Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Добавляйте или присылайте работы на сайт и получайте призы!           >> Узнaть подробности...

Банк рефератов KZ

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ


15470

Ұлттың ортақ ұраны

Ұлттың ортақ ұраны: Отан, Тәуелсіздік,
тұрақты даму
Бүгінгі күні жеке тұлғаны Қазақстандық патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу барысында Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев: “Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі орталықтарда, барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы” – деген сөзіне үңілсек, онда Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, дербес мемлекет болуы және өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады.
Оның басты құндылықтары – ана тілі, ұлттық рух, діни наным сенімдермен тығыз байланысты. Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері.
Президенттің Жолдауында ең мықты 50 елдің қатарына кіру туралы керемет ой айтылды. Бұл – ұлттың ортақ ұраны.
Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған өз әлінше үлес қосуы – бұның басты шарттарының бірі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан – 2030 ” атты еңбегінің “Қазақстан мұраты” деп аталатын бөлімінде: “…біздің балаларымыз бен немерелеріміз… бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады” – деп, үлкен үміт артты.
Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында “Білім беру жүйесінің міндеттері: …азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу” десе, ал орта білімді дамыту тұжырымдамасында “…тәрбиелік жұмыстарды қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілікті интернационализм негізінде құру” – керек екендігі көрсетілген.
Егемендік алған бастапқы күндерден-ақ патриотизм ұғымы, оның мазмұны төңірегінде пікірталас жүріп келеді. Одан “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” деген екі ұғымның туындағаны белгілі. Бірақ өсіп келе жатқан жас буындарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұл екі ұғымның қайсысын ұстанған жөн, олардың мазмұндық құрылымы қандай ой-тұжырымдар жүйесінен тұрады, бұдан былайғы кезде мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдердің формалары мен мазмұнын қолдануға бола ма деген сияқты көптеген мәселелер толық зерделенбей отыр.
Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білгеқаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: “Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді” – деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады:
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым…
Түркі иелігінен
айырылған халықты
Ата-баба мекеніне орнатты…
– делінген.
Жазбадан патриотизмнің – халықты көбейтіп, байыту үшін еңбек ету, ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, діл бірлігін қорғау екендігін аңғарамыз. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші.
Туған жерге деген ыстық сезім, атамекенге деген құрмет пен қадір қасиет тұтуды Ұлы дала ойшылдары Қорқыт Ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, т.б. айтқан болатын.
Ықылым заманнан бізге жеткен “Қорқыт Ата кітабында” тәлімдік мәні күшті, қанатты сөздер мен ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Мысалы: “Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік өрге баспайды, өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық” – деген екен. Бұл өсиет сөздерден ақыл-парасат, өтірік айтпау, атаның атын былғамау туралы ойлар мен шығарманың өн бойынан ұлы даланың байтақтығын, әдемілігін көреміз, бұл әр түріктің бойында осы далада туғаны үшін мақтаныш сезімін тудырса керек.
Әл-Фараби өзінің “Азаматтық саясат”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу”, “Риторика”, “Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері” атты трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелермен бірге көркемдік, сұлулық, мейірбандық, білім категорияларының бетін ашып, олардың негізгісін дәлелдеп берген.
Ақын-жыраулар халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, оларды іргелі ел, берекелі жұрт болуға шақырды. Жыраулар жаугершілік заманда хандар мен бектердің ақылгөй кеңесшісі болып, жорықтарға бірге аттанды, ру тайпаларға басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көріністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, шейіт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлісті.
Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халықтың береке бірлігін, Отанға адалдығын сақтау, намысты қолдан бермеу, өз Отанын жаудан аянбай қорғау – ат жалын тартып мінуге жарайтын қазақ баласының қасиетті борышы екендігін Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақынның өлең-жырларынан көре аламыз.
Бұқар жырау:
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы,
Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы – деген екен.
Ал Ақтамберді жырау болса:
Жауға шықтым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлыққа,
Жалынды жүрек қан қайнап
Ел-жұртыңды қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап – деген жыр жолдарымен халықты батырлыққа, батылдыққа шақырған.
Қазақтың айбынды ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы қазақ шаруаларын бостандық үшін күреске шақырып, қара халықты бақытқа жеткізуді армандап өткен. Ол өзінің үзеңгілес серігі Исатай мен халықтың ерлігін, олардың адамгершілік қасиеттерін жыр етті.
Өз халқына, ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев шығармаларынан да көруге болады.
Қазақ тарихын зерделеу барысында олардың табиғаты, әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты патриот халық екенін айқын аңғаруға болады. Бұны қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Ш.Уәлиханов жақсы зерттеген және өзінің патриоттық сезімін: “Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай (матрешка сияқты бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде тағы бір сандық) мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін”, – деген екен. Бұл тұжырымнан патриотизм отбасынан бастау алып әулет, тумаластарға деген сүйіспеншіліктен барып халыққа деген махаббат және сол кездегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі Ресейді атап көрсетуі де патриотизмнің халықаралық мәдени қатынастардың да негізі екенін көрсетеді.
Қазақта ең алғаш қазақ балалары үшін халық мұрасына, салт-дәстүріне, ерлік, адамгершілік тәрбиесіне негіздей отырып, оқулық жазған Ы.Алтынсарин болды. Ол көшпенді елдің баласына ғылым-білім, өнер үйретуді армандады.
Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, жастарды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін тудыратын жыр жолдарын кездестіреміз. Оның “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген сөзі, барша жұртшылықты жауласу, күш көрсету дегенді білместен, тек тату-тәтті өмір сүруге шақырады.
Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілікті, адал шыншыл болуға, өз Отанын сүюге, отаншылдық, отансүйгіштік қасиеттерді әр адамның бойына дарытуға ұмтылған. Бұл бүгінде Қазақстанның, Елбасымыз Н.Назарбаевтың “әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық  туғызбау” деген бағытымен үндесіп жатыр.
Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтына деген ыстық сезімді Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Т.Рысқұлов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай т.б. еңбектерінен де кездестіреміз. А.Байтұрсынов:
– Қазағым елім!
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып… – десе,
М.Дулатов:
“Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты” – дейді. Ал.С.Торайғыров:
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам? – деп, жастарды өнер-білім алып, жарыққа талпыну Отанға пайдалы азамат болу екендігін сан қайталап еске салады. Алаштың осы – біртуар ұлдарының бұратана халық болмаймыз, өз алдымызға тәуелсіз ел боламыз деп қазақ елі, қазақ жастарына қалдырған өсиеттері өз иесіне енді-енді ғана жетіп жатыр. Сонымен қатар, қай заманда болсын адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесін келешек қоғам қамын ойлау тұрғысынан қарастырып, М.Дулатов “бастауыш мектепте алған тәрбиенің  әсері күшті, сіңімді болуы қай халықтың мектебінде болса да, оқу кітапшасы ана тілінде өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғатынан жазылып, баяндап оқытуды, осылай біліп баяндап оқытқанда, жас баланың ойына, қанына, сүйегіне керекті мағлұмат алып шығады”, – деген болатын. Жас ұрпақты ұлттық бірлікке, Отанын, елін, жерін сүюге, ұлттық тәуелсіз мемлекетті нығайтуға өз үлесін қосуға тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Көркем шығармаларда отансүйгіштік сезімді ардақтап, батырлық, ерлікті мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптелген. Бұл тақырыпта әңгіме, ертегі, өлең, жырлар туғанын, оларда халықтың батырлық, ерлік істерді және оны жасаушыларды ардақтағанын білуге болады.
Патриотизмнің тарихи, элементтері туған жерге, ана тіліне, салт-дәстүріне сүйіспеншілік түрінде ықылым заманнан қалыптаса бастаған. Таптық қоғамда патриотизмнің мазмұны да таптық тұрғыда көрініс табады, өйткені әрбір тап Отанға деген көзқарасын өз мүддесі тұрғысынан білдіреді.
“Патриот – Отанын, халқын, жері мен суын шынайы сүйетін, халық мүддесі үшін бар күш-жігерін, қабілетін аямайтын адам. Олар – өз Отанының жалынды патриоты, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығының озаттары.
Өз Отанын, халқын шексіз сүюшілік – барша күш-жігерін Отан мүддесіне арнаған адамға тән терең сезім. Волгадағы шайқас барысында Совет халықтарының патриотизмі, Отанға деген сүйіспеншілігі майдандағы әскер арасында, тылда еңбеккерлер арасында айқын көрінді. Мұндай тұлғалар тек біздің Совет елінде ғана ұлы интернационализм мен советтік патриотизм топырағында өсе алады” – деп, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде көрсетілген.
Қазақ совет энциклопедиясында “патриотизм” – дегеніміз (грек patrіotes – отандас, patrіo – Отан, туған жер) отанға деген сүйіспеншілік. Бойындағы күш қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің әдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриотизм элементтері ерте заманнан қалыптаса бастайды, – деп көрсеткен.
Үлкен совет энциклопедиясында “социалистік қоғам азаматының патриотизмі өз Отанына, бүкіл социалистік елдер ынтымақтастығына берілгендік пен адалдықтан тұрады” – делінген.
Педагогикалық сөздікте “…патриотизм өз халқына, Отанға деген сүйіспеншілік …пролетарлық интернационализммен берік байланысқан” – деп көрсетілген.
Ю.К.Бабанскийдің “Педагогика оқулығында “патриотизм …(грек тілінен аударғанда – Отан) әдетте Отанға сүйіспеншілік деп аталатын, нақты бір әрекет бейнесінде және қоғамдық сезімдердің күрделі жиынтығында көрініс беретін, балаларының Отан – Анаға деген көзқарасын сипаттайтын қоғамдық және адамгершілік принцип”, – деп көрсетілген.
Қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі бір төбе. Жазушының көптеген еңбектерінің ішінен “Соғыс психологиясы” атты шығармасын ерекше атап өтеміз. Өйткені,мұнда патриотизм және оған тәрбиелеу хақында өрелі пікірлер бар. Ол патриотизм туралы айтудан бұрын оның келіп шығу тегіне үңіледі, ұлттық мақтаныш дегеніміз “белгілі бір ұлт адамының жеке мақтаныш сезімі, …өз ұлтын сыйламаса және оны мақтан тұтпаса, ол барып тұрған арамза, Отансыз қаңғыбас” дей келе ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, …адамдар ғана Отандастарының алдындағы өз халқының және ең алдымен халықтардың бауырластығы алдындағы өз борышын терең де жоғары сезінеді. Адамның жеке психологиясының әскери қызметтегі маңызын аша келіп, Б.Момышұлы: “патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік. Жеке адамның аман саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді сезіну, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау; қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды оны жеке адамның барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым- қатынасын біріктіреді”, – деп терең, жан-жақты анықтама берген. Қаһарман жазушы біз іздеп отырған “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” ұғымдарына философиялық анықтама беруге ұмтылған. Ол “ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті – өз халқына деген сүйіспеншілігі, өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын, әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты”.
Сонымен Б.Момышұлының анықтамасы бойынша ұлттық патриотизм мыналардан тұрады: өз халқына сүйіспеншілік, өз халқымен қан жағынан байланысын сезіну, шыққан тегін сезіну, тұрып жатқан өлкесі, ана тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, тарихи дәстүрі, психологиялық ерекшелігін сақтап, дамытуға, оны өз ұрпақтарына өткізіп беруге бейімділік. Осыдан барып, патриотизмге тәрбиелеуді отбасынан бастау проблемасы келіп шығады. Бұл Кеңес Одағы кезінде де, бүгінде де әлі зерттеліп зерделенбегені анық.
Бұдан келіп шығатын тұжырым Б.Момышұлы көрсеткен рухани ерекшеліктерді сақтау ұлттық патриотизмнің уәзіні  (критерийі). Жаңа қалыптасып келе жатқан жас мемлекетіміздің болашақ азаматтарын патриотизмге тәрбиелеуде, міне, осылар оның негізгі бағыттарын құрауы керек. Ойымызды айқындай түссек, Б.Момышұлы айтып отырған белгілердің педагогикалық негізі тұлғаның патриоттық сана-сезімін қалыптастыру; патриоттық іс-әрекетін ұйымдастыру; мінез-құлқына патриоттық сипат беру мектептегі оқу-тәрбие ісінің өзегі болуы керек. Бұл оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнынан бастама алып, сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда жалғасуы орынды.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ұлы, жазушы Бақытжан Момышұлы “нағыз патриоттар өзінен бұрын Отанының қамын көбірек ойлайды. Шынайы патриот қазақ ата жұртының мәңгі тәуелсіз өмір сүріп, гүлдене беруі үшін өзінің саналы өмірін сарп етуге даяр адамдар” деп дәріптейді.
Жазушы “Қазақстандықтардың барлығын бірдей патриоттар деп айта алмаймыз, өйткені материалдық тоқшылық, технологиялық игіліктерге бола жеке басын күйттеп, шетелге қашқандар, келешек ұрпаққа мұра болып қалатын жерді табиғи ресурстарды сатып жеке басының байлығын асырғандарды, “қазақ” деген ұлы халықтың даналығынан туған салт-дәстүрін тәрк етушілерді, тарихын, тілін білмейтін, білуге ұмтылмайтындарды патриоттар қатарына қоспайды. Ол Қазақстанның бүгінгі территориясының сақталып қалуына, халқының ел болып ұйып отыруына, ежелгі дәуірден бері қарай үлес қосып келе жатқандарды нағыз патриоттар дей келе, “патриоттары көбеймеген халық елдігінен айырылады және елдігін сақтап қала алмайды”, – деп түйіндейді.
Бақытжан Момышұлы патриоттық сезім “адамдарға генетика арқылы беріліп, ойына мықтап орнығады. Алайда оған күтім мен қамқорлық, ұдайы шыңдап отыратын тәлімгерлік те қажет” , – дейді. Ол ерлік, рух, ұлттық намыс арасындағы тығыз байланысты: “меніңше, ұлттық намыс болмаса, ұлт батырлары да болмайды. Сонымен қатар ол, ең алдымен, елінің патриоты атанбаса, батыры да емес. Демек, ұлтына деген құрмет патриотизмнің ажырамас бөлігі. Отаны мен халқына деген сүйіспеншілік жоқ жерде патриотизм тумайды. Егер тура мағынасында айтсам, патриотизм – адамды өзінің арғы тегімен жалғастырып жататын арқауы мықты қасиетті жіп”, – деп белгілейді.
Осыған орай, “Қазақстандық патриотизм” деген ұғымды – педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Құсайынов: “Қазақ елін шексіз сүю деп түсінемін”, – дей келе, “Отан сүю” сезімі – халқының келешегі үшін күресумен, ол үшін аянбай еңбек етумен етене қабысып жатқан сезім, Қазақстанның келешегі үшін ақ жүрек, адал ниетпен қандай салада болмасын өз шама-шарқы келгенше аянбай еңбек етуді мен Қазақстандық патриотизмнің бүгінгі шынайы көрінісі дер едім”, – дейді.
Қазақстан халық жазушысы Ә.Нұршайықов: “Қазақстандық патриотизм” деген ұғымның жаңадан туындап келе жатқандығын, әлі де болса “кеңестік патриотизм” кезіндегідей күш, қуат, қайрат, сүйіспеншілік, Отанға деген шексіз берілгендік жоқ, адамдардың бар мақсаты қандай жолмен болса да ақша табуға бағытталған деп өмір шындығын көрсете келіп, бірақ қазақстандық патриотизм бізге керек, оның басты жолы жалпақ елге патриоттық тәрбие жұмысын жүргізу. Бұл ретте Кеңес Одағы кезіндегі жақсы тәжірибелерді бүгінгі күн жағдайына сәйкестендіріп қолдану қажет, “іштен ешкім патриот болып тумайды. Қазақстандық патриотизмді өсіріп өркендету үшін, байыпты, байсалды тәрбие керек”, – дейді.
М.Қозыбаев “Жауды шаптым ту байлап” атты еңбегінде қазақ халқының басынан өткен ұлт-азаттық қозғалысын, Отан қорғау тарихы, оның кезеңдерін, халқымыздың ел басқарған көсемдерін, қол бастаған батырларын, олардың ерліктерін жыр еткен шешен-жырауларын сөз етеді. Тәуелсіздік үшін болған ата-бабаларымыздың қанды жорықтары, дабылды, дауылды азаттық күрес жолдары, ел бостандығы, бірлік жолы, ұлтжандылық, ұлттық сананы негізгі арқау етіп алған. Жұмыстың “Ұлт-азаттық қозғалысының белестері” атты бөлімінде, Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстарын 7 кезеңге бөліп, оның себеп-салдарын көрсеткен:
І кезең. Қазақ халқының құрамына кірген тайпалардың Ібір-Сібір жұртын жаулап алуға қарсы азаттық қозғалысы.
ІІ кезең. Қоқан-Хиуа хандықтарына қарсы ұлт-азаттық қозғалыс. Бұл ұлт-азаттық қозғалыс үш жүзді одан әрі қабыстырды, кіріктірді, біріктірді, ұлттық дәрежеге көтерді.
ІІІ кезең. Ресейге қосылу кезеңі, бодандыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыс.
ІV кезең. Отарлау саясатына қарсы Сырым Датұлы, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісұлдарының басқаруымен болған шаруалар көтерілісі.
V кезең. Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс.
VІ кезең. ХІХ ғ. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс.
VІІ кезең. 1917 жылғы Ақпан және Қазан революциясы.
Міне, осылай 1590-1990 ж.ж. арасындағы Ресей, одан қалды кеңестік империя кезіндегі қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы осындай асулардан өтті. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқы өзінің ата-баба тарихына сүйіспеншілікпен қарауға құқықты. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз бір сәт құлдыққа бас сұғып, өзінің отар ел болған болмысына ризашылық білдіріп, отырып қалған емес. Олар арының тазалығын ту қылып, азаттық жолын қалады. Ата-баба салты – тарихымыздың үлесі халқымыздың баға жетпес мұрасы.
Өсіп келе жатқан жас буындар бойында ұлттық патриоттық сана-сезім қалыптастыруға зиянын келтіріп отырған, оларға рухани жұтаңдық әкеліп отырған ақпарат құралдары өте көп. Оның үстіне жақын шет елдерден әдейі шақырылып жатқан эстрада жұлдыздары ақша табуға жарайтын жеңіл-желпі құндылығы төмен өнер деп айтуға тұрмайтын шығармалармен жастарымыздың санасын жұтатуда. Көптеген жасөспірімдердің нашақорлыққа, маскүнемдікке, қаңғыбастыққа берілуінің экономикалық себептерінен басқа саналарындағы рухани бостықтың игерілмеуі деуге болады. Оның тағы бір дәлелі – жастардың патриоттық сана-сезімінің қалыптасуына тікелей немесе жанама түрде теріс ықпал ететін жайттар. Төл жәдігеріміз – ауыз әдебиеті, мақал-мәтелдер, қанатты сөз, өлең, жыр, терме, ана әлдиі, ата тілегі – ұлттық тәрбие бесігі.
Егемен ел жағдайында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың елін-жерін сүйетін, ана-тілін ардақтайтын, ұлтын пір тұтатын азамат болып өсуін қамтамасыз ету бүгінгі мектептің басты мақсаты деуге болады.
Біздіңше патриотизм – ол өзінің туған жеріне, ана тіліне, мемлекетке деген сүйіспеншілік сезімі, сол мемлекеттің, Отанының гүлденуіне, өсіп өркендеуіне өз үлесін қосу, қызмет ету.


Авторы: Байзақ МОМЫНБАЕВ, Қазақстан және Ресей Білім академияларының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 
01.03.2011 16:15


Брачо, есть почитать чё...