Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155255

Алфавит - рухани бірлік негізі

Иманғазы Нұрахмет
            филология ғылымдарының кандидаты
АЛФАВИТ – РУХАНИ БІРЛІК НЕГІЗІ 
Қазір қазақ халқының рухани дамуы бір жолайрықта тұрған сияқты. Руханиятымызға батыс мәдениетін үлгі етеміз бе? Жоқ дәстүрлі ұлттық мәдениетімізді негіз етіп алып, соны одан ары дамытамыз ба? Ғаламдасу бағытына бүтіндей бейімделіп, оның ауыр да, рахымсыз талаптарына  шартсыз тізе бүгеміз бе? Жоқ ұлттық болмысызды сақтай отырып, әлемдік қауымдастықтың құрамында дербес рухани құндылығы бар ұлт ретінде өмір сүреміз бе? Осының бәрі бүгінгі күннің алдындағы аса жауапты міндеттер. Осындай шешімін таппаған мәселелердің қатарында алфавит таңдау проблемасы да тұр. Бұл өзі  шешімін тапқан, таңдауы біткен мәселе секілді. Басқа түркі текті халықтармен бірге латын алфавитіне көшеміз деген пікір жұрт арасында орнығып үлгерген. Түркия бұрыннан латын алфавитін қолданып келеді, басқа туысқан жұрттар да ептеп көшіп жатыр. Көптен бөлінбеу, көштен қалмаудың қамын ойлағанда бұл да дұрыс таңдау болып тұрғандай. «Барар жерді мақтай бер, қалар жерді таптай бер» дегендей латын алфавитінің ерекшелігін айтқанда таңдайымыз таңдайымызға жұқпайтын шешен болып алдық. Жұрттың көбі латын графикасын алу тиімді дегенге шынымен сенеді, оның артықшылығын  дәл бір өзі зерттеп біліп отырғандай тамсана отырып айтады. Олардың тұжырымдары бойынша түркі халықтарының  біразы латын графикасына көшіп жатыр. Түркілік қауымдастықтан бөлініп қалмас үшін бізде латын графикасына көшуіміз керек. Онан қалса бұл алфавит экономикалық жақтан тиімді, техникалық жақтан артықшылықтарға ие. Озық ғылыми техникаға жеткізетін жол. Көз алдағы жағдайларды ескергенде және мәселеге бір ғана экономикалық тұрғыдан қарағанда, бұл пікірлердің  орынды жағы да жоқ емес. Дегенмен, біз қандай алфавитті таңдаймыз, оның болашақ үшін қандай тиімділігі бар деген сауалдың төңірегінде әлі де асықпай ойланып келелі шешім қабылдауымыз қажет әрі оған  мүмкінідігіміз бар.
Бірінші алфавит халықтың рухани болмысын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі, ол бір топтың, жекелеген қайраткерлердің  еркімен немесе басқалардың ықпалымен шешілетін  мәселе емес.
 Екінші алфавит болашақ үшін де  тарих үшін де қызмет ететін болу керек. Латын алфавитіне көшу түркі халықтары ортақ тұжырымға келіп барып қабылданған шешім деп көңілімізді алдарқатамыз. Солай бола тұрса да біздің ойымызша латын графикасын қабылдауда алфавит таңдаудың  алғы шарттары мен себебі толық ғылыми негізде қарастырылып отырған жоқ.
Алфавит таңдауда үш түрлі басты шарт болуы керек: бірінші – тарихи шарт, екінші – ғылыми шарт, үшінші – саяси шарт.
Тарихи шарт – қабылданатын алфавит руханияттың тарихи тамырын тануға қызмет ететін, төлтума алфавит болу керек. Сол алфавитті қолдану халықтың тарихи жадын сақтауға негіз болуы лазым.
Ғылыми шарт –  қабылданатын алфавит сол ұлттың дыбыс жүйесіне сәйкес келетін және дыбыстың даму мүмкіндігіне кедергі болмайтын алфавит болу керек.
Саяси шарт – таңдалатын алфавит  ұлттың рухани жадын дамытуға, саяси және рухани дара болмысын қалыптастыруға, ұлттық мемлекеттің, ұлттық идеологияның дамуына қызмет ету керек.
Міне, осы үш түрлі шарттың бірі кем болса ол алфавит ұлтқа қызмет ете алмайды. Сонымен бірге техникалық прогрестің талаптарына толық жауап беретін артықшылыққа ие болуы да алфавиттің артықшылығы болып саналады. Алфавиттің техникалық және экономикалық тиімділігі, екінші орындағы шарттар. Жоғарыда айтылған негізгі үш түрлі шарт бірдей болғанда соңғы екі шартқа лайықты мән беруге болады. Біздің латын алфавитін қабылдауда қосымша шарттарды бірінші кезекте қарастырып отырған сияқтымыз. Өйткені, экономикалық факторлар өткінші сипатқа ие. Айталық экономикалық әлеуетіміз бекемделген соң   тағы алфавит қабылдамаймыз ғой. Ал, техникалық артықшылықтарына келсек, әр алфавиттің өзіндік артықшылықтары бар. Бұл жерде шешуші  фактор адам екенін ұмытпаған жөн.
Жоғарыда аталған ең басты үш түрлі шартты негізге алғанда бізге ең тиімдісі көне түркі алфавитін жетілдіріп, пайдалануымыз. Оның себептерін нақтылап айтар болсақ:
Бірінші қажеттілік көне түркі алфавитін жетілдіріп ұлттық алфавит ретінде пайдалану. Көне түркі алфавиті біздің тарихи төлтума алфавитіміз. Сонымен бірге дербес ұлт болудың бір шарты дербес тіл, дербес жазу, таңбасы болу. Бұл тұрғыдан да төлтума алфавитіміздің маңызы зор. 80-жылдарда батыс социологтары ХХІ ғасырдың соңында дүниеде 5-7 ұлт қана қалады. Ол ұлттар дербес  тілі, дербес жазуы бар және оны сақтап дамыта алған ұлттар деп болжам жасаған екен. Сондықтан да дүниедегі көптеген ұлттар тіл, жазу мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Кезінде қытайда латын алфавитін аламыз ба, Қытайдың таңбалы жазуын сақтап қаламыз ба? деген мәселе төңірегінде қоғамдық талқы жүрген еді. Сонда қытай зиялылары ұлттық болмысызды жоғалтып алмаудың, ұлт ретінде  жойылып, құрып кетпеудің бірден бір кепілі – қытайдың таңбалы жазуын  сақтап қалу деп шешкен. Бір миллиардтан артық халқы бар, 5000 жылдық ұлттық тарихы бар қытайлар жазуымыздан айырылсақ ұлт ретінде жойылып кетеміз деп осынша алаңдап отырғанда, біздің  ғаламдасудың қадамына ілесеміз деп ең негізгі ұлттық құндылықтарымыздың бірегейінен  бас тартуымыз қандай батырлық. Ал, еврейлер ұлт ретіндегі даму болашағын  кемелдендіру үшін әлдеқашан өліп қалған көне еврей тілін  тірілтуге жан салуда. Сонда олар ағылшын тілі мен ағылшын алфавитінің  артықшылығын білмей көрмей отыр ма? Әлде біздей танымай отыр ма? Жоқ, олар  алфавит таңдаудағы тарихи шартты заң ретінде қабылдап, сол заңның талабына жүгініп отыр. Бұл тұрғыдан біз олардың озық тәжірибесін қабылдаудан бас тартпауымыз керек. Өйткені, біз зайырлы мемлекеттің өміршең мәдениетін қалыптасыру үшін күресіп жатқан елміз. 
Екінші дербес жазудың болуы – мемлекеттік құпияларды сақтаудың  техникалық кепілі. Бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де бір кепілі. Қазір біз компьютерде Американың программаларын  қолданамыз. Сондықтан біздің компьютерлеріміздегі құпия деректеріміз сол программаларды жасаушылар мен оны жақсы білетіндер үшін «дайын аспен» тең. Жапондықтар өздерінің компютерлік жүйесін әлемге ашпай құпия ұстауда. Ол құпиялықтың басты кепілі жапон графикасының даралығы. Бүгінгі күні хаккэрлер емін-еркін кіре алмайтын дүниедегі бірден бір жүйе осы жапондықтарға ғана тән.  
Біздің ел даму үстінде және даму мүмкіндігі барынша мол ел. Сондықтан біз бүгінгі күннің талабын қанағаттандыру үшін емес, ертеңгі күннің асқақ мұраттары үшін де жауап бере алатын жол іздеуге тиіспіз. Техникамыз дамиды, саяси ықпалымыз күшейеді, біздегі техникалық, саяси және рухани құндылықтарымызға басқа елдер қызығатын болады, сонда өзімізді өзіміз қорғай алатын, өзімізде бар құндылықтарды басқалардың алдында бағалай алатын құралға ие болуға тиіспіз. Мұндай техникалық және рухани қорғаныстың іргетасы алфавиттен басталады. 
Үшінші ұлттық төл алфавиттің болуы – ұлттық дыбыстық ерекшеліктерімізді бұзбай таза сақтаудың және оны дамытудың жалғыз ғана  кепілі. Табиғаты жат бөтен халықтардың дыбыстық ерекшеліктеріне арналған алфавиттердің қайсысы болса да біздің дыбыстық мүмкіндігімізге сәйкеспейді, соның салдарынан ұлтымыздың дыбыстық жүйесі бұзылады. Тіл қатынас құралы ғана емес – ойлаудың да құралы. Тіл ойдың қабы. Қабы бұзылған ой құтысы бұзылған аспен тең. Ойдың қабын таза сақтай алмасақ, ақыл-ойдың дамуы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Орыс алфавитін қабылдаудан біздің кейбір дыбыстарымыз бұзылған. Айталық «ң» дыбысын айта алмайтындар мен ести алмайтындар қазақ жастарының үштен екісін құрайды. Олар «мың» деген сан есімді «мын» деп,  «мең» деген зат есімді «мен» деп дыбыстайды. «Ң» деген дыбысты жеке айтсаң құйрығы бар «н» ба, құйрығы жоқ «н» ба деп сұрайды. Көптеген  адамдар «і» дыбысының орнына «и» дыбысын, «ө» дыбысының орнына «у» дыбысын қолданады. Мысалы, Өмірбек деудің орнына  «Умирбек» дейді. Темірді «Тимур»-ға алмастырады.  «Ә» дыбысы адам аттарында қолданыстан шыққан. Оның орнына түгел «А» дыбысын қолданамыз. Мысалы, Әбдібекті «Абдыбек» дейміз.
Төртінші ұлттық алфавиттің тарихи жазу болуы – тарихи жадымызды қалпына келтірудің ұлттық патриоттық сезімді жетілдірудің, отаншылдық тәрбиені сіңірудің ең тиімді жолы. Тарихымыз тереңде, көне түркілер біздің ата-бабаларымыз, олардан қалған мұралар біздің рухани байлығымыз деген сөздерді қанша мәрте естігенмен, жастардың бойында ол тарихтың өзінікі екеніне сенімі аз. Сенім болмаған соң нақты тарихи таным да қалыптаспайды. Тілі бөтен, өзі біле бермейтін жат алфавитпен жазылған бөтен мәдениет ретінде қабылдайды. Біздің жастардың көне түркі ескерткіштерін  зерттеуге көп қызықпауының себебіде осында болса керек. Егерде ол ескерткіштердің жазуларын  таныса,  ол алфавитті өздері қолданып отырса тарихи мұраның рухын бойларына тез сіңіре алады. Ол мұралардың  өздеріне ғана тиесілі  мұра екеніне,  онда жазылған тарих өз ата-бабаларының тарихы екеніне ақылы ғана емес жандары сенеді. Сенім күшейген жерде ұлттық тарихи жады да күшейеді. Ұлттық мақтаныш,  ұлттық патриоттық сезім, отаншылдық рух, тарихқа, өз ұлтына деген құрмет осыдан қалыптасады.   
Бесінші көне түркі алфавитінің техникалық артықшылықтары. Латын алфавитіне көшуді жақтаушылар оның осы заманғы ғылыми техникаға  икемділігін басты назарда ұстайды. Соның ішінде компьютерге кіргізуге қолайлы дегенді алға тартады. Алайда, бұл басты шарт емес. Жазудың қолайсыздығы жағынан дүниеде алдыңғы орында тұратын елдер Қытай, Жапон, Корей елдері.  Мысалға қытайды алсақ, олар иероглифтерінің санына өздері әлі жеткен емес, қанша сөз болса сонша иероглиф бар. Бірақ олар біздің жазуымыз компьютерге кірмейді деп өздерінің тарихи жазуларынан жерінген жоқ, керісінше, жазуларын компьютерге  кіргізе білді. Қытай жазуын компьютерде басу үшін алдымен ағылшынша  транскрипсиясын жазып алып, сонан соң қытайшаға айналдырады. Сонда бас-аяғы 30 әріпті компьютерге кіргізе алмасақ, оны өзіміздің осалдығымыздан  көрмей, не ге бар пәлені  алфавитке (әріпке) аударуымыз керек. Реті келгенде айта кеткен жөн көне түркі алфавиті солдан оңға, оңнан солға, жоғарыдан төмен, төменнен жоғары төрт бағытта бірдей жазуға қолайлы алфавит. Бұл аса сирек кездесетін артықшылық. Әсіресе, компьютерлік операцияларды жүзеге асыруда теңдессіз қасиетке ие.
Қазақстан қазір Орта Азия аймағында жетекші орындағы ел, оның үстіне Орталық Азия елдерінің саяси одағын құруға бастамашы болып отыр. Ғылыми жақтан да түркологияның  орталығы болуға мүмкіндігі бар  ел. Бұл бастамашылық біздің мүмкіндігізбен салыстырғанда әлі де жетілдіре түсуді қажет етері анық.
Біз берісі қазақ халқының, арысы тұтас түркі жұртының болашағы үшін басқалардан артық жауапкершілікті  арқалауға тиіспіз. Себебі, біздің рухани потенциалымыз басқа түркі жұрттарына қарағанда әлдеқайда артық. Тіл байлығы жағынан біз бәрінің де алдындамыз. Мысалға туыстық атауға келсек түріктер шожық, шожығым шожығы дегеннен ары бара алмайды. Ұйғыр, өзбектерде бала неуере, пәй неуере арғы жағы бұлдыр.  Қазақта «ата, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат, туажат» «жаутанысам» болып кете береді. Оның үстіне тіл тазалығы жағынан да қазақ тілі алдыңғы орында. Көне түркі тілінің  тазалығын сақтап қалған жалғыз тіл – қазақ тілі. Түрік тілінде ағылшын тілінің элементі басым болса, ұйғыр, өзбек тілдерінде  араб, парсы сөздерінің ара салмағы жоғары. Оның үстіне түрік тіліндегі ағылшын сөздері бүтіндей түрік тіліне сіңіп кеткен. Ол сөздерді қабылдаған кезде де түрік тілінің  ерекшеліктеріне бейімдеп қабылдаған. Ұйғыр, өзбек тілдеріндегі араб, парсы сөздері де осындай. Ол сөздердің басқа ұлттың сөзі екені ажыратылмай кеткен. Ал, қазақ тіліне келсек, біздің лексикамыздағы араб, парсы сөздері аз. Ал, орыс тілінен кірген сөздер біздің тіліміздің ерекшелігіне сәйкес өзгерістерге түспеген. Орыс тілінің өз ерекшелігі бойынша қабылданған. Бұл арада біздің шет тілдерден сөз қабылдаудағы  кемшілігіміз болып  аталып келген, басқа халықтардың сөздерін әуелгі болмысын өзгертпей, өз тіліміздің заңдылығына бейімдемей қабылдай салатын, өзіміз сол сөздің табиғатына бейімделіп кететін ерекшелігіміз біздің тіліміздегі шет тілдерден кірген сөздерді оңай ажыратып алуға мүмкіндік беретін артықшылық тетік болып отыр. 
Экономикалық жақтан да Түркиядан басқа ешбір түркі текті мемлекет Қазақстанмен теңдесе алмайды. Біздің табиғаи байлықтарымыз, географиялық жағдайымыз басқалар орындай алмайтын  талаптарды орындауға мүмкіндік береді.  
Қазіргі дүниелік ағымға қарағанда түркі халықтарының жеке-жеке мемлекет бола тұра рухани тұтастыққа жетуі саяси жақтан да аса маңызды.  Н.Назарбаевтың Орта Азия одағын құру идеасы да осындай қажеттіліктің талабы екені даусыз. Ал, түркі халықтарының басын саясат арқылы біріктіре алмайтынымыз анық. Экономикалық мүдделер ұлттардың одақтасуына түрткі болғанмен, біртұтастыққа жеткізетін жол бола алмайды. Таза тіл мәселесі де бұл  проблеманың түйінін шеше алмайды. Өйткені, әр халық өз тілін сүйеді, өз тілін сақтап қалғысы келеді. Ал оларға ортақ тіл жасап беру ешкімнің де қолынан келмейді.  Түрік халықтарының басын біріктіру деген сөз олардың басын қосып жаңа ұлт жасау емес, қайта түркі тектес халықтардың рухани тұтастығына қол жеткізу. Түркі тектес халықтардың тағдырының ортақ екеніне әр түркі тектес азаматтардың көзін жеткізу. Бұл рухани тұтастыққа жетудің жалғыз жолы – ортақ алфавиттің болуы. Ол ортақ алфавит сөзсіз көне түркі алфавиті негізінде жасалуы керек. Сонда бұл алфавитке түркі халықтарының бәрі де құрмет ететін болады. Ал онан ары түркі халықтарына ортақ ту, әнұран болса, рухани тұтастықты одан әрі бекемдей түсетіні анық.
Қазақы дәстүрлерді берік ұстану, шариғат шарттарына адалдық, әлемдік ақсүйектік әдептерді жете меңгеру, достық, қарызға беріктік, ең бастысы ұлт мүддесі үшін бәрін құрбан ету сияқты асыл қасиеттерді Алаш қайраткерлерінің баршасының бойынан табуға болады.
Рымғали Нұрғали

 

 
15.10.2010 15:40