Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155401

Астана - Қазақстанның бас қаласы

                АСТАНА—ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕРІНІҢ НЫШАНЫ
 Астана — бұл кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер көрінісінің нышаны . Бұл  саяси батыл қадам. Астана шаңырағы әлі де болса биіктей түспек. Жаңа астананың келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде жатыр. Ал оның ертеңгі еңсесін көтеретін бүгінгі жас жеткіншектеріміз.
Сарыарқаның сары белінде Қанжығалы қарт Бөгенбай елінде ұлан-байтақ қазақ жерінің қасиетті орталығында мемлекетіміздің жаңа астанасының бой көтеруі, жаңа бір мәдени-ғылыми һәм саяси-экономикалық алып ортаның, Отанымыздың күретамырына қан жүгіртетін, жан бітіретін сәулетті, қуатты орданың дүниеге келуі, әлбетте, барша жақсылықтардың игіліктердің шоғырлануы.Тарихқа үңілсек, 1830 жылдың маусым айында Есіл өзені бойындағы Қараөткел тұсында Астана қаласының алғашқы іргетасы қаланды. 1832 жылы Ақмола ішкі округі ресми түрде жарияланып, оның округтік аға сұлтаны болып Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы тағайындалды. Ал 1838 жылы Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсылық білдірген жергілікті халықтың көтеріліс деңгейін іле-шала Кенесары Қасымұлы Ақмола бекінісін алу үшін патша әскерлеріне қарсы алғаш шабуыл жасады.Сөздікке жүгініп, парсы түбірінен қазақша түсінігін іздейтін болсақ, астана — табалдырық, босаға, кіре беріс, сарайдың қақпасы, салтанатты орда есігі деген ұғымдарды білдірнді. Парсыша үндестігі астан (асетан) деп келеді. Келе-келе қазақта жұрт бас қосар орын, халық жиналып ақылдасар жер, ел ағалары байлам-бәтуа айтар орталық мәніне ие болғанға ұқсайды
 Өйткені Махамбет ақынның:
 Астана жұртын айналған
 Атына тұрман болсам деп
 Жұртына құрбан босам деп, келетін Исатайды арқаландырар жырында астана деп ауыл-аймақ, ел-жұртын айтқан.Шығыс халықтарының өмірінде бір кезде араб, парсы тілдерінің ықпалы Еуропа үшін латын, француз тілдері атқарған қызметпен барабар болды. Сондықтан қазақ тілінің бірқатар ғылыми, саяси, тұрмыстық ұғымдары әу баста осы тілдерден еншіленуі заңдылық. Алтын Орда тұсында билеушілер тағы орналасқан орталықтарыңыз парсының сарай сөзімен аталды. Сол кездегі Сарай-Батый, Сарай-Берке қалалары Еділ жағалауындағы осы есімдес хандар басқарған астаналарымыз еді. Яғни Батый мен берке мемлекетінің орталығы екені тарихтан белгілі. Жайық бойындағы Сарайшық (яғни, кіші Сарай), Қырымдағы Бақшасарай, Балқандағы сарай (еуропалықтар Сараево дейді) — осының бәрі «сән-салтанаты асқан мекен» деген парсы сөзі.
 Елімізді шыңғыс әулеті билеген заманда орталық деген мағына бірте-бірте моңғол мен түрік халықтарының әскери-әкімшілік аймағы ұғымын білдіретін орда сөзімен алмаса бастады. Оның соңғы жұрнағы — Бөкей хандығының  астанасы болған, бүгінгі таңда атауы сақталған Орда қаласы.Парсы тілінде мекен, жер, ел дегенді білдіретін стан сөзі де бүгінгі Қазақстан аумағына сол тұста деген. Түркі тектес халықтардың киелі астанасы Түркістан аталуы, бір қиырымыздың Моғолстан екені бұған дәлел. Сол кездегі ғылыми-тарихи әдебиетте түркі халықтары мекендеген өлкеге орай стан түбірінің кеңінен қолданылуы нәтижесінде кейіннен қазақ тілінде астана сөзі қалыптасқан деген болжам қисынсыз көрінбес. Аудармалары сәл алшақтау болғанымен, стан мен астана (астан) түбірлерінің мағына ортақтығы бүгінгі парсы елінің өз мысалынан аңғарылып тұр. Иранда әкімшілік бөліністер остан аталып, аймақтарының дені Систан, Белужстан, Лорестан, Хұзестан болып келеді.Сарай. Орда. Астана! Билік орталығын білдіретін осынау ежелгі атауларды қазақ халқы мәңгіге еншілеп, мағыналас ұғымда қолдануының өзі тарихтың тамаша сыйы емес пе! Сарайдың ордаға орын беруі ұлы оқиғаларға байланысты үрдіс. Ал орданың кешегі жиырмасыншы жылдары астана мағынасына айналуы тым тез—бір жылда, тіпті бір күнде болған оқиға деген болжамға батылдық жасағалы отырмыз.
 1925 жылдың сәуірінде Қазақстанның орталығын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім қабылданды. Орынбор алты жыл бойы әуелі Қазревкомның, кейіннен Қазақ АССР-інің үкімет органдары орналасқан қала болғанымен, ел астанасы деп ресми атала қойған жоқ. Сол кездің құжаттарынан, баспасөзі мен әдебиетінен астана деген атуды кездестіре қоймаймыз. Ал Ақмешітті Қазақ елінің шын орталығы ету жөнінде ұйғарым алынғанда, кеңестік республика астанасының атауында мешіт сөзінің тұруы сол кездің идеологиясымен үйлесе қоймағаны анық. Орталық ұғымындағы орда сөзінің кәдеге асқаны сонда. Революция символы қызыл сөзімен кірігіп, Қызылорда атаулы қала пайда болды. Алайда, бір қиындығы ендігі жерде «Қазақстанның ордасы Қызылорда» деген қосарлы тіркес тұрақты қолданылуы тиіс еді. Орталық ұғымына синоним боларлықтай тың сөз қажет еді. Зиялы азаматтар осылайша халық жадында , жыр-толғауларда айтылатын ежелгі астана сөзіне таңдау жасағаны аңғарылады. Жаңа ұғымның жұртқа әлі тосын екені Бейімбет Майлиннің 1925 жылдың 8 маусымында жазған «Астана» өлеңінен де аңғарылып тұр.
 Кәрі-жасы, бәрінің де
 Айтатыны — астана!
 Ел көгерген астанасы
 Осы ма, әлде басқа ма?
 Мен астанаң, мен ордаңмын!
 Мұнда түгел тілегің...
 Ел ордасы—астанасы,
 Шаш нұрыңды әлемге!
 Білім туын қолыңа ұстап,
 Тұтқа болшы бар елге!..
 1929 жылы астана Алматыға қоныс аударғанда Ілияс Жансүгіров «Жаңа астана» атты очерк жазып: «Алматыға Қазақстан орталығы көшіп келді. Алматы—астана болды. Қазақстан ортасы—ордасына орнықты. Қазақстан еңбекшілерінің ұйтқысы—орталық, өкімет мекемелері басты ұйымдар жаңа қонысына ірге тепті» деп қуанды. Қазақстан орталығы, Қазақстан ортасы, ордасы деген түсініктерді Ілияс та астана сөзімен жарыстыра қолданады. Бір кездегі сарай, орда, астана сөздерінің елдің қоғамдық саяси өміріне, тарихи кезеңдеріне байланысты мәні, атқарар жүгі алмасып отырған тәжірибеге сүйенсек, астана енді қала атауына түпкілікті ауысып, ол ұғымның қызметін басқа балама атқаруы тиіс. Мыңжылдық қолданбасы бар, бір кездерде осы мағынаны білдірген орда атауының елорда түрінде қайта оралуы бүгінгі Астанамызға шартты құбылыс.
 Елорданы Алматыдан Астанаға көшіру тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиялық шешімдердің қатарында тұр.Бұл мәселені Президент Н. Назарбаев тұңғыш рет 1992 жылы көтерген болатын. Жоғарғы кеңестің елорданы көшіру туралы шешімі елдің аса маңызды оқиғалары хронологиясында 1994 жылғы 6 шілде болып белгіленді.1998 жылғы 6 мамырға дейін Ақмола деп аталған Астана, Президенттің Жарлығымен 1997 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының елордасы деп жарияланды. 1998 жылғы 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы—Астананың халықаралық тұсауы кесілді. 1999 жылы Астанаға ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген наградасы берілді. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста, Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. Астана өте серпінді дамуда. Елорда көшірілген кезден бастап қала экономикасына салынған инвестиция көлемі 3,5 млрд. доллардан асты. 2007 жылға дейін Астананың құрылысына 238,6 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсау жоспарлануда.Астананың ойдағыдай  дамып келе жатқанының белдгілерін оның халқының жедел өсуінен байқауға болады. Елорданы көшіру жарияланған жылы мұнда не барі 225 мың адам тұратын. 2004 жылы елорда тұрғындарының саны екі есе өсіп, жарты миллионнан асып кетті.1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Әлемнің 15 қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып табылады, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Будапешт, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Рига, Бангкок және басқалары бар. Бүгінде Астана тәуелсіз Қазақстанның елордасы ретінде әлемнің саяси картасында берік орнықты. Қазақстан егемендік алғалы бері бірінші рет астанасының орнын ауыстыруда тұрғылықты халықтың мүддесін ескере отырып, дербес шешім қабылдады. Осы іспеттес оқиғалар өмірдің өзі халық пен үкіметінен маңызды шешім қабылдауын талап еткен жағдайларда іске асып жатады. Ресей, Нидерландия Германия, Пәкстан, Түркия, Бразилия және тағы басқа елдердің астана ауыстырудағы тәжірибелерін мысал ретінде келтіруге болады.Ұлы Ататүріктің жаңа демократиялық Түркия астанасын елдің орталығы Анкара қаласына ауыстыруы тегін шешім емес. Осман империясының құлаған әкімшілік орталығы Ыстамбұл сол бір тарихи кезеңде жаңа талапқа сай келмей, бұрынғы режимнің қайта орнау қаупін туғызды. Болашақ астана ретінде Анкара қаласы түрік мемлекетінің негізін қалап, ғасырлар бойы ұлт бірлігін сақтап келеді және әкімшілік орталық ретінде түрік туын асқақтатуда. Сол кездегі дана Ататүрік шешімінің ұлт мүддесіне сай келенін тарихтың өзі дәлелдеді. Өткен ғасырда Ресейдің динамикалық түрде дамуын Петр I-дің империя астанасын Нева жағалауына орналастыру туралы шешімінсіз көзге елестету қиынға соғар еді. Сол уақыттағы қала салуға кедергі келтіретін табиғи жағдайлардың қиындығына қарамастан, ел астанасы салынып бітті. Ұлы реформатор «Еуропаға терезе аша» отырып, елдің ұзақ уақытқа гүлденуі мен өркендеуінің бағыт-бағдарын анықтады. Петербург мемлекет астанасының тарихи миссиясын орындап, қазіргі кезде тек Ресейдің ғана емес, Еуропаның, тіпті бүкіл әлемнің экономикалық мәдени және ғылыми орталығы болыап табылады. Әрине, астананы ауыстыру жөніндегі әлемдік тәжірибелерді айта берсек, көптеген мысалдар келтіруге болады. Түркі-монғол дүниесі саяси орталыққа ат беруде ерекше ұстамдыылқ танытқан. Саяси үстемдік құмарлықты білдіретін немесе мемлекет пен билікшіні мадақтайтын дәріптемелік сипаттамалар атымен ұшыраспайды. Көбіне-көп оның мемлекеттің саяси орталығы екендігін білдірумен ғана шектелген. Қарақорым — әскери қосын қонатын орын. Ұрға — әскер басының ордасы тұратын тұрақ. Сарай — билік мекемесі орналасқан жәй. Олар бұл қағиданы өздері үстемдік еткен кеңістіаае де кеңінен дарыта білген. Мәселен, Пекинді монғолдар Ханбалгат (патша қала) деп атаса, қытайлар Бэйцзин —солтүстік астана, ал Нанкинді Нанцзин — оңтүстік астана деп атаған. Жапондар да ескі астанасын Киото — батыс астана, жаңа астанасын Токио — шығыс астана деп атаған. Бұл батыс елдеріне тән дәстүр. Славян дүниесі Византия астанасы Константинопольді Царь-град — патша қала атаған. Кингстон — король тұратын қала атауы соған куә. Сондықтан жаңа саяси орталығымызды жәй ғана Астана атауымыздың тарихи дәстүрлерімен қай тұрғыдан келсек те, терең қабысады.Өткен ғасырларда астананың орнын ауыстыру тек қана сол кездегі жауапкершілік себептерге байланысты болса, ал XX ғасырдың ортасынан бастап геосаясатқа, экологияға, демографияға қатысты басқа бағыт алды.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің астанасын Ақмолаға көшіру туралы Жарлығын шет ел басшылары түсіністікпен қабылдап, геосаяси мәнге ие деп бағалауда.Еуразия құрлығының дәл «жүрегінде» орналасқан Астананың XXI ғасырда халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналу мүмкіншілігі бар. Жаңа астананың Алматы қаласына қарағанда көркеюі үшін өндірістік объектілер, әлеуметтік инфрақұрылымдар, әуежайлар, әлемдік деңгейдегі офистер және қонақүйлер салу жағынан көптеген перспективалық артықшылықары бар.Еліміздің астанасын көшіру халықаралық байланысты тереңдетуге үлкен септігін тигізбек. Мемлекет астанасының орналасу орны болашақта жолаушылар және жүк тасымалдаудың, сонымен қоса телекоммуникацияның, үлкен халықаралық транзитті жолдар торабының түйісетін орталығы болмақ. Атап айтқанда, кіндік қала Еуропа елдерін Азия Тынық мұхит аймағының жылдам дамумен келе жатқан аудандарымен тез және сенімді түрде байланыстырады.Бас қаланың Астана деген атауына келетін болсақ, оның біршене негіздері бойынша артықшылығы бар. Атап айтқанда, оның бір ғана түсіндірмесі бар және де бұл сөз нақты айшықталған мәнге ие. Астана атауы ешқандай да келеңсіз саяси немесе тарихи ұғындыруларға салынбаған. Жаңа атау құлаққа жағымды естіледі және графикалық тұрғыда мемлекеттік тілде де, сондай-ақ негізгі халықаралық тілдерде де сәтті көрінеді, оның үстіне естілу әуезі іс жүзінде ешқандай өзгеріске ұшырамайды.Қазақстанның территориялық бөлінбейтін біртұтастығы Ата Заңда бекітілген. Қазіргі егеменді еліміздің шекарасы республиканың қауіпсіздік кепілі болып табылатынын бүкіл әлемдік қауымдастық таныған. Қазақстан астанасының көшуі республикадағы этникалық ахуалды нығайтуға және біздің елдің халықаралық  ынтымақтастықтың белсенді мүшесі болуға бағытталған. 
Заң Қазақстан Республикасы астанасының құқықтық мәртебесін, жұмыс істеуінің ұйымдық-саясатын және экономикалық негіздерін айқындайды.
1-бап.Қазақстан Республикасының астанасы
1. Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының астанасы—мемлекеттің әкімшілік саяси орталығы, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің, Үкіметінің Конституциялық кеңесінің, Жоғарғы сотының, Бас прокуратурасының және орталық атқарушы органдарының орналасқан жері.
3. Жекелеген орталық атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы астанасынан тыс жерлерде орналасуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы және Мемлекеттік елтаңбасының эталондары және Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекет астанасындағы резиденциясында сақталады.1
 Макиавелли былай дейді: «...Қандай мемлекет болмасын, оның тыныс-тіршілігі орталықтан бастау алуы тиіс. Елдің шеткері аймақтағы ірі қаласынан гөрі кіндігіндегі мекен алғашқыда көзге қораш, елеусіздеу, жұпыны болып көрінгенімен, келе-келе үлкен, күш-қуатқа ие болып, мемлекеттің темірқазығына айналады. Өйткені, өмір, тіршілік—ортада, орталықта». 
 Астананы Ақмола қаласына  көшіріп, Ақмола арнайы экономикалық аймағын құру үшін мыналар негізгі алғышарттар болды:
• қаланың республиканың кіндігінде геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы;
• Ақмола қаласының елеулі өнеркәсіптік әлеуеті.
• құрылыс индустриясын одан әрі дамытуға қажетті базаның болуы;
• ірі тасымал торабындаорналасуы әрі қажетті көлік және телекоммуникациялық инфрақұрылымның болуы;
• жоғарғы білікті кадрлар әлеуеті;
• жеке меншік сектордың және кәсіпкерлікті дамыту үшін әлеуетті мүмкіндіктердің болуы;
• аймақтағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық;
• қаланы дамытуға қажетті бос жерлердің болуы.
 Қаланы дамытудың басымдықтары мынадай:
• энергияны өндіріп, сақтаудың осы заманғы технологияларын қолдану арқылы энергиямен жабдықталуы және оның даму болашағы;
• қаланы осы заманғы телекоммуникация құралдарымен қамтамасыз ету;
• халықаралық стандарттар деңгейіндегі осы заманғы сервистік жүйесі бар Алматы—Астана автожолын салу;
• айналмалы жол және Есіл өзені арқылы бірнеше көпір салу;
• халықаралық әуежай салу;
• бизнес-орталықтар, халықаралық сыныптағы мейманханалар, сауда орталықтарын салу;
• тұрғын үй қрылысы;
• құрылыс индустриясының осы заманғы базасын дамыту.
                 Басқару  құрылымы
Ақмола арнайы экономикалық аймағының басқару органы Әкімшілік кеңесі болып табылады, оны Астана қаласының әкімі басқарады. Астана арнайы экономикалық аймағының басқару құрылымына Астана АЭА Әкімшілік кеңесінің аппараты, Астана АЭА Әкімшілік кеңесінің дербес атқарушы органдары, сондай-ақ министрліктер мен мемлекеттік комитеттердің аумақтық органдары кіреді.                          
          Астана қаласы экономикасының (кәсіпорындарының) құрылымы Астана қаласында төменгі экономика салаларының кәсіпорындары жұмыс істеп тұр:
• машина жасау;
• құрылыс материалдары өнеркәсібі;
• энергетика;
• баспагерлік өнеркәсібі;
• жеңіл өнеркәсіп;
• құрылыс кешені 2
Жаңа Астананың жарқын келбеті қалыптаса бастады. Бұрын Астананы тыңгерлердің астанасы ретінде біліп келсек, енді тәуелсіз Қазақстанның бас қаласына айналды. Бұл—үлкен мәртебе.Бүгінде халқы 500 мың адамға жеткен Астана Орталық Азия өңіріндегі күрт дамып келе жатқан қала.Президент әкімшілігі, парлемент, министрліктредің орталық ақпараттары қоныстанған тамаша сарай-резиденциялар пайда болды. Келісті қонақ үйлер мен жаңа тұрғын үй кварталдары салынуда. Шетелдің дипломатиялық өкілдіктері үшін резиденциялар тұрғызылуда. Грузия, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина және Куба өздерінің елшіліктерін ашты. Елордада Ресей елшілігінің бөлімшесі, ҚХР мен АҚШ-тың өкілдіктері бар.«Астана мен Вашингтон біздің мемлекеттеріміздің жүрегі — биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот тармақтары шоғырланған жер болып табылады» деді Вашингтон мэрі Энтони А. Вильямс 2002 жылғы 2 маусымда Астана тұсаукесерінің кезекті жылдығына орай жіберген құттықтау сөзінде3.Үкіметтің басқару құрылымдары, министрліктер мен ведомстволар, қоғамдық ұйымдар алаңсыз жұмыс істеп жатыр. Ерекше айтатын бір жәйт: бұлардың бәрінде де мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп, мамандар, тіпті көшедегі қарапайым адамдар өз ана тілімізде қазақшасөйлей бастады. Мұны да жаңа Астанадағы жақсы жетістіктердің бірі.Жаңа, тәуелсіз Қазақстанды бейнелейтін жаңа елордамен қазақстандықтардың барлық ұрпақтарының арманы мен үміті астасып жатыр.Астана, бір жағынан, жаңа Қазақстанның мақтанышына, екінші жағынан —ұлттық идеяны орнықтырудың және елді біріктірудің  нышанына айналды. Ол елдің орталығында, тарихи кезеңдерде Еуропа мен Азияның транзиттік күретамырын байланыстырған, дамыған индустриялық өңірде орналасқан.
1. Қазақстан Республикасының Заңы
2.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Республикасы Астанасының мәртебесі туралы. Астана, 1998 жылғы мамырдың 20-сы .Егеменді Қазақстан 1998 ж. 20-мамыр.
3. Егеменді Қазақстан 1998 ж. 10-маусым
4.Қазақстан:табысқа жету тарихы әлемдік қоғамдастық көзімен. Алматы 2005, 43 б.

 

 
23.05.2010 23:50