Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

15460

Жастардың жүрегіне жара салған Желтоқсан

УДК 94 (574)
ЖАСТАРДЫҢ  ЖҮРЕГІНЕ  ЖАРА  САЛҒАН  ЖЕЛТОҚСАН
Е.Төлеубек, Т.Қ. Қасенова
Ы.Алтынсарин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернаты, Павлодар қ.
Халқымыздың ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырған Қазақстан тәуелсіздігіне
15 жыл! Ал сол Тәуелсіздік тұғырына жету жолында талай жыл күреспен арпалысып келдік. Иә, дана халқымыз бірлік болмаса тірлік болмайтындығын бекер айтпаған. Бірлік болмай, патшаның отарлық саясатының  қыл бұрауы мойынға мықтап түскенде ғана, халық өзінің кешегі азат өмірінің көзден ұшқанын аңғарады. Тек аңғарып қоймай, кешегі даланы еркін жайлаған халық  атқа қонды. Кенесарыдай батыр бабамыздың бар мақсаты ─ елінің тәуелсіздігі еді. Сол тәуелсіздік жолында өз өмірін құрбан етті .Сын сағатта өз мүддесінен ел мүддесін жоғары ұстады. Наурызбай, Ағыбай, Басығара, Жоламан батырлар да Кенесары хан қозғалысын қолдап, оны пір тұтты.Талай жылға созылған осы күрес  халықтың әлі де сойыл ұстап, жауға аттанар ерлері барын танытты. Исатай мен Махамбетті де ереуіл атқа ер салдырып, егеулі найза қолға алдырған, еңку-еңку жер шалдырған, темір қазық жастанып, беркініп садақ асындырған, біртіндеп жауды қашырған  да сол, ұлы жол, азаттық жолы еді ғой!
 Тәуелсіздік үшін күрес  бір сәт те толастаған емес, ол теңіз толқыны сияқты қат- қабат жарға соғып жатты. Кеңес тарихы болса олардың әрбір толқынын бір-бірінен айырып алып, аймақтық оқиғалардың қатарына жатқызды. 1916 жылғы ұлт-азаттық төңкерісі де осы тұрғыдан қаралып келеді. Ал шындығында  1916 жылғы оқиға империяның бүкіл шығысында болды. Ол сонау Азия, Африка, Оңтүстік Америкадағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ешқайсысынан  кем емес-ті.
Аумалы-төкпелі аласапыран заманда, арпалысып өткен адамзат ғұмырында ұйыса, қанаттаса жүрген халықтардың Жер-Анадан қоныс тауып, құт мекенге айналдырған шекаралы, шекті аймағы қалыптасқаны мәлім. Бірінікі шөлді болар, бірінікі көлді болар, бірінікі нулы болар, бірінікі сулы болар ─ әйтеуір, кіндік кесіп, кір жуған жер әр адамда болатындығы айдай анық.
 Дана бабаларымыздың ең асыл армандарының бірі ─ туған жерден топырақ бұйыртса деп, тағдырына егіле, езіле тілейтін аңсарында қандай ғажап астар бар екенін есіңе еріксіз түсіресің.
Қазақ батыры Шынқожаның  денесі жау қолында қалғанда жан аяспай шайқасқан  жауынгерлер  өздері пір тұтқан батырдың бір ғана саусағын алып шығып, оны сол Аягөзге құятын Нарын маңындағы шағын төбеге  жерленгенін тебірене жазған поляк жиһанкезі Янушкевич далалықтардың бойындағы елге деген, жерге деген сезімінің, еріне деген құрметінің ересен екендігіне таңданыс білдіреді.
Қай кезден  де отаншылдық сезімнің  барлық халықтарға тән, жоғары екендігі белгілі. Сондықтан да болар Отанға деген ұлы махаббат, асқар сүйіспеншілік, туған жерге деген қастерлі, қасиетті сезімдер ─ үлкен ерліктердің, ғажайып батырлықтардың бастауы, қайнар көзі.
Осы ұлы планетамызда әлем халықтары арасында өзінің бүкіл болмысымен, мінез-табиғатымен, тарихымен, тілімен, ділімен, ән-жыр, әсем күйімен, тағы да басқа сан түрлі қасиеттерімен ешбір қайталанбас  қазақ халқы бар. Қазақ халқының бір ғана шаңырағы, бір ғана ұлы мекені, бір ғана Отаны бар. Ол ─ Қазақ Елі, Қазақ Даласы, Қазақ Жері, барша қазақ халқының кіндік қаны тамған жері ─ Қазақстан!
1930 жылдардағы  Шұбартау, Созақ көтерілістерінің қайсысын алмасаң да, олардың барлығы да отаршылдыққа қарсы бағытталды. 1986 жылғы Желтоқсан ұлттық қозғалысы да сол көтерілістердің заңды жалғасы еді.
Тоталитарлық тәртіп өз халқынан митингілерде, мерекелік шерулерде  билеуші партияның  саясатын қолдап, қолпаштауға бағытталған  бірауыздылықты  талап етті. «Тоқыраудың» соңғы жылдары  халықтың тоталитарлық  тәртіпке деген  үнсіз қарсылығы  ерекше күшті еді. Алайда, Алматыда  үнсіз наразылықтың бет-пердесі аспанға бірақ ұшты. «Қайта құру» кезеңі ішінде үстемдік режим  тұңғыш рет күллі жүйенің  сыр бере бастағанын  байқайтындай өте бір өжет қарсыласуға килікті. Оқиға салдарын жою үшін  Кеңестік тәртіп аппараты барын салып бақты. Қорқытты, үркітті. Көтерісшілер қатаң жазаланды. Көпшілігінің өміріне де, көңіліне де жазылмас жара түсті. Ләззат, Сәбира, Қайраттай  гүлдеріміз ерте солды. Олар желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпынған, шындық жырын жырлаған, халқымыздың жас өркені еді.
Дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 86-ның желтоқсаны туралы шындық мерзімді баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Сонау қылышынан қан тамған „колбинизм заманының” өзінде-ақ «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, баспасөз бетінен алаңдағы оқиғаның ақиқатын батыл айта білген қазақ ақын-жазушыларының есімін бүгінде бүкіл әлем таниды. Тіпті, шындықты айтамыз деп шырылдаған қаламгерлеріміздің кейбірі прокуратура бөлмелерінде сарылып, жауапта отырған күндері де болды.  Әділдік қашан да жеңбек. 1992 жылы 21 ақпан күні Республика Жоғары сотының Пленумы болып өтіп, алты алаштың алақанына салып, ардақ тұтқан жас азаматтары – Қайрат Рысқұлбеков (марқұм), Түгелбай Тәшенов, Қайыргелді Күзембаев және басқа желтоқсан қаһармандары толық ақталды. [„Желтоқсан  құрбандарын  жоқтау”, Алматы  „Жалын”]
Желтоқсан оқиғасында шектен шыққан зұлымдықтар болды. Соның дәлелі ретінде облыстық «Дауа» газетінде жарық көрген «Қайрат қоғамының дүниежүзі ұлттар қауымдастығына жолдаған жасырын хатында» былай дейді: [93ж. желтоқсан №10] «1986 жылғы желтоқсандағы уақиғаны ТАСС дүниежүзіне «маскүнемдер мен нашақорлардың ұйымдастыруымен болған бұқара тәртіпсіздігі» деп даурықтырды. Шынында, халықтың бейбіт наразылығын тез арада басып,  жаншып тастап, түк білмегендей отыра қалу мақсатымен бұл оқиғаны өкіметтің өзі ұйымдастырған еді. Көтерілісті жаншу үстінде командирлер мен олардың бұйрығын орындаушылардың қимыл-әрекетінің қабыса қалуы кімді болса да таң қалдырмай қоймайды.
Оқиғаның сырттай ілігі Колбиннің Қазақстан басшылығына келуі еді. 17 жел-тоқсан күні Брежнев атындағы алаңға наразылық білдірген 30 мың адам жиналып, өздерінің Пленум шешімдерімен келіспейтінін бейбіт түрде танытты. Жиналғандардың жартысынан астамы жас жұмысшылар да, қалғандары орта және жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары еді. Ереуілге шыққан жастардың қолдарында «Өзімізді-өзіміз билеуді талап етеміз!», «Әр халыққа ─ өз көсемі!», «1937 жыл қайталанбауы керек!», «Ұлы державалық ессіздік дереу тоқтатылсын!» деген ұрандар, транспоранттар болды. Кейін ереуілшілерді жазалау ісі заңды болуын ойлаған үкімет адамдары демонстранттар арасына бүлік түсіріп, оларды біріне-бірін айдап салуды жоспарлады. Алаңды қоршаған милиция мен КГБ шептерін құпия ниетпен бұзып машиналар кіріп, арақ пен есірткі қосылған мәнті және темекі таратылды. Жастар үкімет тарапынан жоспарланған арамдықты білмеді. Алдын-ала күтілгендей, көпшілік арасындағы жастардың кейбіреулерінің аяқ алысы өзгеріп, бір-біріне қоқан-лоқы көрсете бастады.
18-желтоқсан күнгі құрбан әсіресе мол болды. Ол күні алаңға ешкім жіберілмейтін болып жоспарланғанына қарамай, көшеге 30 мыңдай адам шығып, кешегі түнгі болған оқиғаға лағынет айтты. Ереуілшілер бұл күні кеше кешке өлгендердің мәйітін сұрады. Жендеттер жауап орнына ешбір ескертусіз шайқас ашты. Тағы да кескілеу басталды. Оқиғадан соң іле-шала алаңдағы қан күні бойы жуылды. Алтын жүзігі бар саусақты жендеттер шауып, алтын сырғаны құлақтан жырып алды. Орыс біткен жендеттер жағында болды демейміз. Бірақ жазалаушылардың дені, олардың дем берушілері негізінен орыстар болды. Бұл қазақ жастарының орыс ұлтына деген наразылығын қоздыра түсті. Осылай, бейбіт наразылық үкімет тарапынан қанмен тәмамдалды. Жендеттердің жазалаушы әрекеттерін тікелей басқарғандар – Колбин, Мирошхин, Мещеряков, Князев, Щулико, ал қазақ жағынан Қамалиденов, Мұқашев, Елемесовтер бар.
Көтерілістің шынайы себептері: Қазақстандағы барлық билікті уысынан жібермей ұстаған шовинистік жүйе, күшпен орыстандыру саясаты, интернационалистік у-шу тасасында ұлттық тіл мен мәдениетті жою әрекеті, ауру мен балалар өлімінің көбеюі, теңсіздік, саяси бостандықпен санаспау, ұлттық намыс пен ар-ұжданды табан асты ету, жергілікті халықтың қайыршы жағдайда өмір кешуі.
Мұхтар Шаханов «Рух және ыза дауылы немесе бес ғасырлық арман» еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғасы әлемді дүр сілкіндіргенімен әлі күнге дейін талай қандастарымыздың санасын сілкіндіре алмай келеді. Олай дейтін себебіміз қазіргі таңда желтоқсан оқиғасынан мүлдем бейхабар жастарымыздың көптеп кездесуі, ал Кеңес дәуірінің тарихын оқыған жоғары буынның 1905 жылғы қанды жексенбіні білмейтіні кемде-кем. Мүмкін бұл жағдай салыстыруға келмейтін де шығар, алайда әр халықтың өз тарихының өшпес орны бар. Біздің мақсатымыз шындықты ашу. Себебі 20 жыл өтсе де, шындықтың беті әлі күнге дейін ашылған жоқ» деген. КСРО халық депутаттарының І съезінде басын бәйгеге тігіп, желтоқсан оқиғасы жөнінде алғаш мәселе көтерген, Шыңғыс Айтматовша айтсақ: «Кремльдің қабырғасында тұп-тұра бомба жарылғандай» етіп сөз сөйлеген М.Шахановтың съезд мінберіндегі үш минуты болашақ үшін ақиқаттың бастауындай болған еді. Ақын тілімен айтсақ:
Арман ойда күмбір-күмбір күй қызып,
Арғымақтың жал- құйрығын түйгізіп,
Аңыратып, көсілттің бір жүректің
Үлкен сөзін үш минутқа сыйғызып
Үш–ақ минут шабыт нөсер мырза шақ
Көк тіреді көңіл біткен бір жасап,  
Үш-ақ минут жетеді екен мәрттікке
Шығу үшін мәңгі өлмейтін жыр қашап.
«Иә, Шаханов! Сен тым алысты аңсайсың, өзіңді жоғарыдағылар жақтайды деп бекер алданып жүрсің, әлі де кеш емес, шұқылауыңды тоқтат, әйтпесе сенің де, көмекшілеріңнің де көзі жойылады, тыныш қана өлеңіңді жаз» ─ деп қорқытып, үркітулердің ешбірінен жасқанбай, желтоқсандық жастардың ақтаушысы да, жақтаушысы да бола білген аға-апаларымыз Қайрат пен Сәбира, Ербол мен Ләззаттардың тағдырына бей-жай қарай алмады. Шахановтың Мәскеу мінберінен желтоқсан туралы сөйлеген сөздері нағыз батылдықтың көрінісі болды. Оның жалынды сөздері үлкен күш берді. Шахановтың бұл ерлігін біз қаһармандық деп білеміз. 
Азаттық алаңында топ жарып шыққан қазақ жастарының қайсар үні, қаршадай қазақ қыздарының қайратты қимылы тарихқа айналып, болашақта еліміздің ұл-қыздарын отансүйгіштікке шақырары анық. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ұлттық санамызды оятып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар көптеген қандастарымыздың бойына бауырмалдық, өз халқына деген жанашырлық сезім қалыптастырды.
Мұхтар Шаханов «Бес ғасырлық арман немесе желтоқсан тағылымы» атты желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференцияда жасаған баяндамасында былай дейді:
─ Иә, ағайындар, кезінде Кеңестер Одағын ғана емес күллі әлемді дүр сілкінткен, Горбачевтің қасқа маңдайындағы дара даққа тағы бір қара дақ қосқан, қылышынан қан тамған Мәскеу тоталитарлық жүйе алпауыттарының қиқулата ат қосқан ғасырдың алғысы, жігіттің намысы, ананың асылдығы, әкенің жасықтығы немесе басымдығы таразыға түскен, жас келін әділдік іздеп сот пен прокуратураның арасын жас қылған, қарт әже немересін жетектеп түрменің есігін аңдыған, шашынан сүйреліп сабалып, ары тапталған ару қыз іштей тынған, сенгені сынған, өздері еңіреген, бұзауы мөңіреген қиқулы, қасіретті шаққа он жыл кейін шегініп, он жыл алыстап барып салиқалы сындарлы көзбен қарайтын мамыржай кезең  де келіп жетіпті-ау ?!
Жұбан Молдағалиев «Мен – қазақпын, өз халқымды мақтан етемін!» деп 1986 жылғы желтоқсанның 31-і күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинмен жазушылар одағында болған кездесуде берген сұхбатында жастарды жазықсыз жазалаған өкімет адамдары екенін ашық түрде беттеріне айта келіп, «Мен сондай ұят оқиға және оның артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім» - дейді. Бұдан түйгеніміз: осындай ағалардың болғанына да тәубе дейміз.
Павлодарлық ақын ағамыз, желтоқсан оқиғасының куәгері Арман Қани  «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ» атты мақаласында көтеріліс күндеріндегі Ертістің Павлодар өңірінде орнаған саяси хал-ахуалды сипаттаған. Ал «Бұл қалай болған еді?» атты екінші мақаласында егемендігіміз бен тәуілсіздігімізді нығайтуға ықпал еткен облысымыздағы саяси оқиғалар жайында баяндалады.
«Атышулы бесінші Пленумның соңы Алматыда қандай да бір төтенше оқиғаға әкеп соқтырғанын павлодарлықтар сол 17-желтоқсанның күні-ақ сезді. Алматымен телефон байланысы үзілді. Жазушылар үйіндегі таныс қаламгерлермен код арқылы хабарласпақ болуымыздан еш нәтиже шықпады. Сол кездегі әдетімізше «Голос Америки» тәрізді радиостанциялардың хабарларына құлақ түргенімізбен, маңызды ақпарат ала алмадық. Қазақ тілінде хабар тарататын «Азаттық» радиостанциясы «Алматы қаласында қазақтар большевиктерге қарсы ашық күреске шықты» дегеннен басқа мардымды ештеңе айтқан жоқ. «Азат» азаматтық қозғалысының Павлодар облыстық  бөлімшесін ұйымдастыруды Бикеш Орханқызы Дүрманова қолға алса, негізін қалауға ағайынды Мейрам, Мақсұт Калиевтер белсене ат салысты. Бөлімше ресми тіркеуден өтпей тұрған кездің өзінде азаттықтар түрлі саяси оқиғаларға қатысып, әрекет ете бастады» дейді.
С.Торайғыров атындағы   Павлодар мемлекеттік университетінің  қазақ тілі мен әдебиті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымының .кандидаты, доцент, желтоқсанға қатысушы Зейнуллина Айман Файзоллақызы желтоқсан оқиғасы жайлы былай дейді: «Адам ғұмырындағы мәңгі есте қалар тағдыр парағы қалыңдай түскен сайын, оның мазмұны да, бағасы да тереңге түседі. Енді, міне араға 20 жылға жуық кезең өткенде сол бір желтоқсанның ызғарлы күнінде алаңға не үшін шықтық? – деген сауал қоямын өз-өзіме. Алда не күтіп тұрғанын білместен, БТР, әскери машиналар қалқанды жазалаушылар қаптап келе жатқанда  да, айылымызды жимастан, бейбіт түрде «Менің Қазақстанымды» айтып тұра бердік. Сапер күрегі жігіттердің басына тиіп, қыздар бұрымынан сүйретілгенде  ғана біз аңсаған  тәуелсіздіктің  қойған талабының  бірден жүзеге аспайтынына көз жеткіздік. Жазалауға ұшыраған жастардың  тартқан жан азабы мен тән азабы  тәуелсіздігіміздің төлеуі ғой. Арқамды осып өткен келтектің соққысын кезінде ауырсынсам да, дәл қазір таяқ жегеніме ешқандай налымаймын. Егер біз дәл солай жазаланбасақ, жазаланудан қорқып, алаңға бармасақ, тәуелсіздік келер ме еді? Желтоқсан тек қазақтарды ғана емес, Одақтың бұғауындағы өзге ұлттарды да оятты. Мен онда Қазақ Мемлекеттік  қыздар педагогикалық иститутының соңғы курсының студенті едім - дей келіп, онан әрі  «Қ.Рысқұлбеков Ж.Тәшенов, Қ.Күзенбаева істерінің (Савицкийдің өлімі туралы материал) қазақ тіліне аудару жұмысын берді. Марқұм Салтанат Қожахметова, Жанар Рүстемова көзімізде жас, қолымыз дірілдеп, медициналық сөздікті аударып отырып, жазу жаздық.» ─  дейді. Бұдан әрі Айман Файзоллақызы ПаУ-дың ұстазы Шакаман Рыскүл Бектемірқызы, Жақаева Сәулелердің желтоқсанға қатысқандары туралы да айтты. Желтоқсандықтардың көпшілігі өздері туралы айтқылары келмейтіндігін аңғардық.               
«Қазақтар өзінің  бостандығы мен тәуелсіздігі жолында  тек патша  отаршылдары мен Кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200- ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Соның ең соңғысы ─ тоталитарлық  жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының желтоқсан қозғалысына да 20 жыл толды. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының  ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда  сақталатын болады»,- деді ҚР Президенті ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған  салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде..              
Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында»атты кітабында:» 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық  жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық  мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» ─ деп дәл бағалаған.
Желтоқсан  пәлен жылдар бойына мызғымас қамал саналып келген Кеңестік империяның іргесін мүжіп, көбесін күйретіп, ақыры жер бетінен жойылып тынуына  ұрындырған  пәрменді соққы болып тиді. Осы орайда, Желтоқсан қозғалысын, біріншіден, ішкі ұлттық маңызы бар оқиға (ұлттың өзін-өзі тану сезімінің оянуы), екіншіден, жалпыодақтық деңгейдегі (одақтас республикалардың егемендігіне серпін берген) оқиға ретінде, үшіншіден, әлемдік маңызы бар (социалистік лагерьдің күйреуінің басталуы) аса салихалы көп сипатты әлеуметтік сілкініс ─ атышулы тарихи феномен  ретінде бағаласа да артық емес,─ дейді  жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев.
86-ның Желтоқсаны  қазақ халқының  ұлттық сезімінің өсуіне айырықша  ықпал етті, қазақтың өзін-өзі тануын, ұлттық мақтаныш  пен тәуелсіздік туралы  ұғымын түбірімен өзгертті. Бұл күн ─ жалынды жастарымыздың  тәуелсіздік көксеген рухы алаулаған күн! Бұл күн ─ азаттық үшін алысып, намыс үшін шабысып, басты бәйгеге тіккен күн! Сондықтан да, бұл күн ешқашанда ұмытылмақ емес, қандай жағдайда да болсын, атаусыз қалмақ емес. Олай болса, жарқын болашақтың беташары  болған Желтоқсан  еліміз бен жеріміз үшін, қабырғалы халқымыз үшін, ұлтымыз бен ұлысымыз үшін маңызы зор тарихи белес. Міне, мұның бәрі өң бе, түс пе, сенесің бе, сенбейсің бе? Біздер бұл қанды оқиғаны көрмесек те, көргендей күй кешіп жазып отырмыз. Осы ащы шындықты неге айтпасқа, не бөгет болып отыр? Біздің ойымызша, жоғарыда отырған кейбір ағаларымыз кезінде осы желтоқсандықтарды қолдамады, қарсылық білдірді, жалтақтады, енді шындық сыртқа шықса, елге масақара болудан қорқады деп ойлаймыз. Оны мен ашық айтатыным газет беттерінде еміс-еміс айтылып та, жазылып та жатыр. Тіпті облысымыздың бір кездегі басшылары да кезінде қателесіп алып, қазір жоғары лауазымда отырған жайлары бар. Жарайды 30 жыл өтсе де әйтеуір бір шындық айтылатынына біз сенеміз.
 Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып қарғыс айтпай, одан сабақ алып, жіберген қателігімізді қайталамай, найзаның ұшымен, рух-намыстың күшімен қорғаған ата-баба аманатын орындау ─ бүгінгі ұрпақтың парызы.
                                               
Пайдаланған әдебиеттер:
1. «Желтоқсан құрбандарын жоқтау» еңбегі «Алаш ұландары ақталды» Алматы «Жалын» 1992 жыл
2. «Қайрат» қоғамының дүниежүзі ұлттар қауымдастығы» «Жасырын хат» «Дауа» газеті № 10 (40 ) желтоқсан, 1993 жыл
3. М.Есжанова «Шахановтың шығармаларындағы желтоқсан тақырыбы»» «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №12, 2003 жыл
4. М.Шаханов «Бес ғасырлық арман немесе желтоқсан тағылымы» «Қазақ әдебиеті» газеті №51, 17 желтоқсан, 1996 жыл
5. М.Шаханов «Рух пен ыза дауылы немесе ғасырлар қойнауынан атылған оқ» «Жас қазақ» газеті  №37 (89), 2006 жыл. 3-бет.
6. Т.Молдағалиев «Мен – қазақпын, өз халқымды мақтан етемін!» «Егемен Қазақстан» газеті 2006 жыл. 10-бет
7. А.Қани  «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ» және «Бұл қалай болған еді?» «Ертіс дидары» газеті №6, 13-желтоқсан, 2002 жыл. «Ар алдында» жыр жинақ  Павлодар қ. 2001 жыл
8. Б.Жүнісбекұлы «Желтоқсан шындығы толық айтылды ма?» «Ақиқат» журналы №10, 1996 жыл
9. «Желтоқсандықтар үн қатты» «Егемен Қазақстан» газеті 30-тамыз 2006 жыл. 10-бет
10. Ф.Бықай  «Қыздардың сен, жүрегіне жара салдың, желтоқсан!..» «Сарыарқа самалы» газеті №136, 28-қараша, 1996 жыл
11. М.Садықұлы «Намыс оты лапылдап» «Жұлдыз» журналы №11, 1996, 23-бет
12. Т.Айтбайұлы,Т.Зейнәбін «Алматы 1986 Желтоқсан 3-кітап» Алматы, 1992 жыл
13. М.Қозыбаев «Жауды шаптым ту байлап» 3-бет
14. К.Табей «Қайсар рухты қазақ» Қайрат Рысқұлбеков «Алматы» 1994 жыл.
15. Н.Ә.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» Алматы. Атамұра 2003,34-бет. «Тарих толқынында» Алматы «Атамұра» 1999, 221-бет
16. Ә.Кекілбайұлы «Азаттықтың ақ таңы» Алматы «Қазақстан» 1998, 548-553-беттер
17. Салғараұлы Қойшығара «Қазақтар» роман-эссе Алматы «Өнер» 1996 жыл 94, 200, 260-беттер
18. Желтоқсанға қатысқан жерлестермен сұхбат.
ТІРКЕУ ФОРМАСЫ
1. Тегі, аты-жөні: Төлеубек Еркежан Төлеубекқызы
2. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы: жоқ
3. Мекеме, лауазымы: Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты, 10 сынып оқушысы
4. Мекен-жайы (индекс көрсету міндеті): Ш.Айманов көшесі, 35 үй
Телефон (халықаралық байланыс кодымен, ұялы):         8(3182)572467;   87056132350;
          8(3182)560472;
5. E-mail (міндетті): Gimn-int @ mail.ru.
6. Факс: (3182)533268;  
7. Мақала тақырыбы: Жастардың жүрегіне жара салған желтоқсан.
8. Секция: Әдебиет
9. Керекті техникалық құралдар
10. Қонақ үй орындарын брондау қажеттігі: иә
 
Мен
 Секция мәжілісінде баяндамамен сөз сөйлеуді қалаймын.

 

 
15.10.2010 13:07