Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154452

Күнбатыс Алашордашылардың тарихи

КҮН СӨНГЕНШЕ СӨНБЕЙМІЗ!
немесе Күнбатыс Алашордашылардың тарихи
миссиясы көздеген мақсатына жете алды ма?
 
Жиырмасыншы ғасырдың басында отаршыл орыс империясының қоғамдық өмірінде орын алған әлеуметтік толқулар мен саяси төңкерістер қараңғы қазақ көгіне азаттықтың үміт сәулесін себелеп төге бастаған-ды. Осы тұста Міржақып: «Оян, қазақ!» деп ұрандатса, Ахмет, Әлихан, Халел, Мағжан Алаш туы астынан табылып, жаңа қазақ қоғамын құруға бел буып, білек түре кіріскені тарихтан белгілі. Мүлгіген елді азаттық дүбірі кезіп кетті. Бір кезде елес болған арман шындыққа айналатын шақ туғандай көрінді. Міне, осындай қиял мен елес, үміт пен арман қазақ санасында итжығысқа түсіп жатқан аумалы- төкпелі, аласапыран заманда қоғам тарих сахнасына «Елім!» деген ұлдары мен қыздарын шығарды. Олар қазақ елі келешегінің тізгінін өз қолдарына алуға тиіс еді. Сол дәуірде бірде-бірі шашау шықпай тұтасып тірлік кешіп отырған Ақжайық өңірінің қазақтары еркін өмірге, азаттыққа, теңдікке ұмтылған Ұлы даланың ту ұстаушыларының алдыңғы шебінен көрінгеніне тарих куә.
 ЖҮЗ ЖЫЛ СОҒЫП ТҰРҒАН САҒАТ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алаш қайраткерлерінің тарихи қызметіне зор баға бере келіп: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Жүзжылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар  өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаттық њәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес»,- деген еді. Алашшыл азаматтардың қазақ елінің бостандығы жолында жүргізген күрестеріне, тарихи еңбектеріне берілген осынау ғибраты мол тағылымды бағаны әр қазақ әрқашанда жадымызда ұстап, тәуелсіздігіміздің іргетасын  нығайта, берік ете түсу біздің киелі парызымыз.
Сонымен Алаш үкіметінің Батыс өңірдегі орталығы болған Жымпитының Алаш қозғалысындағы атқарған рөлі зор болғаны ел тарихынан белгілі.
Бұл жайлы  осындағы Сырым Датұлы атындағы және Алашорда қозғалысының 90 жылдығына арналған аудандық мұражайдың директоры Гүлшат Сәлімгерейқызының айтысына қарағанда, аталған қозғалысқа сол кездегі білімді, көзі ашық, зерек, жігерлі жымпитылық азаматтар белсене араласса керек. Олардың арасында Жәлен Кәрімов, Ахмет Мәмбетов,  Аспандияр Кенжин, Бижан Жанқадамов, Әлмұхамбет Оспанов сынды азаттық жолында жанын шүберекке түйген азаматтар болған көрінеді. Дерек көздерінен анық болғанындай Әлмұхамбет үш жылға жуық Жымпиты уезінде Алашорда үкіметінің жер, дін, сайлау мәселесімен айналысады. Күнбатыс Алашордашыларының арасында есімдері аталған азаматтар үлкен елдік мәні бар саяси жұмыстарды жүргізген. Ал Алаш партиясының басты бағдарламасының негізгі он бөліміндегі басты-басты мәселелерге қатысқандардың бірі осы Әлмұхамбет екен. Ол үш рет ұсталады, соңғы рет 1936 жылы тұтқындалып, сол кеткеннен елге қайтып оралмайды. Бұл жөнінде Мәмбет Қойгелдиев: - Әлмұхамбет Оспанов ұзақ жылдар бойы ұмыт болып қалды. Оның Күнбатыс Алашордашыларының арасындағы жанкешті еңбегі қызыл империяның қылышынан қан тамған шақта көзден таса, көңілден ада қалып келді. Тіпті осы уақытқа дейін жымпитылықтар да, өздерінің осындай алашшыл азаматтары бар екенін де білмеді. Ол Алаш қозғалысындағы батыстық ірі тұлғалардың бірі екенінде ешкімнің дауы болмаса керек. Мен оны тұңғыш рет тарих әлеміне алып шықтым. Алаш қозғалысындағы ақтаңдақтар тәуелсіздіктің арқасында осылай аршылып, Әлмұхамбет тәрізді «Елім!» деген ұлдардың есімдері қайта жаңғырып, халқы  оларды ардақтап, төбесіне көтеруде, – дейді жақында Жымпитыда Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған ас беру шарасында сөйлеген сөзінде.
Біз тілге тиек етіп отырған жерде 1917 жылдан 1920 жылға дейін, үш жылға жуық Алашорданың Күнбатыс бө­лімшесі, Ойыл уәлиятының уақытша өкіметі орналасқан. Оның төрағасы Жањанша Досмұхамедов болған. Соңғы табылған мәліметтер бойынша Алаш қозғалысына Күнбатыс өңірден 34 адам қатысқан екен. Ал бізді қызықтырғаны мұражайда тұрған жәдігер – сағат болды. «Осы сағатты облыстық мұражайға әкеліп тапсырған, кім екені белгісіз. 1900 жылдары Алаш партиясы қайраткерлерінің ұстаған бұйымы. Қазірге дейін дәл уақытты көрсетіп, жүріп тұр,- дейді Гүлшат Сәлімгерейқызы.
 
АЛАШОРДАНЫҢ ОТЫН ӨШІРГЕН КІМ?
Ресей тарихында 1905 жыл - әлеуметтік төңкерістер кезеңін бастап берген жыл болды.  Осы кезде отарлық бұғауда отырған қазақтың ат төбеліндей ғана ұлттық интеллигенциясы ел ішіндегі көзі ашық, атқа мінер байлар мен діндар­лардың және ірі саудагерлердің басын біріктіре отырып, қазақ жұрты арасында түрлі үгіт – насихат жұмыстарын жүргізе бастайды. Олардың басты мақсаттарының бірі қараңғы халықтың санасына сәуле түсіріп, азаматтық белсенділігін ояту болғаны белгілі.
Аталған жылдың соңында Орал қаласында Батыс өңірінің бес облысынан келген делегаттардың қатысуымен тұңғыш рет қазақ құрылтайы, яғни съезі өткені тарихтан аян. Онда «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» құ­рылады. Бұл келешек «Алаш» партиясының алғы шарты, негізі еді. Оған қатысқандар кадеттер партиясының платформасын бір ауыздан қолдап, соның бағдарламасын басшылыққа алғанын дерек көздерінен білеміз.
Ал, 1917 жылы қазақ ұлттық интеллигенциясы, оның алдыңғы қатарлы өкілдері «Алаш» партиясын құрып, соның төңірегіне топтасқанын тарихи деректер дәлелдейді. Осыдан кейін бүкіл қазақ елі аймағында қуатты саяси күшке айнала бастаған «Алашорда» үкіметі ел тізгінін өз қолына ала бастайды.
Әлі күнге дейін «Алашорданың» Күнбатыс бөлігінің жұмысы жөнінде нақты деректер, мәліметтер жоқ көрінеді немесе көптеген тарихи құжаттарға қол жетпей отырған сияқты. Ал, бізге жеткен деректердің өзі қызыл империяның  сойылын соғып, Алашорданы келсін-келмесін даттау, оны жою мақсатын көздеген  отаршыл ниеттен туған бір жақты жалған, қолдан жасалған дүниелер.
Аталған мұражайдан алған деректерге жүгінсек, тіпті Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатта Алашорда қозғалысына қатысты деректердің, тарихи құжаттардың болмауы кімді болса да қынжылтары сөзсіз. Алаш қозғалысына қатысты тарихи құжаттар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облыстық және қалалық департаментінде әлі  күнге дейін құлыптаулы жатқан көрінеді. Онда Қазақстан Орталық атқару комитетінің және Қазақ революциялық комитеттерінің Алашордаға қатысты қаулы-қарарлары, әр түрлі шешімі, нұсқаулары болуы мүмкін.
Сол кезде большевиктердің сойылын соққан Сейтқали Меңдешев пен Бақытжан Қаратаевтың Алашорда қозғалысына қатысты  көзқарастарын бізге жеткен тарихи мұрағаттардан көреміз. Күнбатыс Алашорда үкіметін тарату жөніндегі комиссияда жаңа аты аталғандардың екеуі де болады. Бірақ, екеуінің Алашордаға деген пікірлері екі жарылады. Дерек көздеріне сүйенсек, әскери революциялық комитетінің төрағасы Пестковский және мүшелері Байтұрсынов, Әйтиев, Қаратаев 1920 жылғы 24 қаңтарда Жымпитыда қол қойып, Сейтқали Меңдешевке берілген куәлікте: «Қырғыз (қазақ авт.) өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитет жолдас Меңдешовтың Күнбатыс Алашордасын тарату жөніндегі комиссиясының мүшесі екенін куәлік етеді. Меңдешов комиссияның басқа да мүшелерімен бірге мынандай мәселелерді шеше алады: Батыс Алашорданың бөліктерін бір жерден екінші жерге ауыстыруға, оларды таратуға және қарусыздандыруға, командалық құрамды өзгертуге, осы бөлімдерге саяси комиссарлар тағайындауға құқылы. Сонымен қатар Меңдешов комиссияның басқа мүшелерімен қатар Алашорданың «Әскери және азаматтық дүние-мүліктеріне, оның ішінде ақ казактардан алынған мүліктерге ие болуға құқылы» деп атап көрсетілген.
Жергілікті Алаштанушы Амантай Боранқұловтың зерттеулеріне сүйенсек, Сейтқали кеңес үкіметінің белсенді әрі сенімді өкілінің бірі болғандықтан  Алашорда үкіметін жоюға белсене қатысып, оның басшыларын қазақ жерінен қоныс аударуға мәжбүр етеді: өйткені ол кезде Жањанша, Халел Досмұхамедовтардың ел ішіндегі, әсіресе, қазақтар арасындағы беделі өте күшті еді,- дейді Амантай. Ал Қазревком мүшесі болған Бақытжан Қаратаевтың көзқарасы басқаша, ол керісінше Алашорда үкіметінің басшылары оқыған, білімді азаматтар екенін, оларды кеңес үкіметіне қызмет етуге тартса көп пайда келтіретінін сезініп, осы мақсатты жүзеге асыруға тырысады. Бірақ оның бұл әрекетінен ешқандай нәтиже шықпайды. Қызылдардың Алашорда үкіметіне қарсы жүргізген жасырын тіміскі, барлау, арандату, басшыларының арасында іріткі туғызу, оларды бір-біріне айдап салу мақсатындағы жымысқы жоспарлары көп ұзамай жүзеге аса бастайды.
Бұған дәлел, 1918 жылдың жетінші  желтоқсанында Жымпиты ауылында Алашорда үкіметінің тәртібіне көнбеген қырғыз (қазақ) халық милициясының көтерілісі бұрқ ете қалады. Мұрағат құжаттарынан жеткен мәліметтерге жүгін­сек, бұл қақтығыстың тұтануына Алашорда үкіметінің Орал әскери үкіметі казак құрамаларының сапында большевиктерге қарсы күрес жүргізуге өз жігіттерін жіберу жөніндегі шешімі себеп болған. Құрамында қаруланған, шамамен үш жүзге жуық адамы бар салт аттылар топ-топқа бөлініп  ауылдан Алашорда үкіметінің мүшелерін, офицерлерді іздейді. Алашорда үкіметінің жергілікті мекемелері таланып, құжаттарын өртеп жібереді. Батыс Алашорда үкіметінің төрағасы Жањанша Досмұхамбетов пен қырғыз (қазақ) милициясының штаб бастығы Студенкин қашып құтылады. Ғұсман Ахметовтың естелігіне сенсек, оны ұйымдастырған және басшылары болған Ғ. Жоламанов пен Ғ. Иманғалиевтар екен. Бұдан кейін бұл өңірді тарихтан белгілі «Адайлар көтерілісінің» жалыны шарпыды. Ол Батыс Алашорда үкіметінің қабырғасын күйретіп кетті.
Сонымен осы сияқты ел ішіндегі дүрбелеңдердің нәтижесінде кеңес үкіметінің тыңшылары Алашордашылардың өз ішіндегі алауыздығын, кейбір офицерлерінің сатқындығын ұтымды пайдаланып кетеді. Нәтижесінде, Батыс Алашорда үкіметінің билігі қырғыз (қазақ) даласын басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеттің 1920 жылғы 5 наурыздағы жиналысының қаулысымен тоқтайды.   
Міне, үш жылға жуық ел тәуелсіздігі жолында ақ казактармен және кеңес үкіметімен күрескен Жањанша мен Халел Досмұхамбетовтер, Иса Қашқанбаев, Кәрім Жаленов, Беркінғали Атшыбаев, Дәулетше Күсіпқалиев, Салық Омарұлы, Ғабдол-Ғалым Қуанайұлы, Сабыр Сарғожин сынды «Елім!» деген абзал азаматтардың игі істері, көздеген мақсаттары осылайша орындалмай қалды.
 АРМАНҒА ЖЕТУ ОҢАЙ МА?
Баршаңызға мәлім, сонау 1997 жылдың өзінде-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу туралы Елбасының арнайы Жарлығы шыққан болатын. Содан бері елімізге ортақ құндылық, отаншылдық мақсатты өміріне Ту етіп көтерген Алаш арыстарының тәуелсіздік жолындағы алғашқы тырнақалды істерін, есімдерін халық арасында кеңінен насихаттау, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін қазақ жадында қайта жаңғырту шаралары басталып, үрдіс алып кеткен-ді. Белгілі алаштанушылар Алаш қозғалысының тарихына қатысты тың деректерге негізделген ақиқаттардың бетін аша бастады.
Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 29 мамыр күні Ақордада бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесіп, ұлттық жаңғыру және халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі аясындағы келелі мәселелер бойынша берген кең көлемді сұхбатында: «Алаштың тоқсан жылдық тойы лайықты аталады. Жер-жерде көтерген конференциялар ұйыдастырылады. Семей, Жымпиты сияқты  мекендерде мемориалдық тақталар қойылады. Үлкен ескерткіш монумент ашылады. Алаш арыстарының мұрасы бірнеше томға топтастырылып, шығарылады. Басқа да шаралар ойластырылған», - деп нақты міндеттерді атап көрсетті.
Міне, осы тапсырмаларды орындаудың айқын айғағындай боп, өткен қазан айында Жымпитыда Алаш қозғалысының  90 жылдығына арналған монументталды ескерткіш ашылды. «Жымпиты-Семей-Жымпиты» автокеруені сапарға шығып қайтты.
Тарих тағылымына терең бойлаған сайын біз бүгінгі тәуелсіз, азат күннің қаншалықты күшке түскенін, қаншама азаматтардың қаны төгілгенін түсінеміз. Ендеше, өткенді оралту, тарихты тірілту, танып-білу, біліп қана қоймай, өскелең ұрпақтың ойына азық, бойына қазық етіп сіңдіру жас ұрпақ үшін тарихи тағылымы мол.
 
 Орынбасар ДӨҢҚАБАҚ, «Дала мен Қаланың»
арнаулы тілшісі. Жымпиты кенті, Батыс Қазақстан облысы.

 

 
15.10.2010 13:09