Совет: пользуйтесь поиском! но если вы не нашли нужный материал через поиск - загляните в соответствующий раздел!
 
Сдал реферат? Присылай на сайт: bankreferatov.kz@mail.ru

 Опубликуем вашу авторскую работу в Банке Рефератов     >> Узнать подробности...

Банк рефератов

бесплатные рефераты, сочинения, курсовые, дипломные, тесты ЕНТ

15547

Бүгінгі поэзиядағы көне Түркілік таным көріністері

БҮГІНГІ ПОЭЗИЯДАҒЫ КӨНЕ ТҮРКІЛІК ТАНЫМ КӨРІНІСТЕРІ

Көне түркі ескерткіштеріндегі «Төбемде Көк тәңірі, төменде Қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралыпты» деп тасқа таңбаланған жолдар ата-бабаларымыздың тылсымға толы кеңістікті пайымдаған танымын көрсетсе, ақын Серік Ақсұңқарұлы:

Өмірде өлең дейтін сел де қалып,
Шеменнен бір арылдым,
Шерге қанып.
Көзімнің тірісінде тезге салды,
Аспанда – Көк Тәңірі,
Жерде – Халық [1, 8], –
дейді. Түркі нәсілі бас ұрған Көк Тәңірі биіктегі жаратылыстың көркем бейнесіне айналып, түрлене сипатталып, ұлттық поэзиямыздың өзегіне сіңгені белгілі. Жазба поэзияда ұлы Абайдың «Күлімсіреп аспан тұр, жерге ойлантып әрнені», «Анамыздай жер иіп емізгенде бейне әкеңдей үстіңнен аспан төнер» деген әйгілі поэтикалық жолдарынан бастау алып барынша кең арнаға ұласты.

Көне түркілер үшін жаратылыстың құдіретті иесі – Тәңірі. «Аспан – шамандықтың ең құдіретті жаратылыстың жаратушысы. Көк Тәңірі – көк аспан деп аталады. Қазақтар ұғымындағы бірінші аталатын сын есім «көк» – көріністі бейнелейді және заттық түсінікті білдіреді, ал зат есім (тәңірі) «көк» атауының баламасы (синонимі)… Тәңірі сөзін Шыңғыс хан заманында мұсылмандар «Алла» деп, ал, еуропалықтар «deus» деп аударған» (2, 181), - деп көрсетеді Ш.Уәлиханов.

«Күлтегін» жазуындағы Аспан мен жер бұл өлеңде, дұрысырақ айтқанда, бұл ақында бірі абстрактылы бейне Көк Тәңірінің, екіншісі тұтасқан деректі бейне халықтың тұрағы ретінде назарға алынып, өмірлік белестері мен асуларында осы екеуінің айрықша орны жырланған:
Елу бес ел асырып өмір мені,
Көрпеге отырғызды төріндегі.
Аспанда – Көк Тәңірі,
Жерде – Халық,
Көзіме басқа түк те көрінбеді.

Бұлдырап артта қалып бұлаң жас та,
Айықпай тұрып алды тұман – баста.
Аспанда – Көк Тәңірі,
Жерде – Халық,
Дүниеден түк сезбедім бұдан басқа, –
«ХХ ғасырдың жиырма сәті», «Адам ата – Һауа ана» жыр жинақтарымен поэзия оқырмандарына барынша танымал болып, қазақ өлеңін құнды қазынамен байытқан ақынның «Төбемнен жауһар жауып тұр» атты жыр кітабының мифопоэтикалық өрісі Аспан кеңістігі мен жерде тіршілік еткен халықты тұтасымен қамтыған.
Оптимист ақын жырларынан нәзік сырлы сөз өрімдері де көп кездеседі. Өмір туралы таным-түсінігін асқақ шабытпен өрнектейтін ақын:
Пенде біткен аяғымен жүрсе егер,
Жүрегіммен жүремін мен өмірде! –
деп тебіренеді. Бұл тебіреніс жалған жылтыр сөз емес, жан тереңінен шымырлап шыққан сезімнің сөзі. «Жүрекпен жүру» бейнелі тіркесінің астарында шынайылық, жалғандықтан адалық, өмірге жан-тәнімен құлай берілу, қала берді рухтың өмір сүру салты жатыр.

Тарпаңға біткен асаулық пен еркіндікті жырларының тұла бойына сіңірген ақынның «Төбемнен жауһар жауып тұр» жинағының көркемдік болмысы мифтік таныммен сабақтасқан. Жыр жинағының «Аспаннан жұлдыз қарап тұр», «Қарқаралы – қара орманым», «Қайран шешем», «Қабіріңе қоям бес тал қара гүл», «Адасқан ұлдың ата жұртына қайтып оралуы», «О,Тәңірім», «Кең Алла әлі сақтап тұр», «Бекболаттың қобызы», «Едіге жыры», «Ей, Байбөрі, Байбөрі!», «Алас! Алас! Алас!!!» аталған бөлімдері, қысқасы, тұтастай жинақ ақынның жаңа ізденістері мен жетістіктерін, тынысының ашылып, өрісінің кеңейе түскенін көреміз.
«Аспаннан жұлдыз қарап, ай қарап тұр»... Ақынның поэтикалық танымындағы аспан «жердегі бай, манап, құлдарды алаламай, армансыз аймалаған» Алланың нұрына мекен. Дүниенің, жаратылыстың нәрі һәм рух берушісі нұр. Тіршіліктің тірегі болған Жаратушы иенің нұры ақынның тазалыққа, кіршіксіз әлемге іңкәр көңілін еліктіреді:
Нұрға қалқып қыс қыстау,
Гүл шаһары,
Адамзаттың аппақ боп бұл сапары,
Арда емгендей сіміріп, еміреніп,
Аймалашы, Алланың нұр шапағы!
Періште болып жаралып, пендеге айналып ғұмыр кешетін адамзат баласының тағдыры ақынның болмысына жинақталып, «жүрегінің кір-қоңын жумақшы болған» адами тілегі көркемдік әлеміне көшіп, рухани дүниенің мазасыз қалпын аңдатады:
Нұрыңа, Алла, қай пенде ырза болмас,
Мені мынау қаладан қырға ала қаш:
Ақжарыққа анамнан туғандай ғып,
Алып бар да шомылдыр тыр жалаңаш!

Жарық дүние бусын да тілді мұңды,
Бір күнім кеп ұзартсын бір күнімді.
Һалифа анам қайтадан босансын да,
Айкен апа кессе екен кіндігімді!
Өмірбаяндық деректер араласқан философиялық толғам түріндегі сыршыл өлең:
...Махаббатпен ғана Алла нұрын төгіп,
Тұрады екен біз сынды хайуанға, –
деген жолдармен түйінделген. Ащы әрі қатал айтылған. Ақынның адуынды мінезі бұл тұста көрініп қалған. Ащы болса да, қатал болса да шындық солай. Адам атаулы хайуанға айналып кетпеген болар. Бірақ, хайуандықтан алыс емес әрекеттер адам қолымен жасалатыны да шындық. Бұл – адамзат баласының үлкен трагедиясы. Адам атаның бір ұлы Қабыл екінші ұлы Әбілді өлтірді... Адам қанындағы хайуандықтың бастауы осы тұста болар... басқа да әртүрлі дәрежедегі хайуандық әрекеттер қаншама... «Адам адамға қасқыр» деген ағылшын философы әрі мемлекет қайраткері Томас Гоббенің сөзі де ақиқаттан туындаған. Ақын тіліне үйірілген осы шындық. Бірақ ізгілік тек сол адам баласына тән. Алланың нұры төгілген адамзат өмірі сол ізгі бастаулардан мүлде қол үзе алмайды. Өйткені Алласы одан үміт үзбейді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті» деген ұлы Абай гуманизмі Серік ақынның поэтикалық әлемінде осылайша түрлене көрінген.
Пенделіктен биіктеп, тазалыққа ұмтылу, рух асқақтығын аңсау сарыны ақынның «Ей, құл мен күңнің түсігі» өлеңінде жалғасын тапқан. Бұл өлеңдегі хан мен уәзір, құл мен күң әлеуметтік қалыптағы түсінікте алынып тұрған жоқ, рухани халдегі ұғыммен алынған ауыстырылған бейнелер.
Ей!
Құл мен күңнің түсігі!
Затсыз бен тексіз – қасыңда;
Сен қайтушы едің кісіні –
Кісілігің жоқ басыңда?!
Бас имейтін жаманға
Мен де бір сотанақ сотқармын.
Уәзір болар ем –
Хан билеген заманда,
Құл биледі –
Құлға күлкі боп қалдым.
Ақын айтып отырған «хан билеген заман» ұлттық рухтың асқақ кезі. Құл билеген заманның сотанақ, сотқары болып жүрген ақынның «мені» «хан билеген заманда уәзір болар ем» деп ширығады. Рухани болмыстың тазалығы мен асқақ бейнесін іздеген ақындық үн осылайша жаңғырады.
Еліне, жеріне деген перзенттік махаббат пен сағынышты өршіл жырларымен танытқан ақын ұлт тарихындағы қасіретті кезеңдерді лирика-психологиялық тұрғыда бедердейді. Кешегі күркіреп өткен зұлмат соғыстың адамдар тағдырына әкелген қасіреті, жүректерге салған жарасы «Қызыларай» колхозы. 40 әйел. 4 еркек» атты сюжетті өлеңіне арқау болған. «1944-тің күзі еді, Муза елі болатұғын Мұз елі» деген бастауынан-ақ қасіретті аңғартатын бұл өлеңнің мазмұны қаралы күн кешкен ауыл тұрғындарының шер наласын жырлайды. 1944-тің күзінде болып жатқан тойдың өзі ерекше. Жүріп жатқан соғыс, қан кешкен азаматтар, қайғы жұтқан ауыл. Сөйте тұрып той өтіп жатыр:
Той боп жатты жалған сөздей бейне бір,
Таң қалмашы.
Өтірік сөз – маған жат.
Адам деген жылап жүріп,
Кейде бір –
Күле білген
Неткен ғажап – адамзат!
Жылау мен күлу сияқты бір біріне қарама қайшы мәндегі ұғымның бір аяға сыюының өзі келіспейтіндей. Соғыс жүріп жатқанда той тойлаудың қисынсыздығы қандай! Бірақ үмітке байланған адами жүректің жылай жүріп күлуі тіпті ғажап. Сондықтан да ақын өлеңде:
Той боп жатты.
(Әлде менің түсім бе?)
40 әйел,
4 еркек бар – ішінде, –
деген жолдарды бірнеше рет қайталайды. Тойдың сәні мен салтанаты кәдімгі бейбіт замандағы тойдан тіпті де бөлек. Әрине той болғасын шарап та бар, ән мен күй орындалған, әзіл айтылып, күлкі орын алған.
Өмір сүріп жатқан сынды түсінде,
Бақыт үшін ішті,
Қайғы үшін де!
40 әйел,
4 еркек бар – ішінде.
Тойдың соңы басқа арнаға бұрылып, төрт еркектің әйелдері тарапынан қызғаныш туады. Ерлері майданға кеткен отыз алты жесір мен төрт еркектің төрт әйелі арасындағы ұрыс-керіс, бір жесірдің шашына жармасқан «сегіз жылан сияқты сегіз қол», жесірге тиген тіл ақынды да ашындырады:
О, адамзат!
Жазып бір күн кесірге
Тіл тигізбе ЖЕТІМ менен ЖЕСІРГЕ!
Ашынған жесірлердің қаһары енді ел басына сын сағат туғанда майданға бармай, Отаны үшін өле алмай, ошағына қамалып қалған төрт еркекке ауады:
Ей, әйелдер!
Өш алатын кез келді!
Сой ездерді!
Ар ұяттан безгенді!
Саба,
Мынау ошағына қамалып,
ОТАНЫ үшін өле алмаған ездерді!
Соғыстың қазақ ауылына әкелген ауыр қасіреті, жүректерге салған жарасы отыз алты жесірдің шер-наласымен, ашу-ызасымен жеріне жеткізіле бейнеленген. Тойдың қасіретін жырлай келіп ақын былайша ой түйеді:
Сонау соғыс есінде әлі ӘЛЕМНІҢ,
Есінде әлі ӘЙЕЛДІҢ.
Ұмытылар ма сол бір зауал, сор қалың?
ӘЙЕЛ–
ӘЛЕМ
Үні олардың ортақ үн.
Содан бері ЖЕТІМДЕРДЕН қорқам мен,
Содан бері ЖЕСІРЛІКТЕН қорқамын!
Сюжетті өлеңнің композициялық құрылымы өте сәтті шыққан. Алғашқы шумағы мен соңғы шумағындағы сәл өзгеріске түскен қайталаулар ( бірінші шумақ: 1944-тің күзі еді, Муза елі болатұғын Мұз елі; соңғы шумақ: Муза елі болатұғын – мұз елі, Қара суық қалтыратты тізені, 1944-тің күзі еді), өлең мазмұнындағы тағы басқа шумақтардың қайлатанып келуі ақынның айтпақ, жеткізбек болған ойын, өлеңнің идеясын танытуда маңызды орынға ие болып, көркемдік бітімін ерекшелеп тұр. Ақын «Муза елі» атандырған «Қызыларай» колхозы – жан-жүректері сағыныш пен шерге толған отыз алты жесірдің ауылы. Мұңға шомылып ғұмыр кешкен жесірлер арқылы халық тағдырын сөз еткен ақынның поэтикалық иірімдерді, техникалық бітімді шебер меңгеруі, оған үстемеленген шешен тілі өлеңнің ажарын айшықтай түскен.
Өршіл үн, өрекпіген сезім табиғатына тән Серік Ақсұңқарұлы поэзиясы үнемі биікке ұмтылған рухтың, сол рухқа дем беруші жүректің шеңберінде жүреді. Сол жүректің лүпілі, қайғысы мен қуанышы ұлттық ұлы тұлғалармен, ұлттың батыр ұлдарының рухымен бірігіп, өз алдына тұтастай бір көркемдік кеңістікті құрайды. «Махамбеттің монологы», «Арғымақтар», «Император Троянның қылышы туралы хикая», «Имам Шәміл» өлеңдері осыған мысал.
Заман-ай, суық, сұр өңің,
Отқа да, суға саласың.
Кенесарының басын ап, түкті жүрегін
Жүрегіме жерлеп,
Қай жаққа қаңғып барасың? –
деп, заманға нали тіл қатқан ақынның лирикалық қаһарманы халықтың қайғысын жүрегіне дарытқан. «Кенесарының түкті жүрегі» болып бейнеленген ұлттық рух, қасиет пен кие бүгінгі ұрпақтың жүрегінде жүрсе – бұл өткенімізді ұмытпай, ата-бабадан мұра болған рухани құндылықтарды, рухани болмысты сақтағанымыз. Ақынның ақындық мұраты ұлттық рухпен тамырлас екендігінің бір мысалы осы.
Неңді іздеп жүрсің төрткүл дүниені түтіп жеп,
Осынау қырғын-сүргіннен?
...Кеудемде әлі түкті жүрегім лүпілдеп,
Басымды іздеп жүрмін мен.
Ел мен жерді сақтар айбар мен намыстың жоқтаушысы бола алатын тек «түкті жүрек» қана. Өмірге құштарлық ақынның ұлтына деген терең сүйіспеншілік сезімін, биік оптимизмін туындатады. Өршіл рухты жырларымен кешегі Махамбеттермен үндесетін, солардың бүгінгі рухани жаңғыруындай әсер қалдыратын Ақсұңқарұлының жырлары қайғы-қасіреттің өзін өр рух, асқақ пафоспен жырлайды. «Басын» іздеген, яғни рухани бастауын іздеген «Кенесарының түкті жүрегі» кеудесіне жерленген ақынның поэтикалық «мені» мұң мен қасіретке шомыла тұра күрес жолынан танбайды. Осы идея, осы сарын «Кенесарының басы» өлеңінде жалғасын тапқан. Ұлтымыздың жанына батқан ауыр жара Кенесарының өлімі болса, оның басының табылмауы жоғын іздеген қазаққа тағы бір сын болуда. Елінің намысын жоқтап, халықтың кегін қуған Кенесарыдай қаһарманның трагедиялы тағдыры, кесілген бастың ізсіз кетуі жүрегімізге шер, жанымызға шемен болған тарихи оқиға.
Серік Ақсұңқарұлының жырларында ұрпақтар сабақтастығын, уақыт байланысын арқау еткен поэтикалық идея туған дала және оның жыршысының бейнесі арқылы өрнектеледі. «Қарқаралым – қара орманым» атты бөлімде ақынның туған елі мен жері жырға арқау болған. Қарқаралының «қасиетті топырағына еміреніп, Қасым – Музасына» тебірендім. Мен оның тауының әрбір тасына, орманының әрбір бұтағына ғашық едім», – депті ақын осы бөлімге қара сөзбен жазған кіріспесінде. 1997 жылдың тамызында Қарқаралы ормандарының өртенгенін ел біледі. Осы өрт «Өрт менің өзегімді өртеп, жүрегімді қап-қара ғып тастады», – дейді ақын. Ақынның өртенген жүрегі Қарқаралыға арналған өлеңдерінің өн бойынан лүпілдей көрінеді. Қарқаралыдағы өртті ғана емес, қазақ жанындағы дертті де күңірене жырға қосады:
Дегелеңді дерт алды,
Қарқаралыны өрт алды.

Шыңырауда көзі біткен бұлақ – тұл,
Өзегіне өрт кеп түскен құрақ – тұл.
Алматыда
Көшесінде Саиннің
Ұлттық ұят бетін басып,
Жылап тұр.
Қара орман ұлт рухы мен киесінің символдық бейнесіне айналып, өрт те астарлы поэтикалық мән иеленген. Кешегі Мәдидей тағдыр иесі «Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» деп күңіренткен қазақтың бұл киелі мекенін Серік Ақсұңқарұлы:
Қарқаралы, қайда көктің жасындары, қайтейін,
Сенен бір өрт,
Менен бір дерт басылмады, қайтейін.
Пенделердің көзіндегі құрты болдың, қайтейін,
Салған өрт пен жанған өрттің жұрты болдың, қайтейін.
Ғаламдағы жалғыз пірім, Қарқаралы-ау, қайтейін,
Сенен – бір шер,
Менен – шемен тарқамады-ау, қайтейін...–
деп жырға қосады.
Кезекті қайталау үлгісімен өрілген бұл жолдар сыртқы айшығының әсемдігімен ғана емес, ішкі көркемдік мазмұнының тереңдігімен де ерекше. Ақынның көркемдік ізденісі дәстүрлі пішінді жаңғырта отырып, жаңаша ой айтумен дараланған. Қарқаралысын өрт алғанда жаны шырылдаған ақын:
Қара орманнан бұрын түсіп отқа кеп,
« – О, Тәңірім, өрт басарың жоқ па? – деп,
Сұрап едім, тіл қатпады ол маған,
Тұла бойым – содан бері соқпа дерт.

Шыбын жаным бір тіріліп, бір өлді,
Көкірегімнен көк аспанға жыр өрді, –
деп күңіренеді. Қарқаралы өрті жүрегіне дерт болып көшкен ақынның мына фәниден түңілуі де нанымды:
Қажыдым қара күлден,
Қарау ой, қаралы үннен.
Абайға барамын мен!
Аллаға барамын мен!!!
Әдебиеттегі Ана тақырыбы туралы айтар сөз көп-ақ. Ұлттық көркем әдебиет үлгілерінен мысалдар келтірер болсақ, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің классикалық туындылары абзал ананың ізгілікті болмысын сомдауымен ерекшеленді. Ана тақырыбына жыр арнамаған ақын кемде кем. Бұл тақырып Серік Ақсұңқарұлы поэзиясынан да қомақты орын алған. Кітаптың «Қайран шешем» бөлімінде ана бейнесі ақынның қалам мәнеріне тән ерекшелікпен өрілген.
Кейінгі кезде күстәна,
Боп кеттім неге мұнша мен?
Төбеңнен өткен құстан да
Жүрсің бе жолдап бір сәлем?
Уақыт-ай, зулап ұшқан кеп,
Ұрлайды-ай күнде жамалын.
Сіз жақтан дағы құстар кеп,
Көктемнің берді хабарын.
Өршіл ақын ана туралы жыр толғағанда сыршыл қалыпқа ауысады. Анаға деген перзенттік сағыныш көкте еркін қалықтаған құстардан жолданған сәлемге телінеді. Ананың перзентіне деген ықылас пейілі де әдемі поэтикалық жолдармен өрнектелген:
Менің ішкі дертімді сезеді ме,
Өксіп келіп тығылып өзегіне.
«Өлеңіңді тасташы, – дейтін анам, –
Өгей бола қоймассың өз еліңе...»
Ана туралы сөз Ана тілі, Алаш ана туралы толғамдарға ұласатын тұстар ақынның алымы мен қарымын барынша танытады:
Ана тілім, Алашымның көзі едің,
Өртенеді өзегім...
Үндемейді бесік жырын айт десем,
Өгей шеше – өз елім?!
Ана тіліміздің өгейлік көрген кездері ақын жүрегіне ауыр тиген жайт. Ұлттың рухы мен ділі болып саналатын тіл мәселесін анамен сабақтастыра сөз етуі поэтикалық жағынан қисынды. Тілімізді «ана тілі» деп атауымыздың өзінде үлкен мән бар. Ана перзент үшін қаншалықты қымбат болса, тіл ұлт үшін соншалықты қымбат. Ақын өлеңдеріне осы жайт өзек болған. Ана – тіл – ұлт болып желі тартқан өлеңдер шоғыры ақынды тағы бір қырынан танытқан.
Алаш Анам –
Ғаламның қара нары.
Ит те , құс та жүрегін жаралады, –
деп, ақын ана туралы толғаныстан Алаш туралы толғанысқа қадам баса отырып, ұлтының тағдырына алаң көңілін білдіреді. Өзіне біткен өр мінезбен бір сәт асқақтап кеткен ақын қайта айналып анаға деген перзенттік сағынышын мұңмен толғайды:
Ойрантау ұшар басын бұлт алып кіл,
Шақырар мені өзіне бұрқанып бір.
Қолына шам ұстаған қайран анам,
Жолыма шырағыңнан нұр тамып тұр.
Білдім де көңілімнің күйі неде,
Сүйініп ғұмыр кештім, күйіне де,
Жолыма шырағыңнан нұр тамып тұр,
Қап-қара түнек басқан дүниеде...
Ананың ақ тілегін жолына шырақ еткен ақынның мазасыз жаны енді бірде ұлттың рухани болмысын өлең әлеміне әкеледі. Жыр жинағының «Қабіріңе қоям бес шоқ қара гүл» бөліміне «Қазақ поэзиясының бес кезеңі» туралы кандидаттық диссертацияның жобасы» өлеңдер шоғыры кірген. Ғылыми жұмыс формасына сай етіп, шоғыр өлеңнің сыртқы бітімін, тарау атауларын негізге алып, ақын қызғылықты жаңа ізденіске барған. Шешен тіл мен шебер өрім ақынның айтпақ, жеткізбек ойын барынша танытқан. Ұлт тарихындағы, оның ішінде поэзиямыздың тарихындағы нар тұлғалардың ақындық тағдырын арқау ете отырып, халық тағдырын өрнектеген. Қазақ басынан кешкен қасіретті кезеңдердің халық рухының бейнесіндей болған ақындар жүрегіне жарақаты әсерлі де шынайы поэтикалық толғаммен берілген. Бұл өлең шоғыры «Кіріспе», «1.Ш.Құдайбердиев», «2.М.Жұмабаев», «3.Ж.Молдағалиев», «4.Т.Ысмаилов», «5.К.Мырзабеков», «Ғылыми кеңестегі соңғы сөз» болып жіктелген.
Ел-бесіктен Жер-бесікке ауысқан,
Аруақтар үні қайда қауышқан?
Құдайым-ау, қайда барсам құтылам
Құлағымның түбіндегі дауыстан?!
«Кіріспе» бөлімі осылай басталып:
Қаралы жыр,
Қаралы күн,
Қаралы үн...
Жазыла ма жанымдағы жара бұл?
...Қанша едіңдер?
Қазағымның атынан
Қабіріңе қоям бес шоқ қара гүл... – деген жолдармен аяқталады да, «бірінші бөлім» Шәкәрім Құдайбердиевке арналған. Ұлтымыздың Абайдан кейінгі ірі ақыны, рухани тұлғасы аласапыран заманның зобалаң жылдарында Қарасартов сияқты жендеттің қолынан қазаға ұшырағаны тарихтан белгілі дерек. Бас аяғы бес шумақтан тұратын өлеңде үлкен поэтикалық ой бейнеленген.
Поэзия демін ішке тартып тұр
Жидебайдың тұсында
Дантес – Қарасартовтың
Мылтығының ұшында!
Әдебиеттегі интертекстілік мәселесі әдебиеттану ғылымында қазіргі уақытта басты назарға алынып, зерттелуде. Әдеби дамуда жаңашылдықтың, сол негізде туындайтын жаңа ағымдар мен бағыттардың көрініс беруі заңды нәрсе. Қазіргі әдеби дамудағы постмодернизмді осы бағытта пайымдаған жөн. Бұл жаңа ағым құр мәтінге көңіл аударып қана қоймайды, ол интертекстілік мәселесіне көп назар аударады. Әдебиеттегі әрбір жаңа құбылыс өзінің алдындағы құбылыстардан шығып отыратынын ескерсек, кез-келген шығармаға әсер еткен, үлгі болған өзге туындылар болатынын қалыпты құбылыс деп қабылдаймыз. Әрбір дүниеге келген жаңа туынды мәтіндік негізден келгенде, басқа туынды мәтінінен әсер алады. Осыдан келіп интертекст мәселесі туындайды. Интертекст дегеніміз бір туындыдағы мәтіннің өзге туындыдағы мәтінге негіз болуы, яғни мәтіндердің кірігуі. Әдеби мәтінді көп дауысты құрылым ретінде қарастырғанда, мәтін дегеніміздің өзі мәтіндер мен таңбалардың өрімі, өзге мәтіндердің өзгеріске түскен нұсқасы.
Интертекст мәтін шекарасын кеңейтіп, жаңаша пайымдауға, жүйелеуге жол ашады. Интертекстіліктің негізгі қасиеті оның ішкі болмысының әртектілігі, анықтығы және көпнұсқалығы. Мәтіннің қайнар көздері тек мәтіннен бұрын емес, онан кейін де өмір сүре береді. Бұл тұрғыда кез келген мәтін өзге мәтіндер кеңістігінде жанданып, қосымша мағына тудырады. Сондай-ақ біз сөз етіп отырған интертекстілік семиотикалық жүйе ретінде бүкіл мәдениетті қамтиды. Интертекстілікті осы тұрғыдан пайымдасақ, Пушкиннің дуэльде Дантестің оғынан қазаға ұшырау оқиғасы көптеген әдеби көркем туындыларға сюжет болып енсе, С.Ақсұңқарұлы өлеңіндегі Шәкәрімнің Қарасартов оғынан ажал табуын айту да поэтикалық бейнелеуге негіз болып тұр. Поэтикалық бейнеге айналған Шәкәрім-Поэзия поэтикалық паралелі һәм метафорасы мен Қарасартов-Ажал образымен оппозициялық қарым-қатынаста. Бұл бейнелердің артында ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, ең соңында кіршіксіз асқақ Рух пен озбыр да сұм ниет қарама-қайшылығы тұр. Осы көп қабатты көркем ойды ақын ұтымды берген.
Аза тұнған алабым,
Тұманданып санасы.
Қасқыры өліп даланың
Қалды иттің баласы, – делінген жолдармен тамамдалған бұл «тарау» поэтикалық қуаттылығымен дараланып тұр. Екінші «тарау» тағы бір ірі рухани тұлға, ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың монологы түрінде жырланған. Бұл монологтың көркемдік мазмұнында да интертекстілік тәсілі бар. Кешегі замандағы Біржан мен Азнабай, Поштабай образдары көрініп, Біржан салдың тағдыры мен Мағжан ақын тағдыры ұқсастырылады.
Біржан салға қамшы ала жүгірген,
Қызыл мундир – Поштабайдың үстінде...–
деп түйінделген Мағжан монологы кеңестік саясаттың ұлт жанашырларына, рухани тұлғаларына көрсеткен азабын айқын көрсетеді. «Үшінші тарау» белгілі ақын Ж. Молдағалиевтің күні кешегі Желтоқсан көтерілісінде жазықсыз жапа шеккен ұл-қыздарға араша түсіп, ашынған үнін жеткізген. Т.Ысмаилов, К.Мырзабеков сияқты өмірден ерте кеткен ақындар болмысы да көркем бейнелеулер, астарлы поэтикалық тіркестермен жырланған.
«Төбемнен жауһар жауып тұр» жыр жинағының поэтикалық табысы «Адасқан ұлдың ата жұртқа қайтып оралуы», «О, Тәңірім», «Кең Алла әлі сақтап тұр» т.б. бөлімдерге кіргізілген өлеңдерден де айрықша көрінеді. Елінің азабына күңіреніп, қуанышына шаттанатын ақынның:
Көк Тәңірі Көктен жерге сауып Нұр,
Еділ патша елге келді шауып бір!
Қайда жөнеп барасыңдар ауып бір?!
...Қазақты қайырып түркіге,
Төбемнен жауһар жауып тұр, –
деген толғанысы барынша шынайы шыққан.
Қорыта айтқанда, қазақ поэзиясының бүгінгі өкілдері қатарында өзіндік ақындық болмысымен ерекшеленетін, өлең атты сырлы әлемнің құпиясын танып, қыр-сырын шебер меңгерген шешен тілді Серік Ақсұңқарұлының поэзиясы ұлттық өлеңнің жеткен биігін көрсете аларлық, мазмұны терең, мағынасы салмақты поэтикалық әлем демекпіз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ақсұңқарұлы С. Төбемнен жауһар жауып тұр. Алматы, 2007.
2. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. Алматы, 1985.


Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық
Ғабиден Мұстафин

 
13.05.2011 20:57