Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Добавляйте или присылайте работы на сайт и получайте призы!           >> Узнaть подробности...

Банк рефератов KZ

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ


154114

Қазақстан Республикасындағы бокс жағдайы

КІРІСПЕ

1 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СПОРТТЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ

2 СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ БІР ТҮРІ- БОКС

2.1 Қазақ боксының тарихы

3 ӘУЕСҚОЙ БОСК ПЕН КӘСІПҚОЙ БОКСТЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

3.1 Әлемдік деңгейде мойындалған Қазақстанның кәсіпқой боксы

3.2 Қазақстан әуесқой бокстан әлемдегі ең үздік мемлекет

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕККӨЗДЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ

Спорт (фр. desport -жалқу) - белгілі ережелер немесе дәстүрлерге сай көбінесе жарыс күйінде өтетін әрекет. Спорт жалпы алғанда физикалық мығымдығы өте маңызды болатын (жеңіске немесе жеңіліске әкелетін) әрекетті сипаттағанымен, ақыл-ой немесе құрал-жабдық сапасы да маңызды рөл атқаратын ақыл-ой спорты және мотор спортына қатысты айтылады. Адам баласы спортпен денсаулығын жақсарту, моральді және затты қанағаттану үшін, өзін-өзі дамыту үшін шұғылданады.

Спорттың даму тарихына зер салсақ қоғамдағы өзгерістер мен қатар спорттың мән-мағынасын да түсінуге болады.

Бүгінгі күнге белгілі үңгір өнерінің көп үлгілерінде дәстүрлі ырымдық ритуалдыр көріністері бейнеленген. Осы бейнеленген көріністерді сенімді түрде қазіргі мағынадағы спортқа жатқызуға болмағанымен сол кездің өзінде спортқа жақын әрекеттердің орын алғаны хақында байлам жасауға болады. Франция, Африка, және Аустралияда орналасқан бұл бейнелердің осыдан 30 000 жыл бұрын жасалғанын айта кеткен жөн.

Қытай жерінде біздің дәуірден 4000 жыл бұрын қазіргі спорт мағынасына жақын әрекеттің болғанын айтатын заттар мен құралыстар бар. Гимнастика ежелгі Қытайдағы кең тараған спорт түрі болыпты-мыс. Перғауындар мазарларындағы бейнелер мен заттар бірнеше ғасырлар бұрын да спорттың әр түрі болғандығынан хабардар етеді, оның ішінде жүзу мен балық аулауды айта кетуге болады. Ежелгі Персияда поло және атты рыцарлардың найзамен жарысы негіздері қаланды.

Ежелгі Грекия өзінде алуан түрлі спорт болған. Ең дамыған түрлері - күрес, жүгіру, диск лақтыру және арба жарысы. Осы тізімге қарағанда Ежелгі Грекияда(жалғыз ол жерде ғана емес т.б. жерлерде) әскери мәдениет мен әскери өнер спортқа тікелей қатысты болған. Сол жерде әр төрт жыл сайын Пелопонессе атты ауылда  Олимпия деп аталған Олимпиада ойындары өтіп тұрған.

Осы күндері адамзаттың даму деңгейіне сәйкес, әсіресе БАҚ пен жаhандық байланыс жүйелерінің пайда болуымен спортпен шұғылдануға көпшіліктің мүмкіндігі өсуде. Спорт кәсіпқой спортқа айналып одан әрі адамзатты қызықтыруда.

 

1ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СПОРТТЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ

Қазақ халқының дене тәрбиесіне, оны шынықтыруға, ептілікке, денсаулықты, көңіл-күйді көтеруге арналған осы кездегі дене тәрбиесі мен спорт нышаны ерте заманда-ақ халық кәдесіне жарағандығын кейбір археол. деректер дәлелдейді. 1970 ж. Оңт. Қазақстан обл-нда б.з.б. 4 – 3 ғ-ларда тоғызқұмалақ тастары табылды. Сол жылы Тараз қ-нан 30 км жерде археологтар тоғызқұмалақ тақтасының тасқа қашап салынған суретін кездестірді. Түрік қағандығы дәуірінде Қазақстан жерінде көптеген қалалар салынып, мәдени орталықтар бой көтерді. Көне Таразда әнші-күйшілер, шабандоздар, садақ тартушылар, балуандар, басқа да күш өнерін көрсетушілер бас қосып отырған. 7 ғ-да Орта Азия мен Қазақстан жерін жаулап алған Араб халифаты ислам дінін уағыздаумен қатар, шахмат (шатрандж) ойынының таралуына, оның дамуына айтарлықтай ықпал етті. Сөйтіп, көшпенді деп аталып келген қазақ халқы дене тәрбиесін, оның ішінде спортты дамытуға көңіл бөлгені байқалады. Ежелден садақ тарту, бәйге, сайыс, күрес, аударыспақ сияқты спорт түрлерімен айналысқан қазақ халқы басқа да спорт түрлерімен айналысу арқылы өздерінің рухани байлықтарын жетілдіріп, толықтырып отырған. Халық өзіне лайықты деп санаған ұлттық спорт түрлерін, әр түрлі дене жаттығуларын үнемі жетілдіріп келген. Әр рудың, әр жүздің, әрбір хан мен бай-манаптың, болыс-бектің өз балуаны, өз мергені, өз сәйгүлігі болған. Олар бәйге-жарыстарда ірі рулардың намысын қорғаған

Қазақ халқы арасында спорттың дамуына әр ұлт өкілдерімен арадағы қарым-қатынастың нығаюы көп әсер етті. Мұндай жағдай, әсіресе, Қазан төңкерісінен кейін берік қалыптасты. Алғашқы кезеңде спорт пен дене тәрбиесі еңбекшілердің денсаулығын нығайту, жалпы гигиеналық мәселелер, әскери шынықтыру даярлығын жақсарту мақсатында жүргізілді. 1918 жылдың 1-жартысында жұмысшылар клубтарында гимнастикамен айналысатын үйірмелер ұйымдастырыла бастады. Халық ағарту органдары мен комсомол ұйымдары қыруар жұмыстар атқарып, жастар күшімен спорт алаңдарын, әскери даярлық ісіне жаттығу өткізетін орындар жасады. 1920 ж. 1 қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қ-нда  дене тәрбиесі нұсқаушылары және ұйымдастырушыларымен әскерге баратын жастарды спортқа баулуға арналған курстар ұйымдастырылды. Оған жүзден астам кісі қатысты. Оның тең жартысынан көбі қазақ жастары болатын. Мұнан соң Ақтөбе, Гурьев (қазіргі Атырау), Орал, Верный (қазіргі Алматы), Орынбор, Петропавл, Қызылорда, Семей қ-ларында ірі спорттық орталықтар құрылды. Сол жылдары Семей, Қостанай, Жетісу губернияларында спартакиадалар өте бастады. Әйелдер арасында дене тәрбиесін дамыту мақсатында 1925 ж. Семей қ-нда арнаулы спартакиада өтті. Дәл осындай әйелдер арасында спартакиадалар Орал, Петропавл, Алматы қ-ларында да ұйымдастырылды. 1928 ж. Петропавл қ-нда Бүкілқазақстандық 1-спартакиада өз жалауын көтерді. Оған қатысушылар футбол, жеңіл атлетика, қалашық (городки), қазақша күрес, баскетбол және нысана көздеуден сынға түсті. Қазақстанда дене тәрбиесі мен спортты дамытуда 1931 ж. енгізілген “КСРО-ны қорғауға, еңбек етуге дайын бол” (ГТО) деп аталған бәсекелердің маңызы зор болды. Бұл жастардың спортқа тұрақты түрде қатысуына мүмкіндік берді. Дене тәрбиесінен ұлттық кадрлар даярлауға көңіл бөліне бастады. 1932 ж. Алматыда дене тәрбиесі техникумы ашылды. 1934 ж. респ. ведомствоаралық 1-спартакиада, Орта Азия мен Қазақстан спортшылары арасындағы 1-спартакиада және мектеп оқушылары арасында бүкілқазақстандық 1-спартакиада өтті. Қазақстан К(б)П-нің 1937 ж. өткен 1 съезі дене тәрбиесі мен спорт және бұқаралық қорғаныс жұмыстарын кеңейте түсуді атап көрсетті. 2-дүниежүз. соғыс қарсаңында Қазақстан спортшыларының саны 150 мыңға жетті, оның ішінде 30 мыңнан астамы қазақ жастары болатын. Соғыс жылдарында әскери-спорт кадрларын даярлауда көп жұмыс атқарылып, елімізде 1,5 миллионға жуық әскери-спорт мамандары тәрбиеленді. 1945 – 56 ж. Қазақстанда дене тәрбиесі ұйымдары нығайып, спорт кадрлары өсіп шықты. 1945 ж. Алматыда дене тәрбиесі ин-ты (Қазақ физкультура ин-ты) ашылды. 1946 ж. Шоқыр Бөлтекұлы “Спартак” қоғамы бойынша бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бірінші болып спорт шебері деген дәрежеге жетті. 1950 ж. Қазақстан спорт ұйымдары құрылды. 1959 ж. бұл ұйымдар спорт федерациясы болып өзгертілді. 1951 ж. “Колхозшы” спорт қоғамы құрылды. 1956 жылдан бастап “Қайрат” деп аталды. 1956 ж. Мәскеуде КСРО халықтарының 1-спартакиадасы өтті. Қазақстан спортшылары 1956 жылдан олимпиялық ойындарға да қатыса бастады. Тау шаңғышысы А.Артеменко 1956 ж. Италияның Кортина Д’Ампеццо қ-нда өткен 7-қысқы олимпия ойындарында, ал Е.Кадяйкин Мельбурнда (Австралия) өткен жазғы 16-олимпиялық ойындарда 3000 м-ге тосқауылдар арқылы жүгіруден сынға түсті. Қазақ жастары арасынан шыққан жеңіл атлет Ғ.Қосанов 1960 ж. Римде өткен 17-олимпиялық ойындарда 410 м-лік эстафеташылар жарысында күміс жүлдені иемденді.

Елімізде қысқы спорттың дамуына 1951 ж. ашылған әйгілі Медеу мұз айдыны (қ. Медеу спорт кешені) үлкен ықпал етті. Мұнда көптеген дүниежүз. және құрлықтық рекордтар жаңарды. 1960 жылдардың басында Қазақстанда спорт клубтары (АДК “Шахтер”, “Болат”, “Динамо”, т.б.) құрыла бастады.

Қазақстан спортшылары Кеңес Одағы тұсында айтарлықтай спорттық дәрежеге қол жеткізді. Көгалдағы хоккейшілер, допты хоккейшілер, “Буревестник”, АДК волейболшылары, “Динамо” су добы командасы КСРО, Еуропа және дүние жүзі чемпиондары атанды. Аталмыш командалар құрамында М.Жексенбеков, С.Шаймерденов, С.Қалымбаев, Е.Құмарғалиев, С.Сексенбаев, Ю.Варзин, В.Бочков, В.Агуреев, О.Жарылғапов, М.Мәденов, З.Жәркешов, Ж.Сауранбаев, В.Кравченко, Е.Чебукина, О.Кривошеева, Н.Меңдіғалиев, Е.Аяпбергенов, А.Оразалинов, С.Котенко сынды спортшылар өнер көрсетті.

1976 ж. 21-Олимпиялық ойындарда (Монреаль, Канада) КСРО құрама командасына 14 қазақстандық спортшы 11 спорт түрінен қатысты. Бұл олимпия ойынында жерлестеріміз 8 алтын және 2 күміс медальға ие болды. Ал осы жылы өткен Қысқы олимпия ойындарында шаңғы жарысынан 2 қола медальді иемденді. Мәскеуде өткен 22-олимпия ойындарында (1980) 20 қазақстандық спортшы 6 алтын, 2 күміс және 7 қола медальді алды. Осы олимпияда ойындарында Ж.Үшкемпіров, Ш.Серіков, т.б. олимпия чемпиондары атанды. 1988 ж. Сеулде (Корея Республикасы) өткен 24-олимпия ойындарында КСРО құрама командасында 30 қазақстандық спортшы қатысты. Олар әр түрлі дәрежедегі 18 медальді иеленді. Барселонада (Испания) өткен 25-олимпия ойындарында (1992) Қазақстан Республикасы ТМД құрама командасында болды. Мұнда 11 спорт түрінен 23 спортшы қатысып, 5 медаль (Е.Чебукина, И.Герлиц, Д.Тұрлыханов, Т.Меньшова, В.Вохмянин) алды. Қазақстандықтар 1994 ж. бастап Азия ойындарына қатысып келеді. Хиросима (Жапония) қ-нда өткен 12 ойындарында қазақстандықтар жалпыкомандалық төртінші орынды иеленді. Олар 77 медальға (оның 25-і алтын) ие болды. Атап айтқанда Қ.Шағатаев, Н.Сманов (бокс), М.Мамыров (еркін күрес), Ю.Мельниченко, Д.Тұрлыханов (грек-рим күресі), О.Шишигина (жеңіл атлетика) сынды спортшылар алтын медаль иегерлері атанды. 1998 ж. Таиландта (Бангкок қ.) өткен 13-Азия ойындарында қазақстандықтар бесінші орын алды. Олардың үлесінде барлығы 78 медаль (оның 24-і алтын) болды. Чемпион атанғандардың ішінде В.Гуща, Д.Аспандиярова (нысана көздеу), Д.Топоров, Қ.Нұрмағамбетов (ескек), Б.Байсейітов, С.Матвиенко (грек-рим күресі), Н.Торшина, О.Шишигина, И.Потапович, С.Арзамасов (жеңіл атлетика), В.Бурба, Е.Ибрайымов, М.Ділдәбеков (бокс) сынды спортшылар бар. 2002 жылы Корея Республикасының Пусан қаласында өткен 14-Азия ойындарында жерлестеріміз 76 медаль алды. Командалық есепте бесінші орында болды. 20 спортшы алтыннан алқа тақты. Олардың арасында А.Тетерюк (велоспорт), Ә.Иманбаев, Г.Цурцумия (грек-рим күресі), Б.Ахметов, С.Филимонов (ауыр атлетика), Н.Торшина, Г.Егоров, В.Борисов (жеңіл атлетика), Н.Кәрімжанов, Г.Головкин (бокс), О.Довгун, С.Беляев (нысана көздеу), т.б. спортшылар бар. 1994 ж. Лиллехаммерде (Норвегия) өткен Қысқы олимпия ойындарында көкшетаулық В.Смирнов олимпия чемпионы атанды. Атланта (АҚШ) қ-нда өткен 26-олимпия ойындарында Қазақстан тұңғыш рет жеке команда болып шықты. Қазақстандық спортшылар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медальға ие болды. Олимпияға қатысқан 197 елдің ішінде Қазақстан 24-орынды иемденді. Ю.Мельниченко (грек-рим күресі), А.Парыгин (бессайыс), В.Жиров (бокс) тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш чемпиондары болды. Сиднейде (Австралия) өткен 27-олимпия ойындарында (2000) қазақстандықтар 3 алтын, 4 күміс медальді иемденді. Олимпияға қатысқан 199 елдің ішінде Қазақстан спортшылары 22-орында тұрақтады. Бұл олимпия ойындарында Е.Ибрайымов, Б.Саттарханов, О.Шишигина чемпион атанды. 2001 ж. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған 1-жазғы спартакиада өтті. Бұл бәсекеге еліміздің миллионнан аса тұрғыны қатысты. Бәсеке қорытындысында Оңт. Қазақстан обл-ның өкілдері (4430 ұпай) бас жүлдені еншіледі. Алматы қ-ның спортшылары екінші (4272 ұпай), қарағандылықтар үшінші (3658, 33 ұпай) орынға шықты.

Ұлттық спорт түрлері де жақсы жолға қойылған. Атап айтқанда қазақша күрес, тоғызқұмалақ, сайыс, аударыспақ, бәйге, көкпар, қыз қуу, жорға жарыс, атан жарыс, асық ату, бестас сияқты спорт түрінен арнайы федерациялар құрылған. Ресми жарыстар өтіп тұрады. Тоғызқұмалақ ойыны Оңт. Қазақстан, Қызылорда, Қостанай облыстарында кейбір мектептерде пән ретінде оқытылады.

Спорт базалары. 2001 жылдың қаңтар айындағы дерек бойынша Қазақстанда 291 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі болды. Оның ішінде олимпиялық резервті дайындайтын 55 арнайы мектептерде 142 мың жас спортшыларды 4420 бапкер жаттықтырады. Бұлардан басқа дарынды спортшыларды дайындайтын 9 мектеп-интернат (2340 жас спортшыларды 210 бапкер жаттықтырады), ірі халықар. жарыстарда жоғары жетістіктерге жеткізу мақсатында құрылған спорттық элита 6 мектебі (құрамында 1128 спортшы, 210 бапкер бар) жұмыс істейді.

Қазақстан кәсіпорындары мен мекемелерінде 11,3 мың дене шынықтыру ұжымдары бар (2001). Онда 1,4 млн-ға жуық адамдар әр түрлі секцияларда дене шынықтыру және спорттың әр түрлі салаларымен айналысады. Жылдан жылға спорт базалары көбейіп келеді. 2002 жылғы мәлімет бойынша республикада 26019 спорт құрылыстары тіркелген. Оның ішінде 242 стадион, 20 спорт сарайы, 124 спорт кешені, 13 оқу-жаттығу орт., 150 бассейн, 6123 спорт залы, 34 спорт манежі, 143 шаңғы базасы, 8 ескекшілер жүзетін каналы, 1448 тир, 3 велотрек, 9 эллинг, 3 желкен клубы, 2 шаңғымен секіретін тұғыр, 13 спорттық мұз айдыны және 142 теннис корты бар.

 

2 СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ БІР ТҮРІ- БОКС

Бокс (ағылшынша box - қорап) – арнайы жұмсақ қолғаппен белгілі бір ереже бойынша жекпе-жек күш сынасатын спорт түрі. Жекпе-жекке шыққан екі ойыншы қарсыласының денесінің белгілі бір жеріне дәл соққы беруді көздейді. Жекпе-жек аумағы 4,9x4,9 м немесе 6,1x6,1 м, жан-жағы 1,3 м биіктікте арқанмен керілген рингте өтеді.

Бокс ойынының әуесқойлық (3 раунд) және кәсіпқойлық (6 - 12 – 15 раунд) ережелері бар

Бокс ерте Грек елi - Элладамен тығыз байланысты. Аңыздарға сенсек, ол кезеңдегi ең танымал «қолғап иесi» — Тезей болған көрiнедi. Ал Платонның жазуы бойынша, жұдырықтасу өнерiнiң атасы — теңiз құдайы Посейдон мен Мелия есiмдi нимфаның ұлы — Амыкус екен. Ерте Грекияда болған бокстың алғашқы белгiлерiн қыш құмыраларда салынған боксшылардың бейнесi де дәлелдейдi.

Ал жақында археолог ғалым бiздiң жыл санауымыздан 3 мың жыл бұрын салынған шiркеудiң қабырғаларынан бокс қолғабының суретiн де тауып отыр. Бiр қызығы, ол кезеңдердекубок жеңiлген боксшыларға берiлген көрiнедi. Айталық, соғыс өнерi десе, сақалын кесуге бар Рим императоры Калигула сонау Африкадан қайратты құлдарды сатып әкелiп, көз алдында қоразша төбелестiредi екен. Императордың екi сүйiктi спортшысы болса керек. Бұл Глаукос пен Меланкомас аталатын алыптар дәл қазiргi бокста қолданылатын бiршама соққы түрлерiне негiз салып кеткен екен.

Бокстің алғашқы түрі ежелгі Грекияда ұйымдастырылып (б. з. б. 688 ж.), Олимпиялық ойындар қатарына енген. Ол кезде жекпе-жекке шыққан жігіттер қолдарын жұмсақ терімен немесе дәкемен орап айқасқан. Төбелес екі жігіттің бірі естен танып жығылғанша жалғаса берген.

Алайда, Рим мен Грекияда белгiлi дәрежеде беделдi болған бұл спорт түрi олимпиадалық ойындарға мейлiнше кеш, тек 23-ойында барып қосылған. Олимпиададағы алғашқы ойындар жалаң қолмен жүргiзiлген, кейiн қос қолға белдiктi орауға көшедi. Одан соң көрермендердiң тiлегiмен бұл белбеулерге темiр сақиналар кигiзiле бастайды. Тұңғыш ретчемпион кубогын гректiң Ономастус есiмдi спортшысы иеленедi.

Ал бокс жеңiмпазына арналған алғашқы арнау өлеңiн Пиндар есiмдi ақын жазған екен. Ол олимпиада чемпионы атанған өзiнiң ұлы Диагоросты мадақтап, оған жыр арнайды. Бұл боксшылардың ерлiгi қарсыласының құлағын тiстеген Майк Тайсонның әрекетiндей емес. Мәселен, Эуридиамас есiмдi боксшы ойын үстiнде жағы сынады да, мұны ешкiм көрiп қалмауы үшiн, сынған сүйектi жұтып қойып, төбелестi жалғастыра түседi. Оның ерлiгiн кейiн ақын Элиан мадақтап жазады.

Ал ерте Грекияның ең танымал боксшысының есiмi — Тагенес. Тарихшылар оның 1425 рет шаршы алаңнан жеңiмпаз боп қайтқанын айтады. Тагенес рекордының қаймағы бүгiнге шейiн бұзылмаған.

Алайда Рим империясының бiздiң дәуірімізге дейiнгi I ғасырда құлағанынан кейiн бокстың қалай дамығаны жайлы деректер де сақталмаған. Мiне, осы деректердiң жоқтығынан даағылшындар боксты өздерiне телiп жүр. Бокс (boxing) ресми аты да Англияда қалыптасқан. Джеймс Фигг алғаш бокс мектебiн ашып, жастарды былғары қолғап өнерiне баулиды. Бокстың алғашқы ережелерi де Фиггтiң отанында пайда болған екен. Бұл ережелерде рингтiң аумағы, раунд ұзақтығы және қолғап салмағы айтылады. 1908 жылы бокс ресми түрде олимпиада бағдарламасына енгiзiлiп, оған тек ағылшындықтар ғана қатысады. Бiрақ бұдан кейiн тағы да бағдарламадан тыс қалады да, 1920 жылдан берi қайта тұрақты түрде өткiзiлiп келедi. 1920 ж. Бокс әуесқойлары дүниежүзілік ассоциациясы (AІBA) құрылды. Дүниежүзілік чемпионат 1974 жылдан өткізіледі.

Бүгiнде әлем бойынша кәсiби боксқа аса көңiл бөлiнiп келедi. Кәсiби бокс алаңында Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Джордж Формен, ағайынды Спайкстер, Флой Патерсонның есiмдерi ерекше аталады. Олимпиада тарихында боксшылары ең көп алқа тағынған ел — АҚШ. Бiрақ бүгiнде кубалық спортшылар алғы шепте келедi. 1992 жылғы Барселонада өткен олимпиадада кубалық боксшылар 12 алтын алқаның жетеуiн қанжығаға байлап кеткен. Ал 1996 жылы Атланта Олимпиадасында 4 алтын, 3 күмiс медальды жеңiп алды. Олимпиада тарихында екi боксшы ғана 3 мәртеден жеңiмпаз атанған. Олар — венгриялық Л. Папп пен кубалық Т. Стивенсон.

Жекпе-жек қабырғалары ұзындығы 5-тен 6 метрге дейін болатын және 4 қатар канатпен шектелген алаң — рингте өтеді.

Жеңіс көп ұпай еншілеген боксшыға; нокаутпен ұтқанға; қарсыласы пәрменсіз болып жекпе-жекті жалғастыра алмағанда, дисквалификацияға ұшырағанда немесе жекпе-жектен бас тартқан жағдайларда беріледі.

Бокста белден төмен, желкеден, арқадан ұруға, баспен ұруға және құлап жатқан қарсыласты ұруға тыйым салынады. Жекпе-жекке — ринг ішіндегі бір төреші, сыртындағы 3-5 төреші төрелік жүргізеді.

Бокстағы негізгі соққылар түріне:

тура соққылар (джеб, кросс);

жанынан соққы (хук, свинг);

төменнен соққы (апперкот) — жатады.

XIX және XX ғасыр басында салмақ дәрежелерді таптарға бөлу негізі қаланды. Негізгі себеп — ауыр боксшы әрқашан жеңілге қарағанда басымырақ болғандығы. Салмақ дәрежелерді таптарға бөлу АҚШ пен Англияда орын алған.

Сегіз салмақ дәрежесі құрылғаны туралы 1- кестеде көрсетілген.

 

Кесте-1. Сегіз салмақ дәрежесі

 

Таблица по вложении

2.1 Қазақ боксының тарихы

Бұрынғы КСРО мемлекеттерінде бокстың әуесқой түрі кеңес өкіметіметімен бірге дамыған. Азаматтық соғыс кезінде Лениннің бастамасымен  «шет ел интервенциясына қарсы күрес жүргізу мақсатында, жалпыға ортақ соғыс амалдарын үйрету» декретіне қол қойылып, бүкіл халықты дене шынықтыруға баулу жұмыстары қарқынды түрде қолға алынған. Коммунисттер партиясының көсбасшысы бұл жұмысқа көп көңіл бөлген. Ленин қарапайым халықты дене шынықтыру жұмыстарына баулу процесін соцалистік қоғам құрудың негізгі амалы деп түсінді. Сөйтіп 1919 жылы П.Никифоров пен В. Самойлов халыққа бокс өнерін үйретуді бастаған. Ал 1920 жылы осындай бірнеше үйірме қосылып, әскери медициналық академия қабырғаларында бокс бөлек дене шынықтыру бөлімі ретінде қалыптасқан. Бокс бөлек дене шынықтыру пәні ретінде оқу бағдарламасына енген. Осылайша, боксшылардың қатары ұлғайып, талас-тартыстар мен жарыстардың саны күн санап өскен. Сол жылы бокс Предолимпиадаға еніп, Петроградта апта сайын «дүйсенбілік бокс кездесулері» ұйымдастырылған. Мәскеу, Ленинград, Самара, Ростов, Харьков, Одесса, Севастополь қалаларында ұйымдастырылған қалааралық жарыстарда былғары қолғап шеберлері бақ сынасып, әрқайсысы бокстың дамуына өз үлестерін қосқан. Алғаш рет Қызыл Армия біріншілігі ұйымдастырылған. 1928-1930 жылдар аралығында бокс Кавказ бен  Орталық Азия мемлекеттерінде қарқынды дамыған.

Қазақ жерінде бокстың дамуы өз бастауын өткен ғасырдың 30 жылдарында алған. Бұл шайқас өнерінің даму орталығы ретінде Алматы қаласы танылды. Алматыда алғашқы бокс үйірмесі «Темп» спорттық қоғамдастық негізініде құрылған. Кейін келе ағылшындардың жұдырық шайқасы еліміздің «Динамо», «Спартак», «Медик» пен Қарағандыдағы - «Угольщик» спорттық қоғамдастықтарда өз табынушыларын тапқан.

Ал 1937 жылы қазақ боксының негізін салушы, спорт шебері атағын иемденген Шоқыр Бөлтекұлының бастамасымен Алматыда жеке-топтық біріншілік ұйымдастырылып, аталған жиынға 4 спорт қоғамдастықтан 50 жуық былғары қолғап шеберлері қатысқан. Осы чемпионат бокстың  дамуына түрткі болып, еліміздің басқа да өңірлерінде спорттық үйірмелер көптеп бой көтере бастаған. Сұрапыл соғыс та спорттық ортамызға зиян келтірген. Соғыстың алғашқы күндерінен ақ боксшыларымыздың көбісі майданға аттанып, ерлік пен батылдық танытқан. Өкінішке орай, олардың көбісі шаршы алаңға қайтып келмеді.

Қазақ жеріндегі бокстың дамуы соғыстан кейін қайта жанданды. Жұдырық шайқасындағы негізгі  даму бағыты 1946 жылы басталып, ҚазССР мен Орталық Азия мемлекеттерінде түрлі біріншіліктер мен жарыстар көптеп ұйымдастырылған. Бокс Қазақстанның көптеген қалаларында дами бастаған. Ш. Бөлтекұлы, Г. Кирнштейн, М. Хайрутдинов, Д. Муллаев А. Инфланда тағы да басқа спорт шеберлері мен жаттықтырушылар аянбай еңбек етіп, қазақ боксының негізін қалауына үлес қосқан. 1947 жылы алғаш рет КСРО-ның жеке-топтық біріншілігі ұйымдастырылып, аталған шараға бүкіл Кеңес Одағының құрамына енген мемлекеттерден келген спортшылар қолғап түйістірген. Бұл чемпионатқа біздің де саңлақтар аттанған болатын. Жарыс төрт салмақ дәреже бойынша ұйымдастырылып, чемпионаттың қорытындысы бойынша алматылық Махмут Омаров 51 келіге дейінгі дәрежеде қола медальға қол жеткізген. Геннадий Рожков (63,4 кг) 1953 жылы ұйымдастырылған КСРО чемпионатының финалисті атанып, Бухарестте өткен халықаралық студенттік ойындарында қола медальді қоржынына салған. Осылайша, Геннадий Рожков шет елде өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық боксшысы атанды.

Ұзақ уақыт бойы қазақ боксшылары КСРО біріншіліктерінде үздік нәтиже көрсете алмай, күміс пен қола алқаларын қанағат тұтқан болатын. Көп күткен алтын қазақ жеріне де бұйырды. 1959 жылы алматылық Анатолий Кадетов (81 кг дейін) КСРО чемпионы атанып, жеңіс тұғырына көтерілген. 1992 жылға дейінгі КСРО мен ТМД чемпионаттарында Қазақстанның боксшылары 167 медаль еншілеген (36 алтын, 44 күміс пен 77 қола). Бұл 17 федерациясы бар бүкілодақтастықтағы бесінші нәтиже. Әлемнің алты чемпионатына қатысқан қазақ боксшылары қоржындарына екі алтын, екі күміс медаль салған. Олимпиада ойындарында біздің боксшылар ортақ қоржынға бір қола мен үш күміс медаль салған. КСРО бокс тарихындағы мына саңлақтардың есімдері жадымызда мәңгі сақталады. Атап айтқанда, Валерий Рачков – 1978 жылдың әлем чемпионы, Игорь Ружников – 1989 жылдың Еуропа мен әлем чемпионы, Серік Қонақбаев – Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлем Кубогі иегері мен 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының финалисті. Осы спортшылар КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері мен тағы басқа жоғары атақтарға ие. 1989 жылғы әлем чемпионатының финалисті Александр Мирошниченко 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиада ойындарында КСРО қоржынына соңғы қола медальді салған болатын.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында Кеңес үкіметі құлдыраған болатын. КСРО құрамына енген мемлекеттер тәуелсіздіктерін алып, жаңа саясат пен жаңа боксшыларға бейімделу керек еді. Осылайша 1992 жылы Қазақстан Республикасының әуесқой бокс Федерациясы АИБА-ға мүше ретінде еніп, Азия құрлығындағы әуесқой ассоциациясының толыққанды мүшесіне айналған. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасы алғаш рет 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарына қатысқан болатын. Жарыстың қорытындысы бойынша біздің саңлақтар бір алтын, бір күміс, екі қола медаль еншіледі. Бейресми топтық сынақта біздің команда үшінші орынды еншілеп, Америка мен Куба мемлекеттеріне қарағанда босаңдық танытты. 1996 жылғы ойындарда Василий Жиров бұрын -сонды болмаған нәтиже көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, құрметті сый - Вал Баркер Кубогін жеңіп алды. Олимпиада ойындарының тарихында бұл сыйлыққа тек 8 спортшы ғана қол жеткізген болатын. 1996 жылғы Олимпиада ойындарында Болат Жұмаділов күміс, Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбырайымов қола медаль еншілеген.

өрт жылдан кейін біздің спортшылар Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында бұдан да жақсы көрсеткіштерге ие болған. Қазақ жеріне алтын медальді құрамамыздағы ең жас спортшы Бекзат Саттарханов әкелген. Бекзат сонда 20-да еді. Ермахан ағамыз жүзден жүйрік атанып, жеңіс тұғырынана көрінсе, Б. Жұмаділов Атлантадағы көрсеткішін қайталаған болатын. Ал ауыр салмақтағы Мұхтархан Ділдәбеков Сиднейдегі Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілген. Греция жерінде өткен Олимпиада ойындарында да біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, еліміздің намысын қорғаған болатын. Тараз қаласында дүниеге келген Бахтияр Артаев Олимпиада ойындарында алтын медальді еншілеп, бокс тарихындағы ең құрметті сый - Вал Баркер Кубогіне қол жеткізген екінші қазақ боксшысы. Қарағандылық Геннадий Головкин күміс алқа тағынса, Серік Елеуов қола медальді қанағат тұтты. 2008 жылы Пекинде ұйымдастырылған Олимпиада ойындарында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бақыт Сәрсекбаев алтынға қол жеткізсе, 81 келіге дейінгі дәрежеде Шыналиев Еркебұлан қоланы қоржынына салған.

Осылайша қазақ боксының дамуы үлкен қарқын алып, былғары қолғап шеберлеріміз барша халқымызды өз жеңістерімен қуантып жүр. 2008 жылы Пекинде ұйымдастырылған кезекті Олимпиада ойындарында 69 келі салмақ дәрежесінде Бақыт Сәрсекбаев алтынға қол жеткізіп, 81 келіге дейінгі дәрежеде Шыналиев Еркебұлан қоланы қоржынына салды.

2012 ж. Лондондағы XXX жазғы Олимпиада ойындары қазақстандықтар үшін сәтті өтті. Олимпиада ойындарының тарихына бірінші рет енгізілген әйелдер арасындағы турнирде Марина Вольнова қола алқамен қоржынын майлады.Иван Дычко (91 кг) қолаға қол жеткізіп, әлемдегі үздік боксшылардың төрттігіне кірді. Әділбек Ниязымбетов (81 кг) ресейлік боксшымен  жұдырықтасып, күміс алқаға лайық деп танылды. Олимпиаданың соңғы күнінде Серик Сапиев(69 кг) финалда британдық боксшыны артқа тастады. Біздің спортшылар бұл олимпиадада жақсы нәтижелер көрсетті. Спортшыларымызға сәттілік тілеп, алдағы Бразилиядағы Олимпиададан да жаңа жеңістер күтеміз.

 

3 ӘУЕСҚОЙ БОСК ПЕН КӘСІПҚОЙ БОКСТЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Бокс – арнайы жұмсақ қолғаппен белгілі бір ереже бойынша жекпе-жек күш сынасатын спорт түрі. Рефери (ринг үстіндегі төреші) 3 – 12 раундқа дейін созылатын жекпе-жекті  бақылауда ұстайды. Жеңіс егер қарсыласы аяқтан  құлап (нокаут) 10 секунд аралығында тұра алмағанда немесе жарақат алып (техникалық нокаут) жекпе-жекті жалғастыра алмаған жағдайдайларда  беріледі. Егер белгіленген раундта жекпе-жек аяқталмаса, жеңімпаз төрешілердің баға беруі бойынша анықталады.

Спорттың бір түрі Бокс - (ағылшынша box – соққы) ерекше ереже бойынша екі спортшының арасындағы жұдырық күресі. Бокс спорттық жекпе-жек ретінде пайда болған жұдырықтасу күресінен 5000 жыл бұрын Египет пен Вавилонда бөлініп шықты. Жұдырықтасу күресі ежелгі Греция Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірген. Бокстың бірінші ережесі (қолғапсыз)  Англияда XVIII ғасырдың басында пайда болып, 1867 жылы бокстың бірінші ережесі (қолғаппен) бекітілді. Ресейде бокстың пайда болуы XIX ғасырдың 90 жылдарына жатады. 1904 жылдан бастап бокс қазіргі Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірді.

Бокстан жарыс жұмсақ қолғаппен (250-300 гр), аумағы 6Х6 биіктікте арқанмен керілген рингте, 3 раундта өтеді – әрбір раунд 3 минуттан, 1 минут үзілістен тұрады. Жеңіс көп ұпай еншілеген боксшыға; нокаутпен ұтқанға; қарсыласы пәрменсіз болып жекпе-жекті жалғастыра алмағанда, дисквалификацияға ұшырағанда немесе жекпе-жектен бас тартқан жағдайларда беріледі. Бокста белден төмен, желкеден, бастан және аяқтан құлаған қарсыласына соққы беруге тыйым салынады. Жекпе-жекке ринг үстіндегі төреші (рефери) және рингтан тыс төрешілер қазылық етеді.

Әуесқой боксшы бокс басталар алдында өз бұрышының түсіне (қызыл немесе көк) сәйкес келетін белдік тағады. Қолғабының салмағы 10 унций, яғни 284 грамм. Боксшы бұрышының түсіне сәйкес қолғабының соққы беретін бөлігінің түсі  қарама-қарсы түспен ерекшеленеді – ал бұл кәсіби боксшыларда міндетті емес. Әуесқой боксшылардың өз қолғаптарымен боксқа шығуға құқығы жоқ. Боксшыларды қолғаппен жарысты ұйымдастырушылар қамтамасыз етеді.

Кәсіби боксшылар жарысқа 8 унций болатын қолғаппен, ал ауыр салмақты боксшылар салмағы 12 унций болатын қолғаппен де шыға алады. Жарыс басталар алдында қолдың сүйек буынын жарақат алудан сақтау үшін боксшының қолы арнайы созылмалы бинтпен орап алынады. Бұл рәсім бас төрешінің екі өкілінің бақылауымен өтеді. Ринг үстіндегі төреші (рефери) жекпе-жек басталар алдында белгі бермес бұрын боксшының амунициясын тексереді.

Бокс техникасы ептілік дағдыларын игерген, өзін қорғау әдістерінің жиынтығы.

Бокс техникасы күресте тактикалық ойлау арқылы боксшының қарсыласына қолданатын қаруы.   Сондықтан боксшы бұл спорт техникасын мүлтіксіз игеруі тиіс.

Жақсы игерген техниканы дұрыс қолдану жекпе-жек кезінде ең қиын және әр түрлі әдістерді тез әрі оңай орындауға мүмкіндік береді. Екі қарсыластың жұдырықтасуы қарқынды болуы боксшының орынды, мақсатқа сай қимыл-әдістерін талап етеді. Бокстың техникасында аз уақыт ішінде әрбір қимыл-қозғалыс бір-бірімен үйлесіп, бірін-бірі жалғастырып, көп уақытты, күш-қуатты жұмсамай әрбір соққыны тиімді, орынды қолдану қажет. Әртүрлі жұдырықтасу қимылы тоқтаусыз, кезекпен орындалады. Алайда тұлға қалпы бір қозғалыстың аяқталуын анықтап, қатар келесі қимылды орындау үшін бастапқы қалыпты сақтайды. Боксшы қарсыласына соққы беруге немесе қарсыласынан қорғануға байланысты әрбір соққының аяғында, келесі қимылды не соққыны орындау үшін бастапқы қалыпқа келеді. Бокста қарсыласын жеңуде жеңістің бірден-бір басты маңызды құралы соққы болып табылады. Соққы беруде боксшының орынды пайдаланған қозғалыс-қимылы үлкен роль атқарады.

Әрбір әдістің негізгі құрушысы жалпы дененің және оның жеке бөліктерінің қозғалысы болып табылады. Боксшының кез-келген соққы беруі нәтижелі шығуы үшін, соққы берген боксшы қолының қозғалыс бағыты мен дене салмағының орынды сәйкес келуі қажет. Бастан тікелей соққы соғу кезінде боксшының жалпы дене қозғалысы соққы берген қолдың алға жылжу  (бүгілу) қозғалысымен, кеудеден тікелей соққы соғуда жалпы дене қозғалысының жылдамдығы соққы берген қолдың қозғалыс жылдамдығымен, бас және кеуде бүйірінен соққы соғу кезінде соққы берген қолдың жылдамдығы соққы соғу бағытындағы кеуде айналуымен, бас және кеуденің төмен жағынан соққы соғуда боксшының жалпы дене қозғалысы соққы берген қолдың қозғалысымен сәйкес келуі қажет. Бұл жағдайда дене қозғалысының жылдамдығын аяқ, арқа және соққы берген қолдың бұлшық еттері жасайды.

Физика курсынан белгілі кинетикалық энергия мен күшті Е=m*v^2/2 формуласымен анықтауға болады. m – соққының салмағы. v – осы салмақтың жылдамдығы. Осы жоғарыда берілген формуладан соққы берген кезде қаншалықты салмақ жұмсалса және қажетті бағытта жұмсалшған осы салмақтың қозғалыс жылдамдығы қаншалықты жоғары болса, соққының күші соншалықты күшті болады.

Боксшы соққы берерде қарсыласының осал жерінен ұруға тырысып, қарсыласын белгілі бір уақыт аралығында жекпе-жекті жалғастыруға мүмкіндігі болмайтын нокаут немесе нокдаун құлатуы мүмкін. Боксшы денесінің осал жері деп беттің төменгі жағы, бауырдың орналасқан және  жүректің орналасқан жаны жатады.

Боксшылар жекпе-жекке арнайы шортимен және өкшесіз спорт аяқ киіммен шығады. Кәсіби боксшылар шортидың ішінен қорғаныш бандаж киеді. Әуесқой боксшылар арқаның арқаға соқтыққанда жарақат алмауы үшін жеңсіз жеңіл кеудеше және қорғаныш бас киімін кию қажет. Ал кәсіби боксшыларға кеудешесіз және қорғаныш бас киімінсіз жекпе-жекке шығуға рұқсат етіледі. Кәсіби немесе  әуесқой боксшы болсын ерін мен тістерін жарақаттан сақтау үшін жекпе-жек кезінде боксышының аузында болатын - резеңкелі пластинадан немесе жұмсақ пластиктен жалалған капу қолданады. Боксшыға капаны жекпе-жек кезінде өз бетінше алып тастауға рұқсат етілмейді.

 

3.1 Әлемдік деңгейде мойындалған Қазақстанның кәсіпқой боксы

Қазақстанның бокс мектебі әлемдік деңгейде әлдеқашан мойын-далған. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттары секілді байрақты бәсекелерде отандастарымыздың мол олжаға кенелуі жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі. Әрине, кезінде дұрыстап ден қойғанда олардың көбі кәсіпқойлар арасында да атой салатын еді. Алайда КСРО-да спорттың бұл түрімен айналысуға қатаң тыйым салынды. Тек Одақта ғана емес, социалистік бағыттағы мемлекеттердің барлығында да осындай шектеу қойылды. Сондықтан да біздің былғары қолғап шеберлерінің кәсіпқой рингте бақ сынау мүмкіндігі болған жоқ.

Ұлы империяның шаңырағы шайқалып, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жоғарыдағы кедергілер жойылды. Сол кезде бірсыпыра боксшымыз кәсіпқой рингті жағалады. Бірақ ол кезде көпшілік бұл саланың бүге-шігесін білмей, істің мән-жайын толық түсінбеді. Соның салдарынан оңбай опық жеді. Жөні түзу промоутерлерге жолықпағандықтан, жерлестеріміздің дені рейтингтік жекпе-жектер өткізумен шектелді. Тағы біреулер түрлі алаяқтардың арбауына түсіп, өз несібелерінен қағылды. Шаршы алаңда қан-жоса болып жұдырықтасқан жігіттер бақыр тиынды қанағат тұтса, пысықайлар солардың арқасында мол олжаға кенелді. Осылайша шетел асқандары түк бітірмей елге оралды. Не ақша жоқ, не абырой жоқ. Бір сөзбен айтсақ, қазақстандықтар арасында кәсіпқой рингте өзін түбегейлі мойындатқандар ұшыраспады. Тіптен аса ауыр салмақта күш сынасқан Александр Мирошниченко сынды даңқты боксшымыздың өзі бастапқы бәсекелердің бірінде ойсырай ұтылып, былғары қолғабын шегеге ілуге мәжбүр болды.

Азия аумағындағы жарыстарда Вадим Присяжнюк, Бақытжан Аманбаев, Талғат Түсіпов, Серікжан Ешмағамбетов, Қанат және Мұрат Сиқымбаевтар сынды бірқатар жігіттер түрлі белбеуді иеленді. Алайда әлемдік деңгейде мойындалу үшін бұл жеткіліксіз еді. Өйткені кәсіпқой бокстың отаны – АҚШ. Алдына биік мақсат қойған мықтылар көбіне-көп мұхиттың арғы жағына барып, бақ сынауды құп көретін. Алысқа баруға мойындары жар бермегендер қарт құрлықтың қақ ортасында орналасқан Германияда өнер көрсетті. Ал Азия немесе Қазақстан аумағында жұдырықтасып жүріп, зор бедел жию мүмкін емес еді.

Отандастарымыз арасынан кәсіп¬қой рингте өзін түбегейлі мойындатуға ең алғаш талпыныс жасаған Василий Жиров екені мәлім. 1996 жылы Атлантада айды аспанға шығарып, бас жүлдемен қоса Баркер кубогын олжалаған ол көп кешікпей кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буды. «Балқаштың барысы» атанған бұл жігіт арада үш жыл өткеннен соң бірінші ауыр салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. 1999-2002 жылдар аралығында ол сол атағын алты мәрте сәтті қорғады. 2003 жылы америкалық Джеймс Тоуниден ұпай санымен ұтылғаннан кейін Жиров аса ауыр салмаққа ауысты. Бұл мүлде қате шешім болды. Алыптармен айқасуға жерлесіміз даяр болмай шықты. Қатарынан үш мәрте нокаутпен ұтылған Василий 2009 жылы былғары қолғабын шегеге ілді. Одан кейін Марат Мәзімбаев шықты. Ол да өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантты.

Бүгінгі таңда Қазақстанның екі бірдей өрені әлем чемпионы атағын иеленіп отыр. Олар – Бейбіт Шүменов пен Геннадий Головкин. Алғашқысының есімі осындай деңгейге жеткен қазақтың тұңғыш боксшысы ретінде тарихта қалды. Бейбітке бұл межені бағындыру үшін санаулы ғана жекпе-жек жеткілікті болды. Бұл ретте қандасымыз тек мықтылармен ғана күш сынасқанын айта кетуге тиіспіз. 2007 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан ол сегіз бәсекеде өз қарсыластарынан басым түсіп, 2009 жылы әлемдік тәж үшін айқасу құқығына ие болды. Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен кездесуде Шүменов испаниялық Гарбиэль Кампильодан ұпай санымен ұтылды. Алайда 2010 жылдың қаңтар айында қос боксшы арасында қарымта бәсеке ұйымдастырылды. Бұл тартыс Бейбіттің пайдасына шешіліп, ол WBA нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақта әлем чемпионы атанды. Одан кейін қазақтың қайсар ұлы украиналық Вячеслав Узелков, америкалық Уильям Джоппи мен Дэнни Сантьяго және мексикалық Энрико Орнеласқа сан соқтырды. Осы күнге дейін 14 кездесу өткізген шымкенттік боксшы 13 рет жеңіске жетті. 9 қарсыласын нокаутқа жіберді.

Кәсіпқой бокстағы ең белді тұлғалардың бірі – Қарағандының тумасы Геннадий Головкин. Бүгінгі таңда ол WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы. Бірақ бұл белесті бағындыру үшін Геннадийге біраз уақыт қажет болды. 2006 жылы Германияның әйгілі «Юниверсиум» компаниясымен келісімшартқа отырған ол өзінің мықтылығын бірден мойындатты. Головкин барлық қарсыластарын бет қаратпай ұтып жүрді. Алайда аталмыш компанияның басшылары қиянат жасап, оған алтын белбеу үшін таласуына мүмкіндік бермеді. Соған наразы болған спортшы арадағы келісімшартты бұзып, АҚШ-қа сапар шекті. Америкада асығы алшысынан түскен қазақстандық өрен діттеген мақсатына қол жеткізді. Осы күнге дейін Головкин 25 рет рингке шығып, барлық бәсекені өз пайдасына шешті. 22 рет қарсыластарын есінен тандырды. Бұл күндері ол өзге нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанып жүрген жігіттерді талай рет жекпе-жекке шақырды. Бірақ олардың жерлесімізден жүрексінетінін аңғару қиын емес. Себебі атышулы боксшылардың өздері түрлі сылтауды алға тартып, Головкинмен күш сынасудан бас тартуда.+

Алматылық Виталий Демьяненко да әлі жеңілістің ащы дәмін тартқан жоқ. 2005 жылдан бері осы спорт түрін серік еткен ол 19 рет шаршы алаңға көтеріліп, барлық бәсекеде мерейі үстем болды. Қазіргі кезде ол жартылай орта салмақта әлемдегі ең белді үш нұсқа бойынша алғашқы ондыққа еніп отыр.

Былтырғы жылдың қыркүйек айында АҚШ-қа атанған Қанат Исламның да аяқалысы жақсы. Айналдырған екі-үш ай аралығында ол 8 жекпе-жек өткізіп, барлық қарсыласын еденге етпетінен құлатты. Негізгі бәсекелерін Қытайда туып-өскен қандасымыз Доминикан Республикасы мен Колумбияда өткізуде. Өзі АҚШ-тың Майями қаласында даярланады. Жуырда эквадорлық Умберто Толедоны 32 секундтың ішінде есінен тандырып, 69 келі салмақ дәрежесі бойынша Кариб аймағының чемпионы атағын жеңіп алды. Яғни бастамасы жаман емес. Қанаттың ендігі мақсаты – орта салмақта төрткүл дүниенің теңдессізі атану. Ол мақсатқа жету үшін, әрине, көп тер төгу қажет. Бірақ қазақтың қайсар ұлы қандай да сынаққа даяр екенін айтып, Алаш жұртының абыройын асқақтату үшін еш аянып қалмайтынын айтуда.

Міне, мықтыларымыз осылар. Десек те, алдағы уақытта олардың қатары тағы толығуы мүмкін. Бұл күндері Иса Ақпербаев, Жанат Жақиянов, Жанқош Тұраров сынды жігіттер жақсы жұдырықтасып жүр. Келешекте олардың да ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жететуіне тілектеспіз. Қалай болғанда да қазақтың қайсар ұлдары кәсіпқойлар арасында да өздерін түбегейлі мойындатуға тиіс.

 

3.2 Қазақстан әуесқой бокстан әлемдегі ең үздік мемлекет

Қазақстан әуесқой бокстан әлемдегі ең үздік мемлекет. Өткен, яғни 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең сәтті Олимпиада болғаны баршаңызға белгілі. Олимпиаданың алғашқы жартысында жалпыкомандалық есепте тіпті… Ресейден де озып, ТМД бойынша бірінші тұрған күндеріміз болды. Азуын айға білеген спорттық держава, әр Олимпиадаға бірінші орынды ғана мақсат етіп баратын көршімізді солай бір састырдық.

Велошабандоз Александр Винокуровтың арқасында жарыстың алғашқы күнінде-ақ қоржынында алтыны бар аз ғана елдің қатарынан ойып тұрып орын алдық. Одан соң ауыр атлеттеріміз төрт бірдей алтынға қол жеткізді. Жеңіл атлетикада үш қарғып секіру сайысы бойынша біздің Ольга Рыпакованың алдына ешкім түсе алмады. Жарыстың соңғы күнінде «қазақтың салмағы» атанған 69 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшы Серік Сәпиев бізге жетінші алтынды алаң иесінен жұлып әперді. Жеті алтын, бір күміс, жеті қоламен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орынды иемденді. Тәуелсіздігін 20 жыл бұрын ғана алған ел үшін бұл — үлкен жетістік.

КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы Олимпиадаларда «сырт көз — сыншылардан», солардың өз ішіміздегі «тілекшілерінен» еститініміз бір-ақ әңгіме болды: «Алдағы уақытта Қазақстанның спорттағы көрсеткіштері құлдырайды. Әзірге жастарды жаппай спортқа жұмылдырған бұрынғы Одақ кезіндегі жұмыстардың жемісін көріп отырсыңдар». Әсіресе, соңғы күніне дейін қоржынымызда бір алтын болмаған 2004 жылғы Афины Олимпиадасында олар: «Міне, көрдіңіздер ғой…» — десіп, дауыстарын қаттырақ шығарып қойған еді. Қазір мұндай сөздер сап тыйылған.

Бұл кімдердің арқасында дегенде, көптеген спортшыларымыздың есімдері мен ерліктерін алға тарта аламыз. Солардың арасында ауыр атлетші Илья Ильинді қазақтар «ХХІ ғасырдың Толағайы» деп құрметтейді. Рекордтық салмақтарды көтергені үшін ғана емес, ең алдымен, спортта тұтас бір ұлттың рухын көтергені үшін, ол сол құрметке әбден лайық. Илья 2005, 2006 және 2014 жылдары, яғни үш рет әлемнің ең үздік ауыр атлетшісі атанды. Өзі қатысқан халықаралық жарыстардың бәрінде де жанкүйерлерін тек алтын медальмен қуантып келеді. Жаңа рекордтармен қуантатын кездері де аз емес. 2015 жылдың соңында Ресейде, Чешенстан астанасында өткен халықаралық турнирде екі бірдей әлемдік рекордты жаңартты. Бұрын спорт десе, бокс пен күресті, футболды ғана таңдайтын қазақ балалары, оның жетістіктерінен кейін енді зілтемір көтеруге көшті. Соңғы төрт-бес жыл шамасында бұл спорт түрінен қазақтан әлем чемпионы, әлем, Азия біріншіліктерінің, Азия ойындарының жүлдегерлері шықты.

Бүгінгі әлемдік спорттағы ең даңқты есімдердің бірі — Геннадий Головкин. Еліміз тәуелсіздік алған жылы Геннадий небәрі 9 жастағы бала екен. Ол — қазақ бокс мектебінің түлегі. Кәсіби рингтегі жеңістерінен бұрын, әуесқой бокстан 2003 жылы — әлем чемпионы, 2004 жылы Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған.

Тәуелсіздік жылдарындағы Олимпиадалардағы жетістіктеріміз нақ осы әуесқой бокспен байланысты екенін атап айту керек. Осы жылдар ішінде алты бірдей қазақстандық боксшы Олимпиада чемпионы атанды: Василий Жиров, Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев. Олардың үшеуі — Василий Жиров, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев — Олимпиадада ең шебер өнер көрсеткен боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогына ие болды. Боксшыларымыздың Олимпиададан алтынсыз қайтқан кезі болған емес. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында қазақтан 5 Олимпиада чемпионы шыққан болса, олардың бесеуі де — боксшылар.

Кешеге дейін еліміздің спортшыларынан бокс, күрес түрлері, ауыр атлетика және жеңіл атлетика бойынша ғана жетістіктер күтіп келген болсақ, енді басқа да спорт түрлері бойынша жаңа жұлдыздар, жас үміттер пайда болды. Бұл да — кейбір «білгіштер» болжағандай, тәуелсіздік жылдары спортымыздың құлдырамай, керісінше, алға кеткенінің, дамығанының дәлелі. Мысалы, 2014 жылы өткен Азия ойындарында қазақстандық жас спортшы Дмитрий Баландин 50, 100 және 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуден алтын алды, осы үш қашықтықта да Азия рекордын жаңартты. Бұйыртса, енді әлемдік додаларда суда жүзу спортынан да жүлделерге қол созатын боламыз.

Тәуелсіз Қазақстан жеке құрама ретінде алғаш рет жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылы барды. Осы жылдан бастап қазақстандық спортшылар бес жазғы Олимпиадаға қатысып, 16 алтын, 17 күміс және 19 қола — барлығы 52 жүлдеге қол жеткізді. Бұл жетістіктерімізді Орталық Азиядағы өзімізбен тағдырлас елдермен салыстырып көрелік. Мысалы, Қырғызстанның КСРО кезіндегі спорттағы жетістіктері Қазақстанмен шамалас болған. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы кезінде 5 бірдей қырғызстандық алтын медалға ие болған екен. Ал 1991 жылдан бері олар да біз секілді бес жазғы Ойындарға қатысқан, бірақ қоржындарында — небәрі үш-ақ жүлде: бір күміс және екі қола. Мұның өзінде де, тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш жүлделерін оларға қазақстандық дзюдошы Айдын Смағұлов алып берген. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасына Айдын бауырымыз Қырғызстан атынан қатысып, қола жүлдеге ие болды.

Тәжікстанның да тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері қырғыз елімен бірдей: оларда да бір күміс, екі қола, жалпы саны үш Олимпиада медалі бар. Ал Түрікменстан қоржынында бір де бір медаль жоқ. Түрікменстан — бұрынғы КСРО республикалары арасында тәуелсіздік жылдарында Олимпиада жүлдесіне қол жеткізе алмаған жалғыз ел.

Орталық Азия мемлекеттері арасында, Қазақстаннан өзге, спортта айтарлықтай жетістіктері бар ел — Өзбекстан. Өзбектер тәуелсіздік жылдарында 20 жүлдеге қол жеткізген. Оның бесеуі — алтын жүлде. Өзбекстанның, жазғы Олимпиадаға бес рет қатыса жүріп, жалпыкомандалық есепте қол жеткізген ең жоғары көрсеткіші — 35 орын екен (2004 жыл, Афины).

Ал қазақстандық спортшылардың жазғы Олимпиадаларда үздік отыздыққа тек бір-ақ рет қана іліге алмағанын білеміз. Сондықтан алдағы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да үлкен үмітпен қараймыз. Еліміздің спортшылары биылғы Олимпиадаға 100-110 шамасында жолдама алуды жоспарлап отыр. Әзірге қолда бар жолдамалар саны — 43. Олимпиада жолдамасы таратылатын жарыстар маусым айының соңына дейін жалғасады.

Ақтөбелік спортшылардың қосар үлесі қандай болады дегенге келсек, бұл тұста әзірге мақтана алмаймыз. Ақтөбе бокс мектебінің түлегі Берік Әбдірахманов, бұдан бұрын да жазғанымыздай, қазақ боксшылары арасында бірінші болып Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Бірақ Берік соңғы жылдары Маңғыстау облысының атынан өнер көрсетіп жүр. Легионер палуанымыз Артас Санаа 2015 жылдың күзінде күрес түрлерінен Лас-Вегаста (АҚШ) өткен әлем чемпионатында 5-орынды иемденіп, Олимпиада жолдамасын ұтып алды. Дегенмен, бұл жолдама атаулы емес, оның тағдырын, яғни Олимпиадаға кімді апаруды еркін күрестен ұлттық құраманың бапкерлері шешеді. Әрине, спортшының соңғы нәтижелері, дайындығы, бабы есепке алынатыны сөзсіз, ал ұлттық құрамада Артаспен бір салмақта өнер көрсететін Расул Қалиев — оңай қарсылас емес. Ол — 2014 жылғы Азия чемпионы, Инчхонда өткен Азия ойындарының чемпионы.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы Олимпиадалардағы жетістіктеріне Ақтөбе өңірі айтарлықтай үлес қосқан жоқ. Бұл ретте 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымовтың Ақтөбенің атынан шыққанын ғана атап айта аламыз.

2015 жылғы 24 қарашада Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде біздің облыстың әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында осы мәселе көтерілген еді. Сонда облыс басшысының алдағы Олимпиадаға орай дзюдошы Рүстем Ыбыраевтан үміт күтетінін жеткізгені есімізде. «Алған балдары бойынша, әлемде бесінші орында. Біз енді Рүстем Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия алады деп үміттеніп отырмыз» — деген болатын Бердібек Сапарбаев.

Қайткенде де, алдағы Олимпиадаға ақтөбеліктер екі есе үмітпен қарайды.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта айтқанда, өмір өлшемі - салауаттық, салауаттық - өмір заңы. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өміріңе қажетті нәрсені ала алмайсың. Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан - салалы түрімен айналысуға болады ғой. Олардың қайсысынан болса да жан дүниең ләззат тауып, сезіміңе әдемі түйсік алады емессің бе Одан өмірің мәнді, мазмұнды бола түседі емес пе? Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге болады. Алдамшы құмарлықтан бас тартып, өзін - өзі билей білу - адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасаттылық.

Біздің Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев салауатты өмір сүрудің арқасында жас жігітше таудың шыңына шығып, шаңғы теуіп, теннис ойнап, суға шомылып, атпен серуендеп, ауырмай өмір сүрудің үлгісін көрсетуде. Ендеше, Абай атамыз айтпақшы, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегендей, еңбексіз, белсенді дене қозғалысынсыз мықты денсаулық, бақытты өмір жоқ

Денсаулық – басты байлық өмірдегі,

Нәр беретін асыл ғой көңілдегі.

Салауатты өмір салтын насихаттап,

Атанайық жақсы азамат өңірдегі.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұзақ үрдіс, бірақ бұл нағыз денсаулықты сақтайтын және нығайтатын жолдардың бірі. Ол оқушылардың өз денсаулығын сақтауға жауапкершілігін едәуір дәрежеде арттырады. Академик н. М. Амосов айтқандай: Денсаулығың мықты болуы үшін өзіңнің күшің болуы қажет, оны ешнәрсемен ауыстыруға болмайды

«Дене шынықтыру сабағындағы ұлттық ойындардың орны.»

Әр халықтың өз ұрпағын өмірге әзірлеуде, баулып тәрбиелеуде өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Ол ерекшеліктері ең алдымен сол халықтың әдет - ғұрпын, салт - санасы тұрмысы мен дәстүрлеріне байланысты қалыптасады. Сондықтан осы ұғымды өз бойына жинаған барлық тәрбие құралдарын біз бүгінде халық педагогикасы деп атаймыз. Халық педагогикасының бір саласы - ұлт ойындары. Қазақ халқының ұлт ойындарының өзіне тән бір ерекшелігі сол ол тек көңіл аулап, қызық қуып, уақыт өткізу үшін емес, белгілі бір білімділік тәрбиелік мақсат көздейтінінде. Қазақ халқының ұлт ойындары негізінен үш саладан тұрады. 1) Ойын - сауық ойындары. 2) Оймен келетін ойындар. 3) Дене шынықтыру спорт ойындары. Сондай - ақ халық ойындары оқушылардың денелерін шыңдап оларды икемділікке, төзімділік пен шапшаңдыққа, тапқырлық пен алғырлыққа, дәлдік пен ептілікке баулитынын айтады. Дене шынықтыру сабағы жоғары адамгершілік рухта тәрбиелеудің белсенді құралы ретінде мектепте берілетін барлық білім негіздерімен астасып, жалпыға бірдей орта білім беру идеяларын іске асырып соның нәтижесінде қоғамдық пайдалы еңбекке араласуы мен отан қорғау ісіндегі жүйелі тәрбиенің негізін құрайды.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕККӨЗДЕР ТІЗІМІ

1. http://www.aktobegazeti.kz/?p=35183-сайты

2. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%91%D0%BE%D0%BA%D1%81-сайты

3. http://www.sports.kz/boxing

4. http://massaget.kz/layfstayl/sport/makala/61/-сайты

5. Балалар энциклопедиясы. 2-том. Алматы:-398б

6. http://portal.kazntu.kz/files/publicate/2012-12-20-10501_0.pdf-сайты

Вложения:
ФайлРазмер файла
Скачать этот файл (kazakstan-respublikasy-boks.zip)Қазақстан Республикасындағы бокс жағдайы70 Kb
 
03.06.2016 12:21