Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154365

Көне дәстүрдің озығын қайта жаңғыртсақ

ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
КӨне дәстүрдiң озығын қайта жаңғыртсақ
Жұмағұл ШӨженов,
Балқаш қаласының мамандандырылған әкiмшiлiк сотының төрағасы
Шешендiк өнер - Ұлы даланың тiршiлiгiнен өмiрге келген табиғи туындысы, сол ортаның мұрасы, ұлттық рухымыздың биiгi деп санаған дұрыс.
Қазақ руларының, ауылдарының жұрт жаңартып, малына жайылым қуып үнемi көшiп жүруi неғұрлым қонысы шалғай, атасы алыс рулармен қыз алысып, қыз берiсiп қарым-қатынас жасауы, алыс-жақын демей бiрiн-бiрi жиынға ас-тойларға шақырысып тұруы - осының барлығы, сайып келгенде бiрыңғай халық тiлiнiң, ауыз әдебиетiнiң, өзiнiң мәдениетiнiң қалыптасуына қолайлы жағдай жасалған. Ауыл мен ауыл, ру мен ру және азаматтар арасындағы дау-жанжалдарды шешетiн жұрт көп жиналатын ас-тойлар, жәрмеңке-базарлар, «күнде кеңес құратын Күлтөбелер» билер мен шешендер мектебi. Шешен-билерге халықтың көрсететiн құрметi мен беретiн сыйы да дарынды, талантты жастарды сөз өнерiн үйренуге, игеруге ынталандырған, итермелеген, сөз қасиетiн құрмет тұтқан. Осыдан келiп талапты жастардың оқу бiлiмi кенжелегенмен, сана-iлiмнен кенже қалмаған, бүкiл елдiң, қоғамның қарым-қатынасы ауыз-екi жүргiзiлген, барлық iс, дау-дамайi қолма-қол, бетпе-бет шешiлген.
Шын өнер иесiне оны қоршап, қолдап, сүрiнсе сүйеп, жаңылса түзеп отыратын қамқор қауым керек. «Қар қылаумен, бала сылаумен» өсетiнi сияқты өнер иесiне де бiлгiр сын керек.
Билiк-шешендiк өнердiң өсiп-өркендеуiне, қажеттi жағдай-еркiндiк, ешкiмнен қысылмай, қымсынбай еркiн сөйлеуге бостандық қажет. Сөз бостандығы болған жерде халық тағдыры шешiледi, сол халықтың ойы да, жiгерi де биiк болады. Билер мен шешендер – халық үнi, оны ел басшысына жеткiзу – сөз бостандығы емес пе?! Ертедегi тiлiмiзде «би», «шешен» деген ұғым бiр-ақ мағынаны бiлдiрген. Бiрақ би-шешен ең алдымен елiнiң тарихын, салт-дәстүрiн, шежiресiн, ұлылы-кiшiлi ел басынан өткен уақиғаларды, тарихи қайраткерлердi, әсiресе дау-дамай, соғыс-бiтiм мәселерiн реттеп, халықтың әдет-ғұрпын жетiк бiлуге тиiс болатын.
Нағыз би-шешендер ел басшысның қаһарынан сескенбей, халық қамын ойлаған, өз құлқын ойламаған, параға сатылмаған батыл да, адал болуы шарт.
Тәуелсiздiк алған 12-13 жылда теледидардан халық депутаттары мен үкiмет адамдары сөз сөйлей алмай, көрерменнiң жүйкесiн тоздыртып, айтар ойын айта алмай қиналып жатады. Сондықтан да үкiмет, заң орындарына жауапты қызметтерге қабылданатын адамдардың шешендiк өнерiне де назар аударылғаны орынды болар едi. Бұл ұсыныс, әсiресе, бiздiң елдiң шет елдердегi өкiлi - елшiлерге де қатысты. Қасиеттi өнер – халық мұрасы, сондықтан, оны жалғастыру бүгiннен басталса, нұр үстiне нұр болары хақ.
Қазiр ұлттық телеарналардан «Мың бiр мақал», «ХХI ғасырдың көшбасшысы» тағы басқа да хабарлар – халық ойынан шығып, болашақ ұрпақты шешендiк өнерге баулитын тәуiр бастама. Осындай өнегелi бастаманы әр мектепте, жоғары оқу орындарында да қолданса, халық тiлегi орындалар едi. Елдiң болашағы ұрпақта, ендеше, жан-жақты, бiлiмдi жастар ертеңгi елдiң мақтаныштары, әрi тұтқасы болмақ.
Қорыта айтқанда, ғасырлар бойы ел жадында сақталған, тот баспаған би-шешендiк өнер – халық мұрасы, ұлтымыздың рухы. Олар – тарихшы, философ, көрiпкелдiк қасиетке ие болып, нағыз дипломатиялық дәрежеге жеткен өз заманының санагерлерi едi.
Осындай рухы биiк халықтың ұрпағының да ұраны биiк болуы – табиғи құбылыс.
Шешендiктiң тәлiм-тәрбиелiк мәнiнiң де мол екендiгiн айтпасқа болмайды. Өйткенi, ол терең ойдың түкпiрiнен еленiп, екшелiп шыққаннан кейiн, жалаң, жасық түрде туындамайды. Сомдалып, сұрыпталған сөздiң бойынан адамгершiлiктi, әдiлдiктi, ақиқатты аңғарамыз. Мәселен, Қаздауысты Қазыбектiң Қоңтәжiге айтқан сөзiнiң негiзгi түйiнi екi елдiң арасындағы бiтiмдiлiкте жатқанымен, мазмұнының қаншама тағылымға тұнып тұрғанын көрiп қайран қаласыз. Ал, Ағыбайдың әр түрлi өмiрлiк жағдайларда айтқан сөздерi кiшiгiрiм поэзия.
Жақсының жайсаңы болып табылатын батыр-билер өз заманындағы тұлғалы тұстарынан жоғары тұрған, ақиқатты аялап, әдiлдiктi әлдилеген еңселi ер, әрi iрi тарихи бейне.
Сол дәуiрдiң дарабоздарымен дос-жаран болуы, қаһарынан қалың ел қорыққан хан-сұлтандардың өздерiнiң қаймығып, мойынсұнуы, айтқан сөздерi мен жүргiзген билiктерiне таңырқап таңдай қағып, шығарған үкiмдерiн халықтың қалтқысыз орындауы, билердiң сол кездегi қазақтан шыққан саңлақтарының көш басында тұрғаны хақ.
Би – көптi көрген, қазақ қолын бастап, неше түрлi қиындықтарды басынан өткерiп, көре-көре көсем болған, сөйлей-сөйлей шешен болған, ойы орамды, көненi ғана бiлiп қоймай, болашақты да тап басып, байламды болжам жасай алатын, әрдайым халық көңiлiнен шыққан жан болған.
Сонымен, би дегенiмiз ел жұртының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн, шежi-ресiн, тарихын, қоғамның даму барысын, айнала қоршаған табиғаттың сан-алуан қасиеттерi мен құпияларын бiлетiн, адамдардың көкiрек-көмбелерiне ой көзiмен қарап көре алатын, қырлы-қырлы мiнез-құлықтарды айтқызбай-ақ тап басатын, ғылым-бiлiмнен хабардар, кемел пiкiрлерiн шешен тiлмен жеткiзiп беретiн қасиетi бар бiр тума жандар.
Би – дипломат, әрi мәмiлегер. Басында билердiң Жәнiбек пен Керей бастаған Қазақ хандарының барлық елшiлiктерiне қатысқаны, кейiннен Абылай, Кенесары хандарының Ресей, Қытай, Қоқан елшiлiктерiне қатысқаны соның айғағы. Хандар өте жауапты деген руаралық келiссөздерге билердi жiберiп отырған. «Жауластырмақ – жаушыдан, елдестiрмек –елшiден»,- дегендей, Қаз дауысты Қазыбек, Төле би, Әйтеке би, Ағыбай және тағы басқа да билер бастап барған келiссөздер дұрыс шешiлiп, әрқашан да олардың жолы болып отырған. Сондықтан, ол жеке адамдар, ру-тайпа, ұлыс аралығындағы жанжалдарды ғана емес, ел мен ел арасындағы даулы iстердi өз билiгiмен әдiл шешiп отырған.
Билердiң батырлығы – қолына қару алып, жауға шабуында емес, қылышынан қан тамған қаһарлы хан-сұлтан немесе етектен кесiп жең болмайтыны секiлдi елдесуден кеткен ежелгi дұшпан алдында тұр екем деп именбей, керектi жерiнде алдаспаннан да өткiр тiлiмен турап түсетiн әдiлет сөзiн айтуында деп санаған. Билердiң әдiл де, өткiр сөздерi еттен өтiп, сүйекке жеткеннiң өзiнде де, Жәнiбек пен Керейден бастап, Абылай мен Кенесары заманында, кейiннен отарлау аппаратына сенген аға сұлтандардың, ата жауларының өзi де оларға қарсы қылыш көтерiп, қарсы дау айтпаған. Оның дәлелi, олардың сан рет Жәнiбек-Керейден бастап, Абылай, Кенесары алдарында «Хан кеңесiнде» тайсалмай өз ойларын айтуы. Би - саясаткер, қоғам қайраткерi. Би тек қана батыр болып қана қоймай, ол ел мен ел арасындағы қоғамдық мәнi зор саяси мәселелердi шешуге де ат салысқан. Хан қаншама қаһарлы болғанымен, бидiң айтқан кеңестерiне құлақ асып отырған. Хан барлық күрделi мәселелердi тек «Хан кеңесiнiң» мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылдап отырған. Кеңестiң басым көпшiлiгi би-батырлар болатын. Ал, Қазақ хандығы, әскери мемлекет болғандықтан, билер ханның тек қана әскери кеңесшiсi ғана емес, ол өмiрдiң барлық саласындағы ақылшысы болған. Оған мысал, Жиренше шешеннiң, Бұқар жыраудың, Төле бидiң, Қаз дауысты Қазыбектiң, Әйтеке бидiң, Ақжолтай Ағыбай батырдың әрқашан да хан алдында халықтың атынан, халықтың қамқоршысы ретiнде сөйлеуi. Хан өте ауыр шешiм қабылдаудың алдында билердi шақырып алып, екеуара мәселенi жан-жақты талқылап барып қана шешiм қабылдаған.
Би – ағартушы, әрi тәрбиешi. Олар кейiннен, Ресей империясымен соғысып жеңе алмайтынын түсiнген соң, игi iс – ағартушылықпен шұғылданған. Ел арасында медiресе ашып, бала оқытқан. Мүмкiндiгiнше, сол балалардың iшiндегi, көкiрегiнде сәулесi, көзiнде оты бар жастарды, қыран шалар қия биiктен көрiп, тәрбиелеп, баулап баққан. Олар өзiнен кейiнгi ұрпақтардың да, ел ұйтқысы боларлықтай азаматтар жетiлуiн, ешқашан да қаперiнен шығармаған. Болашақта, билерге ұқсап, ел мүддесiн көздесем-ау дейтiндей талантты жастар, атақты билердi өздерi iздеп барып бата алған. Билер үмiт етiп, сенiм артқан ондай жастарға батасын берумен бiрге, өмiр бойы өздерiнiң жинақтаған тәлiм-тәрбиесiн, ұлағат сөздерiн санасына құюдан жалықпаған. Сар саналы, дана ойлы, тәрбиешi, ұстаз билердiң есiмi халық жадында мәңгi сақталып қалған. Ағыбай батырдың алдына барып, кейiннен, Алашорда мемлекетiнiң басшысы болған жас Әлихан Бөкейхановтың, тағы басқа да сол кездегi алдыңғы қатарлы, болашағынан халқы үмiт күткен бiрнеше жас қазақ азаматтарының, келiп бата алуы осының айғағы.
Сол ғалым Ә. Бөкейханов оқу, бiлiм туралы: «Адам баласы өзге хайуаннан айырылғанда бұлардан ақылды болып, қолы шебер болып айырылады. Байлық түбi ақыл, һәм қол ұсталығы. Осы екеуi қосылмай, адам баласы қазығына жарымайды. Ақыл да, ұсталық та оқумен, iстеумен жүре ұлғаяды. Оқу-бiлiм бiр, оқу ұлғая бiлiм болады. Дүниедегi жер билiгi күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Бұл тiршiлiк үлкен талас, бiр бәйге: жүйрiк алады, шабан қалады. Жүйрiктiк, ақыл, ұсталық, жаһитшiлiкте. Ерiншек – езге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ»,- деп тұжырым жасайды.
Халық арасында билер ой түйiп, сөз ұстап, әдiл төрелiк айтумен бiрге бүкiл бiр халықтың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде де тендеусiз қызмет атқаруымен қадiрмендi болған.
Осы ретте билердiң жүргiзген билiктерiн тарихи-құқылық талдаудың айырықша маңызы бар. Тарихи материалдар мен фактiлердiң негiзiнде жасалған ғылыми талдау қазақ қауымдастығында өзiндiк орны бар саяси-әлеуметтiк тұлғалар – батырлар, билер мен шешендердiң атқаратын рөлiмен жан-жақты танысуға мүмкiндiк берiп, олардың бүгiнгi және келешек ұрпақтар өтемiне де жарайтын ұлағатты сөздерiнiң қадiр-қасиетiн саралауға жол ашады.
Сонымен, қазақтың халық болып, бiртұтас елге айналуына, өсiп-өркен-деуiне әрi батыр, әрi көсем билерiмiздiң де айырықша үлес қосқанын айту, тәуелсiз мемлекетке қолымыздың жетуi арқасында ғана мүмкiн болып отыр.
Дүние жүзiнде, қазақ елi түрме салмаған, шыңырау зыңдан қазбаған бiрден-бiр ел. Бұл шындық, ойлап қарасақ, әлемге әйгiлеуге тұрарлық құбылыс. Осы қазақ қоғамында үлгiлi тәртiптiң болуына атақты билер көп еңбек сiңiрген. Қалай болғанда да, сан ғасырлар бойы халқымызбен бiрге жасасып, оның ел басқару жүйесiнде айрықша қоғамдық маңыз атқарып келген билердiң тарихын зерттеп, шығарған үкiмдерiн үлгi ету керек.
Қазақ би-батырларының қазақ әскерiн басқаруы, шешендiгi мен билiктерi әлi күнге дейiн тарихи-құқықтық тұрғыдан арнайы зерттелмегендiгi – бұл тақырыпты өз алдына дербес зертеу обьектiсi етiп алуымыздың негiзгi себебi болып отыр. Зерттеу барысында билердiң жер дауы, жесiр дауы, барымта таластарында айтқан билiктерi тарихи-құқылық материалдар негiзiнде қаралып, алғаш рет аталған салада жан-жақты зерттелiп, құқылық тұжырым жасалуы керек.
Қазақ қауымының елi тәуелсiз болған кездегi негiзгi парызының бiрi – елiн, жерiн қорғайтын ұрпақ тәрбиелеу, ата-баба салт-дәстүрлерiн, ұлтжандық патриотизмдi бойына жас кезiнен дарыту. Халықымыздың ата дәстүрi – елiн, туған жерiн көзiң қарашығындай қорғау дәстүрi. Бұл киелi ата-баба мұрасы, оның ұрпақтарға айтып кеткен өсиетi.
Қазақ қауымы ғасырлар бойы сыртқы жауларымен соғысып, одан кейiн отаршылдық саясаттан, кейiнгi жылы кеңестiк жүйенiң әсерiнен әбден езiлiп-жаншылған халық. Оның ең асылдары әр түрлi себептермен үзбей қырылып келдi. Халықтың тұқымдық қоры әлсiредi. Асылдары кетiп, ұрпақтары жасып қалды. Ендеше осы халыққа бiр сәт әл, күш-қуат жинайтын, ой-санасын, сән-салтын, оқу-бiлiмiн, тәлiм-тәрбиесiн, тарихи-мәдениетiн жаңаша ойлап, тұжырым жасауға уақыт келдi. Жаңа ұрпақ тоталитарлық кезеңде өмiр сүрдi, көбiнiң санасында дүбәралық, мәңгүрттiк ұялаған, ұлтжандық, отаншылдық түсiнiк те көп жылғы саясаттан басылып қалған. Ұлтын, отанын сүйген адамды ұлтшыл, рушыл (националист, трайболист) деген қара күйе жаға салу әлi де тыйылмаған. Халықтың басым көпшiлiгi ата тарихынан қол ұзып қалған, ал ана тiлiн мүлде бiлмейтiнi, шала бiлетiнi қаншама!
Мықты тiрегiмiздiң бiрi – халқымыздың геосаяси жағдайына байланысты басқа халықтармен, көршiлес елдермен, ұлыстармен қоян-қолтық, аралас-құралас, өмiр сүру қарекетiн жасау дәстүрi. Қай көршiсiнiң қылбұрау, қай көршiсiнiң кең тұсау екендiгiн пайымдау дәстүрi, оның кеңпейiлдiк, қайырымдылық, қонақжайлық тiрлiгi, кең болса, кем болмайтынын бiлген дана-ойшыл болмысы.
Бiзге тiрек болып, болашақ батыр ұрпақ өсiруге көмектесер бiр фактор – халықтық педагогигалық ұрпақ тәрбиелеу дәстүрi. Баланы қалай тәрбиелеуде бiздiң ата-бабаларымыз үлкен даналық көрсеткен. 13-те ұлын, 15-те қызын ұландық санатқа жеткiзген. 16-да орда бұзып, қазақ қауымындағы жоғарғы орган хан кеңесiне кiрген. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деп, алмас қылышса қайрап, жас кезiнен өмiр деген дамылсыз күрес екенiн санаға құйып, соған дайындаған. Болар баланы болмысынан таныған. Жетiмiн жылатпай, жесiрiн қорлатпай, құдасын құдайдай сыйлап, қариясын дана деп, анасын алтын қазық деп құрметтеп, үлкендi аға деп, кiшiнi iнi деп қамқорлыққа алып, ат жалын тартып мiнген перзенттi азамат деп таныған.
Халқымыздың пейiлi, даламыз қандай кең болса сондай кең, жер қой-науы қандай бай болса, жүрегi де сондай бай.
Сонымен бiрге халқымыз батыр халық. Ол еңкейгенге еңкейедi, шалқайғанға шалқаяды. Сөйлессе, Қорқыт пен Бұқардай даналығы, Төле, Әйтеке, Қаз-дауысты Қазыбек бидей шешендiгi, Кенесары, Әз Тәуке, Абылайдай көсемдiгi, айтысса, дауласа қалса, Жәнiбекше өрлiгi, Бөгенбайдай iрiлiгi, Шоқан мен Абайдай бiлiмдiлiгi, қиыннан қиыстырып жол табар ерлiгi мен тiрлiгi бар Ақжолтай Ағыбайдай батыры, кең-байтақ жерi мен дана елi бар.
Қазақ билерiнiң адамдық болмысы, ерлiк iстерi, шешендiгi мен жүргiзген билiктерi ертелi-кеш дүниеге келген рухани мұралар түбегейлi зерттелiп, саяси-құқықтық бiртұтас ғылыми еңбекке арқау бола қойған жоқ. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, аталған олқылықтың орнын аз да болса толықтырмақ болған ниет-талпынысымыз бұл тақырыптың көкейтестiгi мен өзектiлiгiн көрсетсе керек. Өйткенi елiнiң тәуелсiздiгi мен бостандығы үшiн алысқан ерлердiң жау жүрек батырлығын, өсиет етiп айтып кеткен сөздерiн, әдiл билiктерiн бүгiнгi және болашақтағы ұрпаққа насихаттау, елдiң ертеңiне аманат етiп тапсыру жастардың арасында патриотизмдi қалыптастыруға қомақты үлес қосып, Қазақстанның саяи-құқықтық тарихына елеулi, әрi игi әсер етедi деп ойлаймыз.
Егемендiк алуымызға орай мүмкiндiк: көп нәрсеге жаңаша көзқарас бiлдiрiп, пiкiр айтып және ғылыми түрде тұжырым жасау.
Қосымша айта кететiн ұсыныстар – бүгiнгi кездегi нарықпен бiрге тәртiпсiздiк, қоғамдық тәртiп бұзушылық өрiс алып, күннен күнге, әсiресе жасөспiрiм мен жастар арасында қылмыс жасау, жезөкшелiк, маскүнемдiк пен нашақорлық көбейiп, отбасы және неке тұрақтамай, айырылысу кең етек жая бастағанда, далалық демократияның көрнектi институты «билер соттарын» жергiлiктi жерлерде қоғамдық ұйымға жатқызып ұйымдастыру керек. Бiз – қабат-қабат түрме салмаған, шыңырау зыңдан қазбаған, ешқандай да өз халқымызды жазалау әскерiн ұстамаған халықпыз. Бұл шындық, әлемге үлгi қыларлық құбылыс. Ендеше, бүгiнгiдей жеңiл әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарды бiрден соттап, түрмеге жабу дұрыс емес. Олай болса ауылдық жерлерде, аудандық, қалалық әкiмшiлiктерде бұрын сот, прокуратура, басқа да құқық қорғау, атқару органдарында, бiлiм беру, мәдениет салаларында жұмыс iстеген адамдарды, ел арасында сыйлы, абыройы зор азаматтарды «билер сотына» жұмысқа тарту керек. Ауылдық жерлерде бұрынғы учаскелiк инспектор болып жұмыс iстеген, басқа да құқық қорғау органдарында, бiлiм беру саласында жұмыс iстеп, қазiргi уақытта «жас зейнеткерлер» атанған азаматтар баршылық. Екiншi жағынан олар ауылдардағы жалғыз учаскелiк инспектордың көмекшiсi, әрi қорғаушысы болар едi. Жергiлiктi учаскелiк инспектордың уақыты тек әр түрлi арыздар және жоғарыда аталған жеңiл құқық бұзушылықтарды қараумен, оларды аудан орталығына жеткiзуге кетiп, қазiргi жаппай болып жатқан мал ұрлығына, басқа да ауыр қылмыстармен толық қанды шұғылдануына кедергi жасайды. Екiншiден оның уақыты мен мұршасы келмейдi, сондықтан көптеген ауыр қылмыстар ашылмай қалып, нағыз қылмыскерлер заңды жауапкершiлiктен босап кетедi. Ал, сот органдарының қарайтын жұмыстарының басым көпшiлiгi азаматтық iстер мен жеңiл құқық бұзушылыққа жатады, сондықтан да олар күрделi қылмыстық iстер қаралғанда жан-жақты, терең, сапалы шешiм қабылдай алмайды. Жергiлiктi жердегi әр түрлi жеңiл қылмыстар, ұсақ түрдегi ұрлық, жеңiл-желпi бұзақылық, отбасы арасындағы жанжалдарды осы «билер сотына» салып, билер өз шешiмiн шығарса, егер осыдан кейiн жоғарыда көрсетiлген жеңiл қылмыстар бiрнеше қайталанған кейiн ғана құқық қорғау органдарына берiлсе қоғамға көп пайда келушi едi. Билер институты үлкен қоғамдық тәрбиелiк қызметтер атқарып, қылмыстың алдын алудың бiрнеше проблемаларын шешедi, сот, прокуратура және iшкi iстер органдарының жұмыс-тарын жеңiлдетiп, мемлекеттiк органдарға берiлетiн қаржыны үнемдеуге септiгiн тигiзедi.
Әр жыл қорытындысы бойынша әрбiр облыстан бiр үздiк сот қызметкерi ұсынылып, республикалық Жоғарғы сот кеңесiнiң ұйғарымымен «Қазақстанның халық биi» деген құрметтi атақ берiлсе, басқа құқық органдарына берiлетiн «генерал» атағына пара-пар болатын едi.
Халқымыздың «Елге бай емес, би құт» деген көрегендiк өнеге-өсиетiнде терең мағына жатыр. Зерттеу нәтижелерiн Қазақстанның саяси-құқық қағидалары мен нормаларын дайындауда, арнайы және жоғарғы оқу орындары үшiн оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ заң факультеттерiнде, арнайы және әскери оқу орнындарында арнайы курстар мен семинарлар жүргiзуде кеңiнен пайдалануға болады.
Тәуелсiз мемлекет саяси-құқықтық ғылыми саланы дамыту барысында, қара қылды қақ жарған билердi, жүрек жұтқан батырларымыз бен кемеңгер хандарымыздың кiм болғанын, олардың әрқайсысының қоғамдағы, тарихтағы атқарған, тындырған iстерi мен орны туралы әдiлет көзiмен жан-жақты зерттеп, бүгiнгi жас ұрпаққа ұғындырып бағу – бiздiң азаматтық парызымыз.
Ел арасынан суырылып шаққан сұңғыла шешен-билерге әдiл баға беру, олардың осы күнге шейiн халық жадында ұмытылмай келе жатқан әдiл билiктерiн, айтылған өнегелi сөздерiн саяси-құқылық тұрғыда талдауға, егемендiк алуымызға орай туындаған мүмкiндiк көп нәрсеге жаңаша көзқарас жасап, пiкiр айтуға жағдай жасалып отырғандықтан, ғылыми түрде қорытынды жасауды талап етедi.
Резюме
Статья посвящена историко-правовому анализу социально-политического устройства и становления казахского государства, роли бия (судьи), преемственности этих решений традиционным нормам обычного права казахов, их социально-правовой и общественной значимости. Автором проведен анализ философско-правовых взглядов по данному вопросу.
Abstract
Article, this investigation is devoted to the historical-judicial analysis of social-political structure of Kazakh kingdom and his decisions concerning the arguments on problems of land exploration, family-marriage relationships and barymta in the role of bi (judge), to ground of succession of the decisions by traditional establishments by ordinary right, to exploration of their rightness in historical-judicial aspect. Аuthor analyzed philosophic and law views on this particular topic.
Әдебиеттер:
1. С.З. Зиманов. Состояние и задачи разработки обычного права казахов. Алма-Ата. 1989.
2. С.З. Зиманов. Несколько слов о «Жеты Жаргы». Известия АН КазССР. 1975.
3. С.З. Зиманов. Жетi жарғы жайлы. Алматы. 1989.
4. I. Есенберлин. Көшпендiлер. Алматы. 1998.
5. Е. Бекмаханов. Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы. 1994.
6. Ахмет Кенесарин. Султаны Кенесары и Сыздык. Алма-Ата. 1992.
7. Ж. Алтайбай Ағыбай батыр. Алматы. 1977.
8. Назарбаев Н. Казақстан халқына үндеуi. Ақиқат журналы. №1. 2000.
9. Ш. Уәлиханов. 5 томдық шығармалар жинағы. Алматы. 1961.
10. Ж. Шөженов. Ақжолтай Ағыбай батыр. Қарағанды. 2002.
11. Ж.С. Ақылбаев. Ер есiмi ел есiнде (Ақжолтай Ағыбай батырдың 200 жылдық торқалы тойына арналған «Арқаның ардақты тұлғалар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы), Қарағанды, 2002.
12. А. Бөкейханов. Сайлау. «Қазақ» газетi, №17, 1913.

 
15.10.2010 10:12