Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

154166

Мағжан Жұмабаевтің шығармаларындағы тақырыптық - идеялық негізі

М.Жұмабаевтың шығармаларындағы тақырыптық - идеялық негізі

1.Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ойшылдарының көзқарастары терең демократиялық және гуманистік сипатта болды. Олардың шығармаларында жалпыадамзаттық маңызға ие философиялық мәселелер — адамның болмысы мен еркіндігі, өмірдің мәні, дін мен еркіндіктің арақатынасы, т.б. мәселелердің де көтерілгенін атап айтуымыз керек. Қазақ ойшылдары адам бойындағы даралық қасиетке ерекше мән берді, кез келген кісіге қайталанбас жаратылыс жұмбағы ретінде қарады, адам мен ұлттың тарихтағы рөлін дұрыс бағалай білді. Философиялық мәселелерді ізгілік пен қараулық аясында қарастырып, дүниетанымдық ойларын этикалық бояумен астастыра бейнеледі.

Дәл осы кезеңде ғұмыр кешкен ең көрнекті қазақ ақындарының бірі Мағжан Жұмабаев поэзия аспанын өзінің құдай берген жарқын талантымен ерекше шұғылаға бөледі. “Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген, — деп жазады Жүсіпбек Аймауытов өзінің 1923 жылғы “Мағжанның ақындығы туралы” деген мақаласында, — Абай да сөздің ішін мәнерлеп, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ... Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ”.

Ал қазақ халқының тағы бір кемеңгер перзенті Мұхтар Әуезов 1927 жылы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің сауалдарына қайтарған жауабында “Мағжан — мәдениеті зор ақын... заманнан басып озып, ілгерілеп кеткен ақын болады... Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжан сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін” деп жазады.
Бұдан біз көзі тірісінде-ақ Мағжан Жұмабаев жырларының қазақ халқы, тек қазақ халқы ғана емес-ау, бүкіл түркі әлемі зиялы қауымының санасы мен сезімін жаулап алып, аймақтық, тіпті, әлемдік мәдениеттегі ерекше құбылысқа айналғанын байқаймыз. Шынымен-ақ, Мағжан шығармаларында айтылатын қағидалар мен ойлар, ақын жүрегін мазалаған толғаныстар бүгінгі таңда, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын ұлттық, ұлыстық, жалпыадамзаттық -әлеуметтік проблемалар қатарында алдымыздан қайта шығып отыр.Ал оның жырларындағы терең толғаныстардың философиялық-дүниетанымдық астары, ақынды сан түрлі сезімге түсірген жағдайлардың әлеуметтік мәні зерттеушілер назарынан тыс қалып келеді.
Иә, Жүсіпбек Аймауытов сөзімен айтсақ, “Мағжан сыршылдығымен, суретшілігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті”. Оның өлеңдері “әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді”.
2. Ақынды алғашқы өлеңдерінен бастап, соңғы демі үзілгенше туған халқының, бүкіл түркі жұртының, Шығыс мәдениетінің, жалпыадамзаттың тағдыры толғандырады. Ес білгеннен көкжиекке дейін керілген кең байтақ даланы тамашалап, еркін өскен, елінің өткен даңқты тарихы мен ертегі-аңыздарын құлағына құйып ер жеткен Мағжан бойында, әуелгіде, өршіл ұлттық рух кемерінен асып төгіледі:
“Шынында менің өзім де — от,
Қысылған қара көзім де — от.
Мен оттанмын, от — менен
Жалынмын мен жанамын
Оттан туған баламын”.
Ақынның “от” деп отырғаны — халықтың ұлттық рухы. Ұлттың тарихи және философиялық зердесін оятып, рухын көтеру арқылы ғана бодандықтан құтылуға, ел тәуелсіздігіне қол жеткізуге, тіпті, әлем халқына өз өркениетіңді танытуға болады деп есептейді.
“Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен — Күн ұлы, көзімде күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, ғұннан туған пайғамбар”.
Жоқ, бұл — кезінде Еуразия құрлығын ат тұяғымен дүбірлеткен, алыс-жақын ұлыстарға мәдениет пен шаруашылықтың жаңа тәсілдерін үйреткен, бірақ кейін тағдырдың жазуымен әлемдік өркениет көшінен кенжелеп қалған өлке перзентінің аспандағы айды алам деп секірген тарпаңдығы емес. Бұл — өз халқының бойындағы биік рухқа сенген, сол рух қайта бір дүр сілкінсе, армандаған азаттыққа жеткізеді, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қайта қосылуға болады деп үміттенген азаматтың парасатты да мақсатты әрекеті
Мағжан ақын болса, халықтың тарихи зердесін оятып, ұлттық намысы мен ұлттық рухын сілкіндірудің қажеттігін, ортақ мүдде жолында топтасқан ұлттың ғана азаттық алып, әлемдік өркениеттік қауымдастық қатарына бәсекеге қабілетті болып қосыла алатынын осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын-ақ түйсініп, өршіл жырға айналдырып, айта алған. Және туған халқының сол замандағы қиын халін, кенжелеп қалған тұрмыс-тіршілігін көре отырып, осылай жасаған:
“Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген.
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген.
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін —
Сол елімді сүйемін!”, — деп суреттейді ақын сол замандағы ұлтының болмысы мен тұрмыс-тіршілігі туралы. Ақын әлемде не болып жатқанымен шаруасы жоқ, “алдындағы малымен”, “ескі заңымен” қоңырқай тіршілік кешіп жатқан халқын сүйіп қана қоймайды, оның ертеңгі болашағының жарқын болатынына сенеді. Оның сол жарқын болашаққа тезірек жетуі үшін жанын да, қанын да аямайтынын паш етеді.
Ұлтты сүю, кісілік деңгейге дейін көтерілу, туған халқының мүддесі үшін құрбандыққа баруға әзірлік — Мағжан Жұмабаевтың өмірлік мұраты...

3.Жас ұрпаққа арналған “Педагогика” оқулығында ол: “Өзінің елін сүюі, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, пайда келтіріп, зиян келтірмеуді” әрбір адамның қасиетті борышы ретінде атап көрсетеді.
Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының ұлы шоғырын топтастырған ортақ мұрат — бодандық бұғауында жаншылған елін құлдықтан құтқару, жаңа ұлттық сананы қалыптастыру, өзге өркениетті елдер қатарына қосу болғаны белгілі. Мағжан да осы мұратты жүзеге асырудың жолдарын іздеп, басын тауға да, тасқа да соққан.
“Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,
Отырайық жиылып, оңдалайық.
Мың жылғы өткен қумай ата заңды,
Өнерден кем қалмайық, ойланайық,
Жер қалар, біз жиылып қала салсақ,
Қайдағы оңды жерді таңдап алсақ”, —
деп, отырықшы тұрмысқа көшіп, қала салуды елді, жерді ешкімге бермей, сақтап қалудың бірден бір жолы ретінде ұсынады. Сондай-ақ:
“Ескіше тұрып егеспе,
Заман — түлкі, тазы бол
Базарша дүкен құр енді”, — деп халықты сауданың тілін білуге, қазіргі тілмен айтқанда, нарықтық экономика заңдарын меңгеруге шақырады. Ал мына өлеңінде ақын:
“Кітап әпер, оқысын, балаң қолына,
Малды аяма оқу-білім жолына.
Өнер алып, басқалармен қатар бол,
Қосыл бірдей азаматтың тобына!” — деп, қазақ ұлтының әлемдік өркениет көшіне қосылуының жолын өнер-білімнен, жас ұрпақты өзге елдердегі замандастарымен бәсекеге түсе алатындай етіп тәрбиелеу ісінен іздейді.
Мағжан Жұмабаев — тек бір ұлттың ішкі әлеуметтік проблемаларымен шектеліп қалмаған ойшыл. Дана ақын ойы қазақтың кең даласынан жоғары көтеріліп, бүкіл әлемді шарлап кетеді:
“Адамзат баласына енді көштім:
Япыр-ай, осындай-ау адам-дағы
Бірі күшті, біреуі жаман-дағы
Күштісі әлімжеттік қылғаннан соң,
Дүние де жақсылықтан аман-дағы”.
Адамзат қауымындағы Мағжан заманында болған негізгі қайшылықтар бір ғасыр өтсе де шешімін тапқан жоқ. Керісінше, жиырма бірінші ғасырдың басында олар әлдеқайда күрделене түскен сыңайлы. Бұл әлемде күшті мен әлсіз, бай мен кедей қалай бейбіт қатар өмір сүре алады? Күштінің әлсізді жем қылуы, өз мүддесіне пайдалануы, өз ықпалында ұстауы өзгермейтін заң ба әлде? Бүгінгі жаһандану заманында талай елдің алдында тұрған осынау сауалдардың жауабы кезінде Мағжан ақынды да толғандырыпты. Ол, міне, мынау:
“Күшсіздер де тырысып, қатар болсын!
Дедім де жөнелдім мен қолым сермей!”
Қалай “тырысады”, қалай “қатар болады”? Әрине, өзін-өзі дамыту, содан соң бір-бірімен бірігу арқылы.

4.Ұлт тағдыры, ұлыс бірлігі туралы “он ойланып, жүз толғанған” қазақ ақыны бірте-бірте әлемдік ойшылдар қатарына көтеріліп, жалпыадамзаттық проблемаларға өзінше үн қатады. Адамдардың жаппай пайда қууы, өнер-білімнің өзін пайда табудың, біреуге зорлық жасаудың құралына айналдыру — адамзатты апатқа соқтыратын жол екенін Мағжан сол кезде-ақ сезінген. Пайдакүнемдік рационалдық ойлауға негізделген Батыс өркениеті ақынды қатты шошындырады. Шығыс философиясындағы сезімдік таным әдісі, пайдалылыққа емес, руханилыққа басымдық беру дәстүрі Мағжанды қатты қызықтырған. Әлемді апаттан құтқаратын Шығыстағы дәл осы руханилық нұры деп есептейді ақын.
“Көп білем деп бөлуге,
Көп күлем деп өлуге
Жақын қалды Күнбатыс...
Қысық көзді Күншығыс,
Болсын соңғы бұл жүріс.
Күнбатысқа жүрелік...
Гүл қылайық қаласын,
Ұл қылайық баласын,
Мейірім есігін ашалық.
Мұндарларды адасқан,
Айырылып естен шатасқан
Күншығыстың жолына
Салайық, шетсің демейік,
Аямайық көмейік
Күншығыстың нұрына...”
“Таспен атқанды, аспен ат” деп, қатігез адамның өзін мейірім шуағымен қайта тәрбиелеп алуға болатынына сенетін қазақ халқының ұлы гуманистік рухын бойына сіңіріп өскен Мағжан әлемді меңдеген “өзімшілдік” дертін де мейіріммен, руханилық нұрымен ғана жеңу қажет дейді



5.Мағжанның жұрттың бәрі айтып жүрген “түркішілдік” идеясы, яғни түркі халықтарының рухани және мәдени бірлігін жырлауы, міне, осыдан шыққан.
“Қарашы төңірекке мойның бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік.
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп...” — деп, сонау замандарда ықпалымен жарты әлемді қалтыратқан түркі халықтарының бір-бірінен іргесі ажырағаннан соң, әркімге бодан болып кеткенін күйіне жырлаған ақын, ендігі әлемдегі күштілермен теңесудің бірден-бір жолы сол бірлікті қалпына келтіру деп біледі:
“Япыр-ай, айырылдық па қалың топтан,
Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан?!
Түріктің жолбарыстай жүрегінен,
Шынымен қорқақ құл боп жаудан бұққан?!
Шарқ ұрып ерікке ұмтылған түрік жаны,
Шынымен ауырды ма, бітіп халы?!
От сөніп жүректегі құрыды ма
Қайнаған тамырдағы ата қаны?!
Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта
Қайғыдан қан жұтамыз.
Біздің атқа лайық па құл боп тұру?
Жүр, кетелік Алтайға, ата мирас алтын таққа”.
Алтай – түркі халықтарының бір алтын бесігі, өз тарихында мың өліп, мың тірілген ұлысқа пана болған, жойылып бара жатқан тәуелсіз елдігін сан мәрте қайтадан қалпына келтіруге қуат берген құтты мекен. Кезінде сақтар да, ғұндар да, түркілер де, тіпті, Шыңғыс хан да сол Алтайдан шығып, әлемнің жартысын жаулап алған. Мағжан ақын да сол даңқты оқиғаларды түркі жұртының жадына түсіріп, “күштілермен қатар болғымыз келсе қайта бірігейік” деп жар салады.
Ақынның бұл ұлы арманы Кеңес одағы ыдырап, әлем картасында түркі халықтарының жаңа тәуелсіз мемлекеттері пайда болғаннан кейін ғана жүзеге аса бастағаны белгілі. Түркі халықтарының бүгінгі өзара саяси, экономикалық және мәдени-рухани қарым-қатынастарының даму қарқыны жаман емес, тек тіл-көзден сақтасын дейік.

Қазір қырықтан аса халық болып қалыптасқан барлық түркі жұртының әрбір баласы үшін жер бетінде ыстық та, қастерлі екі мекені бар. Оның бірі — жоғарыда өзіміз айтқан Алтай, екіншісі — Түркістан. Мағжан өзінің “Түркістан” поэмасында былай дейді:
“Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан — ер түріктің бесігі ғой,
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген несібі ғой”.
Шынында да, Түркістан екі дүниенің — Шығыс пен Батыстың рухани есігі ғой. Бұл тек қана ақынның жеке тұжырымы емес, барша түркі баласының санасына мықтап орныққан түсінігі. Себебі, дәл осы қалада жеке үлгі-өнегесімен барша түркі жұртын ислам біліміне, сопылық іліміне ұйытқан, бұдан кейінгі танымы мен түсінігін қалыптастырған, алпыс үш жасында өз еркімен қылуетке түсіп, Хақ дидарын көруді, яғни дүниенің ақиқатына жетуді мұрат тұтқан ұлы піріміз Қожа Ахмет Ясауи тұрған. Себебі, дәл осы қалада ақтық аманаттары орындалған аруақты ата-бабаларымыз жерленген. Мұнда ақыл-парасатымен болашақты болжаған даналарымыз, қаһарымен алыс-жақын көршілерін қалтыратқан әміршілеріміз, кең байтақ еліне көз алартқан дұшпандардан қаһармандығымен қорғап қалған атақты батырларымыз бақилық орнын тапқан. Түркістанның пәни жалғаннан бақи дүниені жалғар қасиетті рухани қақпа аталатыны, міне, осыдан.

 
13.05.2011 21:52