Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

1554

Үкілі Ыбырайдың Гәкку әні

ГӘККУ
 Қай заманда қазақ үшін ән өнердің ұшар басында тұрды. Көшпелілердің сахнасын өлеңмен ашу ата дәстүрі болса, сол рухани азығымыздың өрісі өрлеп, өркендей түсті. Сұлу саз, көркем сөз, асқақ ән дегенде, қазақтың сал-серілерінің бейнелері көзге елестейді. Бұл орайда әңгіме қозғалса сексен көлі толқыған аққулы өлке Есіл-Көкше еске түседі. Сол асыл өңірді әнмен көмкерген Сегіз сері, Шал ақын, Нияз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай әндері халқымыздың мәңгі өшпес рухани азығына айналды. Бұл жолы қазақтың ақтангер ақыны, ұлы композитор, өз заманында алдына жан салмаған әнші Үкілі Ыбырайдың бүкіл шығармашылық әлемін түгелімен қозғамай, “Гәкку” атты әні жайлы ғана ой өрістетпекпін.
Гәкку – арман, Гәкку – тағдыр, Гәкку – қазақ өнерінің сөнбес жұлдызы.  Гәкку 1934 жылы (либреттосын Ғабит Мүсірепов жазған) Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсындағы Жібектің ариясы болып жарқ етті. Бұл ария бүкіл операның музыкалық негізгі әуенін, басты сарынын құрады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде Жібектің рөлінде ойнаған бұлбұл үнді Күләш Байсейітова “Гәккуді” бірінші рет орындап, КСРО халық әртісі атанды. Гәкку деген ән жұлдызы мен Күләш деген әншіліктің жұлдызы қатар жанды. Күләштің де, “Гәк­кудің” де атақтары айға жеткендей ұлттық өнер өрісі кеңейді. Қазақ деген өз атын жаңа иемденген халықтың әні — “Гәкку” әлемдік өнердің биік өресіне көтерілді.
Халық ақыны, Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті, тамаша әнші Молдахмет Тырбиев “Гәккуді” айтқанда ерекше толғанатын. Әсіресе, қайырмасын қырық құбылтқанда естір жанды естен танғандай балқытып әкететін де, атақты ұстазының әншілік әлеміне апаратын. “Гәккуді” орындаушылар аз болған жоқ, олардың ішінде үздік орындап, қалыбына дәлме-дәл түсіруші ақиық ақын, асқақ әнші Иса Байзақовтың айтуымен нотаға түсірілген. Молдекең Күләш айтқан “Гәккуді” қуаттап, Иса аға­мызға да алғысын айта отырып: “Ұлы ән ұшқыр қалпында, аққу-қаздың қаңқыл-саңқылындай құс үнімен үйлесіп, түпнұсқадан аумапты, тек қана Е.Бру­силовскийдің операға икемдеп қайырмасын қанаттандыра түсетін сәл-пәл қосымшасы бар”, – дейтін. Үкілі бабамыздың  аруағы қолдап, бұл ұлы сапарға туған жиені, әйгілі ақын, үздік әнші Тайжан Қалмағамбетов барып, Күләш “гәк-гәкке” басып “гәккулетсе”, ол сырнайын өзімен бірге сақ-сақ күлдіріп, нағашыдан бағы ашылған сәтін көрді. Дүние телегей теңіз “гәккушіл” әуенге толқып кеткендей көрінді. Қазақ әні шексіз биікке көтерілді. ХХ ғасырдың Гомері атанған қазақтың ұлы ақыны Жамбыл бабамыздың Тайжан мен Кененге: “Ыбырай марқұм бір аунап түскен шығар, уа, аруақ, қолдай бер, Күләштай бұлбұл қызымызды”, — дегені де Тайжекеңе айтып жүрерліктей естелік болып қалды. Әттең, дүние-ай, 1937 жылы “халық жауы” атанып Тайжан да атылып кетті.
“Гәкку” әні осыдан кейін операдағы ария ретінде ел арасына тез тарады. Одақтық, республикалық  радиодан Күләш “Гәккуді” өте жиі орындайтын.  “Қыз Жібек” операсының ариялары ел ішінде кеңінен айтыла бастады. Ұлы Отан соғысы басталатын жылдың өзінде әйгілі опера күйтабақ күйінде алыстағы Көкшетау облысы, Айыртау ауданындағы ауылымыз Өскенге де жетті. Бұл ауыл Үкілі Ыбы­райдың туған жері, қазір ұлы жерлесіміздің атымен аталады. Соғыс жылдары қаршадайымыздан біздерді жұмысқа салып, даладағы егістің қалың біткен сабақтарының арасындағы арам шөпті жұлдыруға апаратын. Түскі демалыс, қатты аптаптың кезінде бойжеткен қыздар мен ересек балалар Қыз Жібек болып әндетіп, Төлеген болып қамықтырып, Қаршыға болып ащы әнге басатын.
Тап осы орайда айта кетерлік бір шындық бар. Үкілі Ыбырайдың үлкен ұлы Есеп атайдың үйін “халық жауының” үйі деп ауыл белсенділері құбыжық етіп көрсететін. Тек қана халық ақыны Молдахмет Тырбиев ел аралап Өскенге соққанда біздің үйге түсетін. Ол кісі әкемнің ағасы еді. Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданын­дағы “Еңбек” атты ауылдан келетін, ал біз соғыс жылдары анам мен інім үшеуміз нағашыны сағалап, осы Үкілі Ыбырай ауылында тұрдық. Молдекең күн батып, кешкі асқа отырарда ат жібертіп, Есеп ақсақалды алдыратын. Қызық әңгімелер мен өзге жерде айтылмайтын естеліктер де етек алушы еді. Ақын атамыз есік, терезені жаптырып тастап, Үкілі Ыбырайдың әндерін шырқайтын. Жастарға, оның ішінде шәкірті Тұрсынбек Кәкімов, өз баласы Сүният, Ақан серінің досы болған атақты Қо­жақметтің ұлы Кеңес, Үкілі Ыбырайдың немересі, менің туған бөлем Мұса мен маған жазықсыз атылып кеткен ұстазының өлеңдерін жасырып үйрететін. Құдай оңдап, сондай бір сәтте “Гәккудің” бір түрін және “Қарақат көзді, сым саусақты” үйреніп алып едім. Кейінде Нұрғиса Тілендиевке Шота Уәлихановтың үйінде “Гәккудің” төрт түрін айтып бергенім де бар. Алматыға барып айтыстарға қатынасып жүргенде Мұса күйтабаққа, нотаға да жаздырды. Сонымен, бала кезімізде Мағжан­ның атын естімесек те Сәкен мен Үкілі Ыбырайдың әндерін жасырын түрде жаттап алып, үйреніп кеттік. Кейін Үкілі Ыбырай ақталғаннан соң ол кісі жайлы молырақ хабардар болуға мүмкіндік  туды. Ал негізгі мағлұматты Молдекең мен Мұсадан, өз әкем Айтахметтен және Молдекеңнің достары Жантілеуов Қошаннан, Бимырзаұлы Қасымнан, Сәрсенбайұлы Қожахмет ақсақалдардан естідім.
Шоқанның досы әйгілі саяхатшы Григорий Потанин: “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай” деген екен. Ал өз басыма бала кезімде Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ дүниенің төрт бұрышын әнмен көмкеріп тұрғандай көрінетін. Жоғарыда айтылған, үкілі Ыбырай ауылынан Ақан серінің ауылы алыс емес-ті, ал мәңгі ұйқыда жатқан зираты он шақырымдық жерде болатын. Біздің ел­де Ақан серіні “биден биік, ханнан жоғары” ұстап, ең беделді ақылман тұтатын, әніне, Құлагеріне деген сүйініш өзінше белгілі болса, ақынның парасатты әділдігіне зор баға беріп “Ақан аға” дейтін. Үкілі Ыбырайды “Ақан ағамыз” туған інісіндей жақын тартып, қасынан тастамай, жасынан сал-серілік үйірге қосқан екен.
“Гәкку” әнінің дүниеге келген тарихынан сыр шертсек, ол да, Үкілі бабамыздың жалынды жастық шағында дарынды ақын, әнші ретінде шартарапқа атағы жете бастаған кезінде туыпты. Алдымыздағы үлкендер Ыбыкеңді жиырмадағы кезі дейтін. Атақты әдебиеттанушы, сыншы Есмағамбет Ысмайылов, қазақтың ұлы композиторы, өнер зерттеуші Ахмет Жұбанов та осы мағлұматтарды қостайды. “Гәкку” Үкілі Ыбырайдың бір көргенде ғашық болған Кәкима атты сұлуға арнаған асыл туындысы. Бұл ән асқақ шабыттың қызған мезетінде алабұртып, үстірт туған әдеттегі ән емес, ол терең тебіреніс, үлкен толғаныспен ақынның жан-жүрегін қисапсыз қиындыққа салған, ең құдіретті шағында шыққан дербес әні. Бұл ән әуенінің әсемдігі мен көркемдігі, сиқырлы сарынының тартымдылығы, композитор­лық шеберлігі жағынан қазақ әндерінің де жарқын жұлдыздарының арасынан көрі­неді.
Кәкиманы жиын-топта алғашқы көргенде қыр мұрынды, қарақат көз, сым саусақ, ақсары жүзінің сұлулығы, кербездігі мен инабаттылығы өз алдына, әншілігі де ә дегеннен таңғалдырады. Әнші қыздың отты сезімді тәтті әуенге орап шырқауы Үкілі Ыбырайдың тұла бойын сиқырлы у шалғандай толғандырып кетеді.
Не деген шалқар тынысы,
Ақ маралдай жүрісі.
Өңменімнен өтті ғой,
Әсерлі әннің дыбысы, – деп қасындағы достарына сыбырлапты. Ыбекеңнің сол кездегі шын толғанысты сөзін жазушы Ғалым Молдыбаевтың жеткізуі бойынша айтсақ, ол “Гәкку” әнінің шығуын былайшы баяндайды:
– Ән, жиын ... жын қуып жүрген кезім, Кәкима деген сұлу қызға әнмен өлең шығармақ болдым. Күндер, айлар толғанып жүріп, бір шілдеханада Кәкимаға осы ойымды білдірдім. Кәкима да домбырамен өлең айтатын. Домбыра кезегі келгенде сұлу қыз маған күлкілі көзін бір қадады да өлеңді қоя берді емес пе.
Ақынға неге керек құр мырзалық,
Сүйгенін жаутаңдатып ойға салып.
“Айтатын сертіңе жет” деген мақал,
Болмай ма ән шығарсаң өмірге азық, – деп Кәкима шырқай жөнеліпті. Сонда Ыбекең: Жаман қатты ұялдым, аузыма түскені:
Таусылмас дариясы әзіл-наздың,
Мамығы жаныма ем қоңыр қаздың.
Қыл арқан ат мойнында шірімейді,
Періште жауабыңа қарыздармын, — деп кете барыпты. Міне, тап осы қысылыстан кейін Ыбырай жатса-тұрса естен кетпес Кәкимаға лайық ән шығарғысы келеді. “Я, жасаған, аузыма жақсы ән сал, не осы арада мені ал”, – деп жалбарынған кездерінде, талай тебіреніске түседі. Осындай бір тынышсыз түндерінде түсінде қаңқылдаған қоңыр қаздың дауысын естиді. Аққу-қазды көл шетінде аппақ келбеті жайнап Кәкима елестейді. Аққу сынды сұлу қыз елестегенде, оның атына балама ретінде аузына “Гәкку” деген ғажайып сөз түседі. Сол сәтте шабыттың үні басталады. Бұрын-соңды естілмеген жаңа ән арнап кел деген қыздың талабы да қызу қанды ақынның намысын қамшылайды. “Аққу”, “Гәкку”, “Кәкима” деп қайталап, ақ қағазға жаңа өлең жолдарын түсіреді. Түсіреді де, біресе сырнай, біресе домбырамен қосылып шырқай жөнеледі.
Құс салып айдын көлде дабыл қақтым,
Ән салып талай жердің дәмін таттым.
Жетсін деп осынау даусым “Гәккуіме”
“Гәккуді” қайтқан қаздай қаңқылдаттым, – деп толғанады да, есіне түскен елестерді, көкейіне қонған көріністерін топтастыра береді. Ең бастысы, әнге сай өлең шумақтары туады. 
Үкілі Ыбырайдың өзімен дидарласып, “Гәккудің” дүниеге келу тарихын ауызба-ауыз естіген классик жазушымыз Сәбит Мұқанов та “Гәккудің” шығуына Кәкима атты сұлудың себеп болғанын, екеуінің танысып-білісіп қанаттасуларының ара­сында бірталай уақыт өткенін келтіреді. Сәбең Ыбырай туралы, “Гәкку” жайлы алғаш қалам тартқан жазушы болғандықтан, қыздың айттырған жігітімен де таныстырып өтеді. Ол жігіт те тегін емес, “сырнайлы өнерпаз” деп сипаттайды. Үкілі Ыбырайдың:
Таранған айдын көлде сіз бір аққу,
Мұндай сөз естіп пе едің бек ләззатлу.
Сырнай мен домбыраның арасында,
Балқыған қорғасындай қайран Гәкку, – деп келетін өлеңнің жалғасының да өз мағынасы бар. Сазды, назды ыстық сезімге толы ән сөзінің лирикалық кейіпкер­лерін: қызды да, айттырған жігітін де, өзін де келісті түрде көрсете білгені ақындық та, музыкалық та шеберлікке жетелейді. Аққу сынды сұлу қыз “Гәкку” аталып, сырнай мен домбыраның арасында шалқып, толқып, өмір дариясында еркін жүзіп, қоңыр қаздай қаңқылдаған әнге бөленеді. 
Сәті түсіп біраз уақыттан кейін айтулы бір жиын-тойда кездескенде Ыбекең: “Кәкимажан, мынау саған менің арнаған әнім”, – деп толық айтып береді. “Гәккуді” аққу-қаздың түрлі-түрлі жағдайларында сипаттап, махаббат назын сарқыла төгілтіп, сөзімен де, әнімен де сұлу қызды рахатқа бөлеп, әбден разы етеді. “Гәккулетіп” бір жоғары, бір төмен кейде биік, әп-сәтте қоңыржай қалқытып ерке арудың айызын қандырады.
Таранған айдын көлде сіз қоңыр қаз,
Қалқаға көңіл сүйген айтамын наз.
“Гәккуді” қоңырлатып мен салғанда,
Үйренбес талабы бар қандай маңғаз.
Түрлентіп тоқсан түрлі ән саламын,
Жай тастап құлашымды кең жаямын.
Түскенде сен есіме ерке “Гәкку”,
Құлпыртып осынау әнді толғанамын, – деп төгілтеді. Үйездеген үйірдей үйіріле қалған жұрт сілтідей тынып, таңданады. Әсем сазға, асқақ дауысқа, құдіретті сөзге жан дүниесі малшынғандай Кәкима да балқып, толқып тәтті ләззатқа шомылады.  Кәкима Ыбырайға сәтті күнде жолығып, “Әніңіз құтты болсын, аққу-қаз қонбас көл болмас, бұл әніңізді айтпас ел болмас, байғазысына “Ахау, Семейді” айтайын”, – деп әндете жөнеліпті. 
Үкілі Ыбырайдың ғашық болып, ән арнаған қызы жалғыз Кәкима емес, одан басқа да сұлуларға көңіл артып, талай әндер шығарады. Той үстінде алып-қашып: “Сүйгенім кете барды қасыма еріп” — дегені де белгілі. Бірақ, Кәкимаға деген ықыласы, жүрегінде беріш болып қалған дерттей көп жылдар ұмыта алмай “Гәк­куді” өмір бойы айтып өтсе де, әрқашан жаңа айтқандай шабыттаныпты. Қашан да Ыбекең “Гәккуді” айтқанда жан-тәнімен беріліп, ерекше толғанады екен.  Бір сапа­рында әнші ақын Молдекең (Тырбиев) нағашы атам Қожағалиға бір тәулік аңға шығып көл басында қонып қайтуды ұсынды. Нағашы атам әйгілі аңшы, мерген, балуан болып, жүйрік ат, ұшқыр тазы, қасқыр алғыш мығым ит ұстайтын. Шешемнің інісі Ерғожа менімен құрдас болатын, ал Мұса бізден ересектеу  бол­ғандықтан, домбырасын тастатпай, оны да аңға ала шықтық. Ауылдан аса  алыс емес көлдерден құс атып алып, “Қылыш” атты көлдің жағасында шатыр құрып қонбақшы болдық. Мұсамен екі ақсақал арбада, Ерғожа екеуміз салт атқа мініп ере шықсақ та, жолдағы көлдерге барып үйрек-қаз ата бердік.  Айнала қоршаулаған ақ балтыр ақ қайыңдар судан шыққан сұлулардай жайнап тұр, қаз-үйрек қисапсыз мол. Бірақ бұл көлден ел құс атпайды, табиғи қорық сияқ­ты керемет болатын. Балықты осы көлден ауладық, басқа жерден алған сауғамыз аз емес, бәрі де ойдағыдай болды. Ең қызығы, екі атамыз түні бойы Үкілі Ыбырай жайлы әңгімені үзбеді. Талай жылдар шәкірті болып қасында жүргенде, көрген-білгенін асықпай, саспай әңгімелеп берді. Аққу, қаздар түні бойы қаңқыл-саңқыл әндетіп, қиқу салып: “Қалқу, шалқу, гәкку” деп жатқандай болды. Молдекең: “Әй, Кәкіжан, домбыраны әкелші”, – деп қолына домбыра тигенде отыра қалып гәк­кулетті. Күн батар алдындағы қас пен көздің арасы дейтін тамаша саялы да, самалды кез еді, біз үнсіз тыңдай қалдық.
Молдекеңнің айтуынша, “Гәкку” әні біреу ғана, ал әр түрлі орындаушылардың қабілеттеріне байланысты өзгерістер көп болады екен. Негізінде “Үлкен Гәккуді” таза үйреніп алыңдар”, – деп Мұсаға қайталатқызды. Мұса ән салғанда құс базары қызып тұрған көл де тына қалғандай болды. Он төрт, он бестегі кезі ғой, дауысы зор әрі әдемі болатын. Мұсаға Молдекең үйретіп жатқанда мен де құлағыма сіңіре бердім. Өнер зерттеуші, музыка тарихының білгірі, марқұм Зейнұр Қоспақов Үкілі Ыбырайдың “Гәкку” атты ән жинағын құрастырғанда төрт түрлі гәккудің мәтіндерін нотасымен беріпті. Міне, ойлап отырсам, бұл шындықтың да төркіні Молдекеңнен тараған секілді. “Гәккудің” екінші түрі Кәкима ұзатылған жеріне тұрмысқа шыққанда туса керек, — деп Молдекең тағы да әндете жөнелді.
Қыздан да қылықтымын жүрген жерде,
Ханнан да қадірлімін туған елге.
Ақ тамақ, шұбар бауыр қоңыр қазым,
Сала алмас Гәккуіме ешбір пенде.
Сыланған дарияға сен қоңыр қаз,
Әнімді толқытайын айтып бір наз.
Айырылып сенен сәулем қалған күні,
Дұшпаным масайрады-ау болып бір мәз, – деп басталған өлеңнің талай шумағы айтылды. Мұса жапа-тармағай жазып алып жатты. Молдекеңнің айтуы бойынша, Үлкен Гәккуден айырмашылығы бар үшінші түрі “Қайран Гәкку”. Кәкима барған жерінде көп ұзамай қайтыс болыпты, міне, сол кезде Ыбекең қайта толғанып, Гәккудің үр жаңа түрін дүниеге әкеліпті. Енді өлең тоқталды, Молдекең Қажығали атамның сұрауы бойынша бұл өлеңнің де шығу тарихын айтып берді.
Бірде Шоқанның әкесі Шыңғыс төре жайлау тойын жасап, ел абыздары мен бек­заттарын шақыртса керек. Бұл жиынға Ақан сері мен Үкілі Ыбырай да қатысыпты. Жаңа Гәкку көкірегіне ұялап жүрген кезі болса керек, Ыбекең Ақан серіден қалыстау жүріп ақырын әндете беріпті. Ақыры Жалғызтаудың ық жағындағы Жарқын көліндегі Шыңғыс төренің жайлауына келгенде ел жиналып, Ақан ағаны аттан түсіріп, кілемге отырғызып, ақ үйге апармақшы болғанда егде тартқан қарт ақын: “Енді мені кілемге салып, көтеріп әуре болмаңдар, жасым жетіп, құдайға құл­дық еткен шағым ғой. Артта Үкілі Ыбырай тобы келе жатыр, соны әдемілеп қарсы алыңдар, ендігі Ақандарың да, Біржандарың да сол болады”, – депті. Ақанды қолтықтап, қасындағы серіктері мен қонақты үйге алып кетеді. Ал, Ыбырай қасын­дағы жігіттерді ел отырған жерде қалдырып, өзі қарсы алған топқа бұрылмай, қол сілтеп Жалғызтау жаққа Тортөбелімен жүре беріпті. Сол кеткеннен таң ата бір-ақ келіп, ас ішпестен жата қалыпты.
Бұл хабарды естіген Шыңғыс көңіліне ала бастағанда, Ақан сері “Хан ием, құлдық, ол жай кеткен жоқ, бір ән қинап жүр. Алла жазса, ертең, сәскедегі таңғы шайда кездесіп, жаңа туындысының тұңғыш тыңдаушылары болармыз. Өз басымнан талай өткен дүние ғой, кейде ән келгенде анау Ерторы ініме айтып берем, ол жаттап алып өзіме қайталайтын. Ал, кейде оған айтарлық та олжа түспей, мың-мың қайталап әрең дегенде кемеліне келтіруші едім. Менің жаттап алғыш зерегім Ерторы — досым Қожахмет серінің немере інісі болып келеді, ал туған інісі Молдахмет Ыбырайдың соңында жүр, ол да әнші, ол да қайталап беруге өте шебер. Хал осылай, ренжімейік”, – деп төрелердің көңілін басса керек. Айтқандай-ақ, ертеңіне сәске кезінде келген Ыбекең үлкен үйге кіріп сәлемдесіп, сұхбаттасып, кешірім сұрап, жаңа әнін шырқай жөнеліпті. Ол ән “Қайран Гәкку” екен. Негізінде Үлкен Гәккуден бірер жылдан кейін туған бұл әнде қоңыр наз, салиқалы ой басым.
Қайырмасының да ерекшелігі бар, қоңыржай толқып, аспанда қалықтап тұрған ғайып құстай “га... гәкку” деп тына қалып, қайтадан “гәкку-га-га-лап” төмендеу сатыға қалқып түсіп сағыныш та, өкініш те, қимастықтың назы да адам жанын жылытып баурап алады. Алғашқы поэмаларымның бірі осы “Қайран Гәккуге” ар­налып еді. Сол бала күндегі ақсақалдардың әңгімелері жадымда қалған ғой.
– “Гәккудің” шапағаты тиген Ыбекеңнің тағы да бір өлеңі бар, ол “Қарақат көзді, сым саусақ”. Бұл өлеңді Ыбекең Кәкиманың еліне, оның қатынасқан той-думандарына барып жүріп, сағыныштан түн ұйқысын төрт бөлген кездерінде шығарса керек.
Қарақат көзді, сым саусақ,
Лебізің сенің бал қаймақ.
Жолыңа сенің сарп етпей,
Неге де керек малды айдап.
Қайырмасы:
Қарақат көзді, ақ білек,
Айтайын бір сөз үлгілеп.
Қайғың алды денемді,
Жүректің шетін тілгілеп, – деп толқып, содан кейін көлге қонған қоңыр қаздай баяу сарынға салып, жүректі шымшып алардай “га... га... га-лап” тоқтай қалады. Ыбекеңнің композиторлық бір ерекшелігі, оның әндері биік шырқаумен басталып, толқымалы әдемі назбен  аяқтала қалады.
Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезімде Айыртау ауданындағы “Бірлестік” ауылындағы біздің үйге ақындықпен ел аралап жүрген Молдекең келді, қасында Мұса, Тұрсынбай, Кеңес, Сүният бар. Әкем онда Қамсақты ауылдық кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болатын. Молдекең ауылды қыз­дырып, нөкерлерімен әнге бөлеп, елдің мейірімі қанған кезде әкем: енді балаларға ән үйретіңіз. Бір-екі күн ешқайда бармай, осында болыңыз деп қолқа салды. Біздің ауыл Молдекеңді “Бота” дейтін. Ботам “иә, бәрекелді, бір демалып балаларыма ән үйретейінші” деп бәрімізге қағаз, қарындаш дайындатты. Дөңгелек үстелге айнала отырғызып, әннің сөзін жаздырады, сонан соң үш рет әдемілеп айтып береді. Сол дайындықтан кейін Мұсадан бастап бәрімізді тыңдайды, кім ән әуенін дәл келтірсе, соны алып қалады да, оңаша үйретеді. Осы тәртіппен Мұса “Көкшетауды”, Тұрсынбай “Аңшының әнін”, Кеңес “Толқынды”, Сүният “Дүниені” үйреніп алғанда, құдай оңдап, менің еншіме “Қарақат көзді, сым саусақ” тиіп еді. Ботамның бір шарты әнді әр әннің жаңа үйреніп алған иесі ғана айтады. Ол тіріде өзгемізге айтуға мұрсат жоқ. Тұрсынбай – жазушы, журналист болатын, дүниеден ерте өтті де “Аңшының әнін” нотаға түсіріп, күйтабаққа жаздыра алмай кетті. Қытайдан келген тамаша әнші Дәнеш Рақышев радиодан айтып жатқанда Тұр­сынбай есіме түсуші еді, жаттап алмадым деп өкінуші де едім. Бірақ бәрін де олар жоқта ептеп айтып жүрдім. “Қарақат көзді, сым саусақ” менің еншіме тиді. Бұл әнді Қайрат Байбосыновқа 1980 жылдары Мәскеуге келген сапарында үйреттім. Қай­раттың өзі айтып жүрген Ыбекеңнің “Қарақат көз” атты өлеңі бар. Ол өлең алты тармақты шумақпен бітеді де, қайырмасы мүлде ұқсамайды. Сондықтан “Қарақат көздің” екі түрі бар деп бекіп кетті, дұрысында екеуі екі бөлек ән, сөздерінде ұқсас­тық бар және алдыңғы шумақтың әні де егіздей ұқсас. Екі түрі де тамаша айтылып жүр. Айта берсек, сұлудан туған көркем қыздардай операға кірген “Үлкен Гәккуден” тараған қайырмалары “гәккулеп” аяқталатын әндер баршылық. Оларды негізгі гәккумен шатастырмау шарт.
1983 жылы 8 желтоқсанда қазақтың ұлы дарыны Нұрғиса Тілендиев Мәскеудегі П.И.Чайковскийдің концерттік залында “Отырар сазы” оркестрімен шығармашылық кешін өткізердің алдында “Мәскеу” қонақүйінде жатып, Тихон Хренниковті қонаққа шақырды. Ол кезде орыстың озық композиторларының бірі атанған ақсақал КСРО Композиторлар одағын басқаратын. Менің Мәскеуде қызметтегі кезім еді. Қоярда қоймай, оңаша отырғанда солақай домбырасын оңқай түзеп беріп, маған ән салдырды. Ертеректе Шота Уәлихановтың қырық жасқа толған тойында өлең оқып,  ән салғаным бар еді. Онда Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұр-ағаңның “Құстар әнін” шын ынтыға айтушы едім, оған қоса “Гәккудің” екі-үш түрін орындағанмын. Бұл жолы “Құстар әні” мен “Гәккуді” және “Қарақат көзді, сым саусақты” өз әлімше айтып бердім. Хренников Нұрғисаға: “Әнің тамаша, қысқаша айтсам, бір әнің бір симфонияға татиды екен, ертең сағат он бірде кабинетіме келіңдер, сонда жаздырып аламын”, – деді. Айтқанын орындадық. Кабинетінде екі рояль бар екен, ноталарды жайып жіберіп, “Құстар әнін” орындатты. Мұндайды көрмеген басым, қызыға бастадым. Тихон ақсақал “Гәккуді” білемін, оның нотасы да “Қыз Жібектің” партитурасында бар ғой, ал кешегі екінші әнді домбырамен қай­тадан айтшы деп қолқа салды. Орындап бердім. Сонда орыс композиторы: “Нұрғиса, твоя песня хороша, великолепна, но песня Ибрая отличается от наших с тобой песен да и от других. Дело в том, что мы поем и пляшем на одном му­зыкальном горизонте, а Ибрай как птица в полете то стремится ввысь, то плавно опускается на другой уровень, другой горизонт. Надо эту песню немедленно передать профессиональным исполнителям и представить нам, а мы дадим возможность распространяться на весь мир”, – деп сөзін аяқтады. Мен “Гәккудің” кереметін содан кейін айқынырақ түсіне бастадым. Расында да солай екен-ау! Ыбекең “Гәкку-га... га”-лап бірде жоғары, бірде төмен толқытып, бір деңгейде қалмайды екен. Музыкалық ырғақ жаңа деңгейге шығып кетіп, қайта асқақтап, қайта-қайта “гәккулетеді” екен. Бұл кездесудің нәтижесінде “Отырар сазы” атты поэмам туды, “Гәккудің” сиқырлы сазына құныға түстім, қызыға түстім, оңашада ән салсам қайталай берем, жалықтырмайды.
“Гәккудей” тамаша әнді әңгіме етіп, не себеппен туғанын әрлі-бері толғанып, бірсыдырғы айтып өтсек, оның түп тамырына ой тоғытпай тоғыз ауыз сөздің то­бықтай түйініне жете алмаймыз. Біріншіден, Ыбырай Сандыбайұлы – текті әулеттен шыққан табиғи дарыны мол өнерпаз. Оның арғы атасы Сәбден батыр Абылайдың жорықтарына қатынасып, аты шыққан әрі батыр әрі он саусағынан өнері тамған шебер ұста. Ол – қылыштан инеге дейін, ат-тұрманды безендіруден, сақина жүзікке дейін жасай білер атақты зергер. Сандыбайға да тұқым қуалай келіп, осы ұсталық өнер қонған. Сәбденнен Деріпсал, одан Әбіле, Маңдай, Сандыбай туды. Сандыбайдан Бөбіш, Шалғымбайдан Ыбырай туған. Бөбіштен (Мейіз) атақты Тайжан Қалмағамбетұлы туды. Маңдайдан тараған Асайыннан Смағұл, Мырзағұл тараса, Мырзағұлдан ақын Мұса туды, оның шешесі Бағи апам менің шешемнің туған апасы. Мұса керемет әнші болса, оның әкесінің ағасы Смағұл ақсақал әрі ұста, әрі зергер еді. Ол кісіні көрдім. Зергердің Сталиннің 70 жасқа толуына арнап, өте кішкентай герб жасап Мәскеуге жібергенін білуші едім. 1950 жылы орта мектепті бітіріп, Түсті металл және алтын институтында оқып жүргенде Мәскеудегі “Сталинге сыйлықтар” мұражайында Смағұл қарттың алтын мен күмістен жасап жіберген, өте әдемі гербін көрдім. Мұса бабасына тартып,  асқақ әнші, шешен де тапқыр айтыс ақыны болып Жамбыл атамыздың 125 жылдығына арналған респуб­ликалық айтыстың жеңімпазы атанып елге танылды. Әбіле оқыған кісі, Шыңғыс төренің хатшысы болып қызмет істеген. Ыбырай ерте жастан әнге, өлеңге бейім екен. “Айналайын айран, неге бұрын келдің шайдан, қатындардан таяқ жеп, айырылыпсың ғой майдан”, – деген сияқты әзіл-қалжыңдары ерте тарапты.  Атақты Шөбектің Нұралысының қызы Жәнияны ұзатардағы тойда Ақан бастап, әркім өзі сүйгенін өлеңмен шақырсын қасына деген тәртіп болады. Ал Мұқанның қызы Мәлике сұлуға Ыбырай:
Бозбалаға бұл бір сын жеке-жеке,
Әркімнің жаны сүйген сәулесі ерке.
Бұйрығын ханзаданың екі етпейік,
Жаныма келіп отыр, ей, Мәлике! – деп шырқап салыпты. Жалпы, Үкілі Ыбырай алдындағы ағалары, Сегіз Сері, Шал ақын, Біржан сал, Ақан сері, Орынбай, Шөже, Арыстанбай тәрізді дүлдүлдердің өнеріне қанығып, Сегіз Серінің баласы Мұстафаның “Қамажайын” елге кең таратты. Ақан сері таныстыру ретінде Ыбырайды Біржан салға ертіп Көкшетауға әкелгенде алғашқы өлеңі баяу шығыпты, Біржан жас талантты елемесе керек. Сонда Ақан: “Әй, Ыбырай, сен қайда келгеніңді білесің бе? Қысылмай шырқа, саған не болған?” — дегенде Ыбырай: “Ащы айғайға салуға сіздерден ұят бола ма деп отырмын”, — деп жауап қайтарып, шырқай жөнелгенде жұрт селк етіп, Біржан сал күліп жіберіпті. Ән біт­кенде Ыбырайдың бетінен сүйіп, батасын беріпті де, Ақанға қарап: “Жарайсың, Ақаным, қазаққа Көкшетаудың дүлдүлі, төрт аяқтының перісі Құлагерді беріп едің, енді маған әншіліктің дүлдүлі, екі аяқтының перісі Ыбырайды әкеліпсің, құтты болсын! Бұл жас ақын осы қалпымен шырқай берсе, екеумізден де озары айқын!”, – депті. Кейінде бір жиында Біржан сал жасы ұлғайған кезде атақты “Шалқымасын”:
Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,
Қорғасындай денеңді балқытайын.
Біржаннан алып қалған әнім еді,
Азырақ “Шалқымамды” шалқытайын, – деп көк аспанды тесіп кетердей, жеті қырды кешіп өтердей асқақтатыпты. Сонда қарт Біржан: “Әнімді жоғалтпас інім болғанына шүкіршілік” деп тағы да ақ батасын беріпті. Осының бәріне қоса, Ыбырай аз оқығандығына қарамай, табиғатынан зерек өсіпті. Құлағы шалған әндерді жаттап алып, иесінен де асыра шырқай беріпті. Смағұл қарттың айтуынша, ол білмейтін қазақ әні болмапты. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Төлеген мен Қыз Жібек”, “Жүсіп пен Зылиха”, “Мұңлық-Зарлық” секілді дастан, аңыз, эпостық жырларды да жатқа өз сарынымен әндетіп, қажымай, талмай, күн-түн демей қызықты етіп айтып береді екен. Сәбит Мұқановтың, Молдахмет Тырбиевтің, Ғалым Молдыбаевтың берген деректеріне қарағанда, “Мың бір түн” мен “Тотының тоқсан тарауын” өлең қылып бірнеше күн айтуға машықтаныпты.
“Гәкку” Ыбырайдың музыкалық өнеріндегі ғана шырқау шыңы емес, ол бүкіл қазақтың халықтық музыкасындағы озық туған құбылыс. Ал өзінен бұрынғы және өз заманындағы ән әлемін тегіс біліп, өзінің табиғи аса қуатты дарынына темірқазық етіп, сол ұлан-ғайыр байлықтың заңғарына шыққан, еңлікгүлдей биігіне көтерілген қазақтың ұлы композиторы, алдына жан салмаған әншісі, ерен жүйрік ақыны. Біржан сал мен Ақан серінің аялауымен жетіліп, ерен жүйріктігімен еркелеп өскен Ыбырай – жас кезінен хат танып, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттен бірдей сусындаған шабысты да табысты дарын. Ақындық пен композиторлық әлімсақтан жаны мен тәні бірге жаратылған етене құбылыс. Осы орайда Үкілі Ыбырай поэзияның жаңаша түрлерін аша біліп, сөз сарасының інжу-маржанымен ән әуенін астастыра білген тапқыр талант. Үздік ән мен ұшқыр ойды ұштастыра біліп, ұшар құсқа қос қанат байлап бергендей ән шығармасына зор мән берген тынымсыз талпыныстың иесі. Ол – әрі керемет ақын, әрі аруақ қонған композитор, қатарынан асып туған үздік әнші. Үш өнері біріне бірі ақ жол тілеп, бірі бірінің алдына шырақ жағып берген ғаламаттан ән жұлдызы — “Гәкку” туып отыр.
Ыбырай жалғыз Гәкку емес, туған халқына көптеген басқа да тамаша әндерін қалдырып кетті. “Гәкку” дегенде қазақтың ұлы әншісі, бұлбұлы атанған, “Гәкку” әнін әлем өнерінің сахнасына шығарған Күләш Байсейітова еріксіз еске түседі. Есмағамбет Ысмайылов: “Күләш Ыбырайдың дарқан әншілігін құрметпен айтып, суретін әйнекпен қаптап үстеліне салып қойған еді”, деп Ыбырай туралы зерттеу мақаласында жазыпты. Халық сүйікті ақынын, “үкілі домбырасын бұлғақтатып өткен дүлдүлін “Үкілі Ыбырай” деп атап кетті, ел сүйіспеншілігінің бұл да бір зор белгісі. Әттең, дейтініміз 1990 жылы ұлы өнерпаздың 130 жылдық тойын бүкіл ел атап өтсе де, мәңгі ұйқыда жатқан жері белгісіз, еш жерде оған орнатылған ескерткіш жоқ. Туған жылын сол ескі есеппен қабылдай берсек, 2010 жылы қазақтың ардагер ұлы Үкілі Ыбырайдың туғанына 150 жыл толады. Осы мерейлі күнге ыждағатты дайын­далып, ұлы өнерпаздың есімін мәңгі сақтарлық шаралар жасалар деп билікке де, еліме де сенемін.
Авторы: Кәкімбек САЛЫҚОВ.

 
15.10.2010 10:08