Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелге барған сапарларында қазақ диаспораларымен жиі кездесіп жүр. Елбасы алғашқы күннен бастап өз қандастарымызды Қазақстанға қоныс аударып, ел үшін еңбек етіп, ұрпағын өсіріп, қасиетті туған мекенде қанат жаюға шақырып келеді.Отанынан тысқары жерде тұратын қандастарымыздың жүрегі қазақ деп соғады! Басым бөлігінің арманы — атамекенге жету. Олар Қазақстанның әрбір жетістігіне жүректері жарыла қуанады, елдік мұраттарымызға жету жолындағы қадамдарымызға әрдайым ізгі тілектестігін білдіріп отырады. Әлемдік саясатта кемеңгер көшбасшы, туған халқының арманын көкке жеткізген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мақтан тұтады. Өткен жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету міндетін абыроймен атқарып шыққаны, сонымен қатар 11 жыл бойы өткізілмей келген ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізгені барша қазақтың мәртебесін биікке көтерген оқиғалар екені анық.
Біз шетелдегі қандастарымызды құр ғана шақырумен шектелген жоқпыз. Отандастарымыздың елімізге сіңісіп, жан-жақты орналасып кетуі үшін барлық жағдай қарастырылуы керек. Ендеше, осы тұрғыда барлық мәселені заң жолымен шешу керек болды. Және қажет заңдар дер кезінде қабылданды да. Қоғам болған соң, оның даму жолында жаңа мәселелер туындап отырады. Соған орай заңдар жетілдіріліп, қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі де — заңдылық. Елбасы Үкіметке қажетті заң жобаларын әзірлеу туралы тапсырма берді. Көші-қон мәселесін реттеуге бағытталған өміршең баптарды қосып жетілдіруде және заңдарды қабылдауда Қазақстан Парламентінің депутаттары еңбегін айта кеткен жөн. ҚР Парламенті Мәжілісі жанынан Көші-қон және отандастармен байланыс жөніндегі ғылыми-консультациялық кеңес құрылды. Оның жетекшісі — депутат Уәлихан Қалижанов. Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасы 90-жылдардың басы мен ортасында қалыптаса бастады. Осы жылдары көші-қон мәселесін реттейтін негізгі заңнамалық актілер қабылданды. 1991 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заң, 1992 жылы «Көші-қон туралы» Қазақстан Республикасының заңы, 1995 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасындағы шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің заң күші бар Жарлығы, 1996 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелерді қарау тәртібі туралы» Жарлығы қабылданды.
1997 жылы 13 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Халықтың көші-қоны туралы» заңға қол қойды. Бұл тарихи құжат болатын. Ол Алматыдан Ақмолаға көшіп келген соң, Сарыарқа төрінде Елбасының алғаш қол қойған заңы. Және де тұңғыш рет мемлекеттік тілде жазылған заң.
Содан бері едәуір уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам өмірінің барлық салалары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Көші-қон процесін заңнамалық тұрғыдан реттеп отыру, әсіресе, бүгінгідей жаһандану заманында өте маңызды. Біздің елімізде бұл бағытта атқаралып жатқан істер аз емес. Осы орайда «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң жобасы дайындалды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 тамыздағы Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар бірқатар заңдарға толықтырулар енгізілетіні көзделді. Елімізде қалыптасқан ахуалды сақтай отырып, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін осы процестерді реттеудің құқықтық негіздері жаңартылуға, заман ағымына сай көші-қонға қатысты заңнамалық база одан әрі жетілдірілуге тиісті. Парламенттің қарауына ұсынылған заңдардың жобалары ең алдымен осы міндеттерді шешуге бағытталған. Аталған заң актілері бүгінгі таңда Мәжіліс қабырғасында талқыланып жатыр. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті осы заң жобаларымен жұмыс істеп жатқан бас комитет ретінде заңдардың сапалы шығуына баса ден қойып отыр. Жұмыс тобының бірнеше отырыстары өтті. Осы саламен айналысатын мамандардың қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
«Халықтың көші-қоны туралы» және соған сәйкес басқа заң актілеріне өзгерістер енгізуді қарастыратын заң жобасы үстіміздегі жылы 20 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданды. Осы үкіметтік заң жобаларға көптеген толықтырулар енгізілуде. Негізгі заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттардан жаңа ұсыныстар мен толықтырулар келіп түсті. 240 түзетуден тұратын Салыстырма кесте дайындалды. Екінші оқылымға әзірлеу кезінде ілеспе заң жобасына 60-тан астам түзету енгізілді. Енді бұл заң жобалар таяуда (25 мамыр) Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда талқыға түсетіні қарастырылуда.
Заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты — көші-қон, ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру. Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін, шетелден көшіп келген отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерін ұтымды орналастыру, оларды жайғастыруға жәрдем көрсету және әлеуметтік қолдау мақсатын көздейді. Заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты — көші-қон, ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру. Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін, шетелден көшіп келген отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерін ұтымды орналастыру, оларды жайғастыруға жәрдем көрсету және әлеуметтік қолдау мақсатын көздейді.
Заң жобасында оралмандар мен олардың отбасы мүшелері үшін жаңа құқықтар енгізіліп отыр: Атап айтқанда, 1) Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген (тіркеу тәртібімен) тәртіппен алуға; 2) жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға; 3) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде оралмандардың атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға құқығы бар.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы екені заңмен бекітілмек.
Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдағанға дейін оралман ретінде белгіленген тәртіппен оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөнінде өтініш берген Қазақстан Республикасы азаматының өзін және өз отбасы мүшелерін аталған квотаға енгізуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасының көші-қон саясатын реттеуде этникалық көші-қон негізгі орынды иемденеді. 1993 жылдан бері олар эмиграцияға бекітілген квоталар бойынша реттеледі. 2005-2008 жылдары оралмандардың көшіп келу квотасы жылына 15 мың отбасын құрады. Ал 2009 жылдан бері Мемлекет Басшысының тапсырмасымен жылына 20 мың отбасына дейін шақырып алуға мүмкіндік туды.
Нақты мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2011 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде, елімізге алыс және жақын шетелдерден 210 мың 225 отбасы немесе 824 мың 170 этникалық қазақ көшіп келген. Оның ішінде негізінен Өзбекстаннан — 126 790 отбасы (494 565 адам), Қытай Халық Республикасынан — 25 764 отбасы (85 487 адам), Моңғолиядан — 22 124 отбасы (110 856 адам).
Барлық қоныс аударушылардың ішінде еңбекке жарамды жастағылар 54,4 (448 459) пайызды құрайды. 18 жасқа дейінгі балалар 41,2 (339 433) пайыз болса, зейнеткерлік жастағылары 4,4 (36 278) пайызға тең. Ал үстіміздегі жылдың үш айында шетелден 3190 қазақ отбасы көшіп келді, яғни тағы да 10 491 адам атажұртына оралды.
Елге оралған азаматтарға еңбекке орналасуына, қайтадан жаңа мамандық алуына қолдау жасалады. Барлығына да медициналық қызмет көрсету қолжетімді болуы қарастырылған. Бейімдеу орталықтарында құжаттарын дұрыстап алуға кеңестер беріледі. Аты-жөндерінің мемлекеттік тілде дұрыс жазылуына баса мән берілуде. Өйткені шетелде берілген құжаттарында қате жазылып кеткендері аз емес.
Тұрақты тұруы үшін бірінші кезекте Қазақстан Республикасының азаматтығын алады. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 16 млрд теңгеден астам шығыстар көзделіп, бір реттік жәрдемақы түрінде оралмандарға қаржылай көмек көрсетіледі. Мүліктерін әкелген көлік шығындары өтеледі және тұрғын үй сатып алуы үшін қаржы беріледі.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қандастарымызға қосымша жеңілдіктер ретінде 169 млн 767 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған.
Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы Елбасымыздың бастамасымен 1992 жылы, тәуелсіздігіміздің таңсәрі шағында, егемендігіміздің елең-алаңында азаттығымыздың алтын бесігі — Алматы қаласында өткізілді. Өзім осы бір ұлы жиынның куәгерімін. Екінші құрылтай 2002 жылы дініміздің дала төсіндегі діңгегі — қасиетті Түркістанда ұйымдастырылғаны да баршаға белгілі. Ал 2005 жылы 29 қыркүйек күні әлем қазақтарының үшінші құрылтайы Астана қаласында барша қандасымызға құшағын айқара ашты. Осы Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының төрағасы болып сайланды. Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайына жиналған әлемнің 32 елінен келген 314 делегат Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының төрағасы етіп Нұрсұлтан Назарбаевты сайлау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Бүгінгі таңда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің ұйымдастыруымен шетте жүрген қандастарымыздың жай-күйін зерделеп, олардың елге оралуына ықпал етуде іргелі істер атқарылуда.
Осы маңызды басқосуда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев зор тебіреніспен сөз сөйледі. Елбасы бір миллионнан астам қазақтар тұратын Қытай Халық Республикасы, Ресей мен Өзбекстан басшыларымен мәңгілік дос