Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155137

Қаһарман Қалибек

ҚАҺАРМАН ҚАЛИБЕК
Қашан, қайда болмасын бодан елдің тарихын отаршылдар жазып, ұлттық құндылықтарын да отаршылдар безбендеп отырды. Патшалы Ресей мен кеңестік кезең тұсында қазақ халқының тарихы мен рухани құндылықтары да солай болды. Соның кесірінен ата тарихымыз бен ана мәдениетіміз теріс түсініктердің, ақтаңдақ тақырыптардың қоймасына айналғаны жасырын емес. Тек азаттықтың ақыр айдынына шығып, екі тізгін, бір шылбыр өз қолымызға тиген күннен бастап, тоталитарлық жүйе санамызға сіңіріп кеткен теріс түсініктерді жөнге келтіріп, тарихымызды түгендеудің қамына кірісе бастадық.
Иә, азат елің, өз отаның болғанға не жетсін?! Бүгінде жер бетінде өмір сүріп жатқан күллі қазақтың болашағына, тағдыр-талайына қатысты бір-ақ жер бар. Ол – өлі аруақ, тірі ағайынның қара шаңырағы, ортақ Отаны – Қазақстан! Сөздің осы тұсында академик С.Сартаевтың: “Қазақ мемлекеті тек Қа­зақстанда тұратын қазақтардың ғана мемлекеті емес, ол сонымен қатар дүниежүзіндегі қазақтардың ұлттық мемлекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүниежүзін­дегі қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қорғауы қажет”, – деген парасатты пайымы ойға оралады. Демек, исі қазақтың жоғы осында түгенделіп, бары осында базарланбақ. Солай болып та жатыр.
Ертең республика көлемінде аталып өткелі отырған Қалибек хакім Райымбекұлының 100 жылдық мерейтойы осы сөзіміздің жарқын дәлелі.
Мейлі қандай ұлы тұлға, ірі ойшыл, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен болмасын, ол – қалай дегенде де белгілі бір дәуірдің перзенті, белгілі бір әлеу­меттік ортаның өкілі. Сондықтан кейіпкеріміз туралы әңгімеге көшпес бұрын, ол өмір сүрген елдің арғы-бергісіне, ол басынан өткерген дауылды кезеңдердің сыр-сипатына қысқаша болса да шолу жасап алуға тура келеді. Әсіресе, біз сөз еткелі отырған Қалибек сынды саналы ғұмырын өзге елде өткізген, ұлтының азаттығы мен бостандығы үшін қол бастап ата жауымен майдандасқан алаштың ардагер перзентінің өмір жолы мен ерлігі туралы бүгінгі ұрпаққа сыр шерту үшін әңгімені әріден қозғау парыз. Онсыз Қалибек хакімнің азаматтық болмысын ашу, ерлігі мен парасатын безбендеу мүмкін емес.
Өзгені айтпағанның өзінде, Қытайдағы қазақтар деген кімдер? Олардың ұлт-азаттығына ұмтылуының себебі не? Азат ел құруға хақысы бар ма? Олар кіммен соғысты? Шығыс Түркістан Республикасы деген не? Гоминдаң, Қытай компартиясы деген кімдер? Оспан батыр мен Қалибек хакімдер басында Шығыс Түркістан үкіме­тін неге қолдады? Кейін неге Гоминдаңмен ымыраласып, Шығыс Түркістанға қарсы шықты? Соңында неге елін, жерін тастап шетел асуға мәжбүр болды? деген сияқты толып жатқан сұрақтардың басын ашып алмайынша Қалибек хакімнің ерлік істері мен азаматтық болмысы туралы сөзді бірден бастап кету мүмкін емес.
XІX ғасырдың соңғы жартысында патшалы Ресей мен Қытайдың Цинь патшалығы қазақ даласын пышақ үстінен бөліске салып, қызыл сызықпен қақ бөліп алды да, “жері кімге тән болса, ондағы адамдар да (халық емес! – Д.М.) сол елге тән бо­лады” деп кесіп-пішіп тастады. “Қазақ деген халық бар еді-ау, бұл солардың жері еді-ау”, деп онымен есептескен кісі болған жоқ. Баяғы “айттым бітті, кестім үзілді” дейтін империялық пиғыл, қожайындық көзқарас... Сөйтіп, қазақ жерінің үлкен бір бөлігінің Қытайға қосылуы, сол өлке мен тарихи отанның екі арасында шекара сызығының түсуі көшпенді елді көгертпегені өз алдына, көп өтпей әке баладан, шеше қыздан, аға ініден, бас денеден, әруақ тіріден, жүрек қолқадан айырылып, бүтін бір халық екі империяның қанжығасында жылай-жылай бөлініп кете барды. Сонымен сан ғасыр бойы жауға бірге шапқан, “бірге өліп, бірге тірілген” қазақ деген халық “Ресей қазағы, Қытай қазағы” деп жатжұрттарға телінді де кетті.
Сол заманнан бастап Шығыс Түркістан даласына (Жоңғар, Шағатай жұртына) иелік етіп, ел мен жерге қожа бола бастаған Цинь патшалығы үкіметі “жаңа шекараның” (Шиньжияң, Xіn - жаңа, jіang – шекара, өлке, өңір) қорғанысын күшейту мақсатымен, Тәңіртауының оңтүстігі мен солтүстігін алып жатқан бай да байтақ мекенге ішкі Қытайдан мыңдаған-миллиондаған әскер кіргізді. Тарихи деректердің айтуынша, Цинь патшалығы жалпы армиясының бестен төрт бөлігін Шығыс Түркістанға кіргізген болса, бір қызығы, осы әскердің денін қазақтар қоныстанған Іле, Тарбағатай, Алтай өңірлеріне шоғырландырды.
Бұдан тыс, Цинь үкіметі бұл аймақтың әкімшілік-басқару жүйесін де жаңғыртып, күшейте түсті. Бұл ретте Цинь билеушілері жергілікті халықтың бек-төрелерінің аузын майлап, құлқынын жемдеумен бірге, “тың игеру” деген желеумен ішкі Қытайдан Шығыс Түркістанға мыңдаған-миллиондаған қытайларды көшіріп алып келді. Бұл үдерістің өзін Цинь билеушілері үш салаға бөліп жүргізді. Яғни, “әскери­лердің тың игеруі”, “қарапайым шаруалардың тың игеруі”, “қылмыскерлердің тың игеруі” деген айдарлармен Шығыс Түркістанға қыруар әскер, есепсіз қарапайым шаруа, сансыз бұзақы кіргізді. Сонымен бірге, 1760 жылдары Іле өңіріне (Құлжа атырабы) оңтүстіктегі Қашқар, Хотан, Құмыл, Тұрпан аймақтарынан неше мыңдаған ұйғыр егіншілерін (тараншы) әкеліп қоныстандырды.
Осындай айла-шарғылар арқылы жаңа өлкеге қожа бола бастаған Цинь патшалығы, ендігі жерде жергілікті халықты дінінен, салт-дәстүрінен айырудың қамына кірісті. Атап айтқанда, Цинь билеушілері XІX ғасырдын басына келгенде, отаршылардың дінсіздендіру саясатына наразылық білдірген молдаларды, діндарларды жаппай қуғындай бастады. Сондай-ақ “ислам дінінің саясатқа арала­суына тиым салу”, “дінбасыларды үкімет ісіне араластырмау”, “егер діндарлар мемлекеттік қызметке барамыз десе, онда олар діни нанымнан бас тартуы керек” деген сияқты қитұрқы заңдар шығарды. Міне, осылай Шығыс Түркістан халқының мойнына мықтап мініп алған Цинь үкіметі, енді оларды аяусыз езіп-қанаудың да қамына көшті.
XІX ғасырдың орта шенінен кейін, Цинь үкіметі Шыңжаңдағы алым-салықты шексіз өсірді. Бұрындары ептеп қана алынатын астық, кездеме салықтарынан тыс, 1850 жылдары мақта, тұз, шай, жан, мал, жол салықтары алына бастады. Қазақ шаруаларынан тұяқ, жайылым, су, ет, сүт, салықтары алынудың сыртында, жергілікті қытай билеушілері әр түрлі сылтаумен мыңдаған малды өз қорасына жинатып алып отырды. Сөйтіп, халық еркіндігінен, дін, тілінен айырылып қана қалмастан, ішер ас, киер киімнен де жұтай бастады. Қысқасын айтқанда, қиын тағдырдың қылбұрауы жанын буған халық төтенше мүшкіл жағдайда өмір кешіп жатты...
1881 жылы Қытай мен Ресей Іле келісіміне қол қойып, Ресейден Іле өңірін қайтарып алып, Шынжаңды өлке етіп құрғаннан (1884 ж.) кейін Цинь патшалығы жергілікті халықты қанау мен қырғындауын одан сайын өршіте түсті. Осындай жантүршігерлік езгі мен қанауға төзбеген халық өлкенің әр тұсынан көтеріліске шығып жатты. Бұлардың ішіндегі аса ықпалдысы 1912 жылғы Іле көтерілісі еді. Көтерілісті о баста Іледегі қазақ, дүнген қатарлы мұсылман халықтар бастап, жеңіске жете бергенде билікті тағы да қытайлар қолына беріп қойды. Олар Іледе жарты жылдай тәуелсіз үкімет бола тұрып, қайта құлады. Бұдан кейін Шынжаң өлкесінің билік басына Яң-Зыңшин келді. Ол билік құрған 17 жылда (1912-1928) жергілікті халықты езіп қанауды, мәңгүрттендіруді еселеп жүзеге асыруға тырысты. Одан кейін тақта бес жыл (1928-1933) отырған Жин-Шурын да, он бір жыл (1933-1944) отырған Шың-Шицай да жауыздық жағынан бірінен бірі асып түсіп жатты. Әсіресе, Мәскеумен астаса отырып, 1937 жылдан бастап “Шынжаңдағы жапон тыңшыларын”, “троцкийшілдерді” (анығында түрікшіл, исламшыл, ұлтшыл зиялы қауымды) қырып-жоюға келгенде Шың-Шицай Кремльдегі “мұртты көкесінен” еш кем соққан жоқ. Сталин “халық жауы” деп айдар тағып, “мойындатып”, атып өлтірген болса, Шың-Шицай қазақ-ұйғырдың сорпа бетіне шығар ел ағаларын “жиналысқа” шақырып алып, бас салып тұтқындап, қырып салып отырды. 1937-1942 жылдар аралығында қандықол Шың-Шицайдың бейкүнә өлтірген адамы 4000-нан асып жығылған.
Осы көрсетілген санның дені ел ағалары, халық көсемдері, ұлтжанды ақын-жазушылар мен молда-қожалар екенін ескерсек, КСРО-дағы сталиндік зұлматтың Шынжаңда айна-қатесіз қайталанғанын аңғару қиын емес. Мәселен, Шығыс Түркістан қазақтарының әйгілі ағартушылары Шәріпхан Көгедайұлы, ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Әбеу Құдышұлы, Дубек Шалғынбайұлы қа­тарлы жүздеген-мыңдаған ел серкелері Шың-Шицай үкіметі тарапынан тұтқындалып, олардың дені Үрімжі түрмесінде айуандықпен өлтірілді...
Міне, осылайша өз елінде, өз жерінде отырып, адам төзгісіз қорлық пен зорлықтың астында қалғанына, “елім” деп еңіреген игі жақсыларынан қарап отырып айырылғанына, алаңсыз өмір сүре алмағанына ашынған, қаны қарайған халық тағы да азаттық үшін атқа қонуға мәжбүр болды. Мәселен, 1940 жылы Көктоғай, Шіңгіл ауданының қазақтары көтерілген болса, 1941 жылы оларға Қаба-Сауыр қазақтары үн қосты. Одан кейін Шәуешек, Толы, Дөрбілжін, Шағантоғай, Сауан қазақтары да атқа қонды. Бұл көтерілістер дүмпуінің алды-артында жеткілікті дайындықтан өтіп жүрген Іле қазақтары 1944 жылы аса зор көлемдегі, кешенді көтерілістерін бастап жіберді. Осы ұлт-азаттық көтерілістердің алдыңғы шебінде, қанды майданның өтінде Оспан батыр, Шәріпхан Көгедайұлы, Қалибек хакім Райымбекұлы, Әкбар мен Сейіт, Дубек Шалғынбайұлы, Балқаш Әлімғазыұлы (Бапин) бастаған қазақ халқының қаһарман ұлдары, Алаштың ардагер перзенттері жүрді. Аталған азамат­тардың тікелей қолбасшылығымен оншақты жылдарға созылып, ақыр аяғында Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарын қытай үстемдігінен азат еткен қанды шайқас – 1944-1949 жылдары аралығында өмір сүрген “Шығыс Түркістан Республикасының” құрылуына негіз болды.
Біздің кейіпкеріміз тарих сахнасына осындай тарихи жағдайда келген. Олай болса, ендігі сөз Қалибек хакімнің қысқаша өмір жолы туралы.
Қалибек Райымбекұлы 1908 жылы Тарбағатай тауының бір сілемі болып есептелетін Жайыр тауының бөктеріндегі Алтын-Еміл деген жерде қарапайым малшы отбасында өмірге келген. Шыққан ата-тегі қазақтың Орта жүзіндегі Абақ керейден тарайтын Жәнтекей. Оның ішінде Барқы.
1933 жылы ата-анасымен бірге жергілікті қытай билеушілерінің қысымынан бой тасалап, Тарбағатайдан Еренқабырға-Сауан өңіріне қоныс аударған. Мұнда келгеннен кейін жігерлі, ұлтжанды, жас Қалибек ұлт азаттығы жолындағы күресін бастайды. Бастапқыда осы өңірдегі көрнекті алашшыл азаматтар, белгілі ел ағалары Жүніс қажы мен Ожаубай болыстарға көмекші қызметін атқара жүріп, олармен бірге “Ұлтты қорғау ұйымын” құрады. Аталған ұйымның нығаюы мен өңірдегі ықпалының тез күшеюіне жас Қалибек үлкен үлес қосады. Оның “ұлтшыл ұйым” құрып, осы бағытта белсенді қимылдап жүргенін байқап қалған жергілікті қытай үкіметі оған үлкен мөлшерде айыппұл төлетеді. Онымен де тынбай қытайлар 1940 жылы Қалибекті Шығыс Түркістандағы қазақ, ұйғырдың молда-қожа, ел ағаларымен бірге Үрімжіге жиналысқа шақырып апарып тұтқындайды. Онда бір жарым жыл бойы түрмедегі “саяси үйренуден” өтіп, қорлық пен қинаудың сан түрін көріп ауылына аман-есен оралады. Түрмеден “ойы тазарып, идеясы дұрысталып шықты” деп есептеген қытай үкіметі Қалибекке үкірдайлық (ауылдық жердегі екі мың түтіннің бастығы) мансап береді. Бұл қызмет Қалибек үшін өзінің түпкілікті мақсатын жүзеге асыруға – ұлт-азаттық ісін тереңдетуге, халықты осы бағытқа жұ­мылдыруға тамаша орай болады. Алайда, оның бұл әрекеті де ұзаққа бармайды. Оны Үрімжідегі қытай үкіметі шақырып алып, тағы бір жыл тұтқындайды. Одан 1944 жылы босатылады. Сол жылдың күзінен бастап Қалибек өз қосынын жасақтап, қытай отаршылдарына қарсы жаппай қарулы көтеріліске дайындалады. Еренқабыр­ғаның Сауан, Манас өңіріндегі Қалибек бастаған қарулы көтеріліс Құлжада құрылған Шығыс Түркістан ұлттық армиясымен селбесе отырып, Гоминдаң қосындарына сілейте соққы береді. Сөйтіп, көп ұзамай Қалибек қосыны Сауан ауданы өңірін толығымен азат етеді. Шығыс Түркістан үкіметі Қалибектің бұл ерлігі мен ұлт-азаттығы жолында сіңірген еңбегін өте жоғары бағалайды. Яғни, 1946 жылы маусымның 8 жұлдызында орта-шығыс майданының бас штабы орналасқан Еренқабырғада Сауан халқының азат болғандығының бір жылдығына арналған дүбірлі той өтеді...
Салтанатты жиналыста Шығыс Түркістан үкіметінің ресми өкілі, генерал-майор Палинов сөз сөйлеп, Қалибек қосынының Манас-Сауан өңірін азат етудегі ерен еңбегін ерекше жоғары бағалайды. Әрі Шығыс Түркістан үкіметінің атынан Қалибек сарбаздарының сапында болған Қазыхан мен Қашқынбайға І дәрежелі азаттық орденін, Қанапияға ІІ дәрежелі азаттық орденін, Қалибек пен Тәкіманға “Халық Қаһарманы” орденін тапсырады. Сондай-ақ осы жолғы жиналыста Қалибек Сауан ауданының әкімі, Тәкіман Сауан аудандық сақшы мекемесінің бастығы қызметтеріне тағайындалады. Міне, осы күннен бастап Қалибектің есіміне “әкім” (хакім) сөзін қосып айтуды халық дәстүрге енгізіп жіберді де, бірте-бірте бұл сөз Қалибектің фамилиясына айналып кетті. Біз бұл мақаламызда қазақы дәстүрмен “Қалибек Райымбекұлы” деп таныстырып отырғанымызбен, ол Түркияда және өзге де Батыс елдерінде “Alіbeg hakіm” немесе “Qalіbek hakіm” деген атпен танымал. Демек, әкім Қалибектің “Қалибек хакімге” айналуына халқының оған деген шексіз сүйіспеншілігі әсер еткен.
ХХ ғасырдың сөз болып отырған жылдарында ішкі Қытайда Гоминдаң (Сунь-Ятсен негізін қалаған Қытайдағы демократиялық бағыт ұстанатын саяси партия, ол кездегі басшысы – Жияң-Жиеши, мұндағы оқырманға Чан-Кайши деген атпен белгілі) мен Компартия (басшысы – Мао-Дзыдуң) арасында қиян-кескі қанды майдан – азаматтық соғыс жүріп жатыр еді. Қайсы тарапының жеңіс тұғырына көтеріліп, қытай елінің билік басына келетіндігін алдын ала болжау қиын болатын. Себебі, екі жағының әскер саны да, қару-жарақ деңгейі де шамалас еді. Тіпті арқа сүйер тірегі мен тілектестері де осал елдер емес-тұғын. Яғни, Гоминдаңның тірегі – АҚШ болса, Қытай компартиясының қолдаушысы – КСРО еді. 1945 жылы неміс фашистерін жеңіп, көңілі орнына түсіп, жан-жағына байыптай қараған Кремль Шынжаңда Гоминдаңның ырықты орынға шыға бастағанын байқап, қатты сасады. Сондықтан Сталин Маоға жедел түрде “коммунистік” көмек көрсетіп, жанұшыра жәрдем жасаумен бірге, Шынжаң жөнінде жымысқы есепке де көше бастады. Ол есебі былай: сол кезде қауырт өрлеуге бет алып, күшейіп тұрған Іле, Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақтардың көтерілісін пайдаланып, Шынжаңдағы Гоминдаң билігін аластау. Ондағы мақсаты – егер ертең ішкі Қытайдағы азаматтық соғыста Гоминдаң жеңсе, Шынжаңды одан арашалап алып, Моңғолия секілді бір қуыршақ мемлекет құрып, оны гоминдаңдық қытайға қалқан ғып ұстау. Ал компартия жеңсе, гоминдаңнан тазарып дайын тұрған Шынжаңды марксшіл Маоға сыйлай салу болатын. Себебі, Қытайда коммунистер жеңіске жеткеннен кейінгі жерде, Мәскеу үшін КСРО-ның іргесінде түркі тілдес халықтардың тәуелсіз мемлекетін ұстап тұрудың еш қажеті жоқ-тұғын. Міне, осындай жымысқы пиғылдағы Сталин, Шығыс Түркістанның Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарындағы көтерілісіне басшылық етуге өз “кадрларын” жіберумен бірге, жеткілікті деңгейде әскери қолбасшы және қару-жарақ та жөнелтіп отырды. Осылайша аталған үш аймақта жиналған неше жүз мың­даған қазақ, ұйғыр сарбаздарын Мәскеу мұздай ғып қаруландырудың сыртында, оларды ішер ас, киер киіммен де қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Әрине, мұның бәрі бір күнде бола қалған жоқ. Алғашында Мәскеудің жіберген “кадрлары” Құлжа, Шәуешек, Сарсүмбе, Үрімжі қатарлы жерлерден “марксизмді үйрену тобы”, “марксизмшілдер одағы”, “жас ұшқын ұйымы”, “ұлт-азаттық ұйымы” деген секілді ұйымдар құрып, оған сол жердегі көзі ашық, санасы ояу, ұлтшыл жастарды, сонымен бірге көтеріліс жетекшілерін қатыстырып отырды. Әрине, жіберілген “кадрлар” коммунистер болғанымен, олардың дені Сталиннің ішкі есебінен бейхабар еді. Сондықтан да олар Гоминдаңмен екіленбестен, жан аямай күрес жасады. Керісінше, коммунистік Қытаймен одақтасуға әрқашан дайын тұрды.
Ал 1944 жылы Іленің Нылқы ауданында Әкбар мен Сейіт қолбасшылық еткен қазақ шаруаларының қарулы көтерілісі күн санап, тіпті сағат санап ұлғайып, бір айға жетер-жетпес уақытта Нылқы ауданын азат етеді. Аталған ауданнан атқа қонған қалың қолға Іленің өзге аудандарының көтерілісшілері келіп қосылады. Бұл жағдай тұтас Іледегі қытай билеушілерінің құтын қашыра бастайды. Қытайлардың құты қашқан сайын, қазақтардың мерейі өсіп, қатары да көбейе береді. Тура осы кезде, Құлжадағы “марксизмшілдер одағы” мен “азаттық ұйымның” басшылары (Сталиннің жіберген кадрлары) көтерілісшілерге “дем беріп”, “қолдау көрсетіп”, “одақтасып” “го­миндаңшыл қытайларды тып-типыл етуге” үндейді. Сөйтіп, көтерілісші қазақ шаруалары Іленің аудан, ауылдарындағы қытай әскерлерін жойып болғаннан кейін, 1944 жылы қарашаның басында Құлжа қаласын азат етеді. Қарашаның 12 жұлдызы күні Құлжадағы “азаттық ұйымы” мен көтерілісшілер бірігіп, қаладағы “Қазақ-қырғыз-ұйғыр мәдениет-ағарту клубында” салтанатты жиналыс ашып, “Шығыс Түркістан уақытша үкіметінің” құрылғандығын жариялайды. Сол жиналыста Әлихан төре уақытша үкіметтің төрағасы, Әкімбек қожа төрағаның орынбасары болып сайланады.
Көп өтпей уақытша үкімет әлем халқына және мемлекет тұрғындарына: “1.Шығыс Түркістан территориясындағы қытайлардың отаршыл-әміршіл билігін толығымен жою; 2. Шығыс Түркістанда жасайтын әр ұлт халқының теңдігі негізінде, шынайы азат, тәуелсіз республика құру; 3. Шығыс Түркістанның экономикасын өркендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсарту; 4. Шығыс Түркістандағы халықтардың дені мұсылман болғандықтан, ислам дініне қолдау көрсету, сондай-ақ өзге діндерге де еркіндік беру; 5. Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамыту; 6. Әлемдегі демократиялық елдермен, сондай-ақ КСРО, Қытай секілді көрші елдермен саяси-экономикалық, достық қарым-қатынас орнату; 7. Шығыс Түркістан­ды қорғау, бейбітшілікті сақтау үшін республикадағы әр ұлт халқынан қуатты армия ұйымдастыру; 8. Банк, байланыс жүйесі, жер және оның асты-үстіндегі байлықтарды мемлекет меншігіне алу; 9. Жеке басқа табынушылық, бюрократизмді, жікшілдікті және парақорлықты болғызбау” деген тоғыз баптан тұратын үндеуін жариялайды. Сондай-ақ өзінің органы “Азат Шығыс Түркістан” газетін шығарады. Осылайша Шығыс Түркістанды толығымен азат етудің жоспары жасалып, мемлекеттің қарулы күші “ұлттық армия” ресми құрылады.
Алайда Әлихан төре мен Әкімбек қожаның ұлттық бағыттағы жоспармен жұмысқа жанталаса кіріскенін ұнатпаған Мәскеу 1946 жылдың мамырында оларды төра­ғалықтан бір-ақ түнде алып тастайды да, орнына ешкіммен ақылдасып жатпай-ақ, Ахметжан Қасыми, Абдукерим Апбасов секілді “кеңестік қызыл коммунистерді” та­ғайындай салады. Олар таққа отырысымен, яғни 1946 жылдың маусым айында Құлжадағы “Шығыс Түркістан уақытша үкіметі” дегенді “Іле уәли мекемесі” деп өзгертеді. Ал шілде айында “Шығыс Түркістан ұлттық армиясының” аты “үш аймақ әскері” деп өзгертіледі. Сонымен А.Қасыми мен А.Апбасовтың қатары Дәлелхан Сүгірбаев (қазақ), Ысқақбек Мононов (қырғыз), Ложы (қытай) секілді “төңкерісшіл” коммунистермен толыға түседі. Әлихан төре секілді ұлтжанды азаматты тақтан тай­дырып, оның орнына өз кадрларын қонжитып алған Кеңес одағы мен Қытай үкіметі өзара келісе отырып Шынжаңда жаңа өлкелік өкімет құрады. Өлкелік өкіметтің төрағасы Джаң-Джыджуң (қытай), оның орынбасары Ахметжан Қасыми болып тағайындалады. Азаттық үшін ағызған қан, қиылған жан әдірем қалып, жұрт қайтадан гоминдаң билеушілерінің езгісіне ұшырап, тағдырлары тәлкекке түсе бастайды.
Көрнекті қазақ қаламгері, Оспан батырдың өмірінен қос томдық тарихи роман жазған марқұм Жақсылық Сәмитұлы осы кезеңдегі тарихи жағдай туралы: “Шынжаң тарихына көз жібергенде, дәл осы кезде халық тағдырына жан-тәнімен күйініп, ел-жұрттың болашағын ойлап, сол үшін өздерінің басын бәйгеге тігуге батылдық еткен қазақ жұртында екі-ақ адам болды. Оның бірі – жоғарыда атап өткеніміздей, әйгілі халық батыры – Оспан Сіләмұлы, енді бірі – Қалибек Райымбекұлы”, – дейді өзінің “Қытайдағы қазақтар” атты зерттеуінде.
Айтып-айтпай не керек, А.Қасыми мен А.Апбасовтың қатары неше жүздеген, мыңдаған боздақтардың қанымен келген Шығыс Түркістанның азаттығын сатып кет­кеніне қатты ашынған Оспан батыр мен Қалибек хакім бастаған Алаштың ардагер ұлдары енді Гоминдаң үкіметімен бірлесе отырып, “кеңестің қуыршағы” Шығыс Түр­кістанға қарсы шабуылдарын бастайды. Алайда алғашында Шығыс Түркістан үкіметі әр түрлі айла-тәсілдермен олардың “бетін” бері қаратуға тырысып бағады. Бұл туралы Хасен Оралтай: “Сол 1947 жылдың жазында Үш аймақ жағы әкемнің көңілін алып өзіне тарту үшін басқа да айла-шарғылар қолданды. Түрлі топ-үйірмелер жіберіп, бірнеше алтын медаль да тақты. Сол жаздағы екі медальмен қосқанда әкеме тағылған медальдардың жалпы саны алтыға жеткен-ді”, – деп еске алады өз естелігінде. Бұдан кейін Қалибек хакімді Шығыс Түркістан үкіметіне бет бұрғызуға Мәскеу де белсене араласады. Мәселен, сол жылдың (1947) күзінде Сауан ауданының Дөңжұрт деген жерінде отырған Қалибек ауылына Шәуешек қаласындағы Кеңес одағының консулы келеді. Консул Қалибекке өзінің Кеңес үкіметінің тапсырмасымен арнайы келгенін ашық айта отырып, Қалибек хакімнің Гоминдаңмен ымыраласудан бас тартып, Шығыс Түркістан үкіметіне адал болуын, Шәуешекке тез келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі қызметіне кірісуін талап етеді. Алайда Қалибек хакім қазіргі “Үш аймақ үкіметі” дегеннің бұрынғы Шығыс Түркістан емес екенін, ол қазір мүлде КСРО-ның қуыршағы екендігін айта келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі болудан үзілді-кесілді бас тартады.
Осыдан кейін Үрімжідегі Гоминдаңның өлкелік өкіметі мен Қалибек хакім арасында бірнеше мәрте келіссөз өткізіліп, ең соңында мынадай келісім-шартқа қол қояды: 1). Оспан батыр мен Қалибек хакімнің қол астындағы қазақ сарбаздарын қытай үкіметі (Гоминдаң – Д.М.) қаруландырады. 2). Үкімет (Гоминдаң үкіметі – Д.М.) қызметіне қазақтар молырақ тартылатын болады.3). Шығыс Түркістан үкіметі КСРО ықпалынан құтқарылады.
Міне, осы келісімнен кейін Гоминдаң үкіметі Қалибек хакім қосынына жеткілікті қару-жарақ әкеліп береді. Осы қарумен және өздеріндегі бұрыннан бар қарумен, оқ-дәрімен толық қаруланған Қалибек сарбаздары Кеңес одағы офицерлерінің бұйрығымен ел іргесін қоршап алған үш аймақ әскерімен қиян-кескі соғысты бас­тауға тас-түйін дайындалады.
Жалпы, Қалибек хакім қосынының күннен күнге ұлғайып, қару-жарақтарының толықтанып бара жатқанын байқап отырған үш аймақ үкіметі енді оларды одан әрмен күшейіп кетпей тұрғанда тып-типыл ғып жойып, түбегейлі құртып жіберу үшін мүлде жаңа жоспар жасайды. Яғни, олар Шихуда алдыңғы шеп қолбасшылық штабын құрып, “Қалибек бастаған бандыларды” үш бағыттан қоршап жоюға шындап кіріседі. Кеңес одағында жасалған озық қару-жарақпен мұздай қаруланған, Ұлы Отан соғысы майданында болып, соғыс өнеріне әбден жетілген кеңестік тісқаққан офицерлер қолбасшылық ететін үш аймақ әскерлеріне саны шағын (мыңнан сәл ғана асатын), арнайы әскери дайындығы жоқ, соғыс өнерінен бейхабар, қарулары да қарапайым Қалибек қосынының төтеп бере алмасы екібастан белгілі еді. Осылайша үш аймақ әскерлерімен өліспей-беріспей 20 күн шайқасқан Қалибек сарбаздары 11 желтоқсан күні (1947ж.) қатты қырғынға ұшырап, Манас өзенінің батысынан жол тауып, өзеннің шығысындағы Гоминдаң иелігіндегі өңірге ауа көшеді. 1948 жылды мал-жанын тынықтырып, сарбаздарын шынықтырып, алдағы жоспарларын тиянақтап сол өңірде өткізген Қалибек хакім 1949 жылдың басынан бастап шұғыл іске кіріседі. Өйткені, бұл кезде ішкі Қытайда коммунистік қытайдың жеңісінің төбесі көрініп, Гоминдаң үкіметі жеңіліске бет алып келе жатқан болатын. Осының бәрін жіті қадағалап, мүлт жібермей безбендеп отырған Қалибек сол жылы көкек айының басында Еренқабырғаның бөктеріндегі Қошты деген жердегі қыстауында Үрімжі мен Еренқабырға өңіріндегі қазақтардың ел ағаларын жинап шұғыл жиналыс өткізеді. Бұл жиналысқа Оспан батырдың, қаржы министрі Жанымханның, дүңген генералы Ма-жүнжаңның өкілдері қатысады. Жиналыс мынандай қаулы қабылдайды: Оңтүстік Шығыс Түркістандағы ұйғырлармен селбесу; Циньхай өлкесіндегі дүңген генералы Ма-Буфаңмен сөйлесу; АҚШ-тың Үрімжідегі консулымен сөйлесіп, АҚШ үкіметінен көмек сұрау; Гоминдаңның Шығыс Түркістандағы қарулы күштерімен тізе қосу; Қалибек хакім ауылы Қарашәріге көшіп барып, сол жақтағы ұйғырлармен бірлесе отырып коммунистік қытайға қарсы жаңа соғыс шебін ашу; бұл қаулыны Оспан батырға жеткізіп, оған барлық мән-жайды түсіндіру, т.б.
Аталған қаулыдағы Үрімжідегі АҚШ елшісімен сөйлесу, Оспан батырға жағдайды түсіндіру міндеті Қалибек хакімге жүктеледі. Ұзамай Қалибек хакім Алтайдағы Оспан батырға, Үрімжідегі АҚШ елшісіне барып жолығып, сөйлесіп қайтады. Осы сапардан оралған соң “Қалибек елі” Оңтүстік Шығыс Түркістандағы Қарашәрі аймағына қарасты Өри деген жерге барып қоныстанады.
“Қошты қаулысына” сай Оңтүстік-Шығыс Түркістанда коммунистік Қытайға қарсы өрістеуге тиісті кең көлемді шабуыл жүзеге аспай қалды. Оған Үрімжідегі ұйғыр жетекшілері мен дүңген генералдарының аяқ астынан шетелге қашып кетуі себеп болды. Енді Қалибек хакім бастаған елдің алдында қияметтің қыл көпіріндей қиын, тозақтай азапты бір ғана шығар жол бар еді. Ол жол – атамекенмен, туған елмен мәңгіге қоштасып, шетелге босып кету.
Қалибек хакімнің 1949 жылдың соңынан басталған босқындық өмірі 1954 жылы шіл­денің 29-ы күні Түркия топырағына табандары тигенге дейін созылған. Бұл бес жылда Қалибек хакім өзіне ілескен елмен бірге Такламакан шөлін басып, Гималайдың мұзарт шыңдарынан асып, жол-жөнекей әр түрлі елдің сан алуан құқайын көре жүріп, жүздеген аяулы жандарды жер қойнына тапсырды. Олардың ішінде Қалибек хакімнің туған ағасы Әділбек Райымбекұлы, бауыр еті – балалары Іскендір, Нұркамал, Қапан, Шәрбан, Мәриямдар бар еді...
1954 жылдың қыркүйек айында Қалибек хакім қоныстанған күннен бастап Түркияның Салихлы деген қаласы көптеген шетелдік журналистер мен ғалымдар, дипломаттар жиі келетін әйгілі мекенге айналады. Себебі, Анадолы жеріне барып қоныстанған соң да Қалибек хакім бала-шағасын асыраудың қамынан тыс, өзінің өмірлік мұраты Шығыс Түркістанда қалған ел-жұртының азаттығы мен бостандығы мәселесін күн тәртібінен бір күн де түсірген емес. Тіпті Түркияға барған жылдың күзінде Қалибек Райымбекұлы елдің сол кездегі президенті Желал Баярдың қабылдауында болып, оған қазақ босқындарын қабылдап, туысқандық көмек көрсеткеніне рахмет айтып, мүмкін болса Шығыс Түркістандағы қазақ, ұйғыр халықтарының азаттық ісіне атсалысуын өтінеді.
Қалибек хакім бала кезінен-ақ өте діндар адам болған. Тіпті сонау Сауандағы қызыл қырғын шайқас күндерінде де, Такламакан шөлінен өтіп, Гималайдың мұзды шыңдарынан асқанда да намазы мен оразасын қаза қылмаған. Анадолы жерінде де қым-қуыт тірлікпен айналыса жүріп жеті мәрте қажыға барып қайтады. Осылайша Алаш жұртының азаттығы, ақ дінінің тазалығы жолында шарқ ұрған ұлы жүрек 1985 жылы қараша айының 16-сы күні Түркияның Салихлы қаласында соғуын тоқтатты.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қалибек хакім Райымбекұлы – азат Отанының қандай құрметіне де лайық, ХХ ғасырда ғұмыр кешкен Алаш жұртының қапысыз қаһарманы.
Авторы: Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

 
15.10.2010 12:20