Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155316

Сапарғали Бегалин

Қазақ халқының кемеңгерәрі сүйікті жазушысы Сапарғали Бегалиннің есімі елімізде кеңінен танымал.

Сапарғали Бегалин артына мол әдеби мұра қалдырды.

Ол-халқымыздың ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларды жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы, қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі және жинақтаушысы. Ол көптеген халық әндерін, аңыз-ертегілерін, айтыскер ақындардың айтыстарының мәтінін жазған.

Сапарғали Бегалин-әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер. Оның шығармашылық сапарында суреткер қаламынан жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар туды.

Ол-сазды лирик, сыршыл ақын. Оның өлеңдеріндегі басты тақырып-туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген құштарлық.

Талантты аудармашы. Ол Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған.

Сапарғали Бегалин драматург ретінде де көпшілікке танымал. Ол оншақты пьесаның авторы.

Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбылдың шығармашылық өміріне арнаған шығармасы, С.Бегалиннің ғалымдық еңбегінің үлкен жемісі.

Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап «Халық ақындары», «Өмір жыры», өнер саңлақтары жөнінде «Сахара сандуғаштары» атты жинақтар шығарды. Сапарғали Бегалин 50-ден аса әндерге өлең жазған ақын. Олардың ішінде «Ақтамақ» (муз. С.Кәрімбаевтікі), «Ақ көгершін» (муз. А.Жұбановтікі) сынды әндері халық әніне айналып кеткен. Ақынның өлеңдері бойынша М.Төлебав, Л.Хамиди, Е.Ерзакович, С.Мұхаметжанов, Е.Рахмадиев сияқты талантты композиторлар ән жазды.

Қаламгердің жоғары сауаттылығы, аса зеректігі үшін, басқалардан ерекшелеп, даралап көрсететін өзіндік қайталанбас сыпайы мінезі мен тиянақтылығы, ұқыптылығынан, құбылып, өзгермейтін рухани әлемінің кереметтігінен айналасындағы жақын, жора-жолдастары, қаламдастары, зиялы қауым сыйлы ақсақал ретінде таныған, оны ұстаз тұтқан, үлгі еткен.

Десек те, ең бірінші Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген, оның негізін қалаушы алғашқы көшбасшысы. Оны қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы және классигі деп атайды.

Бүгінде жас ұрпақты Сапарғали Бегалиннің кітаптарын оқуға шақырғанда, біз алдымен одан халықтың дәстүрлі тіршілігі тудырған кәсіптердің неше түрлі көріністерін, дала өмірінің сан қилы қызықтарын тамашалауға болатынын еске аламыз. Оның төрт түлік туралы жырлары, ертегі, аңыз, мысалдары балалардың өмір тануына, табиғат сырын түсінуге, жан-жануарлар дүниесін ұғып, сырласуына жол ашады. Көпшілік қауым арасында жоғары баға алған «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері» сияқты тамаша туындылары құсбегілік, саятшылық өнердің қызықтарына тартпай қоймайды.

Балаларға арнап жазған өлең, әңгіме, повестері ондап, жүздеп саналады. Сапарғали Бегалин есімін тек қазақ баласына ғана емес, көптеген елдердің балалары арасында да танымал. Оның балалаға арнап жазған кітаптары көптеген ел тіліне аударылған.

Бүгінде ақсақалдың «Балалар жазушысы» деген атағы мәңгілік тарихта қалып Республиканың балалар кітапханасы 1996 жылдан бастап Сапарғали Бегалин есімімен аталады.

Жазушы атымен аталатын Республикалық балалар кітапханасы өз тарапынан жазушының шығармашылығын көпшілік оқырман арасында насихаттаушы көшбасшылардың бірі ретінде оқырмандармен кітапхана көптеген шаралар өткізілуде. Солардың ішіндегі ауқымдысы, жыл сайын жазушының туған күні қарсаңында өтетін «Бегалин оқулары».

Міне, осындай көрнекті жазушы, ақын, тарихшы, этнограф, зерттеуші Сапарғали Бегалиннің туғанына биыл 110 жыл толады. Еліміздің жас жеткіншектері осындай тамаша жазушының шығармашылығын білулері керек. Жазушының мерейтойы қарсаңында оның еңбектерін көпшілік арасында насихаттау мақсатымен еліміздің кітапханаларында әр түрлі шаралар өткізілуде. С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы өз тарапынан жазушының өмірі мен шығармашылығына арнаған «Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы» әдістемелік құралды көпшілік назарына ұсынып отыр.

Құрметті балалар оқуының жетекшілері мен кітапханашылар!

Халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп бүгінге жеткізген ардақты ақсақал Сапарғали Бегалин - біздің алтын сандығымыз. Ол сандық ашқан сайын көз қызықтырып, көңілімізді өсіреді. Осы игілікті іске сәт-сапар тілейміз!

Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы

Әңгіме



...Еңсеңді көкке көтере,

Кен есігін кең аштың,

Байлықтың өрін төтелеп

Мақтасам қалай жарастың.

Өсіп ем сенің өріңде,

Қайнарыңнан нәр алып,

Алуан қилы өмірге

Ер жеттім сенде жаралып...,-деп «Туған жер» атты өлеңінде өзі жырлағандай Сапарғали Бегалин бұрынғы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан), Абай ауданы Дегелең ауылында, кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Сапарғали атаның ата қонысы-Шоқан мадақтаған, қобызға тартып, ән салған, үлкен эпикалық дастандар тудырған, айтыс ақыны Жанақ жүйрік жырына қосқан Арқаның киелі мекендерінің бірі- Дегелең таулары. Бағзы қазақ қауымындағы жақсы дәстүр бойынша, атасы Бегалы немерелері секілді Сапарғалидың да бес жасында кәлимаға тілін келтіріп, арабша сауатын ашып, өзі оқытқан. Осы алты-жеті жылға созылған сабақ обал мен сауап, күнә мен қылмыс, жұмақ пен тозақ секілді мәңгілік сұрақтарға имандай ұйытып жауап беріп, Сапарғалидың мінез-құлқын, кісілік келбетін, жүріс-тұрысын исламның адамгершілік мұраттары негізінде қалыптастырып, кейін таулар құлап, дариялар арнасынан ауып, тұтас қауымдар күйреп жатса да, құбылып, өзгермейтін рухани әлемнің алтын өзегін жасап берген.

Табиғатына зерек, ұғымтал балаға оқу оқыған, білім алған өте ұнайды. Бала Сапаштың одан кейінгі білім алуына немере ағасы, сол кездегі оқымысты Ысмағұлдың ықпалы өте зор болады. Сол жылдары Тәшкенттегі мұсылмандар медресесін бітірген Ысмағұл туған ауылына қайтып оралған болатын. Оның қаладан өзімен бірге алып келген шығыс әдебиетіне, тарихқа байланысты және бастауыш мектебіне арналған оқулықтары ауыл балаларының жаңаша сауатын ашуларына көп көмегі болды. Сол кезде-ақ, ағасы кішкене Сапаштың алғырлығына көңіл аударып, оны үнемі жанынан тастамай Қарқаралы, Семей сияқты қалаларға ертіп жүретін. Немере ағасының көмегімен Сапарғали Фирдоусидың «Шахнамасын», Ахмет Иассаудың «Хикметімен», Сайхали мен Бақырғани өлеңдерін, «Жүсіп-Зылиқа» дастанын, «Мың бір түнді» бас алмай, жастығы астына жастанып оқиды.

Қазан баспасынан шыққан қиссалармен, хикаялармен танысады. Оқыған сайын өзіне үздіктіретін «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Ер Көкше» жырларынжәне де көптеген ертегілерді жаттап, жұртқа жаяды.

«Осыншама өмірдегі ең бір оқшау бақытты кұндерімнің бірі деп әкем Семейден Абайдың 1909 жылғы алғашқы жинағын базарлыққа берген күнін айтар едім. Содан бері ұлы ұстазымыздың ұлағатты сөздерінен екі елі ажырап көрген емен. Менің ең үлкен ұстазым-халық, ел дәстүрі. Ал әдеби үлгі-өнегем-Абай», - дейді жазушының өзі.

Жазушының бұдан былайғы өмірі үнемі күреске, тартысқа толы болды. «Шешеміздің айтуы бойынша, салқын күздің аяғында, терістіктен ызғырықтап жел соғып, ұшқындап қар жауып тұрған суық күні дүниеге келіппін. Табиғаттың маған еншіге бергені ме, әлде жасағанның бұйрығымен болатын құбылыс па,-білмеймін, әйтеуір жылда осылай, менің туған күнімде терістіктен жел ызғырықтап, ұшқындап қар жауып тұратын әдеті. Бүгін де, міне, ауа райының күрт бұзыла қалғанын көрмейсің бе. Сірә, мені қыспаққа салғысы, сынап алғысы келетін шығар. Бірақ мен де көне қоймаспын»,-дейді жазушы.

Шын мәнінде солай. Табиғаттың да, тағдырдың да Сапарғали ақсақалға тартқан сыбағасы жеңіл емес. Сапарғали Бегалин өз өмірінің жастық шағын суреттеп, ертеректе жазған бір өлеңінде былай дейді:

Мен бала боп өскелі,

Елім боп өмір кешкелі,

Қай белесті аспадым,

Қай қиянды баспадым.

Қай азапты көрмедім,

Қай мазаққа көнбедім.

Алаңсыз өмір кешкен бүлдіршін шағынан кейін, ақынның жасөспірімдік шағы қараңғылық қамаған көңілсіз, жүдеу өмір қыспағында өтеді.

Жұттан қашып, алыстан жұмыс іздеген әкесіне еріп, 1911 жылы қалаға келген бала пристаньда қара жұмысқа түседі. Содан қазақтың тұңғыш ағартушы- мұғалімі Құлжанов Нұрғали мен Нәзипаның үйінде атының басын ұстап, делбеші боп жүріп, орыс-қазақ училищесін 1915 жылы бітіріп шығады. Семейде оқып жүрген шағында Сапарғали кәдімгі атақты Абай келіп орыс әдебиетінің классиктері Толстой, Лермонтов, Пушкиндермен тұңғыш танысқан Гоголь атындағы кітапханадан кітап алып оқиды. Көбінесе Абай өлеңдері мен Тоқай өлеңдерін қайта-қайталай, ойлана, толғана оқиды. Сапарғали алғаш өлең жазғанда осы екі ақынға ден қойып еліктей жазады. 1914 жылы жас Сапарғалидың тұңғыш өлеңі «Айқап» журналында басылады.

Қыналған киім, сыптай бой,

Қырынған жігіт желөкпе ой,

Киініп кербез ат баптап,

Іздегенің айт пен той.

Барыңды киіп үстіңе,

Қырынып үсті-үстіне,

Ел қыдырып, ет аңдып,

Оныңнан пайда түсті ме...

Бір жілік үшін ел кездің,

Атын алып кербездің,

Алтындай уақыт босқа өтті,

Оныңнан, құрбым не сездің?...

Талапсыз, ойсыз, бос кеуде,

Ермегің елден ет жеуде,

Көп барған үйің мезі боп,

Ұялар бірақ «кет!» деуге.

Ардақты құрбы, көп інім

Қалса да айттым көңілің,

Бос жүрме ізден, оқу тап,

Босқа өтпесін өмірің.

Бұл өлең өз заманына лайық, өз тұсындағы өзімен құрбылас ауылда қымбат уақытын босқа өткізіп жүрген жастарға арналған. Жас ақынның алғашқы туындылары «Азамат арманы», «Көшер ме тұман серпіліп», «Қазақ қыз-бозбалалары» атты өлеңдері болатын.

С.Бегалиннің тырнақалды өлеңдерінен жалындаған отансүйгіштікі, туған елге деген ұшқындаған жастық сезімдерді байқауға болады:

Сүйем сені, асқар таудың әр басы,

Асылғанда ай толықсып төбеңнен.

Сүйем сені, шыққан күннің шұғыласы,

Жер мен аспан қуанышқа бөленген.

Сүйем сені, жар тастардың қиясы,

Күн сәулесі ойнағанда бетінде.

Сүйем сені, батқан күннің ұясы,

Алтын шапақ ойнағанда шетінде.

1916 жылғы дүрбелеңде окоп қазуға зорлық-зомбылықпен жіберілген жігіттердің қалың легінде Сапарғали да кете барады. Мұстафа Шоқай басшылығымен Думадан арнайы шешім алдырып азаматтарды аурудан, өлімнен құтқарып, 1917 жылы елге оралады.

Бұл тұста жас ақын бірталай өлеңдер жазады. Кейінгі жылдары сотта, газетте, ғылыми қызметте, Жазушылар Одағында кеңесші болып істейді.

Сапарғали Бегалиннің артына қалдырған мұрасы әжептәуір. Оның шығармашылығы сонау бозбала кезінде жазған тырнақалды өлеңдерінен бастау алса, ең соңғы туындысы ғұмырнамалық «Замана белестері» атты роман. Октябрь революциясының алғашқы күндеріндегі қазақ ауылындағы, қаладағы әлеуметтік –психологиялық өзгерістерді көрсететін деректі негізі бар мемуарлық еңбек. Шығарманың басты кейіпкерлері-белгілі қоғам қайраткері Мұқаметқали Тәтімов, қазақ әйелінен шыққан алғашқы оқымысты, көзі ашық жандардың бірі-Нәзипа Құлжанова, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, тағы басқа аты, есімі мәшхүр адамдар. С.Бегалиннің бұл романын Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» сияқты айтулы шығармаларымен заңды түрде қатар қоюға болады.

Ақын Сапарғали -әсіресе, поэма жанрында көп көсіліп, ұзаққа, алысқа сілтеген қаламгер. Бұл саладағы оның көп еңбегі сөз арасында, ат үсті айтылғанымен, терең талданып, өзіне лайық бағасын алмағандығын өкінішпен ескерте кетудің артығы жоқ деп білеміз. Халық аңызының ізімен жазылған әдемі поэма «Абақ арманы». Бұл поэманы оқи отырып Абай, Ілияс құдыреттерімен жасалған тұлпарлар сапына тағы бір сәйгүлік қосылғандай әсер аласың.

Сапарғали Бегалиннің өткен өмірге арнаған, дерегі, ізі бар материалға сүйеніп жазған дастандарының ішіндегі ең шоқтығы биігі-дау жоқ, атына қатысты туған «Баян жүрек» поэмасы. Қазақ жігіті Сайқым мен қалмақ қызы Баян арасындағы махаббат, ерегістен ығыр болған екі ел арасындағығы келіспеушілік, достықпен табысуымен сәтті көрсетілген.

Сапарғали ақсақалдың Ұлы Отан соғысы тұсында, еліміздің үстіне қатер төнген кезде жазған шығармалары өз алдына ауыз толтырып айтарлық еңбектер. Адамдар ерлігін, батырлығын мадақтайтын «Алтай аңызы» (Төлеген Тоқтаров туралы),«Қанатты қазақ» (Нүркен Әбдіров туралы), майданда отан қорғау жолында еңбегімен көзге түскен қазақ әйелі туралы «Жәмилә» деген, фашистердің оқ-дәрі жинаған қоймасын ойрандап, өртеп, сол Отан үшін өзі құрбан болған жас батыр қыз туралы «Орыс қызы» сияқты тебірене оқитын шығармалар жазды.

Ақынның «Жаз лебі», «Көктем бұлты», «Нөсер артынан»,«Сарыжайлау» секілді өлеңдері –сұлу бейнеленген пейзаж үлгілері. Сондай-ақ өзгеше жазылған «Кавказ аңыздары», «Бұқара-Самарқанд сапары» топтамаларынан да тосын образ, әдемі деталь, есте қалар бейнелертабуымызға болады.Ұлы Абайға, Мұхтарға, Қасым Аманжоловқа арналған өлеңдерге жүректің тереңінен шымырлап шыққан сыр, таза сезім жан бітірген.

Сапарғали Бегалин жиырмасыншы-қырқыншы жылдары ел ішінде қызмет істеген кездерінде еліміздің кең атырабын көп аралап, ескініңкөздерімен табақтас, дәмдес, сырлас болған. Осы сапарында ол естіп, іріктеп, екшеп қағазға түсірген дүниелер-мол қазына. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей, Қуат шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Сапарғали Бегалин қазақ халқының ардақты ұл-қыздары Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан, Қалыбек тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген.

С.Бегалиннің зерттеуші, оқымысты, фольклорист ретіндегі ең жемісті, ең бағалы туындысы-«Жамбылдың ата тегі, өмірі» деген іргелі зерттеуі деп білеміз. Жамбылдың көзі тірісінде өзінен, онымен өкшелес қарттардың аузынан жазылып алынған бұл еңбекте ұлы ақынның өскен ортасы, ата бабасы, алған тағылымы, мінез-құлық ерекшеліктері туралы аса қызық деректер бар. Мұның үстіне Жетісу атырабының аңыз-әңгімелері, жүйрік аты, қыран құсы, сал-серісі, ақын – жырауы, домбырашысы-күйшісі жөніндегі деректер де өте бағалы, дәл.

«Айдос», «Ұр, торпақ» дастандарынан фольклордың жақсы әсері, өрнек-бедері, бояу нақышы байқалады.

Жазушының қазақтың көшпелі, бұрынғы тұрмыс-әрекетін жіті білетіндігі әңгіме, повестерінде мал баққан адамның психологиясы, аңшылардың жан дүниесі сенімділікпен, шыншылдықпен бейнеленген. Бұл шығармаларда енді қайталанбайтын, тарих қойнауына кеткен, суреткер қаламы арқылы есте қалар тарихи жанды суреттер бар.

 
13.05.2011 22:06