Динара АЛДАБЕРГЕНОВА,
«№ 27 балалар өнер мектебі» КМҚК
домбырашылар оркестрінің жетекшісі
Қазақ халық аспаптар оркестрін шығармашылық жетілдіруді инновациялық технологиялық өркендету арқылы дамыту
Мектебіміздің қазіргі таңдағы алға қойып отырған басты да түпкілікті мақсаты оқушылардың білім, білік, іскерлік дағдыларын дамытумен қатар, олардың бойындағы азаматтық, өміртанымдық, интернационалдық қасиеттерін де кеңейте түсу. Эстетикалық көркемдік тәрбиенің қайнар бұлағы музыка пәні мен оның сыныптан тыс үйірмелері бұл аталған талаптарды орындауда ерекше роль атқарады. Осы саладағы оқу-тәрбие жұмыстары нәтижелі болуда, сан жылдар бойы қалыптасқан заңдылықтар мен теорияларға, әдістер мен принциптерге сүйеніп, ғылыми педагогикалық негізде өткізілуге тиіс. Сонда ғана бұл жұмыс өз нәтижесін бермек.
Оркестр жұмысын ұйымдастыру кезеңінде қойылатын басты талап – репертуар таңдау. Репертуар бүгінгі өмір деңгейіне сай терең мазмұнда, көркемдік педагокикалық талапты қанағаттандырарлықтай дәрежеде және оқушылардың жас ерекшеліктеріне, аспаптарда ойнау мүмкіндіктеріне сәйкес болуы тиіс. Демек, жетекші оркестрдің ойналатын репертуарына шығармашылық тұрғыдан келіп, оның идеялық-эстетикалық мәнін, көркемдік ерекшелігін дұрыс ашып таныта білгенде ғана оқушылар музыканы терең сезініп, дұрыс түсіне білу қабілетін дамытып, дүние танымы кеңейе түседі. Репертуар іріктеуде бірімен-бірі тығыз байланысты бірнеше мәселеге көңіл аударған жөн.
Олардың бірі – оркестрде ойналатын музыкалық шығарманың мазмұны мен көркемдік ерекшелігі. Бұған репертуардың жан-жақталығы саяды. Онда қазақ халқының ән-күйінен бастап, композиторлардың шығармалары, туысқан республика және орыс, дүние жүзі классиктерінің туындылары кеңінен қамтылып, ал іріктелген шығармалар тақырыбы, құрылысы, тілі, жанрлық ерекшелігі жағынан жан-жақты болып келуі тиіс.
Оркестрді ұйымдастыру жұмысындағы келесі проблема – оның құрамының тұрақтылығы. Кейде оқушылар жаттығуларға әр нәрсені сылтауратып келмей немесе дайындық кезінде көңілсіздік, салғырттық танытады. Бұл – оның оркестрде ойнап, музыкалық аспапты игеруге деген алғашқы ынта-ықыласы мен құштарлығының әлсіреуі. Психологиалық тұрғыдан қарағанда даму процесіндегі диалектикалық детерменизм принціпі сақталмай, «ішкі және сыртқы» құбылыстар өзара үйлеспейді.
Қазақ халық аспаптар оркестрін шығармашылық жетілдіруді инновациялық технологиялық өркендету арқылы дамытуды айқын мысалдармен түсіндіруге болады. Оқушы оркестрде домбырада ойнауға бөлінді делік. Егерде аспапта жазылған партияда ноталар өте қарапайым, мелодиялық түзілістері аз, көп жерлерінде паузалық кідірістер кездессе, бұл оқушыны зеріктіреді әрі жалықтырады. Осы сияқты көріністі оркестрге ілесе алмай бүкіл дайындық бойына бос отыратын басқа аспаптарда ойнайтын оқушылардан да байқауға болады. Міне, осындай жағдайлар оқушының ынтасына әсер етіп, құштарлығын бәсеңсітеді.
Оркестр құрамын тұрақтандырып, оқушылардың белсенділігін арттыру үшін не істеу керек? Алдымен айтарымыз – бұл жетекшінің тапқырлығы мен шеберлігіне байланысты. Ол әр-сәт, әрбір оркестр мүшесінің психологиялық рухани дүниесін, ой-өрісін дәл басып, сезіне білуге тиіс. Мысалы жоғарыдағы айтылған бас домбыраның партиясына алдын ала көңіл бөліп, олармен жеке дайындықтарды жиілетсе, қызықты да көңілді ән-күйлер, пьесалар берсе, партияға мелодиялық үзінділер кіргізсе, олардың музыкаға деген белсенділігі арта түскен болар еді.
Оркестр құрамының тұрақтылығы жетекшіге де байланысты. Егерде дайындықтар қарапайым, ешқандай эмоциалық әсерсіз, репертуар қызықсыз болса, оның үстіне дирижер дауысын көтеріп, орынсыз жекіре берсе немесе көптің алдында олардың намысына тиіп, дұрыс ойнай алмайтындығын айтса, әрине, оқушы көп ұзамай-ақ оркестрді тастап кетуі ықтимал. Және де мұндай коллективте алға қойған мақсат жүзеге асып, творчествалық табысқа жете қою мүмкін емес. Оркестр жетекшісі – үлкен тұлға. Ол оқушылардың танымын, қабілетін, зейін-сезімін, психиологиялық ерекшеліктерін байқап, соған сәйкес түрлі амал, әдіс-тәсілдерді пайдалануға тиіс. Сондай-ақ өзінің ұйымдастыру шеберлігін шындып және талмастан ізденіп, білімдарлығымен шәкірттерді баурап алуы қажет. Сонда ғана оқушы өзін үлкен ұжымның бір мүшесі ретінде сезініп, тәртібі мен белсенділігі арта түседі.
Оркестр дайындығының алғашқы кезеңіндегі тәрбие, ұйымдастыру жұмыстары оның бір арнаға түсіп қалыптасуына, оқушылардың дайындыққа үлкен шығармашылық шабытпен кірісуіне, өзі үйренбекші болған шығарманың мазмұны мен көркемдігін терең түсінуі зор мүмкіндіктер туғызады. Әрине, бұл айтылғандар оркестрдегі кешенді жұмыстардың бір ғана қыры. Сонымен қатар оркестрмен жұмысты одан әрмен тереңдете түсуде төмендегідей дидактикалық принциптерді есте сақтаған жөн:
1. Ғылымдылық;
2. Жүйелілік;
3. Теория мен практиканың бірлігі;
4. Саналылық пен белсенділік;
5. Көрнекілік;
6. Түсініктілік пен шамаға лайықтылық.
Дидактикалық принціпті оқытудың заңдылықтары немесе негізі деп түсінуге болады. Қазірде аспапты игерудің, оркестр басқарудың дидактикалық ғылыми негіздері қалыптасып, біртіндеп іске асуда. Оқушының музыкалық аспапты игерудегі ғылыми принціптерді дұрыс сақтауы үшін оркестр жетекшісі мына шарттарды еске сақтауы қажет:
Біріншіден, алғашқы үйрену кезеңіндегі жұмыс үрдістеріне байланысты заңдылықтар мен теорияларды, ережелерді нақтылы өз мағынасында, дәлме-дәл түсіндіру. Бұған жататындар – домбырашының отыру реттілігі, қол мен саусақтарды аспаптарға дұрыс қоя білуі, аспаптан музыкалық дыбыс әуенінің мәнді шығуы, штрихтер апликатурасы, т.б. Егерде бұл талаптар дайындық кезеңінде тиянақты қалыптаспаса, оқушы аспапты өз мәнінде игере алмайды да алға қойған мақсаттың жүзеге асуы қиын соғады.
Аспапты игерудегі теориялық мәселелерді нақты практикалық мысалдармен байланыстырып отырған жөн. Мәселен домбыра үшін қолды дұрысқоюдың кәсіби тәсілдегі қабылданған нормалар сақталмаса, оң қолдың буынын бос ұстау, дыбыс шығарудағы саусақтардың қимыл қозғалысы, сол қолдың оңтайлы қозғалысы, дене мен иықтың үйлесімді жылжуы, саусақтың перне үстінде орналасуы, т.б. сақталмаса, аспапты игеріп кету қиын соғады. Сондықтан да жетекші аспапты игерудің ғылыми тиімді жолдарын әр сәт іздестіріп, қалыптасқан теориялық қағидалар мен методикалық тұжырымдарға сүйене отырып жұмыс істеуі қажет.
ОРКЕСТР ДАЙЫНДЫҒЫНДАҒЫ ЖҰМЫС ТҮРЛЕРІ МЕН ОНЫҢ
МЕТОДИКАЛЫҚ ӘДІС ТӘСІЛДЕРІ.
Метод – грек тілінде адамның практикалық әрекеттерін және өмірді тани білу амалдарының жолдарын, тәсілдерін білдіреді. Оркестрдегі ойналатын музыкалық шығарманың ерекшелігіне (күй, пьеса, би, ән т.б), авторына, оқушылардың жасына, білім деңгейіне байланысты оқыту, тәрбиелеу әдіс-
тері әртүрлі болып келеді. Оркестрде пайдаланатын медодикалық әдіс-тәсілдер оқушыларға музыкалық-теориялық білім негіздерін берумен қатар оның көркемдігін, өмірмен байланысын аңғарту, білім, білік, дағдыларын дамытуды көздейді. Оркестр жұмысында әңгіме практикалық жұмыстар, көрнекілік, өзіндік жұмыс, зерттеу және проблемалық әдістер сияқты методикалық әдіс-тәсілдерді пайдалануға болады. Бұл аталған әдістер жеке немесе бірімен бірі тығыз байланысты, кешенді түрде беріледі.
Мәселен, оркестрде ойнауға Құрманғазы ның бір күйі белгіленді делік. Егерде жетекші сол күйді ешқандай қосымша жұмыс түрлерін атқармай, әдіс-тәсілсіз сол «таза» қалпында үйретсе, біздер жоғарыдағы айтқан мақсаттардың біреуіне де жетпей, ал оқушылар ешқандай құштарсыз, ынта ықылассыз, жалпылама дәрежеде ғана игерген болар еді. Міне, біздердің оркестр жұмысы белгілі бір ғылыми педагокикалық негізде өтілуі керек деп мән беруіміздің басты себебі – практикада жаңағы айтылғандай «жалаң» дайындықтардың жиі кездесетіні.
Оркестр ұжымының (оқушылардың) тәжірибесіне, музыкалық қабілеті дәрежесіне, белсенділігіне байланысты дайындық тәсілдері мен формалары да әртүрлі болып келеді. Мысалы оркестр концертке шығатын болса – практикалық ойнау тәсілі, ал жаңа шығарманы игеру барысында әңгіме және көрнекілік тәсілдері кеңінен пайдалынылады. Сонымен қатар өзіндік жұмыс істеу, зерттеу және проблемалық, сұрақ-жауап әдістеріне де ерекше көңіл аударған жөн. Оркестр дайындығының мынандай жұмыс түрлері болады:
1. Шығарманы бастан аяқ бірнеше рет қайталап, көркемдік дәрежеге дейін жеткізу.
2. Шығарманың техникалық жағын жетілдіру.
3. Оркестрдің жеке топтарымен жұмыс дайындау.
4. Концерттік дайындық.
Әрине оркестр творчествалық жетістікке жетуі үшін оның дайындық формалары жан-жақты болып, методикалық жағынан түрленіп отыруға тиіс. Ансамбльдегі пайдаланыған ізденіс-зерттеу методикасын қалай іске асырғандығымыз жайлы бір мысал келтірейік. Оқушылар оқитын өнер мектебі композитор Мұқан Төлебаевтың «Соқ барабан», «Кестелі орамал», Құрманғазының «Балбырауын», Сейтектің күйі «Той бастарды» игеру алдында жетекші әр ойналатын композиторлардың өмірі мен творчествосы жәйлі қызықты деректер жинау жөнінде ұсыныс айтты. Бұл, оркестр мүшелерін аталған сазгерлердің өмірінен хабардар болып, ізденіске ұмтылдырады. Оркестрдегі алғашқы дайындық оқушыларға үлкен эмоциялық әсер қалдыруымен қатар, ұйымдастыру процесі де жоғары
дәрежеде өтуі тиіс. Бұл кезеңдегі енді бір ескерер жәй – оқушылардың аспапты үйде ойнап жаттығуы. Ұстаз үйдегі жаттығудың методикасын өзі аспапта ойнап көрсетіп, мысалдар арқылы айқындағаны жөн. Үйдегі жаттығудың маңызын терең түсіндіргенде ғана, оқұшылардың өз бетімен дайындық белсенділігі арта түседі.
Үй тапсырмасын өту реттері:
1. Аспаптың құлақ күйін келтіру. Қысқа әуендер арқылы құлақ күйінің дұрыстығын, тиектің орналасуын, астыңғы және үстіңгі аттас пернелердің үндестігін байқау. Бұны домбыра ойынын бастаудағы кіріспе деуге болады. Олар көптеген әсем әуенді үзінділерден құралады. Домбыра – аспаптық музыкамыздың өзіндік ұлттық ерекшелігі.
2. Жаттығу, гамма, этюдтерді жәй ырғақты ритмикалық мәнін сақтап ойнау, біртіндеп техникалық дәрежеге жеткізу.
3. Оркестр партиясын ойнау.
4. Үйге берілген күй, пьесаларды ойнау. Сонымен үйдегі оқушының өзіндік дайындығы – музыкалық материалды бекітіп, аспапты тездетіп меңгеруін шыңдайды, іскерлігі мен дағдысын қалыптастырып, музыканы саналы, эмоциялық сезіммен ойнау қабілетін дамытады. Және де жетекші үй тапсырмасына әр кез ерекше көңіл аударып, оны тексеріп, өзіндік пікір айтып, қадағалап отыру қажет.
2-кезең.
Бұл – оқушылардың қолдары домбыраға төселіп, нота сауатын игеріп, оқып кететіндей дәрежеге жеткендегі кезең. Дайындық бірден жетекшінің бүгінгі оркестрде істелінетін жұмыстың мақсат, мазмұнын қысқаша түсіндіруінен басталады және төмендегідей жұмыс формалары қамтылады:
1. Ойналатын жаңа шығарма және оның авторы жәйлі қысқаша кіріспе сөз немесе
өткендегі шығарманы қайталап, көркемдік техникалық дәрежеге жеткізу.
2. Шығарманы игерудегі техникалық көрнекі құралдарды пайдалану.
3. Шығармада ойлы өрнек, мәнерлік құралдарын жүйелеп, мазмұнын ашып,
көркемдік дәрежеге жеткізу немесе интерпретациялау.
4. Дайындық соңында, игерілген шығармалардың ішіндегі оқушылардың
көбірек ұнататынын ойнап, оркестр әзірлігін эмоциялық тұрғыда бітіру.
5. Келесі дайындықтың міндеті мен үй тапсырмасын беру. Әр дыбыстарды ойнағаннан әуен тумайтынын практика жүзінде дәлелдеу.
Әдебиеттер:
1. Жұбанов А. Құрманғазы. – Алматы, «Жалын», 1978.
2. Мерғалиев Т. Домбыра сазы. – Алматы, 1972.
3. Музыка мектебінің домбыра тенор класына арналған программа. – Алматы, «Мектеп», 1996.
4. Тастанов Х. Домбыра оркестірін қалай ұйымдастыру керек. Алматы 1999.
5. Өтеген Спанов. Оқушылардың халық аспаптар оркестрі – Алматы 1999.
Қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастыру
15.10.2010 10:07
Оспанова Марина