Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154248

Мұхамбет-Салық Бабажанов

Мұхамбет-Салық Бабажанов
(1834-1871)
 
Мұхамбет-Салық Бабажанов (1834-1871) – туған халқы және оның ар-абыройы мен теңдігі үшін қайрат-жігерін аямаған, әділдік жолдан таймаған аяулы, білімді, зерделі азаматтардың бірі, публицист, ғалым-этнограф әрі экономист.
Кеңес өкіметі кезінде мүлде атаусыз қалған М.Бабажанов есімі қазақ елі теңдік, азаттық алғаннан өз тұғырына қайта көтерілді.
М.Бабажанов – ХІХ ғасырдың орта кезінде Шоқанмен қатар шыққан белгілі ғалымдардың бірі. Ресей Географиялық қоғамына мүшелікке Шоқан мен Семенов-Тянь-Шанскийдің кепілдеме бергені оның ғалымдық дәрежесін айқындай түседі. Мұның сыртында ғылыми еңбектері үшін М.Бабажанов Ресей Географиялық қоғамының күміс медалімен Орта Азия және Қазақстан ғалымдары арасында тұңғыш алған қайраткер екенін де айтып өткен жөн. Ең алдымен айтар сөз сан қырлы саңлақ талант өз отанына, ел-жұртына деген ыстық та айнымас махаббатын ерекше қабілеті арқылы танытып та, дәлелдеп те берген ары биік, ойы терең, ақылы кемел азамат ретінде өмірден ерте өтті. Тағы бір ғажабы оның өмірі де, өнері де, өресі де, тіпті білім дәрежесі де Шоқанға өте ұқсас. Екеуі де текті атадан, екеуі де зиялы ортадан, екеуі де бір мектептен. Ең ақыры тағдыры да ұқсас болды, екеуі де өмірден ерте өтті.
Мұхамбет-Салықты ел-жұрты көбіне Салық деп қысқартып атаған. Ол 1834 жылы Бөкей ордасында қазіргі Орда ауданында туған. Әкесі Жәңгір ханның қайын атасы, Исатай, Махамбет көтерілісінде жиі атылатын Қарауылқожа Бабажанов. Салықтың анасының аты Жәмила, жұбайы Ғазиза атақты күйші Дәулеткерейдің қарындасы.
М.Бабажанов есімі белгілі Жәңгір ханның мектебін бітіріп және оның қамқорлығымен 1845 жылы М.Бекмұхамедов, Ж.Ниязов, М.Жантөриндермен бірге Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқыған 8 жастың бірі. Бұлардың бәрі де кейін ел алдында абыройлы қызмет атқарған алғашқы білімді қазақ азаматтарының қатарынан орын алды.
Салық жас кезінен-ақ өнер мен ғылымға өте құштар болып өсті де, кадет корпусының қабырғасында жүрген бала кезінен-ақ Орынбордағы белгілі шығыстанушы-ғалым В.Григорьевпен танысып алды. Талапты жастың талантын таныған үлкен ғалым оны үйіне шақырып, оған өзінің бай кітапханасының есігін ашып қойды. Сөйтіп Салық өз бетімен оқып әр салада жан-жақты білім алды. Орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысты, оларды ден қоя оқыды. Орыс тілін де осы әдебиеттер арқылы жетік біліп алды. Ол Пушкин, Карамзин, Щербаков сияқты ақындар мен тарихшылардың еңбектерін оқыды.
Кадет корпусын аса зейінділігімен оқып, үлгілі-тәртібімен бітіріп көзге түскен ол 1851 жылы Орынбор қаласындағы Шекара комиссиясында жұмысқа орналасады. Бұл кезде ол небәрі 19 жастағы бала жігіт еді. Бірақ ол аталған жұмыста көп тұрақтай алмады. Оның себебі сол кездегі теңсіздік, әділетсіздік, патша әкімдерінің жергілікті халықтарға деген шектен тыс озбырлығы, Жайық бойын жайлаған казактардың мейрімсіздігі халықтың ашу-ызасын тудырған еді. Жас Салық халық жағына шықты, олардың сөзін сөйледі. Жәбірленушілердің арыз-шағымын жазып беріп, оның оң шешілуіне қолынан келгенінше жәрдем жасады. Оның бұл ісі әрине, патшаның астамшыл әкімдеріне ұнамады. Ақыры өтірік-шыны аралас дәлелдер тауып, Салықты жұмыстан қудырды, жер аудартты, соңына аңдушы қойды. Дегенімен қайда жүрсе де өзінің білімімен, әділеттілігімен, азаматтық жолдан таймаған оның жақсы қасиеттерін таныған сол Орынбор Шекара комиссиясы оны Ішкі Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің кеңесшісі етіп тағайындайды.
Жоғарыда айтылғандай М.Бабажанов есімі оның Шекара комиссиясындағы қызметімен емес, түбегейлі ғылыми-шығармашылық еңбектерімен және халықшыл, әділ қасиеттерімен танылды. Белгілі этнограф ғалым В.Григорьев оны «...аса қабілетті және тамаша білімді адам» деп өте жоғары бағалаған.
М.Бабажановтың атын шығарған оның ғылыми-этнографиялық және публицистикалық шығармалары еді. Сегіз қырлы, бір сырлы ғалымның бұл еңбегі айрықша тоқталуды талап етеді. Қуғындағы кезінде де, бақытты кезінде де ол қаламын қолдан түсірмей, әділдік, шындық жолындағы өткір мақалаларын жариялап, күресін тоқтатқан жоқ. 1854 жылдан бастап Санкт-Петерборда, Орынборда және іргелес Астрахань губерниясында шығып тұратын «Северная пчела», «Санкт-Петербургские ведомости», «Деятельность», «Охота», «Волга», «Орыс географиялық қоғамының хабарлары мен жазбалары», «Этнографиялық жинақтар» сияқты газет-журналдарды жаздырып алып, оқыды және оларға мақалалар жазды.
М.Бабажанов заманы алғашқы қазақ зиялыларының туып, өсуі мен шетел және орыс саяхатшылары мен ғалымдарының қазақ өлкесін зерттей бастауымен тұтас келді. Орыстардың жергілікті халық өмірі мен тарихын, әдет-салтын білмей жазған, көбінесе теріс пікірде құраған мағынасы тайыз мақалаларын оқыған ғалым қолына қалам алып, көптеген мәселелерді өзі жазды. Және білгірлікпен дәйекті түрде жазды. Оның бұл мақалалары жоғарыда аталған газет-журналдар кідіріссіз жариялап тұрды. Оның әсіресе «Қымыз туралы жаңалық», «Орал казак-орыстары мен Ішкі Орда қазақтарының айтысы», «Ішкі қазақ Ордасының жылқылары және оны бағу», «Нарын құмы жөніндегі мәліметтер», «Ішкі Бөкей ордасындағы аңшылық» деп аталатын мақалалары мен зерттеу еңбектері мән-маңызы өте жоғары еңбектер еді. Әсіресе, мұндағы жылқы, қымыз жөніндегі жазбалары күні бүгінге дейін құны жоғалмайтын дүниелер.
1860 жылы қазақ депутациясының құрамында Петерборға барды. Осы сапарында ол белгілі этнограф, шығыстанушы П.Небольсинмен, ұлы саяхатшы Семенов-Тянь-Шанскиймен жүздесіп, танысады. Атағы зор екі ғалым да жас қазақ ғалымын жақсы көріп, еңбегін бағалады. П.Небольсин «25 жаста. Келбетті. Ат жақты. Өңі қараторы, көзінің аясы үлкен, шашы қара, қалың. Бабажанов орыстың айшықты әдеби тілін жақсы меңгерген. Сөздері өткір, әрі көркем, әсіресе өзін толғандыратын мәселеге келгенде қызып кетіп, шешен сөйлейді... Әңгімелескен кезімде оны әсіресе екі мәселенің ерекше толғандыратынын байқадым. Оның бірі біздің бәрімізге ортақ кесел – біздің заңымыз және уездік сот қызметкерлерінің қылығы мен былығы болса, екіншісі надандыққа толы татар насихатының қазақ арасындағы зиянды кеселі және ешбір негізі жоқ соқыр сенімдер мен ескі аңыздарды құранға қосып халықты бұзып, аздыруы еді» деп жазды. Бұл үлкен ғалымның жас ғалымды тануы әрі берген бағасы еді.
Петерборға барған қазақ депутациясы осы сапарында Эрмитажда, мұражайдарда, көркемсурет академиясында, Пулков обсерваториясында тағы басқа тарихи, мәдени орындарда болған. Шоқан Уәлиханов осы депутация құрамындағы Ғ.Есенбаев, А.Байғалин, М.Жантөрин, М.Бабажанов, Ә.Сейталин, тағы басқаларды қонаққа шақырғанын депутация жетекшісі Л.Плотников «Руский вестник» журналында (1860 ж. №12, 263 бет) жазған. Қайтар жолында Мұхамбет-Салық Мәскеу шаһарына әдейі соғып Кремльде, Үлкен театрда, тағы басқа мәдени орындарда болған.
Тағы бір айтар сөз этнограф П.Небольсин аталған қазақ депутациясы туралы «Путешествующие киргизы» деген мақала жазып, қазақ даласынан келген адамдардың саналы істерін жоғары бағалайды. Осыны оқыған Орал казактарының мүшесі И.Железнов қарсы «Киргизомания» атты мақала жазып («Руский вестник» журналына 1860 ж) қазақтардың намысына тиетін сөздер айтады. Бұған назаланған М.Бабажанов аталған журналға И.Железновқа қарсы мақала жазып, қатты соққы береді. Оның шовинистік, пасық ойларын, надандық жазбасын айыптай отырып, кеудемсоқ казактардың ұрдажық, топастық келбеттерін айқын көрсетіп, бұлтартпас дәлелдермен әйгілеп береді.
Белгілі ғалым М.Бабажановтың жазған ғылыми еңбектері, табыстары айта берсек өте мол. Нарын құмынан табылған әйел мүсініндегі балбал тас үшін ол күміс медальға ие болды. «Заметки киргиза о киргизах» («Қазақтың қазақтар туралы жазбалары») 1861 жылы Санкт-Петерборда басылған. Сонымен бірге ғалымның батыс қазақ жерінің кен байлығы, географиялық ерекшеліктері топономика, этнография, тарих саласындағы еңбектері де бар. Олардың көпшілігі М.Бабажановтың көзі тірісінде және дүниеден өткеннен кейін де жарияланған. Бір өкініштісі сол, оның баспасөздерге басылмаған еңбектері табылмай кеткен.
Артына көп мұра қалдырған М.Бабажанов туралы соңғы жылдары көптеген еңбектер жарық көрді. Х.Маданов пен А.Мұсабаева «Мұхамбетсалық Бабажанов» (Алматы, Санат баспасы, 1995 ж.) атты зерттеу еңбегін шығарды. Р.Отарбаев (Жалын, №3, 1988 ж), Т.Боранғалиұлы («Егемен Қазақстан» 24.11.1995 ж), Н.Ивлев («Жұлдыз» №1, 1990 ж, 199-202 беттер), С.Даумов («Жас Алаш» 16.07.2002 ж, және 29.06.2002 ж) және басқа ғалымдар көп еңбек сіңірді. Осы жолдардың авторы Торғай, Қостанай облыстық теледидарынан (1997-1998 жылдары) Бабажанов өмірі мен қызметіне орай хабарлар ұйымдастырды, дәріс оқыды. Осындай білімді, зиялы қауым арқасында М.Бабажанов өмірге қайта оралды. Бір өкініштісі сол ғалым жұмбақ жағдайда 37 жасында көз жұмды. Арысынан айырылған және оның қадыр-қасиетін таныған ел-жұрты «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деп өксіді. Дәулеткерей домбырасының азалы үні «Салық өлген» деп жоқтады.
Сейіт Кенжеахметұлы
жазушы, этнограф
Жабаев Жамбыл
Жабаев Жамбыл (1846-1945) – ұлы ақын, жырау, жыршы.
Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім – Сүйінбай...» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбылдың ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында қалған жоқ. Ол өзіне дейін өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас ақындар мен жыршылардың бай мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгеріп, өз шығармашылығына тұғыр еткен. Асан Қайғы, Бұқар жырау, Шөже, Балта, Шернияз, Шортанбай, Дулат, Сүйінбай, Досқожа, Нысанбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ, т.б. ақындарды үлгі тұтқан. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік білген. Қырғыз манасшылары мен жомоқшылары арасында әріптес достары көп болған, солармен бірге қырғыз айылдарын аралап, өлең айтып, жыр тоғытқан, күй тартып, айтысқа түскен. Атақты Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түскен, солармен жарыса «Манас», «Ер Төштік» эпостарын жырлаған, олардың ілтипат-ықыласына бөленген.
Ақын бүкіл әлемге тараған «Мың бір түннің» тарауларын, Орталық Азия мен Кавказ халықтарына ортақ «Көрұғылы» жырын, Фирдоуси «Шахнамасының» үзінділерін жасынан жаттап алып, айтып жүрген. Осындай қайнарлардан нәр алған Жамбыл өсе келе тек қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау, ақын, жыршы болып қалыптасқан. Сөз өнерінің бұл үш түрін бір адамның меңгеруі – сирек кездесетін құбылыс. Ал Жамбыл өзін әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын ретінде сезінген («Шын жүректен жыр төгіп, сөйлеп бір кетті жырауың», «Нені естісек, соны айту – ежелден ісі жыршының», «Жамбыл ақын сөйлеген сөзді бекер демеңдер»). Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген Жамбыл - өткен екі ғасырдың куәсі болды, қайшылыққа толы, күнгейі мен көлеңкесі аралас, жақсылығы мен жамандығы қатарлас екі түрлі қоғамда ғұмыр кешті.
Жамбылдың шығармашылық өмірі, негізінен, 19 ғасырдың 70-ші жылдарынан басталған. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Осы жылдары бүкіл қазақ елін түгел жаулап алған Ресей империясы енді оны басқарудың жаңа амалын тапқан-ды. Сөйтіп, 1868 жылғы «Жаңа мизам» негізінде Қазақстан үлкен 6 облысқа, облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлініп, қазақ даласына ішкі Ресейдің басқару жүйесі отаршылдық сипатқа көшірілді. Соның салдарынан қазақ халқы арасына Ресей мемлекетінің бюрократтық аппараты тудырған көптеген келеңсіз құбылыстар мен іс-әрекеттер жайылды. Осының бәрі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салтын бұзды, елдің ішіне іріткі салды, адамдардың санасы мен мінез-құлқын өзгертті. Сөйтіп, бұрын болмаған ұлыққа жағымпаздық, болыстыққа талас, ағайынға жала жабу, біреудің үстінен шағым айту, кісіні алдау, өтірік айту, барымта сияқты жағымсыз қылықтар мен жаман құлықтар пайда болды, барымташылықты малдаған арамтамақтар көбейді. Жерден, малдан айырылған жұрттың тұрмысы жүдеп, рухы жадап, ел күйзеліске ұшырады. Ол аз болғандай, 20 ғасырдың 20-жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, атамандар мен комиссарлардың ылаңы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру сияқты оқиғалар халықтың бүкіл бітіміне теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, замана болмысын суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлайды, мысқылдайды, сынайды, күйініп те, қиналып та сөйлейді. Шыншылдық пен сыншылдық қасиетін Жамбыл ақындармен айтыстарында да сақтап, турашылдығымен ерекшеленеді. Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан, оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан өнері – оның айтыстары. Ақындармен айтыс Жамбылдың суырып салмалық дарынын шыңдады, ақындық шеберлігін арттырды, азаматтық өресін өсірді және тақырып аясын кеңейтті. Жамбылдың Сайқал қызбен, Жаныс ақынмен, Бөлектің қызымен, Бұрым қызбен, Айкүміспен, Сарамен, Сары ақынмен, Шыбылмен, Бөлтірікпен, Майкөтпен, Сарбаспен, Құлмамбетпен, Доспамбетпен, Шашубаймен, т.б. айтыстары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Оның айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та бар. Осының қай-қайсысында да Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді. Жамбыл айтыстарының көтеріңкі, лепті интонациямен басталады, ұйқастары әр алуан болып келеді. Қарсыласын ащы мысқылдау, өлеңмен тұқырту, өзін көтере сөйлеу, қарсыласы мақтаған адамдарын мінеу секілді сол заманның айтыстарына тән барлық әдісті Жамбыл да пайдаланады. Қажетті жерде Жамбыл өз руының атынан да сөйлейді. Сонымен қатар айтыстарда Жамбылдың ақындық, дара «мені» айқын көрінеді. Әсіресе, атақты ақындармен сүре айтысқа түскенде өзінің жеке қасиеттерін ерекше сезінеді, өзінің көпшіліктен бөлек тұлға екенін айрықша түсінеді. Мұны ол айшықты образдар мен метафоралар арқылы жеткізеді («Мылтықта түтеп тұрған мен бір пистон», «Құйындаған көкке ұшқан мен бір пырақ», «Сен – күйкентай, мен – тұйғын», «Мен – қорғасын сақамын», «Мен – бір соққан дауылпаз», «Сөз иесі – мен деймін», т.б.). Айтыста көрінетін Жамбылдың екі «мені» (рулық әрі ақындық) кейін, 1930-1940 жылдары өте жоғары мәнге ие болып, азаматтық «мен» дәрежесіне көтеріледі. Бұл кезде Жамбыл ақын ғана емес, ұлы жырау болған еді.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Оның көбісі сақталмаған. Тек есте қалып, хатқа түскені – «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» деген өлең-толғаулары. Осы шығармаларында Құлансаз, Қарабастау жайлауындағы Қарғалы, Самсы, Ұзынағаш және Шейінпенде болған қақтығыстардан елес береді. Жамбыл көтерілісшілерді өлең-жырымен жігерлендірді, оның үгітшілік қимыл-әрекетін патша әкімдері жазаламақ болды, бірақ халық Жамбылды қорғап қалып отырған.
Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде оның дауысы бұрынғыдан да асқақ естілді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл 1930-1940 жылдар аралығында мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайында толғайды. Мұндай толғауларында қарт жырау, көбінесе, ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртеді, өз дәуірінің асқарынан дана абыз болып замана ағымын шолады, мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнға байытып жеткізді. Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырау сияқты Жамбылдың да қалың жұртшылық алдында мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтереді.
Ұлы Отан соғысы тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құрылған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. Оның Украинаны, Мәскеуді, Кавказды, Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербор) қорғаушыларға арнап, солардың рухын көтере, ерлікке шақыра жыр төккені де – жыраулықтың үрдісі. Ол замана туралы толғап, дәуірге сипаттама береді, өтіп жатқан оқиға-құбылыстарға өз бағасын айтады.
Жамбыл поэзиясында жырауға тән нақылдық, афоризмдік сипат, ойшылдықтың абыздық нұсқалары, саз өнерінің ерекше құдыреті танылады. Оның шығармаларында нақыл сөз бен ақыл сөз өзара жарыса, қатарласа қолданылады. Ақыл сөзді айтушы да, оны тыңдаушы да шығармада анық, нақты көрініс табады. Нақыл сөз, негізінен, жеке адамға арналмай, барша жұртқа отақ өмір құбылыстарының мәні мен маңызы туралы тұжырымды пікір сипатында айтылады. Нақылға айналып кеткен толғауларында Жамбыл өмірден түйгені мен тоқығаны көп дана ретінде көрініп, мән-мағынасы биік те терең мәселелерді қозғайды, олар: кемел тұлға мен тобыр («Тамам қарға жиылса, бір сұңқарға жетпейді»), адамның азаттығы («Дүниенің кеңдігі – жүргеніңде басың бос»), уақыт пен адам («Заман, заман дегенде, заманға қожа – адам ғой»), т.б. философиялық мәндегі ой-тұжырымдар.
Жамбыл – жыршылық өнердің де асқан шебері. Ол ел арасына кең тараған жырлар мен дастандарды көпке дейін орындап жүрген. «Менің өмірім» атты естелігінде Жамбыл былай дейді: «Ел жүдеген үстіне жүдей берді, ел менен жыр сұрағанда, кепкен ботаның тұлыбына еміренген маядай, батырларды жырла дейтін болды. Мен де жұрттың тілегіне сәйкес «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы батыр», «Алатай-Жапарқұлдың» жырларын айтатын бодым. Ел естігенде ыңыранып жылайтын. Осындай елді жарыққа шығаратын батырлар да туар-ау әлі, - десетін». Осылай көпшіліктің тілеуі мен қалауы бойынша ел намысын жыртқан, халықты қорғаған батырлар туралы жырлағанда да Жамбыл жай жаттап айтатын орындаушы емес, дарынды, өзіндік «мені» бар ақын екенін көрсетеді. Ол жырлаған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы» дастандарында эпостық дәстүрдің көп белгілерімен қатар біраз өзгешеліктер бар. Әсіресе, ондай айырмашылық қаһармандардың күйінген сәттерін беруде, сондай-ақ, эпоста болмайтын табиғаттың суреттерін бейнелеуде және ескі батырлар жырына тән кейбір байырғы сарындарды түрлендіруде көрініс табады. Демек, Жамбыл белгілі эпосты жырлаған шақта да импровизация жасап отырады. Сөйтіп, Жамбыл сияқты дүлдүл ақын жыршылық өнерге үлкен шығармашылық нәр береді, эпосты құр жаттап алып айтпайды, сюжетті, оқиғаларды, қаһармандарды жадында сақтайды да, жырлау барысында өз еркінше импровизация жасайды. Ал, импровизация процесі – шығармашылық процесс, оның өзіндік заңдылығы, әдіс-тәсілдері болады. Жамбыл осының бәрін меңгеріп, игеріп, импровизаторлық өнердің шыңына жеткен. Мұны Жамбыл айтқан «Өтеген батыр» жырының ескі нұсқасын салыстыру арқылы байқауға болады. Ол нұсқалар бір сюжетке құрылған екі шығарма болып шыққан. Жамбыл шығармаларының көркемдік, бейнелеу құралдары мейлінше мол және олардың эстетикалық қызметі де айрықша мәнді. Оның толғау, дастандары, негізінен, шұбыртпалы, төкпе жыр ұйқасына құрылған. Ақынның мол мұрасында шалыс ұйқастың да, егіз ұйқастың да, сыңар ұйқастың да үлгілері көп. Логикалық ой түйдегіне құрылған ұйқастар – Жамбыл поэзиясының басты ерекшеліктерінің бірі. Ырғақ пен ұйқас ақын шығармасының әуенін, немесе әуезін түзіп қана қоймайды, сонымен бірге оның мағыналық құрылымындағы бөліктерді, сарындарды байланыстырушы, сабақтастырушы да қызметін атқарады. Жамбыл туындыларында ойлы, образды, нақыл, қанатты сөздер мен фразалық тіркестердің атқаратын көркемдік-эстетикалық қызметі аса жоғары. Сондай-ақ, оның шығармаларында метафора, символ, метонимия, меңзеу, аллегория, сарказм мен ирония, ұлғайту мен кішірейту, немесе дамыту мен шендестіру, эпитет пен теңеу және басқа бейнелеу құралдары молынан табылады. Оларды Жамбыл дара, жалаң пайдаланбай, тығыз бірлікте, поэтикалық тұтастық аясында қолданады. Ақын шығармаларындағы бейнелеу құралдарының мұндай тұтастығы Жамбыл поэзиясын ерекше көркемдік-эстетикалық жүйе деңгейіне дейін көтереді. Жамбыл өшпес мұра қалдырды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, Саяділ Керімбеков, Орынбай Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанды. 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.
Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том
Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы
Уәлиханов Шоқан (Мұхамедханафия) Шыңғысұлы (1835-1865) – қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы, суретші.
Қазіргі Қостанай облысы аумағында (Сарыкөл ауданы Күнтимес мекенінде) дүниеге келген. Бабасы – Абылай Қазақ Ордасының, атасы – Уәли Орта жүздің хандары болған. Әкесі – Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың Күнтимес қыстауында ашқан қазақ мектебінде бастауыш білім алған. Шоқан осы мектепте оқып жүріп өлең, жыр, аңыз әңгімелерді оқуға және хатқа түсіруге машықтанды. Көне шағатай тіліндегі дүниелерді тануды, арабша, парсыша оқу дағдыларын меңгерді. Халық мұрасын жинауды қолға алған әкесіне көмектесе жүріп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Едіге» жырларының нұсқаларын жазып алуға қатысты.
1847 жылы күзде әкесі Омбыға алып келіп, кадет корпусына оқуға орналастырады. Оның рухани өсуіне орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, қазақ, араб, парсы тілдерін білетін шығыстанушы Н.Костылецкий, өркениет тарихы пәнінен сабақ берген айдаудағы поляк оқымыстысы Г.Гонсевский, тарихшы А.Сулоцкий, географ Е.Старков секілді білімдар тұлғалар елеулі ықпал еткен. 14-15 жасар Уәлихановқа мұғалімдері болашақ ғалым, зерттеуші ретінде қараған. Сирек кездесетін көне кітаптарды алып оқуға корпус басшылары тарапынан рұқсат берілгендіктен, ол Жайық, Еділ, Каспий алабын, Оңтүстік Сібір, Байкал, Алтайды зерттеген П.Палластың «Саяхатын», Еділ, Каспий, Орал өңірі тарихы мен этнографиясын жазған П.Рычковтың күнделік жазбалары мен кітаптарының қазақ даласына арналған беттерін қызыға оқып, өзі де жазуға талаптанды. Қазан университетінің профессоры И.Березиннің тапсырмасы бойынша Уәлиханов Тоқтамыстың «Хан жарлықтарына» және Қыдырғали Жалайыридың «Жамиғ ат-Тауарих» атты шығармаларына талдау жасады.
Кадет корпусын бітіргеннен кейін Дербес Сібір корпусының штабында қалдырылып, бір жылдан кейін Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Г.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді. Оған ерекше тапсырмаларды орындайтын офицер міндеті жүктеледі. Бұл қызметте ол бюрократтық аппараттың, Дюгамель, Фридрихс, Кройерус, Кури сияқты шенеуніктер мен патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді көріп, оларға қарсылығын білдіріп отырған. Шоқан кейінен бұл туралы достары Ф.Достоевский, А.Майков, В.Курочкин, К.Гутковскийге жазған хаттарында ашып айтады.
1855 жылы ол генерал-губернатор Гасфортпен бірге Жетісуға келіп қайтады. Осы сапарда ол қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинап қайтады. 1856 жылы Ұлы жүздің приставы М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедиция құрамында Ыстықкөл алабын картаға түсіру, қырғыз елін зерттеу жұмыстарына қатысады. Сол аймақтың фаунасы мен флорасын зерттейді. Қираған көне қалалардың орнына, эпиграфиялар мен тас мүсіндерге назар аударады. Қырғыздардың бұғы, сарыбағыш, солты руларының арасында болып, қырғыз халқының шежіресін, өлең, жыр, аңыз-әңгімелерін, соның ішіңде «Манас» жырын жазып алады. Сол жылдың тамызында Қытаймен арадағы сауданы жолға қою мақсатымен Құлжаға Ресейдің өкілі болып баруға тиісті полковник Перемышельскийдің орнына Құлжаға барып, Қытай мен Ресей арасындағы шекара дауын шешуге атсалысады. Уәлихановтың Құлжа сапарынан кейін Ресей мен Қытай арасында «Тарбағатай келісімін» жасаудың негізі қаланып, Құлжа мен Шәуешекте орыс консулдығы ашылған. Құлжада 3 айдай болған Уәлиханов күзде Омбыға оралады. Қашқариядағы мұсылмандар көтерілісін, Құлжа, Ақсу маңындағы елдің маньчжур әулеті билеушілеріне наразылығын бақылау үшін 1857 жылы қайтадан Ыстықкөл қырғыздарына жіберіледі. 1856-1857 жылғы алғашқы саяхаттарының ғылыми нәтижелері Уәлихановтың «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» атты еңбектерінде баяндалған. Осы сапарларында Уәлиханов қырғыз тарихының мәселелеріне, әсіресе, қырғыздардың Енисей алабын, Памир, Алтай тауларын бір мезгілде қалайша мекендегеніне ой жіберген. Саян – Тянь-Шань аралығы қырғыздардың көші-қон мекені болғаны жайлы ғылыми мәселені қолға алған. 17-18 ғасырлардың жазба деректерін сүзуге кіріскен Уәлиханов 1856 жылдың қысын Батыс Сібір облыстарының мұрағатын ақтарумен, Алтынхан, Жоңғар заманының құжаттарын іздеумен өткізген. Сөйтіп, Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохтонды тұрғыны екенін тарихта тұңғыш рет анықтаған. Сол көне заманда қырғыздар Енисей алабымен тығыз байланысты болғанын, Енисей мен Алтай, Жоңғар даласы, Тянь-Шань - бәрі біртұтас географиялық аймақ болып тұрғанын дәлелдеген. Қырғыздар жөніндегі шығыс жазба деректерін де зерттеген. Алтай мен Тянь-Шань арасында 17 ғасырда Ойрат (Жоңғар) мемлекеті пайда болғанда ғана қырғыздардың Енисеймен байланысы тоқталғанын анықтаған. Бұл зерттеуінде Уәлиханов қырғыздың көне тарихы туралы еңбек жазған географ К.Риттердің, А.Гумбольдтың, шығысты зерттеуші Шотт пен Клапроттың пікірлерін сынға алған. Уәлихановтың тарих, география саласындағы еңбегінің даңқы Петербург ғалымдарына жетіп, 1857 жылы ақпанның 27-інде 20-дан жаңадан асқан Шоқан Орыс география қоғамына толық мүшелігіне сайланады.
1858-1859 жылдардағы Қашқарияға сапары Уәлихановтың ғылым, ағартушылық саласындағы шығармаларының жаңа белеске көтеріліп, дәуірлеп өсуіне жол ашты. 13 ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, содан 1603 жылы саяхатшы Гоес қана болған Қашқарияның географиясы, саяси құрылысы, мәдениеті мен тұрмыс-салтының ерекшелігі туралы үш жарым ғасыр бойы Еуропа ғылымында елеулі мәлімет болмаған. Еуропалықтарға жабық болып есептелетін Қашқария билеушісі Уәлихан-төре Шоқаннан бір жыл бұрын Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинтвейттің басын кескен еді. Экспедицияны Қашқарияға жіберу туралы шешімге 1857 жылы тамыздың 22-інде Александр II қол қойған. Соғыс министрі Сухозанеттің тапсыруымен экспедицияны ұйымдастырған Гасфорт Айрықша Сібір корпусында Уәлихановтан басқа офицердің экспедицияны басқара алмайтындығын ескеркен. Сөйтіп, Жетісуда жүрген Уәлиханов экспедицияға аттануға тиісті Қарамола жотасының етегіндегі Сарыбас ауылына 1858 жылы маусымның 28-інде келіп, Семейде жабдықталған арнаулы керуенге қосылады. Қыркүйектің 19-ында керуен Зауқы өзеніне жетіп, Сырт арқылы Қашқарияға бет алған. Зауқы асуының оңтүстігінде Тянь-Шаньның Сырт деп аталатын биігінде Уәлихановқа дейін география тарихында ешбір географ болған емес. Сырттың өсімдік және жануарлар дүниесінің ерекшеліктерін, орографиясын, табиғаты мен климатын әлемдік география ғылымында тұңғыш рет Уәлиханов сипаттап берген. Қашқарияда 1858 жылғы қазанның 1-нен 1859 жылғы наурыздың ортасына дейін болған Уәлиханов Қашқар қаласы мен Алтышаһар елін зерттеген. Ол кезде Алтышаһар деп солтүстіктен Тянь-Шань, оңтүстіктен Кунь-Лунь тауы қоршап тұрған Қашқар, Ақсу, Үштұрпан, Янысар, Жаркент, Хотан қалаларын атайтын. Қоқан ханының Қашқардағы сауда консулы әрі саяси резидентінің жәрдемімен Уәлиханов Қашқардың экономикасы, саяси құрылысын зерттеп, тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинаған. Әр аймақтан келген саудагерлермен, Қашқарияның саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен, ақындарымен кездесіп, Алтышаһардың өткен тарихы мен бүгінгісі туралы нақтылы деректерді анық білетін кісілерден алып отырған. Жергілікті ғалымдардан сирек кездесетін шығыс қолжазбаларының бірнешеуін қолға түсіріп, нумизматикалық коллекция, гербарий, тау жыныстарының коллекциясын жасаған. Осы экспедиция барысында ол бейтаныс елді жан-жақты сипаттайтын, әскери, саяси, экономикалық, сауда-саттық жағынан үкіметке де, ғылымға да керекті бай материал мен сирек кездесетін деректер әкелген. Оның материалдары көп ұзамай неміс және ағылшын тілдерінде жарияланды.
Осыдан кейін Петербордағы ғалымдар, Бас штаб пен Сыртқы істер министрлігі Азия мәселесі жөнінен Уәлихановты үлкен бедел тұтқан. Солардың ұсынысымен II Александр патша Уәлихановты Азия департаментіне қалдыру туралы 1860 жылы маусымның 15-інде бұйрыққа қол қойған. Петерборға келген Уәлиханов бірнеше мекемеде (Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде, Азия департаментінде, Орыс география қоғамында) қатар жұмыс істеп, Петербор университетінде лекция тыңдаған. Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша Орталық Азия мен Шығыс Түркістанның карталарын жасаған. Оның редакциясымен «Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы», «Құлжа қаласының жобасы», «Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта», т.б. дайындалған. Орыс географиясы қоғамы мүшелеріне Шығыс Түркістан, Тянь-Шань, Жетісу тақырыбы бойынша лекция оқыған.
Аз өмірінде Уәлиханов Орталық Азия халықтарының тарихына, географиясына, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырған. Қазақстан географиясында Балқаш пен Алакөлдің бұрын біртұтас су айдыны болғандығы және Жоңғар қақпасынан соғатын Ебі желі туралы ғылыми деректерді алғаш келтірген. Ортағасырлық деректер мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде «Қазақ шежіресі» атты еңбек жазған. 1856-1858 жылдары ол Жетісуда Алматы, Қойлық, Алмалық қалаларының ескі жұртын зерттеп, көне заманның теңге ақшаларынан коллекция жасаған; Іледегі Таңбалы тас мекенін, Шолақтау мен Жоңғар қақпасындағы жартас жазуларының көшірмесін жасаған және Аягөз бен Ыстықкөл жағасындағы тас балбалдардың суретін қағазға түсірген. Ыстықкөл, Құлжа, Қашқар сапарының күнделіктері, «Көкетай ханның асы», «Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы пікірлер» - бәрі де сол кезеңнің үздік туындылары. Ғылыми еңбектері ішінде Жетісу, Ыстықкөл, Тянь-Шань, Шығыс Түркістанға тарихи-географиялық шолу жасауға арналған «Жоңғария ескерткіштері», «Қазақтар туралы жазбалар», «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) жайы» сияқты зерттеулерінің орны ерекше. Қазақтың тарихы мен этнографиясына, қазақ даласының әлеуметтік-саяси қатынастарына арналған еңбектерінің де мәні зор («Абылай», «Көне замандағы қазақтың қару-жарақ, сауыт-саймандары», «Шона батыр», «Сот реформасы туралы жазбалар», «Даладағы мұсылмандық», «Тәңірі», «Қазақтың көші-қоны», т.б.). Көптеген еңбектерінде ол тарихшы, географ, этнограф қана емес, публицист, әдебиетші, жазушы ретінде де көрінеді.
Ол А.Пушкин, М.Лермонтов, т.б. орыс ақын-жазушыларының еңбектерімен қатар, Еуропа әдебиетінен Ж.Руссо, Ч.Диккенс, В.Теккерей, В.Шекспир, Гете шығармаларын сүйіп оқыған. Сөйтіп, Батыс, Шығыс орыс әдебиетін зерттеуге де ерте кіріскен. Кадет корпусында Костылецкий екеуі қазақ эпосын зерттеуді қолға алып, «Қозы Көрпеш — Баян сұлуды» орыс тіліне аударған. Костылецкий арқылы бұл дастанның Обаған нұсқасын Березиннің хрестоматиясына енгізген. Қазақ ауыз әдебиетінің теориялық мәселелері сөз болатын «Қазақтың халық дастандарының үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының аңыз-әңгімелері», «18 ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», т.б. еңбектерінен оның терең білімдарлығы көрінеді. Уәлиханов қазақтың батырлар жыры үнді-герман эпостарына ұқсайтындығын айтады. Тарихи жырлардың шығу тегін қуалай келіп, Ноғайлы заманының бұл туындылары 14-16 ғасырларға жататынын анықтаған. Қазақтың халық поэзиясын жасаушы, орындаушы ақын, жырауларды Шоқан Батыстың рапсод, бардтарымен салыстырған. Ол халық поэзиясының көркемдігіне сүйсіне отырып, одан тарихи, этнографиялық мағлұматтар іздеген.
Уәлихановтан қалған мұраның бір бөлігін бейнелеу өнері саласындағы еңбектері құрайды. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Одан 150-ге тарта сурет қалған. Көбінесе акварель, майлы бояумен, ал кейде тушь, қалам, сиямен жұмыс істеген. Оның қолынан шыққан суреттердің біразы 19 ғасырдың 60-шы жылдары «Всемирная иллюстрация», «Искра», «Русский художественный лист» секілді басылымдарда жарияланған. Өзінің күнделіктерін, жолжазбаларын суретпен көркемдеп, көрнекі материалмен толықтырып отырған. Тастағы жазуларды, ондағы көне заманның суреттерін қағазға айнытпай түсіру арқылы кейінгі ұрпақтың сол жазуларды оқуына жағдай жасаған.
1958 жылы Шоқан Уәлихановтың Алтынемелдегі қабірі басына биік ескерткіш орнатылды. Алматыда, Көкшетауда, Семейде, Алтынемелде Шоқанның мүсіндік ескерткіштері бар. Тарих және этнология институтына, Көкшетау мемлекеттік университетіне, Алматыдағы бір көше мен мектепке, Астанадағы үлкен көшеге, Ақмола облысының бір ауданына ғалым есімі берілген. Сүйегі жатқан Алтынемелде мемориалдық кешен орнатылған. Ғылым саласындағы жетістіктері үшін ғалымдарға Уәлиханов атындағы сыйлық белгіленген. Ш.Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуы 1985 жылы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті.
Дереккөздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том, 2006 ж.
Ж.Бейсенбайұлы, «Жасын-тағдыр жарқылы» (тарихи-ғұмырнамалық хикаят), 1987 ж.
Байбекұлы Әйтеке би
Әйтеке би (1644-1700) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері, Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы, бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ, құрама жұрты «Синесоф буа» (жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы, 1922-1635 жылдары Қоқанға хан болған Ақшаның немересі, 1622-1656 жылдардағы Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүрдің немерелес туысы. Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Әйтеке би бес жасында ауыл молдасынан сауатын ашқан. Шешендік қасиетінің ерте танылуына әкесі Байбек пен Қосуақ бидің айрықша ықпалы тиген. Алайда жеті жасынан бастап аталары Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүр Әйтекені өз тәрбиесіне алған. Ол әуелі Самарқандағы Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс баһадүр салдырған, сән-сәулетімен әйгілі «Тіллә-кари» (Алтынмен апталған), «Шер-дор» (Арыстанды) медресесінде оқыған. Дін, құқық, аспан әлемі, жағырапия, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгерген. Әйтеке би Ақша атасынан ел басқару, елшілік байланыстар жасау жолдарын үйренсе, Жалаңтөс атасынан әскери қолбасшылық дәстүрлер мен дағдыларға жаттыққан.
Медресені бітірісімен туған ауылына оралып, әкесі Байбекпен, ұстазы Қосуақпен бірге ел басқару істеріне араласқан. Сөйтіп жиырма бір жасында бүкіл Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі казақ, өзбек, қарақалпақ, құрама жұртының бас биі болған. Ал жиырма бес жасында барша Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлаған. 1680 жылы Салқам Жәңгірдің жасы үлкен балалары Уәлі мен Бақыны емес, кішісі Тәукені хан етіп сайлауға қазақ халқының бетке ұстарлары: Әнет баба, Соқыр Абыз, Едіге, Майлы, Төле, Қазыбек, карақалпақ Сасық, құрама Мұхаммед, қырғыз Қоқым билермен бірге Әйтеке би де айрықша ат салысқан. Тәуке таққа отырғаннан кейін алғаш рет ресми түрде айрықша құқты «Хан кеңесі» сайланған. Әйтеке би Кіші жүз жұртының атынан осы кеңестің мүшесі болған. Осы кезде бұрынғы «Қасым салған қасқа жолдың», «Есім салған ескі жолдың» заман өзгерісіне орай, кейбір тұстарының ескіруіне байланысты жаңа заң үлгілерін жасау қажеттігі туды. Тәуке хан және жоғарыда аталған билердің қатысуымен 1684 жылы «Жеті жарғы» қабылданған. Күні бүгінге дейін негізі сақталып отырған ежелгі Солон заңымен (б.з.б. 7-6 ғ.) терезесі тең бұл заңның бытыраңқы елдің басын біріктіруге, жұртымыздың әл-ауқатының артуына, ата дәстүрлеріміздің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. «Жеті жарғыға» Әйтекенің ұсынған баптарының ішінде екеуі ғана белгілі. Ол — «Сүйек құны», «Өнер құны».
1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасындағы бір жанжал үлкен дауға айналып кете жаздайды. Әлі сұлтанның есерсоқ баласы бір кедейдің сұлу, ақын, әнші-домбырашы қызына дегеніме көнбедің деп әбден өшігіп алады. Әлгі бозбаланың бүркіт ұстап, құс салатын аңшылығы бар екен. Дегеніне көнбейтініне көзі жеткен жігіт бір күні қыз қызыл орамал тартып, үйден ұзай бергенде, бүркітін шүйітіп, қастандық жасайды. Бүркіт қыздың басын мылжалап өлтіреді. Ашынған ағайындары төреден құн сұрайды. Әлі сұлтан оларды маңына жолатпай, барған билерді ит қосып қуып жібереді. Ақыры, ел арасы «төре-жақ», «қаражақ» болып екіге жарыла бастайды. Ең соңында құн сұраушылар жағы Әйтекеге келіп өтініш жасайды. Әйтеке би қасына сіргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, байбақты батыры Шоланды ілестіріп Әлі сұлтанға барады. Әйтекенің айбарынан ығысатын сұлтан амалсыз құн төлеуге келіседі. Алайда Әйтеке би қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, «өнер құнын» және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін «сүйек құнын» төлеуді талап етеді. Бұл екі құнның әрқайсысы негізгі құнның жартысына тең екен. Сөйтіп Әйтекенің қаһарынан қаймыққан Әлі сұлтан толық екі күн төлеуге мәжбүр болады. Бұл Әйтекенің ата дәстүр-салтына жетіктігімен бірге өнерге, өнерлі адамға айрықша құрметін көрсетеді.
Әйтеке би шешендігімен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен бірге жоңғарлармен болған ұрыстарда қол бастаған батыр да болған. 1685 жылы Нұрата маңына шабуыл жасаған Қалдан-Бошақтының он мың жасағына Нұрата, Қыз Бибі, Ақтау, Тамды, Кенимех төңірегіндегі алшындар мен қарақалпақтардан және құрамалардан жиналған бес мың қол әскерімен Әйтеке би қарсы аттанған. Ол әуелі Қалдан-Бошақтының өз әкесінен емес, есігінде жүрген қытай құлдан туғанын бетіне басып жерге қаратады. Ізінше жан алып-жан берген соғыс басталады да, бір күнге созылады. Келесі күні Әйтекеге Самарқаннан, Бұқарадан қалың әскер көмекке келе жатыр деген қауесетті естіп, Қалдан-Бошақты негізгі жасағы қалған Сайрам төңірегіне шегініп кетеді. Сол жылы Сайрам талқандалып, жыл сайын Күлтөбеде өтіп жүрген «Хан кеңесі» болмай қалады. Бұдан кейінгі қазақ жиыны Қарақұмда және Тәуке хан ордасын тіккен Түркістан маңында болғаны тарихтан мәлім. Қазақ сахарасына көз тіккен көрші елдерден қауіптенген Әйтеке би 1698-1699 жылдары Түркістанда өткен үлкен екі жиында мынадай ұсыныс жасаған: 1) Ресеймен, Қытаймен не басқа бір елдермен одақ жасаудың ешбір қисыны жоқ. Олардың көксегені терезесі тең одақ емес, қазақтарды қайткенде де бодан елге айнадыру. Қазақ жұрты әлі де іргесі мықты ел бола алады. Өйткені қарамағындағы қарақалпақтар мен құрамаларды есептемегенде, әлі өз жұртынан сексен мыңдық қол жинай алады. Шекара аймақтарында әскери соғыс әдістеріне үйретілген жасақтар ұстайық. Шекараға таяу ауылдарды ішкі бетке көшірейік. 2) Мал-мүлікті аямайық. Ресейден, Қытайдан, Хиуадан және Бұқара мен Түріктерден қару-жарақты көптеп сатып алайық. Әскери әдістерге әбден жетілген тұрақты жасақ ұстау үшін керекті қаражатты төрелерден, сұлтандардан, ауқатты адамдардан жинайық. 3) Бүкіл қазақ жасағы бір қолбасшыға бағынсын. Қолбасшы Ресей, Қытай, Түрік не Еуропаның әскери өнері жетік бір елінде оқытылсын. Ол өзі шешен, батыр, көпті көрген көсем, елшілік жұмыстарды жақсы білетін адам болсын. Ол тек «Хан кеңесіне» ғана бағынатын және айрықша кұқты адам болсын. 4) Қолбасшы қарадан шыққан адам болсын. Өйткені төре арасы тату емес, қай-қайсысы да хандық жолында қарабастарын ойлаудан әрі аса алмайды дейді. Ел ішіндегі бірі орға, бірі сорға тартқан алауыздық солардың ісі дейді. Әйтекенің бұл ұсыныстары Төле, Қазыбек секілді ел басқарған билер тарапынан қолдау тапқанымен, сұлтандар мен төрелер, әскерге жиналатын мол шығынды ауырсынған байлар қарсы шығып, түрлі себептер айтылып, ақырында қабылданбаған.
Ел аузында Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Ол туралы аңыз әңгімелер мен жырлар да жеткілікті. Соның бірі авторы беймәлім «Әйтеке би» деген ұзақ дастан. Биді халық «айыр тілді Әйтеке» деп атаған.
Әйтеке қайтыс болғаннан кейін Нұрата тауы маңын мекендеген төртқара ауылдарының көпшілігі Сыр бойына көшіп кеткен. Әйтекенің тікелей өзінен тарайтын алтыншы-жетінші ұрпақтары мен аталастары Қызылорда, Ақтөбе облыстарында, бірқатары Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Нұрата ауданында тұрады. Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, қазір Әйтеке ауданы деп аталады.
Дереккөзі:
Қазақ ұлттық энциклопедиясы 1 том 651 бет
Төле би
Төле би (1663-1756) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері.
Қазіргі Жамбыл облысының Шу өңіріндегі Жайсаң жайлауында туған. Ұлы жүздегі Дулат тайпасының жаныс руынан шыққан. Әкесі Әлібек момындығы үшін ағайындары арасында «қарашоғыр» атанғанымен, өзіндік беделі бар би болған. Бала күннен жас Төле әкесіне ере жүріп ел көріп, жұрт танған, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түскен. Төле би Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір ортаққа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасқан. Тәуке хан Төле биді ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысқан. Ордабасы жиыны кезінде жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болған.
Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан. 1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытқан. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілқайыр хан мен Төле бидің Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатуға өтініш жасағандығы айтылады. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы қыркүйектің 5-інде Абылайды тұтқыннан шығарып алған.
Төле би ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанған. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салған. 1734 жылы Ресей патшасы Анна Ивановнаға және 1749 жылы Орынбор губернаторы И.Неплюевке хат жолдап, бодандықты қабылдауға ризашылық танытқан. Бұл сол тарихи кезеңде шарасыздан жасалған қадам болатын. Ол жоңғар шапқыншылығынан титықтаған халықтың жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қойған. 1748 жылы орыс сауда керуені тоналғанда, бұған кінәлі Қойгелді батырды билер алқасына шақыртып, оған бұл шығынды жұрт көзінше төлеттірген. 1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапқанда оның баласы Ералы сұлтан әкесінің құнын даулап Төле биге шағымданады. Төле би Әбілқайырдың өлімі үшін айыпкерлердің Жеті жарғы аясына сәйкес жеті құн төлеуі туралы шешім шығарады. Ералы айыпкерлерден екі құн алып, төрт құнды кешіреді де, әкесін өлтіруге қатысушылардың бірі Сырымбет батырды жетінші құн орнына өз қолымен өлтіреді. Әбілқайырдың балалары бұған да тоқтамай, Барақ сұлтанның жауапқа тартылуын Төле биден сұрайды. Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Төле биге өзі келіп, жасаған ісі үшін сотқа тартуды сұрайды. Төле би билер сотына қазақ билерінің ішінен, Барақ сұлтанның ұсынуы бойынша төрт белгілі биді (Жалған би, Сырлыбай би, Даба би, Қабек мырза) қатыстырып, өз тарапынан бірнеше биді шақырады. Билер алқасында Төле би Барақ сұлтанды ақтап алады. Төле би Әбілқайыр ханның өлімі үшін жеті адамның құнын кескенде де, Барақ сұлтанды ақтап алғанда да, туысы Қойгелді батырға тоналған орыс сауда керуенінің өтеуіне екі мың жылқы төлеуге билік шығарғанда да елдің елдігін бұзбауды, әлі келгенше халықтың тыныш жағдайын, тұтастығын сақтауды көздеген. Төле бидің бұл секілді еларалық сипаттағы билігімен қатар ұлыс ішіндегі дауларды шешкен билігінен де оның мемлекеттік деңгейдегі парасаттылығы, ойының саралығы мен ниет-тілегінің тазалығы танылады. Төле би хан, сұлтандардың, бектер мен билердің өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына ешнәрсе бермейтіндігін сезініп, татулықты жақтаған. Оның елге танымал «Елге бай құт емес, би құт» дейтін қанатты сөзі айқын аңғартады. Бізге келіп жеткен аңыз-әңгімелерде Төле бидің ұлт бірлігін нығайтуды барынша жақтағандығы айтылады. Сондай аңыз-әңгімелердің бірінде Төле би өз көңілін сұрай келген Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса халқын сатады. Халық азса хандыққа таласады» деп жауап берген екен. Төле бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өсиет сөздері қалған. Оның шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындылығымен ерекшеленеді. Бидің Данагүл есімді келінінің де есімі көпке танымал. Төле би Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле би халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен де танымал. Оның бұлай аталуы жайлы да аңыз сақталған.
Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында. Төле би қабіріне кесене салынған. Ғибратты ғұмыр кешкен бидің жарқын бейнесіне көптеген ақын мен жыраулар оралып, оның даналығын шығармаларына арқау етіп отырған. Өткен дәуірлерде А.Левшин, П.Маковецкий, Л.Баллюзек секілді, т.б. орыс зерттеушілері өз еңбектерінде Төле би есіміне ілтипат білдіріп, құрмет тұта атап өткен. Әр кезде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкерім Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, т.б. Төле биге байланысты әр тараптағы зерттеулері мен ой-қорытындыларын жариялаған.
Жамбыл облысында Төле би есімімен аталатын елді мекен бар. Оңтүстік Қазақстан облысында бір ауданға Төле би есімі берілген. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысында және Астана қасалында Төле биге ескерткіш қойылған. Алматыда, Шыментте және бірқатар елді мекендерде Төле би есімімен аталатын көшелер бар.
Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 8 том
Бұқар жырау Қалқаманұлы
Бұқар жырау Қалқаманұлы (1693-1787) – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз.
Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған.
Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған.
Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым.
Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей аты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған.
Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі – жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттелген. Әсіресе, оның толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленген. Мысалы, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар «Күнбатыстан бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп Күншығысқа қарайды. Шашын алмай, тарайды, Қүдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жок, Затсыз, тексіз бір кәпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны, Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды. Есен алар пұлыңмен, Солдат алар ұлыңнан, Күндердің күні, Абылай, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан», табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді. Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған.
Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін, ішкі ағыс-толқындарын, күйлі-қуатты толғамдарын білімпаздықпен саралаған М.Әуезов: «Жырау... заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді... Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», - дейді.
Жыраудың толғауларының сыртқы сымбаты мен ішкі қасиет-қуатында, көркем ойлау процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің буы, асқақ қаһармандық рухтың лебі білінеді. Негізінде, толғаудың құрылысы күрделі ой ағымына, пікір еркіндігіне, ауызекі сөйлеу стиліне бағынады. Тармақтар 7-8 буынды, ұйқастары еркін. Тегінде, толғау музыкалық аспаптардың (қобыз яки домбыра) сүйемелдеуімен орандалады. Толғауларының поэзиялық сәулеті, ерекше қасиеті және оның сөз қолдану ерекшелігі де өзгеше
«Бұхарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек» - деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Жыраудың шығармаларының текстологиясы әлі күнге ретке келтірілмеген. Ең қажетті таңдамалы сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер іріктеліп, сұрыпталып алынбаған, дұрыс, түзу, мұқият салыстырулар жүргізілмеген. Бұл – болашақтың ісі. Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қ.Халид, Г.Потанин, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, М.Мағауин, Р.Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірген.
Дереккөзі:
Аспандияров Санжар Жафарұлы
Аспандияров (Асфендиаров) Санжар Жафарұлы (1889-1938) – мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалым, профессор, Алматы мемлекеттік медицина институтын ұйымдастырушы және тұңғыш ректоры.
Ташкенттегі реалдық училищені, Санкт-Петербордағы әскери медициналық академияны бітірді. 1914-1915 жылдары бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. 1917 жылы Бұхарадағы мұсылман қозғалысына белсене араласты. Сол жылғы қараша айында Түркістан автономиясын («Қоқан автономиясын») жариялаған Мұсылман депутаттарының төтенше съезіне қатысты. 1918-1919 жылдары аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның Сырдария облыстық бөлімшесін басқарды. 1919 жылы қыркүйекте Т.Рысқұловтың шақыруымен Ташкентке келіп, Түркістан АКСР-інің Денсаулық сақтау халық комиссары, Жер халық комиссары, Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1924-1928 жылдары Қазақ АКСР-нің Өзбек КСР-і үкіметі жанындағы өкілетті өкілі, Бүкілодақтық атқару комитетінің Төралқа мүшесі, хатшысының орынбасары, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, Н.Нариманов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметтерін атқарды. 1928 жылдан Қазақстанда еңбек етті. 1931-1933 жылдары Қазақ АКСР-і денсаулық сақтау халық комиссары, Алматы мемлекеттік медицина институтының ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры болды. Аспандияров осы институтта жалпы химия, биология, физика пәндерімен бірге анатомия, қалыпты физиология, ішкі аурулар, гистология, микробиология, фармакология, биологиялық химия, гигиена бөлімдерін және хирургиялық кафедралар ашты. Ғалым жұқпалы аурулармен күреске, аурулар мен індеттердің алдын алу шараларына, халыққа ақысыз көмек көрсету жұмыстарын жолға қоюға көп еңбек сіңірді. Халық арасында жиі кездесетін туберкулез, шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медициналық көмек ісін ұйымдастырды. Орта дәрежелі оқу орындарында, қысқа мерзімді арнаулы курстарда әр түрлі буындағы медицина мамандарын көптеп даярлауға күш салды.
Аспандияров Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін зерттеген белгілі ғалым болды. Қазақ ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институты тарих секторының меңгерушісі, КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасы, кейіннен филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ол орыс, ағылшын, француз, араб тілдерін жақсы меңгерген. Шет тілдерін білгендігі арқасында көптеген елдердін мәдениетін, әдебиетін және тарихын тереңінен зерттеп, қазақ елінің тарихын талдап, зерттеп, бірнеше ғылыми материалдар шығарды. Кейіннен оның Ресейдің Қазақстанды жаулап алу жөнінде ашық айтылған, отаршылдықты әшкерелеген тарихи шығармаларын оқуға тыйым салынды. Оның «Қазақстанның ерте дүние тарихы», «Қазақстанның өткен кезеңі», «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт азаттық күресі» атты монографиялары бар.
Ғалым – жалған жаламен ату жазасына кесілген саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі. Жұбайы Рабиға да КарЛАГ-та 5 жыл айдауда болды. Аспандияров 1958 жылы мамырдың 26-ында ақталды. Қазақстанның мемлекеттік ғылыми-қоғамдық жұмыстарын жүргізгені және білім мен денсаулық сақтау салаларына сіңірген еңбегі үшін 1989 жылы қаңтардың 11-інде Қазақстан Министрлері Кеңесінің қаулысымен Алматы мемлекеттік медицина институтына ғалым есімі берілді. Алматы қаласында бір көше ғалым есімімен аталады.

 
24.05.2010 03:48