Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

15596

Ана - тілім ардағым және Хош келдің, Наурыз

«Ана тілім – ардағым»
(Тіл мерекесіне орай өткізілген сыныптан тыс үйірме жұмысының  өткізілу барысын әріптестеріме, әсіресе жас мамандарға ұсынамын).
Мақсаты:
1. Оқушыларды өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, өз ана тілінің көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғуға үйрету.
2. Тіл әуезділігін, көркемдігін, байлығын, шешендігін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы оқушы дүниетанымын, ой өрісін дамыту.
3. Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, шешендік өнерді оқушы бойына сіңіре отыра, ана тіліне сүйіспеншілігін қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға шақыру.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, бекеттер-топ аттары жазылған плакаттар, «Ана тілі – рухани даму негізі» кітап көрмесі, ұпай беретін таяқшалар, мадақтау қағаздары, Microsoft Pover Point программасында безендірілген презентация.
Абайдың әні « Сегіз аяқ» 2 оқушы домбырада орындайды.
1-жүргізуші: Сүйемін туған тілді – анам тілін,
                        Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
                        Шыр етіп жерге түскен минутымнан
                        Құлағыма сіңірген таныс үнім.
                        Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
                        Сүйгенім, сүйсінгенім, жек көргенім.
                                                                       С.Торайғыров.
2-жүргізуші:      Туған тілім-бабам тілі-өз тілім,
                         Туған тілім-анам тілі-өз тілім.
                         Туған тілім-далам тілі-өз тілім,
                         Туған тілім-адам тілі-өз тілім.
                          Туған тілде сыры терең жаным бар,
                          Туған тілде әнім менен сәнім бар.
                          Туған тілім тіл болудан қалса егер
                           Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
                                                                           Д. Әбілев.
1-жүргізуші:    Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
                        Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
                        Әр адамда өз анасынан басқа да,
                        Ғұмырына етер мәңгі астана,
                        Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
                        Болу керек құдіретті төрт ана:
                        Туған жері-түп қазығы, айбыны,
                        Туған тілі - мәңгі өнеге айдыны,
                        Жан байлығы, салт-дәстүрі-тірегі,
                        Қадамына шуақ шашар үнемі.
                        Және туған тарихы.        
                                                                                             М.Шаханов.
2-жүргізуші:     Тілім менің!
                        Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің.
                        Тұнығым, рухани жан азығым
                        Ол бүлінсе, менің де бүлінгенім.
                        Ана тілім, туған тілім,бал тілім
                        Сен арқылы дүние танып талпындым.
                        Сен арқылы әлемге аян бар ісім
                        Сен өмірде таусылмайтын алтыным.
                                                                                          Ш.Айтматов. 
                        
Мұғалімнің сөзі: Құрметті оқушылар, бүгін біз 2 топ: «Тапқырлар», «Зеректер» Қазақ тілі еліне сапар шегеміз. Алдымыздан көп бекеттер кездеседі. Ондағы тапсырмаларды орындаған топ мүшелері «Қазақ тілі  елінің құрметті азаматы» атағын жеңіп алады.
Әділ қазылар алқасын сайлау.
1. «Қайырлы таң» бекеті   Екі топтың сәлемдесуі. Танысу.
2. «Үміт» бекеті.   Мақал-мәтелдерді жалғастыр:
Шешеннің тілі...
Бал тамған тілден...
Ақыл көркі ...
Ана сүті...
Жақсы сөз...
Жақсыға сөз ілеседі...
Тілін білмеген...
Аяққа кісен салуға болар...
3. «Қайрат» бекеті .   Қызықты грамматика.
А) Мына сөздердің ішінен диалект  сөздерді көрсет:доға, жәшік, қамыт,сұлтан, пиала, нән, зейнеткер.
Ә) Қай шылаулар дефис (-) арқылы жазылады?
-мен,-және,-ау,-да,-мыс,-ақ,-пен,-ды.
Б) Ұрсу, зекіру сөздерінің синонимі.
В) Мына суретке тұрақты сөз тіркесін жаз. (бетіне оты шығу, көз қорқақ, қол батыр, ойыннан от шығу,  ит өлген жер)
Г) Тілдік бөлшектерді үлкеннен кішісіне қарай ретімен жаз: текст, буын, дыбыс, сөз тіркесі, сөз, сөйлем.
Д) Әзіл сұрақтар:
Айнаға қай кезде өкпелеуге болмайды?
Қорқақ неден қорқады?
Тауық түс көре ме?
Қарғыстың ең жаманы не?
Тастың жеңілі бола ма?
Ауыз бен қолды қандай жерде тыю керек?
Қандай кілт аспанда болады?
Неменеге өкпелеп жүргенде не шықты?
4. «Ғалым» бекеті.   Тест сұрақтары.
1. Тіл туралы Заң қашан қабылданды?
А) 1987ж. 17 қараша
В) 1989ж. 22 қыркүйек
С) 1990ж. 13 маусым
Д) 1992ж. 15 қазан
Е) 1991ж. 17 қыркүйек
2.Тіл білімінің негізін салған кім?
А) Ш.Уәлиханов
В) М. Жұмабаев
С) А. Байтұрсынов
Д) Ы. Алтынсарин
Е) А. Құнанбаев
3.Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады?
А) хинди
В) араб
С) португал
Д) испан
Е) түркі
4. «Ана тілің-арың бұл, ұятың боп тұр бетте» деген өлең жолдарының авторы кім?
А) Қ. Мырзалиев
В) Ә. Тәжібаев
С) С. Торайғыров
Д) М. Шаханов
Е) М. Мақатаев
5.Облысымыздың ақтаңгер ақыны С. Ғабдуллин атамыздың өлеңдер жинағы қайсысы?
А) «Жырлайды жүрек»
В) «Дариға жүрек»
С) «Сөйле, менің жүрегім»
Д) «Асау жүрек»
Е) «Өмір-өзен»
6. Ақпарат құралдарының тілі қай стильге жатады?
А) публицистикалық
В) көркем әдебиет
С) ауызекі сөйлеу
Д) ресми
Е) ғылыми
7. « паспорт» сөзінің жаңа атауын табыңыз.
А) қағазы
В) куәлік
С) анықтама
Д) міндеттеме
Е) төлқұжат
8. Төмендегі афоризмнің авторын табыңыз.
А) Ы. Алтынсарин
В) А. Байтұрсынов
С) А. Құнанбаев
Д) М. Өтемісұлы
Е) Бұқар жырау
5. «Арман»   бекеті
Тұрақты сөз тіркестерінің мәнін аш:
Қас пен көздің арасында (лезде)
Қара қылды қақ жару  ( әділ)
Төбе шашы тік тұрды  (шошыды)
Тайға таңба басқандай (анық)
Аузына құм құйылды    (үндемеу)
Көзге түртсе көргісіз  (қараңғы)
Тонның ішкі бауындай   (тату)
Бет моншағы үзілу  (ұялу)
Жарғақ құлағы жастыққа тимей   (мазасыздану)
Күн тигізбей өсірген  (мәпелеу)
6. «Дарын»  бекеті   Шығармашылық.  Өлең, әңгіме құрастыру.
                                 «Ең қымбат қазына»
7. « Шешен»   бекеті.
« Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл – бүкіл халықтың игілігі, халықпен бірге жасап, бірге дамиды.
Ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам атануға болмайды».  С.Негимов пікірі.  Сондықтан...
                                                            Жалғастыру...
Әділ қазылар алқасына сөз, топтарды мадақтау.
Қорытынды:
1-жүргізуші: Тіл-қасиетті, құдіретті, киелі. Бұл қасиеттер бойға ананың ақ сүтімен дариды. Тіл өшпейді, қандай қиындықта да тіл өз ұрпағының қанына, жанына өз ұрығын егіп, өміршең күй кеше береді.
2-жүргізуші:      Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
                         Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
                          Өссе тілім мен де бірге өсемін,
                          Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
                                                                            Ә. Тәжібаев.
Екеуі бірге қосыла:      Кіршіксіз қардай сақтаңдар,
                                     Қазақтың тілін ғаламат.
                                     Ана тіл – арым, иманым,
                                     Аманат, саған, аманат.
                                                                           М. Әлімбаев.   
Алимғазина Алмагүл Төкенқызы
Дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-лицей-интернатының
қазақ тілі    мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі
Қош келдің, Наурыз!
(Наурыз мерекесіне орай өткізілген сыныптан тыс үйірме жұмысының  өткізілу барысын әріптестеріме, әсіресе жас мамандарға ұсынамын).
Мақсаттары:
Білімділік:
Оқушыларға Наурыз-жыл басы, яғни дін мейрамы емес, ұлт мейрамы екендігін тарихи маңызын түсіндіру. Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәрбие туралы түсінік беру.
Дамытушылық:
Өлең, мақал-мәтелдер арқылы тілдік қорларын дамыту. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Тәрбиелік:
Ата-ана, оқушы, ұстаз, жұртшылық өкілдерін ынтымақтастандыру. Қазақ халқының салт-дәстүрін, тілін, дінін, әдет-ғұрпын сақтауға, қастерлеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер:
Қазақтың киіз үйі, жабдықтары, ұлттық киімдер, ұлттық тәрбие жөнінде нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, наурыз мерекесіне арналған қабырға газеті, көрме т.б.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қош келдің Наурыз!, «Халық тәлімі-тәрбие бастауы», «Шаңырақ энциклопедиясы», «Ата мұраң-асыл қазына», «Салт дәстүрді білесің бе?» т.б. әдебиеттер, журналдар.
Барысы: а) Ұйымдастыру
                 ә) Тәрбие сағатының тақырыбын хабарлап, мақсатымен таныстыру.
І. Кіріспе сөз: Құрметті қонақтар, ата-аналар, ұстаздар, оқушылар!
 Осы бүгінгі жиналып отырғанымыз көктем мезгіліндегі қазақтың ұлы мейрамы Наурыз-яғни Жаңа жыл! Бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп». Жалпы мұсылман жұртына ортақ ораза, құрбан айттарын есептеменгенде, біздің қазақта жалғыз-ақ мейрам бар, ол-Наурыз. Қазақ халқы айранға бай болғанымен, мейрамға жарлы екендігі осыдан көрінеді.
 Наурыз айының 22-інде күн мен түн теңеледі. Адамдар бір-бірін мерекемен құттықтайды. Жеті түрлі тағамнан наурыз көже пісіреді. Үлкен кісілер ақ тілек айтып, бата береді.
 Енді, міне осы қуанышты күн, жаңа жылдарыңыз құтты болсын халайық. Әр шаңыраққа береке, бірлік, мәртебе келсін!
Бастаушы: 1. Қош келіпсіз, құрметті ата-аналар,
                         Жүздеріңнен мейіріммен нұр тамар.
                         Алдарыңда жауқазындай құлпыраған.
                         Балғын шақты біз бақытты балалар!
 2. Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,
     Білім іздеп, инемен құдық қазғандар.
     Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
     Би-биленіп, ән де бүгін шырқалар!
Күй: «Ата толғау» Н. Тілендиев.
«Наурыз-2008» - жаңа жыл (тышқан жылы келеді).
Наурыз тойы тамаша,
Наурыз тойы жаңаша.
Табиғат та тамаша,
Тамылжып тұр жараса.
Наурыз тойы салтанат,
Наурыз тойы мархабат.
Әр жүректен ән тарап,
Шаттанады шартарап.
Оқушылар: Қарсы алайық Наурызды (музыка тоқтайды).
Наурыз-қыз:
«Наурыз» қызбын.
Нөкерлерім қасымда.
Ұлыс күнге,
Жеттім міне асыға.
Келген жылым,
Жақсылыққа басташы.
Қуанышпен әр үйдің,
Босағасын атташы.
Келген жылым,
Шуағыңмен, тасып от.
Адамдарды бір-біріне ғашық ет.
Келген жылым,
Болсын дәйім бақытты.
Тыңдаңыздар енді халқым,
Жыл иесі тышқанды.
Тышқан: Мен тышқан, жыл алды бола білдім.
                  Жалғаймын доңыз жылдың жора күнін.
                  Келдім мен ақ тілекті жалау етіп,
                  2 «Б» сыныптың қонағымын.
Мен тышқанмын, жақсы оқудың жалауымын,
Өнегелі тәртіптің алауымын,
Бұл сыныптың, намысының бастауымын,
Бұл мектептің алға сүйрер тарауымын.
Бастаушы: Наурыз келсе,
Құт келгені халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық. (шашу шашылады)
(Ән. «Наурыз». Әні: М. Ілиясовтікі).
Бастаушы: Қымбатты қонақтар! Енді ортамызға ақ ниетпен, шын пейілмен, дархан көңіл жарқын ниемтімен Қызыр ата келеді. Кәне, қарсы алайық.
Бәрі: Қош келдіңіз, Қызыр ата! (Қызыр ата бата береді).
Ұрпақтардың бағы болсын,
Арайланған таңы болсын.
Ақ батамен қол жайғанның,
Тілегінің бәрі болсын!
Бастаушы: Уа, халайық, құлақ сал!!!
                    Жақсылыққа қашанда,
  Жан баласы тоймаған,
  Жаңа жылдың басы деп,
  Жылда бізбен тойлаған.
  Шашу шашып көл-көсір,
  Көжесі қазанда қайнаған.
Оқушы:      Әнге ырғағы жарасқан,
   Асқар таудың шыңдары.
   Ақ жаулықты аналар!
Оқушы:      Ақ кимешегі наурыздың аппақ қарындай, ананың аппақ арындай әжеміз наурыз көже әкелді. Қош келдіңіз, әже!
Әже: Наурыз құтты болсын! Осы мейрам әр шаңыраққа бақыт, табыс, қуаныш әкелсін.
Ұлыс бақты болсын!
Әр күндерің жақсы болсын!
Ақ мол болсын!
Бәле жала жерге енсін!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын!
Оқушы:       Шалқытып мерекеде ән салайық,
    Би билеп, ән өнерге тамсанайық.
    Аңызбен ертегімен бізге жатқан.
    Құрметті қонақтарды қарсы алайық.
Оқушы:  Жоғарыға шықсын қонақтар.
  Келіп тұрған алыстан.
  Құттықтайды сіздерді,
  Наурызда бізбен қауышқан.
Оқушы: Ал, халайық тұрмайық.
  Әндетейік шырқайық.
  Ортамызды ашайық.
  Думандатып би билеп,
  Ән мен күйді төгілдіріп,
  Інжі-маржан шашайық.
  Жиналған жұрт таң қалсын,
  Өнерден күмбез жасайық!
Би: «Қазақ биі» қыздар тобы.
Оқушы:  Қыс өтіп, қар кетіп,
  Шырайлы жаз жетіп,
  Шаруаның кенелген,
  Мейрамы ежелден.
  Құтты болсын, Наурыз!
  Жаңғырар дәстүр салтымның,
  Көзелсін бұлақ жылғасы.
  Қастерлі менің халқымның,
  Мереке «Наурыз» жыл басы.
Күй: «Кеңес» күйі.
Осы кезде «Тазша бала» дорбасының ішінде нөмірленген асықты оқушыларға үлестіріп береді. Содан соң осы асықтың нөмірін атап, сұрақтар қояды. (сайыс түрінде өтеді).
Қошақан тобы: №1. Наурыз дегеніміз не?
         № 2. Наурыз туралы қандай мақал-мәтел білесің?
         №3. Наурыз туралы ән немесе өлең айт.
         №4. Жеті қазынаны ата.
         №5. Жеті ата дегеніміз қандай ұғым? Атауларын ата.
Ботақан тобы: №1. Үш алысты ата.
       №2. Үш арсыз не?
       №3. Шұбат дегеніміз не? Ол қалай дайындалады?
       №4. Төрт түлікке қандай жануарлар жатады? Аттарын ата.
       №5. Наурыз көже дегеніміз не?
Бастаушы: Ән қосылсын әңіне,
                    Сән қосылсын сәңіне!
                    Ырысты боп жаңа жыл,
  Бақ дарысын бәріңе!
  Ой қосылып ойыңа,
  Бой қосылсын бойыңа!
  Аман –есен жетейік.
  Келер Наурыз тойына!
Осымен 2 «Б» сыныбының «Қош келдің, Наурыз!» атты сынып сағаты аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Наурыз құтты болсын!
Осы сәтте «Қазақтың дастарқаны» әні орындалып, бәрі дастарқанға жайғасады.
Мухаметкалиева Жанат Бидахметқызы.
 О.Бөкей атындағы №44 мектеп – лицейі.
Бастауыш сынып мұғалімі.               

 

 
15.10.2010 15:48