Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154468

Ежелгі Қосөзен мәдениеті


Ежелгі Қосөзен мәдениеті
            Ұзындығы 18 метрге созылған хабарлама үш тілде – ескі парсы, бабыл және жаңа элам тілінде жазылған болып шығады. Мұндай үш балама мәтіннің қатар жүруі оны оқып шығуды оңайлатады. Бехистун жазуы ежелгі Персия тарихын зерттеуде оған дейінгі барлық археологиялық зерттеулер мен антикалық заман авторларының еңбектерінің бәрін қосқандағыдан артық пайда түсірді. Бір кездегі ассирия-бабыл жазуларын жетілдіруден туған бұл ескі  парсы жазуы ассирия-бабыл тарихы жайында солардың шет-шебірін көріп қалған  гректерден гөрі де көбірек мәлімет берді. Ең бастысы, бұл Алдыңғы  Азия халықтарының  бірінен біріне көшіп мұра болып келе жатқан ортақ жазудың түп бастауы жайында батыл ойларға бастады. Ассирия-бабылдан бұрын да сына жазуы болған деген тұспал туады. Ол халықты 1869 жылы 17 қаңтарда француз ғалымдары отырысында Жюль Опперт шумер деп атайды. Чех ғалымы, Бедржих Грозныйдың айтуынша, “ең ежелгі жазу – бабыл жазуы. Ғайса тумастан 300 жыл бұрын ойлап табылған.  Мысыр жазуының пайда болуына әсер еткен. Онымен ассириялықтар, хуриттер,  хеттер және ханаан тұрғындары пайдаланған. Оның өзгерген түрін Урарту мен Элам қолданған. Ол кезде аморитяндар (франкиялықтар) мен парсылар өз жазуларын шығарған. Бабыл жазуын әуелде  шумерлер ойлап тапса керек.  Оларды бабыл семиттері мен акадтар үйренген”.
Шумер елі біздің жыл санауымызға дейінгі 3000  жылдықта Ефрат өзенінің қойнауына орналасқан. Шумер халқының тегі әлі жұмбақ. Анық-танық қайдан келгені де белгісіз. Тілі өз төңірегіндегі ежелгі халықтардың ешқайсысына ұқсамайды. Олардың көпшілігі  көп буынды сөздерден тұратын болса, шумер сөздері көбінесе  бір буынды сөздерден тұрады. Кейбір ғалымдар шумерлер бұл жазуды бұрынғы көшіп келген жағынан бірге алып келген деп те санайды. Ендеше, оның жазуы Алдыңғы Азияның халықтарына қалайша кеңінен тарап жүр? Біздіңше, тілдік-этностық туыстықтан болмаса керек. Шумер жазуының соншама мәшһүр болуы, сол кездегі шумер мәдениетінің жетекші орын иеленуіне байланысты болса керек. Олар иленген саз балшықты әрқилы қалыпқа түсіретін  аяқпен теппе зырылдауықты, диірменді, соқаны, доңғалақты, желкенді қайықты, мыс, қола құймаларын,  күн тізбесін алғаш ойлап тапқан жұрт. Шетінен математик, астроном, жер өлшеуші. Заңды, аспан денелерінің адам организміне әсерін жүйелеген. Гемопатиялық медицина қалыптастырған. Олардан қалған қыш  тақтайшаларының талайы ежелгі рецептер мен ібіліс сиқырынан аман сақтайтын магиялық формулалар болып шықты. Құрылыста арка, күмбез, нақыш, фриз, шыны шытыра, тас қашау, металл безендіруді бірінші боп пайдаланыпты.  Арасына сабан, қамыс салып, қам балшықтан кіріш басу, қыш кіріш, ағаш бөлшектерден үй салуды кең өрістеткен.  Тұрған үйлері төрт бұрышты, қосқабатты, ішкі аулалы, аспалы бақты болған. Су құбырларын тартқан.  Қалаларының қақ ортасында жебеуші тәңірінің  құрметіне арналған алып ғимарат орнатқан. Сәулет өнерімен бірге мүсін өнерін де өрістеткен. Музыка аспаптары мен музыка теориясын да бірінші боп ыждаһаттаған шумерлер. Аспан-Жер-Жерасты бір-бірімен бағыныштылық жолымен байланысып тұрған кешенді құбылыс деп түсінген. Сол нанымға негізделген заң жүйелері бар. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ХІХ ғасырда диірмен тасқа (базальт) Бабылдың ұлы падишасы Хаммуранидың 282 баптан тұратын сот тәртібі қашалып жазылған. Заңды патшалар емес, құдайлар ойлап табады деген ұғым олардың қатал орындалуын қамтамасыз еткен. Құдай бақилық. Оған ешкімнің күші жетпейді. Ал адам пәнилік. Оның құдаймен, табиғатпен, басқалармен қарым-қатынасы осыған негізделген. Атақты Гильгамоштен бастап, шумер мифтері осылай үйретеді. Шумерлердің өздерін де, жазуларын да өміршең етіп жүрген осы іргелі мәдениеті. Әйтпесе, олардың патшалығы осыдан бес мың жыл бұрын көршілес Акад мемлекетіне тізе бүккен. Содан қайтып бас көтермеген. Акадтарды жеңген бабылдар да шумер мәдениетінің мұртын шақпастан, одан әрі дамыта түскен. Бабылдардың тез көтерілуіне оң ықпал еткен факторлардың бірі – осы шумер жазуына үйрену арқылы қалыптасқан жоғары сауаттылық еді. Бабылдар тек шумер жазуын ғана емес, сол арқылы келген өнер-білімді де дамытты. Олардың орнына келген ассириялықтар да солай етті. Оған 1849 жылы ағылшын оқымыстылары А.Г.Лэйрд пен О.Рассамның “Нимрод” төбесінен  (ежелгі Ниневия) тапқан ассириялық патша Аптшурбанипалдың (б.д.ж.д. 668-631 ж.ж) 30 мың қыш қалақшалардан тұратын аса бай кітапханасы айғақ бола алады. Олардың арасынан дәрігерлік, балгерлік, математика, дін, тарих тақырыбындағы еңбектер, ассирия-бабыл-шумер сөздіктері, грамматика оқулықтары шықты. Сөйтіп, шумер жазуын  көпке таратып жүрген шумерлер емес, ол жайлаған кеңістік пен олар ойлап тапқан мәдениетті иемденген, оларға қырық  қайнаса, сорпасы қосылмайтын Қос Өзен мен Жерорта теңізі жағалауын мекендеген  семит халықтары еді. Олардың әліпбиін Кіші Азия мен Африкадағы семит емес халықтар да үйренді. Ақыр аяғында олар ойлап тапқан жазу жүйесі жетіле-жетіле келіп,  бастапқы пиктограммалардан басталған суреттіліктен түгел арылып, таза әуезделген (вокалданған) фонетикалық (дыбыстық) жазуға айналды.
Ол жазу тәжірибесі шығыста Хараппа мен Мохенджо-Даромен тынбай, әрі қарай Қиыр Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияға, батыста Кіші Азия, Кавказ, Мысырмен шектелмей, Жаңа Дүниеге, Латын Америкасына да тараған деген болжам бар. Өйткені, батыста мая, шығыста қытай иероглифиясының графикалық таңбалары өз жерінің қоршаған ортасына ыңғайланып, айта қаларлық өзгеше болғанымен, лингвистикалық құйылымдық жүйесі сол баяғы морфологиялық-буындық, ішінара дыбыстық жазу заңдылықтарына негізделген. Хаттусастан табылған және хамат тасындағы хеттер  иероглифтерінде  көбіне-көп өсімдіктер бейнеленсе, мысыр иероглифтерінде жан-жануарлар мен адамдар да бейнеленеді. Майя иероглифтерінде бейнеленген өсімдіктер Кіші Азия, Ніл табиғатына тән емес. Ал қытайлар иероглифтері көбіне-көп Қиыр Шығыс табиғаты мен мифологиясын еске салады. Қайткен күнде де суретті жазу аталмыш аймақтарда ұзақ сақталған, тіпті әлі де сақталып келе жатқан жерлері бар. Мәселен, Қытай, Жапония, Корея.  Кей елдердегі жағдай мұндай болғанымен, Кіші Азияның өзіндегі жазу артық әшекейден арылып, әрқилы сызықшалардың әр алуан құбылуларына айналды. Басты назар дыбыстамалық жазу  жасауға ауды. 1400 жылдар шамасында Жерорта теңізінің шығыс жағалауын жайлап, кеме мініп, сауда-саттықпен айналысатын финикиялықтардың біреуі сондай нар тәуекелге бел буды. Тарихта аты қалмаса да, ол таудай іс бітірді. Әр дыбысқа бір таңба ойлап тапты. Сөйтсе, мыңдаған, тіпті, қажет болса, миллиондаған сөздерді бейнелеп шығу үшін бар болғаны жиырма шақты ғана таңба керек екен. Ол үшін әуелі жекелеген сөздерді бейнелеп жүрген бұрыннан бар тұспалдамалар пайдаланылды. Мәселен, финикиялықтар бұқаны aleph дейді. Соны бейнелейтін белгі “а” (“аһ”) дыбысының, үй (“beth”) сөзін білдіретін белгі “б” дыбысының, түйе (gіmel) сөзін білдіретін белгі “г” дыбысының таңбасы деп табылды. Кейін ондай белгілер әріп деп аталды. Гректер оларды болар-болмас өзгерістермен қабылдап, “альфа”, “вета”, “гамма” деген әріптер деп таныды. Римдіктер де финикиялық таңбаларға өз “жаңартуларын” қосты. Өз әліпбилеріндегі әріптерді бәрімізге әбден таныс а,б,в,г,д, тағысын тағылар деп дыбыстауға дағдыланды. Ал иудаизм, христиан, ислам діндерінің тірі адамдар мен жануарларды бейнелеуге тыйым салғаны әріп жазу таңбаларын суретке ұқсаудан атымен арылтты. Мұндай тыйырым жаратушыдан басқа жан иелеріне табынушылықты доғаруды көздеді. Егер христианшылдық әлгіндей мақұлқаттардың тек кейбіреулерін ғана бейнелеттірмесе, ислам кеудесінде жаны бардың бәрін де сызып көрсетуге рұқсат бермеді.
Сөйтіп, дыбыстық жазуға жол ашып берген финикиялықтар әліпбиі өздерінің ежелгі астаналары болған Библиос қаласында дүниеге келді. Біз де оны алғаш рет 1968 жылы сол қаланың тарихи музейіндегі мәрмәр тақтайшадан көргенбіз. Ол әліппе жиырма екі әріптен тұрады екен. Олардың арасында дауысты әріптер болмады. Оның мұндай кемшілігінің орнын Угарит әліпбиі толықтырды. Алайда оны тудырған Угарит қаласы әлденеше елдермен тікелей байланыс жасап тұрған Библиостай ежелгі саудаға ықпал жүргізген қала емес еді. Сондықтан оның әліпбиі финикиялық әліпбидей кең тарала алмады. Финикиялықтар жазуы батысқа грек, шығысқа арамей жазулары арқылы таралды.
Арамей тілі де финикиялықтар тілі сияқты еді. Семит тілдері тобына жататын. Флективті тілдердің қай-қайсысы тәрізді ондағы сөз түбірі де тек дауыссыз дыбыстардан тұратын. Сондықтан ондай сөздер жазылғанда бір-бірінен еш айырмасы жоқ омонимдер сияқты болып көрінетін. Бұл мәселені арамей тілі әуелі жол үсті, жол астына жазылатын қосалқы диакрит  белгілер арқылы шешуге тырысты. Мәселен, осындай семит тобында болып табылатын араб тілінде “а” дыбысын белгілейтін алдындағы дауыссыз дыбыстың үстіне қойылатын көлбеу сызықша “фатха” деп аталды. Ал и дыбысын білдіретін “кесра” белгісі алдындағы дауыссыз дыбыстың астына көлбеу сызықша күйінде бейнеленді. Сондай алдындағы дауыссыз дыбыстың үстіне қойылатын үтір сияқты белгі у дыбысын білдіріп, “дама” деп аталады. Сондай әріптің үстіне қойылатын “ташдид” белгісі өзінің астындағы дауыссыз дыбыстың қосарланып айтылатынын көрсетті. Ал дауысты а, у, и дыбыстарының қосарланып созылыңқы айтылуы тенвии дама, тенвии фатха, тенвии кесера дейтін арнайы белгілермен көрсетілді. Дауыссыз дыбыстан кейін келетін дауысты дыбыс жоқ екендігін білдіретін “сукун” дейтін дөңгелек таңба да болды. Мұндай қосымша белгілер қойылмайынша, тек дауыссыз дыбыстардан тұратын түбірдің мағынасын аңғару өте қиын еді. Мысалға, “ктб” дейтін үш әріптен тұратын түбірді сөйлемдегі айтылып отырған ойдың ретіне қарап, “китабун” деп те, “катибун” деп те оқуға болатын. Алғашқысы кітап деген мағына білдірсе, соңғысы кітаптарды түсіндіретін көп оқыған адам дегенді ұғындырды. Жүре келе, әлгіндей түбір сөздің мағынасын түрліше құбылтатын дауысты дыбыстардың әрқайсысына тұрақты әріптер ойлап табылды. Авеста, ұйғыр, моңғол, манжұр жазулары бірден сондай қағидаға бас ұрды.
Арамей тілі еврей, сирия, иран, араб тілдері деп төртке бөлінді. Бұл иудаизм, сириялық христианшылдық, зороастризм, мұсылман діндерінің дәуірлеуіне байланысты еді. Әсіресе, зороастризм мен шығыс христианшылдыққа бірдей қызмет еткен арамей тілі мұсылман діні шыққанға дейін бүкіл шығыс елдеріне мейлінше кең тарады. Ол парсы-арамей, пехлеви-аршак, пехлеви-сасан, авеста, хорезм, соғда жазуларына жіктелді. Қиыр Шығыс пен Сібірде иероглиф және сына жазулары өрістеді. Кейін ислам дінінің дәурендеуіне байланысты Қиыр Шығыс иероглиф жазуынан басқасын араб жазуы мүлдем жұтып жіберді. Мамандардың айтуынша, араб жазуы арамей жазуының набатей тармағынан тарайды. Оның ең ескі үлгілеріне біздің жыл санауымыздан бұрынғы 300-ші жылдар шамасындағы үш графит тақтайшаға жазылған көнелікті мәтіндер  жатқызылады. VІІ ғасырда араб жазуы баданадай ірі және доғал әріптерден тұратын куфа және нәзік те әсем шиырылып түсетін насх жазу түрлеріне жіктелді. Арабтар жаны бар мақұлықтардың суретін сала алмайтын болғандықтан кесте тіккендей қып әдемі ирекше әшекейлерге көбірек мән берді. Оларды кейде тым шиыршық атқызып, қырық құйқылжытып жіберетін. Бұлары көруге келісті болғанымен, түсінуге қиын түсетін еді.
Ал б.ж.с.д. 8-7 ғасырларда пайда болған грек әліпбиі жазылуы жағынан финикия жазуына ұқсағанымен, дыбысталуы жағынан бабыл, ассирия, арамей, иудей, халдейлерге тән флективті семит тілдерімен емес, ежелгі санскрит, қазіргі үндіеуропалық тілдермен төркіндес еді. Аглюнативті тілдер тобына жататын. Семит тобындағы флективті тілдердегі мағына дауысты дыбыстардың өзгеруіне байланысты құбылса, үндіеуропа тобындағыдай аглюнативті тілдердегі мағына түбірдің алды-артынан тіркелетін қосымша, жалғау, жұрнақтарға байланысты түрленетін. Сондықтан гректер финикия жазуына айта қаларлықтай өзгерістер енгізіп бақты. Дауысты әріптермен бірге бұрын жоқ “фи”, “хи”, “пси”, “омега” сынды жаңа дауыссыз әріптерді де ойлап тапты. Жазу басқа шығыс тілдеріндегідей оңнан солға қарай емес, солдан оңға қарай оқылатын болды. Солайша жаңарған грек әліпбиінің әралуан соны нұсқалары қалыптасты. Батыс-грек жазуы жүйесіне эртрус, латын жазуларымен қоса, Италияның мессап, венет, оск, сикул, умбет т.б. сынды ежелгі халықтарының әліппелері жасалды. Шығыс-грек жүйесінің негізінде 2-3 ғасырларда христиан дінін қабылдаған ежелгі мысырлықтардың ұрпақтары болып табылатын коптардың жазуы, ал І мыңжылдық ортасында византия жазуы қалыптасты.
Византия жазуы негізінде осы заманғы грек, славян, әрмен, гүржі жазулары шықты. Орта ғасырлар басында бүкіл Батыс Еуропада жалғыз латын тілі ғана  жазба тіл болып табылатын. Латын жазуынан басқа жазу болмайтын. Герман тайпалары мен ирландықтар руна (киелі) жазуын пайдаланды. Латынша жазу немістерде, ағылшындарда, ирландиялықтарда 7-8, француздарда – 9, испан, португал, норвегтерде – 12, итальян, швед, дат, венгр, чехтарда – 13 ғасырда пайда болды. ІХ ғасырда славяндардың глаголица және кирилица деген екі жазуы болды. Алғашқысын  аз уақыт оңтүстік-батыс славяндары ғана пайдаланды. Сосын барлығы да кирилицаға көшті. 1941 жылы Моңғолстан мен кейбір кеңес республикалары сол жазуға өтті. Өтпегендер арасында бұрыннан латын жазуымен пайдаланатын  латыш, эстон, литвалықтар, жаңа бір дәуір басында  өз әліппелерін жасап алған әрмендер мен гүржілер бар еді.
Тарихта жазудың төрт жүз түрі болғанымен, бұл заманда соның жиырмадайы қолданыста жүргенімен, ең көп қолданылатын бес жазудың қатарына – әлем тұрғындарының 30 пайызы пайдаланатын латын, 10 пайызы пайдаланатын кирилица, 10 пайызы пайдаланатын араб, 20 пайызы пайдаланатын буындық-үнді, 25 пайызы пайдаланатын түбірлік-қытай жазулары жатқызылады. Ал қалған грек, еврей, эфиоп, гүржі, әрмен және басқа тілдерде жер шарының бар болғаны 5 пайызы ғана жазып-оқиды.
Оқудың мәдени құбылыс ретінде таралуы тек жазуға ғана байланысты емес еді. Оның қандай нәрсенің бетіне жазылып, таралуына да байланысты еді. Бағзы бабалар бұл мақсатта жартастарды, үңгір қабырғаларын, дөңбек тастарды, тас бағандар мен қалақ тастарды пайдаланған. Бірақ, тас барлық жерден табыла бермеген. Алайда, жазу білетін адам жазатын зат таппай қоймайды. Теріскей тайпалары ағаштардың діңгегі мен қабығын, күнгейдегілер пальма жапырақтарын, малта тастарды жазуға қолданған. Ал ондай орман жоқ құла дүздегі Месопатамия (Қосөзен) халқы болып табылатын шумерлер саз балшықтан дымқыл шаршы жасап, оған таңбаларын басып, оны өшіп кетпес үшін тандырға жауып күйдірген. Биіктігі 2,5 сантиметрден аспайтын шағындарына  ұсақ-түйек ескертпелерді түртіп қойса,  биіктігі 40 сантиметрге дейін баратын көлемділеріне “Жердің жаратылуы”, “Алтын ғасыр”, “Гильгамеш туралы” хиссаларын жазған.
Мысырлықтар шумер жазуын алғанмен, әлгіндей қыш қалақшаларға  жолаған жоқ. Өйткені, Ніл бойында жазуға пайдалануға болатын нар қамыстар өсті. Егер олардың діңгегін  құрайтын түтік қабықтарын кеспе секілді ұзыншалап, жолақ-жолақ қылып қатарластыра тіліп, бетіне дәл сондай жолақ тілімдерді көлденең тізіп жауып, үстерін су бүркіп ылғалдап, күнге кептіріп қойса, бір-біріне желімше жабысып, жап-жазық, жып-жылтыр парақтарға айналып шыға келеді екен. Сосын қайқайтып қаламыңды суыр да, сумаңдатып қалаған мәтініңді жаза бер!.. Мысырлықтардың ондай парақтарға қойған атауы гректердің құлағына папирос,  римдіктердің құлағына  папирус болып естілген. Оларды бір-біріне желімдеп сала құлаш қып ұзартып, сосын шиыршықтап ораған тығырық бумаларды римдіктер харта деседі. Қазіргі кең таралған Хартия  термині әу баста  осыдан өрбіп жүрсе керек. Сондай ширатынды қағазға жазып пәтуаластандырылған шарт деген ұғымды білдіріпті.
Мұндай буманың ұзыны көбіне көп 10 сантиметр болып келген түрі бар. Тіпті 5 сантиметрге жетер-жетпес құрдым, 100 метрге дейін жететін көшқұлаш папирустар да кездесетін көрінеді. Мәселен, “Иллиада” бөлек-бөлек 24 бумадан,  Інжіл де әлгіндей әлденеше бумадан тұрыпты. Бірақ, аса жұқа әрі нәзік болғандықтан, бізге дейін жеткен мысыр папирустары тым аз. Ең ескілері б.ж.с.д 18 ғасырларда жазылыпты. Гректер мен латындар ұзақ уақытқа дейін біздің қазақтар сияқты ауыз әдебиетін өркендеткен.  Әзелгі классиктердің бір де бірінің  түпнұсқалары табылған емес. Мәселен, б.ж.с.д 7-8 ғасырларда туған “Илиада” мен “Одиссея” тек б.ж.с.д 6 ғасырларда ғана папирус манускрипт қалпына түскен. Ал олардың біздің дәуіріміздегі І ғасырдағы нұсқасы ғана жетіп отыр. Ең толық нұсқасы ІV ғасырда жазылыпты. Папирустардың бумалардан гөрі  қолдануға ыңғайлы  қып дәптерлеген түрін кодекс деп атаған. Олар біздің дәуірдің  І ғасырынан бастап пайда болған. Сөйтіп, Мысыр халқы көбейген сайын Ніл бойындағы әлгіндей қамыстар ойсырай азайып, ақырында дербес өсімдік түрі ретінде біржола құрып біткен.
Ұлы Александр б.ж.с.д 322 жылы дүние салып, баласы Птолемей Египет астанасын Ніл сағасына көшірді. Әлемдегі ең үлкен Александрия кітапханасы дүниеге солай келді. Бірақ, бұл мәселеде басқалар да Мысырдан қалысқысы келмеді. Кіші Азияда 250 жылы тәуелсіз патшалық құрылды. Онда Мысырдың өздерінен озып кетпесін деп папирус сатуды жыл ма жыл қысқартқанына қарамастан, тамаша кітапхана бой көтерді. Пергамдықтар жазуға мал терісін пайдалануды үйренді. Екі беті бірдей шелденіп, есін кетіре иленіп, тақтайдай қылып, әдемі  сүргіленген жібектей жұмсақ жұқа тері кітап шығаруға кететін шығынды екі есе қысқартты. Сөйтіп, Пергам кітапханасы Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орынды иемденді. Ондай  тері өзі жасалған қаланың құрметіне пергамент деп аталды. Кейде пайдаланылған теріге жаңа мәтін жазылатын еді. Ондай кітаптар палимсест делінді. Кейін оқымыстылар олардың діни мәтіндер жазылған  жаңа қабатының астынан Цицерон, Плавт шығармаларын тауып, қайтадан қалпына келтіре бастады. Бұл орта ғасырдағы Еуропада қолжазба кітаптар шығарумен, негізінен, ғибадатханалар шұғылданып, кезінде көп кітап діни сипатқа ғана  арналғанын көрсетеді. Қолжазба кітаптар арасынан көркем әдебиет шығармалары кездесіп жарымайтын десе де болады.
Қолжазба кітаптар әдетте жалғыз-ақ дана шығарылды. Ол сұранысты қанағаттандырмады. Оның үстіне ұрпаққа керекті тарихи деректердің біржола құрып кету қаупін күшейтті. Бір мемлекеттің екінші мемлекеттің тарихына  қиянат жасайтынын былай қойғанда бір билікші әулеттің екінші әулеттің тарихи мұраларына  өш келетінін адамзат талай рет бастан кешкен. Б.ж.с.д. VІІ ғасырда эламдықтар Меопатамиядағы  ежелгі  білім көзі болып табылатын Ур-Намму Зикуратин көзапара жойып жіберді. Осыдан жиырма үш ғасыр бұрын Қытай императоры Цин Ши-Хуанди мәжусилермен  алысқан болып, өзінен бұрынғы кітаптардың бәрін өртетті. Біздің VІІ ғасырда арабтар атақты Александрия кітапханасын талқандады. ХVІ ғасырда католик иереархтары майя мұрағаттарын құрттырды. ХІІ-ХІV ғасырдағы католик иезуиттері ежелгі қолжазбалар мен антикалық әдебиетті құртып шығады. Ежелгі иезуиттер кітаппен алысса, кейінгі иезуиттер жазуды өзгерту арқылы қоғамды тарихи жадынан айырып отыруды әдетке айналдырды. Қытай билікші династияларының осындай озбырлығына, басқаны қойып, конфуций мен даосизм мұраларының өздері аз ұшыраған жоқ. Тарихта болған төрт жүзден астам жазу түрі көбіне-көп  бейбіт түрде емес, сондай күштеп өзгертуден азайды. Жазу мен оқуға монополия династиялық билік  кезінде негізгі саяси күрес әдісі болды. Жазуды, жазба мұраларды сақтап қалу өркениеттер өзектестігі мен ұрпақтар сабақтастығының басты кепіліне айнала бастады. ХV ғасыр ортасында кітаптарды механикалық әдіспен көбейту қажеттілігі туды.
Бұған дейін ксилография әдісі қолданылып еді. Ол – қазіргі бәйбішелердің кеспе пісіру үшін тақтайға шелпек жайғандарына ұқсайтын ағаш оқтаумен мәтін басатын қарапайым тәсіл еді. Мұндай әдіс алғаш рет VІІІ ғасырда Қытайда пайда болыпты. Сол Қытайда кітап басуға керек қағаз да ойлап табылды. Оны 105 жылы Цзай Лунь дейтін сарай маңындағы шебер жүзеге асырды. 751 жылы қағаз Таяу Шығысқа  да тарады. Оған Қазақстанның тікелей қатысы бар еді. Дәл сол жылы Тараз маңындағы Атлах түбінде қызыл қырғын шайқас өтті.  Араб қолбасшысы Зияд ибн Салых пен Қытай әскербасы Гео Сян-Чжи соғысты. Айқас 5 күнге созылды. Қытайлардың тас-талқаны шықты. Сөйтіп, арабтар қағаз шығару құпиясына ие болды.
ХІ-ХІІ ғасырларды Испанияны жаулаған арабтар арқылы қағаз Еуропаға да жетті. 1455 жылы  Майнц қаласының шебері  Иоген Гутенберг техникалық әдіспен 42 жолдық екі томдық Інжілді басып шығарды. ХV ғасырдың аяғында Еуропаның 236 қаласында  типография орнады. Гутенбергтің пайдаланған темір әріптерін итальяндар мысқылдап гот жазуы деп атады. Өйткені олар өздерін бір кезде тас-талқан еткен  жауынгер гот тайпасын өлердей жек көрді. Оларды шетінен ақылсыз, дөрекі жұрт деп санайтын. Олардың қолынан шыққан нәрсенің бәрін күлкіге ұшыратуға тырысатын. Тіпті, готтардың Лондон түбіндегі қалалары Готами туралы  да “онда ылғи нақұрыстар тұрады”  деп, неше қилы қисынсыз  лақап таратты. “Готамиден шыққан үшеу  – бірінен   бірі өткен данышпан, қамыстан тоқып, қайық мініп, көк толқынмен  алысқан”, – деп мазақтайтын. Сәулет өнеріндегі көпке  белгілі готика стилі де, Гутенберг шығарған гот құйма әріптері де, итальяндардың ұғымынша, ерсілік пен ебедейсіздіктің ең сөлекет үлгілері болып шығар еді. Оның үстіне итальян шебері Альд Мануций бір жағына қарай сәл көлбетіп, мейлінше нәзік шиырып, әдемі әшекейлеген әріптер құйып, оны курсив (шапшаң жазылатын) атады. Сөйтіп, полиграфия өркендей түсті. 1500 жылға дейінгі шығарылған кітаптар инкунабул саналды. Ондай жалпы саны 12 миллион данаға жететін 40 мың атау жарық көріпті. Олардың жарты миллиондайы біздің тұсымызға дейін жетіпті. ХVІ ғасырдың бірінші жартысында шыққан кітаптарға  палеотип деген айдар тағылды. Көркемделуі жағынан сиықсыз, мазмұны жағынан сұрықсыз болса да, бұған дейін адамзат мұнша мол көлемде кітап шығарып көрмеген-ді.
Сонымен, кітап шығарудың техникалық әдісінің пайда болуы оқырмандар қатарын айта қаларлықтай кеңейтті. Оған дейін жазуға сәлдей байланысы бар нәрселердің бәрі сакралды (киелі) саналатын.  Логографиялық және идеографиялық жазу шыққаннан бері оқу тек абыздарға, қағаз жазушыларға, ұлықтарға ғана тән еді. Киелі мәтіннің бәрі көктен түскеніне ешкім күмәнданбайтын. Құдай адамдарға Тауратты Мұса, Інжілді Ғайса, Құранды Мұхаммед пайғамбарлар арқылы беріп жіберген деп білетін. Әдемі жазу (калиграфия) өнері де құдай ерекше дарытқан қасиет ретінде әспеттелетін. Мысыр манускриптерінің бірінде бір ақылман әке ұлына қағаз жазатын хатшы болуға кеңес береді. Бұл өнерді өнер біткеннің ең сұлтаны деп дәріптейді. Сөйтіп, жазу да, оқу да тек  жаратқанның  шарапаты түскендерге бұйырмақ деп саналады. Әліпби жетіліп, жазуға керекті зат жақсарып, оны көбейтудің тәсілі неғұрлым шыңдалған сайын жазу мен оқу солғұрлым қол жетпейтін өнерге айнала түседі. Өйткені білім мен билік кім көрінгенге бұйырмақшы емес. Әйтпесе, әлгі екі қасиет өздерін өздері аяқ асты етеді. Кім көрінгеннің аты кітапқа ілікпеуі лазым. Кітаптың да кім көрінгеннің қолына  түспегені жөн. Өйткені, кітапты жазатын да, кітапқа ілігетін де тек құдайдың сүйген құлы. Бұл көзқарасты, қапелімде, Гутенбергтің ғажайып аспабы да арылта алмағандай.
Мәселен, ол ойлап табылғаннан 47 жыл кейін Христофор Колумб ойда жоқта 1492 жылы 12 қазанда Американы ашты. Өзі бұған заманақырмен  байланысы бар эсхотологиялық мән берді. “Пайғамбарлық кітабын” жазды. Өзі “Жаратушы Иенің Апокалипсисте айтатын “жаңа аспан мен жаңа жердің жар шашушысымын”, – деп жариялады. Мұнысына бір өзі ғана емес, бүкіл Еуропа сенді. Америкаға алғаш барған ағылшындар өздерін Жаратушының жұмсауымен пейішке барып, шартарап алақандағыдай көрінетін айғыр жалдың басына жарқыратып Шарапат шаһарын салушылармыз деп санады. Жерұйық іздеп Мұсаға еріп Қызыл теңізден өткендей сезініп, бұрын бастарынан кешкендердің бәрін Бабыл тұтқынында болғандар тартқан тауқыметке балады. Жұрттың бәрі Америкаға барсақ, дүниеге қайтадан жаратылып, қайтадан дәурен бастаймыз деп дәметті. Тек Американың ашылуы ғана емес, ұлы географиялық жаналықтардың қай-қайсысы да осындай желпініс бітірді. Еуропалық отаршылдық өз басқыншылықтарына көктен Әзірейіл, жерден Мәді шығатын таңмақшардай милленаристік мағына беруге тырысты. Бұрынғы масайрағандар жазаланып, бұрынғы налығандар масаттанатын әділет сағаты соққанға санап бақты. Азия Африка, Америкадағы отарларын жаңа табылған жерұйықтар, ал өздерін бір құдайдың шарапатымен абырой бұйырған машайықтар қылып көрсетті.
Бұл – ешқандай аңыз емес, бұдан бар болғаны үш жүз жыл бұрын орын алған шын ахуал еді. Естір құлаққа ежелгі Гильгамештің бастан кешкендерін еске түсетіндей. Оның есіл-дерті де – өз жерлестеріне мәңгілік өмір мен жерұйық мекен тауып беру емес пе еді?! Ол да әзелгі дәуренді қайта оралтып, дүниені жарату кезінде кеткен ілкі қателерді қайта түзетуді көксемейтін бе еді?! Өлмейтін емді су астынан тауып әкелгенде, шипалы шөпті жылан жеп кетіп, қайтадан өкінішке ұшырамайтын ба еді?! Жылан жалағандай дейтін ұғым содан қалмаушы ма еді?! Содан бері бұрынғылардың қателігін қайталамау – дүниеге келгендердің бәріне басты мұратқа айналмап па еді?! “Әлем әр сәбимен бірге қайта жаратылады”, – дейтін еді ғой жаңа Американың перзенті, венесуэлалық жазушы Торо. Әйгілі философ, мәдениет танушы, тарихшы, романист Мирча Элиаде осындай әзелгі сәтке  “ұмтылушылық” “тіршілік пен дененің киесін”  әспеттеп, тарихпен тайталасып бағатын “архаикалық менталитетті” туғызады демеуші ме еді?! Уолт Уитмен де өзін “пейіш жырын толғайтын” періштеге балап, “менің тәнімнің иісі киелі бойтұмардан да асып жұпар аңқиды, менің басымның үлкендігі шіркеуден де, Інжілден де, дін атаулының бәрінен де ересен”, – деп масаттанбайтын ба еді?!
Олай болса, кітап басатын кілтипан да адамдарға ежелден тән аруақтан сескенушілікті әп дегеннен еңсеріп кете алмады. Бірақ, бұл “таңмақшар тамашаларына” тамсанушылыққа апшитын асаулар да табылмай қалмайды. Уильям мен кіші Генрийдің әкесі, талантты жазушылар әулетінің негізін салушы,  үлкен Генрий Джеймс  ешқандай жүзі жанбастан: “Хауаның Адамға жасаған ең үлкен жақсылығы – оны Пейіштен қудырғаны болды”, – деп салды. Сөйтіп, Хауа мен Адам ұрпақтарының жер бетінде көрген қиямет-қайымы, қарапайым пенделік тіршілік кешудің тауқыметтері басты шығармашылық маңыз тауып, Гутенберг дәуіріндегі кітаптардың біртіндеп ең өзекті тақырыбына айнала бастады. Жарық көрген басылымдар арасында беллетристиканың үлес салмағы көрер көзге артты. Бірақ, бұл дүнияуһилік (“профаналдық”) мәтіннің киелі (“сакралды”) мәтіннен біржола үстем түсуі болып табыла алмайтын еді. Беллетристикалық бестселлерлердің де пайымдық “концептуалдық” өзегі Пейіштен қуылудың әйелдер мен еркектер тағдырына тигізген салдарларынан құралды. Ол аз десеңіз, көп астарлы әдеби мәтіннің инициациялық сипаттары да бар еді. Инициация дегеніміз табиғи тірлік кешу үрдісінен рухани тірлік кешу үрдісіне, немесе рухани құндылықтарға көшу деген сөз еді. Инициация рәсімі бір кездегі мифтік кезендерде тек алапат аруаққа ие ғаламат күштер ғана істеген жол-жораның айнытпай қайталаудан тұратын.
Кәмелетке толу рәсімі тұсында, М.Элиаданың айтуынша, үлкенді-кішілі шетін “драматизмді” мезеттерді бастан кешуге, тіпті әуелі өліп, сосын қайтадан тірілуге тура келеді. Бір кездегі бабалардың барлығы бастан кешірген бұл рәсімді көпшілік ұмытып, тек бір өліп, бір тірілу дейтін тұрақты тіркесті ғана есімізде ұстап қалыппыз. Ол кезде дүниеге келген сәби бірінші рет туған, әлгіндей рәсімді көріп, балиғатқа толғандар екінші рет туған, ал абыздардың басшылығымен ежелгі магия мен сиқырдың сырларына алғаш қаныққандар ауызданғандар немесе үшінші рет туғандар, толық қаныққандар кемелдер немесе төртінші рет туғандар саналған. Кітап ашу, кітап жастау, кітаппен жасқау, ілім соғу дейтін сөздерге қарағанда бұл рәсімдерге кітаптың да тікелей қатысы болған түрі бар. Ондай киелі орындар біздің сахаралықтар арасында тақия, теке, құтхана, пұтхана саналса, батыс елдерінде алып сомтастардан қаланған, жалғыз көзді дәулердің қолынан шығыпты делінетін циклоптық құрылыстар атаныпты. Кейбіреулер мысыр зәулімханаларын да осындай орындардың қатарына жатқызады. Кейде мұндай сынақтардың шын азаптауға ұласып кеткен тұстары да болған. Кие қағу, аруақ ату дейтін ұғым соның бір көрінісі болса керек. Көркем шығармалардың да дәл солай төтен әсер етіп, дүниеге қайта жаратылғандай қылып, катарсис ахуалды бастан кешіргізетіні де құпия емес. Шындап келгенде, көркем шығармадан да адамдар мен заттарды, тіпті жалпақ әлемді қайта жаратқысы келген түп ниеттің бой көрсететіні белгілі. Кейбір тілдерде суреткерді де жаратушының бір өзіне балап, оны, құдайды атағандай жаратушы (“творец”) деп атайтындығы да содан болса керек. Бұл реттен келгенде, М.Элиада көркем шығарманың, мәселен, Бальзактың “Адам комедиясының” мәтінінің тылсым (“сакралды”) күші болады деуінің де жаны бар. Қазіргі әдеби сын көркем  шығармаларды осы тұрғыдан келіп талдауды әдетке айналдыра бастады. Мәселен, А.Фиц-Монье ХІІ ғасырдағы француз романын, Р.Штейн – Тибет жырауларын, А.Корбен – Авиценна мәтінін, В.Я.Промм – халық ертегілерін осы тұрғыдан зерделеді. Мамандардың айтуынша, Мелвилл, Торо, Купер, Генри Джеймс, Марк Твен, Уильям Фолкнер, Томас Вульф, Скот Фицжеральд және басқаларының шығармалары осындай ықпалға ие көрінеді. 
Қысқасы, көркем әдебиет шығармаларының көбеюі кітап сөзінің тылсым мағынасы мен киелі әсерін еш азайта алмаған түрі бар. Алайда, оның жанрлық, тақырыптық, әсерлілік әлеуеті мықтап ескеріліп, көлемі жағынан ақылға сыйымдылық ауқымына көшкені әбден белгілі. Мәселен, он бесінші ғасырдағы Германияда басылған кітаптардың  бар болғаны он бес пайызы көркем әдебиеттің сыбағасына тиді. Алайда, ежелгі және қайта өрлеу кезеңінің кітаптарына деген ықылас көбейе түсті. Егер 1515 жылы Парижде басылған кітаптардың 30 пайызы гуманистер үлесіне тисе, он алтыншы ғасырдың ортасына қарай ол үлес 60 пайызға дейін артты. Бұған И.Гутенбергтің жаңалығының Еуропадағы жаңа қайта өрлеу кезеңімен тұспа-тұс келгендігі де аз әсер етпесе керек. Бір кезде шумерлердің сына жазуы да тап осылай Элам, Акад, Ассирия, Бабыл өркениеттерінің гүрлеп өсуіне тікелей әсер еткен-ді. Полиграфиялық техника да Батыс Еуропаның мәдени-техникалық өсуіне тап солай әсер етті. Өнеркәсіптің дамуы бұйым тасымалын арттырып, кеме жасауды нығайтып, ал ол жаңа құрлықтардың ашылуына ұласты. Христофор Колумб Американы ашатын 1492 жылы Реконкиста аяқталып, Испаниядан маврлар қуылып, Еуропа Шығыс үстемдігінен құтылған еді. Ол кездегі батыс әдебиетіндегі милленаристік желпініс те содан өрбіп жүр еді.
Алайда, батыс қоғамы күткен құбылыс өз нышандарын бәрібір байқатпай қалмады. Бұрындағы догмалық қасаңдық ақылға қонымды рационализмге, әдебиеттегі қасаңдық – адамға жаны ашитын гуманизмге ауысты. Тек көркем әдебиеттің ғана емес, философиялық, ғылыми-танымдық, саяси-қоғамдық, оқу-әдістемелік, жай әншейін көңіл көтерерлік кітаптар көбейе түсті. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары әлемдік рынокқа түсетін кітаптардың үштен бірін көркем әдебиет иемденді. Жарық көретін басылымдардың он пайыздайын аударма кітаптар құрады. Шамамен, бұл ара салмақ әліге дейін сақталып келеді.

 

 
Пайдаланған әдебиеттер:
1.«Мәдениет» Әбіш Кекілбайұлы
2.«World Discovery» журналы, 46-бет
3.ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ

 

 
24.05.2010 02:51