отыратын я қыз, я ұл.
* * *
Сабақ – үзілісті зарықтыра күттіретін 45 минут.
* * *
Спорт секциясы - әжеме айтатын басты сылтауым.
* * *
Ақпақұлақ – айтқанның бәрі құлағынан көктей өтетін бала.
* * *
“Апайға айтам” – қыздардың негізгі қаруы.
* * *
Кер жалқау –“ертеңі” таусылмайтын оқушы.
 Қосымша
МҰҒАЛІМ МӘДЕНИЕТІ
Атақты педагог, ғалым В.А.Сухомлинский “Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым–шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады”- деп, ұстаздық өнерге ерекше баға берген.
Жас жеткіншектерге тәрбие беру ісінде мұғалімнің атқаратын міндеті зор.
Ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, мұғалім мәдениеті мен шеберлігін төмендегідей бөліктермен анықтауға болады;
1. Мұғалімнің сыртқы келбет мәдениеті.
2. Мұғалімнің өзін-өзі басқару шеберлігі.
3. Мұғалімнің мимика және понтомимика ишараларының (жест) мәнерлі негіздері.
4. Мұғалімнің мәдениеті, әдебі, сөйлеу шеберлігі, шешендік қасиеті, дем алуы, дауыс дикциясы, интонациясы.
Педагогикалық әдептің негізі - оқушыға деген шын ықыласты және олардың адамдық ар-ұятына деген қөзқарасында жатыр. Педагогикалық әдеп баланы адам ретінде сыйлау деп есептеуге болады.
Мұғалім жұмысында педагогтік әдеп сақталмайынша оқушылармен тіл табысу мүмкін емес, ал оқушылардың тілін таппайынша оқу–тәрбие үрдісінде ілгерілеу жоқ.
Педагогтің әдебі ілтипаттылық, сенім білдірушілік, әділдік, төзім мен сабыр сақтау деген сияқты қасиеттермен өлшенеді. Енді осы түсініктерге тоқталайық.
Ілтипаттылық.  Әдетте оқушылар өздері жақсы көретін мұғалімдер оларға дауыс көтеріп сөйлесе де көңілдеріне ауыр алып қалады. Дауыс көтеру, жазықсыз жазғыру, әділ қойылмаған баға ғана емес, мұғалімдер көзге ілмей, өтініштерін құлықсыз, жүрдім–бардым тыңдаса да, ең болмағанда қастарына жақындап көңіл аудармаса да, ренжіп қалады. Өздеріне мұғалімнің назарын аудару үшін тәртіп бұзатын бірді-екілі балалардың болатыны да бар.
Мұғалім оқушыларға жаңа материалдарды түсіндірумен қатар оларға назар аудара білуі керек. Өйткені мұғалімдер тарапынан оқушыларға ілтипат болмаса, олардың араларына жарықшақ сызаты түседі.
Сенім.  Педагогикалық әдеп мұғалімнің оқушыларға сенім арта білу қабілетін де қамтиды.  А.С. Макаренконың пайымдауынша; қателесу қаупі төніп тұрса да мұғалім оқуда болсын, тәлім-тәрбие жұмысында болсын оқушыларға өзінің батыл-батыл ойларымен ықпал жасауы қажет.
Балалар өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін толық шамалай алмайды. Олар  ересектердің бағасына, әсіресе өздерінен де артық сенетін мұғалімнің бағасына сүйенеді. Сондықтан мұғалімдер олардың қабілеттерін бағалауда өте сақ болғандары жөн. Оқушының қабілетін, әрине асыра бағалау дұрыс емес, ал оларды құлдыратып бағалау одан да оғаш.
Әділдік.  Мұғалімнің қандай қасиеттерін бағалайсыз деген сауалға оқушылар көбіне көп: “әділдігін” деп жауап қайтарады. Егер мұғалім әділ болғанның үстіне әдебі мол, көңілді, жайдары болса, мектепте одан беделді адам болмайтыны түсінікті.
Мұғалімге “әділетсіз” деген ат оның тек әділетсіз болғандығын ғана емес, сонымен қатар оқушылармен жұмыс барысында әдеп сақталмауынан да таңылуы мүмкін. Мұғалім оқушыларға тек қана әділ қарап қоймай, соған қоса өз ісінің дұрыстығына иландыра білуі керек. Мұғалімнің әдеп сақтамауы оның айнымалы мінезінен немесе өзіне-өзінің ұдайы талап қоймауынан және оқушылардың білімін бағалай білмейтіндігінен болуы да мүмкін.
Мұғалім ар-ұяты кіршіксіз болса, оқушылар оның кез келген қатесін кешіреді. Керісінше мұғалім әділетсіздік жасап, жалған мінез көрсетсе, оқушылардың көңілдері қалып, араларының салқындауы осыдан басталады. 
Төзім мен сабыр сақтау. Мұғалімнің педагогтік әдеп әлемі үшін бұл қасиеттердің маңызы үлкен, тіпті көп жағдайда шешуші мәні бар. Бұл, әрине, өртеніп жатсын, күйіп жатсын, мұғалім еш нәрсеге ашуланбауы тиіс деген сөз емес. Ондай жағдайларда оған өзін ақылға жеңдірмей болмайды.
Ашу үстінде ешқандай шешім қабылдамау керек. Сабырлылық, өзін-өзі ұстай білушілік сияқты қасиеттер ұстаздың белсенді құрамы болуы тиіс.
Қай кезең, қай дәуірде болсын адамға білім мен тәрбие беруден асқан мұрат жоқ. Ұстаз – ұрпақ тәрбиелеп өсіруші, қоғам сенген адам. Ұстаздық  қызметтің қыры мен сыры мол. Сондықтан да болашақ ұстаздар өз ісінің әрбір қыр-сырын жетік игеру жолында жоғарыда көрсетілген кәсіптік сапаларды толық меңгерсе, бүгінгі қоғамымызды байытатын, дамытатын, жаңартатын адам тәрбиелеуге мол мүмкіндік ашылатыны күмәнсіз.
Әдебиеттер:
Айтматов Ш. Ақ кеме. Бетпе-бет. Алғашқы ұстаз: Әңгімелер. –Алматы: Балауса, 2006.- 480б.- (Әлем балалар әдебиеті)
Боранбаев С. Ұстаз:Әңгімелер жинағы. – Алматы: Жазушы, 1966.-70 б.
Бүркітбаев Ә. Мұғалім: Повесть, әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1973.-96 б.
Ерлік тәрбиеден туады: Мұғалімдерге арналған көмекші құрал. – Алматы: Мектеп, 1966.- 88 б.
Жаркенов Қ. Мұғалімдер: Роман. – Алматы: Жазушы, 1990.-320 б.
Қалқабаева М. Балалар әдебиеті – тәрбие құралы: Мұғалімдерге арналған көмекші құрал.- Алматы: Мектеп, 1976.-62 б.
Карабалина О. Ұстаз бақыты.- Алматы: Жалын, 1990.-272 б.
Қаратаев М. Әдемілікке үйрететін ұстаз.- Алматы: Қазақстан, 1965.-71б.
Макаренко А.С. Ұстаздық дастан.- Алматы: ҚМКӘБ., 1951. – 236 б.
Молдағалиев Ж. Құс жолы: Повесть және әңгімелер.- Алматы: Ана тілі ЖШС, 2005.- 288 б.
Қаламгердің бұл жинағына “Ұстаз жолы” атты қазақтың тұңғыш педагогі Ы.Алтынсарин туралы повесі мен бір топ әңгімелері енгізілді.
Сарғасқаев С. Ұстаз: Роман Орта және орталау мектептің оқушыларына арналған.-Алматы: Жалын, 1979.-181 б.
                                              *  *  *
Айтқұлова Ш. Мұғалім – мектептің жүрегі // Қазақстан мектебі. – 2005. – №7 – Б.52-54
Атенова З. Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі // Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар.- 2006. - №9 – Б. 12-13
Әбу Нәсір Әл-Фараби. Тағылым // Бала би. – 2005. - №10. – Б.5
Әдірейімова К. Ұстаз аты мәңгілік, жанымда қалар жаңғырып! // Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. – 2005.- №4.- Б.37-39
Байғабылова Т. Ұстазым менің - //Бастауыш мектеп. –2005. - №10. – Б.40-41
Бала жанын баураған мейірімі ұстаздың: 5 қазан – Мұғалімдер күні //Егемен Қазақстан – 2003. –  4 қазан. –  Б.5
Бейсенбаева К. Ұстаз – ұлағатты есім // Бала тәрбиесі. – 2005.-№3.- Б.10-11
Жұмабаева А. Мұғалімнің сөйлеу мәдениеті // Бастауыш білім. – 2005. - №3.- Б.4 -5
Мәукенұлы Н. Ұстаз – ұлы мамандық // Ана тілі. – 1998. – 3  желт.(№48) - Б.4
Молдабаева Ш. Ұстаз – ұлы тұлға // Қазақстан мұғалімі. – 2005. - №12-15. - Б.15
Мұқанов С. Ұстазға //Таптым-таптым! Эврика! – 2005. - №2.- Б.4
Мұсаев Ө. Ұстазыма: Өлең //Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1997. - №9-10.- Б.122
Сманов Б. Ұстаз туралы толғаныс // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2000.- №6.- Б.40-41
Тараз Ә. Ұстаздар – асыл тұлғалар: Өлең // Алматы ақшамы. – 1997. – 29 қазан
Тарпанбаева Г. Ұстаз – үлгі, өнеге, ұлағатым // Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. – 2006. - №9. – Б.14 –15
Төлепбергенқызы Г. Ұстазым өзіңменен мақтанамыз!  //Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. – 2005. - №5. – Б.42-44
Чыныбекова Б., Молдақұлова Ж. Ұстаз – халық анасы  //Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. – 2005. - №4. – Б.36-37
Шағыр Қ. Әрбір ұстазға берері мол //Тәрбие құралы. – 2005. - №5 Б.55-56.
Мазмұны
1. Төл мерекелеріңізбен, ұстаздар!............................................3
2. Құрастырушыдан.....................................................................4
3. Ұстаз деген ... /Інжу-маржан, қанатты сөздер./......................6
4. Нақыл сөздер............................................................................8
5. Бәрі керісінше /ойын-мереке/...................................................10
6. Ұстаз аты мәңгілік, жанымда қалар жаңғырып!
 /сазды-байқау/..........................................................................20
7. Ұстаз – ұлы тұлға /Әдеби – сазды кеш./................................24
8. Мерекеңіз құтты болсын./Шәкірттердің ұстазын
 құттықтауы/..............................................................................31
9. Ән-жыр шашу...........................................................................34
10. Ұстаздар жайлы – көркем әдебиетте....................................45
11. Ұстаздар өмірінен /әзіл-қалжың отауы/.................................54
12. Түсіндірме сөздік.....................................................................56
13. Ұстаз мәдениеті /қосымша/.....................................................57
14.  Әдебиеттер............................................................................60

Құрастырған:    Сағатова А.А.
Редакторы:     Кенесары Т. Т.
Техникалық редакторы:   Гольбрайхт М.А.
Шығаруға жауапкер:   Раева С.К.
 Қазақстанның С.Бегалин атындағы мемлекеттік республикалық балалар кітапханасының ротапринтінде басылған.
  Алматы қ., Төле би көшесі, 27 үй.
Тапсырыс: №   Көлемі:   Таралымы:

 
15.10.2010 10:50