Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

155240

Асылбек пен Гүлжаһан

«Асылбек – Гүлжаһан» дастаны Ғабдімәлік патшаның тұсында Кәрімбай, Сәлімбай дегендердің ұлдары Қасымбек пен Асылбектің екі түрлі азамат болып қалыптасуын көрсетеді.

Дос болып екі мырза өсіп жетті,

Асылбек оқу біліп, ғалым болды.

Даңқты, мағлұматты мәлім болды,

Қасымбек өзі надан, зәлім болды, – деген өлең жолдарынан-ақ көп жайды аңғарамыз. Қасымбек үйленіп алып, балдызын Асылбекке беруді көздейді.

Балдызын ұнатпады Асыл көріп,

Бұл сөзге Қасым кетті ашуланып.

Демек, Қасым ауыр сөздермен досына тіл тигізіп, іштей кек тұтады. Асылбек елде қалуды жөн көрмей, Бағдаттан Шам шаһарына қарай көп адаммен керуен тартып, сапар шегеді.

Жолаушылар бірде атақты Ахмет байдың сарайының жанына тоқтайды. Сол жерде өте ақылды, сұлу қыз бар екендігі туралы әңгіме қозғалады.

Гүлжаһан көп оқыған бұ да ғалым,

Әкесінің байлығымен жұртқа мәлім.

Болғанда өзі көркем, өзі дана,

Жетпейді жүздесуге сенің халің, – дейді демалып отырған жүргіншілер. Осыдан соң Асылбектің бейтаныс арумен танысуға деген құштарлығы оянады. Ақыры ниетін хатпен жеткізуге тырысады.

Қыз таңдап жаратпайтын, Асыл, сіз бе?

Бұрында хабарыңды естуші едім.

Болмаспын лайықты мен де сізге,

Осындай мазмұндағы қыздың жолдаған сәлемін алғаннан кейін Асылбек қатты қапаланып, өз жөнімен кете барады. Содан соң базарға барады, бір топ адамдар бір ғажайып сақинаны сатып алуға үймелесіп жатқанын көреді. Ойында Гүлжаһан тұрғандықтан, бір үйдің хақы тұратын он алтын беріп, сол сақинаны сатып алады. Осыдан кейін қайтадан сарайға келіп, Гүлжаһанды кездесуге шақырады.

Жарық еткен қараңғыны сенің нұрың,

Аз сөзді, мағыналы ішкі сырың.

Көруге сипатыңнан мін таба алмадым,

Өлшеусіз саған біткен ақыл-білім.

Асылбектен өлеңмен жазылған хат келген соң, Гүлжаһан Асылбекті жолдастарымен бірге шақырып, қонақ етеді. Сол жерде олар бір-бірін ұнатып қалады. Артынша жастардың тойы дүркіреп өтеді. Осы жағдайды Қасымбек қызғанып, іші күйіп, өздігінше жоспар құрады.

– Әйелге ешқашан сенбе. Бойын үйретіп алған соң, түптің-түбінде бәрібір саған сатқындық жасайды. Менің сөзіме сенбесең, өзің сынап көр. Ол үшін айлық жолға сапарға шық. Егер менің айтқанымдай болса, сенің бүкіл мал-мүлкің менікі болады. Егер мен жеңілсем,бүкіл жиған дүнием сенікі болады, – деп Қасымбек шарт жасап, досына қол қойғызып алады.

Түсімде ат-тоныңмен сайға түстің,

Күте алмас қасірет-қайғы жайға түстің.

Ат-тоның, киіміңнен садақа деп,

Құтқардым себебімен еңбек күштің, – деп Асылбектің керуен түзеп, базарлап кетуіне келіншегі Гүлжаһан қарсы болады.

Асылбек жол жүріп кеткеннен кейін, Қасымбек өзінің қара ниетті мақсатын жүзеге асыруға тырысады. Гүлжаһанға жағымпазданып, әзілдеген болып жиі жақындайды. Ас пісіретін жалшы әйел Ажарға ақша беріп, «жүзікті ұрлап алып бер» деп қолқа салады. Гүлжаһанға жала жабу үшін Сапарбектің баласы Құмаршаны өлтіреді. Сөйтіп, байлықтан басқа көздегені жоқ Қасымбек досы келгенде: «Әйеліңнің қойнынан Құмаршаны ұстап алдым. Ол қапияда өліп кетті. Жанынан гауһар жүзік шықты», – деп өтірікті құрастырып шыға келеді.

Аһ ұрып қапаланған Асылбек әйелі екеуі екі қайықпен серуенге шығуды ұйымдастырады. Ескегі жоқ шар қайықпен қыдыртып, соңында әйелін суға батырып жіберуді ойластырады. Нәтижесінде, Гүлжаһан сумен ағып кете барады. Опасыздыққа жаны күйзелген Гүлжаһан тағдырына көніп, көзінің жасын көлдетіп, жүрегін ауыртқан жағдайларды жыр қылып теңізге төгіп, зар-мұңын желге жалбарынып жеткізеді. Бұтасыз ақ теңіз қыздың кінәсіз екенін сезіп, оны тереңіне тартпайды. Үш күн, үш түн су бетінде аққан қайық бір аралға қайырлап келіп тіреледі. Бейтаныс аралда ол өлген китті көреді. Амалдап шақпақ тастан от тамызып біраз күн кит балықты азық етеді. Бірде Анкарадан жер аударылып, он жылға соттан үкім алып жатқан бөтен адамдарға жолығады.

– Кемемен Бағдаттан сайрандауға шығып едік, кеме сынып, бақытсыздыққа ұшырадық. Бір тақтаймен жан сауғалап осы жерге келіп қалыппын, – дейді Гүлжаһан. Сөйтіп, жеке басындағы қайғыны өзгеге жария етпейді. Қамаудағыларды ұстайтын лагерьдің бастығы Гүлжаһанмен әңгімелесе келе оның өте сауатты, көкірегі ояу, текті жан екенін бірден байқап, өзіне жәрдемші етіп алады. Гүлжаһан аш-жалаңаш, мүгедек адамдардың бәрін тізімге тіркейді. Олардың сақал-шашын алдыртып, ішер астарын жолға қояды. Өзі жылына екі рет Бағдатқа қатынауға мүмкіндік алады. Орталық халифадағы дәрілиун мектебіне «оқуға кіремін» деп хат жазады. Гүлжаһан ерлерше киініп, өзін бұдан былай Жаһанша деп таныстырады. Дәрілиунның мектебінде оқып жүргенде патшаның қызы Нұржамал оны ер жігіт деп ойлап, ессіз ғашық болады. Бас амандығы үшін Нұржамалға «үйленуінде де» Гүлжаһанның ақыл-айласы мол. Әмірлік-әкімшілік жұмыстарды белсене атқаратын Жаһанша небір қылмысты адамдарды тергеуге қатысады. Жоғары судьялыққа қол жеткізеді. Сөйтіп жүріп өз еліне келеді. Жұмысына адал Гүлжаһан кемеліне жетіп отырған Қасымбек туралы мағлұматтарға қанығады. Қасымбектің досына көптеген қиянат жасағанын, соңында пәле жауып соттатып жібергенін де ел аузынан естиді.

Үлгілі сот құрады Қасымбекке,

Дөп келді толар кезі қайғы-дертке.

Қасымды дарға асуға үкім етті,

Мал-мүлкін қайтаруға Асылбекке.

Қасымның конфиске етті мал-мүлкін.

Асыл да құтқарылды болып еркін.

«Ажар қатын өмірлік катор» деді

Мал бөліп Құмаршаға құн берілсін.

Ақылды Гүлжаһан соттың үкімін шығарады. Асылбек Жаһаншаны көруге ынтығады. Кездескен кезде аяғына жығылып, құлап еңіреп жылайды. Сонда Гүлжаһан да жүрекжарды лебізін арнайды.

Өлімге мені қиғаның,

Қайда кетті иманың?

Қара жүрек Қасымның,

Алдауына сыйғаның.

Соңында халифаның әмірі Жаһанша барлық жағдайды Нұржамалға айтып, одан кешірім өтінеді. Асылбекке қосылып оны ордасына уәзір етеді.

Дастанды жаздық арнап мысал үшін,

Ойыңа қалай келсе, солай түсін.

«Ақтың отын ақымақ сөндіре алмас»,

Дегені дұрыс мақал соның үшін.

Дәл осындай жолдармен дастан аяқталады. Қасымбектің өзімшілдігінен, парықсыздығынан қаншама зардап шексе де, Гүлжаһан қиындықтан шығудың жолын тапты. Қаншама пәле-жала, күйе жақса да Асылбек ақталды. Өмірде ауыртпалыққа шыдап, жақсы күннің келеріне сенетін Гүлжаһандай қыздың еңбекқорлығына, білімдарлығына қызықпауға бола ма?

 
14.05.2014 15:19