Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155252

Ілияс Есенберлин романындағы Алаш рухы

І.ЕСЕНБЕРЛИН РОМАНЫНДАҒЫ АЛАШ РУХЫ

Халық ғұмыры – тарихи дамудың диалектикалық заңдылығын құрайтын жалғыз нысана. Дәуірлер сипатынан табиғи дамудың бел-белестерін, алған асу, шыққан биігін пайымдап, кешегі мен бүгіннің арақатынасын ажыратуға, өзгенің өресі жетпес жорамал деректердің жанды-жансыз жобасын жасауға болады.
Осы ретте көз жетер тарихын қаламен аттап, қағазға тақтап қойған елге қызыға да, қызғана да қарайсың. Хаттаулы тарих – халық болмысының рухани, мәдени өрісіне берілген төлқұжат. Ондай елдің әлемдік дамудағы кімнің-кім болғанын сарапқа салар тұста алдына жан салмай кететіні де сондықтан.

Қазақ қауымының қолына қалам алған санасы сардар азаматтарының қай-қайсысы болсын, әсіресе ХХ ғасырдың алғашқы шеңберінен бастап тарихи деректерге ден қоя бастауының себебін біз осы жайдармен байланыстыра қарауымыз керек. Өйткені «Алаш қозғалысына қатысып, «Алаш» партиясын құрысып, Алашорда үкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұғырлары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқ ету, азат, тәуелсіз демократиялық, дербес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүддесі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресі, өркениетті нысана ету – бұл ағымда болған ұлылы-кішілі азаматтардың баршасының дүниетанымына ортақ, ерекше қасиет» [1,424-б] болды. Ұлт тарихының мәнді тұстары А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ж.Досмұхамедов, С.Сейфуллин, М.Әуезов шығармаларында қамтыла бастаған. Қазақ елі тарихының әдебиеттегі көрінісі сол дәуірдегі қазақ әдебиеттануының көрнекті өкілдерінің еңбектерінде көрініс тауып, әр қырынан сөз болды. Бұл ежелден-ақ көркем әдебиет пен тарихтың арақатынасы сөз боп келе жатқан қазақ әдебиеттану ғылымында да түбірлі мәселе екенін көрсетеді. Алайда түбірі терең, түбегейлі шындықты жүйелеп, ұлттық ғұмырнаманың әлемдік дамудағы дара тұстарын ашып көрсетудің алғашқы талпыныстарына талағы тар заман тұсау салып бақты.
Ұлт тарихының шындығынан жасқанудың коммунистік идеологияның күшті қаруларының біріне айналуы да сол ХХ ғасырдың болмысындағы танымдык кереғарлықтың керемет мысалы болып қала бермек. Солай дегенмен халық зердесі бұғауға да, бұрауға да көнбейтін қуат. Халық зердесі ешқашан да ұмытшақтық кеселіне ұшыраған емес. Ал зерденің зерлі нұсқаларына зер сала қарап, қара қылды қақ жарар әділет биігінен пайымдау – сол халықтың қанатты перзенттерінің парызы болған.
Бізге тұстас дәуірде, алғашқылардың бірі болып, осы үдеден шыққан жазушы Ілияс Есенберлин болды. Оның алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың, әдебиеттегі алаштық мақсат пен ұлттық рух көрінісінің үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушының туғанына 80 жыл толуы қарсаңында «Ақиқат шындық темір шымылдықтың ар жағында тұтқындалып, ата тарихының «ақтаңдақтарын» зерттеу тыйым салынған жылдары Ілекең қазақ қаламгерлерінің алғашқысы болып қиын да күрделі тақырыпқа – Қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартып қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан алуан қырын кең қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнелерін сомдауы жағынан өзге туындылардан оқ бойы алда тұрған талантты шығармасы – «Көшпенділер» тарихи трилогиясын дүниеге әкелді. Бүгінде дүние жүзінің көптеген халықтарының тіліне аударылып, әлденеше рет басылған жазушының осы еңбегін хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек артық бола қоймас» [2,3-б] - деп жазғанындай бұл шығарманы қазақ халқының баға жетпес көркем туындысы әрі ешқандай шығармамен теңестіруге болмайтын орны бөлек тарихи, ғылыми жағынан кең қамтылған кесек дүние дегеніміз орынды.

Рас, Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазылған романдарынан бұрын да одақ көлемінде фундаментальді тарихи шығармалар жарық көрген. Алексей Толстойдың «Бірінші Петр», Василий Янның «Шыңғысхан», Г.Гамсахурдияның «Давид IV Строитель» тағы басқа романдар сөз жоқ тарихта үлкен орны бар, олардың авторлары да өте талантты танымал тұлғалар. Бірақ олар өз шығармаларындағы кейіпкерлерін қай қырынан көрсетем десе де, ашығын айтқанда «жоқтан бар жасап, болмағанды болды» десе де шек қойылмады. Роман қалай жазылса, баспадан солай жарық көрді, барынша ерік берілді. Идеология тарапынан ешқандай қысым, ешқандай кедергі болмады. Міне осыны жоғарыдағы кітап авторлары қажетінше пайдаланды.
Ал Есенберлинде мұндай еркіндік жоқ екені белгілі. Қазақтан шыққан батырларды, атақты хандарды, от ауыз, орақ тілді билер мен шешендерді насихаттауға, олардың батырлығы мен ерлігін өнері мен өткірлігін, ұйымшылдығы мен бірлігін қалың оқырманға жеткізуге партиялық цензура тарапынан қатаң тыйым салынатын кез. Керек болса, партиялық идеология қазақ халқының ғасырлар бойғы бай тарихын жылы жауып қойып, қазақ тарихы «Ұлы октябрь революциясынан бастау алады» дегенге дейін барды. Ал коммунистік партияның сол кездегі көшбасшысы Л.Брежнев бір сиезде «Қазақстанда қайдағы бір Кенесары Қасымов дегенді шығарып алды» деп ашуланып, сес көрсеткені бар.
І.Есенберлинің «Көшпенділер» трилогиясы партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырларының, хандарының, шешендерінің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының, саяси жеңісі еді.
«Көшпенділер» ұлт тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағылып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмалағандығын көркем тілмен бейнелеп берді.

Есенберлиннің осы трилогиясынан нәр алып, көп нәрседен мағлұмат алған көпшілік оқырман ондаған жылдардан соң тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргенін дүние жүзі біледі. Бірақ қылышынан қан тамған Горбачевтік-Колбиндік баскесерлер әділдік іздеп, бой көрсеткен жастарды қалай қуғындап, қалай түрмеге жапқанына тарих куә.

Қазақ халқының бұрмаланған тарихын зерделей білген Есенберлин ұлт тағдырының дәуірлер бедеріндегі болмысын өнер тілімен өрнектеп баяндау мақсатында қолына қалам алып, «Көшпенділер» трилогиясын жазуға кірісті. Әсіресе Қазақстанның өз еркімен Ресейге қалай қосылғандығын, оның пайдалы және зиянды тұстарын нақты дәлелдермен оқырман алдына ұсынды. Әбілқайыр хан мен Абылай ханның әр кезеңдердегі осы мәселелерге байланысты іс- әрекеттерін көрсетуге тырысты. Қазақ халқының ержүректілігін, қандай жағдайда болсын елін, жерін сыртқы жаулардан қорғай алатындығын көрсетіп берді.
Қазақ қандай халық, олар қашан және қалай қалыптасты, жеке ұлт ретінде танылуға қандай мүмкіндіктері бар? Романда осы сұрақтарға нақты жауап берілген. Бұл тоталитарлық жүйе билік құрған кезеңдегі ұлтты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір қадам болатын.

Бүгінгі күнді сол өткеннің нәтижесі ретінде таныған Есенберлин қоғамның түрлі қабаттарындағы жасырын қалған күрделі оқиғаларды, аса мәнді тарихи кезеңдерді әлемдік тарихтағы ұлы оқиғалармен салыстыра отырып, небір тар, қысылтаяң замандарда өз бойынан қуат тапқан халық күшінің құдыретін көркем бейнелеуге ұмтылады. Ол көне тарихқа бүгінгі заман талғамы тұрғысынан өлшеп үңіледі.
Негізгі өзегі сол кезең үшін аса маңызды болған нақты тарихи тартыстарға құрылған І.Есенберлин романдарының сюжеттік желісінде тарихи-документтік сипат пен романтикалық леп аралас келіп отырады.
I.Есенберлин – тарихи деректерді терең меңгерген сөз зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты көре білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат тарихи тұрғыдан нанымды. Есенберлин қаһармандарының мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие екендігін көреміз. Жазушылық қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогиялары ғылыми ой мен творчестволық қиялдың тамаша синтезі деуге болады.
Халықтың қай кезең болсын езгіге, бұғауға, қорлыққа шыдамай, бостандық, теңдік, еркіндік үшін соңғы күшін сарқып күресе беретіндігін кең тыныста суреттейтін трилогияда күрескерлік идея бой оздыра көрініп отырады, оптимистік күрес жолы көркем хикаяланады.
Халықтың жеке ел болуындағы ең үлкен және соңғы қуатты тегеуріні қазақ халқының жоңғардың жойқын шабуылына төтеп беріп, елдігі мен жерін сақтап қалуы болды. Бұл нағыз Ұлы Отан соғысы, сол отан үшін шайқастағы тұтас халықтың ерлігі еді. Бұл сипат, Отан іргесін сақтап қалу үшін болған ұлы шайқас романда бар болмысымен жан-жақты көрінеді. Тарих оқулықтарында «өз еркімен қосылды» деп түсіндіріліп келген Россия империясына қазақ даласының бағындырылу процесінің қиын да күрделі сипаты «Жанталас» романында Әбілқайыр, Барақ, Абылай сияқты әртүрлі көзқарастағы ел билеушілерінің іс-әрекет, айла шарғылары арқылы көрініс табады. Қандай тығырықтан да халық өзін-өзі шығарады. Трилогияның алтын желісі, негізгі өзегі – қазақ халқының саясат бұғауы, шовинизм құрсауымен беймәлім болып келген тарихын өзіне таныту. «Адамзаттың нағыз шын тарихын тарихшы емес, суреткер жазады», - дейді М.Горький. І.Есенберлин осы принципті ту етіп ұстап, ғылымда да осы уақытқа дейін терең сараланып бітпеген тарихтың қос қыртыс қатпарларына қазақ қаламгерлерінің ішінде тұңғыш рет қаламгер көзімен саяхат жасап, оқырман назарын көне тарихтың әлі ашыла қоймаған тың беттеріне аударады. Максим Горький Жазушылардың бүкілодақтық бірінші сиезінде сөйлеген сөзінде тарихи тақырыпты терендете түсудің аса қиын екеніне баса назар аудара келе былай деген болатын: «Біз өткен заманның тарихын білмейміз. Удельдік-князьдік және шекаралық қалалардың құрылғанынан бастап осы күнге дейінгі тарихын жазуды ұйғарып отырмыз, бұл ішінара қолға да алына бастады. Бұл жұмыс бізге очерк, әңгімелер арқылы феодалдық Россияның өмірін, Москва князьдары мен патшаларының отарлық саясатын, сауда мен өнеркәсіптің дамуы, князьдың, воеводаның, көпестің, ұсақ мешанның, шіркеудің шаруаларды қалай қанап келгенін айқын көрсетіп беруге тиіс...

Біз одақтас республикалардың өткен кездегі тарихын білуіміз керек» [27].
Алайда бұл ойды жүзеге асыруға солақай саясаттың кесірінен Одақтас республика жазушылары үшін дер кезінде мүмкіншілік тумады. Өйткені біржақты саясат ұлт тарихына қатысты бұрынғының бәрінен бойды аулақ ұстауға мәжбүр еткен еді. Бұл орайда Ілияс Есенберлин дәуір тынысын жіті бақылай отырып, халық тарихының ең күрделі кезеңін бейнелейтін тарихи романдарды дүниеге әкелді.
Авторын абыройға жеткізіп, жігер отына бөлеген «Көшпенділердің» халықтың алау ықыласы мен кенен ілтипатына ілігу себебін шығарманың көркемдік қасиетіне байланысты ғана қарау жеткіліксіз. Ілияс Есенберлин қаламынан туған тарихи романдардың жылдар бойына әсері кемімей келе жату сыры тереңіректе жатқан секілді. Тереңде жатқан сыр болмысына бойлай қарасақ, тағы да уақыт өлшемі мен замана талабы деген ұғым айшықтала береді. Ой, сана жазушы қаламының қыран қимылына, қиял қиянына бұрылады, ашып айтуға сол замананың тар кезеңі тұсау болған тарихи шындықты көркемдік үлгіде танып-білудің алғашқы талпынысына жетелейді.
Өйткені, өткеніміз туралы кешеге дейін там-тұмдап қана дерек біліп келсек, «Көшпенділер» елдік дәстүріміз, ғасырларға созылған шытырманға толы тарихымыз бар екенін көркем әдебиет әлемінде тұңғыш рет таныстыра алды. Ол ол ма, бұл шығармадан тіпті тарихи еңбектерде шешімін тауып болмаған немесе басы бірікпей шашыранды түрінде жатқан мағлұматтардың бір жүйеге түскен желісін көреміз. Соншама көп фактілерді жазушы жалаң тізбей, роман шарттарына лайықтап, қорытып, көркемдік қиялға бөлеп бере алуы шығарманың тартымдылық қасиетін арттыра түсті. Міне, осындай тарих пен аңыздың, қиял ауқымы мен шеберліктің бірлестік табуы трилогияның өзгеше бітімін белгілеген еді. Сонымен қатар әдебиеттегі белгілі жанрлардың шартына сай бағалау қиындығы да шығарманың материалы, жанры, көркемдік тәсілі мейлінше тың болғандығын көрсетіп тұр.

Жаладан емес, жаладан шегер жападан қорыққан күйректік меңдеген заманда бүгін бір халықтың қабыланға қарсы шауып, қарсақтан қаймыққан бала мінез, барын бағалай алмай жатып, жортып жүріп жоғын іздеген ақ жүрек жомарт халықтың тарихи зердесін оятуға тәуекел етуі ерлікке пара-пар қимыл еді. Ол осы үдеден шыға білді.

Солақай сынның, алакөз пиғылдың, таным таяздығының алғашқы қадамға тигізер кесірінен де қорықпады. Сенім салмағы алдымен халық парасатына жүктелді. Ана-халық айтар ақырғы сөздің ақ боларына сенген жазушы қаламынан қазақ тарихының, Дала ғұмырнамасының ғасырлар ғаламаты алмағайып күйге салған көркем бейнесі туды.

Арғысын айтпағанның өзінде, бүгінгі ұлттық дүниетаным өресі деңгейінен қараған оқырманға Ілияс Есенберлин ерлігіндегі біз пайымдаған үш арна сөз өнерінің диалектикалық нысанасындағы биік талғамға жауап беріп тұрғаны анық. Олар – аты мен затын аңыз желісі көмескілеп, іс-қимылын адам психологиясындағы зандылықтардан бөліп әкеткен тарихи тұлғаларды қайтадан жандандырып әкелуі, олардың болмыс-бітіміндегі тарихи таңбалардың ақ-қарасын ажыратып беруі. Ел аузындағы аңыз-болжамдармен астасып барып көптеген шығармаларға жеңіл желі болған Шыңғыс әулетінің өз дәуіріндегі рухани, саяси, адами бейнесін мүмкін алғаш рет аша білген осы Ілияс Есенберлин эпопеясы шығар. Мұны – бірінші арна деп ұғыңыз.

Екінші арна – тарихи катаклизмдер тұсындағы жеке адамның қажыр-қайраты мен халықтық іс-қимылдардың өзара үйлесуінен туындайтын идеал беріктігі, мақсат бірлігі. Адасудың аранды сүрлеуінен бұрып әкетер жалғыз қуат – өмір өркенінің тым нәзік әрі тым киелі екенін ажырата білу, халық қаһарынан қатал күштің жоқ екенін сезіну болса керек. «Шоқпар ұстаған жұртты қамшымен бағындыру» |3,193-б] айтуға жеңіл әрине. Сондықтан да болар, сүйенер жұртының сенімін ояту арқылы ғана іске асар осынау ірілікті адамзат тарихы саусақпен ғана санап бере алады.
Бағындыру арқылы бағыну – мұратқа жетудің төте жолы бола алмақ емес. Ауыздағыдан айырар алауыз меңдеген ұрпақ, тіпті ел мұраты, халық қамы үшін болса да, баяны жоқ билікке таласқан ұрпақ түптің түбінде су аяғы құрдымға кетпек. Қараға күні түскен ханның кебі жеке адамның ғана пешенесіне жазылар трагедия емес, бұл кеп бүтін бір халықтың да бағаналы басына бақан ойнатуы мүмкін. Ілияс Есенберлин еңбегіндегі тарихи тәлімдер (тұжырымдар) осыған меңзейді.

Эпопеядағы үшінші арна – сөз өнеріндегі жанрлық қуаттардың жымдасуы, ізденіс шиырларының бір арнаға ұласып, тарихи шежірелер мен аңыздардың, мифтік бейнелер мен мифологиялық сарындардың жандануы. Болған, бірақ тірі куәсі жоқ оқиғаның барысындағы іс-қимылдардың нанымдылығы.
Рас, шығарманың кей тұстары әдеби-көркем шығармадан гөрі тарих оқулығына көбірек ұқсап кетеді. Біле-білсек, жазушы бұл әрекеттерге саналы түрде барған. Мұны біз Қадыр ақын айтпақшы, «тарихы қалың, оқулығы жұп-жұқа елдің» өткенінен бүгінгі ұрпаққа толыққанды хабар беру ниетінен туындаған өзіндік тәсіл деп түсінуіміз керек. Өйткені бұл шығарма сол кезең туралы алғашқы барлау ғой. Осы ретте қандай іске құлаш ұрғанын бір кісідей санаулы санаткерлердің қатарында тұрған қаламгердің кезінде «Қаһар» романы туралы айтқан мына пікірі еске түседі: «Тарихи эпопеяны жазуды соңғы кітаптан бастауымның себебі – жиналған архив деректерінің молдығы, қамтылатын дәуірлер ауқымының кеңдігі, ойлаған, жоспарлаған кітаптарды түгел жазуға ғұмырым жете ме, жетпей ме деген күдік» дей келіп, ол көңіліне ұялаған күдігі туралы «Жұлдыз» журналының тілшісіне берген сұхбатында былай деді: «Мұның мәнісі бар. О баста, тарихи деректерді жинау кезінде, романға кіріспес бұрын, іштей жоспар жасаған едім. Яғни көңілімде, іс жоспарымда халқымыздың 500 жылдық тарихын қамтитын трилогия болып қалыптасты. Бірақ трилогияның ең соңынан бастауыма себеп болды. Ең алдымен тіршіліктің кейбір тауқыметін тартқандықтан ба, үшеуін бірден қамтып жазуға өмірім жете ме, жетпей ме деп те қауіптендім. Содан болар халыққа, болашақ үрім бұтаққа айтпақ болған ойымның тарихи оқиғаларға деген жазушылық тенденциям мен позициямның айқын көрінісі болған басты темір қазығым – «Қаһар» еді. Егер алдыңғыларын айтып келіп, көксеген негізгі ойыма қол жетпей қалса, өмірбақи арманда, орны толмас өкініште өтуім мүмкін ғой. Ойға алған, көңілге түйген трилогияның ең әуелі соңынан бастап жазылу сыры осы еді» [4,209-213-б.б].

Бүгінгі болмыстың деңгейінен караған оқырманға жазушының бұл жан сырындағы жасырын иірімдер көп нәрсені аңғартса керек. «Қаһар» романы билікке машыққан «білгірлікке», «Сақтықтан» самарқау тартқан санаға, аттыға ілесем деп таңы айырылған «хан-талапай» қауымының қас-қабағына жасалған барлау болатын. Роман сонымен бірге, оқырман деп аталатын, жақсыны-жақсы, жаманды-жаман деп айтуға арын да, барын да салуға әрқашан даяр тұрар тура бидің тарихи зердесін тағы бір селт еткізерге жасалған талпыныс еді.
Өйткені бұл романға арқау болған кезінде қазақ зиялыларының басына қатер төндірген тақырып еді. Қазақтың ұлы тарихшысы Е.Бекмаханов сол кезең шындығын бұрмаламай жазам деп бас бостандығынан айырылған. «Хан Кене» тарихи драмасын жазам деп М.Әуезов азапты күндерді бастан кешірген.
Халық «Қаһарға» деген адалдығын, таланты тас жарған перзентіне деген махаббатын бірден байқатып, суреткерді алакөзден де, жала сөзден де арашалап алды. Аты озғанның алдынан жарылқар батасын берді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырға ғасырларға жетер қуат қосты. Қазақ тарихы, қазақ әдебиеті, қазақ қауымы дамудың дара биігінде орны бар, өзгенің өресіне де, сөресіне де көлеңкесін түсірмей, көсіліп жатқан рухани, мәдени, геосаяси өрісі бар елдің болмысымен қайтадан қауышты.

Иә, өткен дәуір, өшкен өмір елестерін қайта тірілтіп, сан әрекет, сансыз істердің мәнге ие болар тұстарын ғана сұрыптап талғай білудің өзі оңай емес екені түсінікті жай. Ал жеті ғасырға жуық мезгілді қамтитын кемел еңбектің кемерін тауып, сан тарау жолдың түйісер тұсын межелеу, сан сала бұлақтың тоғысар арнасын абайлау тарлан талант қана көтеретін жүк. Арынды мінез, арқалы дарынның ғана қолынан келетін «Көшпенділерде» қазақ хандығының ХҮ-ХІХ ғасырлар арасындағы тарихы суреттеліп, халық өмірін бейнелейтін орасан үлкен оқиғалар, түрлі байланыстар, сан алуан адамдар тағдыры әдеби бейнеге айналып, көркемдік тұрғыдан баяндалады. Осылайша қазақ хандығының ХҮ-ХІХ ғасыр арасындағы құрылу мен қалыптасу процесінің, жоңғар басқыншыларына қарсы күресінің, Кенесары бастаған қозғалыстың себеп-салдары, сыр-сипаты мен ақиқаты, қамтылған қомақты-қомақты кезеңдерін «Көшпенділер» трилогиясына арқау еткен жазушы, тарих қойнауына бойлай түсіп, ХІІІ-ХҮ ғасыр аралығын шежірелеп беретін «Алтын Орда» трилогиясын жазып шықты.

І.Есенберлин романында айқын байқалатын құбылыстың бірі – танымдық фантазиялық және философиялық қарым, оның кең әрі мол сипаты. Жазушы кітаптың өн бойында өзінің дүниетаным, талғам таразысынан ауытқымайды. Ол – атақты хандардың, айбынды әмірлердің даңқы мен байлығы қарапайым халық қанымен, жасымен суарылғандығын дәл бейнелеп көрсете білді. Зорлыққа, қарудың күшіне ғана негізделген Алтын Орданың ұзақ жылдар бойы салтанат құруы, хандардың өзара алауыздығы мен бақталастығы, азғындауы, оларға қарсы езілгендердің күреске шығуы, үздіксіз соғыстар мен жазықсыз қырылған халық тағдыры шынайы суреттеліп, шебер қиюластырылады. «Алтын орда» деген географиялық атау, өткеннің бұлдыр елесі емес, нақтылы кұрамы, билеу жүйесі бар ел екендігі, ол мемлекеттің басында дарын, қайрат, қабілеті күшті қайраткерлер де, ата даңқына малданған, ұсақ мінезді, қара басының мүддесі үшін ғана бәрін сатып жіберетін опасыз, күйкі жандар да отырғаны жүректі сыздатып, сананы сан-саққа бұратын әсерлі қалыпта қатар түзейді. Халық қолдамаған, бейбітшілікке, еңбекке, әділетке негізделмеген әкімшіліктің өмірі ұзақ болмайтынын ұқтырады. Жалпы мемлекеттік емес, жеке бастың қамынан шыққан мақсат әрқашан бұзықтыққа, опасыздыққа апарып соғатындығын еске салады.

Жеке адамның бойындағы алапат алғырлықтың арамзалықка ауысып, қалың нөпір қарапайым халықты да, ел үшін етегімен су кешіп, кеудесін оққа төсеп жүрген есіл ерлерді де қайранға тастап, өз мақсатының игілігі үшін жапа шектіртіп, қырғынға ұшыратқан опасыз пиғылдары олардың бір өзінде «қырық кісінің айласы бар» хандық тұлғалармен қабат өріліп көрсетілген бейнелері эпопеяның әр бетінде көрініс тауып жатады. Терең ақылдың опасыздық айласына айналып, бет қаратпас өжет батырлықтың жауыздыққа ұласып жатқан жантүршігерлік қым-қуыт психологиялық сәттер халық тарихының қатпар-қатпар шындығы екені көз алдыңа келеді. Ол – бүгінгі заманның да ақиқаты. Жазушы өзі өмір сүрген кезең шындығын өткен дәуір елесін көз алдымызға келтіру арқылы беруге тырысқан. Ел басқару мен мемлекет билігіндегі ғасырлар бойы қайталанып келген, тіпті жаңа қоғамдық формацияның тұсында да сыртқы түрі ғана өзгергенімен, мемлекеттік тұрғыдан империялық идея мен жеке тұлғалардағы өзімшіл пиғылдың жаңа формада етек алып отырғанын тарихи кейіпкерлер бейнесі арқылы еске салады. Тарих пен қазіргі заман диалектикасын көркемдік тұрғыдан танып, заман шындығын өнер туындысымен бейнелеп бере білген жазушы қуатына сүйсінесіз.

Дала төсіндегі тарлан тұлға, тарихи нысананың бірі, аты аңызбен астасып кеткен Тоқтамыстың эпопеядағы тұтас бейнесі емес, бір ғана сәтін еске түсірейік: «Тоқтамыстың өзі бастаған, қаныпезер әскері қыпшақтың әділетсіздікке қарсы бас көтерген ер жігіттерін қойдай қырды, тіпті қуып жүріп сауғалай қол көтергенін қылышпен шапты, қашып құтыламын дегенін найзамен түйрей жер құштырды.
Күн бесінге айналғанда дүние жүзі қып-қызыл қанға боянып, ұрыс тынды. «Қыпшақ қырылған» деген жер содан қалды.

- Кімде-кім маған қарсы қол көтерсе, осылай қырылады! - деді Тоқтамыс [5,262-б]. «Ханның бұларды алдап ұрғанын» кеш білген ел осылайша қырылып калмақ. «Қырық айлалы хан» тағы да алдап түсірді. Өйткені «халық деген алақанын түкіріп күреске шықса, кімді болса да алып ұратын балуан екенін ол бұрыннан сезетін» [4].

Сондықтан да Тоқтамыс көкжиекте шоғырланып жинала бастаған халықты көріп сескенеді. «Көп қорқытады, терең батырады» деген қағиданы жақсы түсінген ол алпыс екі тамырлы айлаға көшеді. Жолбарыс жүректі батырлар бастаған азаматтық ойдағы арында топтың талабына көнгендей, келісімге келгендей болып алдаусыратып барып, орайын тауып оларды орға түсіреді.

Қоғамдық формациялардың кез-келген тұсында да, тарихи дамудың қай кезеңдерінде де қайталана беретін психологиялық сәттерді (ұқсастықтарды) терең түсініп, жіті сезінген жазушы талантына тәнті боласыз. Тарихи дәуірлердің көркем бейнесін жасап, ой қорытып, келер күндер елесін де болжай алған, тіпті сол күндерге эпопея беттеріндегі суреттелген түрлі оқиғалар арқылы кейінгі ұрпаққа бағыт беруді, ой тастауды мақсат еткен І.Есенберлин кемеңгерлігін бүгін де жасыруға болмас. І.Есенберлин эпопеясындағы дәуір шындығы сол суреттеліп отырған кезеңге ғана тән деп қарауға, жағымсыз қылық, опасыз жан, айлалы әрекет, арамза ой, өзімшіл пиғыл, үстемшіл идея тек сол ғасыр адамдарын көрсететін ғана бейнелер деуге болмайды. Ол – жазушы өмір сүрген ортаның да жарқын көрінісі одан кейінгі кезеңнің де елесі. Әр бетті оқыған сайын бүгінгі күнмен астасып жатқан тарихи сипаттар жазушы қиялымен өріліп, шеберлікпен жымдасқан қияметті тірлік, қиянатқа толы өмір, қасиетті сенім мен қасіретті өлім, алау арман мен айықпас қайғы араласқан аласапыран оқиғалар арқылы көз алдыңнан өтіп жатады. Қаталдық пен кекті көңілдің, қатыгездік пен шуақты мейірдің мәңгілік айқасын жеріне жеткізе суреттеп, бейнелеп бере алған Ілияс Есенберлин тәуелсіздік рухы мен ұлттық сана, ұлттық намысты оятып, азаттыққа ұмтылу идеясын қалыптастырудың арнаға айналар қайнар көздерін ашып берген.

Қай кезде де ел басында, мемлекет тұғырында жүрегіне ұлттық сана сезім ұялап, бойына ұлттық сана сіңген, ойын ұлттық патриотизм кернеген, жадында халық тарихы орын тепкен, бар күш-жігерін, парасат-білімін, ақыл-зердесін шын таза гуманистік идеямен көмкере біліп, өзі басқарып отырған мемлекеттің болашағы үшін, сол мемлекетті иеленетін, жер, суын ғасырлар бойы қан төгіп жүріп қорғап келген негізгі күшін халықтың ұлттық тағдырына арнайтын, шын күйінетін адам болмайынша зұлым саясат, сұрқия мінез, жеке бастың қамы үшін ғана күрес қайталана беретінін, жалғаса беретінін ескертіп тұрғандай.
Ойлап қарайық, бүгінде өркениет те (реформа барысы) біртіндеп оң бағытқа қарай жылжып келе жатқан тәрізді, алайда адамдардың адамгершілік өркениетінің төмендігі салдарынан көңіл көншімейтін деңгейде жүріп жатқаны аян. Бүгінде саясаткерлер мен өкімет чиновниктерінің көбі олардың моральдық-этикалық құлдырауы салдарынан «күйіп отырғаны» да шындық. Ұятсыздық пен шенқұмарлық – чиновниктер мен реформаторлардың негізгі ауруы. Бұл оларды коррупцияға алып барып жатқаны және бұл құбылыстардың біздің өркениетіміздің елеулі тежеуші күштерінің бірі болып отырғаны өтірік пе?! Есенберлин романы дәл осыны айтып отырғандай. Егер адамдардың адамгершілік санасы жетілмесе, қоғам өмірінің жалпы өркениеті тез ілгері баса қоймайтынын ескертіп тұрғандай. Мұндайда, егер экономикалық-математикалық, техникалық, биологиялық, саяси және басқа білімдер адам санасын түзу және терең дамытатын болса, онда биік адамгершілік шындықтар адамның алдынан өмірдің мәнін, оның жұмбақ сырларын және оның заңды механизмдерін аша отырып, адам санасын терең дамытады.
Заманнан адам өркениетінің негізгі мәні олардың осы бір өмірді құратын шындықты түсінуге жақындай беру құлшынысынан тұрады.
Эпопеяның әр бетінде «Ханның алдауы – халықтың соры болатын» құбылыс екенін есіңе салып, ой жетегіне салатын сөйлемдер жазушы қиялының тұңғиық сырына бойлатады. Ал І.Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазылған романдар шоғыры Алаш ұранды әдебиеттің рухани жалғасы, оның рухы мен идеясын біздің дәуірімізде қайта жаңғыртқан шығарма болғаны шындық.

Пайдаланған әдебиеттер:


1. Р.Нұрғали. Әуезов және алаш. – Алматы: Санат, 1997. – 432 б.
2. // Писатель. Личность. Человек. – Алматы: Атамұра – Қазақстан фонд имени Ильяса Есенберлина, 1993. – 88 стр.
3. І.Есенберлин. 10 томдық. 8-том. – Алматы: Жазушы, 1984.-304б.
4. // Жұлдыз, 1975, №1
5. І.Есенберлин. 10 томдық. 9-том. – Алматы: Жазушы, 1987. -544б.

Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.

 
13.05.2011 20:35