Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154461

Сарыбаев Болат (1927-1984) – қазақтың ұлы өнертанушысы

Сарыбаев Болат
Болат Сарыбаев

Сарыбаев Болат (1927-1984) – музыкатанушы,   өнертану кандидаты.  Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын қобыз класы бойынша бітірген, мұнан соң халық аспаптар кафедрасында дәріс берген, бір  мезгілде қазақтың халықтық музыкалық аспаптарын жинау мен зерттеу жөніндегі қызметтермен айналысты. Зерттеушінің дербес жинамасы әртүрлі  халықтардың   төрт  жүзге  таман музыкалық аспабын қамтиды, ол сондай-ақ сыбызғы, сырнай, жетіген, шертер, шаңқобыз, дабыл және басқа халықтық қазақ музыкалық аспаптары жинамасының  иесі. Ол бұл аспаптарда Ықылас атындағы қазақтың музыкалық аспаптар Музейіне тапсырған. Б.Сарыбаев “Қазақтың халық  аспаптары” монографиясында табылған аспаптардың түрін, қатарын, дыбыстық  берілімін,  ойнау тәсіліне ғылыми сипаттама бере отырып, жіктейді. Бұл зерттеуге бағалы қосымша ретінде Сарыбаевтың  көмегімен “Қазақтың музыкалық аспаптары” әдемі альбомы жарық көрді.

Б. Сарыбаев  музыка  тануда ежелгі аспаптарды біліп, тауып, мәдениеттің материалдық игілігі ретінде ғана бағалап қана қойған жоқ, сондай-ақ, бұл ескі аспаптарды халықтың рухани өміріне ендірді. Сарыбаевтың  ұмытылған ескі аспаптарды жаңартып, оларды іздеуі, зерттеуі нәтижесінде  біз қазақтардың  ерте  кезден музыкаға, әнге, әуенге құмар екендігін, ерте кезде олардың әлемдегі ең бай аспаптарды қолданғандағын білеміз. Сарыбаевтың еңбегінің  маңызы аса  зор, себебі - ежелгі аспаптарда уақыт үні, ғасыр таңбасы болады, ол –қазақтың музыка  мәдениетіне жаңа тарихи бет болып қосылып, үнемі жаңарып, толығып отырады.

Қазақстанның музыкалық мәдениеті саласындағы Б.Ш.Сарыбаевтың өмірі мен сан-салалы қызметі 20 ғасырда елеулі орын алады. Көне музыкалық аспаптар мен дәстүрлі қазақ музыкасының жандануы, қайта даму кезеңі оның есімімен тығыз байланысты. Ол жоғала бастаған көне музыкалық аспаптарды іздестіріп, қалпына келтіріп, зерттеу жүргізіп, бүгінгі ұрпақ кәдесіне ұсынып ұлттық мәдениетіміздің өткен тамаша тарихымен таныстырды. Болат Сарыбаев 1927 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының негізін салушылардың бірі белгілі ұстаз Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың отбасында дүниеге келді. Болаттың өмір жолын таңдауына ықпал еткен Құрманғазының шәкірті ұлы домбырашы Дина Нұрпейісова десек қателеспес едік. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде біраз уақыт Сарыбаевтар үйінде тұрды. Болаттың музыкалық қабілетін байқаған Дина Нұрпейісова “Болатжан балам, мына домбыраны сақтап, ойнап үйрен” – деп өзінің домбырасын сыйға тартады. “Қазақ халқының мәдени мұрасы ұшан-теңіз әрі көпқырлы, оны зерттеп оқып-біліп кейінгі ұрпаққа жеткізу қажет. Сен өзің сыпайы, қарапайым болғаныңмен еңбекқорсың. Ержеткен соң қолыңнан бәрі де келеді” – деген тілек сөзі Б.Сарыбаевтың зайыбы М.К. Сарыбаеваның айтқанынан жазылып алынды.

Болат Шамғалиұлы Алматы консерваториясының түлегі, оны бітірген соң осы оқу орнында қалды. 50-жылдардың аяғынан оның қазақтың ұлттық аспаптарын зерттеу саласындағы тер төгіп еңбектенген іздену жұмыстары басталады. Бұған дейін қазақтарда тек екі аспап - домбыра мен қобыз болған деген пікір қалыптасқан болатын Сондықтан зерттеу жұмыстарын қайта жаңғыртуға тура келді. Осының нәтижесінде Болат Шамғалиұлы жиырмадан аса қазақтың музыкалық аспаптарын тапты. Олар: шаңқобыз, сыбызғы, саз-сырнай, үскірік, шертер, жетіген, т.б.

Елге шыққан іздестіру сапарлары, экспедициялары кезінде Болат Шамғалиұлы көптеген орындаушылар, көне көз қариялармен жүздесті. Сирек кездесетін аспаптар үлгісін көріп, олардың қалай жасалатынын ақсақалдардың айтуында естіп жазып алу сәтін иеленді. Б.Сарыбаевтың үйіндегі мұражайға негіз болған музыкалық аспаптар коллекциясы осылай құрала бастады. Бұған оны төзімділігі ақыл-ой, күш-қуатымен аянбай жұмсаған тынымсыз еңбегі жеткізді. Ол туралы “Б.Сарыбаевтың коллекциясын мемлекеттік мұражайлармен салыстыруға әбден болады. Ал аспаптардың сан-алуан бай болуы жағынан асып та түседі” – делінген (Б.Сарыбаевтың музыкалық аспаптар мұражайының күнделігінде жазылған Вл.Перельманның сөзі).

Ғалымның музыка зерттеу саласындағы еңбектері мен ізденістері оны сыры белгісіз жаңа жолдарға жетеледі. Тамыры бір түркі тектес халықтардың ортақ мәдени мұрасы – көне музыкалық аспаптары жайында нақты дәлелдеп айтқан осы Б.Сарыбаев болатын.

Сонымен бірге ортағасырлық түркі жазбаларынан мағлұмат табуға болатынын да кітабында жазды. Көп жылдар бойы табан тіреп еңбек ету, қажымай іздену нәтижесінде Б.Сарыбаев көне аспаптар үнімен жаңа музыка әлемін жарыққа шығарды. Ғалым туралы Ә.Мұхамбетованың “ол өзінің аспаптары үнінің сүйкімділігімен біздің айналамызды жұмсақ та қоңыр сазды әуенімен қоршап өзгертіп кеткендей” – дегені шынайы шындық. Сөз жоқ мұндай табысқа жету үшін бұл көне аспаптарды іздеп табу немесе әдебиеттерден, мұражайлардан, фольклор көздерінен қарап жазып алу әрине аздау болар еді. Ол үшін аспаптарды қалпына келтіріп даусын шығарып, осы аспаптарда ойналған әуендерді өңдеп жандандыру керек болды.

Зерттеу жұмыстарын, көне аспаптарды қалай іздеп тапқкандарын қызықтыра әңгімелеп халықтың жүрегіне жол таба білді. Бұл біздін өткеніміз, тарихымыз, тағдырымыз екенін сезіндіре білді. Мезгілдік басылымдардағы жүздеген мақалалары, шығарған кітаптары, радио мен теледидардағы хабарлары, пластинкаға жазылу, фильм түсіру, ғылыми конференциялар мен концерттерге шығу, студенттерге дәріс беру, аспап жасаушы шеберлермен жұмысы - осының бәрін бір адам істеді деу таңқаларлық жай. Б.Сарыбаевтың көзі тірісінде мұражай пәтеріндегі күнделікте жазылған соңғы тілектердің бірі былай басталады: “Жан байлығы істеген еңбегіңде ғана емес, жан байлығы осы еткен еңбегіңнің нәтижесі халыққа жете алды ма? Бұл қолжетпейтін асыл мұражай үйде болып, көзбен көріп ең бастысы құлағыммен естігеніме шексіз ризамын. Жастық жалын мен ісіне деген құштарлық, ақыл мен толысқан тәжірибе –осылардың бәрін ұштастыра білген Болат Шамғалиұлы, сізге мен қызығамын. Сіз өзіңізді сақтаңыз, өйткені сіз халыққа өте қажет жансыз”.
 
15.10.2010 10:14